Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 10184 6 пікір 18 Қараша, 2019 сағат 13:19

Бердібек пен Мұқағалидың аналары хақында...

Бердібек пен Мұқағалиды білмейтін, олардың аты аталғанда елеңдемейтін қазақ жоқ. Тәңіртаудың төсінде туып, «киіктің сүтін еміп ержеткен» қос алып, әдебиетіміздің көгінен ойып тұрып орын алды. Есімдері қазақ жадынан өшпейтін мәңгі жарық жұлдызға айналды. Әдебиет майданына бірінің артынан бірі ілесіп кірген қос жерлес, бірі проза саласында қатып қалған социалистік реализмнің қалыбына сыймаған мүлде тың, мүлде еркін, қан-соры аққан шынайы өшпес туындылар жазып өз орнын тапса, екіншісі қазақ поэзиясының өлшем межесін (планкасын) аспандата көтеріп, поэзияда Абайдан кейін аты аталатын тұлғаға айналды.

«Осы қос алыпты дүниеге алып келген аналарды біз қаншалықты білеміз, қаншалықты құрметтеп жүрміз?» деген ой туады кейде. Ғалымдардың зерттеуінше ұл баланың бойындағы бүкіл ізгілік пен парасаттылық және шығармашылық қасиет, өнерпаздық, тек ананың қанымен келеді екен. Керісінше қыз балаға әкеден жұғатын көрінеді. Ген мен тұқым қуалау ғылымын зерттеп көз майын тауысқан ғалымдардың осы жаңалығын атам қазақ әлдеқашан ақ «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп екі ауыз сөзбен түйе салған емес пе? Осындайда халқымыздың даналығына, түйген тәжірибесінің молдығына  тағы бір бас имеске шараң жоқ. Ал әкеден ұл балаға қайсарлық, табандылық, ерік-жігер секілді қасиеттер ғана қонады екен. Демек қазақ әдебиетінің қос классигі Бердібек пен Мұқағалидың бойындағы бұрын басқалар айтпаған дүниені айта білген шешендік, бұрын өзгелер сезбеген құбылысты түйсіне білген сезімталдық, соны жетер жеріне жеткізе білген жазушылық қасиет алдымен Алладан келген сый, одан кейін әкенің қанымен келген десек те, ананың сүтінен бастау алып, дүниеге өлең боп, қарасөз боп тарағанын мойындау ләзім. Ендеше осындай алыптарды тоғыз ай толғатып, тар құрсағын кеңейтіп, қазақтың бағына маңдайын жарқ еткізіп дүниеге алып келген аналар кім еді? Соны бағамдап көрейік...

Бердібек Соқпақбаевтың анасының есімі Әсбет Сембайқызы. Руы – Албан, оның ішінде – Айт, Сүйіндік (бір қызығы Мұқағалидың анасы да дәл осы рудан). Әсбет Бердібектің әкесі Ыдырысқа қазақтың әмеңгерлік жолымен қосылған.

«Қыз кезінде шешем көрікті болыпты. Орта бойлы, қыр мұрын, қызыл шырайлының әдемісі болғанға ұқсайды. Ал мен білгелі ол науқасшаң. Ауру мен жоқшылық қоса қабаттасып құр сүлдері қалған. Отырса, тұрса, аузынан ойбайы түспейді. Соған қарамастан күні кешке қыбыр-қыбыр қимылдаумен болады. Жоқты бар етіп, түтін түтетеді» деп естелік айтады жазушы өзінің  «Балалық шаққа саяхат» повесінде. Жазушының осы бір аты аңызға айналған шығармасы колхоздастыру кезіндегі қазақ халқының басынан өткен қиыншылықтар мен зардаптарды, ұрланған балалық шақты, аштық нәубеті секілді дүниелерді келер ұрпаққа шып-шырғасын шығармай жеткізу негізгі мақсат еткен. Сөйте тұра негізгі лейтмотиві анасына деген сағыныш, ана махаббатына толық қанбаған жас баланың өзекті өртер өкініші қатар өрілгенін байқаймыз. Олай дейтініміз шығарма бірден жазушының  бала кезіндегі анасы туралы қызықты хикаямен басталады.

– Әне сені тастап, шешең кетіп бара жатыр!...

Мен шешемнен өлмей қалармын...

– Апа, апа деп артынан қуып бердім. Құлындағы даусым құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді... Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды.

Шығарма дәл осылай басталады.

Ары қарай аштық жылдардың елесін Кеңестік қатаң цензураның сүзгісінен асқан шеберлікпен өткізіп, там-тұмдап береді. Сол азапты жылдарда анасының өзі аш болса да ең соңғысын ұлына беріп, балапанын қорғаған торғайдай пәрмене боп өсірген мейірбандығын  толқымай оқу мүмкін емес.

«Үйде түк болмай қалған күнде де шешем мені аштан өлтірмейді, әйтеуір бірдеңе тауып, өз аузына салмастан менің аузыма тосады» деп жазады.

Бекеңнің үлкен жазушы боп қалыптасқанына анасының ықпалы өте зор болған деп сеніммен айта аламыз. Сегіз жасында, ақылы әлі толық қалаптаспаған бала күнінде айрылып қалса да анасының болашақ жазушының оқуға деген ынтасын үнемі қолдап отыратынын сағынышпен еске алып, былай деп жазады.

«Мен оқуға ынталы болдым. Шешем оған қуанатын. Шұқшиып сабақ жазып отырсам:

– Менің жаным үлкейгенде үкіметші болады, –  деп көтермелеп қоятын».

Ол кезде үлкен адамды сол кездің адамдары «өкіметші» дейді. Бекең шынымен қазақ халқы сүйіп оқитын үлкен адамға айналды. Ал оның «үлкен» адам боп қалыптасуына анасының оқу мен білімге деген ынтасын қолдауы және анаға деген сағыныш, анасының өзіне деген сенімі мен  үмітін ақтау секілді қасиетті ұғымдар тікелей әсер етті.

Анасынан бар жоғы сегіз жасында айрылған Бекеңнең  жеткен азын-аулақ естелікке қарап анасының мұсылманшылықты, имандылықты өте жоғары қойғанын байқаймыз. Сол бір азапты жылдары Бердібектің Смағұл ағасы шекара заставасына жұмысшы боп орналасып, сол жерден солдаттардан қалған сұйық тамақтарды үйге алып кеп күнелтеді. Аштық жылдары болса да застаптан алып келген сорпаны Әсбет анамыз ішпей қояды.

«Шешемнің ойы белгілі еді. Заставада шошқа да, өгіз де сойылып жатады. Тамақ бір қазанда жасалады. Шошқа еті пісірілген қазаннан дәм тату –һарамның өзін жегенмен пара-пар. Яғни ауыр күнә. Біз шешемнен басқаларымыз, мұсылмандықтың әлгіндей қатаң жолын сақтай алмадық» дейді жазушы. Аш болса да күмәнді асты жемеу қазақ әйеліне, қазақ аналарына ғана  тән адалдық пен тақуалықтың асқар шыңы болар сірә да. Бекең туралы естеліктерде жазушының тек шындықты айтқанын, ешкімге қиянат жасамағаны, адалдықтың тура жолынан қиыс кетпей туралықтан таймағаны, принципшілдігі көптеп айтылады. Бұл да болса анасынан жұққан қасиет болса керек.

Әсбет Сембайқызы 1932 жылы, қазақ халқына больщевиктердің  қасақана  жасаған зұлмат аштығының күшейген кезінде жас босанып, жоқшылық зардабынан дұрыс күтіне алмай қазаға ұшырайды. Денесі ауыл маңындағы Жауыртоған деген жердегі қорымға жерленеді. Жоқшылықтан басына бірдеңе қалқайтуға шамалары да келмейді. Қазіргі жай-күйі белгісіз.

Анасының қазасы жас Бердібекке сұмдық ауыр тиеді. Жан тапсырар алдындағы «Бекенім, Бердібегім» деп жанұшыра іздегенінде қасында бола алмай қалғанына өмір бойы өкінумен өтеді.

«Қайтыс болған шешемді күндіз-түні ойлаймын. Мен енді шешемді еш уақытта көре алмаймын. Осыны ойлағанда іші-бауырым бір түрлі жидіп кеткендей болады...

Өзегімді өртеген ащы қайғы оңашада көзімнен моншақ болып, домалап-домалап кетеді. Бірақ ешкімге көрсетпеуге тырысамын...» Бұл жолдарды көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Ары қарай жазушының жетімдік өмірі басталады.

«Жетім деген сөзде нендей суық мағына жатқанына мен бұрын зейін қоймайды екем. Шешем өлген соң енді білдім. Адамның ар-ожданын тілдеуге де дүниеде бұдан қатал, бұдан аяусыз сөз болмайды екен» деп мұңаяды. Осыдан бастап жазушының қалған өмірі анасын іздеп торығумен өткен болар, сірә.

Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан деп жоғарыда айттық қой. Әсбет адамгершілігі мен мейірбандығы асып төгілген текті жерден шыққан қыз. Әкесі Сембай бес уақыт намазын қаза қылмаған өте тақуа адам болған екен. Шешесі Бөкпе мейірімділігімен аты шыққан сондай ғажап адам болған деседі. Жоқшылық жылдары тар бөлмеде тоғыз адам тұрып жатқанына қарамастан оныншы қып Бердібекті қыңқ деместен үйлеріне тұрғызып, оқытып, бағып-қағады. Бұл да болса қазаққа тән бауырмалдықтың жарқын көрінісі. Осындай отбасыдан шыққан қыз Бердібектей аяулы ұлды дүниеге алып келуі заңдылық болса керек.

Осындай аяулы аналарды ұлықтап, жас ұрпақтың есінде мәңгі қалатын бір ескерткіш тұрғызғың келеді-ақ...

Қазақ поэзиясын жаңа белестерге көтеріп кеткен Мұқағалидай ақынды дүниеге алып келген қазақ әйелінің аты-жөні – Нағиман Батанқызы. Сарыбастау ауылының тумасы. Бердібектің анасы секілді Нағиман анамыз да Албанның ішіндегі Айттың сүйіндігі. Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта деген сөз бар біздің жақта. Тура айтпай тұспалдап, сүйкеп сөйлеу шешендіктің бір ерекше түрі ғой. Бердібек пен Мұқағалиға сөз өнері осы нағашылары Сүйіндіктен жұқса керек. Атақты Көдек ақын да осы Сүйіндік жұртынан. Ал ауызекі тарихқа үңілсек Сүйіндіктің өзі Албанның бас биі болған екен.

Мұқағалидың ақын болып қалыптасуына әжесі Тиін мен анасы Нағиманның ықпалы зор болған. Жас күнінен бала Мұқағалиға ертегілер мен жырлар, аңыздар мен халық әндерін бойына сіңіріп өсірген деседі. Нағиман анамыз да қазақтың қара өлеңінен қалыс қалмаған, өз жанынан өлеңдетіп сөйлейтін тілді адам болған екен. Алматыға көшіп кеткен соң да пенсиясын ауылға кеп алып тұрады екен. Сол баяғы «прописка» мәселесі болса керек. Ауылдың поштасына келіп жиналған пенсиясын беретін кассир қызға:

«Ел аман ба, сен аман ба?

Ел аман, сен аман болсаң мен аман да»  деп тақпақтатып кіреді екен. Бұдан да басқа ойын тойларда жанынан суырып айта беретін өлеңшілдігін біраз жұрт біледі.

Нағиман анамыз ұзақ жасап, бертінде қайтыс болды.  Бірақ жиырмасыншы ғасырдағы қазақ халқының басына түскен барлық зобалаң мен тағдыр тауқыметін түгелдей басынан өткерді.

Колхоздастыру қиыншылығы, кәмпеске, ашаршылық зобалаңы, репрессия тауқыметі, үш баламен жастай жесір қалып соларды жеткізу, соғыстағы тыл өмірі ауыртпашылығы, немеренің өлімі, баласының өлімі секілді ауыр қиыншылықтарды басынан өткеріп, жеңе білді. Сол жеңістердің ішіндегі ең үлкені Мұқағалидай ғасыр ақынын өмірге алып келді. Дегенмен ақынның өз ортасында шетқақпай көріп, тиісінше бағаланбауы, қатарынан қалып қалуы, Майгүлдің қазасы, бір сөзбен айтқанда ақын трагедиясы тұтастай оны өмірге алып келген анасының көз алдында болды және ана жүрегіне тікелей әсер етті. Ана үшін бала күйігінен ауыр нәрсе бар ма ?

Ұлының өмірден өткеннен кейінгі тиісті бағасын алуының өзі халық үшін қуаныш болғанымен ана жүрегі үшін қандай сезім екенін біз біле бермейміз. Қайткенде де айтқаны айнымай келген әулие ақынды дүниеге алып келгені ақиқат.

...Өлмеймін, мен де өзіңдей асылданмын... – деп жырлады Мұқағали анасына. Өзінің де, анасының есімінің де өлмейтініне серт берді, сертіне жетті. Сертіне жігіттің жігіті ғана жетеді.

Бүгінде қазақ қоғамы жаңа Мұқағалиін, жаңа Бердібегін іздейді.

Мұқағали мен Бердібек қайдан шықты? Дүниеге келген күннен бастап бесік жырымен тербеген, халықтың ертегі аңыздарды құлағына құйған, батырлар жырын жатқа айтқан, бойында өнері, қолында инесі мен тебені бар, иманды, ұлағатты аналардан шықты. Бұл ақиқат. «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген осы.

Барлығымыз бала өсіріп отырмыз. Үйдегі ұлды болашақ Абылай, Қабанбай,Райымбек, Бердібек деп біл. Ал қыздарыңды болашақ Абай, Мұқағали, Бердібектерді дүниеге алып келетін ана деп біл. Солай тәрбиеле! Сонда ғана аталарымыздың қанымен, аналарымыздың көз жасымен келген ұлан байтақ жерге ие болатын шын мәніндегі мәңгілік ел боламыз.

Жәнібек Әлікен,

«Ұлағатты ұрпақ қорының» төрағасы.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467