Жылу жинаудың қостанайлық әдісі
Бізде кейінгі кезде халықты алдаудың, сөйтіп жоғары жаққа жақсы атты көрініп қалудың тамаша бір әдісін тауып алған. Онысы «біз бюджет ақшасын көздің қарашығындай сақтаймыз, ал мерекелік шараларға негізінен демеушілердің қаржысын жұмсаймыз» деп аса үнемшіл, халықтың ақшасының көк тиынын да орынсыз жұмасамайтын керемет бір жанашыр жандардың образын жасауға тырысады. Тек бір өкініштісі, бұлардың ондай «пысықайлығы» болмашы нәрседен аяқ астынан әшкере болып, айдай әлемге беттері шиедей болып жатқандығы.
Бір ғана факті. Биылғы жылдың қыркүйек айында «Қостанай қаласының 140 жылдығы» деген дүркіреген той өтті. Жергілікті билік бұл мерекеден ештеңе де аяған жоқ. Оны есте қалатындай қылып өткізу үшін танытқан мырзалығы да адам қызығарлықтай. Бір-екі күндік мереке үшін анау-мынау емес, 106 миллион теңгені сөзге келместен бере салды. Қаржы жетіп артылатын болғандықтан еліміздің Қарағанды, Семей, Лисаков, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Кереку, Түркістан мен Қызылорда қалаларынан неше түрлі шеберлер шақырылды. Тіпті «құдай қосқан көршіміз» де ұмытылған жоқ. Ресейдің Омбы қаласынан да ісмерлер келді. Олар қаламыздың орталық алаңдары мен шағын аудандарын өздерінің «ерекше ескерткіш» деп аталатын, анау-мынау адам түсіне бермейтін, абстрактизм бе, әлде кубизм бе, әйтеуір бір жаңа ағымдағы күлді-бадам дүниелерімен толтырып бақты. Қостанайдың қашанда танымал өз түлектеріне жаны аши бермеген ғой, бұл жолы да жұртқа онша белгілі емес Ресейдің әртіс-сымақтарын шақырып, олармен қала әкімі Қайрат Ахметов бірге ән салып, әй, бір жасап қалды ғой. Мұны аз десеңіз, қаланың үш алаңында 700 әртіс өз өнерлерін көрсетті. Тегін емес, әрине. Көре алмайтындар қашанда табылады ғой, алайда, мұндай көл-көсір қуаныштан тартынып қалудың өзі ұят емес пе?
Мерекеден қалған «мұралар» осылар. Қалғандарының ғұмыры ұзақ болмады.
Ал енді қазір сол тойдың-шуы әлі де басылар емес. Мәселе, сол баяғы осы аты-шулы мерекеге жұмсалған мол қаржыға келіп тіреледі. Кезінде қала басшылығы «бұл қаржының тек бюджеттен ғана шықпағандығын, онда демеушілердің де мол үлесі бар екендігін» айтып елді тыныштандырып баққан. Енді қазір сол демеуші деген «мырзалардың» қаламызды қалай жарылқағандығы айқындалып жатыр. Әлгі «жомарт жандар» дегеніміз жергілікті жердегі кәдуілгі кәсіпкерлер көрінеді. Олар қаладан шалғай жерде тұрса да аудан әкімдігінің «өтінішімен» тырнақтап жинаған дүниесінен бөліскен көрінеді. Осынау аса бір сиықсыз жайтты Мемлекеттік қызмет істері жөнінідегі департаменттің әдеп жөнінідегі кеңесі айдай әлемге жайып салды.
«Бақсақ-бақа екен» дегендей, облыс орталығынан қашықтағы Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Айдар Тілеубаевтың ісін қарау үстінде «өз еркімен демеушілік көрсету» деген құбылыстың сыры ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агеттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті аса маңызды істер жөніндегі тергеу басқармасының тергеушісі Қайрат Жүсіповтың айтуына қарағанда, осы Әулиекөл ауданының әкімі Асхат Қисықовтың тікелей тапсырмасы бойынша оның орынбасары Әсет Айсин, Мейрамхан Бейсенов және Дидар Тілеубаев мұндағы кәсіпкерлерден жылу жинауға белсене кіріскен. Ол үшін аудандағы 16 тауар өндірушілердің тізімін жасап, оларға барлығы 30 миллион теңге ақша жинап беруді «қатты өтініп» сұраған көрінеді. Тіпті бұларға өздерінің қолы қойылған үшбу хатта та жіберген.Ондағы бар мақсат - бұл мол дүниені облыс орталығындағы «Suikti Gostanai» деп аталатын қоғамдық қорға демеушілік көмек есебінде жедел жіберу керек екен. Бір қызығы, ешкім ештеңе сезбесін деген, мақсатпен бұл құжат еш жерге де тіркелмеген. Яғни бұлар сонау айдаладағы, тек биылғы жылдың мамыр айында ғана жедел құрылған қорды қолдау үшін жалған құжат жасау секілді қылмысқа да барған. Қайрат Жүсіповтың айтуына қарағанда, мұның өзі қайдағы бір қорға ешбір негізсіз ақша аударуды талап еткен.
- Бұл кәсіпкерлер жергіліктің билікке тікелей тәуелді болғандықтан, заңсыз талапқа амалсыз бағынған, - дейді ол. - Тіпті әлгі тізімге енбегендерден де қомақты ақша алып, қорға жеткізіп отырған жайттар да анықталды.
Ал Әдеп жөнінідегі кеңестің мүшесі Қуаныш Бекбасов кәсіпкерлерден мәжбүрлеп ақша жинаудың қауіпті құбылыс екендігін атап айтты.
- Енді бұл кәсіпкерлер қалғандары қашан келіп, есікті қағар екен деп күтіп отырады, - деді ол. - Бермесе, субсидиядан қағыламыз ба деген де қорқыныш бар.
Жалпы, Қостанай қаласын қарқ қылу «операциясы» кездейсоқ, сол Әулиекөл ауданы әкімінің қомақты парамен ұсталып, сотталып кетуінен кейін анықталған дүние. Егер аудан әкімінің араны ашылып, дүниеқоңыздық танытпағанда, кім білсін, жабулы қазан жабулы күйінде қалып, сол қаржылар «Suikti Gostanai»-ға үздіксіз ағыла берер ме еді?
Біздіңше, бұл «демеушілік операциясының» тек Әулиекөл ауданымен шектеліп қалғандығына үлкен күмәніміз бар. Бір өкініштісі, кәсіпкерлерді қорқытып-үркітіп, белгілі бір мақсатқа ақша жинау секілді аса қауіпті құбылыс облысымызда терең зерттелмей қалды. Егер бір ғана ауданнан 30 миллион теңге талап етілсе, өңіріміздегі 16 аудан мен 4 қаладан жиналатын ақша қанша болатындығын есептеп жатудың өзі артық. Бұлай дейтініміз, қайдағы бір қалалық қоғамдық қорға көмек көрсетеміз деп аудан әкімдерінің ерекше белсенділік танытуы ешбір ақылға сыймайтын әрекет. Егер жоғары жақтан, айтқанын жерге тастауға болмайтын, аса сыйлы адамға деген құрмет сезімнен туындаған дүние болмаса. «Сыйға—сый, сыраға—бал» дегенді қазекем бекер айтпаған шығар.
Қысқасы, «Suikti Gostanai»-ымыз біреулерге ерекше сүйікті көрінгенмен, екінші біреулерге аса сүйкімсіздеу болып тұрған жайы бар.
Жайберген Болатов
Abai.kz