Жұма, 22 Қараша 2024
Тарих 8764 13 пікір 2 Желтоқсан, 2019 сағат 12:13

Күшлік ханнан қалған әулет

Найманның бір атасы Төлегетайдың шыққан тегіне қатысты лекциямызда біздер шежіредегі: «Ерекше адам болған құба жоннан» деген сөздердің, дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілге сай айтылған жасырын мағыналы мәлімет екенін айтқан едік. Яғни, бұл сөздер Төлегетайдың найман хандарының әулетінен шыққанын білдіреді. Біздің көптеген оқырмандарымыз, және де ғаламтордағы лекцияларымыздың тыңдармандары шежіредегі айтылған Құба жон, Ақтамберді жыраудың айтқан Құбаның ала жоны, қырғыз бен қазақ айтқан Құбасай (Сіргелінің бір атауы)  дегендеріміздің Ергене қоң екенін жақсы біледі. Қашаған жыраудың айтқан «Алғидің ала шөлі» мен «Хазіреттің кең ойы»  да осы Құбасай болады. Және де, Ергене қоңды білдіретін топонимдерде «ала» сөзі көп кездеседі. Сондықтан да, Шыңғыс ханның ұрпағының Құбылай деген есімі «құба ала»  деген сөзден болған деп айтқан едік. Яғни, оның есімі де Ергене қоңның бір атауы болған. Құбыла деген де, «құба ала» деген сөзден қалған болса керек. «Абай КЗ» порталында Ергене қоңға қатысты «Арғы ана қонысы» атты мақаламыз да жарық көрген. Сондықтан да, бұл жер жұмағы, яғни, Варахана деген біздің сөзден атауы кейін соғдыша айтылып кеткен қазіргі Ферғана аңғары жөнінде жорта жүре айтатын боламыз.  

Осымен қатар, Аягоздегі татар Құрбанғали Халидидің шежіресінде Ферғана хандары жөнінде арнайы тарау бар. Және де ол автордың Ферғана аңғарын Тұрғауа дегені, Серікбол Қондыбайдың «Арғы ана қонысы» дегенін растап тұр. Яғни, Тұрғауа дегені тұрандық Хауа анамыз деп тұр, жер анамыз деген мағынада. «Шамбала Чингис хана», «Атлантида предказахов» аты мақалаларымызда да, біздер осы Ергене қоңның түп-тамыры авесталық Вара-Кангха қамалынан кеянидер  аталған патшалар әулетінің шыққанын айтқан едік. Мәселен, найманның нақты атауы «тоғыз таңбалы найман» дегені, ежелгі грек мифологиясындағы Құдайдың тоғыз патша ұлдарына қатысы бар. Өйткені, бұл мифтің түп-тамыры Ергене қоңда жатыр, сондықтан да,  бұл оқиғаның бастапқы нұсқасында онда кеткендердің Қиян мен Тоғыз екендері айтылады. Сондықтан да, ежелгі спарталықтардың қалқандарында біздер найманның таңбасын көреміз. Тіпті, сонау Америка континентіндегі Гватемаладан табылған «Пополь-Вух» атты діни кітәбінде де,  осы тоғыз патша аталады. Қазақтардың бәйгеге, шүйіншіге, сыйлыққа тоғыз атайтындары да, осы тоғыз патшаға қатысты екені ешбір шүбә келтірмейді. Ертегідегі тоғыз тоңқылдақ та, Ертөстікпен қосқандағы тоғызы ағайын да, осы тоғыз патшадан бастау алады.   

Алтай адайларының эпосы «Маадай-Қара» жырында Ергене қоңды Жер-Тұмар деп атаған. Орысша жазған мақаламызда біздер: «После того как я изучил труды татарского академика  Закиева о шумерах, я больше не стесняюсь говорить, что первым языком человечества мог быть наш кыпчакскии» деген едік. Қыпшақ дегеніміздің бастапқы нұқсасы «құба шақ» та болуы мүмкін. Яғни, іші қуыс кеңістікте өткен шақ, ғұмыр деген мағынада.  Сондықтан да, шежіредегі Қыпшақтың атасының бірі Құба+қалып болады. Бұл жердегі Құба дегені Ергене қоң, қалып дегені оның үшбұрышты формасын, яғни, қалыбын айтып тұр. Тіпті Көбеқалып дегенде де, біздер бұл атауды сауыт-қалып деп түсініп, бұл жерде қалыптай құйылған қамалдың айтылып тұрғанын түсінеміз. (көбе –сауыт). Ежелгі гректер Ергене қоңды Калипсо, яғни, біздің тілден Қалыпсай деп  те атаған. Осымен қатар олар Кирка, яғни біздіңше Қырқа деп те атаған. Қазіргі таңда Ресей ғалымдары, атап айтқанда лигнвист, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Петров, грамматикалық қазақ тілінің көне тіл (архаический)  екенін айтады. Қазақ лингвистикасының атасы Олжас Сұлейменов кейінгі бір сөзінде, әлемдік тарих ғылымы біздің тілді білуге мәжбүр болып отырғанын айтқан еді. Алай да, ежелгі грек тіліне қатысты ең алғаш пікір айтқан академик  В.В. Бартольд болатын. Өзінің әйгілі лекцияларында ол кісі: «Султан-Велед, сын Джемаль ад-дина Руми, во второй половине 13 века писал стихи не только по-персидски и турецкии, но и по гречески, и эти греческие стихи, написанные арабским алфавитом, представляют большой интерес для лингвистов как единственный памятник того греческого наречия, на котором тогда говорили в окрестностях Коньи» деген екен.  Сондықтан да, біздер грек этнонимінің бастапқы нұсқасының «қыр+ақ» болуы мүмкін екенін айтқан едік. Яғни, Қырақ, Ақтау, Ақтөбе, Қырқа, грекше Кирка деген этнотопонимдердің қазіргі Ферғана аңғарындағы қасиетті Сүлеймен таудың атаулары екеніне еш шүбә келтірмейміз. Бұл тауды ертеде қырғыздар Бара көк деп те атаған. Яғни, орыс тілінде айтылып жүрген Вара атауы біздің тілден Бара болған, түпкі  нұсқасы «бар» болса керек. Авестада бұл Бара үйін Иам патшаның саз балшықтан тұрғызғаны айтылады. Сондықтан да, Америка континентіндегі ежелгі Мая өркениетінің «кодекс Троана» атты дерегінде бұл Бара үйін Глиняные Холмы Му, яғни, Ұмайдың сарбалшық таулары деп атаған екен. Троана дегеніміз Тұр+ана, яғни, Құрбанғали айтқан Тұрғауа болады. Ұмай анамыздың үндіарийлік тегі жөнінде профессор Сәбетқазы Ақатай ағамыз марқұм айтып кеткен еді.  Ұмай анамыздың мекені деген Сумер тауы да осы Ергене қоң болады, жұм иер, жұмақ жер дегеннен бұрмаланған атауы. Алтайлықтар Сумер-Улюм тауы деген. Бұл жердегі «улюм» сөзінің бастапқы нұсқасы «ала иам» болса керек, орыс тіліне аударғанда бұрмаланып кеткен. Хандық құрған дәуіріміздегі Найман-Сүме деген қаламыздың атауы да осы Сумерден болса керек. Ал енді, найманның Шамбалық деген қаласының атауының әйгілі Шамбаланың атауы екенін біздер «Шамбала Чингис хана» атты мақаламызда   дәлелімен айтып кеттік. Яғни, Шамның қаласы, Құран кәрімде Шам өлкесі Тұр тауы деп аталған Ферғана аңғары.  

Авесталық Иам патшаның басқа халықтардың тіліндегі Шам, Иим, Сам, Иамыш, Джам, Джамыш, Джамшуд аты біздіңше Шәмші, Жәміш екені белгілі.  Осыдан былай Иам патшаны бұл жерде Шәмші, не болмаса  Жәміш деп атайтын боламыз. «Құпия шежірені» зерттедім деп, түгін  ұқпаған Тілеуберді Әбенайдың бұрмалап айтқанындағы Батцагаанның, яғни, Батыс  қағанның ұлы Тамаша дегені осы Шәмші болады. (Джамаша - кіші Жәміш). Жамұқа есімінің  бастапқы нұсқасы Джама-Кангха деген сөзден болса керек, Чумукунь, Шамахан, Шөмекей атауларындағы сияқты. Майя үндістерінің «Інжілінде» Шмукан деп аталған. Якуттар Омекей дейді. Және де якуттар Ферғана аңғарын Туй-Маада деп атаған екен. Яғни, Маадайдың тұйығы, қамалы деген сөз. Олай болса қытайладың Даюань, яғни, Дай+уаң дегендері «адай кнәздігі» дегенді білдірмек. Осы жерде пайғамбырымыз Мұхаммед, ғалайыс саламның маадит, яғни, осы Мааданың ұрпағы екенін  айтып кеткен артық болмас.  

Және де, біздер бұл «Құпия шежіренің» найман хандарының канцеляриясынан  алынуы мүмкін екенін жазған едік. Әйтпесе, шыққан түбі бұлыңғыр Шыңғыс ханда қайдағы шежіре? Бұлар, Тобан мерген қайтыс болған тұстан бастап ары қарай Шыңғыс ханның  тарихын айтып кеткен сыңайлы. Шыңғыс ханның да, оның балаларының да, яғни, төрелердің де сауатын ашқан найман хандарының канцеляриясының басшысы болған Тата Тоңғы екеніне ешкім де дау айта алмайды. Тоныкөктің ұрпағы Тата Тоңғының адай болғанын көрнекті ғалым Юрий Алексеевич Зуевтің «Ранние тюрки» атты еңбегінен түсінеміз. Тоныкөктің таңбасы да тұмар еді. Осымен қатар академик  Бартольд, біздің тілдің Кавказға Шыңғыс ханның маңғолдарымен келгенін айтады. Және де, Шыңғыс ханның ұрпақтарында Дженкши деген есім болғанын жазып, Шыңғыс атауының Жеңгіш екенін меңзеп кеткен. Осыдан біздер, қытай-қалмақ тілдерінде бұрмаланып айтылған Чингис дегеннің Орта Азиядағы атауының Жеңгіш болғанын түсінеміз. Осымен қатар академик Бартольд Хазар мемлекетінде иудаизмді ұстанған қараимдардың біздің тілде сөйлегендерін, және де, оларда «Інжілдің» өз тілдерінде    болғанын жазады. Бұл қараим деген сөздің этимологисының қара+иим, яғни, ежелгі Иим, Иам екені сөзсіз. Бұл қараимдар кейін «тау еврейлері» атанып, Әзербайжан жеріндегі өздерінің еврейлер слободасын  Құба (Куба) атаған. Енді, құдайым бір Аллах, атам бір Аруақ деп, найман хандарының тарихына көшелік. 

Төре болған соң айтуға хақысы бар, Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері Мұхтархан Абаған қырғызға барып келгенде, қырғыз халқының  мәдениетінің қазақтікінен жоғары екенін айтқан еді. Әрине, бұл сөздің түп-тамырында көп нәрсе жатыр. Тіпті, қырғыз халқының нақты демократиялық   жолға түскені де меңзеліп тұр. Бұл қырғыздың осымен қоса шежірелік тарихты да терең білетіндері хақ. Алай да, бұны білгендер анық этникалық қырғыздар ма, әлде қырғызға сіңіп, төлқұжатында қырғыз атанып кеткен наймандар ма, міне, мәселе осыда жатыр. Қырғыз тарихшысы, шежіреші де болса керек, «Байырғы ичкилик қырғыздардын тарихы», Байырғы Керкидан шаары»  атты кітәптардың авторы Аширали Жолдошов былай дейді: «Найманның Күшлік ханы 1218-ші жылы өлді. Оның қара қытай гурханының қызынан болған ұлы Қашғарда туды. Оған 7-10 жас болғанда наймандар оны ұрлап әкетіп Чон-Алай  алқабына алып келді. Ол 25-30 жасқа толғанда, наймандар оны Қашғарға алып келіп анасына көрсетті. Олар оны таныды. Ол мұсылман дінін қабылдап, оған Кұтлұғ-Сайд деген ат қойылды. Қашғар билеушісінің тағына отырғызылып, Чон-Алай және Ферғана аңғарын да биледі. Оның ұрпақтары 1901 жылға дейін Қашғарда билеп отырды. Ол кезде Қашғарды менің төте бабам Құлыбек билеп отырды. Ол кезде, Чон-Алай мен Ферғана аңғары Қоқан хандығына бөлініп кетті. Осының дәлелі ретінде орыс мұрғаттарында қалған фотосуреттерді көрсете аламын. Құба қаласы мен Кұбасай қалаларының аты біздің бабамыз Кұбан бидің атынан болған». 

Міне, бұл жердегі Құбан деген есімнің басты нұсқасы Ергене қоңның енді бір атауы Құба ана дегеннен қалған. Яғни, Тұрғауа, Арғы ана қонысы деген сияқты, жер-ананың үшбұрышты символына қатысты «ана»  аталған. Алтайлықтар Жер-Тұмар десе, біздің эпикалық шығармаларымызда Кондыкер-Кобаң, Серікбол Қондыбай марқұм  айтқан «кіндік иер- құба ана». Осы Кұба ана атауынан орыстың Кубань сөзі пайда болған. «Манас» жырында да Кіндік жер деп аталады. Ергене қоң дегендегі «қоң» сөзі қойдың жамбасын, яғни, біздің ата-бабаларымыздың түсінігінде үшбұрыштың символын білдіреді. Осымен қатар, Аширали мырза найман хандарының әулетін қырғызда боо-найман, яғни, бий-найман және мырза-найман деп атайтындарын жеткізеді. Ал енді, мырза деген сөздің мағынасы рухани тозған қазақтың заманына дейін патша әулетінің мүшесінің титулы, яғни, лауазымы, атағы болған. Содықтан да, эпос пен шежіредегі Төлеген мырза, Байжан мырза, Сопы мырза, Баба мырза деген сияқты, Асқақ Темірдің ұрпақтары да мырза атанған, алай да, жалған атты ретінде, өйткені, оның ата-тегінде наймандардікі сияқты  хандық жоқ еді. Осы сияқты, қазіргі таңда да, тексіздің бәрі мырза атанып кетті, президент мырза, әкім мырза, прокурор мырза деген сияқты. Қырғыздың батыр экс-президенті Атамбаевтің түбі біздің байжігіттегі  Қарашамен бір екенін мен айтып отырсам, Аширали Жолдошов наймандағы Көкжарлының қырғыздағы Көкжар түбінен кеткенін, оның түбінің мырза-найман екенін айтады. Көкжар елді мекені Сүлеймен таудан 60 шақырым жерде тұр екен. Шәкәрім қажының айтқан найман Сопы мырзаның ұрпақтарының бәрі қазақ арасында екендерін айта келе: «Баба-мырзаның наймандары Қырғызстан мен біразы Өзбекстанда, сендер осы наймандардансыңдар» дейді жазғанында. Көкжал Барақ бабамыз  осы Баба мырзаның шөбересі еді. Осымен қатар, Баба мырзадан Өтеміс, Жарты, Қаршыға туады. Өтемістен атақты Жанай батыр шыққан.  

Енді өзіміздің шежірелік зерттеулерімізге көшелік. Шежіре деректері Көкжарлы мен Бураның Самарқаннан әкелінгендерін айтады. Көкжарлы деп бұл жерде Самарқанның көк жар тасы айтылып тұр. Самарканд дегеніміз Сам+Бара+Кангдах деген  сөздің бұрмалануы, Самар атауындағы сияқты. Серікбол марқұм айтқандай, ар, ор, ур сөздері Бара атауының фонетикалық нұсқалары болады. Тарихи деректерде авесталық бұл қамалды   Кангдах (канг+дай+ақ), Кангдез деп те атаған. (канг+дай+әз). Яғни, Самарканд дегеніміз Шәмші, яғни, Сам патшаның салған Бара-Кангдах қамалы деген сөз. Қала осы қамалдың атымен аталған.  Мәселен, Қашғар дегеніміз парсы тіліндегі Чач+Хвара, яғни, Хвара қамалы, Хваразм-Хорезм дегені Хвара-әз-иам деген сөздерден қалған сияқты. Яғни, Иамның ежелгі Барасы дегенді айтып тұр. Асқақ  Темірден қалған: «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген сөз, Ергене қоң оқиғасында айтылғандай, аталарымыздың жетпіс жерден от қойып, кезінде Киян мен Тоғыз тар жолды бітеп тастау үшін сайға құлатып  кеткен көк жар тасты ерітіп, қоңырат атаулы қарғалып, аяқтан кетіп шыққан күнді айтады. Көк жар тасымыз балқып темірге айналған соң, осыдан көк темір ұғымы қалған болса керек. Дамаск құрышы деген осы болады.  Оның отанының Ферғана аңғары екені белгілі. Қазақтар бұл құрышты «қайрау бермес қара болат» дейді.  

Шежіреде: «Найманда атам Сарман, кімнен азбын» деген сөз бар. Бұл жердегі Сарман дегеніміз ежелгі Алтай адайларының «Маадай Қара» жырында айтылған Сарыман елі, яғни, күннің бататын Батыс өңірі  Құбасай болады. Сондықтан да, шежіре деректерінде тарихи тұлға Сарыжомарттың ағасы деген Сарман, Арғын мен Найманның атасы деген Сарманай дегендері де, бұл тайпалардың  Сарыман елінен, Ергене қоңнан шыққандарын айтып тұр. Демек, бұлар да символдық тұлғалар болады. Осының негізінде біздер шежіредегі: «Сарманның түтіні өшпесін деп Сарыжомарт ата  Көкжарлы мен Бураны Самарқаннан алып келіп жеке отау етіп қондырды» деген сөздер, бұлардың Құба жоннан әкелінген найман хандарының әулетін білдіріп тұрғанын түсінеміз. Міне, шежіредегі Төлегетайға қатысты: «Ерекше адам еді Құба жоннан» деген сөз де  осыны білдіреді.  

Көкжарлының  шын аты Тоғанас болған еді. Тоғанасты Тоқанас деп те атайды қазақ арасында. Біздіңше, Тоқанас дегеніміз де, Құбасайдың бір атауы. Тоқ+ана+сай деген сөзден қалған болса керек.  Демек, бұл жерде «тоқ» деп, Арғы ана қонысындағы «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман айтылып тұр. Майя өркениетінің дерегінде Тохиль, яғни, «тоқ ел» деп аталған. Бұл атау ежелгі Авестадағы Кангха-Вара қамалындағы жұмақ дәуренді, бақытты шақты, ешқашан кәрілік келмейтін, тек қана иманжүзді адамдардың тоқшылықта өткен ғұмырларын айтып тұр. «Алпамыс» жырындағы «жер-ошақтай аңғар» деп те аталған  Жиделі-Байсындағы: «Тоғай сайын мың жылқы, Есебі жоқ көп жылқы» болған заманды айтып тұр. Жиделі-Байсын дегеніміз де осы Ергене қоң болады, тарих ғылымдарының докторы, маңғолтанушы Мункуев айтқандай, Байсын таулары. Шежіреде ары қарай: «Көкжарлыдан Елтемір» дейді. Бұл жердегі Елтемірдің де есімі Ергене қоңның енді бір атауы болса керек. Орхон жазуларында бұл аңғар Темір қақпа деп аталса, қытай деректерінде Тэменгуань, яғни, ол да Темір қақпа, Абай атамыздың қиссасында Ескендір ала алмаған Алтын Қақпа, бұл да осы. «Русь создали варяги-кыпчаки» атты мақаламызда айтқанымыздай, осы Елтемір, Ұлатемір деген Ергене қоңның енді бір атауынан орыстың Владимир есімі пайда болған. Сонда Елтемір дегені, Темір қақпаның елі дегенді айтып тұр. Ал енді, шежіредегі Елтемірдің інісі деген Ешкілі символдық тұлға болады. Яғни, Алпамыс батырды ешкімен асыраған Кейқуаттың символы. Кейқуат дегеніміз ежелгі арийлік патшалардың түп атасы деген Кай Кобаад болады. Бұл есімдердің де түп тамыр нұсқасының Құба ата екенін біздер талай жерде айтқан едік, қазақ тілінің ең көне тіл деген тұжырымның негізінде. Оны Кави Кавата деп те атайды. Кавата деген есімнің Құба атаға жақын екені айдан анық. Профессор Еренғайып Омар айтқандай, «Алпамыс» жырының  бір нұқсасында Алпамыстың Кейқуатты Иран тағына отырғызғаны айтылады. Ал енді, Алпамыстың Кейқуатты Жүрметүз деген қызға үйлендіргені туралы мәлімет, сол заманда Иран елінің отырықшыға айналғанын айтып тұр. Жүрметүз дегені «түзде жүрме», «көшпенді болма», яғни, отырықшы деген мағына береді. Демек, бұл жердегі Ешкілі деген сөз патшалық әулетті білдіріп тұр. Төлегетайдың шыққан тегіне қатысты айтқанымыздай, шежіредегі «ешкі бақты», «қой бақты» деген сөздер хандық тектің сипаты болады. «Арғықазақ мифологиясы» атты кітәптің авторы, көрнекті ғалым Серікбол Қондыбай марқұм айтып кеткендей,  бұндай атаулардың бәрі де, жасырын мағыналы мәліметтер болып келеді. Найманға қатысты бұл мәліметтердің жасырын болуының басты себебі, Шыңғыс хан әулетінің үнемі билекте болғанда найман хандарының әулетін қудалағандарында жатыр. Соның өзінде бұл әулет Өзбек хандығын құрып, бұл хандықты найман елінің өз атауы болған Өзбек атап, кейін, Сопы мырза бабамыз өзбек жақта билікті алмақшы болып, бүлініп барып тынды. Бұл бүлікті Шоқан Уәлиханов: «заговор найманов» деген еді. 

Аширали Жолдошевтің айтуынша, Күшлүктің ұлы Кұтлұқ-Саидтың  ұрпақтары Ферғана мен Қашғарды 1250-ші жылдан 1901-ші жылға дейін билеп тұрды. Сонда, найманның енді бір шежіресі болған, байжігіттік Мәлік Мұқашұлы марқұмның айтқанындағы, 19-ші ғасырдағы Ферғана аңғарындағы найман болысынан келген шежірелік деректердің рас болғаны. Яғни, Дәулетбай батырдың ұрпақтары Жанұзақ пен Әрімжан ақындардың айтып келгендеріндегі Сарыжомарт, Ақсопы мен Төлегетайлардың маңғыт тұтқынынан 16 жасар Әбілхайыр сұлтанды құтқарып алып, Болатшы мен Асқақ Темірдің үлгісімен қуыршақ хан көтергендері. Өзбек атауын дүниеге әкелген наймандар болғанына ешкім де дау айта алмайды. Өзбек ханның атынан болды дегендері тек жорамал ғана.  Наймандар атқа қонып, ту көтеріп: «Ел атыңыз Өзбек» деп, тасқа қашап жазып кеткенде, Шыңғыс ханның өзі де тумаған еді. «Тарихи Абулхаир хани» атты Кухистанидің жазған дерегіндегі Алаш баһадүр де, профессор Жамбыл Омари (арғын) айтқандай  символдық тұлға. Яғни, деректегі. «Алаш баһадүрге иелігін қалдырды» деген сөздер бұл хандықты алты алаш, яғни, арғын, найман қоңырат, қыпшақ, тарақты, алшындардың құрғандарын айтып тұрған жасырын мағыналы мәлімет. Сондықтан да, бұл деректе барлық  рубасылардың шыққан тегі айтылғанда, Алаш баһадүрдің ғана тегі айтылмаған. Және де, бек атағы да найманнан қалған. Рашид ад-дин найманның Көксау Саурығын «бектердің бегі» деген еді. Сондықтан, шежіредегі: «Қарабектен болыпты Бақы, Тақы» дегендері, біріншіден Тоқанас пен Бақанасты айтып тұрса, Қарабек дегені символдық тұлға ретінде ежелгі найман бектерінің, яғни, хандарының ұрпақтарын білдіріп тұр. Осымен қатар, ақнаймандардың «Тұрақан шежіресінде» Қарабектің, кезінде елден ауып Кентуп-Тартуп деген жаққа кетіп қалғаны айтылады. Бұл жердегі Кентүп дегені кангх+түп, Кангха  жер кіндігі, Тартуп дегені Тар+түп, кіндік жердің тар жолын білдіріп тұрса керек. «Маадай Қара» жырында да, «Одиссей» жырында да, бұл Ергене қоңға кіретін жалғыз қақпаның тар жол екені айтылады. Адамдар қысылып қалып мерт болып жатады екен. Қазығұрт (қазақ жұрты, шешенше хасавюрт) тауындағы тастың арасындағы тар жол,  осы бастапқы тар жолдың естелігі ғана. Яғни, ырымы. Ежелгі гректер бұл өткелді Тартэсс, Тартиш деп те атаған, біздің Тартөс дегеннен болса керек. Бұл жерде «төс» деп, әрине жар тас айтылып тұр. Түп дегенді біздер түп-тамыр деп ұғамыз. Қазақтың түп-тамыры осы Кангха қамалы екенін Серкібол марқұм да айтып кеткен еді.  

Сонымен,  Құба жоннан әкелінген Көкжарлы-Тоғанастан Елтемір,  одан Құдайберді, одан Баба мырза, одан Өтей, одан Шүрек одан Көкжал Барақ туады.  Міне осылар ғана тарихи тұлғалар болған. Атам Сарман дегені Құба жонды айтып тұрған символдық тұлға.  Шежіредегі: «Сарман ата жорықта қаза болды» дегені Күшлік ханды меңзейді. Күшлік ханның қара қытайдағы әйелінің аты Күнекей еді, қытайша Хунху атаған.  Сарыжомарттың да шежіреде Сары мырза деген атағы бар. Тарихи деректе Сары Усман Өкіреш найман деп аталған. Бұл жердегі «усман» дегені дуадақтың балапаны, тектіліктің белгісі.  Ал енді, Өкіреш дегеннің Жәміш патшаның символы екенін біздер «Төлегетай» атты лекциямызда айтқан едік. Яғни, бұл атау өзбекте най аталған, бұқаның өкірігін шығарытын мүйіз найдың атауы. Авестада бұл алтын  мүйіз найдың Жәміш патшаның қолында болғаны айтылады. Найман дегеніміз, най (сырнай) ұстаған адам, яғни, патша дегенді білдіріп тұр. Міне, Зейнулла Сәнік марқұм айтып кеткен Төре-Найман деген атағымыздың сыры осыда жатыр. 

Барақ бабамыздың түп нағашысы Тұрсын хан болғандықтан, әжесі  Жанбике оған соның бір ұлының атын берген екен. Барақ дегеніміз «бара ақ», яғни, Сүлеймен таудың ежелгі  атауынан қалған болса керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед, ғалайыс саламның мінген қанатты аспан аты аль-Барак пырағы да, осы Ферғана аңғарында пайда болған  жылқы тұқымы екенін біздер қытай деректерінен білеміз. Қытайлар ең алғашқы аттарды «хела», яғни, ала деп, және «хе-лань» - ала аң деп атаған екен. Бұлар әрине, біздің қасиетті ала тайларымыз. Және де, қанатты тұлпарлардың Ферғана аңғарында пайда болғанын айтады. Оларды Ферғананың «аспан аттары» деп атаған.  Ол жылқылар қазір біздің елтаңбамызда адайдың қанатты айғыры ретінде тұр. Демек, Барақ дегеніміз Барадағы қасиетті Ақ таудың бір атауы болады.  

Осымен қатар, қаракерейдегі  Ақнайманның шын аты Қуансейіт, Құбан-Саид деген лауазым атағымен  Ферғана аңғарынан әкелінгенін де біздер Аширалиді білмей жүрген кездерімізде жазған едік. Айтушы Ерғазы Мағауия ұлы, қажыға үш мәрте жаяу барып келген атақты Буратай қажының ұрпағы.  Бұл баланы Қаракерейге байжігіт Күшік батыр алып келген дейді. Кейінгі надандар Ақнайманды Жолымбеттің Қоянды жәрмеңкесінен тауып алғанын айтады. Бұл тым бертін заман. Біздіңше, Қоянды дегені Қиянды деген Ергене қоңның енді бір атауынан естіліп қалған болса керек. Адайлар бұл үшбұрышты алқабты Үш-Қиян деп те атайды. Тарих деректерде ежелгі сәнбилерді «хианбей» яғни, ақ қиян» деп те таңбалайды. Бұл Қиян дегеніміз анғығында, үшбұрышты аңғардың үш бұрышына қойылған қарауыл тастар болады. Сондықтан да, адайдың жырауы Қашаған: «Қытайменен шекісіп, Қарауыл қойып кеткенде» деп жырлаған.  Адайды Алтайдан айырған атаңа нәлет Мөденің ғұндарынының тас-талқандарын шығарып, қаңғытып жібергендер осы ақ қияндар еді. Тарихшы Ерзат Меллатханұлы осы сәнбилердің қазақ аталары екендерін дұрыс жазған. Ал енді, біздегі надандардың атасы болған шығыс ғұндарын  Құрбанғали Халиди, қытайдың бір түрі екенін жазған еді.    

Менің нағашыдағы бабам Сүгір батырдың ұлы Байжан мырзаның егізі Тілес батыр, Ферғанадан енді  бір ақсүйек Бәйімбетті атасы Қонақбайға әкеліп береді. Бәйімбеттің қасында Ыстыдан Желек бар еді. Бұл шамамен Қыз Жібектің заманы болған, яғни 16-17 ғасыр. Ханның тұқымын ұрлап кету дәстүрінің тіпті Шыңғыс ханнан да арғы замандарда  болғаны анық. Осы Бәйімбеттен арғын-найманға әйгілі болған Омар болыс Баекеш ұлы тарайды. Ақнаймандардың «Тұрақан шежіресінің» жазбаша нұсқасында: «Шомат төрені ел ішінен қуғандар Ақнайман баласы Омар Баекеш ұлы. Екінші Қожамбет биі Қажымжар төреге қамшы жұмсаған кісі» деп айтылған. Бұл бабамыздың атын Омар деп, Ферғананы билеген Омар ханның атынан қойған болса керек. Енді, осы Омар ханды айталық. Оны Ақсақ Темірдің ұрпағы дегені жалған сөз. 

Құрбанғали Халиди айтқандай, бір заманда Тұрғауа, яғни, Ферғана халқы  таққа отырғызар хан әулетінің ұрпағын таба алмай қалғанда, өзбек арасынан бір ақылды адам шығып, бәлен жерден Бабыр өтіпті деп, сол жерге бір жас баланы апарып тастап, одан кейін тауып алған болып ел арасына алып келеді. Бабырдың өткен жолында алтын бесікте жатыр екен, киік емізіп жүр екен деп көпшілікті нандырып, оған Алтын Бесік деп ат қойып тәрбиелеп өсіреді. Байжігіттік Жанұзақ ақынның Ферғана аңғарынан алып келген «Бақтиярдың қырық бұтағында» бұл сәбидің алтын бесігі «алтын тон» аталған еді. Сөйтіп, бала өскенде шамамен 1502-ші жылы Ферғанада таққа отырғызылады. Алай да, біраз уақыттан кейін оның шын сыры әшкере болып қалып, әуелінде жанжал шықса да, оның сөзі өтімді болып, сонысымен хан тағына лайық болған соң, халық көніп кетеді. Омар хан осы Алтын Бесіктің ең жарық жұлдызды ұрпағы еді. Ақынжанды болып, ғылымды енгізіп, хан сарайында ғұлама ғалымдарды алыстан алдыртып ұстаған. Ел аузында: «Омар ханның мекені жәннәт еді» деген сөз қалған. Он екі жыл елді билеп аяқ астынан опат болғанда халық қатты қайғырған екен. Құрбанғалидің айтқанынан біздер Омар ханның және оның халқының рухани байлығының өте жоғары болғанын түсінеміз. Яғни, ол заманда тектілер жер жұмағы Ферғана аңғарының Әз-Шәмші патшаның ежелгі мекені екенін жақсы білген. Омар хан бірде бау аралап жүріп бір сұлу қызды кездестіріп: «Анау, гүл сипаты немене екен, етегіңмен жасырдың – дегенде, қыз: - Саман гүлі, жапырағында ізі болар аһүйдің, сулы жердің қызыл гүлі, көз жармаған асыл біл – деп жауап береді.  Бұл жердегі Саман гүлі дегені Сам ана деген сөзден айтылып тұр. Яғни, Шамбаланың символы болған суда өсетін лотос гүлін айтқаны еді. Шамбала дегеніміз Шамбхала, яғни, мифологиялық Шамның қаласы, Құран кәрімде айтылған Шам өлкесіндегі Тұр тауы, Тұранның Бара-Кангхасы. Шам дегеніміз Шәмші. Бұл жерде әлгі сұлу қыз: «жапырағында аһүйдің ізі» дегенде, етегінің астындағы өзінің әлі гүлі ашылмаған сызығын жұпар ізді деп айтып, ізденіп тұр. Аһүй деп бұл жерде біздің Алтайдағы қабарға киігінің жұпар иісті кіндігі айтылып тұр. Ертеде хан-патшалар бұл аһүйдің жұпарын жыныстық сезімін қоздыртып тұрғызу   үшін жатар бөлмеге аңқытып қоятын болған. Осыны білген Омар хан ұялып қалып: «Басқа теңеу айтшы жаным, айналайын тіліңнен» деген екен. Алтайдан Тартүпке ауып келген Қарабектің тұқымы болмаса, қайбір тексіз осыны білер еді, хандардың ханы деген Шыңғыстың өзі наймандарға дейін аһүйді қойып, мөрдің не екенін білмегенде...   

Біздің қазақ ғалымдарының түсіне де кірмеген сұрақтарды қазір орыс ғалымдары қойып жүр. Биылғы жазда біздерге  Ресей Ғылым Академиясының ғалымы жолығып кеткен еді. Наймандарға қатысты олардың Этнология институтында ғылыми еңбек жазылып жатыр екен.  Міне, Артем Сивашков деген экспедиция мүшесі менен Қашғардағы қожалардың неліктен төре атанғандарын сұрады. Кезінде мен матайлық Тойғанбаев Амангелді деген ағамыздың аузынан Қашғардағы   қожа Уәлихан төренің найман болғанын естіп, «сандырақ» деп қоя салған едім. Кейін сұрасам, Амангелді аға бұл сөзді байжігіттің шежіресі болған Мәлік Мұқашұлы марқұмнан естігенін айтты. Ал енді, ол кісі болса, кезінде маған  Шоқанның Қашғарға матайлық батыр Тәнекенің атынан барғанын айтқан еді. Осы Тәнеке батырдың ұрпағы Гүлжан апай маған бұл сөздің рас екенін айтты. Қазір бұл мәселе зерттелуде, Гүлжан апайдан деректерді күтіп отырмын. Өз зерттеулерімде болса, осыған иланатындай деректер де табылды. Қысқасын айтқанда, Шоқанмен бірге болған Мұхамед-разықтың айтуынша, қашғарлық ақсақал Нұрмұхамед-датқа «орыс көпесін» ұстап, өлтіруге бұйрық алса да, құтқарып жіберген, Сібе-солаңдар қуса да, оларға жете алмаған. Кейін, Нұрмұхамед-датқаның орыс офицерін құтқарып жібергені үшін дарға асылғаны туралы сөз тарайды. (И. Стрелкова. «Валиханов»). Бұл қожа Шоқанға қайтарында Тоқтар деген өзінің сенімді адамын қосып жіберген еді. Орыстар, бұл Тоқтардың Орта жүздің қазағы (найман) екенін, және де, Уәлихан төренің  бас қарауылы болып, талайдың басын алғанын айтады. Және де, ол Шоқанның кім екенін жақсы білген дейді, әрине, Орта жүздің қазағы болғанда. Міне, осы жағдайлар әлі зерттелу үстінде. Бұл Қашғар қожаларын ұйғыр дегендерінде де бір гәп болса керек. Бұл қожалардың түбінің біздегі «арапбыз» деген қожалар емес екендері айдан анық.  Мұхамеджан Тынышбаев ұйғырлардың наймандардан төмен отыратындарын бекер жазбағандай. Және де, біздегі Тоқтарқожа, Тұнғашік Төле қожа (Төлегетай) аталардың да арап қожа болмағандары анық.  

Қайрат Зарып-Хан,

Тарихшы-публицист. Шежіреші. 

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279