Сенбі, 23 Қараша 2024
Пікір 6786 14 пікір 9 Желтоқсан, 2019 сағат 11:16

Дулат Исабековке ашық хат

Қадірменді Дулат аға! «Мен тілден де сұмдық трагедияны көріп отырмын» деген Сіздің жазбаңыз жарияланды. Бұл соңғы кездерде «Тіл мәртебесін көтеру – ұлтаралық араздықты қоздыру емес», «Ұлттық мүддені қорғау – мемлекеттік тілден басталады» деген сынды ел асыға күткен бастамаға қарсы, соны басып тастауға бағытталған жазба болып көрінді маған. «Мен тілден де сұмдық трагедияны көріп отырмын» деп салыпсыз, ғафу етіңіз, мұныңыз тілді тірілту тірлігіне қақ маңдайдан соққы беретіндей салдары ауыр, шындыққа жанаспайтын залалды пайымдау. Неге?

Көршіміз Ресей Федерациясы құрамындағы қалмақ, чуваш, мордва, пермяк, осмяк, карел, черемис сияқты тірідей көмілген ондаған ұлт-ұлыстардың тағдыры көз алдымда дәйім (мен Оңтүстік Оралда жоғары оқу орнын бітірген адаммын). Сіздің жаңағы «Тілденде асқан трагедия бар» дегеніңізге «бұл несі-ей!» деп қатты тіксінгенім содан. Әлгі аталған жұрттар физикалық тұрғыдан дін аман (саны пәленше млн-ға жеткен), бірақ ана тілінен ажыраған, яки тірідей өлгендер. Тұтастай орыстанып кеткендіктен, оларда жер бар, мәдениет пен экономика гүлденген деген бос сөз. Қай жерде ұлттық мүдде жоқ болса, онда даму жоқ! Тіл жоқ болса, ұлт та жоқ. Жер жүзі тәні бар, рухы, ішкі әлемі құрып біткен ұлттарға толы. Сондықтан тілден де сұмдық трагедия бар деген түбі шикі теория, халықты шатастыратын жалған сөз, жаңсақ пікір.

«Мен тілден де сұмдық трагедияны көріп отырмын» дей келе, ойыңызды былайша өрбітіпсіз: «Біздің бүкіл экономикамыз, ұлттық идеологиямыз, керек десеңіз, ұлттың болашағы шетелдіктердің қолына өтіп бара жатыр. Тіліміз, дініміз мұның қасында... Арыстанның аузына түсіп бара жатқан қоян бір мүшемді сақтап қалайыншы деп әрекет ету керек пе, жоқ әлде өзінің өмірін түгел сақтап қалуға тырысу керек пе?».

Осы уәжіңізді зерделейік. Тіл – пәленше мүшенің бірі емес. Кәрі тарих куә, ол ұлтты сақтап қалудың шешуші тетігі. Бұл-бір. Екіншіден,«Тілді қоя тұрайық, онан да зоры бар» деген ән биліктікі және саясаткер қулардікі. Мұны басқа емес, қазақ тілінің күрескері һәм дуалы ауыздың бірі деп жүрген Сіздің айтқаныңызға таңмын. Қазіргі қазақ қоғамының «сырты бүтін, іші түтін». Тіл тұтастығына кім араша түспекші (ұрпақтың түрі, шашы, көзі қазақ, ал ішкі әлемі бөтен, бірақ ақыл-есің шошитын бұл құбылысқа да етіміз үйренді)? «Қазақ елінде мемлекетті басқару мемлекеттік тілде жүргізілсін» деген тіл туралы Заңды халық тәуелсіздік таңындай зарыға күтіп отыр. Бұл жанайғайды билікке кім жеткізбек?

Абай: «Бірлік малға емес, ақылға бірлік» деген. Ғылымы кенже ұлттың, ақыл-ойы да кенже, құр еліктеу содан. Өз күшіне сенген елдер өркендеп, ғылым мен өнерді дөңгелетіп отыр.Олар шаруашылыққа субсидияны тек ақшалай ғана емес, ғылым арқылы құяды.«Біздің бүкіл экономикамыз, ұлттық идеологиямыз, ұлттың болашағы шетелдіктердің қолына өтіп бара жатыр» деп жылап-сықтаймыз. Бірақ шетелге жығыл, қарызға бат деген кім бар? Кінәні қазақ өзгеден емес, өзінен іздесін де. Ұлттық мүддеден тайқыдың ба,  онда пәле қайдан деме! Анық бір нәрсе, «Қытай (Ресей, мейлі Америка) бізге көз тігіп отырға» мықты тосқауыл қою, жаңағы ішкі тірлік пен ар-намысты оятуға тірелмек. Қит етсе болды, қара халықты үреймен жасыту, сол үшін сырттан жау іздеу тек билікке тиімді, бұл ең оңай, әрі сенімді тәсіл (кешегі совет билігі әйтпесе Америка басып алады деп үркітіп, халықтың қаржысын қару-жарақ пен ядролық полигонға аямай төккен-ді). Сіздің сол қарабайыр саясаттың торы мен арбауына түсіп қалғаныңыз неткен өкініш.

Дулат аға, қатты кетсем кешіріңіз, Сіздің «Тіл, тіл! - деп шулағанды қойыңдар» деген үндеуіңіз ақылға қонымсыз. Ұлттық мүдде мен экономиканы шатастырып алғаныңыз да жарамады. Шындықты мойындау – қазақ халқы құз шетіне жеткенін айту ең өзекті қажеттілік. Тіл (рух) үшін күрес, ең қасиетті күрес. Ақыл бірлігі сол үшін керек, «тілден де сұмдық трагедия бар» деген былдыр-батпаққа алданып қалмайық, ағайын.

Құрметпен,

Асан Омаров.

Ғалым-зерттеуші.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377