Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2442 0 пікір 22 Маусым, 2009 сағат 08:18

Бюджет халық қазынасы, оны жатқандар жазалануы тиіс!

Жыл сайын  Парламентте үкіметтің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау  жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалып, бекітіледі.

Сол дәстүрмен Мәжілістің жалпы отырысында   2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді. Бұл есептің биылға «Үлгі етер» ащы сабағы бар ма? Тілшіміз осы мәселе төңірегінде ой өрбітеді.
Жылдағы әдетпен Қаржы министрі Болат Жәмішев негізінен бюджеттің атқарылуының оңды жақтарын баяндаса,   есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың баяндамасы орын алған кемшіліктерге құрылды.

Жыл сайын  Парламентте үкіметтің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау  жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалып, бекітіледі.

Сол дәстүрмен Мәжілістің жалпы отырысында   2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді. Бұл есептің биылға «Үлгі етер» ащы сабағы бар ма? Тілшіміз осы мәселе төңірегінде ой өрбітеді.
Жылдағы әдетпен Қаржы министрі Болат Жәмішев негізінен бюджеттің атқарылуының оңды жақтарын баяндаса,   есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың баяндамасы орын алған кемшіліктерге құрылды.

Кәсіпкерліктің шығыны 81 млр.теңге
2008 жылға арналған республикалық бюджеттің күрделі экономикалық жағдайда  іске асырылғанын ешкім де жоққа шығармайды.  Жалпы, 2008 жылғы бюджет түсімі 3 триллион 330 миллиард теңге, шығысы 3 триллион 658 миллиард теңге құрап, тапшылығы 327,5 миллиард теңге шамасында болды.
Ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті орган  830 бақылау іс-шараларын жүргізіп,  64,2 млрд. теңгенің қаржылық тәртіп бұзу фактісі анықталды. Оның  51,1 млрд.теңгесі бюджет қаражатын орынсыз пайдалану бойынша;  11,1 млрд. теңгесі тиімді пайдаланбау бойынша; 349,5 млн. теңгесі нысаналы пайдаланбау бойынша. 
Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев өз сөзінде  бюджеттік бағдарлама әкімшілері жоспарлау процесіндегі кемшіліктерді жоймауына байланысты республикалық бюджет 17 рет нақтыланып, түзетілгенін атап көрсетті. Ал, бұл өз кезегінде  салықтың азайып, мемлекет міндеттемелерінің уақытында орындалмау қаупін күшейте түспек. Мәселен,  2008 жылғы қазанда республикалық бюджеттің қосымша нақтыланғанына қарамастан, негізгі салықтар бойынша жылдық жоспар  орындалмады. Анықтап айтқанда, қосымша құн салығы  жоспары - 109,4 млрд. теңгеге, корпоративтік табыс салығы - 23,8 млрд. теңгеге, акциздер 3,1 млрд. теңгеге орындалмаған.
Әрі бюджетті нақтылау барысында осы салық түрлері  кемітілген  болатын. Бұл жерде  қаржы дағдарысы мен тауар нарығындағы сұраныстың төмендеуінің әсері болды дегенмен, себеп ол ғана емес. Ол себептер не дегенге келетін болсақ, есеп комитетінің бағалауынша, Үкімет республикалық бюджет түсімдерінің артуы үшін барлық мүмкін резервтерді пайдалана алмаған.  Ол қандай резервтер?
Біріншіден,  салық салынудан табысты жасыру тәсілдерінің бірі жалған кәсіпкерліктің етек алуы. 2009 жылғы 1 қаңтарға республикада 378 тұлға жалған кәсіпорын деп танылған. Бұдан бюджет  қосымша құн салығы бойынша 29 млрд. теңге,  корпоративтік табыс салығынан 52 млрд. теңгеден астам  зиян шекті. Жалған кәсіпкерліктен шеккен жалпы шығын 81 млрд. теңгеден асып отыр.
Екіншіден,  2009 жылғы 1 қаңтарға салықтар бойынша берешек 81,0 млрд. теңгеге жетті және ол 2007 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге өсті.
Үшіншісі салық тексерулерінің сапасын арттыруға қатысты. Жыл сайын салық қызметтері орасан айыппұлдар мен өсімпұлдар есептегенімен, 2009 жылғы 1 қаңтарға тексеру актілері бойынша қосымша есептелген бүкіл берешектің (ол 299 млрд. теңге) тек 4,6 пайызы ғана өндіріліп алынған.
Үкіметтің салықтық және кедендік түсімге  тиісінше бақылау жасамай, либералды салық саясатын жүргізуінен республикалық бюджет кірісі айтарлықтай шығынға ұшырады. Мысалы, 2007 жылы Қазақстан алыс шет елдерге шығарылатын мұнай өнімдерінің экспортына кедендік баж салығын енгізді. Бұл ретте ТМД елдеріне шығарылатын экспортқа баж салығы салынбайтын болғандықтан, ол елдерге мұнай өнімдерін әкету 35 есе ұлғайған.
Ал, осы мұнай өнімдерін Қазақстанның қатысуынсыз алыс шет елдерге қайта экспорттаған кезде бюджеттің шығыны 11 млрд. теңгеден асып кетпек.

 

Бағдарлама бар, бағдар жоқ 
Өткен жылы бюджетті нақтылау кезінде халықтың әлеуметтік әл-ауқатына қатысы жоқ барлық шығыс түрлерін қысқарту міндеті қойылғанмен, көптеген функционалдық топтар бойынша шығыстар өскен. Мәселен, экономиканың кейбір секторларындағы шығыстар 3 есе артса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы шығыстар 2 пайызға, денсаулық сақтаудағы әлеуметтік шығыстар 20 пайызға қысқарды.
Мәселен, үш мемлекеттік және он үш салалық бағдарламаның тиімділігіне бақылау жүргізу кезінде жүйелік сипаттағы көптеген кемшіліктер мен олқылықтар анықталды. Есепті кезеңде соның бірі  тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы тексеріліп, 21,7 млрд. теңгенің заң бұзушылықтары анықталды. Демек  жұртшылық үшін ипотекалық несиелеуге және тұрғын үй құрылыс жиынтығына қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті  орындалмаған.
Несиеге берілген 42 млрд. теңге бюджет қаражатын қайта инвестициялау міндеті жүзеге асырылмады. Құрылыс инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы жүзеге аспады. Сондай-ақ, бақылау-талдау іс-шараларының барысында орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жедел шаралар бағдарламасын іске асыру кезінде 11 млрд. теңгеге жуық қаржының негізсіз жұмсалғаны анықталды. Бұл бағдарламаға жауапты  Индустрия және сауда министрлігі болып табылады.
Ал, Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында экологиялық жүйені қорғау бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2005-2008 жылдары ағынды сулар биологиялық тазарту стансасының құрылысына 1,7 миллиардтан астам теңге жұмсалған. Алайда, ол жоспарланған уақытында пайдалануға берілмегендіктен, өңірдің экологиясына елеулі түрде зиян  келуде. Осыған ұқсас жағдай Қызылорда қаласында да орын алған. Онда пайдалануға беру мәселесі шешілмегендіктен, құны жарты миллиард теңгеден асатын дәл осындай станция 4 жылдан бері жұмыс істемей тұр.
Есеп комитетінің тексерулері кезінде кейбір министрліктердің белгілі бір бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бөлінген қаржыны оңды-солды шашып, орынсыз жұмсағаны белгілі болды. Соның бірі үйлестіруші Әділет министрлігі болып табылатын қылмыстық-атқару  жүйесін одан әрі дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын 2008 жылы жүзеге асыруға көзделген  12,5 млрд. теңгенің 8,3 млрд.теңгесі жұмсалғанмен, іс-шаралар жоспарындағы 37  тармақтың алтауы орындалмаған және алты тармағы ішінара ғана орындалған. Ең бір сорақысы сол қылмыстық-атқару жүйесінің объектілерін мониторинг жасап, қажеттілікке қарай салу мүлдем ескерілмеген. Мысалы, Шымкент қаласында 550 адамдық тергеу изоляторын пайдалану  51,3 пайыз құрайды. Соған қарамастан  860 адамға арналған изолятор салынып отыр. Оның пайдаланылуы  26 пайыз ғана. Сонда дейміз, жаңа изолятор не үшін салынды?   Бағдарламаны үйлестіруші министрліктің ойлағаны не болды екен, ә? Орын алған кемшілік бұл ғана емес.  2007-2008 жылдары үш түзеу мекемесінде жаңарту жұмыстары аяқталмаған. Соның салдарынан 4,5 млрд. теңге тиімсіз жұмсалған. Мұнымен қоса жаңарту жұмыстарының мерзімін ұзарту объектілердің қымбаттауына алып келеді.
Павлодар қаласында 2004 жылдан бері «Химпром» акционерлік қоғамының өндірістік корпустарын ерекше режимдегі 1500 орынға арналған түзеу колониясына айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға  3,9 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстарының  60 пайыздайы орындалған. Әуелгі жобалау кезінде жер асты ғимараттары мен үй-жайларындағы суды  ағызу жұмыстары ескерілмегендіктен, қосымша жобалау жасалып, оған  5 млн. теңге төленген. Әрі обьектіні салудың айтарлықтай қымбаттайтыны болжануда. Жалпы алғанда, бағдарламада көзделген нәтижелерге қол жеткізудің ауылы тым алыстап кетіп отыр.
Осылай бағдарламаны үйлестіруші министрліктердің   бюджет қаржысын пайдалануға анау-мынау ісім бармен қарауы созылмалы «дертке» айналып кеткендей. Себебі ол «дерттен» айықтырудың шарасы жасалып, сұралмайды. Сұралмаған соң қайталана береді. Осыған әбден етіміз үйреніп алған сияқты.
Жалпы, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тиімділігін бақылаудың нәтижесі бойынша мынадай қорытынды шығаруға болады. Бағдарламаларды іске асыру барысында жауапты мемлекеттік органдар тарапынан басқарудың, есепке алу мен бақылаудың кешенді тетігі болмаған.

 

Ұлттық банк ай қараған ба?  
Бәзбір мемлекеттер дағдарыстан шығудың жолын іздеп, аздан да, көптен де үнемдеуді ойлап, бас қатырып жатса, біздің елде ол жоқ-ау, сірә. Дағдарыстан шығудан гөрі  қара бастың   қамын күйттеуден аса алмай жатқан жайымыз бар. Мәселен, осы бір қиын кезде де жинақтау зейнетақы қорларына қол салмауға, оны сақтауға күш салынғанмен, сол қорлардың басында отырғандардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып, түйені түгімен толғамай жұтып отырған жайы бар көрінеді. Ал, елімізде 15 жинақтау зейнетақы қоры бар десек, оның бірегейі -- «МЖЗҚ» жинақтау зейнетақы қоры. Мемлекет активтерінің тиімді пайдалануына жүргізілген бақылаудың барысында 2007 жылы оның кірістері 6,2 пайыз төмендегеніне қарамастан әкімшілік шығыстар  30 пайыздан асып кеткені анықталып отыр. Қор төрағасының айлық жалақысы 1 млн. теңгеден асса, орынбасарларының жалақысы - 856 мың теңге. Мұнымен қоса жылдың қорытындысы бойынша қордың үш басшысына   75,5 млн. теңге сыйақы берілген. Қор басшылығы қызметкерлерінің іссапар шығыстары  мен ұялы байланыс шығыстарын өтеу нормалары жоғары белгіленіп отырған.
Әкімшілік шығыстардың өсуі таза пайданың азаюына алып келді. Осыған байланысты республикалық бюджет кірісіне 1 млрд. теңгеден астам қаржы түспеген. Қор салымшылардың қате ашылған жеке зейнетақы шоттары санын азайту жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбей келеді. Олардың саны -  2008 жылы 1 қаңтар бойынша 3970,8 млн. теңгені құрайтын  686 мың адам. Соның салдарынан зейнетақы жасына жеткен кейбір салымшыларға жинақталған қаржыдан төлемдер жүргізілмейді. 
Есеп комитетінің тексеру қорытындысындағы мұндай деректерге бас шайқаған Мәжіліс депутаты Виктор Рогалев  қор басшыларының жалақысының  мұншалықты жоғары болуының негізі не екенін,  бюджет кірісіне түспеген 1 млрд. теңгеден астам қаржының қалай қайтарылатынын және мұндай бетімен кетушілікке кім жауап беретінін сұрады. Бұл сұраққа жауап берген Қаржы министрі Болат Жәмішев:
- «МЖЗҚ» жинақтау зейнетақы қоры - мемлекеттік жинақтау зейнетақы қоры. Мемлекеттік үлесті Ұлттық банк басқарады. Біріншіден, барлық зейнетақы қорлары басшыларының  жалақысы жалпы зейнетақы қызметі нарығындағы  табыс есебінен құрылады. Оның көлемі бүгінгі күнгі барлық зейнетақы қорларындағы орташа көлемнен аспайды. Ал, заң бұзушылық болған жоқ. Өйткені қаржы нарқын реттеу мен қадағалау агенттігі және қаржылық ұйымдар барлық зейнетақы қорларының зейнетақы жинақтарынан алынатын ақшаның көлемін бақылап отырады, - дей келіп, негізінен мәселенің бар екенін, оны Ұлттық банктің алдына қойылатындығын білдірді.
Мұндай жауап сұрақ иесінен бұрын Мәжіліс Төрағасын қанағаттандыра қоймаса керек. Шыдамай кеткен Төраға:
- Бұл жерде төзімділік көрсетуге болмайды.  Болат Бидахметұлы, зейнетақы қорының табысы, пайда азаюда, салық түспеуде, сөйте тұра өздеріне аса үлкен көлемде жалақы белгілейді, сыйақының көлемі  - 75 миллион! Мұны мүлдем басқаша атау керек, - деп қалды.
Осыдан кейін ғана министр мырза назарға алынып, тиісті шешім қабылданатынын айтса, жауапты толықтырған есеп комитетінің төрағасы Өксікбаев мырза:
- Бүгін барлық акционерлік қоғам «Акционерлік қоғам туралы» Заңды басшылыққа алады.  Олардың меншік түрі - жеке меншік. Директорлар кеңесі шешім қабылдайды. Ол заңды болып табылады. Мемлекеттік пакет жүз пайыз мемлекеттің қолында болған жағдайда осы акционерлік қоғамдарды регламенттеу туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған болатынбыз. Өкінішке орай олай жасалмады, - деп, қор төрағасының қызметінен босатылғанын жеткізді.
Бұл жерде мәселе зейнетақы қоры басшысының орнынан босатылуында ғана емес. Ол аларын алды, жейтінін жеді. Бірақ бәрін заңмен алып, заңмен жеген болып отыр. Сондықтан мұртын балта шаппайды. Демек, мәселе біздің заңымызда болып отыр. Кейбір заңдарды Үкімет күнде болмағанмен, жыл сайын өзгертіп жатады. Ал, есеп комитетінің ұсынысын ескеріп, «Акционерлік қоғам туралы» Заңға неге өзгерістер мен толықтырулар енгізбеске? Әлде қазіргі нұсқасы акционерлік қоғамдарға  ғана емес, Үкіметтің өзіне де пайдалы ма екен? Ал, Ұлттық банк қайда қарады екен?

Трансферттер тиімді пайдаланылмайды
Жыл сайын республикалық бюджеттен өңірлерге бөлінетін трансферттердің ұдайы өсіп келеді. 2008 жылғы республикалық бюджеттен өңірлерге 1,0 триллион теңгеден астам трансферттер бағытталды. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 333 млрд. теңгеге артық. Осы кезеңде жергілікті бюджеттер кірісі 15 млрд. теңгеге төмендеген.
Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттер кірісіндегі трансферттердің үлесі жекелеген өңірлерде 70 пайыздан асады. Бұл белгілі бір дәрежеде әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде өңірлердің республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына тәуелділігін туындатады.
Өз кезегінде жүргізілген тексерулер осы трансферттерді өңірлердің көбінесе негізсіз және тиімсіз пайдаланып отырғанын көрсетті. Әкімдер бұл қаражаттарды өздерінің имидждік бағыттарына пайдалануға жол берген.
Тексеру жүргізілген өңірлерде нысаналы трансферттер бойынша қаржылық бұзушылықтар 16 млрд. теңгеден асып отыр.
Мысалы, 30 жыл бұрынғы зерттеу арқасында Оңтүстік Қазақстан облысында салынып, мемлекеттік комиссия қабылдап алған, құны 1,4 млрд. теңге тұратын Кентау-Түркістан топтық су құбыры сумен жабдықтау көзінің болмауына байланысты пайдаланылмай келеді. Осыған ұқсас фактілер Қызылорда және Атырау облыстарында да анықталды.
Батыс Қазақстан облысының кейбір ауылдарында жүздеген миллион теңге тұратын су құбыры желілері судың бір текше метрі 60-558 теңге аралығындағы жоғары тарифке байланысты пайдаланылмай келеді. Ал, Орал қаласында осы судың бағасы небәрі 19 теңге.
Осы келтірілген фактілер бюджет өтініштерін қарағанда және қаражатты бөлу барысында осындай объектілерді салудың тиімділігі мен экономикалық орындылығы жан-жақты зерделенбейтінін көрсетеді.

Қаржы - есепшоттарда қайтарылып жатыр
- Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының орындалуы қалай? деген сұраққа келер болсақ, бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру үшін 2007 жылдың соңында және 2008 жылдың басында республикалық бюджеттен 367 млрд. теңге бөлінді. 2009 жылғы 1 қаңтарға сол қаржының 204 млрд. теңгесі игерілген,  қалғаны субъектілердің шоттарында жатыр.
Құрылыс объектілерін қаржыландыру схемасының көп буындылығы мен күрделілігі, кредиттің қайтарылуын қамтамасыз ету үшін  кепілдіктердің талап етілуі жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына алып келуде. Мысалы, осы мақсатқа 2007 жылдың соңында Астана мен Алматы қалаларына бөлінген 95 млрд. теңгенің 51 пайызы ғана игерілген.
2009 жылғы 1 қаңтарға осы қаражаттың 31,7 млрд. теңгесі «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ағымдағы шоттарында,  15,6 млрд. теңгесі екінші деңгейдегі банктердің депозиттерінде жатқан.
2008 жылы үкіметтің, Ұлттық банкінің, қаржылық қадағалау агенттігінің бірлескен іс-қимылдар жоспарын іске асыру үшін республикалық бюджеттен бөлінген 677,5 млрд. теңге биылғы жылдың 1 қаңтарына толық игерілмеген.
Осы аталған фактілер әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында депозитке салу тәуекелінің жоғары болуына байланысты, қаржы институттары мен холдингілер бюджет қаражатын ағымдағы есепшоттарда ұстауды жөн санайтынын көрсетеді.

Ақша болғанмен... 
Соңғы жылдары республикада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен елеулі қаражат бөлінуде. Алайда агроөнеркәсіптік кешенді жеделдетіп дамытуға бөлінген қаражат  тиімділікпен  игерілмеуде.
15 млрд. теңге тұратын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар белгіленген мерзімінде басталмады. Инвестициялардың өңірлердің даму перспективаларын ескермей бөлінгенін «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қызметін талдау және бағалау көрсетіп отыр.  Экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін  қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіптік кешеннің басым салаларын дамытуға үкімет резервінен 41,8 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде «ҚазАгро» акционерік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға   23,2 млрд. теңге берілді. «ҚазАгроның» бөлінген қаржыны пайдалануына оның бірден-бір акционері үкімет тарапынан да, бюджеттік бағдарлама әкімшісі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да тиісті бақылау жасалмағандықтан,  10,9 млрд. теңге бойынша заңсыздық орын алған. 
Ауылшаруашылық шикізатының салынып жатқан объектілерінің ұтымды орналаспауы өнімді қайта өңдеу мен өндіру мүмкіндіктерінің арасында сәйкессіздік туындатуда. Мәселен, Ақмола облысында қуаты тәулігіне 110 тоннадан астам ет өңдейтін 110 кәсіпорынның қуаты  8 пайыз, сүт өңдейтін 31 кәсіпорынның қуаты 10 пайыз ғана пайдаланылады. Басқаша айтқанда, облыста 100-ден астам ет өңдейтін, 20-дан астам сүт өңдейтін кәсіпорын   жұмыссыз тұр.
Соған қарамастан, осы өңірде есепті жылы салынып бітуі тиіс ірі сүт-ет кешенінің құрылысы  басталмағанмен,  764 млн. теңге қаражат толығымен мердігердің есепшотына түскен. Мұны бәрі шағын және орта бизнесті дамытуға, экономиканың нақты секторын, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бағытталған бюджет қаражатын пайдаланудан нәтижесі күткендегідей болмай, соның салдарынан, өңірлер жеткілікті деңгейде дамымауда.
Осыған байланысты 2009 жылғы бюджетті атқару кезінде және одан кейінгі жылдардағы бюджеттерді қалыптастыру барысында мемлекеттік қаржы активтерінің жұмсалуына қатаң бақылаудың аса маңызды екені тағы да атап көрсетілді. Бірақ республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкімет пен есеп комитетінің есептері бекітілген соң, айтылғанның бәрі жылда айтылған жерінде қалып қоюшы еді.  Тағы да солай болып жүрмесе..

.

Рәзиға Әшеева

«Қазақстан Заман» газеті 18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502