Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5412 0 пікір 2 Қыркүйек, 2011 сағат 09:54

Қазақ мектебін көбейтуге не кедергі?

Бұл мәселе «Айқын» газеті ұйымдастырған басқосуда жан-жақты сөз болды


Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Қазақстандағы қазақ халқының саны 67 пайыздан асты. Бірақ ресми мәліметтер бойынша, еліміздегі жалпы мектептердің жартысына жуығы ғана мемлекеттік тілде білім береді. Оның үстіне, қазақ мектептерінің 85,6 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Тіпті әлі күнге дейін бірде-бір қазақ мектебі ашылмаған қалалар да кездеседі. Қазақ мектебінің қазіргі жай-күйі «Айқын» газеті ұйымдастырған бүгінгі дөңгелек үстелде талқыланды.

Бұл мәселе «Айқын» газеті ұйымдастырған басқосуда жан-жақты сөз болды


Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Қазақстандағы қазақ халқының саны 67 пайыздан асты. Бірақ ресми мәліметтер бойынша, еліміздегі жалпы мектептердің жартысына жуығы ғана мемлекеттік тілде білім береді. Оның үстіне, қазақ мектептерінің 85,6 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Тіпті әлі күнге дейін бірде-бір қазақ мектебі ашылмаған қалалар да кездеседі. Қазақ мектебінің қазіргі жай-күйі «Айқын» газеті ұйымдастырған бүгінгі дөңгелек үстелде талқыланды.

«Айқын»:
Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген жаңа оқу жылының қарсаңында Теміртауда үлкен дау-дамай тұтанды. Статистикаға жүгінсек, ондағы 31 мектептің 2-еуі ғана қазақ тілінде білім беріп келген. Жаңа оқу жылында әкім шешімімен қолға алынған қосымша екі қазақ мектебін ашу бастамасы қоғамда неліктен соншама дүрбелең туғызды? Жалпы, қазақ мектептерінің саны бүгінгі күннің қажеттілігіне сай келе ме?
Ғарифолла Есім, Сенат депутаты: - Орыс азаматтарының көшеге плакат көтеріп, қарсы шығуы олардың кінәсі емес деп ойлаймын. Бұл сол жерде жұмыс істейтін атқарушы биліктің, зиялы қауымның, мемлекеттік идеологияға қатысы бар азаматтардың дәрменсіздігінен туындап отыр. Егер қолдарына плакат алып шыққан азаматтарға жағдайды дұрыстап түсіндірсе, мұндай мәселе шығар ма еді?! Қазақ мектебі дегеніміз - тек қазақ тілінің ғана емес, бұл өмір сүріп отырған қазақ елінің тағдырымен байланысты үлкен мәселе. Бұл жас ұрпақтың ертеңіне жол ашады.
Оразкүл Асанғазы, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы:
- Менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі қазақ тілін дамытуға, қолданысқа енгізуге осы жиырма жыл ішінде ешқандай жұмыс істеген жоқ. Қазір он жылға бағдарлама жасап жатыр, өздерінің соңғы бекіткен білім бағдарламасында да тіл деген тарау бар. Бірақ ол тарау тек қағаз жүзінде қалып отырғандай. Мен депутат мырзалардан өтініп сұрар едім, он жыл ішінде осылар қазақ тілін дамытуға қандай іс-шаралар атқарған екен?! Төбемде Құдай тұр. Менің тіл басқармасында жүргеніме алты жыл болды. Өкінішке қарай, Білім және ғылым министрлігі бірде-бір жиналысын қазақша өткізген емес. Мәселен, күні кеше Астана қаласында Тамыз кеңесі өтті. Астана қаласының әкімі өз сөзінің тең жартысын қазақша, тең жартысын орысша айтты. Сөйлеген бес адамның ішіндегі өзге ұлттың үш өкілі жартылай қазақша сөйледі. Ал Білім және ғылым вице-министрі бір ауыз сөз қазақша сөйлеген жоқ. 1600 мұғалімнің алдында қазақша «сәлеметсіз бе» деп айтуға арланғаны ма бұл?! Бұл Білім және ғылым министрлігінің қазақ тіліне деген көзқарасы емес пе?!
Біздіңше, Білім және ғылым министрлігінің алдында карта жатуы керек: Астанада жалпы, қанша мектеп бар, қай орыс мектебі қашан аралас мектепке айналады, ал қазіргі аралас мектеп қашан қазақ мектебі болады?! Осылайша, министрлік Астана қалалық Білім басқармасынан есеп алып отыруы керек. Мәселен, кезінде Әл-Фараби ауданында салынған №38 мектеп ашылар кезде 47 адам қол қойып, сол кездегі әкім Жақсыбековке арызын жеткізген еді. Онда: «Біз, ата-аналар балаларымызды қазақ мектебіне бергіміз келмейді. Өйткені қазақ мектебінде білім жоқ. Біз Алматыдан келген «высший эшелонбыз» деген. Сол тұста Білім басқармасының бастығы Құрамысов деген азамат табанды түрде жаңа білім ордасының қазақ мектебі болып ашылуына толық жағдай жасады. Яғни ең басында табанды түрде түсіндіретін азамат керек! Теміртауда да сондай жұмыс қажет деп ойлаймыз.
Тіпті күні кешегі Жолдауда Елбасы: «Енді он жылда мектепке баратын бала қазақ тілін толық білсін!» деді. Бірақ өкінішке қарай, одан кейін Білім және ғылым министрлігінен бір парақ сөз келген жоқ. Бұл мәселенің тамыры тереңде. Бүгін кейбір балалар Кеңес үкіметінде тек орыс тілінде білім алған ата-аналарының ықпалымен орыс мектептеріне барып жатыр. Олардың әкелері ұлттық компанияларды басқарып, министрліктер пен Парламентте отыр. Ал елімізде ашылып жатқан қазақ сыныптары шетелден және еліміздің өңірлерінен келген қазақтардың есебінен ашылып жатқаны жасырын емес. Егер де Білім және ғылым министрі Кәрім Мәсімовке қызметтік хат жазып, неге қазақ баласы қазақша білмейді деген мәселені көтерсе, онда қимыл басталар еді.
Елбасының: «Қазақ тілін уақытылы насихаттау керек» деген сөзі бар. Шын мәнінде, бізде насихат жетіспейді. Меніңше, БАҚ-тарда арнайы айдарлар ашып, мемлекеттік тілдің насихатталуына көп мән беру қажет.

Ғарифолла Есім:
- Шынында да, Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеде нақты мониторинг жасап отыр деп айту қиын. Мысалы, Павлодар қаласындағы қазақтар көп тұратын аудандағы Абай атындағы №10 лицей мектебінде болдым. Себебі балаларын қазақ мектебінде оқытқысы келген ата-аналар маған депутат ретінде өтініш жасаған еді. Қазақ мектебінде орын жетпегендіктен, ата-аналар балаларын жетектеп, орыс мектебіне апарып жатыр екен. Сол жерлерде шағын қазақ мектептерін ашуға болады ғой?! Бірақ ол үшін мониторинг өткізіліп, ұсыныс жасалмаған. Бұл бүкіл республикаға тән деп ойлаймын. Қазақтілді мектепке деген немқұрайды көзқарас белең алып тұр.
Жарасбай Сүлейменов, Мәжіліс депутаты:
- Мен кезінде депутаттық сауал жолдап, оқитын балалар саны азайған орыс мектептерін оңтайландыру ісін ұсынған едім. Кеңес Одағы кезінде толы болған мұндай мектептерде бала санының азаюына түрлі себептер бар. Мәселен, көшіп кеткен басқа ұлт өкілдері қаншама?! Бірақ қазақ мектебін ашу мәселесі шықса, кей жерлерде «ата-аналар қарсылық танытты» деп мәселені кері тартуға тырысатындар жоқ емес. Шын мәнінде, бұл атқарушы биліктің дәрменсіздігімен байланысты. Мәселені көріп, біліп отырып, оны шешу жолдарын таба алмау - дәрменсіздіктің белгісі. Бұл ел бойынша қолға алынатын жұмыс. Қазір көптеген орыс мектептері жартылай толы. Неліктен осындай мектептерді босатып, қазақ мектептерінің жүйесін кеңейтуге қарсылық білдіреді? Меніңше, жаңа мектеп салғаннан гөрі қолда бар қорды дұрыс пайдаланған жөн емес пе?! Сондықтан бұл тарапта министрлік, атқарушы билік тарапынан бірлесе атқаратын жұмыс өте көп.

«Айқын»:

Кеңес Одағы тұсында «қазақ мектебінің білім деңгейі төмен» деген ұран болды. Қазіргі таңда қаншалықты бұл ақпаратты шынайы деуге болады? Шынымен де, қазақ мектептерінің білім деңгейі төмен бе, әлде мұның бәрі кеңестік заманнан қалған стереотип пе?
Оразкүл Асанғазы:
- Бұл өткеннен қалған стереотип қана. Қазақ мектептері өздерінің мықты екенін соңғы он жылда дәлелдеді. Жалпы, Астана қаласында Ұлттық бірыңғай тестен сүрінбей өтетіндер, Алтын белгі алатындар, грант иегерлерінің саны орыс мектептерінен гөрі, қазақ мектептерінде әлдеқайда жоғары. Екіншіден, қазақ мектептерінде тәрбие беру ісі алда. Жалпы, мектептерде 14 сала бойынша мониторинг жасалады. Мұндай мониторингтерде қазақ мектептері оқ бойы озық келеді.
Ғарифолла Есім:
Қазақ мектептеріндегі білім сапасы төмен бе, жоғары ма деген мәселе бойынша біржақты пікір айту қиын. Мәселен, жазда Лебяжье ауданындағы Қызыл қоғам деген фермада болдым. Сол ферманың мектебінде бір оқушы «Алтын белгімен» бітірсе, алты оқушы мемлекеттік грантқа ие болыпты. Яғни бір жерде білім төмен болса, екінші жерде жоғары болуы мүмкін. Сондықтан он-он бес жылғы «қазақ мектебінің білімі төмен» деген стереотиппен қалуға болмайды.

Жарасбай Сүлейменов: 
- Егер шындықтың бетін ашар болсақ, бүгінде қазақ мектептерінің жай-күйі орыс мектептерімен салыстырғанда сәл төмен. Оның көптеген обьективті себептері бар. Мысалы, Кеңес заманында орыс мектептеріне бар жағдай жасалды, материалдық базасы жақсы болды. Білікті мамандар көбірек тартылды. Кеңес Одағында ашылған қазақ мектептері де артта қалып қалған жоқ. Олар да көш ілгері келеді. Ал жаңадан ашылып жатқан мектептердің деңгейі қандай? Меніңше, олардың қалыптасуы, білікті кадрлармен жасақталуы ұзаққа созылып бара жатыр. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі ұлттық мүддені ескеріп, қазақ мектептері туралы арнайы бағдарлама қабылдауы керек деп ұсыныс тастар едім. Сол бағдарлама бойынша жұмыс істеп, қазақ мектептерін қысқа мерзім ішінде биік деңгейлерге көтеру керек. Мәселе санда емес, біздің мектептерге сапа керек.

Роза Баттал, Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы:
- «Қазақ мектебінің білімі төмен» деген ұғым Кеңес дәуірінде әдейі қалыптастырылған. Қазіргі қазақ зиялыларының барлығы қазақ мектептерінен өте жоғары білім алып шықты емес пе?! Ал бүгінгі деректерге жүгінсек, биыл «Алтын белгі» алған түлектердің 69,7 пайызы қазақ мектептерін тамамдаған. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алғандардың 73 пайызы - қазақ мектебінің оқушылары. Биылғы тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл - 86,68 балл. Қазақ тілінде білім алғандардың орташа балы 87,02 болса, орыс тілінде білім алғандардың орташа балы 85,99. Міне, қазақ балалары алда келеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп отыр.
«Айқын». Қазақ мектептерін дамыту бойынша ештеңе жасалмады деген сынға Білім және Ғылым министрлігінің өкілдері не айтар екен? Тәуелсіздіктің жиырма жылында қазақ мектептерінің саны көбейді ме?
Роза Баттал, Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы:
- Біріншіден, жалпы мектептердің саны қысқарып кеткен. Егер 1990-1991 жылы елімізде 8146 мектеп болса, өткен оқу жылында 7516 мектеп қалған. Бұл жалпы бала санының азаюы, шалғай ауылдардағы мектептердің біріктірілуімен байланыстырылады. Бірақ қазақ тілінде оқытатын мектеп саны жиырма жылда үздіксіз өсіп келеді. Мысалы, былтырғы жылы жалпы 60 мектеп қысқарса, қазақтілді мектеп саны 10-ға көбейді. Сонда 1990-1991 жылғы оқу жылында қазақ мектептері жалпы мектептердің 33,9 пайызы болса, бүгінгі күні олар 50,8 пайызын құрап отыр. Қазақ мектептері жалпы мектептер санының жартысынан асып барады. Ал орыс тілінде оқытатын мектептер жыл сайын жүздеп жабылып жатыр. Оған бірінші себеп: ұлты орыс балалардың көшіп кетуіне, демографиялық жағдайға байланысты болса керек.
Ең үлкен жақсылық: қазақ балаларының көпшілігі өзінің ана тілінде білім алуға күрт бет бұруда. Бүгінгі күні қазақ балаларының 85,3 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Кеңес заманында олардың 60 пайызы қазақ тілінде оқыған. Сонда 14,7 пайыз бала әлі де болса, орыс мектептерінде білім алуда. Бұлар - көбінесе қаладағы балалар.
Бізде қаладағы қазақ мектептері желісінің баяу өсіп отырғаны алаңдатады. Қазақ мектептерінің саны артып отыр. Бірақ олардың 85,6 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Мысалы, Қостанайда 36 мектеп болса, соның жетеуі (19,4%) ғана, Павлодардағы 40 мектептің төртеуі (10%) ғана, Петропавловскіде 40 мектептің жетеуі ғана қазақ тілінде оқытады. Теміртаудағы 30 мектептің төртеуі ғана қазақ тілінде, Лисаковск, Риддер, Шахтинск қалаларында жалғыз ғана қазақтілді мектеп бар. Қарағанды түбіндегі Сарань қаласында бірде-бір қазақ мектебі жоқ.

Ғарифолла Есім:

Ал сонда сіздер, министрлік не істеп отырсыздар?!
Роза Баттал:

Мынандай жағдай бар: бір ғана Теміртауды мысалға алайық. Осыдан екі жыл бұрын «балалар сыймай отыр» деп, жаңадан салынған ғимарат қазақтілді мектепке берілген. Сонда ата-аналар қандай шу шығарды?! Соның ішінде қазақ ата-аналары да бар ғой. Ақыры олар «қазақ мектебі» деген ғимараттың маңдайшасындағы жазуын алғызып тастап, оны аралас мектепке айналдырды. Сол қалада қазақ мектебінде орын жетіспегендіктен, екі мектепті қазақ мектебіне ауыстыру жөнінде қалалық әкімдік шешім шығарды. Бірақ ата-аналар оған көнбей, барлық жерге жазып, тыным бермей жатыр. Таяуда бір хат келді. Сонда ата-аналар Парламент депутаты Нехорошевтің өзі: «Бұл мектептер орыстілді болуы керек!» деп айтқанын жазыпты. Осындай да кедергілер бар. Қалада қазақ мектебі ашылады десе, ата-аналар күрт көтеріледі.
Енді министрлікке келетін болсақ, заң бойынша, өкінішке қарай, мектепті ашу, мектепті жабу, оған басшыны тағайындау, оның басшысын орнынан алу, мектептің тілін анықтау - жергілікті органдардың билігіне беріліп қойған.
Ғарифолла Есім:

- Тоқтай тұрыңызшы. Осы қате саясат қайдан кіріп кеткен сіздерге? Сіздер жергілікті органдар дегенді қате түсініп отырсыздар. Олардың жұмысы дұрыс, сіздерге көмекші болуы керек. Министр деген - Үкіметтің мүшесі. Министрлік деген - Үкімет. «Үкіметті тыңдамайды, Үкіметтің сөзі жүрмейді» дегенді тоқтату керек! Бұл қай елдің үкіметі? Үкімет мүшесінің сөзі жүрмейді деуге болмайды!
Роза Баттал:
- «Білім туралы» заңның 3-бабының 2-тармағы бойынша мектептерді ашу, жабу, оған кадрлар қабылдау, басшыны тағайындау, босату, соның барлығы жергілікті атқарушы билік құзыретінде. «Білім министрлігі бос отыр» деуге болмайды. Қазақ мектептері ашылған кезде шағымның барлығы осында түсіп, шешімін шығаруда да Білім министрлігі үлкен рөл атқарады. Бірақ бізде ата-ана жеңеді ғой. Оған депутаттар да араласады. Арызда көрсетілгендей, депутат Нехорошев №17 мектепті аралас мектепке айналдырған кезде де соларға басу айтудың орнына, оларды қолдап шыққан.
Ардақ Садықова, Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті білімді ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының бастығы:
- 2005 жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама жүзеге аса бастады. Біз сол бағдарламаның негізінде жұмыс істейміз. Бұл бағдарламада қазақ мектептерінің желісін көбейту мәселесі қойылған. Ол жерде бүкіл әкімдерге міндет жүктелген. Соған сай, қазақ мектептері үздіксіз көбейіп отыр. Ал есеп неге сұралмады дейсіздер? Негізі, есеп беріліп жатыр.
Жарасбай Сүлейменов: - Білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазақ балаларының 85 пайызы қазақ мектептерінде оқып жатқанға ұқсайды... Мен бұған сене алмай отырмын. Күні кеше аймақта болғанымда, ауыл мектептерін де араладым. Басқа өңірлерді айта алмаймын, бірақ солтүстік аймақта, теріскей аудандардағы ауылдарда қазақ мектептерінің жағдайы мүлде нашар. Білім министрлігі мұндай мектептерге назар аудармай отыр. Мысалы, бір ауылға барсам, онда елу шақты бала оқиды екен. Бұрын ол орта мектеп болған, қазір негізгі мектепке айналған. Өкінішке қарай, негізгі мектеп дәрежесін де сақтай алмайтын түрі бар. Негізгі пәндерден кімдер сабақ беріп жатыр десек, арнайы мамандар жоқ. Шет тілі мүлдем оқытылмайды. Ал мұндай мектептердің бізге керегі бар ма? Ауылды сақтаймыз дейміз. Әрине, ауылды сақтау керек. Бірақ меніңше, егер де біз жағдайды түзей алмасақ, ондай мектептерді жабу керек. Өйткені сол мектепті бітірген бала ертең басқа өңірге барса, өзінің құрбыларымен білім жағынан бәсекелесе алмай, далада қалмай ма?!
Роза Баттал:
Білім министрлігінде ешқандай жұмыс жоқ деп жалпылама айтуға болмайды. Бізде жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан жұмыс көп. Біз қай мектеп апатты жағдайда тұрғанын, қай мектептің бейімделген ғимаратта отырғанын анықтап, жаңа мектептер салынуы үшін күресіп, республикалық бюджеттен ақша бөлінуін сұраймыз. Кейде біз де дегенімізге жете бермейміз. Мәселен, ауылдағы кішкентай ғана мектептің директорын алып тастай алмаймыз. Өйткені бұл заң бойынша әкімнің құзыретіне беріліп қойылған. Кейде шынында, мектепті тәжірибесі жоқ, педагогикадан біліктілігі төмен адамдар басқарып жатады. Солар таныстықпен жұмыссыз қалған құдасын, жекжатын мектепке қызметке алады.
Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қазақ мектептері желісінің кеңеймеуі - тікелей әкімдер тарапынан жұмыс жасалынбай отырғанының көрінісі. Жергілікті атқару органдарының қазақ мектебіне жанашырлығы жоқтығының айғағы. Егер қалада қазақ мектебі ашылмаса, онда бұл - тікелей әкімге байланысты мәселе. Тағы бір айтарым: қазақ мектептері қалаларда әлі жеткіліксіз болғанымен, қазақ сыныптары көптеп ашылуда. Аралас мектептер бірте-бірте қазақ мектептеріне айналдырылуда. Жыл сайын қазақ мектебінде оқығысы келетін басқа ұлт өкілдерінің балалары көбеюде. Өзге ұлт өкілдерінің 30 403 баласы қазақ мектептерінде оқиды.
Ғарифолла Есім:
- Министрлік жұмыс істемей жатыр деп отырған жоқпыз. Тек соңғы жылдары мынандай үрдіс қайта бой көтере бастады. Бір кездері ата аналар балаларын жаппай қазақ мектептеріне берсе, енді орыс мектебіне беру үрдісі байқалады. Неліктен ықылас қайтадан орыс мектебіне ауып кетті?
«Айқын»: Ондай үрдіс бар ма? Мұны білім министрлігі өкілдерінен сұрайық.
Роза Баттал:
Мұндай үрдіс бар деуге болмайды. Бірақ жекелеген фактілер бар. 1989 жылы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген кезде Алматыда 11 сыныпта оқып жүрген балаларын да қазақ мектебіне апарғандар да болды. Ал қазіргі себептер қандай? Бірінші үлкен кедергі - қазақ тілін білмейтін ата-аналардың дүниетанымына байланысты. Орыс тілінде тәрбиеленіп, сол тілде білім алғандардың дүниетанымында үлкен өзгешелік бар. Оларға қазақ мектептерінде білім төмен сияқты көрінеді. Екіншіден, бұл қазақ тілінің өз мәртебесіне толық ие бола алмауымен байланысты. Ата-аналардың көңілінде күдік пайда болды.

Ғарифолла Есім:

Біріншіден, қай мектепте сапа болса, ата-ана соны таңдайды. Қазақ мектебінде сапа болып, оның көрсеткіштері жоғары шығып, соның түлектері оқуға түсіп, грант алып жатса, неге соған бұрылмасқа?! Ең алдымен, қазақ мектебінің білім сапасы мықты болуы тиіс. Екіншіден, бізде қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр және тағы басқа мектептер бар. Біз кешегі күннің мәселесін қуалап жүрген жоқпыз ба? Егер ертеңгі күннің биігінен қарайтын болсақ, бір мемлекетпіз, бір елміз, сол қазақ елінің азаматтары бар. Қазақ тілі - этностарына қарамастан, бүкіл қазақ халқы азаматтарының ортақ тілі. Бұған заң жағынан бәрі жасалды, идеологиялық тұжырымдама бар. Ел бірлігі доктринасында жазылған. Енді осы тұрғыдан келсек, бір мектептің типі болуы тиіс. Ол қазақ елінің мектебі болуы керек. Балабақшадан бастап төрт сынып тек қана мемлекеттік тілде оқытылуы қажет. Бір елде бір мектептің болғаны жөн. Оған дейін қазақ мектебінің сапасын күшейте бергеніміз абзал.
Ардақ Садықова: - Әр салада отырған азаматтар бұл мәселеде ауызбіршілікпен жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Неліктен біз бұл жергілікті атқару органдарының міндеті деп айтып отырмыз, себебі негізгі билік солардың қолында болып отыр. Ауызбіршілігіміз зор болса, қазақ мектептерінің көбейюіне біріге жұмыс істейміз. Әр жерде әр адам өзінен бастауы керек. Парламент қазақша сөйлеп, өзі де жұмыс жасаса дейміз.
Өкінішке қарай, Теміртауға депутат ағамыз (Нехорошев авт.) барып, іріткі салып кетті. Әйтпесе бұл мәселе шілде айында шешіліп қойған еді. Біз ондағы әр баланы зерттедік, қай бала қай мектепке баратынын алдын ала білдік. Негізі, қазір шешім қабылданды. Әкім шешімі кері қайтарылған жоқ. Тіпті ата-аналар сотқа дейін барды, бірақ сотта олар жеңіліс тапты. Әкім шешімі қалды. Сондықтан ондағы екі мектеп те қазақ тілінде бала оқытатын болады. Бұл үлкен жұмыс.

 

1. «Биыл «Алтын белгі» алған түлектердің 69,7 пайызы қазақ мектептерін тамамдаған. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алғандардың 73 пайызы - қазақ мектебінің оқушылары. Биылғы тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл - 86,68 балл. Қазақ тілінде білім алғандардың орташа балы 87,02 болса, орыс тілінде білім алғандардың орташа балы 85,99. Міне, қазақ балалары алда келеді».
2. 1990-1991 жылғы оқу жылында қазақ мектептері жалпы мектептердің 33,9 пайызы болса, бүгінгі күні олар 50,8 пайызын құрап отыр. Қазақ мектептері жалпы мектептер санының жартысынан асып барады.
3. Қостанайда 36 мектеп болса, соның жетеуі (19,4%) ғана, Павлодардағы 40 мектептің төртеуі (10%) ғана, Петропавловскіде 40 мектептің жетеуі ғана қазақ тілінде оқытады. Теміртаудағы 30 мектептің төртеуі ғана қазақ тілінде, Лисаковск, Риддер, Шахтинск қалаларында жалғыз ғана қазақтілді мектеп бар. Қарағанды түбіндегі Сарань қаласында бірде-бір қазақ мектебі жоқ.


Дөңгелек үстелді ұйымдастырған
Айжан КӨШКЕНОВА,
Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=9694&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341