Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6209 0 пікір 22 Маусым, 2009 сағат 08:30

Қазақ мемлекеттігінің негізі қаланған Таңбалы тастың жоғалып кету қауіпі бар

 

Толған ел – тарихын таспен жазады,
Тозған ел – тарихын жаспен жазады...

 

Толған ел – тарихын таспен жазады,
Тозған ел – тарихын жаспен жазады...

Осыдан бірер жыл бұрын жезқазғандық  ақсақал Қойшыбек Тоқтамысұлымен кездесіп қалғанымда ол кісіден Таңбалы тас  жайында сұрап едім.
Қойшекең ол тас жатқан жерге 1949 жылы барған екен. Арада бір жыл өткенде мен ол кісіге телефон соғып, өзімнің Таңбалы тас жөнінде тереңірек мағлұмат жинағым келіп жүргенін айтып едім, маған ол таспен айналысып жүрген кісілердің телефондарын берді. 1989 – 1992 жылдары Жезқазған облысының атқару комитетінің орынбасары болып қызмет атқарған Сағындық Қожамсейітовпен телефон арқылы танысып, тастың мән-жайын сұрағанымда біраз әңгімеге қанықтым. Түсінгенім, тастың әлі күнге дейін сақталғандығы және Кеңес үкіметі кезінде уран кенін іздеген геологтардың жарылыс жұмыстарын жүргізгенде, жаңағы тастың ортасынан қақ бөлініп, жерге етпетінен құлап түскендігі еді. Сәкең тастың бетінде елуге жуық ру таңбаларының қашалып, ескі шағатай әрпінде жазу бедерлері бар екендігін растап қана қоймай, ол тасқа атақты ғалымымыз Қаныш Сәтбаевтың «Таңбалы тас – Қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің ірге тасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы» деген ғылыми бағасын аса мақтанышпен айтты.
Мен осы киелі тас жайында Әділхан Батырбеков ағамен ақылдасқанымда, ол кісі  бүгінгі қазақ халқының өліп жатқан рухын тізеден көтеру үшін тасты қалпына келтіріп, ол жерге қазақтың бар бас көтерер сыйлы азаматтары мен беделді-беделді ақсақал-қарасақалдарының басын жинап апаратынын айтты. Әдекеңнің айтқаны: «Қуаныш қарағым, жолға дайындал! Алла тағаламыз жар болсын, тарт Бетпақдалаға!» – деді.
Қазақтың тұңғыш Құрылтайы 1710 жылы осы жерде өткен
Жезқазған қаласында мені Сағындық Қожамсейітовтың орынбасары Бағдат күтіп алып, бізді Таңбалы тасқа апаратын «Уаз» автокөлігінің жолға дайын екендігін айтты.   Сәкеңнің айтуы бойынша, «Қарақойын Сәбен деген жер сол Таңбалы тас жатқан терең сайдың жарқабағы екен. Сонау әлмисақтан бері «Таңбалы нұра», «Таңбалы жар», «Таңбалы тас» деп неше түрде аталса да, Таңбалы тастың жатқан жерін нұсқайтын жарқабақ киелі деп саналған.
1895 жылы ақмолалық әскери дәрігер Л.Кузнецовты Бетпақдаладағы Таңбалы тасқа ертіп келген Атбасар уезінің тілмашы Хасен Бекхожин деген кісі екен. Кузнецовтың экспедициясы суретке түсірген сол тастың суретін қайткен күнде де тауып алу керек. «Менің пайымдауым бойынша, ол сурет Семей қаласының мұражайында сақтаулы болуы керек», – деген пікір айтты Сәкең. Бізге ең құнды болып отырғаны сол, 1895 жылғы Л.Кузнецов экспедициясының Таңбалы тас бетінен көшіріп алған елуден артық қазақ руларының таңбаларының көшірмесін таптық. Әлгі тастың бетіндегі ескі шағатай жазуларын тілмаш Бекхожин орыс тіліне аударып көрген екен, тастағы жазу былай дейді: «Қара-Найман, Алшын, Арғын, Қаракесек, Қойсын, Табын, Молла-Қаршыға. Құдай қолдасын, олар алтау». Академик Ә.Марғұлан осы алты ру аттарын Алты Алаш одағымен байланыстырған екен. Ол кісінің пікірі бойынша, Ұлы жүзден – Қойсын (Үйсін), Орта жүзден – Арғын, Кіші жүзден – Табын болып Алты Алаш елі мемлекетінің ең алғашқы іргетасын қалаған. Таңбалы тастың бетінде 1218 жылды, әріректе 178 жыл мен 1061 жылдарды көрсететін қашалған сандар тұр. Әрине, бұның бәрі үлкен ізденісті, қыруар ғылыми жұмыстарды талап етеді. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы уақытқа дейін бәрінің айтып келген 1710 жылғы қазақтың құрылтайы осы Таңбалы тастың маңайында өтті дегені еді. Ал, ғылыми деректерге сүйене отырып, әлгі жердің табиғатын, жерінің өңін салыстырсақ, қазақтың құрылтайы өткен батысқа қарайғы жерді жекеленген «Қарақұм» шаруалар құрылымы мен сол жерде шекарасы қиюласатын Арал теңізі маңайындағы құмды-құмайтты  жерлерден іздеу керек. Жоңғар басқыншыларының күйрете соққы алған жерін Қарасуыр, бірде Қарасиыр деп атап келсе, Жездінің ежелгі тұрғыны Файзолла Әжібековтың пікірінше, ол жер Қарасире деп аталғаны дұрыс екен. Қарасире моңғол тілінен аударғанда «жота» деген мағынаны береді. Ал қалмақтардың қырылған жерін Білеуті дейді моңғол тілінде. Білеутіні қазақшаға аударсақ, «бұралаң» деген мағынаны береді. Қазақ жағынан 75 000 сарбаз қатысқан Бұланты шайқасы туралы көптеген деректер бар»,– деп әңгімесін аяқтаған Сағындық бізге жол амандығын тілеп, сапарымызға оң батасын берді.
Бетпақдала – тұнып тұрған өсімдіктер әлемі екен!
Жол серіктерім: Бағдат Байжантаев, археолог Ысқақов Айдар Шарханұлы, көлік жүргізушіміз Василий Иванович – төртеуміз биыл мамырдың 19-ы күні түс кезінде Бетпақдаланы бетке алып, Қызылорданың даңғылына түстік. Қарақойын ауылында тұратын аңшы Сандыбайұлы Жолдыбайды іздедік. Өкінішке қарай, ол кісі үйінде болмай шықты. «Қап!» дестік санымызды соғып. Қарақойын ауылынан әрмен қарайғы жолды білмейтін болып шықты қасымдағы азаматтар. Сонымен не керек, үпиттеп-сүпиттеп жүріп Жолдыбай ақсақалдың ұлы Төлебайды көндіріп, «Таңбалы тас, қайдасың!» – деп, әрі қарай жылжыдық. Жол демекші, жолдың аты ғана, жол жоқ, тек ескі сүрлеулер.   Алты-жеті сағаттай жүргеннен кейін бір терең сайдың табанына түсіп, жоғарыға қарай оңтүстік жаққа едәуір жүріп барып, олай-бұлай із кестік. Адасып келе жатқан азаматтардың айтуы бойынша, суы тұзды Шұбар теңіз деген көлді жағалай жүріп отырса ғана Таңбалы тастың дәл үстінен түсуге болады екен.  Батысқа қарай үш жарым шақырымдай жол жүргенде алдымыздан әппақ мәрмәр көл көрінді жарқырап. «Әне, әне! Шұбар теңіз! Сол, сол!» – деген қуанышты дауыстардан құлағым тұнып қалды. Мен де қуанғанымды жасыра алмай: «Шұбар теңіз! Шұбар теңіз!» – деп, қайталай беріппін. Түсі қызыл тікқабақ жарлы мүйістерді түртпектеп жүріп, көлдің жағалауынан алысқа ұзамай, қапталдаса отырып бес шақырымдай жүргенде іздеген жерімізді де таптық-ау, әйтеуір! Алдымыздан анадайдан көзге ілінгені баялыш пен тасты, арасына құмды сала отырып тұрғызған биіктігі екі кісі бойындай қорым еді. Соның іргесіне тоқтап, қорымның астында, маңайында мәйіттері жерленген ата-бабаларымыздың аруақтарына арнап Құран бағыштадық. Оңтүстікке қарай, табаны кеуіп кеткен терең сайдың арғы бетінде ағарып тұрған кірпіштен қаланған ескерткішті көрдік. Бағдат Таңбалы тасты осы сайдың бойынан іздеу керектігін айтты. Қорымның маңайында бетінде сақ жазулары бар тастар шашылып жатыр екен. Бергі сайдың ойпатындағы тастарды табиғат апаты ма, әлде екі аяқты «аңдардың» кесапаты мен қиястығы ма, әйтеуір бір дүлей күш айнала шашып, қиратып тастапты. 
Жаңағы, берірек жылдары қолдан тұрғызылған ескерткіштің бетіне ру таңбалары қашалған тасты цементтеп тастаған екен, бірақ та ақ силикат кірпіштен қаланған оның табанын ағынды сулар шайып, сол жақ жамбасына қарай қисайып қалыпты. Сол жерден біз екі топқа бөлініп, Таңбалы тасты тапқан бетте бір-бірімізге белгі береміз деп келістік. Біраз уақыттан кейін Бағдат екеуміз сол жаққа кеткен Айдар мен Төлебайдың қуанышты дауыстарын естіп, солай қарай асықтық. Көрген бетте Бағдат та: «Осы жер», – деді. «Осы жері» терең сайдың биіктігі қырық метрден астам тасты жар екен. Ескерткіш тастар бұрындары тік қалқайып тұрса керек, бертін келе ағынды сулар мен гулеген желдің, алай-дүлей соққан қарлы, құмды борандардың салдарынан сайдың табанына қарай сырғып, құлай бастаса керек. Ал бірақ, Сағындықтың айтуынша, осы жерден 26 шақырымдай жерде Степной (Бетпақдала) деген уран шығаратын кеніш бар екен. Сол кен орнына қажетті деп тапқан құрылысқа керек тастарды осы «Таңбалы тастың» маңайынан тасыса керек. Сонда осы жерлерге жарылыс жұмыстарын жүргізіп, соның салдарынан ескерткіш тастар құлай бастаған... Осы жерде менің есіме «Қазақстан-ZAMAN» газетінің 2008 жылғы 4 желтоқсанында жарық көрген «Тас хикая» деген мақала орала кетті.  1972 жылы Іле бойынан табылған бір жарым метрлік үлкен жайпақ тастың бетіне мұқият қашалған жүзден аса руна таңбалары оңнан солға қарай жосылып жатқан еді. Тарихи тас Ғылым Академиясының ауласына орналастырылып, біраз күн тұрған соң үшті-күйлі жоғалып кеткен көрінеді... 
Қарақойын Сәбен деген жерде «Таңбалы тасқа» ұқсайды деген екі тас бар екен.  Біреуі ағаштың жапырағы тәріздес, ол әлгі құлама жардың төменгі жағында, сайдың табанына қарай жақын жатыр да, екінші ұзынша келгені ортасынан екіге қақ бөлініп жардың ең басына қарай етпетінен сұлап жатыр. Әлгі тасты мен найзаға ұқсаттым және бұл салыстыруымды ешкімге тіс жарған жоқпын. Соным дұрыс та болыпты, ол туралы кейінірек. Құлаған тастарды айналып-толғанып жүріп көптеген суретке түсірдім. Найзаға ұқсас, түпкі жағы құс қанаттылау келген тастың ұзындығы екі жарым, ені бір метр жиырма сантиметр де, қалыңдығы қырық сантиметрден алпыс сантиметрге дейін. Жалпы көлемі алты шаршы метр. Ал ағаштың жапырағына ұқсас тастың жалпы көлемі алты шаршы метрдей болып шықты. Оның астыңғы жағы сары құмдауыт топырақ болғандықтан, астын кеулеп, бір-екі күрек бойы қазып көрдік. Бетінен жазу байқалар деп үміттендік. 
Қасиетті ескерткішті көру барлық адамға бұйырмаған
Жезқазғанға қарай қайтып келе жатқанымызда әлгі екі тас көз алдыма қатарынан елестеп, кетпей тұрып алды. Бағдаттың ойынша, бетіне ру таңбалары қашалған тас – ағаштың жапырағына ұқсас жалпақ тас. Ал менің ойымша, Таңбалы тас – анау сынып, екіге бөлініп, көлбеп жатқан найзаға ұқсас ұзынша тас.  Таңбалы тас экспедициясына бірнеше рет қатысқан көркемсөз шебері Бақберген Дәркембаев ақсақалмен таныстым.   Ол киелі жерді төрт рет басыпты. «Екі рет Ілияс Есенберлинмен болдым. Ол кез шамасы 1977 жылдар болуы керек»,– деді. Менің: «Сол тастың суретін салып бере аласыз ба?» – деген үміт мен күдік аралас сұрағыма: «Әлбетте! Ол тас екі бөлініп, етпетінен жатыр. Шамасы сол, түп жағы құс қанатты да, ұшына қарай найзаға ұқсас, ұзындығы екі жарым (екі жарым адымдай) метр, ені бір метрден (жарым адымдай деп те қалды) сәл-пәл артықтау» – дегенінде, мен қуанып кеттім. Бақберген ақсақалдың айтуы бойынша,  1977 жылы Ілияс Есенберлин Жезқазғанға келіп, «Таңбалы тасты тауып бер» деп қолқа салады. Із кескіш Өмірзақ Оспанов деген азаматты қастарына алып, бұл кісілер тасты Бетпақдаланың тап кіндігі тұсынан тауып алады. Оспанов Өмірзақ тастың құлап, сынып жатқанына қатты қынжылады. Оның алдында бұл кісі академик Марғұланды ертіп келгенде Таңбалы тас құламаған, сынбаған, бойы тікесінен тұрыпты. Өмірзақтың айтуы бойынша, тастың бетінде 50-ден астам ру белгілері қашалған.  
Алматыға қарай қайтарда Сағындықтың жұмыс орнына барып, екі сағаттай отырып әңгімелестік. Сәкең біз Бетпақдалада сандалып, киелі тасты іздеп жүргенімізде маған бола біраз ғылыми деректерді, құнды мағлұматтарды жинастырып, көшірмелерін дайындап қойған екен, соны қолыма ұстатты. «Жезқазған энциклопедиялық анықтамасында» Бұлғақбаев Серік Құрматайұлы былай деп жазады:
«ТАҢБАЛЫ ТАС ҚОРЫҒЫ (пантеон) Сарысу өзенінің төменгі жағында, Боқтықарын өзенінің оң жақ жағалауында, «Таңбалы жар» жерінде орналасқан. Таңбалы тас жайындағы тұңғыш мәліметтер XVIII – XIX ғ.ғ. Ресей саяхатшы-ғалымдары А.И. Шренк, казак офицері Д.Телятников, М.М. Иванин, Ю.Шмидт жазбаларында кездеседі. 1895 ж. Л.Кузнецов пен Х.Бекхожин тас бетіндегі 500-ге тарта таңбалардың көшірмесін жасады. 1934 жылы зерттеуші В.А. Селевин Таңбалы тасты суретке түсірген. 1941 жылы Академик Қ.И. Сәтбаев «Жезқазған ауданының тарихи ескерткіштері» атты мақаласында ескерткішке ғылыми анықтама береді. 1950-ші жылдары академик Ә.Х. Марғұлан Орталық Қазақстанда барлау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар ескерткіштерге ғылыми талдау жасайды. 1974 жылы археолог-ғалымдар Кемел Ақышев пен Марал Хабдуллина, 1998 жылы этнограф ғалым Ж.О. Артықбаев Таңбалы тастың маңыздылығы жайында бірталай пікірлер айтты. Ескерткіште, Л.Кузнецовтың дерегіне сүйенсек, «500 таңба немесе мөр қашалған». Х.Бекхожин тастағы араб әрпімен жазылған жазуларды оқып, орысша аудармасын берді. Академик Қ.И. Сәтбаев «Жезқазған-Ұлытау перифериясында қазақ халқын құрған үш жүздің жері тоғысады» деп Ұлытаудың саяси орталық екенін атап өтсе, Ә.Х. Марғұлан Таңбалы тастың тарихын оғыз, қыпшақ, Ақ Орда дәуірлерімен байланыстырады. Бетпақдаланың дәл ортасында орналасқан Таңбалы тас ескерткіші жайындағы ескі сөздерді шежірешілер М.Ж. Көпеев пен Н.Наушабайұлының жинақтарынан жолықтырамыз».
Ал «Бұланты шайқасы» деген тарихи еңбегінде этнограф Ж.О. Артықбаев былай дейді: «ТАҢБАЛЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ТАСҚА БАСҚАН ШЕЖІРЕСІ. Тарихтан сәл-пәл хабары бар қазақ баласы үшін Таңбалы тас атауының қасиеті ерекше. Қазақ түгілі көрші көшпелі түрік елдері: ноғай, өзбек осы қасиетті орынды керемет қадір тұтады. Қадым заманнан бері исі түркі руларының басын қосқан алтын қазығы болған қасиетті ескерткішті көру – екі адамның бірінің маңдайына жазылмаған бақыт. Қазақ тарихын сүйген, сол үшін түн ұйқысын төрт бөліп, қаншама еңбек атқарған ғалымдардың өзі де Таңбалы тасты көре алмай кеткен. Қазақстанда да, көрші түркі жұрттарында да «Шіркін-ай, осы мекенді бір көрсем, түркі руларының бас қосып, таңба бөліскен, енші алысқан құт мекен, қасиетті қазығына тәуәп етсем!» – дейтін азаматтар көп. Олардың көре алмайтыны Таңбалы тас Бетпақ шөлдің ортасында, адам аяғы сирек басатын, жер танитын жолбасшың болмаса сүйегіңіз қурап қалатын қорық жерде. Қазақтың ең бір асыл ескерткіштері адам баласы оңайшылықпен таппайтын көзден таса жерлерге орналасқан. 
Таңбалы тас туралы алғашқы мәліметтерді қазақ шежіресінен кездестіреміз. Мәшһүр Жүсіп «Бетпақ далада «Таңбалы шұбар» деген жер бар» деп жазады. «Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Қазақтың таңбалары талас болса, үш жүздің баласы сол тастан барып қарасады. Алаша ханның тұсында басылған таңба деседі. Мұнан бұрын сағымнан пайда болған Шыңғыс хан да тоқсан екі баулы Қыпшаққа таңба үлестіріп, ұран қойып берген екен деседі. Алаша ханның тамы Кеңгірде, өзеннің күн батысында. Тәшкент, Түркістан ұсталары жасаған. Күйдірген кірпіштен салынған. Өзінен қалған нәсіл, тұқым жоқ». Қазақ тарихының алғашқы концептуалды өзегін салып берген Мәшһүр шежіресіне тереңірек тоқталу қажеттігі туады. Бізге белгілі әдебиетте және ел аузында Таңбалы тас – «Таңбалы Нұра» не «Таңбалы жар» деп аталады. Нұра сөзінің бірнеше мағынасы бар, ол сөз сулы жерге, жар қабаққа, дөңге қатысты қолданылады. Бетпақ маңындағы ел биік, тұтас дөңді «нұра», немесе «саң» деп те атайды. Мидай жазық далада «нұра» мен «саң» көне қалалардың бекініс-қорғаны сияқты ойда жоқта мүйіс болып шыға келіп, біразға дейін көсіліп жатып алады. «Нұра» сөзінің көне алтай тілдерінің лексикалық қорында сақталғанына дау жоқ. Қалмақ тілінде «нұра» құлама жар, қабақ деген ұғымды білдіреді және нұр-көл сөзінен бөлек. Қазақ тілінде айтылуы жағынан осы екі ұғымның арасындағы айырмашылық жойылған.

<!--pagebreak-->
Таңбалы тастың XV ғасырдағы ғаламат этносаяси оқиғаларға тікелей қатысы болғандығы – ешқандай талас тудыруға қисыны келмейтін ақиқат. Оның бетінде кестеленген ру таңбалары, араб әріптерімен жазылған жазу көшпелі өзбек-қазақ-ноғайлы елдерінің ыдырап, өз бетінше жеке шаңырақ көтеріп, түтін түзуімен байланысты. Бұл кезең Евразиялық Ұлы дала кеңістігінде керемет процестер жүріп жатқан шақ. Көшпенділердің соңғы империясы ыдырады, жан-жақтан адуынды отырықшы мемлекеттер ұйқыдан оянған арыстандай ауызын айға білей бастады. Міне, сондықтан да, қазаққа өз мемлекетінің іргетасын қалау керек еді. Бетпақ даланың Сарыарқаға астасатын тұсында болған қалың нөпір жиынның да, ондағы үш жүзге бөлінудің де, әр жүзге енетін рулардың анықталуының да себебі осы. Қазақ өзара енші алысты. Енді Евразиялық сахнаға қазақ елі деген жаңа этностық құрылым шықты.
Бұл жәдігерді мемлекет қамқорлыққа алуы қажет
Заман өте Таңбалы тас аңызға айналды. XVIII – XIX ғ.ғ. Бетпақ далада болған Ресей саяхатшылары мен дипломаттары Таңбалы тастың қазақ арасында қасиетті саналатынын атап өтеді (А.И. Шренк, атаман Телятников, М.М. Иванин, Ю.Шмидт). Бірақ олардың арасында ғылыми тұрғыдан зерттеулер жүргізетін адам болмады. Отаршы Ресейге ол тастың, тіпті керегі де жоқ еді... Ю.Шмидт Таңбалы ескерткішін сына иероглифтері деп атады, ол да шындыққа жанаспайды. Бетпақ даланың бұл тұсынан түріктің сына жазулары табылған емес. Түрік сына жазуының орталығы Мұңғылия, Талас, Орхон-Енисей (VIII – XI ғ.ғ.).
Тек 1895 жылы осы жерге әдейілеп келген ақмолалық дәрігер Л.Кузнецов пен атбасарлық тілмәш Х.Бекхожин таңбалардың көшірмесін түсіріп, жартастағы жазуларды оқыды. Осылай, Таңбалы тастағы қашалған белгілердің қазақ руларының таңбалары екені анықталды, ал жазудың негізгі мазмұны қазақ этносының ұйымдаса бастаған кезіне сәйкеседі. Ең көлемді жазу «Қара найман, Алшын, Арғын, Қара кесек, Қойсын, Табын, Молла Қаршыға Әмір. Құдайым құрмет қылайын алтауына» деп оқылады. Ә.Х. Марғұлан жоғарыда аталған алты руды «Алты алаш» тайпалық одағымен байланыстырады. Оның пікірінше, Қойсын (Үйсін) Ұлы жүз атынан, Кіші жүзден ірі ру Табын бүкіл алшын атынан, Орта жүз атынан Арғын, өзінің Қаракесек тобымен Алты Алаш елінің негізін құрады.
Таңбалы таста 1218 жылды көрсететін тағы бір жазу бар, онда Күлеке әулетінен Әбдіғапар бек жөнінде мәлімет аламыз. Оған көлденең келіп Теб тегерші деген жазу килігеді. Бұл жазу туралы ғылыми пікір жоқ. Қалай дегенмен де Таңбалы тас қазақ тарихындағы ғажап құпиялардың бірі болып қалып отыр. 1998 жылғы ғылыми экспедиция кезінде біз Таңбалының қалдығын ғана таптық, ескерткіш бірнеше бөлшекке бөлініп сынған күйінде жатыр, беті шимай (бертінде сол жерге барған жазғыштардың қол таңбасы).
1950-ші жылдары осы жерлерде болған Марғұлан өз зерттеулерін жариялап үлгермей кетті. Әлекеңнің айтуынша, Таңбалы таста Ақ Орданың атақты хандары – Орыс хан, Құйыршық хан, Барақ хан т.б. аттарын табуға болады. Жартастағы жазулардың көпшілігі, Әлекеңнің айтуынша, қыпшақ-қазақ  тілінде жазылған, ру таңбаларының ішінде оғызға қатыстылары да бар. «Таңбалы тас ескерткіші пайда болуына Белең ана, Ала тағы сияқты орта ғасырлық  хандар резиденцияларының таяу болуы тікелей себеп»,– деп атап көрсетеді Ә.Х. Марғұлан.
Таңбалы тастың қысқаша тарихы осылай. Зерттей берсек, тек XV ғасырды ғана емес, одан да әріге бастайтын жәдігерлікке кез боламыз. Қазақ этносының қаз тұрған жері осы Таңбалы Нұра, мына Тасбұлақтан біздің даңқты хан-сұлтандарымыз, батыр-билеріміз су ішті. Оған куә – Таңбалы тас. Бүкіл түркі дүниесі үшін Күлтегін, Тоны-көк, Білге қаған жазулары қандай құнды болса, қазақ елі үшін Таңбалы да сондай құнды. Біздің елдік тарихымыздың белгісі – Таңбалы тас.
Атақты ғалымымыз, қазақтың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың таңдамалы мақалаларында Таңбалы тас жөнінде мынандай орысша сөздер қалдырған екен, мен (автор – Қ.М.) соның қазақша мағынасын жазайын: «Жезқазған ауданының Сарысу өзенінің сағасында, ол жерден 20 шақырымдай шығысқа қарай, Тасбұлақ бұлағының жағасында табиғи меже Таңбалы нұра жартасында қазақ халқының барша руларының таңбалары қашалып жазылған. Халықтан қалған хикая бойынша бұл жерде, яғни Тасбұлақтың басында қазақ руларының ең бірінші кеңесі өтіп, жаңа ұлттың қазақ деген аты бекітіліп, жартасқа осы одаққа кіретін барлық тайпалардың таңбалары қашалған. Қазақ даласының ұйтқысы болған жаңа тұрғындардың шыққан тегі негізінен оңтүстіктен шыққан, яғни Ұлы Моғол шегінен келген».
Қорытынды сөзінде Сағындық Қожамсейітов: «Меніңше, бұл тас – қазақ халқының тайпаларының бірігіп, бас қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мемлекеттің ірге тасын қалауға арналған алғашқы ұмтылысы. Қаныш Сәтбаевтың, Ә.Марғұланның, Манаш Қозыбаевтың айтқан пікірлеріне сүйенсек, бұл тас – қазақ халқының әр түрлі тайпаларының бірігіп жазған Конституциясы. Тастың жатқан жері географиялық жағынан да қазақ елінің тап орта кіндігі болып табылады. Мына жағында Ұлы жүз, мына жағында Кіші жүз, Таңбалы тас Орта жүздің жерінде, сондықтан бұл тас – барша қазаққа ортақ тас!

 

 

Қуаныш Мұқтай   
«Қазақстан Заман» газеті 18 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5514