Тұрақты тіркеуге тұру қандастарымызды тұралатып келеді
ҚР Ішкі істер министрі
Ерлан Тұрғынбаевтың назарына!
Қазіргі таңда қандастарымыздан уақытша тіркеуге алынып тасталды. Керісінше, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін құжат тапсырғанда, қандастарымыздан тұрақты тіркеуге тұру – шарт!
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 10-тармағы, 8-тармақшасында тұрақты тіркеуге тұруда ішкі істер органдарына ұсынатын құжаттардың тізбесінде «өтініш берушіге тұруға тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісім;» деп, жазулы тұр.
Жаңадан көшіп келген қандастарымыздың өз атында баспана болмағандықтан, ақша беріп болса да өзге біреудің үйіне нотариалды куәландырылған келісім-шартпен есепке тұрады. Бірақ, ол қандас іс-жүзінде ол үйде тұрмайды. Басқа жерден пәтер жалдап күнелте тұрады. Айтпақшы, Ішкі істер министрінің бір адам үшін 15 шаршы метр деген белгілемесі тағы бар. Одан асып кетсе, ол үйге тіркеуге алмайды. «Бір» деп қойыңыз!
Қандастырымыз өзге үйге тұрақты тіркеуге тұрып, Ықтиярхатқа немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына құжат тапсырып қойған соң, жергілікті полиция департаменті мен басқармалары қызметкерлерінің «оперативтік тексеруі» басталады.
«Сіз тіркелген мекенжайда тұрмайды екенсіз!» деп, қандастарымызды қудалап, әкімшілік жазаға тарту туралы хаттама толтыра бастайды.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» деген 517-бабының 2-бөлігі бойынша «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның осы баптың бірінші бөлігінде көзделген мерзімдерден астам уақыт ішкі істер органдарында тіркеуден өтпей Қазақстан Республикасында болуынан не тіркеу кезінде көрсетілген мекенжайда тұрмауынан, сол сияқты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамаудан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады.
«Ары қарай не болады?» дейсіз ғой?!
Ары қарай бұл мәселе екі түрлі жолмен шешіледі.
Бірінші, аталған 517-баптың 2-бөлігіне сай, қандастарымыз жазаға тартылып, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарылып жіберіледі.
Айыппұл төлеген азамат бір жылға дейін азаматтыққа құжат тапсыра алмайды, Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарылып жіберілген азамат бес жылсыз Қазақстаға орала алмайды!
Осы және басқада себептермен 2015 жылы 307, 2016 жылы 199 этникалық қазақ Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарылып жіберілген.
Екінші жолы, полиция қызметкерлеріне пара беріп құтылады.
Аталған мәселе соңғы жолмен көбінесе тез әрі оңтайлы шешілетін көрінеді...
Міне, сөйтіп, ұзақ жылдардан бері тұрақты тіркеуге тұру – қандастарымызды тұралатып, қанын сүліктей сорып келеді.
Сенесіз бе, депутат Нұржан Әлтаев екеуіміз осы мәселеге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерінің көзін кеше – Жұмыс тобының 18-отырысында әрең жеткізгендей болдық.
Жұмыс тобының отырысында Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Дулатбеков, Майра Айсина, Бақытгүл Хаменова бастаған депутаттардың бірінен соң бірінің сөз алып, көсіле сөйлейтін себебі – сол!
Отырыс соңында Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Кәрібай Мұсырман бұл мәселені қайткен күнде де шешетін етіп, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына толықтыру енгізу үшін депутат Нұржан Бауыржанұлына жаңа ұсыныс енгізу туралы тапсырма берді.
Нәтижесін алдағы уақытта көресіздер, құрметті қандастар!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz