Израиль Газа секторына 45 палестиндіктің мәйітін тапсырды

Израиль Халықаралық Қызыл Крест комитеті арқылы Газа секторына қаза тапқан 45 палестиндіктің мәйітін табыстады, деп жазады Синьхуа.
Бұл туралы сәрсенбі күні палестиналық анклавтың Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәлімдемесінде көрсетілгендей, осы аптада қайтарылған мәйіттердің жалпы саны 90-ға жетті. Қалған 45 адамның мәйіті 14 қазанда тапсырылған болатын.
Мәйіттерді тапсыру процесі 10 қазанда күшіне енген бітім туралы келісімнен бірнеше күн өткен соң жүзеге асты. Бұл келісім Мысырдың арағайындығымен жүргізілген белсенді келіссөздер нәтижесінде жасалды.
Келісімге сәйкес, Израиль әскері ішінара шығарылып, тұтқындар алмасу және Газа секторына гуманитарлық көмекті жеткізу үшін шекара өткелдерін ашу қарастырылған.
Еске салсақ, осыдан бұрын ХАМАС Израильге кепілге алынған төрт адамның денесін тапсырғаны анықталды.
Сонымен қатар Израиль Газа секторына гуманитарлық көмек көлемін арттыруға рұқсат берді.
Abai.kz