Серік ЕРҒАЛИ, саясаттанушы. КӨСЕГЕ БҮЙТСЕ КӨГЕРЕР (Жалғасы)
ТІЛ САЯСАТЫ
Тіл саясатының саясатшылдық пен түрлі саяси амбицияның аренасына айналуынан сақтайтын бірден бір шара - іс жүзіндегі ресми қостілділік пен қоғамдық (бұқаралық) көптілділік. Қай тіл қандай мәртебе алса да тілдік тартыс ешбір тілді де ұшпаққа шығармайды және қандай заңды да іске асырудағы әрекетсіздік оның дұрыстығы мен қауқарына күмән туғызып, бір заңды екіншісімен алмастыратындай қақпақыл жағдайға душар боламыз. Сондықтан Атазаңға тілдер жөнінде өзгеріс енгізуді төмендегідей нақты шараны іске асырумен алмастырып, тілдер мәртебесінің бұрынғы қабылданған күйін әлі де іс жүзіне асыру ұсынылады. Басқаша айтқанда, Қазақстан ең әуелі қазіргі ресми біртілділіктен (орыстілді) ресми қостілділік және бұқаралық қостіліктен (орыс - қазақ) бұқаралық көптілділік объектісіне көшіру керек.
Бұл шараны іске асыру жолында Тілдер комитеті мен басқармалары тілдер жөніндегі аттестациялық комиссия (ТАК) құрады. Бұқаралық көптілділік (БК) шарасы іске асыруда өз еркімен аттестацияланатын азаматтарды ТАК мына категорияларға (ТК) аттестация қабылдау арқылы жіктеп, арнайы куәлік береді:
1- категориялы: ауызекі тілді түсінуші:
ТІЛ САЯСАТЫ
Тіл саясатының саясатшылдық пен түрлі саяси амбицияның аренасына айналуынан сақтайтын бірден бір шара - іс жүзіндегі ресми қостілділік пен қоғамдық (бұқаралық) көптілділік. Қай тіл қандай мәртебе алса да тілдік тартыс ешбір тілді де ұшпаққа шығармайды және қандай заңды да іске асырудағы әрекетсіздік оның дұрыстығы мен қауқарына күмән туғызып, бір заңды екіншісімен алмастыратындай қақпақыл жағдайға душар боламыз. Сондықтан Атазаңға тілдер жөнінде өзгеріс енгізуді төмендегідей нақты шараны іске асырумен алмастырып, тілдер мәртебесінің бұрынғы қабылданған күйін әлі де іс жүзіне асыру ұсынылады. Басқаша айтқанда, Қазақстан ең әуелі қазіргі ресми біртілділіктен (орыстілді) ресми қостілділік және бұқаралық қостіліктен (орыс - қазақ) бұқаралық көптілділік объектісіне көшіру керек.
Бұл шараны іске асыру жолында Тілдер комитеті мен басқармалары тілдер жөніндегі аттестациялық комиссия (ТАК) құрады. Бұқаралық көптілділік (БК) шарасы іске асыруда өз еркімен аттестацияланатын азаматтарды ТАК мына категорияларға (ТК) аттестация қабылдау арқылы жіктеп, арнайы куәлік береді:
1- категориялы: ауызекі тілді түсінуші:
2- категориялы: ауызекі тілді еркін меңген, сол тілде әңгімелесе алушы;
3- категориялы: жазба тілді түсінуші (демек, 1-2 категорияны да меңгерген деген сөз);
4- категориялы: тілді меңгерген, яғни бұл тілде өз ойын жаза білушілер (демек, алдыңғы категорияларды да меңгерген).
Аттестацияланған азаматтар ана тілі мен қай тілде қандай категориямен меңгергендігі жөніндегі мәліметі бар куәліктерге ие болумен бірге, материалдық ынталандыру құқығына ие болады. Бұл үшін, айталық, аттестант өзінің мемлекетке төлейтін табыс салығын мынадай процентке азайтады:
Әр тіл бойынша категория нөмірлерінің қосындысы = Х %, мұндағы Х - табыс салығын азайту проценті; категория нөмірі - тілді білу коэфициенті болып табылады. Ана тілі категорияланбайтынын ескерсек, біртілді адамның табыс салығы ешуақытта азаймайды. Категория коэфициенті былай анықталады: Қазақ тілі үшін - 1%; орыс тілі үшін - 0,5%; басқа этностық тілдер үшін - 0,25%.
Ресми қостілдік (РҚ) шарасына депутаттар мен министрлерден бастап, аудан әкімінің хатшысына дейін міндетті түрде кірістіріледі және әрбір категорияны меңгеруге бір жылдан беріледі. Сөйтіп, 4 жылда қостілді (қазақ-орыс) ресми органға ие болу мұраты іске асуы қажет. Ал, 4 жылда бір тілді меңгере алмаған адамда мемлекеттің қандай шаруасы болуы мүмкін?
Сондай-ақ, БК мен РҚ шаралары үшін шет тілінің қатысы жоқ, қатыс тек қана қазақстандық этнос тілдеріне болуға тиіс. Алайда, мұның барлығы да тұрмыстық тіл деңгейіндегі критерий болғаны орынды. РҚ - қазақ тілін дамытуға жол ашудың бірден бір тәсілі. БК - Қазақстан жұрттарының бір- бірінің тілін үйреніп, дамытуға көтермелейтін негіз болу шарасы.
КАДР
"Кадрлар бәрін шешеді". Ел жағдайы қиын кезде оның аяққа тұрып, дамуына кепілдік те - кадр. Жаңаша ойлау қабілеті тоқыраған ескі кадрдың орнын жаңа заман кадрының басуы да уақыт талабы. Ендеше ескілерді ығыстырып, қабілетті жаңаларды тартатын механизм "Болашақ - жастардыкі" деген емес, "өткен шақ - қарттардыкі, осы шақ - жастардыкі, болашақ - баланыкі" деген қисынды девизге иек артқан мақұл. Мұндай механизмді кадрлардың мәлімет банкасын (КМБ) құрудан көреміз. Бұл дегеніміз - мемлекет қызметіндегі және онан тыс нағыз қабілетті де жарақты кадрлардың мәліметін жинау арқылы оларды мемлекеттік органдарда өсіруге жағдай жасау және қызметке тартуда кадрды іріктеу мүмкіндігін туғызу. Сөйтіп, мемлекеттік кресло кез келгенге орын еместігін сездіре отырып, кадрлар элитасын қалыптастыру.
Аталмыш шара ауыл меңгерушісінен бастап, жоғарғы эталондағы қатардағы қызметкерлерге дейін міндетті түрде тестіден өту арқылы жүзеге асады. Ал, мемлекеттік органдардан тыс қызметтегі азаматтар өз еркімен тестіден өту арқылы кадрлар резервін құрған болар еді.
Әрине, мұндай тест қызметкердің лауазымға сәйкестігі мен оның қаншалықты қабілеті барын анықтайтындай өте нәзік критерий бойынша бағалануы қажет. Басқа жағынан алғанда бұл шара мемлекет органдарын кездейсоқ адамдардан тазартып, қабілетті кадрдың тартылу тетігіне айналар еді.
ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ МИГРАЦИЯ
Жұмыссыздықтың белең алуына орай алдағы жылы әлеуметтік салада еңбекпен қамту ең маңызды болмақ. Ал, бұл саладағы қазіргі еңбекпен қамту (ЕҚ) қанағаттанғысыз. Оны жолға қою үшін қазіргі жұртшылықты еңбекпен қамту қоры (ЖЕҚ) негізінде мемлекеттік еңбек банкасын (ЕБ) құруды ұсынамыз. ЕБ- ның мақсаты:
- кәсіпорындарға кадр сапасын жақсарту үшін несие беру;
- өз мамандығын немесе білімін жетілдіру мақсаты үшін азаматтарға несие беру;
- еңбек орнын көбейтуге бағытталған нақты жобаларды несиелеу;
- жеке адамдардың шеберханасын, өндіріс цехтарын ұйымдастыруға бағытталған жобаларды несиелеу;
- ЕҚ органдарының басқа да шараларын қаржыландыру.
Еңбек министрлігінің басты назарында болатын бір жайт - әдеттегі туылу деңгейі жоғары ауданның еңбекпен қамтылуын нығайтып, ол жер тұрғындарының миграцияға ұшырауын тоқтату. Сондай-ақ, ЕҚ органдары шағын және орта, фермерлік кәсіпорындарға еңбекті ұйымдастыру, еңбекшілерді басқару секілді жайттардан тұрақты кеңес беруді қолға алғандары нұр үстіне нұр.
Сонымен бірге еңбек кітапшасының жаңа түрін шығарып, онда еңбеккердің еңбек қабілетінің әрбір жұмыс орнында істегендегі мәліметінің толық көрінісі болатындай орын берілсе, бұл жайт, жұмыс берушіге дерек, жұмысшыға (еңбеккер) жауаптылық орнатар еді.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға Халық банкасының (ХБ) жағдайы мен дәрежесін нығайтып, оның мүмкіндігін пайдалану арқылы ықпал етуге болады. Ол үшін ХБ - сын акцияландырып, мемлекет қарауына бақылау пакетімен бірге акцияның 25% - тін қалдырып, қалғанын жеке адамдар мен шағын мекемелер мен кәсіпорындарға сатқан жөн. ХБ - ның жарғылық қорын мейлінше көбейтіп, оның акция құны мен санын молайту арқылы акционерлердің санын ұлғайтумен банкаға нағыз халықтық сипат беру қажет. Алайда, бұдан бұрын ХБ-ның бұған дейін инфляцияға ұшыраған салым көлемін компенсациялап, салымшылардың Үкімет пен ХБ -ға деген теріс көзқарасын оңдауға тура келеді. ХБ-ға жаңадан мынадай міндет пен құқық беру керек:
- жеке азаматтарға үй мүлкін сатып алуға, оқу мен денсаулық, туризм, демалыс саласына жұмсауға несие беру;
- азаматтар мен шағын өндіріс ұйымдарының кіші цех, шеберхана, лаборатория жасақтауы жолында шағын жекешелендіруге қатысу мақсатын несиемен қаржыландыру;
- құнды қағаздармен жұмыс және клиенттерге қызмет.
Мұнымен бірге банка жанынан әрбір аудандық филиалы болатындай, "итеріспе базарға"(толкучка) бәсеке туғызу, халық тұтынатын тауарлар бағасын реттеп, отандық өндірушілер бұйымының сұранысын айқындап отыру, сондай-ақ құнды қағаздар базарын қалыптастыруды дамыту мақсатымен Халықтық тауар биржасын құрған мақұл.
ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ
Мемлекеттік зейнет (пенсия) саласын дамытуға төмендегідей шаралар легі ұсынылады:
- зейнетақы қорын жою;
- зейнетақыға тиесілі салықты жергілікті әлеуметтік қамту (ӘҚ) (Собес) бөлімдерінің есепшотына түсіру;
- ол есепшоттарды міндетті түрде ХБ бөлімдерінде ашу;
- ӘҚ министрлігі (ӘҚМ) мен ХБ арасында заңды қатынас (келісім - шарт, құрылтайшылық немесе акционерлік) орнатылуы. Осы шаралардан соң Үкімет кемінде мемлекеттік зейнетақының бір айлық мөлшерінде ӘҚМ-тің ХБ-на депозитер ретінде салым салуға жағдай жасайды. Сөйтіп айналыстағы бір айлық мемлекеттік зейнетақы мөлшері мен ай сайын түсетін зейнет салығы зейнетақының тұрақты түрде берілуін қамтиды. Мұндай жағдайда ӘҚ органдарының қызметі мындай болмақ:
- зейнетақы мен жәрдемақының мөлшерін шығару (есептеу, қайыра есептеу);
- ХБ - ның бөлімдерімен қарым-қатынас;
- әлеуметтік төлемдердің мезгілінде және дұрыс таратылуын ұйымдастыру және қадағалау.
ТҰРҒЫНЖАЙ
Тұрғынжай мәселесін шешудің басты арқауы ретінде.Тұрғынжай - құрылыс банкасының (ТҚБ) қазіргі күйіне қан жүгірту үшін оны акционерлеу қажет те, акцияның 25% - мен бақылау пакетін ғана мемлекетте қалдырып, қалғанын инвестқорларға аукцион арқылы тұрғынжай купондарына айырбастау керек. Сондай-ақ:
- банктың әрекет аясы кеңейтіліп, оған жылжусыз мүліктерге (ЖМ) лизингілік қызмет үшін несие бөлу қарастырылса;
- ЖМ биржасын құруға атсалысу мүмкіндіктерін жасаған жөн. ЖМБ арқылы үй, пәтер, жер алаңы, құрылыс материалдарын сату; үй, пәтер жалдау әрекеттеріне ресми сипат беріп, оның нақты да айқын нарқын орнатуға ықпал жасағаны қолайлы.
Ал, жеке тұрғын үй салушыларға берілетін несиенің талабын өмір жағдайына жақындатқан дұрыс та, мұндай несиені қалада 30 жылға емес, 10 жылға, ал ауылда 20 жылға беру қажет.
САЛЫҚ ЖЕҢІЛДІГІ
Жаңадан қабылданбақ салық жүйесін (СЖ) қолданудан айрықша шаруашылық субъектілеріне бағыттауды қолдап, СЖ-гін шартты түрде үшке бөліп қарастыру ұсынылады:
1) ынталандыру СЖ (ЫСЖ): жаңа құрылмақ өндірушіге (ЖӨ) бір жылға дейін әлеуметтік салық - ӘС (табыс, зейнет, еңбекпен қамту салықтары) түрлерінен басқасын жартылай салып, екінші жылдан бастап пайдаға салынатын салықтан өзгесін ұстау, ал үшінші жылдан бастап нағыз СЖ - не көшіру;
2) жеңілдік СЖ-сі (ЖСЖ): ЖӨ-ге бір жылға дейін ӘС түрлерінен жергілікті салықтан (ЖС) өзгесін қолданбау, ал екінші жылдан бастап ЫСЖ - не көшіру;
3) айрықша салық жүйесін (АСЖ): ЖӨ - ге екі жылға дейін ӘС түрлері мен ЖС түрлерін ғана салу, ал үшінші жылдан бастап ЫСЖ - не көшіру.
Аталған СЖ-лерін қолдану үшін елдің экологиялық, әлеуметтік, коммуникациялық ахуалына қарай мынадай географиялық сипатты ЖӨ тобын қарастырамыз:
1. Экологиялық апатты және әлеуметтік мешеуленген әкімшілік - аумақтық бөлініс субъектісі (ауыл, поселке, қала аудан) аумағына орналасқан ЖӨ (ЭЖӨ);
2. Әлеументтік мешеу аумақта құрылған ЖӨ (ӘЖӨ);
3. Коммуникациясы нашар аумақта құрылған ЖӨ (КЖӨ).
ЖӨ ретінде жаңадан құрылған шағын және біріккен кәсіпорын алынады.
Сондай - ақ, бұл топқа жатпайтын, бірақ, көтермелеуді қажет ететін өндіріс саласында өндіруші кәсіпорындардың (СӨК) шағын және біріккен сипатты түрлері үшін (1995 жылдан бастап құрылғандарға) кіріспе СЖ - сін (КСЖ) қолдану өнеркәсіп өнімдерін шығаруда серпіліс туғызар еді.
4.Кіріспе СЖ- сі (КСЖ): ЖӨ - ретінде Ауыл шаруашылық өнімдерін беретін, құрылыспен айналысатын және құрылыс материалдарын шығаратын, халық тұтынатын тауарлар өндіруші субъектілер үшін алты айға дейін салықтың ӘС және ЖС түрлерін ғана қолдану, одан нағыз салық жүйесіне көшіру. Қорыта келе, СЖ мен ЖӨ топтарының сәйкестік кестесі төмендегідей болады:
1) КСЖ - СӨК
2) ЫСЖ - КЖӨ
3) ЖСЖ - ӘЖӨ
4) АСЖ - ЭЖӨ
Бұл шараны жүргізу үшін елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерін экологиялық, әлеуметтік және коммуникациялық жағдай бойынша іріктеуге тура келмек.
ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ
Жекешелендіру саласындағы қазіргі жаңаша қарастырымды қолдай отырып, оны жүзеге асыруда мына жағдайларды ескеру пайдалы болар еді:
- Жекешелендіру органдарының екіге бөлінуі кезінде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру аппараттары, әсіресе, жергілікті әкімшілік аппаратынан бөлек құрылғаны, сөйтіп, оны тігінен бағыныстағы тек қана Министрлер Кабинетіне тәуелдендіру;
- Жекешелендіру аукциондарын бес аймақ бойынша өткізіп отыру;
- Шағын жекешелендіруді арнайы ережемен жергілікті өкімет арқылы жүргізіп, бақылауды Мемлекеттік жекешелендіру органына тапсыру;
- агросекторды жекешелендіруді жүргізу барысына жаңа меншікті шаруашылық басшыларын сайлауда әкімдердің ықпалын жою механизмін жасап, шаруашылық мүшелерінің энтузиазмын тұқыртып отырған жайттарды болдырмау.
ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ
Елде ірі электр қуаты көздерін нығайтумен бірге, оған бәсекелік жағдай ретінде және Қазақстан үшін тиімді де қолайлы дәстүрден тыс электр көздерін қалыптастыру өз жемісін берер еді. Бұл үшін жел, күн, өзен күштеріне негізделген шағын, дербес электр станцияларының технологиясын дәйектейтін мекемелер мен енгізетін ұйымдарға мейлінше жағдай жасау қажет.
Мұндай шара энергия саласындағы шешуші де маңызды тактикалық әрекет екенін түсінетін мезгіл жетті.
КӨЛІК
Аз санды халқы бар Қазақстанның ұланғайыр территориясын әуе жолымен қамтуда жақын және орта қашықтыққа арналған шағын самолет өндірісін, вертолет жасау саласын қолға алған қолайлы болар еді. Бұл жолда қолда бар екі жөндеу зауытын шетелдік инвестиция мен технологияға тарту тиімді.Ең әуелі шағын да арнаулы салаға арналған (ауыл шаруашылығы, өрт қызметі, медициналық, геологиялық, жеке адамдар үшін) әуе техникаларын шығару өзін өзі тез ақтар еді.
Елдің теміржол саласын тәуелсіз елдің жол индустриясының көрінісі етіп қайта құратын кез келді. Ол үшін қазіргі басқарушылар монополиясына айналған ірі үш теміржол (ТЖ) басқармаларын шағындап бес аймақ бойынша бес басқармаға жіктеу керек те, 14 бөлімшенің орнына Алматы, Арыс, Қандыағаш, Бейнеу, Көкшетау, Тобыл, Ақмола, Семей сияқты тораптар негізінде жеті бөлімше қалдыру қажет. Қысқасы, теміржолдарды біртұтас Қазақстан теміржолы етіп біріктіру керек. Сөйтіп, артылған мүлік жекешеленіп, одан түскен қаржы мен үнемделген қаражатты жаңа жолдар салуға жұмсаған жөн.
Сондай-ақ, елдің ішкі бағыты бойынша жолаушылар қозғалысын тиімсіз де шығынды маршруттарды қысқартып, дербес(үкіметтік -персональный) вагондарды бос қаңтару "мәртебесіне" босатып, жаңа составтар құру арқылы қанағаттандыру қажет.
МЕМЛЕКЕТТІК ТЕЛЕРАДИО
Қазірде қазақ теледидарының қаржының жоқтығы, сайманның тозықтығы, кадрдың сапасыздығы және басқа себептердің кесірінен дискредитацияға ұшырағанын ешкім де жоққа шығара алмас.
Жуырда Үкіметтен жеткілікті жағдай жасалса да, жасалмаса да ескірген қолапайсыз да мұсалдат жүйені жаңаша қалыптастыратын уақыт туды.
Теледидар жүйесінің атынан гөрі затын өзіне сай, ықшам, уақыт үдесіне төзімді, шығыны аз, өнімі көп жүйе ретінде қайта құру облыстық телекомпаниялар мәртебесін өзгертуге саяды. Аталмыш құрылымдардың бәрі бірдей облысты түгел ақпаратпен, идеологиямен қамтып отырған жоқ және оған мүмкіндік те жоқ, оның үстіне тәуелсіз құрылымдармен салыстыруға келмейтіндей, уақыт тезіне төтеп бере алмай, іскерлікті талап ететін заман шаңын қауып қалып отыр да, жүздеген адам мен мәнсіз телеуақыт Корпорация бюджетінің шығынына мағынасыз түрде ортақтасуда.
Ұзын сөздің қысқасына көшсек, жергілікті телерадиокомпанияларды бас аяғы он адамдық Телестудияларға айналдырған жөн. Бұлар барлық жағынан корпорация меншігі болуы керек және жергілікті өкіметтен ешқандай тәуелсіз мекеме болып құрылғаны жөн.
Корпорацияның облыстарда қолданып отырған және компанияларды студияларға айналдырудан ауысқан барлық мүліктер, саймандар мен ғимараттар Үкімет келісімімен жекешелендіріле отырып, қаржысы Корпорация бюджеті мен жарғылық қорына түсуі қажет.
Ал, облыстық, аудандық, қалалық радиотораптарының жергілікті радиотораптарын жасақтауға жететін мүлкі жергілікті өкіметке табыс етіліп, муниципалдық меншіктегі радиотораптары құрылуға тиіс. Қалған мүлік Корпорация иелігіне өтіп, бұл иелікпен де телекомпаниялық мүлік тәрізді шара жасалған дұрыс.
Аталған әрекеттен түсетін қаржы Корпорацияға ұлттық ансамбль, дыбыс студиясын, тігінхана, шаштараз, шеберхана және әр ауданнан телеөкілдіктер, сондай-ақ, дубляж және мультипликациялық студия құрып, телефильмдік өндірісті нығайтуға мүмкіндік бермек.
Ақтөбе.
16 желтоқсан 1994 ж.
(Соңы)