Сенбі, 15 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 102287. Жазылғандар — 80716. Қайтыс болғандар — 1269
Абай мұрасы 2274 2 пікір 10 Қаңтар, 2020 сағат 11:57

Абай - сырлас, мұңдас, құрдас....

«Абай сөздері дүниеде қалған қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, жолды лақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары  талай алғыс берер». Бұл  Ахмет Байтұрсынұлының айтқан сөзі

Абай сөздері қазір де елге тікелей қатысты, қазір де маңызды, Абай бүгін де бізбен бірге өмір сүруде. Абайдың айтқандары ақиқат, одан қашып құтылмайсың. Ақын шығармалары қандай уақыт, қандай заман болмасын  адамша өмір сүрудің, ел болудың негізі. 

Абайтану курсын, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология  факультетінде оқып жүргенде Мұхтар Әуезовтің аспиранты, философ, доцент Құлмағамбет Лекерұлы Еспаев ағай жүргізді. Ұстазындай Абайды «асыл» дейтін, бұнысын құрметтен гөрі, кір келтіруге, шаң жуытуға болмайтын, анасы сәбиін қалай аялайтындай сезімдермен жеткізетін, сондай-ақ, «Абай бізге мұңдас, сырлас, замандас, құрдас...» дегенді жиі айтып отыратын, сол кезде мән бермейтінмін, айтты айтты, неге олай дейтінін түсінбейтінмін, түсінсем де жәй, әсіре теңеу, қызыл сөз үшін айтылған экспрессивтік эпитет шығар деп ойлайтынмын.... 

... Қазір ойлап қарасам, олай емес екен. Абай алыстаған сайын біз Абайға мұқтаж екенбіз, Абай адамдардың жан күйзелісін, мұңын мұңдап, сырласатын, рухани бой түзейтін өлшем екен, ақын өмір сүрген алпыс жас ғұмыры асылмен бізді де замандас, құрдас етеді екен, асылдың анық тұлғасын танып, жан қайғысын еріксіз түсінесің екен.         

Кембридж және Гарвард университеттерінің бірлескен көп жылдар бойғы  адамзат ой санасы мен танымы қалыптасуына Сократ, Конфуций, Шекспир, Толстой, Кант, Эйнштейн және тағы басқа тұлғаларға қатысты зерттеулері «олар адамзатының, адам баласының ішкі табиғатын түбегейлі өзгертіп, адамзат өркениетінің бағыттары мен құндылықтарын анықтады» деп көрсетеді. 

Абай осы қатарда тең  тұрған тұлға, Абайда  адамды сүюді, махаббат пен ізгілік  идеяларын көтерді, ақиқатты, әділдік пен адалдықты  биік қойды, өзі де аянбай күресті, ұлтының ішкі табиғатын, жан дүниесін,  қадір-қасиетін, сөз өнері, бай тілін танытып, еліне адал қызмет етті. 

***

Абай адам табиғатын, өмірін, ішкі  жан дүниесін терең бойлап, адам тіршілігі, қаракеті, қылығы, мінезі туралы толы өлең жазды, қара сөздер қалдырды. Еліне, адамға деген уайымын, күйінішін, ренжішін, өкпесін, ашуын, ызазсын жасырмады, қазақты түзеп бақты, дұрыс жол көрсетті:

Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!  

Абай үш нәрсені анық көрсетті:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек

 оған қоса: 

«Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап», - деп жырлады, кеңес берді.

Адам өмірі және адамдар қарым – қатынасы олардың  адамшылығының көрінетін жері: 

Кемді күн, қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз!

Ел бірлігі - қазақтың ынтымағы: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», -  деп бүкіл қазаққа мәңгі сөз  айтты.

Әлихан Бөкейхан: «Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арасында басты тізгін ұстаушы болды. Абай өз отанының сом алтыны еді. Дауға да, партия таласында да әділ төрелік айтты» дейді. Ойының даналығы, сөзі, тілінің көркемдігі жағынан Абайдан асып түскен ешкім жоқ, Абайсыз қазақты түсіну мүмкін емес:

Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай - ақ шырақтар ұқсаң жарар,  - десе ақын, «Жұрт бір қамықса, Абай екі қамықты»,  - деп жазды жазушы - академик Мұхтар Әуезов.  

***

Абай өлеңдерінде заман, адам, ел көрінісі ақын ой көзімен бүгінде аяусыз дүние, қу заман сол қалпында, адамда сол күйінде. Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңіндегі жиынтық образ өзгермейтін, бір құбылыс,  жоғалмайтын бір бейне, қазір де алдыңнан шығады:

 Қылып жүрген өнері:
Харакеті – әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?
Кімді ұялап аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен,
Шынның бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ,
Абайлаңыз байқаңыз, –
Елдің жайы солай –ды.  

«Көңілім қайты достан да, дұшпаннан да» өлеңі ақынның әбден көңілі қалған, еліне шүйліккен ауыр сөзі қазір де тікелей елге қатысты: 

 Ендігі жұрттың  сөзі – ұрлық –қарлық,
Саналы жан көрмедім, сөзді ұғарлық,
Осы күнде, осы елде  дәнеме жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, –деп түйіндеген Абай: «Ел азды» деп надандар мұңаймай  жүр», - дейді.

Абай қырық бірінші сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында болуы керек. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлим берсе сонда түзелер еді.... Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін емес. Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанмен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен сүйегіне жеткен, атадан мирас қалған, ананың сүтімен емген надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген», - деп жазады. 

Бек зор өкіметке де жеттік, есепсіз байлыққа да кенелдік, ал етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен, мирас қалған, ана сүтімен емген надандықты шығара алдық па?! 

Надандық - кесір, адам ойында, бойында тұр, тұтастай мекеме, қоғам, мемлекеттік жүйе, сенген билік көрсоқырлыққа, топастыққа ұрынса  адамшылық жайында қалды дей бер. Абай «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде адам надандығын терең сипаттайды:

 Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі,
Сонда да көңілі тым –ақ тоқ,
Жайқаң-қайқан әрнесі.
Наданның көңілін басып тұр,
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір – ақ шаруасы.     

***

Абай өлеңдерінде бәрі маңызды, елге қалай қызмет ету керегі де, тіршілік тауқыметі де, адамның ішіп жейтіні де адамдық келбетімен ұштасуы керек:  

Қымыз ішіп, семіз мініп,
Қызба босқа, мақтан қума.   

Жуасты мін де, айран іш,
Жоқ немеге шатылма.
Ұры, залым қуларға,
Нысанаға шаншылма. 

Немесе: 

Адалдан тапқан тиынды,
Сал да сақта қапшыққа.
Қолдағыңды қорғап бақ,
Мал арзан деп аптықпа, - дейді, Абайда ұсақ - түйек, шашылып жатқан еш нәрсе жоқ, бәрі маңызды, адамға керек дүние....       

***

Абай құдіреті де сонда, жаһандық адамзатқа қатысты, оның өткені, жеткені мен келешегін ойлағанда ақынның ой көзімен бүгінде алаңдаулы: 

Көк  тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар, көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Абай - рухани қазына, рухани азық, Абай ел келешігіне, ұлттық идеяға  жаратылуы тиіс, таным, тәрбие, насихат құралы болуы керек. 

Мұхтар Әуезов «Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларын қағаз бетіне маржандай  төгілдірді, оның әрбір бетінен, әрбір жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, сонша жақын леп естіледі...», - деп жазды.  

Иә, қазірде Абайдың әрбір сөзі біздерге ауыр жаңғырықтай, зілдей  естіледі.

Салауат Кәрім 

Abai.kz

2 пікір