Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2646 0 пікір 8 Қыркүйек, 2011 сағат 06:06

Ізгілік Дабаев: «Сақсыры қанға толса да, сағы сынбаған Қасым еді...»

Доспамбет, Махамбеттерден кейін қазақтың өр рухын ұрыс даласында жүрсе де аласартпай жалпақ жаһанға паш еткен ақын - Қасым Аманжолов болатын. «Қолымда найза, шағылып айға...». Бұл жолдардың иесін кім, қалай айтса да тұтас ағзасы бостандықты аңсайтын әуелгі рухтан ажырата алмас еді. Көк пен жердің арасын тітіреткен екінші дүниежүзілік соғыста Қасыммен майдандас болған Ізгілік ақсақалды ақын мерейтойына орай сұхбаттасуға шақырған едік. Тоқсанға таяп, тобықтай шал болса да Қасым туралы таңды таңға жалғап, әңгіменің майын тамызатын қарт жауынгердің сыр сандығында жатқан дүниенің қадіріне, әй, жете алар ма екенбіз...

- Екінші дүниежүзілік соғыста майдан шебінде Қасым Аманжоловпен бірге болыпсыз. Әңгімені сол етікпен су кешкен кезеңізден бастасаңыз...

Доспамбет, Махамбеттерден кейін қазақтың өр рухын ұрыс даласында жүрсе де аласартпай жалпақ жаһанға паш еткен ақын - Қасым Аманжолов болатын. «Қолымда найза, шағылып айға...». Бұл жолдардың иесін кім, қалай айтса да тұтас ағзасы бостандықты аңсайтын әуелгі рухтан ажырата алмас еді. Көк пен жердің арасын тітіреткен екінші дүниежүзілік соғыста Қасыммен майдандас болған Ізгілік ақсақалды ақын мерейтойына орай сұхбаттасуға шақырған едік. Тоқсанға таяп, тобықтай шал болса да Қасым туралы таңды таңға жалғап, әңгіменің майын тамызатын қарт жауынгердің сыр сандығында жатқан дүниенің қадіріне, әй, жете алар ма екенбіз...

- Екінші дүниежүзілік соғыста майдан шебінде Қасым Аманжоловпен бірге болыпсыз. Әңгімені сол етікпен су кешкен кезеңізден бастасаңыз...

- 1943 жылы Қасым Аманжолов Брянский майданына біздің әскери бөлімге келді. Мен ол кезде Ақын қасымды білмейтінмін. Өзім батальон командиры болатынмын. Біздің дивизияның саяси бөлімінің бастығы мені шақырып: «Мынау Қасым Аманжолов деген қазақтың үлкен ақыны, жай адам емес»,- деп таныстырды. Содан бастап Қасым екеуміз жаны жақын, сырлас, дос болып кеттік. Бірге жатып, бірге тұрып, тамақты да бірге ішетінбіз. Біраз уақыттан соң Қасекең біздің майданда шығатын «Бой за родину» деген газетте тілшілік қызымет атқарды. Ленинградтан келген Александр Керш деген жазушы жігіт (менен үлкен, Қасымнан кіші) бар еді, сол үшеуміздің жұбымыз жазылмайтын. Қасым екеумізден «қазақша үйренем» деп талаптанып жүретін Александрымыздың тілі «балық» деген сөзге ғана келе қалатын да, үйренген басқа сөзін тез-ақ есінен шығарып алатын. Өйтсек өзі де балық пісірудің маманы екен. Қасым екеумізді қарқ қып тастайтын... Ол кезде дивизияда жиналыс болса алдымен жауынгерлердің жағдайы сұралатын.  «Уақытымен тамақтанып жүр ме, денсаулық жағдайлары қалай, басшылар тарапынан боқтық сөз естіген жауынгер бар ма?» - деген мәселелер қатаң тексеріліп, жасырын бақылайтын адамдар жүретін. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұндай қамқорлықтар сарбаздарды да отан үшін күресуге жігерлендіретін. Адамның мемлекет үшін аса қымбат құндылық екендігі сәт сайын ескертіліп отыратын. Қазір біз сол қасиеттен айырылып қалдық. Мемлекеттің адамда, адамның мемлекетте шаруасы жоқ сияқты, бейғамбыз. Бұл - өте қауыпты дерт...

- Нәзік жанды ақынға соғыс қалай әсер етті?

- Қасыммен талай шайқаста бірге болып, толарсақтан қан кешкен ауыр күндерді бірге өткіздік. Соғыс ол - төбелес емес. Адамзат тарихының парағына жазылатын ең ауыр қаралы күн. Адам баласының соғыссыз өткен кезеңдері тым аз. Соңғы алты мың жылдың ішінде жеті миллиард адамның басын жұтқан ірілі-ұсақты он бес мың соғыс болып өтіпті. Ұлы Отан соғысында Кеңес үкіметі 26 миллионнан астам адамнан айырылды. Қасірет емей не? Жаны нәзік ақынды қойып, былайғы жұрттың төбе құйқасы шымырлайтын жағдай емес деп айта аласың ба? Соғыстың аты соғыс. Ол зүлмәттан қорықпайтын адам жоқ. Бірақ Қасекеңнің үрейленіп, жауған оқтан тайсақтап, бас амандығының қамын күйттеген кезін көрген емеспін. Батыр жігіт болатын. Мен оны өтірік мақтап отырғаным жоқ. Саптастарының оққа ұшқанын көргенде, әрине, жаның ауырып, күйзелетінің рас. Қасымда ондай кезде қатты егіліп кететін де, бірақ бойын тез жинап алатын. Соғыс та адамды соған тәрбиелейді. Сен атпасаң, ол атады...

Қасым ақын бетің-жүзің демей, екпіндеп, үлкен темпераментпен сөйлейтін адам еді. Бір күні партия жиналысында мінберге шығып: «Құрметті партия мүшелері, саяси қызыметкерлер! Сендердің орындарың пештің түбі, жылы-жұмсақ жерлер емес. Сендердің орындарың шайқастың қиян-кескі, өмір мен өлімнің арпалысқан жері болуы керек. Сонда ғана сендер жауынгерлерге үлгі бола аласыңдар. Сонда ғана сендер елі мен жері үшін аянбай шайқасатын жауынгер тәрбиелей аласыңдар»,- деп жалынды сөзін айтты. Бүкіл жауынгерлер ду қолшапалақтап «қазақтың өрт ақыны» деп Қасымды басына көтеріп әкетті. Өзі бір Әруақты адам еді ғой. Сол ит басына бермейтін ауыр күндерде Қасымның қабағын шытып; «шаршадым, қиналдым» дегенін естімедім. «Сақ етер санына тиіп, сақсыры қанға толса да» сағы сынбаған Қасым еді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дейді қазақ. Екеумізде майдан шебінен аман оралдық.

- Дауылпаз ақынның майдан шебінде таралған, кейін жинақтарына енбей қалған жырлары бар ма?

- Ол жағын анық білмедім. Соғыста жүріп жазғандарының бәрін маған көрсеткен жоқ. Майдан шебінде оқып беріп жүретін өлеңдері кейінгі жинақтарында негізінен бар. Соғыстан қайтып келген соң бір күні маған телефон соғып: «Ізгілік, саған өлең арнадым. Соғыста бізге болған, халыққа жасаған жақсы қызыметіңді толғадым. Саған үлкен рахмет! »,- деді. Ол шумақтар да жинақта бар. Менің білетінім сол.

- Соғыстан кейін араласып тұрдыңыздар ма?

- Соғыс бітуге екі ай қалғанда Қасым елге қайтты. Өйткені бір жағынан өкпе ауыруы қысса, бір жағынан Қазақстан Жазушылар одағының шақыртуы да келді. Соғыстан кейін екеуміз екі жаққа кеттік. 1947 жылы мен Мәскеуде МГУ-де оқып жүрген кезде Қасекеңмен қапияда ұшырасып қалдым. Үстінде қара пальто, қолында папкісі бар Қасым алдымнан шыға келгенде зарығып кездескен адамдарда ғана болатын, аса бір сағынышпен амандасып, құшағымыз айқасты. Бір-бірімізді бек қимастығымызды жанарымыз айтып тұр. Есендесіп болған соң жайлап рестронға беттедік. Рестронға кіре берісте бір сұлу әйел алма сатып тұр екен. Бізді көрді де: «Алма алыңыздар, қызыл алма, тәтті алма!»,- деп соңымыздан қалмай еріп алды. Мен Қасымға қалжыңдап: «Сізді таниды-ау деймін»,- деп ем, арқамнан қағып, балаша мәз болды. «Оның көз құртын оятқан қара пальтоның құдіреті ғой. Не де болса ақшалы адам деп ойлап қалды. Оған да шүкір!» - деді. Рестронға кіріп, тамаққа тапсырыс бердік те, елу-елу грамнан арақ іштік. Өзі көп ішпейтін. Оны-мұны әңгімелесіп отырған кезде Қасым: «Сені Мұхтар ағаңмен (Әуезовпен) таныстырайын»,- деп бір қуантып тастады. Уақытты созбай Әуезов жатқан қонақүйге звондады. «Ертең түске таяп 11-де келіңдер» деген жауап алдық. Ертең болатын сабақтың жайын ойлап: «Бүгін қабылдаса жақсы болар еді»,- деп Қасекеңе қарасам, жүзі жайнап: «Е,е,е... ондай үлкен адаммен жылдап күтіп жолықсаң да зор ғанибет қой. Бүгін «Абай» эпопиясы жайында орыстың сұлу келіншегіне сұқбат беріп отыр. Қолы тимейді», - деді.

Ертесі сағат 11-де бізді Әуезов қабылдады. Қонақүйдің үшінші қабатына орналасыпты. Әдемі киінген, сондай кірпияз адам екен. Қасым мені таныстыра жөнелді. «Мұха, мынау менің майданда бірге болған Ізгілік деген інім. Осында МГУ-де оқиды. Сізге сәлем берейін деп арнайы келді». Мұхаң маған бір қарап қойды да, әңгімені өзі жалғастырды. «Мен Ленинградта оқыдым. Ол кезде Шығыстан келіп оқитын адамдар бірен-саран ғана адам болатын. Шығыстан келген азаматтарға қамқорлық, жағдай жасаңдар. Олар бізге қонақ. Аштық заманда тарлық көрген елдің әулеті». Осы тұста есік қағып, бір қыз кірді. Сәлемдестік. Мұхаңның Ләйлә деген қызы. Қасым таныс екен. Мен де таныстым. Ләйлә сәл отырып, қоштасып, шығып кеткен соң, Мұхаң әңгіменің ауанын Қасымға бұрды. «Қасым! Ертең сеніменен Әзербайжанның Республикалық радио комитетінің бір журналист әйелі сөйлеспек. Низамидің тойына байланысты сұхбат алмақшы. Мен сенің атыңды атадым. Онымен сөйлескенде өзіңді дұрыс ұстап отыр, құдай атқан (Әуезовтың ең қатты айтқандағы сөзі сол еді)!» - деді. Қасым: «Ұстаймын ғой, Ұстаймын ғой», - деп Мұхаңа күле қарады. Біз де Мұхаңмен қоштасып, сыртқа шыққан соң Қасымға сауалды төтесінен қойдым. «Үлкен кісі неге өзіңді ұста деп сонша қадағалады?». Қасекең тағы бір күліп алды да: «Ой, Ізгілік бауырым! Менің сұлу әйелдерді көргенде салмағым жеңілдеп кететінін сен әлі білмейді екенсің ғой. Әй, інім-ай...», - деп иығымнан қақты...

- «Тұлымшағын төгілтіп, аруды сүйген» табиғаты бөлек еді дейсіз ғой...

- Қасекеңнің соғысқа кетуіне де «бүлдіршін көзін сүзіп, буыршын бұйдасын үзген» табиғаты себеп болғанын өзі де айтып еді. Мен де білгім келген сол жайға сауал тастағам. «Қасеке, бізді соғысқа студент боп жүрген кезімізде қолымызға мылтық беріп, қан майданға алды да жөнелді. Бұл түсінікті жайт. Сіз ол кезде жұртқа мәлім боп қалған ақын едіңіз. Кез-келген ақын-жазушыдан абыройыңыз кем емес еді. Неге сізді ғана соғысқа жіберді?». Қасекең әдетінше бір күліп алып: « Үстімнен қыз-келіншектермен дұрыс қыдырмадың деген домалақ арыз түскен соң мені армияға әкетті. Ары қарай сұрапыл соғысты өзіңмен бірге өткіздім ғой, бауырым!»,- деді. Міне менің майданда Қасекеңмен бірге болған күндерім осы.

- Соғыстан кейін де біртуар Қасым маңдайына жазылған сортаң тағдырдың кермегін қатты татқан-ау...

- Ол өзі басқа ақын-жазушылар сияқты біреуге барып жағынуды, жалпақтауды білмейтін. Өте турашыл, тік мінезді, әділетті адам болатын. Қай заманда да пысықтардың асығы алшысынан түседі емес пе. Әйтпесе Қасым кім еді? Қатардағы қалам тартқандардың біреуі емес еді ғой. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын ғана баспана алды. Маған үнемі оқып беретін бір шумақ өлеңі бар еді.

Жігіттің көрдік жүйрік, шабанын да,

Япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба?

Үстімнен қара палто түспей қойды,

Сұр жаға, көк бөріктің заманында.

Міне, мен білетін Қасымның тағдыры осылай өтті.

- Хабарыңыз бар шығар, ақынның жүз жылдық мерейтойы өтейін деп жатыр...

- Иә. Естіп жатырмын. Той деген не? Ішіп жеп, ойнап-күліп қайтасың. Ең бастысы ел тізгінін ұстаған азаматтар ақынның артында қалған ұрық-жұрағатын іздеп тауып, жоғын жоқтасып, жыртығын бүтіндессе, рухқа тағзым деген сол болар еді. Қыздары әлі баяғыдағы жаман үйде тұрып жатыр. Тұрмыстары да онша емес. Осыны ойлағанымыз жөн. Республика көлемінде аталып өтейін деп отырған бұл шараның Қасым ұрпақтарына сәл де болса шарапаты тисе, ақынның рухы да бір ауынап түсер еді. Атасына көрсете алмаған жақсылығымызды, ботасына көрсетсек біраз өкініштің орны толар. Әйтпесе, қызыл сөзді сапырып, Дулат айтпақшы «сөзім бар да, көзім жоқ» болып тарқасқаннан не қайыр?..

- Сыр-сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ырысбек Дәбей

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439