Латын әліпбиі: сана жаңғыруы және заманауи қажеттілік
Адамзат баласы тарихи үздіксіз дамудың әртүрлі кезеңдерінде бір сапалық қалыптан екінші бір сапалық дамуға өтіп отыратынын білеміз. Егер олай болмаса, бұл дүние дамымас та еді. Осындай сапалық өзгерістер ХХ ғасырда жедел жүре бастаса, ХХІ ғасырда оның жылдамдығы тіптен арта түсті.
Қазақ халқы да сан рет осындай сапалық өзгерістерді басынан кешірген. Биыл 175 жылдығы кең түрде аталып өтілетін Абай қазақ ойының жаңа сапалы өзгерісін жасаған данышпан тұлға болса, ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері жалпы қазақ қоғамын саяси, мәдени жағынан реформалауға барды. Тәуелсіздікке жеткен уақыттан бері біздің елімізде сан салалы реформалар жүрді. Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Рухани жаңғыру бастамасы осындай үлкен реформа болса, оның өзегі де, арқауы да – тіл. Асылы, қандай жаңғыру не қандай реформа болсын, оны жүзеге асуы үшін мазмұны да, формасы да өзгеруі керек. Егер біз тілдің мазмұнын оның сөз байлығымен, сол алуан байлықты құбылта, түрлендіре қолданумен байланыстыра айтсақ, ал оның формасы – тілдің грамматикасы, емлесі, әліпбиі. Осы реттен келгенде, біз тіліміздің барлық әлеуеті мен мүмкіндіктерін жарқырата көрсеткіміз келсе, оның қолданыс аясын барынша кеңейтумен бірге, яғни мазмұнын толық қолданумен қатар, тіліміздің формалық сипатына да мән беруіміз керек. Әлбетте, біз ғасырлар бойы қалыптасқан тілдің грамматикасын өзгерте алмаймыз, олай жасау да, қажет те емес. Бірақ кезінде бізге саяси күшпен таңылған әліпби арқылы өзгерген емлеміздің кейбір тұстарын дұрыстауға міндеттіміз. Ол үшін алдымен қазақ әліпбиін ретке келтіру қажет.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөнінде бастама көтерілгелі бері көптеген ойлар мен пікірлер, алуан ұсыныстар айтылды. Оның ішінде жеріне жеткізілмей айтылғандары, асыра айтылғандары да болды. Әліпбидің де бірнеше нұсқалары ұсынылды. Екі нұсқа ресми бекітілді. Ең бастысы, қоғамның басым бөлігі жаңа әліпбиге көшуді қолдады. Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияның мүшесі ретінде осы жұмысқа тікелей қатысым болған соң көпшіліктің осындай ықыласын анық аңғардым. Мемлекет тарапынан жоспарлы, мақсатты көп шаруалар атқарылды, атқарылмағы одан да көп. Жалпы еліміз, халқымыз үшін осы маңызды жұмыстарды уақтылы әрі сапалы атқаруға біздің әлеуетіміз толық жетеді деп ойлаймын. Егемен еліміз, халқымыз дін аман, мамандар жеткілікті. Ендігі жерде бұл мәселені қайтадан талқыға салып ұзарта беру қажетсіз.
Баспасөз ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде осы бірер айдың көлемінде латын әліпбиіне көшуге байланысты кейбір қобалжу, тіпті кейбір қарсылықтар байқалады. Әрине, қоғам болған соң әр алуан, тіпті қайшылықты пікірлердің болуы да заңды. Десек те, елдік мәселеде тіліміз сияқты аса маңызды мәселеде мұрат бірлігі, ой ынтымағы, ұлт бірлігі керек. Әлбетте, әліпби, оның емле ережелері, енгізудің бағыттары мен тәсілдері жөнінде ойға ой қосу, ортақ жұмысқа күш қосу қажет. Осындай ойлармен бөлісіп жатқан жанашыр азаматтар баршылық. Бұл осындай елдік мәселеде өте пайдалы. Бірақ халықтың басым көпшілігі қолдап отырған, дәуірлік маңызы бар, ең бастысы, әліпби ауыстырудың барлық алғышарттарын уақыттың өзі дәлелдеп жатқанда, одан ат тонымызды ала қашуды дұрыс деп есептемейміз.
Әліпби ауыстыру – үлкен дайындықты, әжептеуір уақытты қажет ететін күрделі үрдіс. Бірақ мәселенің ерекше маңыздылығы бізден осындай қиындықтарды еңсеруді, уақыт жұмсауды талап етеді. Мәселенің осындай ерекше маңыздылығының ең бастапқы алғышарты – тілді сақтау, бұзылғанды ретке келтіру. Тіл сақталмай – ұлт сақталмайтыны, тіл ретке келмей – рухани дүниеміз ретке келмейтіні түсінікті. Оны Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, осы күнге дейін қайталап айтып келеміз.
Әлемде көптеген елдер осыған тәуекел еткен, жаңа орнаған саяси жүйелер қиындыққа қарамай соған барған. Оған мысал жетерлік. Жалпы әлемде әліпби ауыстырудың негізгі екі себебі бар. Біріншісі – басқа халықтарға үстемдігін жүргізген отаршыл мемлекеттер сол халықтардың әліпбиін өзгертіп, өз әліпбилерін енгізген. Оған бәріміз жақсы білетін кешегі кеңестік империяның тарихы куә. Ғалымдардың айтуынша, сол кезеңде жетпіске жуық халықтың тілі кирил әліпбиіне ауыстырылыпты. Ішінде біз де бармыз. Екінші себебі, өзгерген әліпби тілге де өзгерістер әкеле бастады. Мәселен, кирил әліпбиіне ауыстырылған тілдер сол әліпбидің таңбаларын өз әліпбиіне көшіруге мәжбүр болды. Содан қазақ тілінің 28 дыбысы 42 таңбадан тұратын әліпбиге ие болды. Сол арқылы өзге тілдің ережелері біздің тілімізге енгізілді. Біз ғасырлар бойы қалыптасқан тілімізге орыс тілінде жасалған сөздерді қаз қалпымен көшіруге, солай айтуға, солай жазуға міндетті болдық. Сөйте келе, тіліміздің әуезін бұздық, өз сөздерімізден гөрі басқа тілдің сөздерін белсенді қорға енгіздік, терминдерді сол қалпында көшіретін болдық. Міне, осының «арқасында» қазір өзгерген, бұзылған осындай нәрселерді қалпына келтірмек болып әуреге түсудеміз. Өйткені тіл сияқты халықтың сан ғасыр соққан сарайының кейбір тұстарына ақау түсті, табиғилығы көмескілене бастады. Бастапқы ойымызға оралсақ, тілдің формасына, яғни сөз тұрқы мен әліпбиіне сырттан күштеп таңылған әсерлер оның мазмұнын да өзгерте бастады. Мазмұн мен форма сәйкес болғанда ғана құбылыс та, зат та өзінің табиғи қалпын сақтайды. Бірінің өзгерісі екіншісін өзгертпей тұра алмайды. Осыны жазып отырған себебіміз біз әліпбиімізді, бұрмаланған емле ережелерімізді өзгертпей, қазақ тілінің табиғи мазмұнын да қалпына келтіре алмаймыз. Сондықтан қазақ үшін осындай тағдырлы мәселені шешуге ресурсты да, уақытты да ойламай кіріскеніміз қажет һәм міндет. Бұл – қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің ең маңызды, ең шешуші бірінші алғышарты. Екіншіден, ХХ ғасырдың мәдени тарихына көз салсаңыз, отаршылдықтан шығып егемендік алған елдердің баса мән берген бастапқы қадамы – әліпби ауыстыру. Бұл арада кейбір ағайын «Африкадағы бірқатар елдер сол отаршыл француздардың, ағылшындардың әліпбиінде ауыспай қалды ғой» деп қарсы уәж айтуы мүмкін. Иә, солай болғаны рас. Бірақ олар ауыспайын деген жоқ, көбісінің жазу-сызуы болмағандықтан ауыса алмады немесе латын әліпбиі сияқты кең таралған әліпбиде қалғысы келді.
Кеңестік билік ыдырағанан кейін тілдерінің табиғатын сақтау үшін, кешегі отаршылдық атрибутынан арылу үшін әзербайжан, өзбек ағайындар, оларға қоса, автономиялық құрылымдағы татар, қарақалпақ, ғағауыздар латын әліпбиіне көшті. Бірақ бір мемлекетте бір әліпби деген саяси желеумен татар ағайындар 1999 жылдан бастап 2004 жылға дейін латын әліпбиінде болып, кирилға қайтарылды. Біз ішкі демографиялық жағдайымызға, еліміздегі тілдік жағдаятқа байланысты әліпби мәселесін тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінде ұстап, 2017 жылдан бастап шешім қабылдадық. Яғни, тілімізді латын әліпбиіне көшірудің барлық жағдаяттары мен мүмкіндіктері толық пісіп жетілді деген сөз. Әліпби ауыстыру қазақ тілінің, ұлттық болмысын сақтаудың үлкен мүмкіндігі болуымен бірге тағдыр талайымен елімізден тыс өмір сүруге мәжбүр болған 4 миллионнан астам қазақтың да қамы екендігін ұмытпағанымыз жөн. Біз қандастарымызды көшіріп алу, жеңілдіктер жасау, мәдени байланыстар орнату сияқты қамқорлықпен бірге, олардың атамекені мен ақпараттық қарым-қатынасын да оңайлатуымыз керек. Осының негізі – әліпби. Латын әліпбиі халықаралық әліпби және оның таңбалары шетелдегі қазақтарға таныс болған себепті, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі атамекендегі Алаш баласы мен өзге елдерде тұрып жатқан Алаш баласын жақындастырады. Ал қазіргі әліпбидің оған мүмкіндігі шектеулі. Сонда Қазақстанда әліпби реформасы жүзеге асқанда әлемге тарыдай шашылған 16 миллионнан астам қазақ өзара түсінікті ортақ әліпбиге ие болады. Міне, осының өзі әліпби ауыстырудың қаншалықты маңызды екендігін паш етсе керек деп ойлаймыз. Асылы, тіл тұтастығы сияқты, әліпби ортақтығы да ұлт тұтастығын қалыптастыратын заманда тұрмыз.
Әліпби ауыстырудың аса маңызды келесі, үшінші алғышарты қазіргі мидай араласқан дәуірдің талабымен орайлас. Қаласақ та, қаламасақ та жаһанданудың күймесі ауламызға еніп, сол күйменің жолаушысы болмақпыз. Әлемде жаһанданудың болмысы мен баяны жөнінде пікір өте көп. Қабылдағысы келмейтіндер де бар, қолдайтындар да бар. Біздің ойымызша, дұрысы – осы екі жіктің арасынан қазаққа пайдалы, зиян келтірмейтін арнаны табу. Осы орайдан келгенде жаһандануға жұтылмай, зор құбылыспен таласып емес, жарасып өмір сүруге қазір біз үшін латын әліпбиінен қолайлы балама байқалмайды. Егер мынадай бұлтартпас деректерге назар аударсақ, бұл әліпбидің қазіргі дамыған және даму қарқыны күн сайын артып бара жатқан жасампаз дәуірдің халықаралық деңгейдегі әліпби мәртебесін әбден иемденіп алғанын аңғарар едік. Ғалымдардың айтуынша, әлемде жеті жарым мыңға жуық тіл болса, осылардың жартысында жазу-сызу болса, олардың үштен бірінен астамы осы латын әліпбиінде екен. Айта кетерлігі, латын әліпбиіндегі халықтардың саны үнемі көбею үстінде. Келесі орында шамамен 20 пайызға жуық мөлшердегі қытай жазуы, онан кейінгі орында араб әліпбиі тұр. Әлемнің ең дамыған 20 елінің 18-і латын әліпбиінде. Жаңа технологиялардың, білім мен ғылымның 70 пайыздан астамы осы әліпбиде жасалады. Әлемдегі ақпараттың таралу көлемі де осындай мөлшерде. Яғни латын әліпбиі – әлемдегі әрі жетекші, әрі әмбебап әліпби. Бүгінгі сөзбен айтсақ, латын әліпбиі әлемдегі ең бәсекеге қабілетті әліпби. Енді осындай жағдайдан кейін қазақ тілін бәсекеге қабілетсіз әліпбиден бәсекеге қабілетті әліпбиге көшіру қажет пе деген сауалдың жауабы латын әліпбиінің пайдасына шешілетініне күмәндансақ, онда ақиқатқа қайшы келгеніміз.
Бұл әліпбиге көшудің төртінші алғышарты Қазақстанда латын әліпбиіне көшудің бастапқы қадамдары ресми шешімнен бұрынырақ басталған. Мектептен бастасақ, химиядағы элементтердің таңбалары, физикадағы бірліктер жүйесі, математикадағы формулалар латын әліпбиі негізінде екенін бәріміз білеміз. Бүгінгіні айтпағанда, тіпті кешегі кеңестік кезеңде де біз осы пәндер арқылы латын әліпбиінің таңбаларын меңгердік. Бұған әрқайсымыз оқыған шет тілі пәнін қосыңыз. Сонда латын әліпбиі біз жатырқайтындай бейтаныс дүние емес. Ал қазір латын әліпбиімен таныстығымыз арта түсті. Қалтамыздағы құжатымыз, қолымыздан түспейтін телефонымыз, үстіміздегі киіміміз, үтігіміз бен ыдысымыз, көлігіміз, көшедегі атаулар бәрі болмаса да басым көпшілігі латын таңбаларымен жазылған. Оны түсінбей адасып кетіп жүргеніміз жоқ. Соларды пайдаланып, сатып алып тиісінше қажетімізге жаратып жүрміз. Яғни алған біліміміздің бір бөлігін латын әліпбиі арқылы игерсек, тұрмысымызға да осы таңбалар еніп алған. Және латын әліпбиіндегі таңбалардың бізді қоршаған кеңістіктегі көлемі артып келеді. Мен бұл арада жастар жаппай болмаса да білуге құштарлық танытып отырған ағылшын тілін қосып отырғаным жоқ.
Латын әліпбиі түркі халықтарының да негізі ортақ жазуына айналып келеді. Айталық, қазіргі кезде 200 миллионға жуық түркітілдес ағайын бар десек, осылардың 55,6 пайызы латында, 25 пайызы араб жазуында, 17,7 пайызы кирилл таңбасында және аз бөлігі өзге әліпбилерді қолданады екен. Осы мәліметтердің өзі біздің әзірше азшылықтың ішінде екендігімізді, латын әліпбиі арқылы көпшілікке қарай бет алғанымызды аңғартады. Бұл – латын әліпбиіне көшудің негізгі бесінші алғышарты.
Латын әліпбиіне көшу, жоғарыда айтқанымыздай, уақытты да, ресурсты да қажет етеді. Жалпы қай реформа да оңай болмайды. Себебі жылдар бойы қалыптасқан бір жүйеден екінші жүйеге өтудің өткінші де, біразға созылатын тұрақты да қиындықтары болуы мүмкін. Бұл арада еңсеретін ең үлкен қиындық – адамдар санасының ескіден жаңаға бейімделуі. Тәуелсіздік тұсындағы реформалар көрсеткендей, біздің халқымыз жақсыға бейімделуге әзір екенін, елмен бірге еңсеруге құлықты екенін және халықтың басым көпшілігі жаңадан келетін жақсылыққа сенетінін көрсетті. Бұл, айналайын халқымыздың ақ пейілі мен таза ниетінен болса керек. Біз қазір бізге кешегі саясаттың ықпалымен таңылған бірқатар нәрселерден арылудамыз. Тозығы мен озығын айыратын шаққа жеттік, ес жидық, әлем таныдық, өз қолымыз өзіміздің аузымызға жетті, небір қиындықтарды өткердік, көшімізді түзедік, кемемізді қайраңнан айдынға шығардық, тәуекелге бел будық, тәубә дедік! Әлі сапарымыз ұзақ, алмағымыз көп, жетпегіміз мол. Әліпби ауыстыру – таңба түгендеу ғана емес, тілімізді тазарту, тіліміз арқылы жанымызды тазарту, жанымыз арқылы рухымызды асқақтату һәм жаңа жаһандық жағдайда жаңғыру. Бұл – зор жұмыс, ұлы мақсат. Латын әліпбиіне көшу ісі – тәуелсіз Қазақстанның өз шаруасы. Сондықтан да бұл мәселені шешу үшін жан-жаққа қарайлаудың, болмаса мұны саясиландырудың қажеті жоқ деп санаймын. Қанымыздың бірлігі рухымыздың бірлігіне бастауы тиіс. Кемеңгер Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» дегенін бәріміз білеміз. Достық ниет бірлігінде. Ниеті таза ағайынның арқасында бұл шаруаны да еңсерерміз.
Мұрат Бақтиярұлы,
ҚР Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, профессор.
Abai.kz