Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4813 12 пікір 28 Қаңтар, 2020 сағат 11:56

Билікке жұрт көңілі қашан толады?

Кезінде ұлы ойшыл Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген екен. Бұл сөздің мәнісіне ой жүгіртсек, сол кезден-ақ  шын мәнінде ұлт болып ұюымыздың негізгі, яғни өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлік ауадай қажет болғандығы атойлап көрінеді. Алайда бүгінгі тірлігімізге қарасақ, онда ұлы ақынның осы бір сөзін қайталайтын уақыт енді келді ме дейсіз.

Бұл ретте халқымыздың қамын күйттеу үшін елімізді нығайту қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XII ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да атап өтеді. Онда ол: «Біз егемен ел ретінде өсіп-өркен­деуі­міз үшін мемлекеттілігімізді нығай­туымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын...Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабыл­даған кезде азаматтардың ұсы­ныс­­тары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін. Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады», деді.

Расында халқының арасынан шыққан билік халқының жағдайын жайласа, сол билік тұрған жерден артық жайлы жер болмасы анық. Бірде Конфуций кезекті сапарынан келе жатқанда жолдан аулақта жылап отырған бір әйелді көреді. Анықтап қараса ол әйел біреулердің зираты алдында бүк түсіп еңіреп, бірнәрселерді айтып отыр екен. Бірақ оның не айтып отырғанын ұға алмайды. Содан қасындағы шәкіртін қайғырып отырған әйелге жібереді.  Әйелдің қасына келген шәкірт: - Жалғыз өзіңіз соншама қайғырып жылап отырғаныңызға қарағанда, сіз нағыз қимас жандарыңыздың бәрінен айырылған секілдісіз, - дейді. Оны естіген әйел: - Ия айтып тұрғаның рас, жақында қайын атамды жолбарыс талап өлтірді. Сондай бір аң енді күйеуім мен ұлымды да жоқ қылды, - дейді.

- Онда сіз неге қауіпсіз басқа жаққа кетпейсіз? –деп сұрайды Конфуцийдің өзі. Сонда ауыр қайғыдан қан жұтқан әйел басын көтеріп: - Мен нақ осы жерде ғана өмір сүргім келеді, өйткені бұл аймақта билік, салыстырмалы түрде айтқанда, қатал емес, - деп жауап қайтарады.

Біраздан кейін Конфуций шәкіртіне бұрылып: - Есіңде болсын шәкіртім, билік ең үрейлі күш – тіпті қаhарлы аңның өзінен де үрейлі, - деген екен.

Әрине, әлемде үрейлі де, өте қатал билік жоқ деп ешкім айта алмас. Әрі-беріден кейін билік те халықтың өз өнімі екені белгілі. Дегенмен биліктің де билігі бар. Өз елінің қамы үшін басын бәйгеге тігетіні бар. Және бүгінде билік секілді елдің, жердің, халықтың қамын ойлап, басын дауға салып жатқан жандар да аз емес. Ия бірқатары қамалып та жатыр. Бірақ көзі ашық, білікті жастар шетел асуда. Оны қазір жасырудың қисыны жоқ. Жақсы болса неге олай болып жатыр дерсіз. Оған да қазір дерек көп. Мәселен, Abai.kz ақпараттық порталында 2018  жылы жарияланған, яғни ел жақсыларының ел басшылығына жолдаған ашық хатынан да мына бір үзіндіні келтірсек артық болмас.
«...Мемлекеттің негізгі міндеті – жастардың өсіп-өнуіне, білім алып елге қызмет етуіне жағдай жасау. Жастардың 1/3 астамының әртүрлі діни секталарға кіруі, олардың арасындағы экстремизм, 500-дей қазақ жастарының Сириядағы соғыста жүруі т.б., – ол елді ыдыратуға салынған бомба. Қазақстан әлемдегі ең көпдінді яғни ұлттық, ұлтаралық бірлігі нашар, мемлекеттік идеологиясы қалыптаспаған елдің бірі.Үкімет пен әкімдердің жастар мәселесіне тиісті көңіл бөлмей, елде жүйелі жастар саясатының болмауы - ол бұл елдің болашағының бұлыңғырлығын көрсетеді. Бастан шіріп берекет кеткен елден ғана талантты жастар мен білімді мамандар кетуге асығады. 2017 жылы елден 36 мың адам кетсе, соның 80 пайызы мұғалім, дәрігер, инженер, яғни кәсіби мамандар. Солтүстік облыстарда мектепті жақсы бітіргендердің 75-80 пайызы Ресейге оқуға кетіп, сонда қалуда. Астана, Алматы т.б. қалалардағы жастардың 55-65 пайызы баспанасыз, 30-40 пайызы жұмыссыз, 20-25 пайызы базарда арба сүйрету, аялдамаларды күзету т.б. уақытша арзанқол жұмыспен күн көруде. Сондықтан, жастардың көпшілігі уақытылы отбасын құра алмайды, құрғандарының өздерінің 40-50 пайызы ажырасып жатыр. Бұндай азғындық қазақ тарихында, тіпті соғыс пен аштық жылдарында болмаған. Тәуелсіздік жылдарындағы елде табиғи өсім мардымсыз. 1991 жылы 17 млн болсақ, елге келген бір млн оралманды қосқанда 2018 жылы 18,2 млн болды. Бұл аралықта өзбек халқы 13 млнға (54 %) өсіп 21-ден 33 млнға жетті. Халықтың өсіп-өнуіне билік тарапынан нақты қадам жасалған жоқ...»

Ал бұл мысалдан кейін жоғарыдағы ұлы Абайдың сөзіне қайта ден қойсақ, ғұлама ақын бүгінгі өркениет қана қамтамасыз ете алар адамдардың бостандығы мен жарастығына негізделген, ізгілігі мен игілігі бірдей биік дамыған әділ, әр адамға қолын созар жанашыр қоғамның қайткенде қалыптаса алатындығын нақты атап көрсеткен ғой. Ол биліктің көрегенділігі арқылы жүзеге асады. Енді соны жүзеге асыра алсақ, билікке де жұрт көңілі толып, ұлы ақын аманатын орындаған Мәңгілік елге қадам басар ек.

Александр Тасболат

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347