Жексенбі, 24 Қараша 2024
Білгенге маржан 7765 8 пікір 3 Ақпан, 2020 сағат 11:06

«Бұрқ етіп, көзден жас шықсын...»

(Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіне түсінік)

Қоғамдық санаға Батыстың ілімдерін сіңірудей-ақ сіңіріп келеміз. Бірақ онан көсегеміз көгеріп кеткені кәне. Жастардың миын босқа кептірмей, енді Абай мұрасын ілім деңгейіне көтеретін уақыт жетті. Қазақ философиясы мен әлеуметтік ғылымдары негізіне Абайдың ой-танымдары мен көзқарастарыннеге қаламасқа? Мәселен, ойшылдың қазақтың теріс мінездерін, жақсы менен жаманды айыра алмаған қараңғылығын сынағаны – қоғамды азып-тоздырған болыстық жүйені әшкере еткені. Қу мен сұмды, зорлық-зомбылықты шенегені – әлеуметтік әділетті жақтағаны. Ұлтын өрге сүйрегені – саяси еркіндікті көздегені. «Толық адам» ілімі – бүкіл адамзаттың жоғын жоқтағаны. «Үш сүю» ілімі – әлемдік діндерді түзеткені. Қалай деген күнде де, қазіргі оқулық кітаптар осы сынды желілі методологияға зәру.

Төмендеәйгілі «Сегіз аяққа» зер салайық. Бодандық заманның сиқы, соған сәйкес елмінезінің бұзылуыкестеленген. Кең панорамалы, ұйқасы да айырықша осы өлеңгеМұхтар Әуезов: «Өлеңдегі барлық жолдар сөзбен емес, қанмен жазылған жолдар» деп жоғары бағасын береді. «Қанмен жазылған»астарлы сөз,онда азаттықты аманаттаған дегенұғымда бар. 

Кенесары көтерілісі басып-жаншылған соң, саяси еркіндік көзден бұл-бұл ұшты. Абайға: «Ендігі жол қайсы?Ұлтты прогресс өріне жетелейтін  күш-құдірет қайсы?» деп бас қатыруға тура келді. Көшпелілер көшін өркениеттің қия-шатқалдарынан алып шығар жолдың бәрін анықтай келе, ақырында, отарлық жағдайда ең мәнді, ең шешуші күш – елдік сананы ояту, надандықтан арылу деп шешті. «Сегіз аяқ» өлеңі осының куәсі. Көлемі –25 шумақ(әр шумағы сегіз жол). 

Бас абайтанушы М.Әуезов: «Үлкен өлең ...аса шебер арнаудан басталады» дейді. «Арнау» деп кіріспені, сегіз жолдан қайырылған алдыңғы үш шумақты (жиыны - 24 жол) айтқан. Айта өтері, арнаудың екі түрі бар, жаңа үлгідегі екі томдық жинақта  екеуі де берілді.

Арнаудан соң «Сегіз аяқтың»: 

...Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде, -

деген ызалы сөздермен негізгі мазмұн (22 шумақ) басталады.

Негізгі мазмұнды шартты түрде үш бөлімге жіктей отырып, зерттеп-зерделеу ұтымды тәсіл сияқты.Алдыңғы бөлім,8 шумақтың (4-11) өзегі –адамгершілік тәрбие.  Надандықтың қою қараңғылығын ақын ақ жүрек адамдықтың сәулесімен тіледі. Ызалы, ашулы сөздің қуатымен ой-сананы шабыттана қамшылайды. Бұл бөлімде қалың елі қазағын бес нәрседен (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) қашық болуға шақырған. Мысалға еріншектік әдетке «Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп, ойлап, мал іздеуді» қарсы қояды. Бекер мал шашпа, өнерлі бол! Көркем мінез иесі, есті адам бол! Өстіпқана орыс, татар, сарт сияқты халықтармен теңесесің деген ой тастаған. 

Жоғарыда айттық, Абайдыңкөздегені – теріс мінезді түзетіп, мәрт мінезге,құлдық санадан елдік санаға жету. «Болмашы кекшіл, болсайшы көпшіл», «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Біріңді, қазақ, бірің дос – көрмесең, істің бәрі – бос» сынды ұлағаттар ә бастан-ақ қанатты афоризмге, ел аузындағы мақал-мәтелге айналған. Түбі тереңдігін, қоғамдық санаға ықпалы күштілігін осының өзінен-ақ аңғаруға болады. 

Мысалға«Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деген Абай сөзін зерделеп көрелік. Бұл жеке адам түгілі, ұлы империялар құлдырап, іріп-шіру себебі айнадағыдай көрінетін қоғам заңдылығы. Күш-қайраты жұмсалмаған елді рухани азғындықтосады. Ішкі діңгегі босаған мұндай елді сыртқы жау оңай жеңіп,бағынышты етпек. Осылай көптеген «өркениетті» деген мемлекеттер «жабайылардың» құрбаны болған (Рим империясы, Шыңғысхан дәуіріндегі қуатты Орта Азия, Қытай, Бабур заманындағы Индия және т.б.). Тамағы тоқ, жұмысы жоқ адам «қайраттану, сілкіну» орнына ұйқы басып, болбырамақ. Ой-өрісі тарылып, қара басы қамынан аса алмай, көбісі ойын-сауыққа беріледі. Қара басып, құлдыру жолына түседі.«Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың. Өтірік шағым толды ғой, Өкінер уақытың болды ғой» (10-шумақ) – дейдіАбай жарықтық. Өйткені, шұрайлы аумақты келімсектер иеленіп, қазаққа малдан ғана емес, жерден айырылу қаупі де төнген болатын. «Қор болып, құрып барасың» дегенді қоғам дамуының заңдылығыдеп қабылдасақ, бүгінгі әлеуметтік жаралар тағдырдан емес, өзімізден екені анықталмақ.

Сөйтіп, алдыңғы бөлімде Абай сілтеген жол – адамгершіліктің биік деңгейіне көтерілу.Алла тағала адам баласына ерекше ақылмен қоса, таңдау еркін де берген. Қалағаның тән тілегі ме, әлде жан тілегі ме? Осы сұрақ әр адамның алдынан күн сайын көлденеңдеп шығады. Адамның жүрегі тыныш, өзі бақытты сезінуі осы екі тілектің қайсын таңдауына байланысты болмақ. Осыны біле алмаған жұртының надан хәлі – Абай күйігі.Міне алдыңғы шумақтар тереңінде тасаланғанастарлы философия осылар. 

Ортаңғы бөлімде өзінің көңіл-күйін сөз еткен үш шумақтан (12, 13, 14) кейінгі алты шумақта (15-20) Абай би-болыстар мен атқамінер ортаны сын тезіне алған. Мысалға «Хош, қорықты елің, Қорқытқан сенің – Өнерің қайсы, айтып бер? Ел аңдып сені, Сен аңдып оны, Қылт еткізбей бағып көр» дейді. Сөйтіп, бұл 1868 жылғы «Жаңа низам» қалыптастырған отарлық жүйеезгісі мансұқталған, шенелген бөлім. 

Отарлық заман ерекшелігі – жанды тән біржола билеп алады. Оның белгілері: қоғамда адалдық, бауырмалдық азаймақ. Жастар өнерсіз, құр елтең-селтеңмен жүрмек, үлкендер қайғысыз, ойлары – қулық-сұмдықпен пайда таппақ. Көпшілік өмірдің бар қызығы махаббатпен, яғни адамды сүюмен екенін ұмытпақ. Ол аздай, Құдай жолы –әділет екенін білмейді.  Абай: «Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға» дегені қазақ жүрегінде иман ортайғанына қамыққаны. Сөздің қысқасы, ақынды күңіренткен теріс мінез атаулы – дүниеге тек бас көзімен қараудың салдары.

Осынау тығырықтан халықты алыпшығарқұдірет –білім мен ілімді меңгеру. Сондықтан Абай соңғы, үшінші бөлімнің бес шумағын (21-25) терең ой, терең ғылым іздеген хәліне арнаған. Мысалға «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім» дейді.

«Екі жаққа үңілдім» деп Абай нені айтқан? Әзірге батыс пен шығысты айтқан деуге бейілміз. Мәселен,проф. М.Мырзахметов: «Бұл өз заманындағы озық батыс елдері мен қазыналы мұсылмандық шығысты меңзеп айтқан сөзі болатын», - деп түсінік береді («Абай лұғаты» кітабы. –Алматы, 2017. 26-бет). Бірақ тереңге бет қойсақ, Абайдың айтқаны –  дүниенің ішкі және сыртқы (бақи мен фәни) сыры сияқты. Өйткені, шумақтың соңын: «Екі кеме құйрығын, Ұста, жетсін бұйрығың» деп түйіндеген. Мүлде тоқайласпай, адам көзіне екі кемедей елестейтін мына жаратылыс пен жан әлемі ғана емес пе. Адамшылық түбі – құдайшылықта. Демек, «екі жаққа үңілдімді» дүниенің көрінген және көрінбеген сырын, яғни білім мен ілімді қатар меңгеру деп ұқсақ дұрыстық сияқты.  

 Келешек өнер, ғылыммен көгермегін көре білген Абай көп насихат айтқан. Абаймен төрт рет кездескенхалық ақыны Төлеу Көбдіков жазып қалдырған естеліктен бірер үзінді келтіре кетейік.

Жайлау төсінде үшінші рет көргені (1898 жылы) туралы баянында: «Шай ішіп отырғанда Мырзақан Абайдың жаңа салдырған тісінің жайын сұрады. Абай қартайған адамдарға Семейде осындай тіс салдырып алуға болатынын, бұл да өнер-ғылымның көп пайдасының бірі екенін, отарба, шойынжол, суда жүзетін кеме, не керемет ғылым жайын ұзақ әңгіме қылып кетті. Басқа өнерлі елдердің бізден артық тіршілігін де сөз қылды» дейді. Әрі қарай «Абайды төртінші рет Семей қаласында, пәтерінде көрдім» дей келе, айтқаны: «Сол жолы Абайдан дүние мұнымен тұрмайды, бұдан да зор өзгерісі болады... әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресің, құс болып, қанат қағып аспанда ұшып жүргенді де көресің деген сияқты келешекте ғылым арқылы адамзат қол жеткізетін көп қияли нәрселерді естідім. «Апырай, бұлар болуы мүмкін бе?» деп аңтарылып тұрып қалдым».

Ғылым мен өнер лаулаған жер – Германия өнімдерін патшалық Ресей суша сімірді. Озық техникасын, қару-жарағын көшіріп алып, зауыт, фабрика салып өзінікі етіп өндірді. Ең бастысы, ұлттың ғылымы дамуы қарқын алды. Кешегі Алтын Орда вассалы, ендікеліп,басқыншыға айналған көршініңосынау өсіп-өркендеу тарихы Абайға алақанға салғандай аян еді.

Бірақ кең байтақ сахара егесі қазакең бейқам, түкті байқар емес. Себебі, құлдық санабас көтертпеді: барша жұрт тән тілегі – пайда ойлау соңында бос далақтап жүр. Соңғы бес жыл бойы маса болып ызыңдаса да, «Қайраттан, сілкін!» деп қақсап айтса да ешкімселт етпеді. Ойшыл ақынның:

                   Жартасқа бардым,

                   Күнде айғай салдым, 

                             Онан да шықты жаңғырық;

                   Естісем үнін,

                   Білсем деп жөнін,

                             Көп іздедім қаңғырып;

                                      Баяғы жартас – бір жартас,

                                      Қаңқ етер, түкті байқамас, -

деп қамықпасқа лажы жоқ.Үзілмес үміт тек келешекте. Мәселен, «Тасдиқ» (қазіргіше 38-сөз) трактаты соңы, ең соңғы өсиетінде: «Біз... ғылымды кәсіп қылмақпыз!» дейді. Көріпкел аманатқа еріксіз бас шайқап, таңқаласың.

«Сегіз аяқ» бір мақала көлеміне сиятын шығарма емес, сондықтан «хакім Абай ұлтын сүйген бе, сүйсе қалай сүйген?» деген соңғы мәселемен шектелмекпіз. Бұл сұрақтың жауабы:

                    Ауырмай тәнім,

                    Ауырды жаным,

                            Қаңғыртты, қысты басымды;

                     Тарылды көкірек,

                     Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды,

деген, сондай-ақ:

                              Іште дерт қалың,

                              Ауыздан жалын –

Бұрқ етіп, көзден жас шықсын:

                                               Күйдірген соң шыдатпай,

                                               Қояр ма екен жылатпай? –

деген күңіренісінде тұр. Мамықтан төсекте ұйықтай алмай, «аһ!» ұрған хәлін әлденеше өлеңіне өзек етеді. Ақылға кемел,қайратты, күшті тұлға неліктен қатты күйінген? Бұл – ұлтқадеген махаббаттың айғағы һәм жұрттытүзетем, ел қылам деген мақсатқа жете алмағанының өкініші. Келер ұрпаққа «Осыны ұқ, мен жете алмадым, сен жет!» деп сыр шертеді. Аманаттайды. Ұлтын шын сүю белгісі осы. Мұны «Абай Ресейдің отаршыл билігіне қарсы сөз айтпаған, отарлық саясатты сынамаған» десетін жандар біле жүргені абзал.

Сонымен, тұжыра айтқанда, «Сегіз аяқ» – халықтың мұңын мұңдаудың ғажайып үлгісі. Оған қоса, «Оян, жұртым!» деп жар салған қайраткер Абай ұраны.  Асыл мұраны жастарға түсіндіру ісінде осы екінші аспекті де қағыс қалмай ескерілсе, нұр үстіне нұрболар еді.    

Сөз соңы немесе сәл Абайша күрсініс.Өз ырқымыз – өз қолымызда дүр. Мүбадә, отыз жылда не бітті, не өнді? Түк те, ештеңе де. Неге? Жаппайпайда ойладық. Таққа тән келді, нәфсі хүкім етті. Болды, бітті. Хаттә «бес дұшпан», әсіресе, мақтаншақ уәбекер мал шашпақ (жалған форум, өтірік реформа, даңғаза той, т.б.) есірді де кетті.Тіл өшті, ғылым сөнді. Ұлтсыздандық. Бұ һәммәси «Ай, қап!»-қа себеп – ғұламаһи Абайға сенбедік. Көзі тірісінде «Көнбеді ешкім сөзіме, Әдетіне қарысып» десе, қазір де көнбедік. Хақ тағала «Абыз Абайды таны, сілкін!» депберген алтын уақытты пайдаланбадық, қырын келдік. Енді қайттік?!... 

Асан Омаров 

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566