Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. Үшбу сәлем жолдадым...
Қазақстан парламенті Мәжілісінің төрағасы
Орал МҰХАМЕДЖАНОВ мырзаға ашық хат
Құрметті Төраға!
Бүгінде биліктің басы-қасында, айналасында жүргендердің бәрін дерлік кезінде таңдаған атына мінгізген Кеңес өкіметінің кеңсе-мекемелерінде жұртшылықтан келген хатқа он күннің ішінде жауап беруді міндеттеген тәртіп болғанын жақсы білетін шығарсыз. Ол да өкіметімен бірге кете барды. Тәуілсіздігіміздің жиырма жылы көрсетіп бергеніндей, бізде жоғары-төменді кімге хат жазсаң да, жауап қайтарылмайтын «дәстүр» қалыптасты. Соның бірегей мысалы - Сізге 2004-жылғы қарашаның 10-ында және 2009-жылғы маусымның 16-сында жазған, поштаның өз қолыңызға тигізетін жолымен жөнелтілген, Мәжіліс депутаттарына мәлім етуіңізді өтінген хаттарымның хабар-ошарсыз қалғаны. Соны ескеріп, мына хатымды Abai.kz порталы арқылы ашық жазғаныма ренжімегейсіз.
Парламенттің заң шығарушы орын екенін мен де білемін, алайда ондағы депутаттар халықтың қалаулылары ғой, сайлаушыларынан барған хаттарға уақтылы назар аударуға, діттеуге міндетті. Сондықтан, сайлаушы ретінде, бұл хатымның да депутаттарымызға жетуін қалаймын.
Қазақстан парламенті Мәжілісінің төрағасы
Орал МҰХАМЕДЖАНОВ мырзаға ашық хат
Құрметті Төраға!
Бүгінде биліктің басы-қасында, айналасында жүргендердің бәрін дерлік кезінде таңдаған атына мінгізген Кеңес өкіметінің кеңсе-мекемелерінде жұртшылықтан келген хатқа он күннің ішінде жауап беруді міндеттеген тәртіп болғанын жақсы білетін шығарсыз. Ол да өкіметімен бірге кете барды. Тәуілсіздігіміздің жиырма жылы көрсетіп бергеніндей, бізде жоғары-төменді кімге хат жазсаң да, жауап қайтарылмайтын «дәстүр» қалыптасты. Соның бірегей мысалы - Сізге 2004-жылғы қарашаның 10-ында және 2009-жылғы маусымның 16-сында жазған, поштаның өз қолыңызға тигізетін жолымен жөнелтілген, Мәжіліс депутаттарына мәлім етуіңізді өтінген хаттарымның хабар-ошарсыз қалғаны. Соны ескеріп, мына хатымды Abai.kz порталы арқылы ашық жазғаныма ренжімегейсіз.
Парламенттің заң шығарушы орын екенін мен де білемін, алайда ондағы депутаттар халықтың қалаулылары ғой, сайлаушыларынан барған хаттарға уақтылы назар аударуға, діттеуге міндетті. Сондықтан, сайлаушы ретінде, бұл хатымның да депутаттарымызға жетуін қалаймын.
Айтпақшы, екінші хатымда Сіздің пікіріңізді білгім келген мәселе бесеу еді (хаттарымда жеке басыма қатысты сөз болған емес), соның екеуін қайталап айтып, жаңа әңгімемді содан кейін бастайын. Сондағы «ескі» екеу мыналар-ды:
Ақын атеист пе?
1. Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «халық жауы» деген жаладан толық ақталысымен марқұмның таңдамалы туындылары 1988-жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді, бірақ ол жинақ жарымжан болды, себебі: баспадағы әсіресақтардың «арқасында» ақынның өлең-дастандары: «Құдай, Алла, Тәңір, тағдыр, иман, мұсылман», т. б. діни сөздерден «тазартылып», қажы Шәкең кәдімгі атеистке айналдырылды. Шәкәрімтанушы бас ғалым-әдебиетшіміз Қайым Мұхамедханов, сыншы-жазушы Мұхтар Мағауин ол өрескелдікті қатты сынаған мақалалар жазып, дереу дабыл қақты. Қостаушылар аз болмады.
Шәкең жинағы одан беріде екі дүркін шығарылды («Аманат» жорналының кітапханасы, Халықаралық Абай клубы, Жидебай, Семей, 2006 ж.). Алайда, ең болмаса Қайым ағаның жанайқайы ескерілмей, кітаптың 1988-жылғысы қайталана салды. Аруаққа одан өткен қиянат болуы мүмкін емес!
Мектептеріміздің біразында шәкірттерге Шәкәрім өлеңдерін жаттату бәйгесі өткізіліп, кейбір оқушылар ақынның 50-80 өлеңін жатқа айтып, жүлде алып жүр. Бұл ақынның «атеистік» өлеңдерін оқытып, жаттатып, жас ұрпақты адастыру емес пе? Әрине! Осы жөнінде: «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас Алаш» гәзеттерінде мақалаларым шықты. Басшылар, жұртшылық құлақтансын деп жаздым. Ақын бабамыздың өлең, дастан, мақала, хаттары автордың өзі барда басылған «Қазақ айнасы» кітабымен салыстырылып, академиялық жинақ етіліп, мемлекеттік баспадан шығарылса деп ұсыныс жасадым. бірақ, өкінішке қарай, тиісті басшы орындар ғана емес, жалпы зиялы қауымнан тірі жан үн қатпады.
Мирзоян кім? «Мырзажан» ба?
2. Ресейдің тарихшы-жорналшысы Юрий Жуковтың «Иной Сталин. Политические реформы в СССР в 1933-1937 гг.» деп аталған кітабында Қазақстанды 1934-1938 жылдары билеген Л. Мирзоянның 1937-жылы Кремльге хат жіберіп, «халық жауларының» 2446-сын атуға, 4403-ін жер аударуға рұхсат сұрағаны айтылған. Жиыны - 6749 кісі (тізім жоқ, сан бар). Ал Ежов оны 7650 кісіге жеткізіп, бекітіп қайтарған. Мирзоян одан соң Сталинге құпия жеделхат жолдап, «рысқұлов-нұрмақовтардың революцияға қарсы ұлшылдық-фашистік ұйымы барын» мәлімдеген. Ол «ұйымның мүшесі», республика Орталық атқару комитетінің төрағасы Ө. Құлымбетовті орнынан босатуды сұраған. Босаттырып алып, атқызып тастады. Яғни Мирзоян 7650 адамды тізімдеп, мысалы, ақын-жазушыларымыздан: Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқаларды жұтты. Бірақ қазекем, қалайша екенін түсінбедім, малын тартып алып аштан қырған Голощекинді «қу жақ, жауыз» деп дұрыс даттады да, малына тиіспей, азаматтарын қырған Мирзоянды «Мырзажан» деп мақтады. Танымал қарт журналшы Мадат Аққозин «Вернуть из забвения» атты кітабында (Жұмабай Шаяхметов туралы) былай депті: «Мирзоян после такого предшественника (Голощекинді айтады, - Ғ. Қ.) явился как спаситель народа. Появилась работа. Отменили карточки на хлеб, его продавали в магазинах за деньги. Начал налаживаться быт людей. Но на смену массовому голоду пришел массовый арест с расстрелами».
Сөйткен Мирзоян туралы бүгін де мадақтау мақала жазылуда, Алматы, Астана көшелерінде аты бар. Мен осы кереғарлыққа да ашынып, әр қырынан бірнеше мақала жарияладым. Алматы қаласының әкімдігіне хат жаздым. Ешқайдан ешкім ләм демеді. Баяғы: «әй, қайтесің соны қозғап?».
Осы орайда бабамыз әл-Фарабидің: «Сен досыңнан қауіптенбе, қатты болса сатып кетер; жауыңнан сескенбе, қапыңды тапса өлтірер; сен немкеттіліктен қауіптен, түбіңе сол жетер!» деген қағидасы еске түседі.
Бұл жай сандырақ емес. Бұл - қырғынға шақыру!
Енді бұрынғыларды өз төрелігіңізге тапсырып, жаңа сөзіме кіріссем, ол - қоғам қайраткері ақын Мұхтар Шаханов бастаған тілжанашырларының халыққа, президентке, парламентке жазған ашық хатымыз. Ол баспасөзде жарияланысымен президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кеңесшісі Е. Ертісбаевтың оны: «Конституцияға қарсы әрекет», деп шыға келгені мені де еріксіз таңқалдырды. Конституциямыз Қазақстан азаматтарының ой еркіндігі мен сөз бостандығын қамтамасыз еткен болса, президенттің кеңесшісі оны не білмеген, не білгісі келмеген. Әлде біздің: «...жетінші баптағы екінші тармақ алып тасталсын» дегенімізден өлердей шошыды ма екен?
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатнас тілі делінді. Өмір ыңғайына сай орынды байлам. КСРО кезінде одақтас республикалардың бәрінде мемлекеттік тіл болған орыс тілінің КСРО ыдырап, әрқайсысы жеке шаңырақ - тәуелсіз мемлекет болған елдерде тағыда мемлекеттік тіл болуы қай қисынға саяды? Көп ұлт-ұлысты Қазақстанда ұлтаралық қатнас тілі болуы орыс тілі үшін үлкен мәртебе емес пе?! Жоқ, ішкі-сыртқы орыс ағайындар оны олқысынып, ренжи бастап еді, біздің «көңілшек» билік пен парламент Конституцияға түзету енгізіп, орыс тіліне «ресми тіл» дәрежесін бере қойды. Меніңше, «мемлекеттік тіл» мен «ресми тілдің» бір-бірінен айырмасы жоқ, аты басқа, заты бір. Бұл шындық па? Шындық! Соның салқыны тигендіктен біздің: өкімет, үкімет, парламент әлі күнге орыстілді ме? Орыс тілді! Мұнымен келіскілеріңіз келмесе, құрметті Төраға, депутаттар, өздеріңіз айтыңыздаршы: парламент 20 жылда жиыны неше мәжіліс өткізді және оның нешеуі мемлекеттік тілде өткізілді? 20 жылда неше Заң шығарды және оның нешеуі мемлекеттік тілде жазылды?
Біз хатымыздың алғашқы мәтінін талқылағанда орыс тілін «ресми тіл» деп мемлекеттік тілмен теңестіре бермеу керек, «ұлтаралық қатнас тілі» дәрежесіне оралтуды айту жөн болады деген пікір болып еді, ол соңғы мәтінде қалайда орын таппай қалыпты. Оқыс болайын десе, қашанда оп-оңай ғой. Соның байыбына бара алмаған бунаковтар өздеріне ұйымдасқан қастық жасалғалы жатқанын көргендей уралады да, солардың ыңғайына бейім бірнеше қазағымыз хатқа білмей қол қойғандарын өкіне мәлімдеді, ал қойылған қолы жоқтар қол қоймағандарын ерлікке балап е өркештене «үн қосты» (өйткендерін өз басым «жағымпаздықтың жалаушасын көрсеткендері» деп білем). Әрине, әркімнің еркі. Әйтседе, осы жерде бір гәп бар.
Әлемге әйгілі түріктанушы ғалым Лев Гумилев «Ұлы дала мен Русь» деп атаған заманнан беріде Ресей патшаларының кеңбайтақ Ұлы даланы - қазақ жерін иемденгісі келмегені жоқ. Мәселен, 1-Петр Ресей бұл кеңістікті өзіне қаратып, халқын қара жұмысқа пайдалануы керек, олар ғылым-білімге қабілетсіз десе, 2-Николай патша қазақтардың көнгендерін православие дініне енгізіп, көнбегенін қырып тастау туралы жарлық шығарған болатын. Жә, шовинистік ол жауыздықтарды тізе бермей, бертінгі солженицын-жириновскийшілдердің ғана Қазақстанға, қазақтарға қарсы айтқан, жазған сандырақтарын санасақ, «көптомдық шығармалар жинағы» болар еді. Сыртқы істер министрлігіміз бірде жалақор Жириновскийді Қазақстанның шегіне жолатпауға шешім қабылдап (зиялы қауымның талабы бойынша), Ресей Сыртқы істер министрлігіне нота тапсырған, бірақ, арада ай өтер-өтпесте, ол шешім далада қалды да, «шешесі - еврей, әкесі - заңгер» жерлесіміз Алматыға келіп, оқыған мектебінде кездесу өткізіп, мейлінше тайраңдап қайтты. Ол қалай? Сонда Сыртқы істер министрлігіміздің кім көрінгенге қолжаулық болғаны ғой?!
Оны да қоя тұрып, осыдан үш апта бұрын Максим Акимов дегеннің (бүркеншік аты-жөн болуы да мүмкін) ресейлік интернет-сайтта жарияланған «К российским соотечественникам в Казахстане... Русские, очнитесь!» деп атаған үндеуінен бірер үзінді келтірейін:
«...Давайте разбираться в чем дело. А дело в том, что до прихода русских в степной край, оседлого населения здесь не было, не было вообще. Возможно, где-то на юге территории нынешнего Казахстана, существовали единичные небольшие поселки, но городов не было, никакой цивилизации не обнаружиловалось. Русские (и прочие славяне), прибывающие из внутренних губерний России, являлись первыми поселенцами, первым постоянным населением региона. Именно они и могут считаться коренным населением Казахстана...».
Ғұлама бабамыз Махмұд Қашғаридің 1082-жылы «Әлемнің домалақ картасын» («Круглая карта мира») жасап, онда бүгінгі Орта Азия мен Қазақстанның да жер бедерін, қалаларын ғылыми анық мәнерлеп сызғанынан хабар-ошары болмаған, болған күннің өзінде әдейі білмегенсіп бықсыған Солженицынның сайқалдық елесіне елітіп жүрген көп шуылдақтың бірі - мынау М. Акимов қазақтардың тарихына да, тіліне де, әдебиетіне де жауығып, «мәдениетсіздер, ұлтшылдар» деп түтігіп, қазақ жеріндегі орыстарға: «Русские, очнитесь, нужно возвращать ситуацию в нормальное русло, возвращать все на круги своя, ведь вы у себя дома, вы первыми начали строить дома в этих степях!» деп ұлып отырып ұран тастады.
Бұл не? Жай ғана сандырақ па? Жоқ, бұл - Қазақстандағы қазақтар мен орыстардың арасына әдейілеп, ашық от тастау! Бұл - қырқысқа, қырғынға шақыру! Бұл - елін, жерін, мемлекеттік тілін құрметтеуші қазақтарды тағыда тұншықтыруды көксеу! Бұл - бізде: казачествосын үстем етуді көздеп қоқырақтап жүрген казактарды; «Отанымыз - Россия, президентіміз - Медведев!» деп мантырап жүрген қайсыбір кеудемсоқ орыстарды желіктіру, ұлтаралық шиеленіс туғызу, арандату! Нағыз шовинизм!
Шын бар-ау, қазақты халық дегісі келмей сандалған мынау Акимов тарихтан мүлде бейхабар екен: «Быт казахов, как мы все прекрасно знаем, находился на уровне кочевников-скотоводов, в то время как в России уже появились Ломоносовы и Менделеевы» депті. Байғұс-ай!.. Аристотельден кейінгі Екінші ұстаз болғанын әлем ғалымдары мойындаған Әбу Нәсір Мұхаммед әл-Фараби бабамыз ғылымда небір жаңалық ашып жүрген кезде ломоносовтар мен менделеевтердің бабалары да бұл дүниеге келмеген еді ғой?!.
Қазақ тілжанашырларының хатын төбелеріне түсетін бомбадай көрген орыстілді гәзеттер: солженицын-жириновский-кузьмин-мироглов-акимов... сияқты сухиттардың сұмпиғылды сөздеріне неге назар аудармайды, қанталап тұрған қаскөйлік ниеттерін неге айыптамайды? Жымысқы саясатпен үрритсоқтап қашанғы үнсіз қала береді? Интернет сайттары арқылы қазаққа, Қазақстанға жынкөбігін шашып жүрген көргенсіздеріне неге тиым сөзін айтпайды?
Біздің үкімет ше? Ұлтаралық, тіпті мемлекетаралық қатынасты ушықтыруға белсене, жанталаса кірісіп жүрген ресейлік саясатшыларды, журналшы-жазушыларды тәртіпке шақыруды талап ете Ресей үкіметіне неге салмақ салмайды?
Сондай-ақ, біздің хаттан ат-тондарын ала қашқан қазағы бар, басқасы бар «жанашырларымыздың, батырларымыздың» қайсысы ең болмаса мынау Акимовке қарсы бір ауыз сөз айтты?
Жоғары-төмен биліктегі шенеуніктер болса, орыстілді гәзеттердің жеке тілшілерінің сұрақтарына, немесе орыстілді журналшылармен сұхбат жасағандарында, немесе мақалаларында Қазақстанның, қазақтың атына айтылып жатқан бетпақтыққа, жалақорлыққа нақты, құжатты мысалдармен тойтарыс беруді неге керек етпейді? Өйтудің орнына өзімізді іштен шала қосарланып: «Тіл мәселесін саясаттандыруға болмайды... Конституцияға қол сұқпаңдар... парламент тіл мәселесімен айналыспайды... парламент Конституцияға түзету енгізбейді... Қазақстанның тыныштығын орыс тілі сақтап келе жатыр...» десті (Н. Нығматуллин, Қ. Мәми, О. Мұхамеджанов, М. Тінікеев, т. б.). Парламент маңы ерекше белсенділік танытты. Депутат Б. Сыздықова «төрт мемлекеттік тілді Швейцарияны» үлгі етіп, тіпті ағылшын тіліне мемлекеттік мәртебе беру керек деп, Қожанасыр әпенді «аспанға шығарып кеткен» айды жерге түсіре жаздады. Паһ, шіркіндер!
Ұлттың намысын шабақтайтын қара күш - шовинизм!
Қазақ жерін ертеде аралаған шетелдік саяхатшы ғалымдар қазақтың: мейманқос, әдепті, еңбеккер, әнші, күйші, өнерлі, момын, кешірімді, аңқау халық екенін жазғаны тарихтан мәлім. Ал оның сырттан келген жауға қаһарланып қарсы тұруға әрқашан әзір болғаны, іштей өзара қақтығыс-қырқысқа бармағаны өзімізге де белгілі. «Көршіңді құдайдай сила» - ежелгі қағидасы. Мынау нарықты экономика кезіндегі материалдық-моральдік қиындықтарға да төзіп, шыдап келеді. Еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық - қазақ халқының осы қасиетінің жемісі!
Қазақтың жерін жерлеп, суын сулап отырған орыстардың қайсыбірі бізді «ұлтшылдар!» деп айыптап әлек. Иә, біз өз ұлтымызды сүйеміз және ұлтымыздың ұлттық нышаны - тілін құрметтейміз, қорғаймыз! Бізді мазақ еткісі келетін шовинизмді айыптаймыз! Саны аз қай халықтың болсын ұлттық намысын шабақтайтын қара күш - шовинизм!
Құрметті Төраға, депутат мырзалар! Біз орыстарға қарсы болған емеспіз, болмаймыз да. Абай мен Пушкиннің аруақтарын силаймыз.
Іргелес екі үй - қазақ пен орыс сиыспай қалса, бірінің көшіп кетуі мүмкін. Ал құдай табиғи көрші еткен Қазақстан мен Ресей өйте алмайды. Мыңдаған шақырымға созылған ортақ шекаралы қазақ пен орыс Ұлы дала мен Русь тұсында-ақ құдандалы туыс болған. Яғни екі халықтың арасына ор қазу пиғылынан бас тартқысы келмейтін алыс-жақындағы арандатушыларға кесімді сөздеріңізді ресми түрде қашан айтасыздар? Тіл саясаты десек, халықтың көкейкесті мәселесіне мән бермейтін парламент қай халыққа керек? Бірінші Конституциямыздағы: «Орыс тілі - ұлтаралық қатнас тілі» дегенді кейін «ресми тіл» деп түзеткен парламентіміз емес пе? Иә, парламентіміз! Ендеше, «ресми тіл» деген ағаттығын «ұлтаралық қатнас тілі» деп бастапқы қалпына орайластыра түзетуге тиіс пе? Әрине!
Тілжанашырларына ортақ осы ойларымызды ескеретіндеріңізге сенеміз!
Сайлаушыларыңыздың бірі ретінде ізгі тілекпен хат жазушы -
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
Халықаралық әдеби «Алаш» силығының иегері,
Қазақстанның Құрметті журналшысы.
17-қыркүйек, 2011-жыл.
Алматы қаласы
«Абай-ақпарат»