Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 6001 7 пікір 12 Ақпан, 2020 сағат 12:10

Сіз ғажайыпқа сенесіз бе?

Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер деген бар. Расымен де бұл әлемде біз түсіне бермейтін небір аңызға бергісіз таңғажайып оқиғалар болып жатады. Солардың бірі стюардесса Весна Вуловичтің басынан кешкен хикаясы. Ол 10160 метр немесе 33 333 фут биіктіктен құлап тірі қалған әлемдегі жалғыз адам. Осынысы  үшін де Гиннестің рекордтар кітабына енді.

1950 жылы 3 - қаңтарда дүниеге келген Весна Вулович қатардағы қарапайым көп қыздың бірі еді. Оның өмірін күрт өзгерткен оқиға 1972 жылы 26 – қаңтарда орын алды. Дәл осы күні югославиялық «Yugoslav Airlines» әуекомпаниясының «JAT 367» номерлі «McDonnell Douglas DC-9-32» ұшағы Стокгольм — Копенгаген — Загреб — Белград бағытындағы маршрутты орындап, Копенгаген мен Загреб арасындағы әуе кеңістігінде ұшып келе жатты. Бортта 28 адам: 23 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болды. Ұшақ қалыпты режимде, 10 км биіктікте ұшып келе жатырған еді, кенет фюзелаждың алдыңғы жүк салатын бөлігінде жарылыс болып ұшақ екіге бөлінеді. Ұшқыштар кабинасымен қоса ұшақтың алдыңғы бөлігі негізгі бөлігінен ажырап кеткен кезде сол аралықта болған 22 жастағы бойжеткен бірден жерге құлап кетеді. Ұшақ қирандылары Чехияның Сербска Каменице ауылының маңайына құлайды. Оқиға орнына бірінші болып жеткен бұрығы Вермахт әскері Бруно Хонке қирандылар арасынан тамыры әлсіз соғып жатқан жанды денені байқайды. Осылайша әлем Весна Вулович есімді таңғажайып тағдыр иесін таныды.

Апат себебін зерттеген комиссия ұшақтың алдыңғы жүк салғышында жарылған бомбаның кейбір элементтерін тапты. Оқиға теракт деп бағаланып, хорваттық ультра-оңшыл «Усташи» ұйымынан күдіктенді. Алайда нақты айғақтар табылмағандықтын құпиясы ашылмаған күйде қалды. Ұшақты Чехословакия әуе күштері жаудың ұшағы деп шатастырып атып түсірген деген де болжам бар. 

Весна Вуловичтің аталмыш рейске тап болуының өзі де қызық жағдай. Экипаж құрамын дайындауға жауапты әуекомпания қызметкері есімдері бірдей екі бортсерікті шатастырып, осы рейспен ұшуы тиіс болған Весна Николич есімді өзге бір стюардессаның орнына Весна Вуловичті салып жібереді. Вулович оқуын әлі аяқтап болмағандықтан стажер-бортсерік болып ұшқан. Алда не күтіп тұрғанын кім білген?

Жалпы әлемде ұшақ апатынан тірі қалған адамдар саусақпен санарлық. Айталық 1942 жылы ұшқыш Иван Чисов 7000 метр биіктіктен құлады. Оның тізгініндегі Ил-4 ұшағы әуе шайқасында қирап, ұшқыш секіріп кетеді. Жердегі қалыңдығы бірнеше метрлік күмпік қардың үстіне түскен ұшқыш тірі қалады. 1944 жылы наурызда ағылшын әскери ұшқышының әуе машинасы Германия аспанында 5000 метр биіктікте сынды. Жерге құлап келе жатырған ұшақ ағаштың бұтағына ілініп қалады. Ұшқыш Николас Элкимейд ұшағынан шығып үлгереді. Осылайша ол тірі қалды. 1971 жылы Перу аспанында ұшып келе жатырған ұшаққа жай түсіп апатқа ұшыраған кезде 6400 метр биіктіктен құлаған 17 жастаған Джулиана Маргарет Кёпке тірі қалды. 1981 жылы 24 тамызда кеңестік Ан-24 жолаушылар ұшағы Ту-16К бомбалаушы ұшағымен 5100 метр биіктікте соқтығысып қалды. 38 адамның ішінен жалғыз Лариса Савицкая есімді әйел тірі қалды. Ол күйеуімен бірге бал айынан қайтып келе жатырған еді. Қалай дегенмен де 10000 метр биіктіктен құлап тірі қалған Весна Вуловичтен өзге ешкім жоқ. 

Аспан кеңістігінде 5000 метр биіктікке көтерілгеннен кейін ауа қысымы артады да, тыныс алу мүмкін болмай қалады. Оттегі жетпеген соң адамның жүрегі жарылып кетеді. Мұндай жағдайда Весна Вулович қалай тірі қалды дегенге келсек, ұшақ жарылған кезде ол бірден есінен танып қалған. Бұл өз кезегінде жүрек соғысын баяулатып, оттегі жетіспеушілігінен аман сақтап қалған. Гимнастикалық жаттығулармен айналысқан қыздың денесінің икемділігі оны жерге келіп соғылған кезде көптеген жарақаттар алудан сақтайды. Оқиға орнына бірінші болып жеткен соғыс көрген, тәжірибелі бұрынғы солдат жарақатын таңып, қан кетуін дер кезінде тоқтатып, жедел жәрдем көлігі келгенше орнынан қозғатпай күтіп отырған. Қыз кейін бірнеше күн комада жатып есін жияды. Одан соң 16 ай аурухана төсегінде жатты. Басында дәрігерлер оны аяғына тұрып кете алмайды деп санаған, алайда ол толық жазылып шығып бұрынғы жұмысына қайта оралды. Компания оның әуеге қайта көтерілуіне рұқсат бермегендіктен офистік қызметте қалдырды. Осы қызметте 1990 – жылдарға дейін жүрді. Кейін анти-үкіметтік митингілерге қатысқаны үшін жұмыстан қуылды.

Апаттан кейін ол Югославияда ұлттық қаһарман саналды. 1977 – жылы күйеуге шықты (1992 – жылы ажырасып кетеді). Балалары болған жоқ. 1985 – жылы Гиннестің рекордтар кітабына енді. Басынан алған жарақатының салдарынан ұзақ уақыт не болғанын есіне түсіре алмай жүрді. Есін жиғанда өзінің айтуынша темекі сұрапты. 

Весна Вулович кейін саясатқа араласты, Еуроинтеграцияны жақтады. Ажырасқан соң өмірінің соңын жалғыздықта өткізді. 2016 – жылы желтоқсан айында 66 жасында өз үйінде өмірден өтті. Бірнеше күн хабарсыз қалған соң полициямен бірде үйінің есігін сындырып кірген достары 23 желтоқсан күні оның өлі денесін тапты. Өлімінің ресми себебі жарияланған жоқ. 

Весна Вулович ұшақ апатына дейін де бірнеше рет ажалдан аман қалған: 12 жасында Черногория жағалауында отбасымен бірге жағадайда демалып жүргенде акуланың жемтігіне айнала жаздаған. Жасөспірім шағында психикалық ауытқушылығы бар көршісімен жанжалдасып қалған кезде көрші жігіттің сілтеген пышағынан аман қалады. Есейген шағында клиникалық өлімнен аман қалған. Өзінің айтуынша оны Вуловичтер әулетінің пірі Әулие Джордж қорғап жүреді екен. Ал сіз ғажайыпқа сенесіз бе?

Оралбек Өтеғұлов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053