Отырар кітапаханасы Александрия кітапханасын да үлкен болған ба?
Осы уақытқа дейін қазақ өркениетінің болғандығын ғылыми тұрғыда дәйектеуге ұмтылып жүрген ғалымдардың бірі - профессор Еренғайып ОМАРОВ Отырар кітапханасының Александрия кітапханасынан үлкен болғандығы жайлы болжамды дәлелдеуге әрекет жасап жүргені белгілі. Ақиқат айтыста ашылады десек те, тарих үшін тосын пайымды ғалым қандай деректерге негіздейтіні қызғылықты.
- Еренғайып Сәліпұлы, сіз Отырар кітапханасы Александрия кітапханасынан үлкен болғанын дәлелдеуге ұмтылып жүрген ғалымдардың бірісіз. Бұл дәйектеме қандай тарихи деректерге негізделеді?
- Тарихта көптеген бұрмалаушылық кездесетіні жасырын емес, соларды әшкерелеумен, әділдікті қалпына келтірумен ұлы ғұламалардың көпшілігі айналысқан. Солардың бірі - Мұстафа Шоқай. Осы тұста Мұстафа Шоқайдың ғалымдық қабілеті де жарқырап көрінді. Ол аты аңызға айналған Египеттегі атақты Александрия кітапханасының өртелуі жайлы қауесетті зерттеуге ден қойды. Бұл мәселенің ақ-қарасын анықтау бізге, қазақтарға өте қажет. Себебі, Отырар кітапханасы көлемі жағынан әлемдегі екінші кітапхана болып саналатыны баршаға аян. Сонымен қатар, атақты Александрия кітапханасының өртелуін бүкіл христиан әлемі мұсылмандарға жаба салғандығы да дау тудырады.
Осы уақытқа дейін қазақ өркениетінің болғандығын ғылыми тұрғыда дәйектеуге ұмтылып жүрген ғалымдардың бірі - профессор Еренғайып ОМАРОВ Отырар кітапханасының Александрия кітапханасынан үлкен болғандығы жайлы болжамды дәлелдеуге әрекет жасап жүргені белгілі. Ақиқат айтыста ашылады десек те, тарих үшін тосын пайымды ғалым қандай деректерге негіздейтіні қызғылықты.
- Еренғайып Сәліпұлы, сіз Отырар кітапханасы Александрия кітапханасынан үлкен болғанын дәлелдеуге ұмтылып жүрген ғалымдардың бірісіз. Бұл дәйектеме қандай тарихи деректерге негізделеді?
- Тарихта көптеген бұрмалаушылық кездесетіні жасырын емес, соларды әшкерелеумен, әділдікті қалпына келтірумен ұлы ғұламалардың көпшілігі айналысқан. Солардың бірі - Мұстафа Шоқай. Осы тұста Мұстафа Шоқайдың ғалымдық қабілеті де жарқырап көрінді. Ол аты аңызға айналған Египеттегі атақты Александрия кітапханасының өртелуі жайлы қауесетті зерттеуге ден қойды. Бұл мәселенің ақ-қарасын анықтау бізге, қазақтарға өте қажет. Себебі, Отырар кітапханасы көлемі жағынан әлемдегі екінші кітапхана болып саналатыны баршаға аян. Сонымен қатар, атақты Александрия кітапханасының өртелуін бүкіл христиан әлемі мұсылмандарға жаба салғандығы да дау тудырады.
Алдымен екінші мәселені қарастырайық. М.Шоқай бұл жайлы: «Бұған түркиялық бауырларымыздың жауап беру-бермеуі, жауап берсе, қалай берері бізге беймағлұм», деп кейиді де, одан әрі былай дейді: «Александрия кітапханасын Халиф Әмірдің өртегендігі туралы хикая бүкілдей жалған. «Таң» газетінің 1923 жылғы 30 наурыздағы санында жарияланған Франция Ғылым академиясының рапортында (Academie des inscriptions et belles-Lettres) айтылғандарға қарағанда, бұл оқиға алғашқы дәуір тарихшыларына беймағлұм. Ол тек ХІІ ғасырдың ортасында ғана пайда болған». Яғни, одан бұрынғы құжаттарда кездеспейтін себебі де сондықтан болар.
- Ендеше, Александрия кітапханасын кім, кашан өртеген деген сұрақ туады...
- Орыс тіліндегі әйгілі Брокгауз-Эфрон сөздігінде (1891) былай делінген: «...Александрия кітапханасының бүкіл Рим, Грек, Үнді және Мысыр әдебиетін сақтаған ең үлкен бөлігі біздің жыл санауымыздан бұрын 48-47 жылдарда Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кеткен... Кітапхананың екінші бөлімі, яғни Птолемей заманында жинақталған шағын кітапхана Феодосия дәуіріне дейін сақталған. Оны басқарып тұрған Серафим ертедегі мысырлық алмандардың бірінің ғибадат етуіне кектеніп, партриарх Теофильдің үгіттеуімен Серпион махалласына шабуыл жасаған жауыз христиандар жағынан өртелген болатын (391 ж.). Сонымен атақты ғылым қазынасы әмір әскерлерінің 642 жылғы жорығынан емес, христиандардың шабуылынан ойрандалған».
- Дегенмен, Александрия кітапханасын кім ойрандағаны туралы дауға әлі де нүкте қойылған жоқ қой?
- Қазіргі замандағы ғылымда да, не араб басқыншылығы кезіндегі ойран мен талан-тараж туралы көп жазған Иоанн Никиуский де, не өзге бір исламға қарсы христиан тарихшысы да кітапхананың өртенгені туралы дерек келтірмейді. Сондықтан, кітапхананың жойылғандығын белгілі бір оқиғамен байланыстыру мүмкін емес және бұған пұтқа табынушылар, христиандар немесе мұсылмандар кінәлі деп кесіп айту қиын. Бұл туралы нақты пікір жоқ. Мәселен, Плутарх Цезарьды, Эдуард Гиббон христиандарды, Григорий Бар-Эбрей мұсылмандарды кінәлайды, ал Британ энциклопедиясының авторлары бар кінәні Рим императоры Аврелианға артады. Сонымен, Мұстафа Шоқай бүкіл мұсылман қауымының атынан үлкен тарихи бұрмалаушылықты ғылыми тұрғыдан түзетті.
- Мұстафа Шоқайдың осы мәселеде Отырар кітапханасына қатысты тұжырымы қандай?
- Енді қазаққа қатысты деген жеріне тоқталайық! Мұстафа Шоқай тағы өз сөзін жалғастыра келе, былай дейді: «Көріп отырсыздар, Александрия кітапханасы Александрия қаласын арабтардың жаулап алуынан 250 жыл бұрын, «патриарх Теофиль бастаған христиандар қолымен өртелгені туралы аңыз ХІІ ғасырдың орталарында туылды» дегенін еске алыңыз. XI-XII ғасырларда Батыстағы христиандардың Шығыстағы исламға қарсы крест жорықтары болғанын орта мектептік білімі бар кез келген адам біледі. XII ғасырдың ортасы екінші крест жорығының соңы мен үшінші крест жорығының аралығына тура келеді. Екінші крест жорығында христиандық Еуропа сәтсіздікке ұшырады. Шабуыл жасаушылар Дамаскіні қоршап алғанымен, жеңіліске тап болып, кері шегінуге мәжбүр болған еді. Міне, сол кезде христиандардың мұсылмандарға қарсы өшпенділігін арттыру мақсатымен «Александрия кітапханасының Әмір тарапынан өртелуі» туралы жалған аңызды ойдан шығарып тарату қажеттілігі туған болса керек». Кітапхананы мұсылмандар өртеді деп жала жабудың астарында ислам дінін мұқату, мұсылмандарды өркениеті жоқ халықтар деп көрсету жатыр.
- Ақиқатында да мұсылман қауымы кітапқа, тасқа басылған жазуға үлкен байлық ретінде қарап, қастерлегеніне тарихтан мыңдап мысал келтіруге болады!
- Логика деген ғылым бар, соған жүгінсек, осы тұста өркениетке қатысты үлкен ғылыми жаңалықтың көзі ашылайын деп тұр. Сонымен, атақты Александрия кітапханасы 391 жылы өртелген болса, ал Отырарды Шыңғысхан 1220 жылы қиратқаны белгілі. Отырар кітапханасы өртенбесе де тағдыры жан ашырлық. Халықтың кітапхананы жақсы көргендігіне таңданбасқа болмайды. Бастарына қатер төніп тұрғанына қарамастан, кітаптарды жер астында орналасқан құпия үңгір-қалашыққа (катакомба) тыққандары - тарихтың алдында жасаған үлкен ерлік, ұрпақтың келешегіне деген риясыз қамқорлық. Фирдоусидің «Шахнама» кітабында батырдың жер астындағы үңгірлермен қоршалған қаладан шығып кеткені жазылады. Тіпті Геродотта, Парсылардың патшасы Кир Орта Азия қалаларын басып алғанда халық сондай үңгірлер арқылы құтылып кететін, байлықтарын тығып қоятын деп жазған.
- Осының нақты тарихи деректемелері бар ма?
- Осыдан шамасы 30 жыл бұрын, не одан ертеректе, қой бағып жүрген бір шопанның иті үңгірден, сырты терімен қапталған араб тілінде жазылған көне кітап алып шыққан. Ұмытпасам, шопанның аты Нұрмағанбет. Кітап Отырар қалашығының қасынан табылған, яғни сол кітапхананың кітабы болуы әбден мүмкін. Африкадағы Мали мемлекетінде туарег деген көшпенді халық бар, солардың астанасы болған Тумбукту қаласында дүние жүзіндегі ең бірінші университет ашылған болатын. Сол туарег халқы осы күндері де кітаптарын әр отбасы сандыққа салып, жерге көміп сақтайды екен. Осының бәрін мысал етіп жатқан себебім, небір кітаптар көміліп жатыр. Сондықтан, Отырар кітапханасын іздеу жұмыстарын күшейте түсу керек, оған көп ақша кетпейді.
- Сонымен, Отырар кітапханасы 1220 жылы көмілсе, ал Александрия кітапханасы 391 жылы өртелген болса, осы екі аралықта (830 жыл) үлкен кітапхана Отырарда ғана болған ғой?
- Отырар мен оның кітапханасы қай кезден бастап өмір сүрген екен? Отырар шамамен V ғасырда белгілі бола бастаған. Екінші жағынан Таразға 2000 жыл, Сайрамға 3000 деп есептесек, Отырардың да сол шамалас болар, яғни кемі екі мың жыл. Себебі, Отырар ең қолайлы жерде, Арыстың Сырдария өзеніне құяр жерінде орналасқан. Ол кітапхана бар болса, ондағы кітаптар - Вавилонның қыштан күйдірілген тас кітаптарынан бастап, түрік, парсы және қытай тіліндегі кітаптар болуы мүмкін. Арабтар мұсылмандықпен қатар, араб тіліндегі кітаптарды ала келген. Қытай тіліндегі кітаптарды ғұндар оқи алған және ғұндардың өздері де ежелгі түрік, яғни ғұндардың тілінде кітап жазып, географиялық карта сызған. Соңғы ғылыми жаңалықтарға сүйенсек қаңлылардың өз жазуы болған және алғашқыда оларда қышқа жазып күйдіріп сақтаған. Бұларға сақтарды қосыңыз, олар түрікше және парсыша білген.
- Ал көшпенділер кітап жазбаған деген қасаң ұғым бар ғой?
- Бар. Иә, «Көшпенділер кітап жазды ма?» деген заңды сұрақ туады. Жауап: олар кітап жазды. Мұндай кесімді жауап француз ғалымдары Делез бен Гватари құрған «номадология теориясынан» (көшпенділер теориясынан) келіп шығады. Олар былай дейді: «Біз тарихты отырықшы тұрмыс салтын ұстанған адамның көзқарасы тұрғысынан жазамыз... Тарих ешуақытта сыртқы дүниені түсінбеген». Мүмкін номадологтар дұрыс айтатын болар, тарихты, тіпті жалпы кітапты қазақ даласында қаланы мекендеген отырықшы қазақтар жаза бастаған.
Тарихшымыз Уахит Шәлекеновтың пікірінше, қазақтардың басым көпшілігі отырықшы болған және қалаларда тұрған. Сонымен ертедегі қазақтар кітап жазған, көп жазғаны соншалық, жазуға арналған жаңа материалды ойлап табуға тура келген. Бұрын негізінен теріге жазатын. Ондай кітаптар ауырлау келеді. Бұған біздің дәуіріміздің басында Қазақстанның оңтүстігінде, Таразда қағаздың ойлап табылғаны дәлел бола алады. Шамасы қағазды әлемдегі ең ірі кітапхана орналасқан Отырар қаласына жақындау жерде дайындаған болар. Сондай-ақ, VІ ғасырда Арал теңізінің солтүстігіндегі ел билеген сақтардың патшайымы Аққағаз туралы да мәлімет бар. Аққағаз - қазақ тілінде де «ақ қағаз» деген ұғымды білдіреді. Олай болса қағазды қазақтар қолданғандықтан оларға таныс болып тұр ғой! Ақ қағазбен қатар көк, сары, яғни түрлі-түсті қағазда дайындалған болар. Балаға есімді ата-анасы немесе рудың үлкендері қоятынын ескерсек, қазақтар ІІІ-V ғасырларда қағазды білген болып шығады. Сақтар патшайымы Аққағаз туралы қытай дереккөздерімен танысқан, танымал француз ғалымы Э. Шаван жазған. Әрине, кітаптар негізінен Жібек жолының көмегімен жиналған.
- Сіз Александрия кітапханасына барып, арнайы зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымсыз. Енді Отырар осы кітапханадан да үлкен болды деген сіздің пайымдарыңызға жақындап келеміз.
- Атақты Александрия кітапханасын, Египеттегі Александрия қаласын Македонскийдің бұйрығымен атақты Птолемей II б.з.д. III ғасырда салды. Ол да себепсіз емес. Зұлқарнайын Орталық Азияны жаулап алғанында кітапханаларды көрген шығар!? Олай дейтінім, алғашқы кітапхананы шумерлерді 600 жыл билеген біздің даладан шыққан көшпенділер - Қасситтер (қассақтар) ойлап тапқан.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, біздің жыл санауымыздың басынан бастап Отырар қаласы да, кітапханасы да көтеріле бастаған. Жарайды, 341 жылға дейін кітапхана кішкентай болды деп есептейік, екінші орында болған шығар. Бірақ әлдекімнің сол кітаптарды салыстырды дегеннің өзі күмәнді. Александрия кітапханасы 391 жылы өртелген болса, Отырар кітапханасы сол жылдан бастап бері қарай, яғни 830 жылдай әлемдегі ең үлкен кітапхана болып тұрған. Ал енді тым батыл шешім айтар болсақ, Александрия кітапханасының басым бөлігінің өртелуі б.д.д. 47 жылға тиесілі екенін ескерсек, өрттен аман қалған кітаптары бар болған күннің өзінде Отырар кітапханасының қорынан аз болуы мүмкін. Олай болса, Отырар кітапханасы 1000-1200 жыл шамасындай уақыт дүние жүзіндегі ең үлкен кітапхана болған! Мың жыл деген аз уақыт емес. Рим империясынан да үлкен.
- Сонымен, Отырар кітапханасы өз заманында әлемдегі ең үлкен кітапхана болған болса, оны әлемге мойындатудың жолдары қандай болмақ?
- Ендігі мақсат сол кітапхананы іздеу жұмыстарын бастау керек. Жер астында шамамен бес жүз мыңдай кітап жатуы мүмкін. Кітаппен қатар алтын сияқты бағалы заттар да көмілуі ғажап емес.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.