Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4160 0 пікір 23 Қыркүйек, 2011 сағат 06:54

Ауыт Мұқибекұлы. «Құйылсын көшің...». Ашық хат

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті

Нұрсұлтан Назарбаевқа

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері Көші-қон саясатын Еліміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қарап, оны үнемі өз бақылауыңызда ұстап келесіз. Әр жылы Үкімет қазынасынан 20 мың отбасыға квота бөліп, соның арқасында 800 мыңдай қандасымыз өзінің тарихи Отанына көшіп келіп, қоныстанды.

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті

Нұрсұлтан Назарбаевқа

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері Көші-қон саясатын Еліміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қарап, оны үнемі өз бақылауыңызда ұстап келесіз. Әр жылы Үкімет қазынасынан 20 мың отбасыға квота бөліп, соның арқасында 800 мыңдай қандасымыз өзінің тарихи Отанына көшіп келіп, қоныстанды.

Осы саланың жұмысын жандандыру мақсатында 1992-жылы тұңғыш «Халықтың Көші-қон» заңын қабылдаттыңыз. Биыл бұл «Көші-қон» заңына тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Парламенттің қос палатасының қарауынан өтіп, Сіздің қолыңыз қойылды. Алғашқы кезеңде Көші-қонды реттейтін органды тікелей өзіңізге бағынатын «Көші-қон Агенттігі» етіп құрған болатынсыз. Ол орган екі өзгерісті бастан кешіп, үстіміздегі жылдың басында ІІМ-нің құзырындағы «ІІМ-нің Көші-қон Полицисиясы комитеті» етіліп бекітілді. Қазір Көші-қон жұмысымен осы мекеме айналысады. Көші-қонмен айналысатын биліктің бұл саласының қанша мәрте өзгертіліп құрылуы Сіздің шетте жүрген қандастарымды қайтсем Қара шаңыраққа жеткізем деген ізгі ниет, жақсы көңіліңіздің белгісі екенін біз жақсы білеміз. Соған сай, қазақ көшінің қарқыны мен нәтижесі жаман болған жоқ. Десе де, Сіз көздеген мәреден көріне қоймағаны тағы белгілі. Бес миллион қазақ әлі де жат елде қалып отыр. Оның  үстіне соңғы бес-алты жылдың көлемінде келушілер саябырлап қалды. Қытай жағынан келетін көш тоқтады.

Жасыратыны жоқ, қазір шеттегі қандастарымызға ұлт ретінде жойылып кету қаупі төне бастады. Қытай қарамағындағы қандастарымыздың жағдайы тіптен қиын. Мектептері жабылып, жыл өткен сайын тілі мен дінінен айырылып барады. Ресейдегі қазақтар да осы күйде.

Өзіңіз жолға қойған бұл маңызды саясаттың астарын түсініп, жүрісін жеделдетудің орнына, жауапты органдар немқұрайдылық танытып, әлі бір кемелді механизім жасай алмай келеді. Сондықтан осынау «Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы» атты бетбұрыс кезеңде Көші-қон саласына да түбегейлі өзгеріс керек секілді.

Өз қандастарын Отанына шақырып отырған елдің бірі  - Израиль. Еврейлер әлемнің әр түкпірінде ғасырлар бойы көзтүрткі болып жүрген ұлттық қасіреттен құтылу үшін, 19-ғасырдың соңғы жартысынан бастап, саналы түрде ұйымдасып, атамекені саналатын Палестинаға қайтуды бастағанын білесіз. Еврей ұлты үшін қасиетті саналатын «Зион тауға қайту» идеясын теориялық тұрғыдан ең алғаш жан-жақтылы дәлелдеп, негіздеп берген Германиялық философ, еврейлердің ең алғашқы көшбасшылары Мосес Хесс (1812-1875) және кәдімгі Карл Маркс болатын. «Зион тауға қайту» ұраны негізінде граф Сэр Мосес Монтефиоре бастаған еврейдің ауқатты тобы 1856 жылы тұңғыш рет «Әлемдегі еврейлердің Көші-қон Қорын» ұйымдастыра бастады. Сол жылы осы Қордың қаржысымен бүгінгі Изратль жеріне қоныстанған еврейлердің саны небары 10029 адам болатын. Израиль мемлекеті өмірге келген күні (1948-жылы, 14-мамыр) олардың қатары алты жүз мың адамға жетті. Бүгінде аядай Израиль жерінде жеті миллион төрт жүз мың еврей текті халық бақуатты өмір сүреді. Ұлт қамын ойлаған еврей оқығандары мен өзінің жеке байлығын ұлттық мемлекет құруға арнаған кәсіпкерлерінің әлде неше ұрпағы Израиль мемлекетін қалыптастыру жолында бір ғасырға жуық азапты күрестер жүргізді. Соның арқасында еврейлер жоқтан бар етіп, мемлекет құрып шықты. Біз жиырма жыл болды, Өзіңіз құрған тәуелсіз, бай, қуатты мемлкетіміз бола тұра, қазақ көшін көлікті ете алмдық.

Ал, Германияда екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңіліп, елінің қақ бөлінгеніне қарамастан, 1947-жылдың өзінде-ақ соғыс апатынан және Гитлер билігінің жан төзгісіз саяси қудалауының кесірінен өз отанын тастап кетуге мәжбүр болған немістерді елге қайтару мақсатында «Көші-қон Қорын» құрған болатын. Соғыстың қан дақтарын әлі жуып, тазартып үлгірмей жатқан немістер сонша неге асықты? Жауап біреу. Қуатты ел болу. Дәл осы Көші-қон Қорының қуатты қаржылық мүмкіндігінің арқасында миллиондаған неміс өз Отанына оралды. Тіпті, Берлин дуалы құлап, екі Германия қосылғаннан кейін нарықтық қатынастарға әлі де бейімделіп үлгірмеген, коммунистердің шекпенінен шыққан миллиондаған Шығыс Германиялық кедей-кепшік немістердің де аузы аққа тиіп, ел қатарына қосылды.

Біз өз қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі осы үш елдің біріміз. Демек, Тәуелсіздік алған жиырма жылдан бергі уақыт біздің Көші-қон саласына түбегейлі өзгеріс енгізуіміз - еврейлер мен немістер секілді «Көші-қон қорын» құрудың аса қажет екенін көрсетті.

Қазақ Елінің тарихында Қазақстан деген жас мемлекеттің іргетасының қалануы; шегарасының бекемдеуі; жаңа астанасының салынуы; ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі; Қысқы Азиада ойындарын өткізуі; әлемдегі түрлі дін өкілдерінің басын қосып, жиналыстар шақыруы; Ислам конференциясына басшылық жасауы сынды толып жатқан игілікті істердің бәрі Ұлт Көшбасшымыз болған Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Жоғарыда айтылған шеттегі қазақтардың тарихи Отанына оралуы, орналасуы да Өзіңіз бастаған игі бастама. Оның бұдан былайғы тағдыры да Елбасшысы - Сіздің қолыңызда. Сондықтан, бұл Көші-қонға қатысты алғашқы «Қор» да Тұңғыш Президенттің атында болуы керек деп ойлаймын.

Президенттік «Қорды» құру, оның жұмысын мемлекеттік деңгейде жүргізу, бұл күнде көлігі шабандап қалған ұлан-асыр көшке серпін беретініне шүбә жоқ. Оның үстіне  бұл қазақ тарихында төтенше маңызға ие, шынайы тәуелсіздікті айғақтайтын, Еліміздің әлем алдындағы беделін көтеретін сауапты  жұмыс. Жазушы Смағұл Елубай: «Бос жатқан жер жау шақырады» деген болатын бір сөзінде. Шынында тәуелсіз Қазақ Елінің болашағы ұлтымыздың өз Отанында ұйысып, ұлттық мемлекетімізді құра алуымен байланысты. Сіздің тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап шетелдегі өз қандастарыңызды қара шаңыраққа шақыра бастауыңыздың сыры осында жатыр.

Тағы бір жағынан, Сіз ұстанған салиқалы саясаттың арқасында, дұрыс реформалардың нәтижесінде, айрандай ұйыған тыныштықтың аясында еліміздің экономикалық қуаты айтарлықтай күшейді. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Демек, бұл тәуелсіздіктің, сол тәуелсіз елді басқарып отырған Сіздің жеткен жеңісіз. Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Енді сол бақытқа қолы жеткен қауым мен ұжымдардың да бір уақ өз елін, шетте тарыдай шашырап жүрген қандастарын да есіне алатын, оған қол ұшын беретін сәт  туды, қадірлі Нұраға.

Қазақ көшін қамтамасыз етуге арналған «Нұрлы көш» деген бағдарламаның болғаны шын. Қыруар жұмыстар атқарғаны да белгілі. Биыл оның уақыты бітеді. Шыны керек, бұл жобаның аты әдемі болғанымен, салған үйлерінің бағасы тым қымбатқа түсті. Қанша төмен өсімді несиемен бердік деген күннің өзінде, алыстан келген ағайынның алуға қалтасы таяздық етті.

Еліміздің Солтүстік аймақтарындағы тұрғындардың кезінде өз Отандарына көшіп кеткенін Өзіңіз жақсы білесіз. Тоқырау кезеңі басталғанда қандастарымыз жұмыс іздеп қалалы жерлерге ағылды. Шалғайдағы  ауылдар бос қалды. Болашағы бар деп танылған осы елдімекендер қазір де баяғы күйде қағырап тұр деп айтуға болады. «Президенттік Қор» алғашқы қадамда қандастарымызды осы ауылдарға орналастырса, ондағы бос тұрған үйлерді сатып алып, оларға тегін берсе, көшіп келген ағайын үшін бұдан артық не керек?  Бұлай болғанда, «Нұрлы көштің» қаржысына салынған бір үйдің құнына, бұл жерден кемінде үш не төрт отбасына баспана әперуге әбден болады. Сосын олардың өздері де  аталмыш Қорға, аз болса да, қаржы құйюға ықылас білдіре бастайды. Сосын қажетіне қарай, жаңа үйлер тіпті ауылдар салуды жалғастырасыз.

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Бұл жеке менің ғана пікірім емес, әлемде бар, нәтижесі өнім берген, озық тәжірибе. Алыста жүрген ағайынның арманы мен тілегі. «Әлемдегі қазақтың жалғыз ғана Отаны бар. Ол - тәуелсіз Қазақстан!». Мен солардың талап-тілегін ескеріп, бұрынғы Қорлардың жарғысы негізінде, «Көші-қон Қорының» жаңа жобасын жасап шықтым. Міне, Сіздің қарауызға жібердім. Шеттегі туыстарыңыз Сізге осындай үлкен үміт артады әрі осы үмітінің жерде қалмайтынына сенеді.

Ауыт МҰҚИБЕК

«Балдырған» журналының қызметкері,

Алматы қаласы

 

Шетелдегі қандастарымызды Қазақстанға қоныстандыруға арналған

«ҚҰЙЫЛСЫН КӨШІҢ...»

Президенттік қорының

жарғысы

2011

 

1. Жалпы ережелер

1.1. Бұдан әрі Қор деп аталатын, шетелдегі қандастарды Қазақстанға қоныс-

тандыуға арналған «Құйылсын көшің...» президенттік қоры мүшелігі болмайтын, коммерциялық емес ұйым болып табылады.

1.2. Қор өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

1.3. Қор өз қызметін Қазақстан Республикасында және шет елдерде жүзеге асырады.

1.4. Қордың қызметі еріктілік, өзін-өзі басқару, заңдылық және жариялылық принциптеріне негізделеді.

1.5. Қордың толық атауы: «Құйылсын көшің президенттік қоры».

1.6. Қордың заңды мекенжайы: (Қор тіркелген кезде белгілі болады).

1.7. Қордың қызмет мерзімі шектелмей құрылған, Қазақстан Республикасы-ның әділет органдарында мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап заңды тұлға болып табылады, меншігінде оқшауланған мүлкі болады, өз міндеттеме-

лері бойынша осы мүлікпен жауап береді, өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтарға ие болуы және жүзеге асыруы, міндеттемені атқаруы, сотта қуынушы және жауапкер болуы мүмкін.

1.8. Қордың дербес балансы, өз атауы жазылған мөрі, мөртаңбасы, бланкілері мен эмблемасы болады, белгіленген тәртіппен банктерде, соның ішінде Қазақстан Республикасында да, шетелде де шетел валютасында шоттар ашуға құқылы.

 

2. Қордың мақсаты

2.1. Қазақстан Республикасының «Көші-қон Заңының» аясында тағдырдың жазуымен әлемнің әр шалғайына шашырап кеткен қандастарымызды бір шаңырақ астына жинау.

2.2. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2020 жылға қарай Қазақстан халқының санын 20 милионға жеткізу керек» деген жарлығын жүзеге асыру-

ға көмектесу.

2.3. Шетелдегі қандастарымыздың тілін, дінін, салт-санасын, ұлттық құнды-

лығын сақтауына қол ұшын беру.

 

3. Қор тікелей байланысқа шығатын этникалық қазақтар тұрып жатқан мемлекеттер

-Ресей,

-Қытай,

-Түркия, АҚШ, және Еуропа елдері,

-Моңғолия,

-Бұрынғы Кеңес одағының құрамынан бөлініп шыққан тәуелсіз республи-

калар.

 

4. Көшіп келген этникалық қазақтарды алғашқы кезекте қоныстандыратын аймақтар

-Ақмола,

-Ақтөбе,

-Шығыс Қазақстан,

-Батыс Қазақстан,

-Қостанай,

-Солтүстік Қазақстан,

-Павлодар,

-Атырау,

-Маңғыстау,

-Қызылорда,

-Қарағанды облыстарының болашағы бар деген статусқа ие елді мекендері.

 

5. Қордың қызметтері

5.1. Қордың қызметінің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасындағы әлеу-

меттік-саяси өмірдегі әділеттілікке қол жеткізу, елдегі демократияны дамыту және республика аумағына қоныс аударған этникалық көшіп келушілерді әлеуметтік, саяси және құқықтық жағынан қорғау, олардың лайықты өмір сүруі, білім алуы мен жергілікті жағдайға бейімделуі, сондай-ақ, кәсіпкерлік-шаруашылық қызметпен айналысуына көмек көрсету болып табылады.

5.2. Қордың мақсаттарына қызметтердің келесі түрлері жатады:

1) Қазақстан Республикасында болып жатқан қоғамдық, саяси және көші-қон үрдістеріне сараптама және мониторниг жүргізу;

2) Қазақстан Республикасы аумағына қоныс аударған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттеріне түсініктеме беруге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;

3) Этникалық көшіп келушілер мен шетелдердегі қазақ диаспорасы туралы арнайы интернет сайт қызметтерін ашу және ұйымдастыру;

4) Үкіметтік емес ұйымдарға және жеке заңды тұлғаларға кеңес беру қызметін көрсету;

5) Қоғамдық пікір сауалнамаларын, баспасөз конференцияларын, дөңгелек үстелдерді және пікірталастарды жүргізу және ұйымдастру;

6) Этникалық көшіп келушілер қоныстануға қолайлы аймақтарды анықтау, олар жиі қоныстанған аумақтардың, өлкелердің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бағдарламалар жасау және ендіру;

7) Этникалық көшіп келушілерге қатысты заңнамаларды өңдеу, жетілдіру және орындауда мемлекеттік құзыретті орындарға ықпал ету және көмектесу. 5.3. Қордың қызметі Қазақстан Республикасының қолданылатын заңдарының аумағында жүзеге асырылады.

 

6. Қордың құқықтары

6.1.Қор қызметінің мақсаты мен мәнін іске асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:

-шетелге шығу төлқұжаты жоқ этникалық қазақтар тұратын елдерге Қор атынан және заңды тұлғалар кепілдік берген шақыртулар жіберуге;

-аталған аймақтардағы болашағы бар елді-мекендерден тұрғын үйлерді сатып алуға және оны көшіп келген қандастарға тегін не ұзақ мерзімге өсім-

сіз несимен беруге;

-отбасы мүшелері санының аз-көптігіне қарай пәтер көлемін белгілеуге;

-баспанаға бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылар-

дың қолын жеткізуге;

-басқада мүліктерді сатып алуға және жалдауға, заңды және жеке тұлғалар-

мен өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар жасауға;

-жарғы шеңберінде белгіленген іс-шараларды қаржыландыруға;

-жеке және заңды тұлғаларға гранттар бөлуге;

-көші-қонға қатысты тікелей халықаралық байланыстар орнатуға, шетелдік ұйымдармен келісімдер жасасуға;

-бұқаралық ақпарат құралдарын құруға және көші-қон саясатын насихаттауға;

-жарғылық мақсаты шеңберінде түрлі конкурстар ұйымдастыруға және сыйлықтар тағайындауға;

-қордың жарғылық қызметін қаржыландыру үшін отандық және шетелдік инвесторлардың және қайырымдылық қорлардың қаражатын тарту бойынша іс-шаралар өткізуге, шарттар жасасуға;

-қордың жарғылық мақсатына сай келетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асы-

руға;

-қоғамдық өмірдің әр түрлі мәселелері бойынша бастамалар көтеруге және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына тиісті ұсыныстар енгізуге;

-Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.

 

7. Қордың мүлкі

7.1. Ақшалай және өзге де нысандарда Қордың мүлкін қалыптастыру көздері:

1). Құрылтайшылардан біржолғы және тұрақты түсетін түсімдер;

2). Ерікті жарналар мен қайырымдылықтар;

3). Кәсіпкерлік қызметтен түсетін түсімдер;

4). Акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар бойын-

ша алынатын дивидендтер (кірістер, пайыздар);

5). Қордың меншігінен алынатын түсімдер;

6). Заңмен тыйым салынбайтын басқа да түсімдер болып табылады.

7.2. Қорға оның Құрылтайшысы берген мүлік Қордың меншігі болып табыла-

ды. Құрылтайшылар Қордың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал Қор Құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

7.3. Қордың тапқан табысы тек жарғылық мақсатқа қол жеткізу үшін ғана пайдаланылуы тиіс.

7.4. Қор өз мүлкінің пайдалануы туралы есептерді жыл сайын ресми баспа басылымдарында жариялап тұрады.

 

8. Қорды басқару

8.1. Қорды басқарудың жоғарғы органы Құрылтайшылар жиналысы болып табылады.

8.2. Құрылтайшылар жиналысы өзінің қарауына Қор қызметінің кез-келген мәселесін туралы шешім қабылдауға, қазақстандық, шетелдік және халықаралық ұйымдарда Қордың мүдделерін білдіруге құқылы.

8.3. Құрылтайшылар жиналысының отырыстарын өткізу жылына бір реттен кем болмауы тиіс.

8.4. Қордың Құрылтайшысының ерекше құзыретіне мынадай мәселелерді шешу жатады:

1) Қорды қайта ұйымдастыру және тарату;

2) Қордың Жарғысын бекіту, оған толықтырулар мен өзгерістер енгізу;

3) заңнамада белгіленген актiлер шегінде Қордың өзге заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкiлеттiктерiн құруға немесе олардың  қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау.

8.5. Құрылтайшылар жиналысының шешімдері жазбаша нысанда ресімделе-

ді, олардың қолы қойылып бекітіледі және Қордың мөрімен куәландыры-

лады.

8.6. Құрылтайшылар жиналысының шешімдерін Қордың барлық басқару органдары мен қызметкерлері орындауға міндетті.

8.7. Қорды басқарудың тұрақты қызмет ететiн алқалық органы Қордың Қамқоршылық кеңесi болып табылады. Қамқоршылық кеңестің құрамын оның төрағасы құрады және Құрылтайшылар жиналысы бекiтедi.

8.8. Қамқоршылық кеңестiң ерекше құзырына:

1) Қор қызметінің басым бағыттары мен алдағы жұмыс жоспарларын, сонымен қатар, олардың орындалуы жөніндегі есептерді бекіту;

2) Қор қызметiнiң оның жарғылық мақсаттарына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асыру;

3) Қордың ұйымдық қызмет ету мәселелерiн шешу және тиiстi құжаттарды бекiту жатады. Қамқоршылық кеңес өз қарауына Құрылтайшының құзырына жататын мәселелерден өзге Қордың қызметiне байланысты кез-келген мәселелердi қабылдауға құқылы.

8.9. Қамқоршылық кеңестiң отырысы қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi және мүшелерiнiң көпшiлiгi қатысқан жағдайда құқылы болып табылады. Қамқор-

шылық кеңестің шешімдері отырысқа қатысатын мүшелердің саны бойынша көпшілік жай дауыспен қабылданады. Әр мүше бір дауысқа ие. Дауыстар тең болса Қамқоршылық кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

8.10. Қамқоршылық кеңес отырысының хаттамасына Қамқоршылық кеңестiң төрағасы және Қамқоршылық кеңес отырысының хатшысы қол қояды.

8.11. Қамқоршылық кеңесі тағайындайтын директор Қордың жеке дара атқарушы органы болып табылады.

8.12. Директор:

1) Қордың қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Қордың қызметін ұйымдастырады және құрылтайшылар мен Қамқоршы-

лық кеңестің алдында оның нәтижесі үшін жауапкершілікте болады;

3) Құрылтайшылар жиналысы мен Қамқоршылық кеңес шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау мақсатында әрекет етедi және оларға есеп бередi;

4) Қор қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiн белгiлейдi;

5) Қамқоршылық кеңестiң шешiмдерiне сәйкес Қордың қаражатына және өзге де мүлкiне иелiк етедi;

6) Қордың қызметкерлерiн қызметке қабылдайды және қызметiнен босатады, олардың арасында мiндеттердi бөледi;

7) Қордың барлық қызметкерлерi орындауға мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi; Қордың атынан сенiмхатсыз әрекет етедi, оның мүддесiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, өзге де мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдарда және шет елдерде бiлдiредi;

9) Қордың атынан мәмiлелер жасасады, сотта сөз сөйлейдi, сенiмхаттар бередi, Қор қызметiнiң мәселелерi бойынша өзге де функцияларды орын-

дайды;

10) Құрылтайшылар жиналысы және Қамқоршылық кеңестiң тапсырмасы  бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

8.13. Қордың атқарушы органының қаржылық қызметін бақылау мақсатында үш жылға ревизиялық комиссия тағайындалады.

 

9. Қорды қайта ұйымдастыру және тарату

9.1. Қорды қайта ұйымдастыру туралы шешімді Қамқоршылық кеңестiң ұсынысы бойынша Қордың Құрылтайшылыр жиналысы не Құрылтайшының жеке бастамасы бойынша қабылдауы мүмкін. Қайта ұйымдастырылған жағдайда, Қордың мүлкі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, қайтадан пайда болған заңды тұлғаларға көшеді.

9.2. Қор Қамқоршылық кеңестiң ұсынысы бойынша Қор Құрылтайшысы жиналысының шешімімен не Құрылтайшының жеке бастамасы бойынша таратылуы мүмкін. Қор таратылған жағдайда, кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлік Қордың жарғылық мақсатына бағытталады.

 

10. Қорытынды ережелер

10.1. Қор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бухалтерлік есеп пен статистикалық есептілікті жүргізеді, өз қызметі туралы салық және статистика органдарына ақпарат береді.

10.2. Қор Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, кедендік төлемдерді қоса алғанда, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлейді.

10.3. Қордың қызметі осы Жарғымен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

Жарғының алғашқы жобасын жасаған:

Ауыт Мұқибек

Алматы қаласы

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530