Бір ғасыр бұрынғы сөз*
- Ахмет ата, осыдан жүз жыл бұрын білім жарысы деген мақала жаздыңыз. Сондағы ойларыңызды бүгінгі ұрпақтың зердесіне тағы бір құйып өтсеңіз.
- Білім жарысы дегеніміз: бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге тігеді де, мәлім етеді - осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы: пәлен ауруға ем тапқан я пәлен ғылымнан, яки өнерден жаңа жол тапқан, я пәлен турасында жазып, кітап шығарған адамдарға беріледі дейді.
Ал бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен-бірі озуға жүйріктігін аяп қалмайды. Тап дегенді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібереді.
Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап, бәйге кеседі. Еуропада, мысалы, Нобелевский білім жарысы бар. Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында я әдебиет ауданында еңбек етіп, озған адам я соғысқа қарсы һәм халық арасын жақындастыруға пікір жайған адамдар алмақшы.
- Жарысып бәйге алу біздің қазақта да бар ғой.
- Ахмет ата, осыдан жүз жыл бұрын білім жарысы деген мақала жаздыңыз. Сондағы ойларыңызды бүгінгі ұрпақтың зердесіне тағы бір құйып өтсеңіз.
- Білім жарысы дегеніміз: бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге тігеді де, мәлім етеді - осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы: пәлен ауруға ем тапқан я пәлен ғылымнан, яки өнерден жаңа жол тапқан, я пәлен турасында жазып, кітап шығарған адамдарға беріледі дейді.
Ал бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен-бірі озуға жүйріктігін аяп қалмайды. Тап дегенді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібереді.
Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап, бәйге кеседі. Еуропада, мысалы, Нобелевский білім жарысы бар. Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында я әдебиет ауданында еңбек етіп, озған адам я соғысқа қарсы һәм халық арасын жақындастыруға пікір жайған адамдар алмақшы.
- Жарысып бәйге алу біздің қазақта да бар ғой.
- Қазақта бай адамдар я қуаныш нәрсеге той істеп, ат шаптырады, я өлген адамына ас беріп, ат шаптырады. Байлығына қарай ас пен тойдың үлкені де, кішісі де болады. Зорлығы бәйгеге тіккен малынан гөрі, шақырған елдердің санынан, сойылған малынан байқалады.
Тойдан көбіне ас зор болады. Асқа сойылған малды, шай-қантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, тігілетін бәйгені ақшаға аударып есептегенде, зор астарға талай мың жұмсалады. Соның бәрі жұрт жиылып, бір-екі күн ішіп, жеп кету үшін істеледі. Не жұртқа келер одан пайда жоқ, не ас берушіге тиер сауап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да қалады. Ақылдың ауанымен санағанда, астың шын мағынасы босқа мал шашу болып шығады. Ат шаптырып, ас берді деген бес-он жылға ат қалады. Қазақ жомарттығының түрі һәм оның ақырғы тиімі осы.
- Қазаққа білім жарысы не үшін керек?
Неше түрлі ғылым, өнер - бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін, шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі - білім жарысы.
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға, бір жұрт екендігімізді білдірер едік. Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетінен шапшаң хабар алғызып тұрған ғылым, отарба, от кемелерді жүргізген ғылым.
Қазақ биыл 5 теңгеге сатқан нәрсесін келер жылы өзі 10 теңгеге қайта сатып алады. 10-11 сомға алып отырған былғары - былтырғы 4-5 сомға өзі сатқан терісі. Кезі 5-6 сомдық шұғалар, торқалар - қазақтың бір пұтына 3-4 сом алып сатқан малының жүні.
Қазақтың осы күні сатып алмайтын нәрсесі жоқ, сол алған нәрселерінің бірін де қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ - бәрі де завод, фабрикаларда істеліп, шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай болғанда, қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр. Басқа жұрттарда өздерінің істеген нәрселері өз ішінде сатылып, жұмсалған ақша өз елдерінде қалып, шетке кетпейтін болса, оны жұртқа шығын деп есептемейді, тек бірінен-біріне ауысқанға санайды. Қазақ малының басқаларға кетпейтін орны жоқ.
- Не үшін біздің қазақ байлары өзге елдің байлары сияқты қазыналарын жоғарыда аталғандай білім жарыстарына және тағы басқа салаларға салмайды?
Еуропа байлары мұндай іске ақшасын басы бүтін қиып, жомарттық етеді. Ақшасын пайда қылып, сонымен малын көбейтуге шығармайды, әуелден-ақ жұрт үшін, көп үшін қайтпас қайыр құрбаным деп шығарады.
Біздің қазақ байларында еуропа байларындай мол байлық жоқ, аз байлықпен халінше жомарттық қылатын байлар қазақта аз, жоқтың қасында. Біреудің малы көп болса да, саңылауы жоқ болады. Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі, жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. От басына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы от басынан аспайды.
Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі таптың, я екі рудың намысы деп ұғады.
Басқадан кемшілік көрсе, намыстанбайды, кектемейді, бір-бірінен кемшілік көрсе, кегін жібермейді. Аулын шауып, адамдарын сабаса, жауын мұқатып, мақсатына жетіп болғаны. Халықтың көбі сондай болған соң, сол көптің ішіндегі байлар қайда барсын? Сондықтан қазақ байлары білім бәйгесіне ақшасын Еуропа байларындай басы бүтін бере алмайды. Еуропаша істе деуге аузымыз бара алмайды.
- Оларды мұндай ізгілікті іске тартудың жолы қайсы?
Қазақ байлары білім бәйгесіне ақшасын басы бүтін шығармасын, өзіне қайтаратын етіп бәйгеге тіксін. Оны былай етуге болады: жоғарыда айтылды, білім жарысы қазақ арасына білім тарататын кітаптар шығаруға болсын деп. Білім түрлі болады. Білімнің әр түрін бірдей жақсы білетін адам аз болады. Бір түрін жақсы білетіндердің табылуы қиын емес. Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; шаруа жайын оқығандар шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; оқыту жайын жақсы білетіндер мектеп кітаптарын жақсылап шығаруға мүмкін нәрсе; әдебиет ауданында жүйріктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегі бар жақсы романдар оғари сондай сөздер шығаруға мүмкін нәрсе.
Осындай кітаптарға бәйге тігілсе, ол бәйге нағыз жақсы шығарған ғана кітаптарға берілсе, тігілген бәйгеге қарай бәйге берілген кітапты бір я екі рет бай бастырып, ақшасын өндіріп алатын болса, содан кейінгі бастырулары жазушының өз еркіне берілсе, осы шартпен білім жарысы істелсе, әуелі, бәйге тігуге жомарттық көп керек болмас еді, неге десең, сынаудан өтіп жақсы деп бәйге берілген кітап, өтпей қалады деп қауіптенуге орын жоқ. Екінші, жазушыға да қолайлы, шығарған кітабы жақсы болса, еңбегіне тиісті даяр ақшаны алып, онан әрі тағы жақсы кітап шығаруға кірісер еді. Еңбегіне ақысы татымды болған соң, ол өзін сол жұмысқа алаңсыз жегер еді. Әр жерден сондай жазушылар шықса, білім жұмысын айдап алға бастырмай қоймас еді.
Материалды дайындаған Битанова А.
Мемлекеттік тілді дамыту институтының
ғылыми қызметкері
*Сұхбатқа Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Казақ» газетінде жарияланған «Оқу жайы» және «Білім жарысы» деген мақалалары пайдаланылды.