Серік Тұрғынбекұлы. Ғарыш – Қазақ
1991 жылдың 2-нші қазаны - қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан күн. Қазақ баласының ғарышты бағындырғанына биыл 20 жыл толады. Осы тарихи күнге орай, ақын Серік Тұрғынбекұлының «Ғарыш - қазақ» поэмасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Абай-ақпарат»
Серік Тұрғынбекұлы,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Махамбет сыйлығының иегері.
Ғарыш - Қазақ
ПОЭМА
(Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңестер Одағының Батыры, Халық қаһарманы, бұрынғы Парламент депутаты Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров туралы)
Астана 2009 жыл
БАСТАУ
Уа, Тоқтар -
Құрдасым!
Бұрдым саған жыр басын.
Бар болмысың -
Бөлекше,
Сен -
1991 жылдың 2-нші қазаны - қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан күн. Қазақ баласының ғарышты бағындырғанына биыл 20 жыл толады. Осы тарихи күнге орай, ақын Серік Тұрғынбекұлының «Ғарыш - қазақ» поэмасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Абай-ақпарат»
Серік Тұрғынбекұлы,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Махамбет сыйлығының иегері.
Ғарыш - Қазақ
ПОЭМА
(Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңестер Одағының Батыры, Халық қаһарманы, бұрынғы Парламент депутаты Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров туралы)
Астана 2009 жыл
БАСТАУ
Уа, Тоқтар -
Құрдасым!
Бұрдым саған жыр басын.
Бар болмысың -
Бөлекше,
Сен -
Ерекше тұлғасың.
Ұшып барып,
Қырансың -
Мекендеген
Күн қасын.
Барар жерге
Бір бармай,
Жетер жерге
Бір жетпей -
Белгілі ғой, тынбасың.
Бағың -
Айдай жарқырап,
Сағың -
Әсте сынбасын.
Жұртың сенің - сырласың.
Халқың сенің - мұңдасың.
Жігіттер жүр жаныңда,
Күш-жігерін шыңдасын.
Салмайсың ғой көзіңді,
Бір көруге өзіңді,
Сұлулар жүр
Сыланып,
Тағып -
Жүзік,
Сырғасын.
Қатар қойса өзіңмен,
Қазір сенен кім басым?!
Дау келсе де алдыңа,
Жау келсе де алдыңа
Белгілі ғой,
Белсеніп -
Қиналып та,
Қымсынып,
Қыңқ етпесің,
Қыңбасың.
Мұқатқан да
Кекеткен,
Тартса дұшпан етектен,
Түсінгенге
Бұл да - сын.
Тұлпар десе - тұлпарсың,
Сұңқар десе - сұңқарсың.
Жоғалтпайтын
Ешқашан -
Сыры менен сымбатын.
Өзге емес,
Өзіңсің -
Қимасым да,
Қымбатым -
Мақтанышпен ұрпағы,
Айтып жүрер күнде атын!
Тартып туған
Тегіне,
Шырқап шыққан
Көгіме,
Тұңғыш рет
Қазақта
Сенсің нағыз -
Шын батыр!
Ұранысың
Ұлтымның
Сырбаз сұлтан
Сүйікті,
Кең кеуделі,
Иықты.
Арна тартып
Аспанға,
Сен таңдадың -
Биікті.
Мен айтайын,
Тыңда сыр...
Сенің салған
Жолыңды
Жалғай берер
Ұрпағың,
Өтсе-дағы -
Мың ғасыр!
* * *
Уа, Тоқтарым,
Тоқтарым!
Сеңгір көкте -
Соқпағың.
Білем,
Білем -
Бұрыннан,
Жанарыңда нұр барын,
Жүрегіңде от барын.
Туа сала
Ту ұстап,
Күнге қарай беттедің,
Айға қарай аттадың.
Тумысыңнан мергенсің,
Қате кетіп көрген жоқ
Ұмсынғаның,
Атқаның.
Бала күннен аң аулап,
Құстың еті - татқаның.
Қыран ұстап,
Түлкі алып,
Тыпа-тыныш жатпадың.
Қатарыңнан артқансың,
Табиғатқа тартқансың,
Қарлы боран - дауылдай,
Қарқаралы тауындай
Қасың сенің -
Қап-қара,
Шашың сенің -
Қап-қалың.
Жұртым үшін қуаныш,
Ұлтым үшін мақтаным!
Теперішті көп көрдің,
Қатер істі өткердің.
Алма-кезек,
Дүниенің -
Аязы мен аптабын.
Жеме-жемге келгенде,
Көңіл күйің шерменде,
Таразыға түскенде,
Баста пікір піскенде,
Сен Жеріңді сатпадың,
Сен Еліңді сақтадың.
Ұлтына ие болмаса,
Жұртына кие қонбаса,
Қалмайтынын білесің,
Хан отырған тақта құн.
Сенің қазір
Ұраның:
- Ұлтың үшін отқа түс,
Халқың үшін атқа мін!..
Қолдасын сені -
Хақ - Тәңірім!
ҚАРҚАРАЛЫ ҚҰШАҒЫНДА
Бұл тауды -
Атышулы
Арқадағы,
Ежелден
Ел біледі -
Қарқаралы.
Құшағы -
Қалың орман,
Көгілдір көл,
Кең дала -
Жасыл шалғын - шартарабы.
Шыққан соң бір шомылып
«Шайтанкөлге».
Бет түзеп ауылыңа қайтар жерге,
Алдыңнан «Мамыр» деген ауыл шығар,
Кеткен соң көтеріліп қайқаң белге.
«Мамырдың» мыңғырған мал
Маңайында,
Тағдырдың сан талапай талайында.
Бұл дала
Берекелі мекен болған,
Кең жайлау -
Көшіп-қонған ағайынға.
Сарыарқа -
Сараласаң қай жағын да,
Құрт пен май,
Кім татпаған қаймағын да.
Жиын-той
Қысы-жазы арылмаған,
Қашаннан
Қарқаралы аймағында.
Әсем күй,
Ән мен жырдың мәңгі өлкесі.
Әсерлі сұлулықтың сәнді еркесі.
Алдыңда ізі жатыр,
Аттап бассаң,
Атақты -
«Қояндының жәрмеңкесі»
Қоянды жәрмеңкесі!
Қойнында -
Тарихтың өткен талай
Тойы мұнда.
Аянып қалмаған жұрт осы арада,
Салтанат -
Сауығын да, ойынын да.
Қоянды -
Біржан салдың барған жері,
Ақанның аңыраған
Арманды елі.
Топ жарып
Жарылғапберді,
Айтбай ақын,
Құмары қалың елдің қанған жері.
Даланы уысында ұстағасын,
Дұшпандар қалай оны қыстамасын?!
Әдейі шаршы топта шалқып тұрып
Мәдидің шырқаған жер
«Үшқарасын»
Ақ мұнар
Таудың басын шарпыған жер,
Аққулар
Айдын көлде қалқыған жер.
Сүйгені осы арада теңін тауып,
Күйлері
Тәттімбеттің шалқыған жер.
Қауқылдап
Қариялар кеңескен жер.
Саңқылдап
Сұңқар - қыран тел өскен жер.
Маңайын
Мамыражай шуақ билеп,
Майраның
Майда қоңыр әні ескен жер.
Сұлудар сүмбіл шашты,
Қынаған бел,
Ептілік,
Ерлігімен ұнаған Ер.
Қайыспай -
Қалың елі
Қайран қалып,
Қажымұқан
Қайрат-күшін сынаған жер.
Ерлердің талай бағы жанған жері,
Кәусардан - жан сусыны қанған жері.
«Бір өзі - бір театр» -
Қалибектің
Шыр етіп, кіндік қаны тамған жері.
Неше бір көсемдердің,
Шешендердің
Көрді жұрт
Кер жорғадай төселгенін.
Уақыт сылып алып,
Тұла бойға
Уытын таратпады кеселдердің.
Содан ба,
Бойда шапшып намыс қаны,
Бас қосып жақындағы, алыстағы.
Көбейіп
Кең өлкенің
Көкжалдары,
Даланың туды небір Арыстаны.
Ол кезде бастан бақыт аздау ұшты,
Керімсал,
Көктем көңіл жазға ауысты.
Қазаққа
Қазына мен құт сыйлаған
Қазыбек,
Кәдуілгі
Қаз дауысты!
Қазыбек
Қаз дауысты -
Бидің биі.
Болуы заңды - ықылас сыйдың жиі.
Дауларда шашасына шаң жұқтырмай,
Топ жарып өте шығар
Тұйғын күйі.
Бәріне куә соның Қарқаралы,
Жалғанның
Жалпақ жатқан
Жарты аралы,
Шапқанда суырылып тұлпарлары,
Қалады қуырылып жер танабы.
Жалғасып бір-біріне аспан-жері,
Құтылып кете алмаған қашқан бөрі.
Құда боп
Құнанбайға
Шырт түкіріп,
Алшаңдап
Алшынбайдың басқан жері.
Қол ұшын беріп талай қысылғанға,
- Жаратқан, бұра гөр, -деп, -ісімді оңға.
Қалада -
Қарқаралы мешіт салып,
Құнанбай тәуәп еткен мұсылманға.
Көрініп әділдігі қазылықта,
Осылай тіл тауыпты өзі жұртқа.
Намазын бес уақыт қаза қылмай,
Құнанбай екі барған
Қажылыққа.
Халқына берген билік бағасы ұнап,
Қалың ел
Қаракесек - жағасы бақ.
Абай да Қарқаралы қаласына
Келіпті талай рет нағашылап.
Келгенде нағашы елі
Қалың Шаншар,
Қуанып қалады екен жаны кәусар.
Абай да араласып кетеді екен,
Ел іші тұра ала ма болмай дау-шар.
Бәріне жүріпті Абай араласып,
Көрмеген айтар сөзден ол адасып.
Шаншарлар:
- Нағашыға тартқан ұл! - деп
Мақтапты жан-жағынан қамаласып.
Көңілге қашан болсын ауыл - көрік.
Қиялға қосылады дауыл - желік.
Абай да талай рет таңырқапты
Қара орман -
Қарқаралы тауын көріп.
Қайыңды,
Қарағайлы
Қарқара тау.
Болғандай бар адамға ортақ отау.
Өзі де «Қарқаралы» деген сөздің
Өзгеше,
Неткен ғажап дархан атау.
Жайына -
Жайбарақат жата алмастан,
Бұл жерді аяғымен
Ахаң басқан.
Алты ай қыс
Ақ түрменің дәмін татып,
Қиналған хабар-ошар, хат алмастан.
Кездер көп бұл жалғанда ғапыл басқан,
Жас жігіт
Жүре ала ма шатылмастан.
Патшаға
«Петеция» жасамақ боп,
Ақбайдың Жақыбымен ақылдасқан.
Ел солай бүлінген соң іргесінен,
Тарихтың қалай қалмақ құр көшінен?!
Ақыры қуғын-сүргін,
Алас-күлес,
Семейдің бір-ақ шыққан түрмесінен.
Зұлматтың сиқы осындай жат орнатқан,
Түсірген тұзағына - қатал қақпан.
Ол аздай,
Бұл Семейдің түрмесінде,
Әлихан Міржақыппен қатар жатқан.
Тарихтың
Сөз бастасаң мысалынан,
Жалғанда аз болмаған құсалы жан.
Патшаға
Ең алғашқы қарсы шеру -
Басталған
Қарқаралы құшағынан.
Кейіннен бұл өлкеге
Кеңес келіп,
Тарихта қалды ол да белес болып.
Жетпіс жыл
Ту даланы теспей сорып,
Бұл күнде
Өкінішті,
Ол - естелік.
Жаңбырдай
Қара аспаннан қайғы бүркіп,
Биелер іш тастады...
Айғыры үркіп.
Қазақты таққа бөліп таластырып,
Кедейге -
Көпшік қойып,
Байды құртып.
Осылай әр ауылда кеңес құрып,
Зорлықпен бай-кедейді теңестіріп.
Ежелден
Еркін елдің
Есін алды -
«Коммунизм» дегенді -
Елес қылып.
Болмайды Коммунизм,
Болған емес.
Бәрі де бұралқы сөз -
Жалған елес!
Бостандық -
Басыңдағы еркіндігің,
Бұл бақыт -
Көрінгенге қонған емес.
Бірақ ол,
Бәрінен де болған епті,
Жусатып,
Бай,
Байшыкеш,
Молда,
Бекті.
Жетпіс жыл
Қалың елдің
Қанын сорып,
Келмеске «Коммунизм» ол да кетті.
Осылай өтті дүние,
Өтті дәуір.
Халықты тұралатып көп күн ауыр.
Даланы бір сілкінтіп тастау үшін,
Желдетіп,
Жеделдетіп,
Жетті
Дауыл.
Бәріне куә соның
Қарқаралы,
Халықтың
Қайтқан күнде бар талабы.
Қашанда -
Ел аманда,
Жер аманда -
Жақсылық жарып шығып
Жол табады.
Бас құрап,
Арман - үміт тоғысқан соң,
Ел-жұртым
Ерлік жасап табысқан соң.
Күн туды әлеуметке мамыражай,
Бес жылғы -
Ойран-асыр
Соғыстан соң!
ТОҚТАР ТУҒАН КҮН
Мың тоғыз жүз қырық алты -
Жыл көшінде,
Атақты Қарқаралы іргесінде.
Шыр етіп дүниеге
Тоқтар келді,
Жайнаған жаз айының шілдесінде.
Су толып
Өзен-көлдің кемеріне,
Құлпырып
Қайыңы да,
Емені де.
Жазылып
Жалпақ елдің арқа-басы,
Жаздың да келген кезі кемеліне.
Төбеден
Төнгенменен
Күміс күні,
Көп аса сезілмейді
Күн ыстығы.
Бөленіп ақ бесікке
Бөлек дүние -
Даланың тербеліп тұр
Тыныштығы.
Бір сәтте -
Жасағандай мінажатты,
Таулардың
Тас төбесін қына жапты.
Болды да
Аспан асты -
Ағыл-тегіл,
Сарқырап,
Сай қуалап
Бұлақ ақты.
Айдынды күні-түні паналаған,
Аққулар қос қанатын сабалаған.
Бұлттарын
Будақ-будақ
Бұрқыратты,
Тып-тыныш
Тұрған
Аспан бағанадан.
Мүлгімей тыныштықта
Мүлде асығып,
Кеткендей гүлдің бәрі қырға шығып.
Білгенін табиғат та жасап бақты,
Күн көзі бірде ашылып, бір басылып.
Найзағай -
Жарқылдаған жаудың кәрі,
Назарын жалпақ елдің аудырғалы.
Жиылып
Қарқаралы құшағына
Қосылып кеткендейін таудың бәрі.
Осы еді
О бастан-ақ арман күткен.
Даланың қыр арқасы талған жүктен.
Тығылып
Қарқаралы қолтығына,
Бір жерге жиылғандай орман біткен.
Жарғаққа тимегендей жар құлағы,
Тағдырдың жетпегендей жарлығы әлі.
Тоғысып бір арнаға
Толас таппай
Даланың құйылғандай бар бұлағы.
Онсыз да күн қызығы аз болғандай,
Айдынға сансыз аққу-қаз қонғандай.
Кешегі қиян-кескі соғыстан соң,
Табиғат тұңғыш рет мәз болғандай.
Ел-жұртым артқа тастап ауыр күнді,
Сонымен, жел басылып, дауыл тынды.
Болмаса төтеп берер тегеурінің,
Әйтпесе бере қоймас жау ырқыңды.
Шаттықтан жарылардай жер жүрегі,
Жырлайтын қуаныштың келді жөні.
Қалған ел есеңгіреп,
Соғыстан соң -
Сәбидің үнін естіп елжіреді.
Бұл қазақ мәпелейді отбасын көп,
Ардақтап аталарын «текті, асыл», деп.
Есімін жас сәбидің
«Тоқтар» қойды,
«Бар қырсық осыменен тоқтасын!» - деп.
Әлемде бейбіт заман орнасын деп.
Әуенін тыныштықтың толғасын деп.
Қол жайып,
Бата қылып
Тіледі жұрт,
«Бұл қырғын енді қайтып болмасын!», - деп.
Өтеді уақыт солай жоқ-барменен,
Алмасып жақсы-жаман шақтарменен.
Тәу етіп,
Дүние тұрды
Дүйім елге,
Үн қатып:
- Тоқтар!
- Тоқтар!
- Тоқтар! - деген.
Бірақ та
Уақыт шіркін тоқтамады.
Жанарын келешекке көп қадады.
Алтын күн
Күміс шуақ төгілдіріп,
Халқымның
Қайта жанды бақ-таланы.
Тарихы туған елдің хатқа көшіп,
Бұйырып адал дәм-тұз татқан несіп.
Кең дала -
Қарқаралы құшағында,
Осылай келе жатты -
Тоқтар өсіп!
БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ
Ол ылғи жүгіреді
Тауға қарай.
Зымырап,
Зулап сонда
Заулағаны-ай!..
Өзенді,
Көлді, тіпті бір-ақ аттап,
Кедергі болмас оған тал-қарағай.
Жүгірсе алды-артына бір қарамай,
Өзгеше жаратылған бір баладай.
Жалаң бас,
Жалаң аяқ жүгіреді,
Ол ылғи -
Ылдиға емес,
Қырға қарай.
Әзірше елі-жұрты жүр аңғармай,
Кеудеде ұлан-асыр ұран бардай.
Бұлттармен араласып,
Қиял кезіп -
Қияға құйқылжиды
Қырандардай.
Нұр шашып жанарынан
Өрген арай.
Орыны табатындай төрден орай.
Көңілі алабұртып
Бала бүркіт
Тартады -
Төменге емес,
Өрге қарай.
Қашанда көтеріңкі
Иық,
Кеуде.
Кетердей көк аспанға тиіп кейде.
Әуелден аласаны
Місе тұтпай,
Ол өзі -
Бейім тұрар биіктеуге!
Өзінше ойнап жатса бала біткен,
Бағзыдан бұл қызықты дала күткен.
Қарайды ол бәріне де
Тым биіктен,
Қайыңдай -
Шың басына дара біткен.
Берген соң тал бойына дала нәсіп,
Биікке қай кезде де бала ғашық.
У да шу - балалардың ойынына
Шыдамай,
Кетер сосын араласып.
Сол сәттен,
Алау оттай ойын қызып,
Сен-дағы тұра алмассың бойың қызып.
Көргендей боласың сен
Кең далада -
Дүрліккен дүниенің тойын қызық.
Мәз болып балалар да
Тоқтарына -
Ойынның кіріп кетер көкпарына.
Әр үйдің бұзығы да,
Қызығы да,
Жойдасыз жүгенсізі,
Ноқталы да.
Қосылып ұзыны да,
Қысқасы да.
Жосылып ересегі,
Тұстасы да.
Қазағы орысымен араласып,
Көрінер не бір ұлттың нұсқасы да.
Табылар,
Бәрі, бәрі
Табылады.
Күресте көрсетуге бағын әлі.
Болса да қанша бала осы топта,
Барлығы
Бір Тоқтарға бағынады.
Белдессе -
Жықпағанын,
Жыққанын да,
Сөйлессе -
Ұқпағанын,
Ұққанын да,
Ым қағып тәубесіне келтіретін -
Бәрі де
Бір Тоқтардың ықпалында.
Ішінде бұзықтарын,
Сотқарларын,
Әлжуаз,
Момын болып
Шет қалғанын.
Шетінен байлап-матап қойғандай-ақ
Ұстайды былқ еткізбей
Тоқтар бәрін.
Бөлмейді -
Жатың ба, әлде туысың ба?
Жарасаң жетіп жатыр жуысуға.
Қыспайды,
Қинамайды, сөйте тұра,
Ұстайды
Тоқтар бәрін уысында.
Алаулап бойындағы жалыны ішкі,
Жаралған жаны - жайсаң,
Тәні - күшті.
Баллардың қарасирақ
Бұл ауылда
Тоқтарға бәрі бірдей бағынышты.
Атойлап ол да талай шығып еді,
Бұзықтар қорқып одан бұғып еді.
Баласын біреу сабап кеткен жандар
Тоқтардан көмек сұрап жүгіреді.
Тоқтарға бәрі құштар жолығуға,
Оңтайлы -
Оны қолдап,
Оны ұғуға.
Сонан соң бәрін барлап,
Бәрін аңдап
Қояды Тоқтар өзі орынына.
Сүйеді анасы да жаны үздігін,
Біледі перзентіне парызды жұрт.
Тоқтарды бала жастан
Ауылдастар -
Айтатын
Әрбір ісін аңыз қылып.
Бір жаста -
Бесігінде бұлқынады,
Екіде -
Еңбектеуге ұмтылады.
Үш жаста -
Үкілеген үміттей боп,
Қияға қанат қағып зырқырады.
Төрт жаста -
Төсегінен атып тұрып,
Тұлпардай
Тұғырында жұлқынады.
Бес жаста -
Бесенеден белгілі боп,
Белдеуде байлаулы аттай
Бұл тұрады.
Алтыда -
Айқасқанын алып ұрып,
Талайдың шыбын жаны шырқырады.
Жетіде -
Желігінен бір басылмай,
Белгісіз қайда барып бір тынары.
Сегізде -
Серке санды тұлпар мініп,
Тау-тастан
Табылмады бір тұрағы.
Тоғызда -
Толысқанын енді біліп,
Жанғандай
Жанарының нұр-шырағы.
Он жаста -
Орда бұзған Батыр сынды,
Белгілі
Биігіне бір шығары!...
ЖІГІТТІК ЖОЛЫ
Өзгеден
Өсті Тоқтар ерек болып,
Бітімі,
Болмысы да бөлек болып.
Әр ісі,
Әр қимылы
Әлем үшін -
Кәдеге жарайтындай керек болып.
Біршама
Тұла бойы - тұлғасы да.
Шыршадай
Тұрақтаған шың басына.
Жүргені,
Тұрғаны да,
Отырғаны -
Лайық көрінеді бір басына.
Түр-түсі -
Тамылжыған таңғы бақтай.
Күлкісі -
Жанға жайлы бал-бұлақтай.
Кей сәтте
Тым мазасыз күй кешеді,
Тыпыршып -
Кермедегі арғымақтай.
Көңілі -
Кейде шалқар көлдей болып,
Кей сәтте
Тарылады - шөлдей болып.
Бір сәтте,
Алай-түлей,
Салқар дала -
Сарнаған
Сарыарқада желдей болып.
Қабағы бір ашылса -
Жаздай болып,
Айдынға қонған аққу-қаздай болып.
Қабағы бір жабылса -
Қыран дүние,
Көрінер
Көптің өзі аздай болып.
Кей сәтте,
Жайлы,
Жұмсақ -
Гүл өңденіп.
Тұрғандай
Дайын тұлпар - мінер көлік.
Кей сәтте
Тамағына тас тығылып,
Кетеді тамырлары білеуленіп.
Бір сәтте
Жанарынан жалын күліп,
Кетеді нұр шуаққа малындырып.
Бір сәтте
Дүлей мінез
Дамыл бермей,
Кетердей дүниенің бәрін қырып.
Бір сәтте
Мәз болады - баладайын.
Бір сәтте
Қозғалады - данадайын.
Бір кезде
Көрінеді таудай болып.
Бір кезде
Керіледі даладайын.
Жүрегі -
Ағайынға жуыстығы,
Тілегі -
Туған елдің тыныштығы.
Байқасаң
Бір басынан
Байқалып тұр,
Тұлғасы -
Табиғатпен туыстығы.
Келтірмей
Келте уақыт - қанша ырыққа,
Тұрса да
Аңсары ауған аңшылыққа.
Қол ұшын берген талай ағайынға
Тайталас,
Тайғақ кешу,
Таршылықта.
Үздігіп
Әлденеге елікпеген,
Қыз қуып,
Бәз біреудей желікпеген.
Келтіріп тұлғасын да,
Сымбатын да
Табиғат аямай-ақ көрік берген.
Жігіттің
Жөні бөлек - иықтысы,
Қызығар
Қыз біткеннің сүйіктісі.
Қазір-ақ
Қарасынан көрініп тұр,
Түбінде бір болары -
Биік кісі.
Зерделі -
Көңіліне тоқу ғажап.
Шабыттың жүректегі отын қаузап.
Жігіт ол -
Жеті жұрттың тілін білген,
Тас-түйін,
Спортта - үздік,
Оқуда - озат.
Жігіт ол -
Арғымаққа,
Атқа құмар.
Тағдырдың қатал дәмін татқаны бар.
Әнге де -
Әуестігі байқалады,
Аз-мұздап
Айтатұғын тақпағы бар.
Болмады бұған бөтен бұрынғы жұрт.
Кеткен жоқ
Дәстүр-салтқа қырын жүріп.
Өңгерді
Қанжығаға кіл «бесікті»
Меңгерді -
Техника тілін біліп.
Білмесе,
Білгендерден сұрап білді.
Бұзылса,
Бұзылғанды құрап білді.
Ұршықша
Иірді ол
Игілікке -
Мінгенде машина мен тракторды.
Жасынан
Азамат боп үміт ақтар,
Ел-жұрты
Ерендігін біліп мақтар.
Қырандай
Қарқаралы құшағынан
Қияға қанат қақты -
Жігіт Тоқтар!
ТЕМІРТАУДА
Ерен жігіт
Еңбек жолын -
Теміртаудан бастаған.
Арман толы
Аспан көңіл,
Айналасы -
Асқақ ән.
Қилы күндер
Құшағында
Қимылына ісі сай,
Қиналсада -
Қиындықтан қашпаған.
Қайсар жігіт
Қайыспады,
Тура жүріп,
Тік басып.
Жүрген де жоқ бәз біреудей,
Жиын қуып,
Жұптасып.
Қызметті ойлмады,
Қызығына батам деп,
Тірлік етті
Трестерде
Күні-түні жүк тасып.
Шебер жігіт
Шен қумады,
Шеп құрмады -
Шегендеп.
Шоқты қаузап
Шойын құйды
Қиындықты көгендеп,
Өміріне
Өрнек тартып,
Өрге қарай ұмтылып,
Бәзбіреудей жоспар жасап,
Бастық болам деген жоқ.
Тай тұяғы
Тасқа тисе
Тағасы да болған жоқ.
Арқа сүйеп
Ардақ тұтар
Ағасы да болған жоқ.
Ертелі кеш
Алған істі
Алшысынан түсіріп,
Күні-түні еңбек етсе,
Бағасы да - болған жоқ.
Дүниенің барлық жүгі
Иығына тиеліп,
Бар жақсыны
Бір өзінің
Жүрегіне ие ғып.
Теміртауда жүрді жігіт
Тепсе темір үзетін,
Тек өзінің
Ақылы мен қайратына сүйеніп.
Қарайлап та
Қарамады,
Айналасы толған қыз.
(Қызық қуып біз де талай
Теміртауда болғанбыз).
Әміріне көнген жоқ ол,
Әлдекімнің сөзіне,
Тәңіріне сиынары -
Құдай жалғыз -
Ол жалғыз.
Жалғыздыққа жалықпайды,
Елмен бірге - жүрегі.
Майырылмас қолындағы
Қайласы мен күрегі.
Ажырамас туған жерден
Түлеп ұшып кеткенше,
Ұлтпен бірге,
Жұртпен бірге
Арманы мен тілегі.
Ерлік жасау ойында жоқ,
Ел меселін қайтармай.
Бақ пен ырыс
Бір басында
Төгілмей де шайқалмай.
Кеуде керіп,
«Мен барамын» деп
Мінбелерде сөйлемей,
Теміртауда жүрді жігіт
Білінбей де байқалмай.
Теміртауда жүрді жігіт
Тұла бойдан
Тер төгіп.
Алаулаған,
Жалаулаған
От жүрегі - өртеніп.
Тағдыр дәмі
Кермек қандай
Татып-білген кісіге,
Ер көңілге
Ермек болмай
Ерте кеткен -
Еркелік.
Теміртауда жүрді ол да,
Түскен жоқ ол - аспаннан.
Ізде оны жасыл гүлден,
Бүршік атқан - жас талдан.
Сол кездегі
Жүздің бірі,
Мыңның бірі секілді,
Тоқтардың да еңбек жолы -
Теміртаудан басталған!
Токарь болды -
Нөпір жолды байқау үшін ол алдан.
Құрыш дене
Ұлы істерге
Үлгі болып жаралған.
Әр қияға -
Партияға
Мүше болып кірген жоқ,
Не болса да
Басқа түссе -
Көремін деп таланнан.
Елмен бірге
Еңбек етіп,
Темір жонып заводта,
Теміртауда,
Не бір таңда,
Күйіп-піскен о да отқа.
Жалындады.
Дамылдады -
Қайта кірді айқасқа,
Тайғанақта,
Ай мен апта,
Сағатта.
Жалыны ол -
Жанған оттың,
Қызуы мол шақтардың,
Дабылы ол -
Шапқан аттың,
Дүбірі мол көкпардың.
Ел біледі,
Жер біледі,
Біз білеміз сонан соң,
Теміртауда
Болғандығын,
Толғандығын -
Тоқтардың.
Жайсаң жігіт
Жалын оттай -
Тұла бойы - жайнаған.
Ғұмыры бар,
Тұғыры бар,
Тастан табан таймаған.
Текті жігіт
Тап осылай
Өмір - таудың өзінде
Теміртаудың
Тас қайнатқан
Қазанында қайнаған.
Бұған куә,
Бүкіл әлем,
Ұлан байтақ -
Жер мен Көк.
Содан бері
Ерек жігіт,
Ел намысын берген жоқ.
Теміртауда
Туғандар мен
Тұрғандардың бәрі де,
Бұл Тоқтардай
Ең биікке -
Көкке самғап шыққан жоқ!
СЫНАҚШЫ
Өмір дәмі қай кезде де тым ащы
Кете алмайсың
Кеңге сілтеп құлашты.
Ал, әйтсе де,
Біздің Тоқтар
Кейіпкер,
Өзіне-өзі
Өмір бойы -
Сынақшы.
Соның бәрі -
Қиын жолды қуғаннан.
Соның бәрі -
Белді бекем буғаннан,
Өмір бойы,
Сын үстінде келеді,
Біздің Тоқтар
Жаратылып туғаннан.
Істерінің бәрі бірдей -
Ірілік.
Бірақ соның
Болған емес бірі ұмыт.
Аман-есен қалды талай апаттан
Арасында -
Жығылып та, сүрініп.
Қиыр белде,
Көзі жанып шарадай.
Қиын жерге
Қағылады сынадай.
Ол тұралап қалған емес
Сынақтан
Сүрінсе де
Жығылса да - құламай.
Келе жатыр жаңылыспай жалғаннан.
Самғап ұшып хас қырандай салғаннан.
Сүрінсе ол
Бір азырақ сүрінді -
Әлдекімдер аяғынан шалғаннан.
Қиындықпен өтті-кетті бала кез.
Бірден шығып
Болмаса да - дарабоз.
Ал, әзірге,
Жирен шаштар ішінде,
Жалғыз өзі жүріп жатқан -
Қаракөз.
Сынақшы боп,
Соқпақ жолды сағалап,
Келгеннен соң,
Тапты содан қанағат.
Жирен шаштар
Кеудесінен қаққан жоқ,
Алғырлығын,
Адалдығын бағалап.
Мұндай жұмыс,
Кімге бақыт,
Кімге арман.
Кім жазылған -
Жараланып, сынғаннан.
Көкке жеткен
Көңілімен - сыр бермей.
Өткелектен -
Өтті талай сындардан.
Қайда барса,
Ақ тілекті ақтады.
Қайда барса,
Қалың елдің мақтаны.
Батырындай баяғының
Бір өзі -
Отқа жанбай,
Суға салса батпады.
Қайда барса,
Қатал заңы - Кеңестің.
Көз алдында -
Өткен өмір - елес күн.
Алай-түлей -
Арпалыста,
Айқаста,
Аямады,
Аяған жоқ оны ешкім.
Қалысқан жоқ
Ілінген соң тырнағы,
Тұр ма бәлкім,
Бақыт бетін бұрғалы.
Кімге керек
Қайран қазақ баласы
Болып кетсе -
Бір сынақтың құрбаны.
Өзі барып түсер дейсің кім отқа?!
Уа, Құдайым,
Жалғыз ұлды құлатпа!
Талқы көрсе,
Талықсыған,
Талған жоқ,
Талай рет -
Түссе-дағы
Сынаққа!
Қайта-қайта,
Өтсе-дағы мың сыннан.
Қайысқан жоқ,
Қаймығып та,
Қымсынған.
Асқақ өнер осы екен ғой,
Дүние-ай,
Сыр іздесең -
Аспан деген тылсымнан.
Бар арманы,
Көк тұңғиық -
Аспан жақ.
Аспан жақтан оралардай қашқан бақ.
Асу - белдер,
Асқар тауға айналып,
Биіктейді,
Бірте-бірте -
Баспалдақ.
Нұр күтеді,
Сыр күтеді аспаннан,
Ананы ойлап -
Жанарынан жас тамған.
Ең биікке баратын жол,
О бастан -
Дәл осындай
Баспалдақтан басталған.
Тап осылай
Өте берер күн әлі,
Араласып шауғы мен тұманы.
Таусылса да адамдардың ғұмыры,
Таусылмайды -
Бұл өмірдің
Сынағы!
Сынақ.
Сынақ.
Бұл өмірдің сынағы,
Қашан?!
Қайтіп?!
Қай кездерде тынады?!
Жетпіс рет -
Көк аспанға зымырап,
Жетпіс рет -
Қара жерге құлады.
Құлдилаған,
Құйқылжыған,
Құлаған.
Біздің Тоқтар
Бәрінен де - дін аман.
Қаза болмай,
Аза болмай халқына
Қазақ ұлы -
Бір Құдайдан сұраған.
Туған дала
Топырағы тозбастан,
Оған куә,
Байтақ дала
Жазғы аспан.
Бар әлемнің
Қасиетін көтеріп,
Қазақ ұлы - Қара жерде
Қаз басқан!
Қияға ұшу -
Қилы жұрттың дертіндей.
Бетін ашып
Жатқан сырдың шертілмей,
Алып шықты
Қапалы елдін көз жасы,
Қазақ ұлын -
Қапылыста өлтірмей.
Ол Тоқтар ғой,
Орны бөлек Азамат,
Тоқтар деген -
Топтан озған ғажап ат.
Көкте - сұңқар,
Жерде - тұлпар боп туған
Қазақ ұлы -
Құламайтын
Қазанат!
Рекорд!
Оқиға мұндай
Болмаған бұрын еш жерде,
Ең қатал сынақ,
Қалмаған аман еш пенде.
Қажымай,
Талмай,
Қарсы бір тұрар
Қаймықпай,
Қазактың ұлы -
Азапты бастан кешкенде.
Бірінші қазақ
Бірінші рет
Түскелі тұр сынаққа.
Ер Тоқтар үшін
Ерекше болды бұл апта.
Сондағы оның тілегі -
Жалғыз Тәңірден:
- Қазақтың
Арын,
Намысын
Мәңгі -
Құлата көрме,
Құлатпа!
Ал өзі болса
Үшақта мынау
"Миг" деген.
Тізгінін ұстап,
Тұлпардай баптап күйттеген.
Дәл осы күні жаңалық болды күтпеген,
Сынақшы - ұшқыш
Жеріне жетті діттеген!..
Аспаннан ашық
Жауғандай жақұт,
Бір демде,
Осы ғой -
Бақыт,
Береке,
Байлық -
Білгенге.
Дүние азат -
Рекорд!
Ғажап!
Жасаған қазақ баласы.
Алаңдап тұрды қалың ел,
Алаулап түрды
Аспан мен Жердің арасы.
Тоқтар ғой мынау
Дұрыстап
Тағы қарашы!
Оралды елге,
Оралды жерге
Түлпарын мініп "Миг" деген.
Көтере алмайтын
Өзінен басқа жан адам -
Иығындағы жүкпенен.
Жасады ерлік
Маңдайға бұрын бітпеген.
Осы ғой, шіркін,
Жер деген
Алып құрлыққа
Тамыр тартқан
Мықты Емен!
ҚҰПИЯ
Бәрі,
Бәрі - құпия,
Жүргені де,
Тұрғаны.
Ойнағаны,
Күлгені,
Ойын-сауық құрғаны,
Жігіт болып өсті ол -
Тұғырлы да,
Тұлғалы.
Мойын бұрса
Болғаны -
Қарап қалар үздігіп,
Моншақты мен сырғалы.
Оның ойы бірақ та,
Қызғалдақта қырдағы.
Биіктікке құлшынып,
Қанат қағып
Қырандай
Бір орнында тұрмады.
Өсті ойы,
Бойы да -
Батырлардай
Жырдағы.
Жемісі тек
Жерде емес.
Көкке қарай
Көкемнің
Көтеріліп тұр дәмі.
Толғанды Тоқтар,
Толғанды.
Бір биік істі қолға алды.
Жарқырап ақса
Жұлдыздай,
Соңында
Жолақ жол қалды.
Ол кезде -
Бәрі жасырын,
Құпия -
Құлып болған-ды.
Құпия,
Бәрі құпия.
Атың да сенің - құпия,
Затың да сенің - құпия,
Біреуге жазған өтініш,
Хатыңда сенің - құпия.
Шыға да алмай тысқары,
Кіре де алмай ішкері.
СССР -
Жабық қабырға,
Жасырын барлық істері,
Жасырын - торап темір жол,
Жасырын әуе күштері.
«КГБ» деген
Бір күш бар
Ондырмас
Тисе тістері.
Қазақстан қазына
Таусылып тегі болмайды
Жегені мен ішкені.
Құтылып сірә, кете алмас,
Құрығына түскені.
Тіліңнен де айырып,
Дініңнен де қайырып,
Былқ еткізбей
Дүниені -
Уысында ұстаған
Кеңестік кезең күшті еді!
Ол кезде бәрі құпия,
Қанат қағып аспанға,
Ұшқаның да - құпия.
Талаптанып біреуді
Құшқанның да - құпия.
Алдын-ала болжаған
Жоспарың да - құпия.
Танып, біліп,
Таңдаған -
Достарың да - құпия.
Араласып етене
Айтқан сөзі - құпия
Тоқтар кірген
Мекеме
Оның да өзі - құпия.
<!--pagebreak--><!--pagebreak-->
Қас қағым сәт «МИГ» деген
Мінді Тоқтар
«Миг» не,
Сұңқар жолын сүйді ме,
Шабыттанып,
Шарқ ұрып,
Шықты аспан
Биігіне,
Осы жолда
Ол талай,
Отқа түсіп күйді де.
Кейде қатты қуанып,
Кейде қабақ түйді ме?
Құйқылжыған
Қырандай
Күйкентайға шүйліге.
Нағыз сынақ,
Бұл сынақ,
Тәуекел! - деп ұшқандар
Енді қайтіп келмесін,
Білмеді ме,
Білді ме?!
Біздің Тоқтар
Шынында,
Өзіне-өзі сенімді.
Өйткені,
Ол -
О бастан
Таңдаған жоқ жеңілді.
Жан-жағына қарады,
Жаймашуақ жанары
Жаз күніндей көңілді.
Дәл қазіргі қуаты,
Қайыстырар беліңді,
Майыстырар темірді.
Өйткені,
Ол -
О бастан,
Жанымен де,
Тәнімен
Сүйе білген -
Өмірді!
...Қас қағым сәт -
«Миг» деген,
Мың шақырым биіктеген.
Тайып кетпей
Дәл қону -
Діттеген жер -
Нүктеден.
Ол бір -
Ерлік,
Дүниеде,
Ешкім болжап,
Күтпеген.
Көзсіз батыр болмаса,
Кім бар оны
«Құп» деген.
Бара алмайды
Бұл жерге
Амалдаған,
Үптеген.
Не - «бар»,
Не - «жоқ»,
Бұл жерде,
Болған емес жұп деген.
«Өмір» деген
Жалғыз сөз
Тағдырыңды шешеді,
Тағы да бір дәлелдеп
Талқаныңды бітпеген.
Ал, құласаң,
Құрыдың
Кеттің онда
Құрдымға
Түзің түгіл,
Ізің жоқ,
Сүйегіңді таба алмас,
Іздесе де -
Итпенен.
Бір нүкте
Алланың өзі мақұлдап,
Келе жатыр жақындап...
Келе жатыр...
«Миг» кеме
Дәл қонбаққа -
Нүктеге.
Жүректе жалын -
Лапылдап,
Делбені қағып,
Алқымдап.
Келе жатыр жақындап,
Қаршыға мүсін,
Нық дене,
Дәл қонбаққа - нүктеге,
Құйрығы тежеп қона алса,
Өмірдің басы -
Бұл нүкте.
Үміт үзіп жоғалса,
Өмірдің соңы -
Бұл нүкте.
Жеңіске жету,
Зор арман,
Бақыт та сол
Батырға -
Мынау бес күн
Тірлікте.
Астында тұлпар
Тақымдап,
Тізгінді тежеп, ақымдап.
Келе жатыр жақындап.
Қонатын жері -
Бір нүкте
Бір нүкте
Бір нүкте.
Мынау өмірдің
Жазмышы менен жазымы.
О бастан
Тағдыр,
Тәңірдің
Маңдайға біткен жазуы.
Қонатын жері -
Бір нүкте.
Үзіліп түскен тамшыдай.
Жүректі тұрмас жаншымай.
Қанына құйған
Құдірет -
Жанының осы азығы.
Талаурап мейлі жанса да.
Алаулап мейлі жанса да.
Айдарынан жел есіп,
Ай мен Күге берсе де
Айнадлып келер түбінде бір нүкте -
Темірқазыққа.
Ғарышқа қадам
Жалындап
Жарқырайтын
Жанатын да,
Арындап
Арғымақтай
Ағатын да.
Бір қазақ
Бар деген сөз
Белең алды -
Байқоңыр.
Ғарышкерлер санатында.
Өмірдің
Өзгергенмен жүзі күнде
Тарихтың жоғалмайды ізі мүлде.
Бір қазақ
Бар деген сөз желдей есті
Болашақ -
Ғарышкерлер тізімінде.
Қалмай ма,
Қадірліні ел аңғарып.
Түсінер
Текті халық,
Терең халық.
Бұл хабар құлағына тиісімен
Елбасы жата алмады
Елең қағып.
Жатпады
Жауап іздеп сұрағына.
Қашанда халық тәнті қырағыға.
Есті сөз,
Еселі сөз -
Ел ішінен
Естілді
Елбасының құлағына.
Кісіге бәрі де оңай сөз ұғарлық,
Ісіне о бастан-ақ өзі қанық.
Тоқтатып
Топ ішінен бөліп алып,
Тоқтармен
Тіл қатысты өзі барып.
Cөзіне,
Пейіліне,
Тұлғасына,
Көргеннен тәнті болып,
Бір басына.
Тоқтар да
Елбасына
Ырза болып
Ылдидан шыққандай ол,
Қыр басына.
Бұрыннан жолыққандай танысына.
Деді ол:
- Уақыт керек, әлі шыда. -
Қажыма,
Қарекет ет,
Қарап жатпа,
Халқыңның қызмет қыл -
Намысына!
Тоқтар да осы сөзге арқаланып,
Өзі де -
Азамат қой - дархан анық.
Сол күні ғарышкерлер шат-шадыман,
Сырласты Елбасыны ортаға алып.
Жер қандай,
Жайнап тұрған
Аспан қандай.
Жөні жоқ
Жас батырдың
Жасқанғандай.
Алқынып соққан жүрек,
Айтқан тілек -
Ғарышқа
Алғаш қадам басталғандай.
Көңілі Тоқтардың да тояттанып,
Шалқыды -
Кеудесінен ой ақтарып.
Кіргендей -
Құшағына
Қазақстан
Жүр еді -
Көптен бері саяқтанып.
Сөзіне
Елбасының қанаттанып,
Бір іске бекінгендей талаптанып.
Тапсырса,
Тағы да ұшып
Көксеңгірге -
Аттанбақ
Арманы үшін -
Азат халық!
«Гауһартас» немесе Сауытбектің әңгімесі
Ақынға тың тақырып тауып кеткен,
Алтындай түсе қалған жауып көктен.
Жақында, бір әңгіме
Тоқтар жайлы,
Естідім -
Абдрахманов Сауытбектен.
Байқатып інілік сыр, дос тілегін,
Бір шабыт қиялыма қосты менің.
Деген ол:
- Дастаныңа дерек болсын,
Тоқтардан бір әңгіме естіп едім.
Ресей орманының шалғайында,
Көрген ол қиындықтың қандайын да.
Алдымен бұл бір жайды
Ақын жазсын,
Әңгіме болғаннан соң ән жайында.
Қыранның көрдім қанат қаққан кезін,
Ақынға біткендейін мақтан сезім.
Мен-дағы өлең қылын өрнектедім,
Сондағы Сауытбектің айтқан сөзін.
* * *
Тайгада
Қалың орман арасында,
Зар болып көзге ілігер қарасынға.
Жападан жалғыз өзі
Жүрді Тоқтар
Жанының
Жасыра алмай
Жарасын да.
Орманды күн кезеді, түн кезеді,
Өртеніп өкініштен тұрды өзегі...
Жырақтан сауалына жауап таппай,
Сынақтан қалжыраған бір кез еді.
Елжіреп ет жүрегі - ауырған шақ,
Көңілі алай-түлей ауылды аңсап...
Қиялы - қиядағы қаракөзде,
Басында болғанменен тәуір мансап.
Осылай тұра бермес заман мәңгі,
Кім білген бәлкім, өмір тәмамдалды...
Көкке ұшып,
Жетпіс рет жерге құлап,
Сынақтан кеше тағы аман қалды.
Қиналып күні-түні қара тер боп,
Кемесін кең дүниенің дара тербеп.
Қазақтың
Қаз дауысты нар жігітін,
Білмейді,
Бұл жерде ешкім
Бар екен деп.
Бойыңда болғанменен ақыл-дарын,
Жоқ сенің мақтан тұтып мақұлдарың.
Бір күні көз жұмылып кете барса,
Білмейді ел,
Бұл қазақтан
Батыр барын.
Бұл жерде бәрі жұмбақ,
Бәрі тылсым.
Бақ-дәулет,
Бала-шаға әрі тұрсын.
Қазақ боп шықпаған соң
Жер бетіне,
Даңқың да,
Атағың да - бәрі құрсын!
Көңілді білмен, немен айықтырсам,
Кім келер құшағымды жайып тұрсам.
Жоқ әлде,
Көз жетпейтін көкжиекке,
Қайтеді,
Ізім-қайым тайып тұрсам.
Жалғыздық!
Тағдыр тартқан жаза маған,
Табылмай жан-жақтан қол созар адам...
Шақтарды өтіп кеткен есіне алып,
Тоқтарды осындай ой мазалаған.
Тірліктің көңілі қалып біразынан,
Кез еді жан-жүрегі құлазыған.
Күй болып тұла бойын тербететін,
Жанына болмай қойды бір азық ән.
Орманда жүргенменен қыдырып жай,
Бұл тылсым тіршіліктің түрін ұқпай.
Жалғыз-ақ жан серігі алаң болар,
Қолында радио жұдырықтай.
Сөйлейді кіл орысша оның да өзі,
Осылай ашылмады көңіл көзі.
Осы күн, баяғыдай
Оралмай тұр -
Ой - сергек,
Дененің де жеңіл кезі.
Тұрса ғой көңіл шіркін
Тасып мәңгі,
Еске алып,
Ерке сұлу - ғашықтарды.
Түңіліп бостан-босқа тұрмайын деп,
Түймесін радионың басып қалды.
О, ғажап!
Таңғажайып бір ән кетті,
Құйқылжып самғағандай
Қыран көкті.
Меңдеген көңілдегі күмән кетті,
Көлбеген көз алдынан тұман кетті.
Бұл Тоқтар тұра алмады бойын билеп,
Бой түгіл ұстай алмай ойын билеп.
Қосылып бар табиғат әсем енге,
Кеткендей,
Қоршап тұрған қайың билеп.
Құйқылжып -
Қазақ сөзі,
Қазақ әні,
Кетпей тұр көз алдынан ғажап әлі.
Дауадай ән әуені
Дендеп бойды,
Ауадай әрі мөлдір - таза жаны.
Әсер ме,
Сезім бе екен, әлдеқандай.
Апыр-ай, құдірет бар әнде қандай?!
Ұқса да аңсар бірақ, аңсай берер,
Жұтса да кәусар бұлақ қанбағандай.
Илігіп,
Билігіңе бағанбаған,
Апыр-ай,
Неғылған үн,
Неғылған ән?!
Жүрегін сағыныштың сазы билеп,
Тасқын бар
Тұла бойда ағындаған.
«...Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Жалтылдап құлағыңда алтын сырғаң».
Апыр-ай, мынау әнді айтқан жанға,
Болса ғой,
Тәнің - тәмсіл,
Жаның - құрбан!
Шарықтап,
Кейде тіпті төмендейді,
«Беу... беу...» - деп,
«Гауһартас!» деп,
Бебеулейді.
Әп-сәтте
Әнге айналып кетерің хақ
Болғанмен өзіңдікі денең мейлі.
«Гауһартас» - көз алдыңда жалтылдаған,
Кеседей күмістеген, алтындаған.
Қолыңа ұстап тұрып сол кесені,
Кісіде арман бар ма, ән тыңдаған.
«Жатқандай құла түзде пішен шауып,
Құлады батыр Тоқтар естен ауып...»
Ән қайда,
Әнші қайда,
Бәрі де - арман,
Алады қайдан іздеп, қайдан тауып?!
Сансырап
Сан сауалдың
Сұрағынан.
Жететін бар ма бақыт сірә, бұған?!
«Беу... беу...» - деп,
«Гауһартас» деп,
Бебеу қағып,
Бір әуен кетпей қойды құлағынан.
Жер үсті,
Аспан асты - көктеңіз боп,
Өтсе де қыс пенен жаз, көктем күз боп.
Дүниенің төрт бұрышын барлап қойып,
Сол әнді таба алмады көктен іздеп.
«Гауһартас!» -
Ол - мәңгілік сағынышы,
Аспанда -
Ай мен күннің шағылысы.
Сол әнді іздей берді
Батыр Тоқтар,
Тұрғандай сонда ғана бақ-ырысы.
Сүйгенің,
Сүйсінгенің - таңдағаның,
Екенін болатынын ән ғана мұң.
Ақыры
Талмай іздеп,
Тапты Тоқтар,
«Гауһартас» -
Бибігүлдің салған әні.
Туған жер,
Қазақстан -
Ел мекенін.
Орыны -
Ойпаңда емес,
Төрде екенін.
Ақыры
Айнымастай
Білді Тоқтар,
Бақыттың
Көкте емес,
Жерде екенін!
Қиялында - қазақ қызы
Байың да,
Бишікешің,
Зиялың да,
Бәрінің қазақ қызы - қиялында.
Сұлулық сұқтандырмай қоймас тегі,
Көрді ол, пайдасын да, зиянын да.
Махаббат,
Жан-жүрекке ұйытқан нәр,
Көңілге көлдей сезім құйып тұрар.
Өзінің қылығымен,
Мінезімен,
Бәрінен қазақ қызы
Биік тұрар.
Безбенге кім бар салып есептеген.
Қиялсыз жігіт күні бос өтпеген.
Қазақтың әйелдері
Қай кезде де
Алдынан үлкендердің кесе өтпеген.
Батса да басқалардың шымбайына.
Шындық бұл -
Жүрер дейсің кім жайына.
Қазақтың әйелдері
Қай кезде де,
Қарайды күйеуінің ыңғайына.
Тамсантып дастарханда тамағы да,
Бір сәтке бағың сүйтіп жанады ма?!
Қазақтың әйелдері
Қай кезде де,
Қарайды қонағының қабағына.
Еске алса жігіт шағын, бала кезін.
Сезінер қалдырғандай далада өзін.
Тоқтар да жан-тәнімен құштар еді,
Қазақтың бір құшуға қара көзін.
Жетем деп,
Жете алмады сол арманға.
Дәл таппай
Демеу болар қонар қолға,
Қазақтың қаракөзін
Жар етуге,
Тәңірі қоспағанба, жаралғанда.
Сонда да,
Бір қаракөз жүрегінен,
Кетпеді орын алып,
Түр - өңінен.
Сезіліп құштарлығы ылғи оған,
Ұстауға жасқанатын білегінен.
Алыстан,
Кейде тіпті жақын келіп,
Келіспей,
Кейде айтқанын мақұл көріп,
Тоқтарды
Бұрылуға
Бұлтартпайтын,
Біржола арбағандай ақыл-көрік
Көзінің күн түскендей қиығынан,
Сыр тартып,
Сипатынан - сиығынан.
Толқындай бұратылып,
Қолаң шашы,
Төгіліп тұрушы еді иығынан.
Дегбірі қашатұғын
Ол отырмай,
Қасында бір азырақ бола тұрмай.
Қолаң шаш,
Қолға түспес арман болды-ау,
Тоқтардың білегіне оратылмай.
Көлбеңдеп түсінде де, өңінде де,
Сескеніп,
Селкеу түсті сенімге де.
Аптығып
Асау жүрек туласа да,
Ақсұңқар ілмей қойды жемін неге?!
Сөйткенше,
Кетті Тоқтар елден жырақ,
Сұлуды сүйген - бақыт,
Көрген - мұрат.
Ауылда қалды талай
Қаракөздер
Кірпігін жаспен жуып,
Шермен бұлап.
Алыстан сағынысып хат алыспай,
Екі ара -
Жер мен көктей, өте алыстай.
Көңілдің жарқыраған айдынынан,
Аққу-қаз қанат қағып, қатар ұшпай.
Тоқтарға қазақ қызы бұл бір арман.
Сол үшін жүргіне жыр құралған.
Болады сыр жеткендей,
Мұң жеткендей,
Баяғы көзі таныс құрбылардан.
Бірінің жан қуанған күлкісіне,
Бірінің тәнті болған түр-түсіне.
Ал, бір қыз,
Алма дидар,
Күміс кірпік,
Мазалап жиі кіріп жүр түсіне.
Ал, бір қыз,
Албыраған ақ тамағы,
Албырт күн,
Жастық шақпен - мақтанады.
Тоқтармен бір тілдесіп қалмақ үшін,
Күрсініп,
Көз жасымен хат жазады.
Алыста,
Туған жерде үйі қалып,
Тұруға құмартады жиі барып.
Тоқтардың бір бойжеткен
Төске басқан,
Бейнесін газеттегі қиып алып.
Бір қыздың алаулатып
От - намысын,
Тағдырдың соғатындай тоқпағы шын.
Ал, бір қыз,
Дәл қазір-ақ,
Дайын отыр
Түсуге отқа-суға
Тоқтар үшін.
Білініп серілік пен салдықта ізі.
Қалмайды,
Қызыл көрсе қалғып жүзі.
Тоқтарға қолын бұлғап
Жапырлайды,
Жалғанның жолығуға барлық қызы.
Бейхабар Тоқтар мұның
Бәрінен де,
Бармайды жүрегі ұстап дәрігерге.
Ғажайып ғарышкердің дара жолы,
Айналған әр сағаты әбігерге.
Ұстаған
Үлкен арна - ізгі мықтап.
Артында қазақ елі - бізді құптап.
Ұшақпен арпалысқан
Арлан батыр,
Кетпейді
Қызық қуып,
Қыз қызықтап.
Болмайды бөгде қиял ойында оның,
Татпайды тәтті тірлік мойыл дәмін.
Сұңқардай қос қанаты бүтін болып,
Тұлпардай табылмайды бойында мін.
Ойына жиі оралып бала кезі,
Оңаша
«Қарағым-ау»-ға салады өзі...
Сонда да қиялынан кетпей қойды,
Қазақтың
Қарапайым қаракөзі.
ТАТЬЯНА
Татьяна!
Татьяна! - деген тек аты ғана,
Заты орыс болғанымен
Жаны - қазақ,
Бар болмысын біле бер, бақыла да.
Аяулы әйел,
Арлы ана -
Аңдағанға,
Тоқтар бекер таппаған таңдағанда,
Құмар көңіл
Сүюге қанбағанда,
Сыңар керек қыранға самғағанда.
Батпан салмақ түскенде басыңызға,
Сол дос болар,
Кім болса қасыңызда.
Сынақшы боп жүргенде
Сыр алдырып,
Тоқаң біздің тоқтаған осы қызға.
Осыны ойлап -
Толқисың,
Толғанасың
Хас батырға тіккендей ол да басын.
Қазақ жанды аруды таңдаған ба,
Қазақ қызы қасында болмағасын.
Кеудесіне
Кеңдіктің қонып Күні,
Тану керек,
Сынақшы болып мұны.
Ажары айдай,
Керілген кер маралдай,
Жарасып тұр өзіне толықтығы.
Айдың нұры түскендей
Ажары бар.
Жылы ұшырап тұратын назары бар.
Тимур, Миша -
Қасында қос құлыны,
Балалармен толысқан базары бар.
Тұлғасы бар,
Тұлғасы бар, Түрі бар - дәл осындай,
Хас батырға жарасар жарасудай.
Табиғат та
Тап басып жаратқандай,
Болсын деп,
Ғарышкердің жары осындай.
Болған соң
Бабы бөлек,
Бағалы да,
Тұрғандай нұр ұялап қабағына.
Талайлар дастарханнан дәм татысқан,
Тәнті боп
Татьяна тамағына.
Болған соң
Біздің Тоқтар
Батыр әрі,
Әлеумет әуелетер атын әлі.
Қазыға
Қарта қосып
Татьяна
Қазақтың «бешбармағын» қатырады.
Ел-жұртты бір-біріне жақындатып,
Әр сөзін әдебімен мақұлдатып,
Сонан соң Татьяна
Қонақтарға,
Самаурын қайнатады сақылдатып.
Тоқтар - жыр,
Әйелі - әннің қайырмасы.
Белгілі алған беттен тайынбасы.
Сонан соң,
Түсінгенге Татьяна,
Қазақтан
Аз-ақ болар айырмасы.
Инженир болғанменен мамандығы,
Тілегі -
Бір Тоқтардың амандығы.
Түрі бар бәрін түгел көтерердей
Түссе егер иығына заман жүгі.
Сондықтан несібесін үйден күткен.
Сан сырды кеудесіне түйгендіктен.
Білгенге соның бәрі
Асыл жардың -
Тоқтарды жүрегімен сүйгендіктен.
Махаббат -
Маңдайдағы
Бақ тауындай,
Басылмас
Бойындағы аптығындай.
Ішінде «Үш аюдың» отыр бүгін
Жарасып
Айдын көлдің
Аққуындай!
Қазағым ұшты ғарышқа
Ол - Аспанда,
Мен - Жерде -
Ара қашық.
Азаматқа -
Асқар тау, дала - нәсіп.
Көз алдыңды
Көгілдір толқын билеп,
Қара бұлттар,
Ақ бұлттар араласып.
Көк аспанда -
Бұлттардың керуені
Қара жерде -
Жұрттардың серуені.
Табиғаттың
Тап өзі
Табыстырған,
Бұл да болса -
Шаттықтың шеруі еді...
Жайға қалып -
Күлгенің,
Керіскенің,
Алыс-жұлыс,
Төбелес,
Періскенің.
Жердегінің бәрі де пенде болып,
Аспанға ұшсаң -
Өзісің періштенің!
Мен -Жердемін.
Жүйткиді ол - Аспанда.
Биікке ұшса
Тоқтауға толас бар ма?
Көк сеңгірдің көбесін
Кірш-кірш тесіп,
Қандай ғажап,
Ғарышқа жол ашқанда.
Қандай ғажап,
Ғарышқа биіктеген.
Жері бар ма жүректі иітпеген?!
Көк сеңгірге,
Қиялмен тақап-тақап,
Кеткендейін менің де тиіп төбем.
Ол - Аспанда,
Әрине,
Мен -Жердемін.
Жерден жәннат, бар ма екен,
Жерден - керім!
Ақ аспанның қақпасын
Ашып тастап,
Қандай ғажап,
Ғарышты меңгергенім.
Асқар таулар,
Абылай асқан белдер,
Аққу-қазға құшағын ашқан көлдер.
Көк Кемесі зымырап ұшқан кезде,
Қандай жақын
Арасы -
Аспан мен Жер.
Айтты деме,
Әсте бір емге өтірік,
Аспан мен Жер арасы тербетіліп...
Ол аспанда зулайды,
Ал, мен болсам,
Тақымымды қысамын,
Жерде отырып.
Кеудесінен болған соң қазына - бай.
Тұра аларма зуламай, азынамай.
Екі аяғым жер басып тұрғанменен,
Екі көзім аспаннан ажырамай.
Биіктікке құмармын,
Баспалдаққа.
Қара бауыр ұқсаймын қасқалдаққа.
Тағатымды тауысқан
Осы сәтте,
Бар тілегім ауысқан -
Аспан жаққа.
Қия - шыңға қалықтап
Қыран кетті,
Шартарапқа шарықтап
Бір ән кетті.
Әннің аты кәдімгі
«Қаракесек» -
Дүрліктіріп тұрардай ұран көкті.
«... Сұрасаң руымды - Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек...».
Жер де - бір,
Аспан да -бір,
Айырмасыз,
Аңғарып болар емес - арада есеп.
Бәрібір,
Ол - Аспанда,
Мен - Жердемін,
Бір ғана бағыттамын - шеңбердемін.
Қыранның
Қара жерді
Қатар іліп
Көрдім мен -
Қанжығаға өңгергенін.
Тиген соң
Қазақ ұшпай намысқа көп.
Ант беріп,
Қолға талай нан ұстап ек...
Мың мәрте қайталаймын,
Енді міне,
«Қазағым ұшты менің -
Ғарышқа!» деп.
Бұл сөзді қайталадым талай іштен,
Мұндайда Рух деген қалай үстем!
Бір сәтке тазарасың періште боп,
Артық сөз -
Азат болып,
Анайы істен.
Ұшудан көрген емес қыран қажып,
Ұлтымның ұлағаты ұланға азық.
Бардым да Бейсеуовке,
«Бүгін - қазір
Бер, - дедім, - өлеңіме бір ән жазып!»
Ол-дағы бойда күшін бір аяр ма,
Шабытқа тіл бітеді тыңаярда.
Шалқытып әсем әнді,
Бұрқыратты -
Бүк түсіп отырды да - роялға!
Алаулап сезім оты жанатындай,
Ғарышқа ол да ұшып баратындай,
Сырнайын сыр сандықтың соққылайды,
Дірілдеп қарлығаштың қанатындай.
Сазгерді
Сол бір сәтте шабыт кернеп,
Жүрегі қайта-қайта қағып, тербеп.
Бір әнді бұрқыратты
Бұйра толқын,
Бусанып тұла бойы - ағып терлеп.
Әсет те әннің шіркін құлагері,
Бұл күнде әсем сазгер - мұрагері.
«Қазағым ұшты менің Ғарышқа!» - деп,
Шыққан ән,
Сол сәттегі мынау еді:
«Тұрамын қалай таңданбай,
Айтсам бір екен ән қандай?!
Ғарышқа ұшып Ер қазақ,
Халқымның бағы жанғандай.
Атағы кетті алысқа,
Биікке қарай қарышта.
Елімнің даңқын көтеріп,
Қазағым ұшты ғарышқа!
Қияда қыран түлейді,
Жігерің жеңді үрейді.
Айналып Жерге келгенше,
Амандық Елің тілейді.
Ырзамын нұрлы таңдарға,
Қуанбай қалған жан бар ма?
Қазақтың ұлы ұшқан соң,
Жеткендей болдым арманға!»
ҒАЛАМШАРДАН ҚАРАҒАНДА
Дүние бара жатыр жанып неге?!
Жарқылдап,
Жан-жағына жарық бере,
От құсып,
Ақ жалынға
Араласып,
Зымырап бара жатыр -
Алып кеме.
Зымырап бара жатыр,
Зырыл қағып,
Соңында гүрілдеген бір үн қалып.
Үйінде әкесінің жайғасқандай,
Ішінде Тоқтар отыр күлім қағып.
Сабырлы.
Сол баяғы сергектігі.
Алғандай құшағына жер-көк мұны.
Көтеріп туған жердің тұғырынан
Аялап -
Алтын бесік тербеп тұрды.
Командир Александр Волков тұрды,
Көкжалдай жаңа келген жортып қырды.
Қасында австралиялық - Франк Фибес,
Тоқтар да -
Тұңғыш рет толқып тұрды.
Үшеуі -
Үш мемлекет -
«Үштағаны» -
Тізгіні бір кеменің ұстағаны.
Кеменің іші түгел нұрға толып,
Күдіктің көлеңкесі тыста қалды.
Бірлесіп,
Білек қосып,
Бейімделе,
Қарайды бір-біріне мейірлене.
Адамдар алыс жолға аттанғанда,
Дарқандық дариды екен пейілге де.
Зымырап,
Айға қарай ұшты кеме,
Құштарлық -
Ғажап сезім құшты дене.
Әр тұлға
Бір-бірімен тұтасқандай,
Табынып
Бір Тәңірі -
Күштіге де.
Бәріңде
Бір-ақ
Бағыт,
Бір-ақ тілек,
Болашақ -
Бір Үміттен шырақ тілеп.
Қосылып бір-біріне лүпіл қағып,
Тапқандай
Тар кеудеде
Тұрақ -
Жүрек.
Бір болып мұраты да, мақсаты да,
Тарихтың үлес қосып жақсы атына.
Кірісіп кетті сол сәт
Аманаттай,
Берілген тапсырма бар бас-басына.
Зулайды -
Алып кеме көкке қарай,
Көңілге қуанышы төккен арай.
О, Тәңір!
Үш батырдың
Ерлік жолы,
Бір сәтке,
Тағат тауып тоқтамағай?!
Ақжолақ із қалдырып, жанды нарттай,
Зулайды -
Қайтсін енді жан құмартпай?!
Аспанның аясында
Алып кеме,
Атойлап
Арындайды -
Арғымақтай.
Аспанның алып асу биіктерін,
Көрдің бе,
Жер - Ананы иіткенін.
Үшеудің ішіндегі
Маған жақын,
Тоқтар ғой,
Ол -
Өзімнің Кейіпкерім.
Ұйықтамай таңға дейін кей күндерде,
Қосылып елдің қамын жейтіндерге.
Тоқтарды топтан бөліп,
Дара тұлға,
Сомдайын -
Кейіпкердің кейпін мен де.
Бақытты күні оның
Бүгін анық.
Жанарын жер-жаһанға тігіп алып.
Қарайды -
Дүниеге,
Дүйім елге,
Бұл Тоқтар,
Ең биікке шығып алып.
Қырандай дара самғап,
Қиырдағы.
Маңдайға осы шығар бұйырғаны.
Өзімен бірге самғап келе жатыр
Жалауы,
Туған жердің
Түйір дәні.
Дүниенің шындығын да, сұмдығын да,
Көрді ол -
Тану керек кімді мұнда?!
Биіктен қарағанда
Жердегілер,
Айналып кетеді екен қыл-қыбырға.
Ал, бірақ,
Бәрі ғажап - Тоқтар үшін.
Құр босқа жұмсамайды жоққа күшін.
Сан сұрақ
Жан-жүрегін мазалайды,
Қамшылап
Бойындағы от-намысын!
Осылай -
Ой - сұрапыл қысталайды.
Бағыты тұрғанменен нұсқап айды.
Дүние алабажақ,
Алас-күлес,
Ол тірлік,
Бұл тірлікке ұқсамайды.
Байқалып білмегенің,
Көрмегенің.
Үстіне көзің салсаң зор Дененің.
Бар сырын жасыра алмай
Дірілдейді -
Биіктен қарағанда
Жер дегенің.
Тегеурін -
Бір қақтығыс бар ма тыста,
Жатқандай
Қиратып та,
Орнатып та.
О бастан
Оңтүстік бар,
Солтүстік бар,
Орталық,
Бар Шығыс та бар,
Бар Батыста та.
Қарасаң жоғарыдан
Төмендерді,
Таппайсың кереметті - кеменгерді.
Сенбейді ол
Көзі көрді,
Мына жерді
Бәрі бір,
Тұтас дене дегендерді.
Мына Жер -
Тілім-тілім,
Шимай-шимай,
Қалпы жоқ бірін-бірі қимайтындай.
Дүние атыс-шабыс,
Алай-түлей,
Адамдар жер бетіне сыймайтындай.
Халықтың түзелмейді қалпы мұнан.
Көрінер бара-бара салты күмән.
Емініп Еуропа,
Азияның
Аз күнде алғалы тұр алқымынан.
Қапырық Африка
Қапылғалы,
Денесі от-жалын боп лапылдады.
Ал, анау Америка,
Алабажақ,
Тұр әні,
Түртіп қалсаң атылғалы.
Білмейсің қайда рахат, қайда бақыт,
Аттасаң - табаныңды тайғанатып.
Ресей қалың орман құшағында,
Тұнжырап,
Тұрғандайын ойға батып.
Қанша жаз,
Тыным таппай неше қыстан,
Быт-шыт боп,
Кешегі күн, кешегі ұстам,
Шақ қалып, күл-талқан боп жарылуға,
Шыныдай шытынап тұр
Шешенстан.
Қағысып,
Қақтығысып, ерегесіп,
Табысып,
Тағы қайта төбелесіп.
Жауласып бір-бірімен
Жатқан елдер,
Келмейді мәмілеге «неге?» - десіп.
Десек те,
Батыс та бар,
Шығыс та бар,
Қалайша бірін-бірі ұғысты олар?!
Астына піл-табанның түскеннен соң,
Жаншылып өліп жатыр құмырсқалар.
Шайқалып қалды шаруа,
Қалды кәсіп.
Заманның арты - қырғын, алды - нәсіп.
Бақасып бір-бірімен
Батыс-Шығыс,
Оңтүстік Солтүстікпен салғыласып.
Дүниенің осылайша басы қатып,
Баласы ойнай алмай асық атып.
Өзбектер
Өз алдына жөңкіліп жүр,
Жемісін жер жүзіне шашыратып.
Дегендей ойдағы істің жөні келді,
Қытай да тапқан сынды жемін енді...
Тәжіктер тапа тал түс,
Қайыр сұрап,
Қазақтың қақпасына емінеді.
Ауғандар
Қашып-пысып таудан тауға,
Жолығып көз ашпастан жаудан жауға.
Тынышы ішіндегі -
Қазақстан,
Тоқтар да деді ішінен:
- Тәубә! Тәубә!
Түсінсең
Бұл дүниенің мәнін берік.
Жер - Ана жатады екен нәрін беріп.
Бұл жолы
Білді Тоқтар тұрарыңды,
Биікке көтерілсең -
Бәрін көріп.
Дүниеде
Батыс та бар,
Шығыс та бар.
Тұтас деп ой мен қырды кім ұстанар?!
Жатыр Ол
Жанталаса қаруланып,
Әзірге,
Түрі де жоқ тынышталар.
Дүниеде Шығыс жоқ деп,
Батыс жоқ деп,
Арпалыс,
Алас-күлес,
Атыс жоқ деп.
Кім айтар -
Төрт құбыла
Тыпа-тыныш,
Жалғанда шимай-шатақ, шатыс жоқ деп.
Бір белең асып түсіп
Бір белеңнен.
Дүние босамаған дүрбелеңнен.
Кей елде,
Кердеңдеген қылмыскерлер
Босып жүр,
Орын таппай түрмелерден.
Осы жай сабақ болар әр адамға,
Халықтың кәдесіне жарағанда.
Дүниенің баршылығын
Таршылығын,
Білесің,
Тек Биіктен қарағанда!
Туған жерге оралу
Мына заман
Кімді ұғып,
Кімді білген?!
Арпалысып
Ақиқат - шындығымен.
Қайда мейлі шықсаң да,
Қате кетпей
О, туған жер -
Тартады кіндігіңнен.
Өйткені оған,
Сені мәңгі - байлағансың.
Кең көсіліп,
Кең жатып - жайлағансың.
Үйге қайтып оралу
Бір шыққан соң,
Баяғы әдет,
Ол енді - қайдан қалсын?!
Табиғаттың түсінбей не екеніне,
Уақыт шіркін, жексе де жетегіне.
Адам түгіл,
Қайдағы хайуан да,
Оралады өзінің мекеніне.
Табиғаттың ырқына бағынып кей,
Тұрғаныңмен,
Сапарың тағы бітпей,
Қайда мейлі,
Ұядан ұшсаң-дағы,
Тартып алар туған жер магниттей.
Туған жердің төсінде қыбыр етпей,
Тұра алмайсың бәрібір,
Тұғыр етпей,
Қайда мейлі кетсең де,
Керім дүние,
О, туған жер -
Тартады құдіреттей!
Оратылып уақыт ұршығына,
Мезі болып дүние қыр-сырына.
Жүрсең-дағы
Безініп кете алмайсың,
Келем соның түсінбей тылсымына.
Арман ғажап -
Әрине, биіктеген -
Бар теңеуді мен-дағы үйіп-төгем.
Қайда мейлі жүрсем де,
О, туған жер,
Құдіретіңе басымды иіп келем!
Көкжиектің
Көз жетпес ұшанында,
Қасиетіңді білемін - ұшамын да.
Аспан мені
Басқанмен бауырына,
О, туған жер,
Мен мәңгі - құшағыңда.
Жеткізе алман жөніңді - айтып терең,
Тура жолдан кете алмас тайқып кемем.
Құшағыңнан
Қанша рет ұшырсаң да,
Өз төсіңе бәрібір қайтып келем.
Көз алдында -
Көлбеңдеп өтті алыстан,
Қайран күндер
Қауышып - көп табысқан.
Ол да саған
Оралып келе жатыр,
Күні кеше
Төсіңнен -
Тоқтар ұшқан.
Жүрсе-дағы тірлікте кім сабылып.
Мүмкін емес болуы мұншама ұмыт.
Аз ғана күн болғанмен
Аспан жақта,
Туған жерді қалыпты
Шын сағынып.
Азаматтың туған жер,
О, тұрағы!
Құшағынан шығарып, батырады.
Байқоңырдан бұл сапар
Басталғанмен,
Түсер жері -
Торғайдың топырағы.
Ұшқаннан соң биікке балапаны,
Тебіренбей тұра алмас дала тағы.
Жаялықтай сәбиін орап алар
Торғай жері -
Ананың алақаны.
Таңғалмасқа бола ма,
Бай - Тәңірге.
Ақиқатты
Ақ сөйле,
Айта біл де.
Жаратылып
Жер - Ана құрсағынан,
Қайта туып келгендей
Қайта Өмірге!
Адамзатқа ойланса
Арман дайын.
Жолаушыға
Жебеуші болған дәйім.
Көз ұшында
Көрінген Торғай төрі,
Міне,
Міне, жақындап қалғандайын.
Мөлдір аспан.
Жүзінде жолақ қалмай.
Қайта оралды
Қыран құс - қанат талмай.
Жерге қарай ол емес,
Жердің өзі -
Оған қарай
Жақындап келатқандай.
Мың сәлем,
Бүкіл қазақ қауымына,
Мінезі тартып туған тау ұлына.
Пейілі жалпақ жұрттың
Кеңдігіндей,
Тартатын барлық ұлтты бауырына
Даланың қанат қағып қырандары,
Ұрпаққа
Үн қатқандай
Ұландары.
Табаны тиген кезде
Топыраққа
Тоқтар да
Тебіренбей тұра алмады.
Жеңілдеп, ауыр жүктен зіл батпандай.
Көмкеріп дүниені гүл жапқандай.
Тоқтарды
Төрт құбыла
Түгел қоршап,
-Жарайсың!
Жарайсың! - деп тіл қатқандай.
Қазақтың әр ауылы,
Әр қаласы.
Асқар тау,
Айдын шалқар,
Сар даласы...
Тоқтарға ізет етіп иілгендей,
Ақ ниет -
Адамзаттың бар баласы.
Дүркіреп
Дүниенің ғажап үні,
Сәбидей пәк көңілдің тазалығы.
Жаңғырып,
Жалпақ әлем қол соққандай:
Жаса! - деп, -
- Қазақстан!
- Қазақ ұлы!
Тоқтар мен Мұхтар немесе депутаттық дода
Ой деген де көп еді,
Той деген де көп еді.
Айта берсе осының -
Толып жатыр себебі.
Келтірмесе бабына
Бере қоймас жер азық.
Жетіп қиын шағына
Бара жатыр ел азып.
Бір күндігін ойлайтын,
Кемтарлар да көбейді.
Жұтқан сайын тоймайтын
Жемқорлар да көбейді.
Иек артып арызға
Жатқандар да көбейді,
Белшесінен қарызға
Батқандар да көбейді.
Айтқан сөзі өтетін
Таныс елдер көбейді.
Атып,
Асып кететін
Қанішерлер көбейді.
Тез түсіріп қақпанға
Қылқындырған
Қилы күн...
Беттен ұрып айтсаң да
Былқ етпейді
Билігің.
Дейді билік:
- Үндеме,
Шетелдерге жер керек...
Осы кезде
Мінбеге
Шығатұғын Ер керек!
...Осыны ойлап Мұхтар да,
Тек жатпады Тоқтар да.
Екі жақтан топ бастап,
Андағайлап,
Шықты алға.
Жердің нанын жегесін,
Елдің қамын жегесін.
Еңіреген
Ер болса,
«Енді қалай?!» демесін,
Бұрды сосын айдынға
Саясаттың кемесін.
Қара халық қарсы алды,
Тұлғасына тамсанды.
«Тоқтар келе жатыр!» деп,
Жарияға жар салды.
Тым берілмей сезімге,
Тұра білер сөзінде.
Ел мықтысын іздейді,
Көкпар-дода кезінде.
Кім бар дейсің құр жатқан?!
Қазақ үшін бір мақтан
Қалың елді қақ жарып,
Тоқтар шықты бір жақтан.
Мұхтар шықты бір жақтан.
Екі мықты қосылып,
Сыр суындай жосылып,
Ел алдына шыққанда
Көрген емес тосылып.
Екеуі де намысты ер,
Қызылорда - таныс жер.
Бірі ақын - ғажайып,
Бірі - ғажап ғарышкер!
Екі бірдей Алыптың,
Бауырласы бар ұлттың.
Шек жоқ еді шынында,
Қуанышында халықтың.
Ел қалыпты сағынып,
Тағы тілек,
Тағы үміт.
Қосылғандай
Екі өзен -
Екі жақтан ағылып.
Үдеткенмен көкпарды,
Үйіп төгіп жоқ-барды.
Билік бірақ,
Бой бермей,
Мұқатпақшы Мұхтарды,
Тоқтатпақшы Тоқтарды.
Біреу жөнсіз тиісіп:
(100 грамын жиі ішіп)
Сырдан нені жоғалттың,
(Болса да ортақ қара жер!)
Ғарышыңа ұша бер,
Арысыңа бара бер! -
Дегенін-ай,
Сонда бір,
Ессіз,
Есер,
Есалаң.
Есалаңның ол сөзін,
Қолдамады еш адам...
Бақыт сыйлап баршаға,
Ел бірлігі -
Басты арман.
Билік қарсы болса да,
Жеңіп шықты қос тарлан.
Жақсылардан із қалар,
Халқын сүйген таланды.
Быт-шыт қылып
Бұзды олар,
Бөгет болған қамалды.
Бүкіл өлке қол соқты,
Егіз ұлға елдегі.
Сырдың суы
Сол сәтте
Сыйрағынан келмеді.
Күн өткізбей босқа құр,
Елдің мұңы - шерімен.
Бір-ақ шықты
Қос батыр -
Парламенттің төрінен.
Келе сала екеуі -
Ел қамына кірісті.
Дұрыс! - деді дұрысты,
Бұрыс! - деді бұрысты.
Екеуінің жігері -
Тасытқандай ырысты.
Қайнатқандай құрышты.
Мұхтар тілді қорғады,
Тоқтар ділді қорғады.
Екі батыр бірігіп
Туған елді қорғады.
Жасыл жайлау
Асқар тау,
Өзен-көлді қорғады.
Сатылуға шақ қалған
Қайран жерді қорғады.
Сөйлеп еді,
Не керек?!
Елді аузына қаратып...
Билік деген керемет,
Парламентті
Жіберді
Бір-ақ күнде таратып!
ТОҚТАРМЕН СҰХБАТ
- Туған жерің?
- Мәди мен Тәттімбеттің мекенінде,
Туыппын «Қарқаралы» етегінде...
- Туған жылың?
-Айналып Ұлы Жеңіс көзайымға,
Туыппын қырық алтының жаз айында.
- Әкеңіз жайлы?
- Тағдырым туа сала тасқа айналып,
Әкеден жапа шектім, жастай қалып...
- Шешеңіз жайлы?
-Паналап өмір-тірлік қалқасында,
Анамның аман өстім арқасында.
- Балалығың қалай өтті?
- Көп көрдім балалықтың қызық күнін,
Тентектігім, емес тек, бұзықтығым.
- Сыр айтсаңыз аз ғана?
Күндеріңнен бозбала...
Туған жері Торғай ма,
Әлде Ырғыз ба?
Ғашық болдым бір қызға.
Айналды ол мен үшін
Қол жетпейтін Жұлдызға.
- Татьянамен таныстығың?
- Қонғандай боп жүргенде жат ұяға,
Бақытыма жолықты - Татьяна.
«Тәтіш» дейді қазақтар еркелетіп,
«Татьяна» -
Әншейін аты ғана!
- Балаларыңыз жайлы?
- Бақытым да,
Бағым да - осы күнгі,
Мақтан етем өзіме қос ұлымды.
Тұлғасына ырзамын таудай болған,
Құлындарым -
Папасынан аумай қалған.
- Қазақ тілін біле ме?
- Білмесе егер ұрпағым қазақ тілін,
Онда менің құр бекер - Азаттығым!
Ғарышкерлік қадамыңыз?
- Шешеді ғой тағдыр мен талан бәрін.
Ұшқыш болу...
Сол еді - бар арманым.
Арманыма жеткенде,
Сен білесің,
Ғарышкерлік сапарым жол алғанын.
Жүрмін қазір халқымның ортасында.
Дәстүрімен жұртымның салты осында.
Ғарышкер боп атандым,
Мен - алғашқы,
Егеменді Елімнің арқасында!
- Депутат болдыңыз?
- Заман жүгі күрделі ол-дағы анық.
Бастаған іс -
Біразы жолда қалып.
Ақиқатын айтуға
Керек болды -
Көкірегімде,
Көп ойлар қордаланып.
Сол бір жайлар жанымды мұңайтады.
Қай іске де
Қараймын - сынай тағы.
Захар шашқан
Заманның
Зар мен шерін,
Мен айтпасам,
Бұл күнде,
Кім айтады?!
- Ойымызша, осы біздің,
Ардақ тұтар досыңыз кім?
- Достарымды айта алмаймын көп деп те,
Және тіпті аз демен.
Балалықта,
Оқығанда мектепте,
Күндерімде арман жолын көздеген.
Талай досты көп көрдім,
Жауда болмай қалған жоқ.
Бұл басымнан талай жәйды өткердім,
Менде әлі арман көп.
Сырлары бар мұның да,
Жан болмаса жарымес,
Бір мен үшін,
Шынында,
Адал жанның бәрі дос.
Достарымды дей алмаймын,
Соңғы және алғашқы...
Ағалардың ішінде,
Ардақ тұтам, Олжасты.
- Құрдастардың ішінде...
- Бұл сөзімді түсін мейлі, түсінбе,
Құрдастардың ішінде,
Қымбат маған бір адам.
Ол - Балташ қой,
Жанымен де,
Жүрегімен ұнаған.
Иә, айтпақшы, сенің де,
Бар еді ғой,
Балташ жайлы өлеңің.
Оқып берші,
Демеу болсын көңілге!
- Оқы десең
Оқиын,
Балташ досқа,
Болсын қосқан
Лебізім менің де...
Айыбы оның -
Ойының биіктігі.
Айыбы оның -
Бойының биіктігі.
Балташ, Балташ -
Бар ұлттың мақтанышы,
Балташ, Балташ -
Халықтың сүйікті ұлы!
Тағдыры бар талайдан жай ұқтырған.
Ақ жүрегі - ақылын байыттырған.
Бұл зәнталақ заманға мен не дермін?!
Мықтылығын кісінің айып қылған.
Құшақ жайып - жол ашып ептілерге,
Қырын қарап тұрғандай тектілерге.
Бұл зәнталақ заманға мен не дермін?!
Қуат емес,
Құм құйған от-жігерге.
Дос дегеннің бірі - қу, бірі - көсе,
Соның жолы кесілер кім үдесе?!
Шенеуніктер қарайды шекесінен,
Бармағынан бал жеген күні кеше!
Жарға соққан заман-ай ақылдыны.
Адамдардың азайып татулығы.
Қисық,
Қыңыр,
Қырсықты
Қиып өтер,
Балташ,
Балташ -
Балтадай батылдығы!
Ие қылған табиғат зиялы атқа,
Жүрегіне ұлылық ұялатқан.
Балташ,
Балташ өзінің атына сай,
Балта болып сілтенген қиянатқа!
Балташ...
Балташ бір сәби баладайын,
Кім дос болса - сол туыс, сол ағайын.
Алаң болып жүргені қашан көрсең,
Ауыл жайы...
Қоса ойлап қала жайын.
Сеңді бұзып,
Сәуледей сәуірдегі,
Дүр сілкіндір -
Даланың дауыл-желі.
Балташ,
Балташ -
Беріспес Батырлардай
Дәл Бүгінгі Заманның
Жауынгері!
«Үш аю»
Ежелгі
Ерке
Есілдің жағасында.
Асырып
Мерейтойдың бағасын да.
Ел-жұрты «Үш аю» деп атап кеткен,
Тұрағы -
Ер Тоқтардың нақ осында.
«Үш Аю» -
Астананың іргесінде,
Еңкейіп күннің көзі тұр бесінде.
Манадан ел тасқыны тоқтаған жоқ,
Мекенін Ғарышкердің білмесін бе?!
Бұл ара қазір -
«Тоқтар қалашығы»,
Дәуірлеп туған күннің жарасымы.
Шілденің 27 жұлдызында,
Жиылды қалың елдің бар асылы.
Бір шоғыр Ғарышкерлер,
Әкім-қара.
Осында әншілер де, ақындар да.
Шіренген шенеуніктер
Күзетімен -
Жанына жан шошитып жақындарға.
Қонақтар өзімізден, шетелден де,
Арнайы, кейбіреуі төтеннен де.
Топырлап, ағыл-тегіл келіп жатыр,
Білгенге мұның бәрі бекерден бе?!
Сөз сөйлеп министрлер бас жағында,
Асаба қайта-қайта «тост» қамында.
Атынан
Ат үркетін небір көсем,
Атақты академик, жас ғалым да.
Көресің барлық ұлттың баласын да,
Құрылысшы,
Жұмысшының да - бәрі осында.
Күйшілер күміс күйін күмбірлетіп,
Әншілер жыр төгеді арасында.
Оранып өңшең ноян
Өрт - аңызға,
Қалғанда қан жүгіріп арқамызға.
О, ғажап!
Ойда жоқта,
Осы мезгіл,
Елбасы жетіп келді ортамызға.
Арғымақ,
Асыл тұлпар жетегінде,
Келген деп ойламаңыз төте кімге?!
Ерекше нұр ойнады
Ойда жоқта -
«Үш Аю» -
Ер Тоқтардың мекенінде,
Бөгелмей
Елбасы да желпінгені,
Дегенде: - «Хас тұлпарды келтір, кәні».
Жер тарпып,
Күлдір-күлдір кісінейді,
Арғымақ
Алтын күміс ер-тұрманы.
Тұрмады ешкімді де сәл күттіріп,
Серілік бойындағы
Салдық қылық.
Тоқтар да, үзеңгіге аяқ салды,
Әп-сәтте
Арғымаққа қарғып мініп.
Разы Елбасының құрметіне,
Өткенді көз алдына бір келтіре.
Сұңқардың қандай жақсы қарағаны,
Тұлпардың тәнті болып түр-көркіне.
Бір кезде,
Маған-дағы келді кезек,
Ақынға алтын арқау болды да өзек,
Тоқтарға ақтарылған
Ақ тілекті,
Толғадым, тебіреніп тілді безеп:
- «Тоқтар!
Тоқтар!
Тоқтарсың!
Алаулаған оттансың.
Жалаулаған топтансың.
Бір ән болып,
Қыран болып
Аспанға -
Қанатыңды қаққансың.
Жан отыңды жаққансың.
Ай қасына барғанда,
Тайталаста,
Таржолда,
Тағдыр дәмін татқансың.
Алыптарды мақтарсың,
Арыстарды жақтарсың.
Біреулерді боқтарсың.
Тоқтар!
Тоқтар!
Тоқтарсың!
Жалпақ елді жарылқап,
Жамандықты таптарсың,
Жақсылықты жақтарсың.
Алпыс жасқа келгенде,
Ақын досың өлеңін
Ағыл-тегіл ақтарсың.
Әлемдегі бар қазақ
Атыңды атап мақтансын.
Мен де сені мақтадым,
Сен де мені мақтарсың?!»
Конгресс-холлда
Алпыстың тойы...
Конгресс - холлда мол халық.
Ақын болған соң -
Ақ қағазымды қолға алып.
Толқып бір тұрып,
Алқалы топтың алдында,
Оқыдым өлең,
Оқыдым өлең - толғанып.
Оқыдым өлең...
Қанатын қыран қомдады,
Осы ғой шіркін,
Ақынның бағы жанғаны.
Ұсынып тұрмын,
Оқырман қауым білсін деп,
Осы еді менің -
Оқыған жырым сондағы:
- Сен Батырсың -
Халықты бастауың керек.
Сен Ақынсың -
Алыпты жасқауың керек.
Сен асылсың-
Асылды тот баспауы керек,
Сен жасынсың -
Дұшпанның тас төбесінен -
От тастауың керек.
Дауыл - желсің,
Таулармен қиылысқан,
Жауынгерсің,
Жаулармен жиі ұрысқан.
Сен ұрансың -
Ақ алмас жарқыраған,
Сен қырансың -
Ең алғаш
Биік ұшқан.
Сен сұңқарсың
Сұлулық - жырдан нұсқа.
Беріліп кеткенінде
Бір намысқа.
Қолыңа алып сілтейтін
Керегінде -
Ақ семсерсің,
Ілулі тұрған тұста.
Жүрегіңде -
Жалын-от,
Санаңда -арман.
Келе жатқан бағзы бір замандардан.
Аждаһаның аузына апарса да,
Жетпіс рет
Ажалдан аман қалған.
Затыңа - мін,
Келтірмей атыңа - сын.
Кейді тіпті
Ашынып,
Аһ ұрасың.
Біреу тисе
Қазақтың намысына,
Найзағай боп,
Әлі де атыласың.
Ақиқатың -
Айтылған сырдай қанық,
Жүрген жерің
Жап-жарық нұрға айналып.
«Қазақ» деген бір сөзге
Қасиетті -
Сенің мәңгі есімің тұр байланып.
Жаралғандай
Жүрегің жырдан дәйім.
Ақ дастархан -
Әр үйде тұр дәм дайын.
Мен өзіңді көргенде
Сезінемін -
Қарқаралы төсінде тұрғандайын.
Құрдассың ғой,
Қарама, сен жасыма,
Сырласайық
Онан да кел, қасыма.
Сені осындай
Ерлікке жетелеген,
Рахмет айтайық, Елбасына.
Тұлғаң сенің көрінер
Топтан айқын.
Кербездерге
Көзіңді көп қадайсың.
Алынбаған
Асқар тау,
Алдында -
От бар,
Тоқтар!
Тоқтар!
Бірақ та, тоқтамайсың!
Менің елім жол тартты
Алысқа - Азат,
Айтар сөзім қолыма нан ұстап ап:
- Сенен биік ешкімде болмақ емес,
Жаса,
Жаса,
Ғажайып,
Ғарыш - Қазақ!
Топтау
Көп жаздық
Көктем жайлы,
Бұлбұл жайлы.
Есіркеп,
Есті сөзді
Кім құндайды?!
Бойдағы намыс қозған,
Ғарыш - Қазақ
Тоқтарды мен жырламай кім жырлайды?!
Қарасаң замана сынай тағы,
Көп жайлар -
Көңіліңді мұңайтады.
Баяндап сүйікті ұлдың
Биіктігін
Тоқтарды мен айтпасам кім айтады?!
Менің де қайнап кейде от-намысым,
Келеді көрсеткісі топта күшін.
Жолына жауынгердің мен де ілесіп,
Қолыма қалам алдым -
Тоқтар үшін!
Кез келген қызықпаймын бар асылға,
Таңдадым -
Тектісін де,
Дарасын да.
Сілтедім қаламымды қару қылып,
Арпалыс,
Өмір - майдан арасында.
Ерлікті серік еткен жас жанына,
Жол салып -
Болашақтың бастауына.
Күмбезін
«КСРО»-ның
Кірш-кірш тесіп,
Әлемнің бір-ақ шыққан
Аспанына.
Қыран ол -
Қай кезде де аспанқұмар.
Жайы жоқ -
Таудан түсіп,
Тастан құлар.
Тұлғасын
Ер Тоқтардың сомдау үшін,
Әр ақын жазған сөзін дастан қылар.
Көгімде -
Шуақ шашып нұрлы аспанға.
Жерімде -
Аман-есен гүл басқанда.
Елім деп
Еміренген
Ер тұлғаның
Ерлігі сияр емес
Бір дастанға.
Ер туса халық сүйіп, қазақ елер,
Ақынға қалай шабыт маза берер?!
Ерлігін туған елі мақтан етіп,
Жазылған,
Әлі талай жаза берер.
Ол жайлы толас таппас ән де, жыр да,
Бөленіп байтақ әлем мәңгі нұрға.
Өлкемнің
Өзендері тулап ағар,
Тоғысып -
Есіл,
Ертіс,
Жайық,
Сыр да!
Бурабай,
Баянауыл,
Қарқаралы,
Қосылып
Бір-біріне жол табады.
«Алтын күн Аспанына...»
Айналады,
Дүниенің шырқап салған ортақ әні.
Арылып туған елім шер-күйіктен,
Осынау ән -
«Гимн» болып,
Елді иіткен.
Аралап біз сияқты
Жермен емес,
Бәрін де
Көрген Тоқтар,
Ең биіктен!
Әрине,
Елбасынан алды кеңес,
Артында
Асқар таулар, қалды белес.
Соңынан
Самғап ұшқан
Талғаты бар,
Бұл жолда
Біздің Тоқтар - жалғыз емес!
Бұл жолда -
Ұшты Талғат қайта-қайта
Жалығар түріміз жоқ айта-айта.
Жас қыран
Жан-жағына қаранады,
Дегендей,
«Қазақ қандай, енді байқа!»
Бұл іске
Аға Тоқтар сүйсінеді,
Көңілге ән ұялап,
Күй сіңеді.
Ту тігіп
Гүл көтеріп,
Туған елдің
Қосылып бір-біріне тұр тілегі.
Көтерер
Биігіне
Бақ талайды
Аспанға елім көзін көп қадайды.
Ғарышқа бір басталған
Ғажайып жол,
Талғатпен,
Тек Тоқтармен тоқтамайды.
Ғарыштың көбейеді жұлдыздары,
Қазақтың аман болса ұл-қыздары.
Тәкаппар,
Кеудесімен көк тіреген,
Әлемнің бағынады шың-құздары.
Елімнің
Ер еңселі азаттығы,
Ел аман болса туар ғажап күні.
Естірміз
Елең етіп бір хабарды,
«Ғарышқа ұшты, - деген -
Қазақ қызы!»
Естірміз жүрегіміз жарылардай,
Бір бақыт
Бойымызға дарығандай.
Қуанар дәл осынау
Қуанышқа,
Ақ жүрек
Адамзаттың бәрі қалмай.
Тірлікте келер жазың, қысың әлі.
Бақытын өмір талай ұсынады.
Мәншүк пен Әлияны
Туған қазақ,
Ғарышқа талай қызын ұшырады!
Халқына құт-береке дуа қонып,
Көзіміз жетер әлі бұған анық.
Ол кезде сен болмасаң, мен болмасам,
Қуансын -
Ұрпағымыз куә болып!
Ат жайлы,
Толғанамыз, қыран жайлы.
Ұрпағым,
Ұлы көште
Ұрандайды.
Болса да,
Қандай заман,
Біздің қазақ,
Бір ерлік жасамаса тұра алмайды!
Осылай болған әр кез намыстылар,
Алысты жақындатып - табыстырар.
Биікке ұмтылудан жалықпайтын,
Бұл қазақ -
Қай кезде де,
Ғарышқұмар!
Тап келдік,
Ғажайып кез,
Кең ғасырға.
Жазылған,
Тәуелсіздік таңбасында.
Ғарышқа ұшар талай
Біздің қазақ,
Солардың
Тоқтар тұрар,
Ең басында!
"Абай-ақпарат"