Бейсенбі, 1 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107979. Жазылғандар — 102937. Қайтыс болғандар — 1725
Қырдағы әңгіме 6126 40 пікір 20 Наурыз, 2020 сағат 13:39

Тағы-тағы сол баяғы Қабдекең...

Қайырымды қартайса қазы болады,
қарау қартайса қазымыр болады.
(халық даналығы)

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов мен ауылда жүріп, тұңғыш шығармам «Дүрбелең» романымды жазып келгенімде жарыққа шығаруға бар күшін салды. Сол адамгершілік еңбегі үшін ол кісінің шығармашылығы жайлы жазған бірнеше мақалаларымның сыртында 2008 жылы шыққан «Уақыт ырғағы» аталатын кітабымның алғашқы беттеріне ағымнан жарылып, «мені әдебиет әлемінде ешкім танымайтын, аты-жөнімді білмейтін кезімде «Дүрбелең» романымның қолжазбасын оқып шығып, Қазақстан Жазушылар одағының проза кеңесінде талқылатқан қазақтың заңғар жазушысы Қабдеш Жұмәділов болатын. Бұған дейін есімім еш жерде тасқа басылмаған; баспа бетіне, газет, жорнал атаулыға бір мақалам да шықпаған еді. Маңайына менің романымның мәнісін айтып, проза кеңесінің мүшелеріне оқытып, қысқасы баса-көктеп талқыға салғызды. Өйткені «бұл қайдан шыққан тік құлақ» деп қомсынған күдікшілдер жоқ емес еді. Жолым ашылды» деп жазған едім. Ол кітап қазір өзімде де, жұрттың қолында да бар. Сол кітапты өз қолыммен ұсынып бергенмін.

Бір қызығы, ағамыз одан бұрын 2004 жылы берген «Есенгелді би» романым «Алаш» әдеби сыйлығын алғаннан кейін өз-өзінен бүлініп, 2009 жылы сол баяғы кітапқа қарсы пікір жазып, содан дау басталды. «Есенгелді би» романымның ішіндегі Қабанбай мен Есенгелді батырдың құдалығы туралы тарауға «менен пайдаланған» деп, «Жас алаш» бетіне мақала жазды (14 шілде, 2009 ж.). Ал мен ол тараудың дерегін Құлжадағы Қызай ана туралы жазылған кітаптан алған болатынмын. Ол кітаптың авторы белгілі қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жақып Жүніс бауырымыз, қазір көзі тірі. «Жас алашқа» жазған жауабымда соны ай-жылымен дәлел ретінде келтіргенмін. Бірақ «Жас алаш» айтқанымның ең түйінді жерлерін, яғни Қабдекеңе бататын сөйлемдерді жұтатып, әр жерінен бір қырқып басты. «Қайырымды қартайса қазы болады, қарау қартайса қазымыр болады» деген тақырыбымды да өзгертіп «Сыйға–сый емес пе еді» деп, мені жалынғандай ғып бұрып көрсеткені қабырғама батты. Қабдекең ағамыз менің жауабыма тоқтағысы келмеді. Туған аға мен ініден артық қарым-қатынасымызға сызат түсті. «Жас алаш» қызметкері Әмірхан Меңдекенің қолымен менің әлгі толық мақаламның қолжазбасының екі нұсқасының шетіне жазған сөздерін күні бүгін сақтап жүрмін. «Редакциялап» басқан түпнұсқасы мен осы қолымдағы нұсқаның үлкен айырмашылығы бар.

Қабдеке, сіз екінші жолғы мақалаңызда «Қабанбайдың құдалары» («Жас алаш» 15.10.2009) аталған дауыңыздың басында қара әріппен: «Алдын ала ескертіп қояйын, мен бұл мақаланы Жанат Ахмадидің «Сыйға–сый емес пе еді» дейтін жазбасына жауап ретінде жазды екен деп ойлап қалмаңыздар» деп, мені қомсынғансымақ боп, көлгірсіп көрінесіз де, сол қысқа мақалаңыздың дәл 10 жерінде атымды қайталап отырғаныңыз әлгі «мықты» уәдеңізге қайшы шыққан. Былайғы жұрт көзіне менімен «айтысқыңыз» келмей отырған «мығымның» өзі болып көрінгеніңізбен, «қышыған жерден қол кетпес» дегеннің керін келтіргенсіз. Яғни ащы шындық айтып, жаныңызға тиген, менен аттап кетуіңіз мүмкін болмаған. Бұл Сіздің ежелгі даукесті сырқатыңыз. Шығармаға керекті материал-деректерді әркім пайдаланады. Сізді күйдіріп бара жатқан нәрсе, менің тарауымның көркемдігі сізден әлдеқайда жоғары екендігі. Сөзді өз мүддеңізге бұруға келгенде аға, сіз алдыңызға жан салмайтын жанкештісіз. Айналаңызбен қанша рет айтысқа түскеніңізді өзіңіз де санай алмайтын шығарсыз. Тілсізге тіл бітіресіз. Сіздің тиісетін адамыңыз жалпақ қазақта мен ғана емес, олардың тізімін жаңылмай шығарудың өзіне кішігірім бір есепші керек шығар. Мақалаңызда «менімен айтысып, мықты көрінгің келген» депсіз. «Жаман жердің шиырын баспа» деген бар. Сіз шиырламаған жер қалды ма?! «Мықтылығымды» көрсетем деп, көпке топырақ шашып, сүйкімнен айырылып болдыңыз. Әу басында Сіз менің қабілетіме көмектестіңіз емес пе?.. Мына өмірде сіз де біреулердің көмегін көрген боларсыз? Ол барша адамзатқа ортақ заңдылық. Сізге деген шексіз құрметім – жүрегімде еді. Тек қана алдыңызда құрдай жорғалап тұрмағаным үшін алғашқы мақалаңызды жазғансыз. Мүлде ығыстырып алайын дедіңіз. Ішегіңіздің қырындысы қалмай, ақтарыла мақтағаныңызды селге кетіріп, енді мені табындырып алғыңыз келген. Бір қызығы, тіпті ең ғажабы – алғашында соңыңыздан ерген інілеріңіздің (Жанат Ахмади, Несіпбек Айтов, Асқар Алтай т.б.) талантына тәнті боп, биік парасатпен азаматтық көрсетесіз де, олардың жақсы аты шыға бастағанын көргенде баяғыңыздан айнып, Қожанәсірдің күйін кешесіз. Өйткені маған «Қазыбек бек Тауасарұлын романыңа кіргіздің» деп, Несіпбек Айтовқа «Мен айтқан Ақтайлақ биді сен неге аузыңа аласың» деп қаныңыз содан қарая кетті.

Мен жақсы ініңіз боп қасыңызда жүрген кезде сіз біреуге тиісер алдында өзіңіздің жаныңызға жақын «сусыныңыздан» ұрттай отырып, «қаһарланып» алатыныңызды өзге жұрт білмесе де, сыралғы ініңіз ретінде, мен жақсы білемін ғой. Соның шалығымен «ә бәлем, сені ме!» деп тіс қайрап, дереу қағаз-қаламға жармасасыз. Өзіңізге қабағы жараспай қалған кісіге тиіспей, сол кезде де тиіспей тыныш жата алмайтын едіңіз. Бұл сіздің маңдайыңызға тумысыңыздан танылған, яғни сүйегіңізге біткен ауру. Тиген жеріне қара дақ түсіретін күйелі ағаш тәріздісіз. Содан ләззат табасыз. Қазақ «қорқақ деген дұрыс, дауға жақын күйеді» дейді. Амал не, мен «ұстазым» өзіңіздің сақалыңызға жармасып отырмын. Бірақ сіз сан қайта күйсеңіз де, «қараудың көңілінде қайғы тұрмайды» немесе «бетімнің қалыңдығы – жанымның рақаты» дегенді малданып, мізбақпай жүре бересіз.

Кешегі ұлы Әуезовтердің көзіндей, солардың ізін басқан Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақалға неше жыл соқтығып, ақыры соттасып тындыңыз. Жоғарғы соттың талқысына түскеніңіз, жеңіліп, айып төлегеніңіз абырой болды ма? Күні бүгінге дейін көрнекті жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеевтен бастап баспа беттерінде қанша соққы көрсеңіз де, ел-жұрттан ұяла білу; талай жасқа келдім ғой деп Құдайдан қорқу, сізге қалай бұйырмаған, аға!  Өмірден өткен Балғабек Қыдырбекұлының аруағымен алысып, (сізге сәлемдеспейтіндігі үшін) «Түп тұқияңнан өзіме шейінді» етегіңізбен жапқыңыз келді. Шағатай тілінің білгір маманы, өз жерлесіміз Мақсұт Шафиғи және осы мамандықтың майталманы Сәрсенбі Дәуітұлы сияқты ғалымдар сіз айтты екен деп, тарихи ақиқатты дәлелдемей қарап отырмақ па? Ол ғана емес, Өтейбойдақ ілімі жөнінде тағы өрескел шалықтадыңыз. Оны да Б.Нұржекеев басқарған «Жалын» баспасы шығарғаны сізге мірдің оғы боп тиген. Онымен де тоқтамай, «Шапырашты Наурызбай деген батыр болмаған» деп жазып, сол үшін заң ғылымының докторы, профессор Арықбай Ағыбаевтан баспа бетінде таяқ жеп, сөз естідіңіз. Ол кісінің «заң алдында жауап бересіз» дегенінен кейін жауап жаза алмай аузыңызды жаптыңыз. Ой тауба, бұқаны құтыртатын басқа нәрсе, сіздегі ненің құтырығы?!

Маған қарсы жазған алғашқы мақалаңызда Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманайы» кәдімгі сіздің шығармашылығыңыздан «пайдаланып жазғанын» айта келіп, «мен мұны марқұмның көзі тірісінде мойындатқанмын» дегеніңіздің, шылқыған шындық екеніне кімнің көзі жетеді? «Сәкен сері» атанған ол адам да біреуге оп-оңай тізе бүге қоятын кісі емес екенін жұрттың бәрі біледі. С.Жүнісов өзінің абырой алған шығармасын сізге жығып бере салды ма екен?.. Сіз өзіңіз туралы айтқанда, қай-қашан боз биенің сүтіне шомылып шыққандай, сүттен ақ, судан тұнық, күнәдан пәк «періште» болатыныңыз белгілі.

... Бәле қуған екенсіз, аянар жер қалған жоқ. «Бет жыртыспай, дау дауланбайды» дейді. Сізді бұлтартпайтын, сізге күрзі шоқпардай ауыр тиетін бір ащы шындық бар. «Дарабозды» кімнің еңбегі арқылы жазғаныңызды ішіңіз біліп тұрса да, оны жылы жауып қойып, жұртқа тиісетініңіз ғажап-ақ. Белгілі зерттеуші, жазушы Зейнолла Сәнік Қытайдағы кезінде, сол жақтағы «Шалғын» деген жорналға 1980 жылы «Қабанбай батыр» атты үлкен мақаласын жариялап, оны 1986 жылы сол атпен араб әрпінде кітап етіп бастырған. 1987 жылы З.Сәнік сол кітаптан Мәукен деген азаматтан 3 дана жіберіп, біреуін Жағда ағамызға, екіншісін өзінің інісі Төкен Шотанбековке, ал үшіншісін Мақсұт Шафиғиға тигізеді. Ал Жағда ақсақал көп кешікпей Төкенге «мендегі кітапты Қабдеш сұрап алды, оқып үлгерген жоқ едім, сен қолыңдағыңды маған бер» деп сұрап алады. Арада біраз уақыт өткенде ағасы З.Сәніктің кітабын оқығысы келген Төкен Шотанбеков Жағда Бабалақтағы кітабын сұраса, оны да «Қабдеш алған» депті... Зерттеу кітаптың бір данасын алған Мақсұт Шафиғидың телефонын С.Дәуітовтен алып «З.Сәніктің сіздегі кітабын Жұмәділов алған жоқ па» деп сұраған едім. «Кім алғаны есімде жоқ» деді. Қабдекең аталған кітаптарды не істемек? Мұндағы мақсат не десеңіз, «атқанның аңын жатқан байланған» болып, ол кезде Қытайдағы Зейнолла Сәніктің бұл кітабын Қабдекеңнің өзінен басқа ешкім білмеуі керек болған. 

Зейнолла Сәніктің ас-нәзіріне арналып шыққан «Ақылды алымды, қаламы қарымды» атты кітаптың 12-бетінен басталатын Камал Әбдірахмановтың және Төкен Шотанбековтың мақалаларында Қ.Жұмәділовтің даукестігі жөнінде біраз нәрсе айтылған. Бұл айтқанымызды растайтын дәлел сол кітаптың 106-бетінен басталатын Төкен Шотанбековтың «Арман аға...» аталатын мақаласында дәлелденген. Ортамызда көзі жоқ Жағда ағамызға Төкен жала жапқалы отырған жоқ. Аз жыл бұрын З.Сәніктің үйінде бас қосқанымызда Т.Шотанбеков төмендегі куәлардың көзінше айтылып отырған дәлелдердің растығына менің Қ.Жұмәділовке қарсы жазған мақалама қол қойып берген. Соны көздері көріп бірге болғандар З.Сәніктің жұбайы Шәмшабану Хамзақызы Жазушылар одағының мүшесі Әбділдәбек Салықбаев әйелімен, мен әйелімен және З.Сәніктің баласы, келіні бәріміз отырғанбыз. Жазған мақалама Шотанбеков қол қойғанда З.Сәніктің жұбайы Шәмшабану апай да құлшына растап сөйлегенін отырғандардың бәрі көрді. Бұл әрекетті Әбділдәбек Салықбаев Қабдешке жеткізген соң, баяғы даукес Қабдекең Шотанбеков пен апайды қорқытып, телефондаған екен. Маған Шәмшабану апай телефон шалып «Зейнолланың жылы өткелі жатыр, құлағын шулатпай-ақ қояйық» деген соң, тілін алған едім. Бірақ менің сонымды естіп алған соң, Қабдекең сыртымнан неше түрлі жасама жалған өсегін жауып жүргенін естідім. Оқтаулы тұрған мақаламды «Қазақ әдебиетіне» бастырмақ болған едім. Нұрлан Оразалин маған «80 жылдығы өткелі жатыр ғой» деп тағы қойғызып қойған (Н.Оразалин өзін атарға оғы жоқ боп жүрген адамды да қорғап қалған).

Тағы осы З.Сәніктің аруағына арналған аталмыш кітаптың 12-бетінен басталатын «Тектіден қалған тұяқ еді» мақаласында Камал Әбдірахманов: «Зейнолла ағамыз шығармаларындағы деректерін «өзгелер» пайдаланып жатқанына кеңшілікпен қарайтын. Тек бұра тартып, ұрлап жатқанына аздап кейійтін. Мәселен Зекең Қаракерей Қабанбай батырдың Ер Жәнібекті сынауын әдемі жазып еді. Кейіннен «Дарабоз» романында осы оқиға бұрмаланып, романды жазған адамның бір батыр атасын сынаған болып кетіпті. Осы көңіліме сыймаса керек, Зекең: «ең болмаса оқиға орнын өзгертіп, сөйлемдерін, тілін өзгертпеді ме екен?! Жол-жолымен көшіріп, аттарын ғана өзгерте салыпты. Ақыр ұрлаған екенсің, түрлендірмеуші ме еді?» деген-ді». К.Әбдірахманов жоғарыда аталған кітапты З.Сәніктің сөзін келтіріп: «саған біреу тиісе береді ғой. Оныкі өз өтірігін жасырудың амалы ғана. Соңғы мақаласында мені де іле кетіпті. Әу баста маған: «аға, сіздің кітабыңыз мен роман жазғанда өте үлкен көмек жасады» деп, көпшіліктің ішінде айтқан. Балаларым сөзін таспаға түсіріп алыпты. Сақтаулы тұр. Бірақ оған сыртқа жалған сөйлеп жүргенін айтқанмын. Соған кектенген шығар. Ал, сен оны елең қылма. Аман бол. Денсаулығым сыр беріп, Бейжінде емделіп келдім. Әлі хабарласамын» деп еді. Зекеңнің дауысын соңғы рет естіп тұрғанымды қайдан білейін!» дегенін айтып жазған. Мұндай дәлелдер осы кітаптағы Шәмшабану Хамзақызының мақаласында да анық айтылып тұр.

...Қабдеке, өзіңіздің сөзіңізбен айтқанда «басқа елдің өнімін ешқандай патенсіз, лицензиясыз пайдалана беретін» дегеніңіздей, Қабанбай туралы Қытайда жатқан Зеке ағаңның бір ауыз келісім-рұқсатынсыз сол дап-дайын кітаптан ұрлай отырып, екі кітаптан тұратын «Дарабозды» жазып жібердіңіз емес пе!.. З.Сәнікке өштесіп алғаныңыз ол кісі Қытайдан өтіп келген соң, соны сіздің бетіңізге басқандығынан. «... Әркім менің әрбір шығармамнан жырмыштап алып жатыр» деп, өзгелердің жазғанынан ойы ұқсастау бірдеме көрсеңіз, жүрегіңіздің басына сарысу толатын өзіңіз бүкіл сом дүниені шайнамай жұтатын жыланша бөлмей-жармай, роман-дилогияңызға азық еткеніңізді уақыт шіркін ұмыттыра бастапты. Бірақ сонша қабілетіңізбен «қарға көмген – қар кеткенде ашылатынын», «былтыр күйгеннің иісі – биыл шығатыны» есіңізде болмаған. Өзіңіз айтқан плагият-ұрлықтың үлкен ошағы сіз екеніңізді айтқызбай қоймадыңыз (Ешкім білмес деп жүргенсіз).

Құрметті оқырман! Бұл оқиғаны маған қаламгер З.Сәнік інісі Төкен екеуі бірлесе отырып, сол үйде Шәмшабану апайдың көзінше айтып берген. Және сол үшін осы мақалаға Төкен Шотанбеков жоғарыда аталған көзі тірі куәлардың көзінше өзінің қолын да қойып берген (Түпнұсқасықолымда тұр). Кезінде менің оң жанбасыма келіп тұрса да, өзінің денсаулығы сыр беріп жүрген Зекең әйелімнің көзінше: «Жанат інім, қазірше қоя тұрсаңшы... Бұған Қабдеш қайтсе де қарсы мақала жазатынын білесің. Айтысты үдетіп, онымен салғыласып жатуға денсаулық та көтермейді. Осыны тек өзің біліп жүрсең болды ғой, түбінде бір керегіңе жаратарсың...» деп, соңына терең сыр тастаған еді марқұм. Сонымен өз ақым, өз кегім кетіп бара жатса да, ол кісіге Қабдешті қарсы қойғым келмеген еді. Тіршілігінде Зекеңе мойнында міні бар Қабдеш ағам сәлем бере алмайтын. Сыртынан көзімен атып, ақшия қарап қоятын. Белшесінен батқан лайсаң батпаққа қарамай, көпке топырақ шашып соқтығатынына таңым бар. Қасқыр да өз ініндегі бөлтірігін сақтап, тыныш өмір сүру үшін маңайына шаппаушы еді ғой. Әсіресе, өзгеден бұрын өзіне маза таптырмайтын әпенделігі аянышты-ақ!.. 

Қабдеке, сіз З.Сәнікке бата алмайтын кегіңіз үшін Сыр бойындағы Төлек-Атайдың басына барғанда, Зекеңе сөз бергізбей, «бұларды байқамаса болмайды, Қытайдың тыңшысы еместігіне кімнің көзі жетеді» деп жұртты үркіткеніңізді З.Сәнік елден естіп, айтып келген. Дәл сондай өтірік жаламен әлгі Күнгей Мұқажанға «туалетте өліп қалды» деп, мүлде өтірік жала жауып, оған баспасөзде жауап қайтара алмағаныңыз сияқты жалған жала жабуға келгенде бетіңізді тілсе қан шықпас. Қодар бейнелісіз. Қабдекең алғаш рет Асқар Алтайға менімен қоса орынсыз жала жапқаны аздай, оған екінші рет тиіскенде де, бұрынғы жазғандарын тағы езіп: «қойларымның қаншасы кімнің қорасында жүргенін бір құдайдың өзі білсін. Мәселен, менің ертеректе жазылған «Сәйгүліктер» атты повесімде қозыкүрең дейтін айғыр бар» деп, соның егжей-тегжейін мына мақаласында әлі де шұбырта келіп: «ал, менің повесім жарияланған соң, он бес жыл өткенде бір жас жазушы (А.Алтайды айтқаны) «Қараштың қарасы» деген әңгіме жазыпты. Айырмашылығы қозыкүрең мінілмеген күйі жүген-ноқтасыз бос қашса, «Қараштың қарасы» үстіндегі адамын жығып, ер-тоқымымен, ноқта-жүгенмен келеді» деп, оқырманға алтын құсып бергендей ежіктеп езеді. Қазақта қозыкүреңнен басқа жылқы қашпауы керек болғаны ғой?! Сол мақалаларын бұ жолы да 6-шы наурыз 2020 жылғы «Жас Алаш» бетінде тағы да езіп, қайталап шығарыпты 

Дәл сол сияқты көзі жоқ Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманайына» жазған мақаласында тағы солай «менің кейіпкерім еркек еді, оныкі әйел. Айырмашылығы сол» деп, жаңағының керін келтіреді. Өзі және «бір адамды екі қайта сынаудың қажеті жоқ» деп «Конфуций айтқан» деп, қазақтың төл сөзін қайдағы біреуге таңып көсемсиді. Өзі «екі қайта... емес. Бір адамға бірнеше қайта соқтығатынын білмейді. Жасы сексеннен асқан; «шашы қудай, дәреті судай» дейтін шағында осының бәрін көз құнындай жоқтау, жаламен жанып-күю, қандай азап десеңізші!.. Тағы бір мақаласында оған жауап жазбай үнсіз жүрген маған үшінші рет тиісіп «ұятсыздау біреуі...» деп, ішінде ит ұлып және бір тиіскені – менің шығармашылығым туралы жазушы, әдебиет-зерттеуші, ғалым Шерияздан Елеукенов «Егемен Қазақстанға» мақтап мақала жазғанын көре салып, соның артынша іле-шала қаламына жармасқан (Ішімнен біліп отырдым, көздеп тұрады).

Кезінде «Құзғын» деген әңгіме жазған еді. Қайда болса сонда ұрынып жүретін, өзінен аумайтын ол құзғыны ақырында машинаға соғылып, «ұрынып» өлген. Сол жекеменшік құзғынның құнын осы жолғы 6 наурыз 2020 жылдағы мақаласында даулапты. С.Досановтың ақбас бүркітінен жақсы еді дейді. Қатты өкініші бар. Оның біраз бөлігін бұрынғы мақалаларында да шиырлаған. Соны тағы қайталап, езеді-ай кеп. Және ол туралы елге деген өкпесі қара қазандай екен... Былай деп күрсінеді: «Амал не, менің көптеген шығармаларым сияқты бұл әңгімем де кезінде сараптан өтіп, талданбады. Сыншылар өздерінің жерлес, ауылдастарынан аспайды. Жазушылар қызғаныштан өзгенің жақсылығын айтпайды. Әдебиет ашық-шашық, иен қалған» деп өксиді. Ау, көкесі! Сіздің шығармашылығыңыз туралы ең көп мақтау жазған адам менмін. Сізді жек көретін кісілерге жаман көрінгеніме де қарамаған едім. Өзіңіз айтқандай «... амал не!».

Қабдекеңнің көк-долы жаралысына қарап жұрт көбінше үндемей құтылады. «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, баяғы – «бейбақ көндім десе, бетпақ жеңдім дейді» дегеннің таз кебі. Қазақта «қасиын десең қан шығады, қасымайын десең жан шығады» деген мәтел бар. Айтсаң аға-екеңе ауыр тиеді, айтпасаң ақың кетеді. Қайран, көке-ау!.. Жұртты азарландыратын өзіңіз емес пе. Кейбір өзіңізбен ниеттес біреулердің қолпаштап: «сіз өзіңізге қарсы келгендерді шетінен айдап шығасыз» дегеніне қуаттанасыз-ау дейім. Сізді жардың басына апарып қоятын солар. Сізді қолпаштаған кімде-кім дұшпан тауып береді. Басыңызға азап тауып береді. «Дұшпанын әлсіз санаған өкінеді» деген бар. Ары қашып, бері қашып құтылмадық. Арт-артынан баспасөзде тиісіп, тіпті болмаса сырттан «қатын өсекпен» жала жапқанды қоймадыңыз. Енді өз обалыңыз өзіңізге. «Қашуға жол таппаған қолыңдағы қылышыңа жармасады» дегенге жеткіздіңіз! Сіздің өз сөзіңізбен айтқанда «мызғымас қара жартастай» дейтін, ең бетке ұстар «Дарабозыңызды» Зейнолла Сәніктен ұрлағаныңызды айтқызбай қоймадыңыз. Маған жазған мақалаңызда «мен бұлармен айтысып, өзімді оның сол деңгейін төмендеткім келмейді» деген едіңіз. Дәл сол сияқты мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын Несіпбек Айтовқа жазған мақалаңызда да сол сияқты «данышпандығыңызға» салып, «мен әсілі Несіпбек Айтов сияқтылармен жауласып, олардың деңгейіне дейін төмендегім келмейді. Оған жауап қатпай елеусіз қоя салайын деп бір оқталдым да, шолақ ойлы оқырмандар (өзінен басқа оқырманның бәрі «шолақ ойлы») басқаша түсініп қалмасын деп еріксіз қалам алдым. Несіпбектің шатпағына ешкім пысқырмайды да» деп әуектейсіз. Қоғам мойындаған ақынға жалғыз көзбен қарайсыз.

Тағы сол «Жас Алаштың» бетінде (5 наурыз, 2013 ж.) «Абай жолы» романында Абайдан кеткендерді теріп: «Алдымен Оразбайлар мен Жиреншілер кетті. Сонан соң Тәкежан мен Тәкежаншылар кетті. Абай жалғыз қалды» деген сөйлемдерді пайдаланып, өзінен кеткен біздерді сынапты. Өзін Абай орнына қойғаны. «Қолыңдағы құсты қусаң аспанға кетеді, қасыңдағы досты қусаң дұспанға кетеді» болып, досты дұшпанға айналдыратын өзіңіз. 70 жылдығыңыз өтерде сізді жабыла сынап жазған жұрттың қайсысына кімге жауап жазарыңызды білмей, ауруханада бұғып жатып қалып едіңіз. Сонда дос-дұшпаннан ұялғанымнан қарсыластарыңызға жек көрініп, сіздің шығармашылығыңыз жайлы «Әдебиет айдыны» газетіне мақтау мақала жазған жапа-жалғыз мен едім. Өмірі телефон шалып көрмеген біздің үйге тізгін ұшымен хабарласып, мен жоқта келініңізге рақмет айтып, тағзым білдіргеніңіз тез-ақ ұмыт болған. Өкінішті-ақ!

Тағы бір сұмдық шындықты аша кетейін. Сіз менің «Есенгелді би» романымды 2004 жылы өз қолымнан алып оқығансыз. Бірақ жүріп-жүріп, мен ол кітапқа «Алаш» әдеби сыйлығын алғаннан кейін 2009 жылы ұрындыңыз. Соған дейін үндемей жүріп, жыланның құсығындай зәріңізді, сонан соң төктіңіз. Асқар Алтайға да, ол «Алаш» сыйлығын алған соң дәл сөйттіңіз. Сізден өзге адам бақытқа бөленбеуі керек болғаны ғой. «Қазақ әдебиетіне» жазған мақалаңызда: «Несіпбек Айтов мемлекеттік сыйлықты жағымпаздықпен алды деген негізде тиістіңіз». Менімен теңесетін кім бар дегіңіз келеді. Жұрттың бақытына таласқаннан қанша абырой таптыңыз?!

Оны қойғанда өздері қаралы болып, қазалы болып жатқанына қарамай, жазушы Сәбит Досановқа да, ол кісі мемлекеттік сыйлық алған бойда іле-шала ұрындыңыз. Және «дәмін татып, қонағында болғам» деп, «аса бір «адал» рай байқатасыз. Ойлаған адамға қаралы болу деген қаза көру деген бір кісінің басында тұрмайды. Кезегімен келеді. Дәл сондай кезді пайдаланып қалу – «жаралы құсқа тас ату» сіздің қандай қаскөй жаралған адам екеніңізді көрсетеді. Сол тұста С.Досанов отбасы қайғыдан қан жұтып отырған жылы сөзге зәру жанұя еді. Елдің-жұрттың киесінен қалай қорықпайсыз? Дәл сол кезде қаралы отбасына жауыздық танытып, С.Досановқа былай соқтығасыз: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Менің «Құзғынның өлімі» атты әңгімемнен кейін әдебиетте аспанда ұшып жүріп «ойланатын» құстар көбейіп кетті. Тіпті әлгі менімен үйір-шүйір боп жүрген жазушы өз романының басқы бір тарауын «Ақбас бүркіт» деп атапты» дейді де, ары қарай соған жабысып алады: «Жалпы мұндай жазушылардың соры – павторичность, яғни өзгені қайталауында. Олар табиғаттағы қарақұстар секілді өз жанынан ештеңе таппайды да, өзгенің жемтігіне ие болады» деп тағы да жыланның құсығындай уыңызды бүріктіңіз. Қандай қастық десеңші!

Міне, осының барлығы Жұмәділовтің өзімнен басқа ешкім болмаса екен дейтін; жан-рухына мерездей жұғып жабысқан тума сырқатының белгісі. Досановтың ақбас бүркітінің жазығы -  Жұмәділовтің әлгі ұрынып өлген көкдолы құзғынынан әлдеқайда биік орында тұруынан. Дәл сол сияқты көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеевке де ол кісі мемлекеттік сыйлық алғаннан кейін қайта ұрына бастады. Бекеңде бірдемесінің құны бардай! Билікті қоса шарпып отырады. Өзі жасап отырған қоғамға тіс-тырнағымен қарсы. Осы Қабдеш бүйтіп бүліндеген; жайдары, жастау кезінде өз аузынан: «Қытайда кәдімгі шикі сыйрақты қайнатпай, жай отқа үйтіп, аузымызды күйелеп жегенімізде бал татушы еді» деп жасырмай, намыстанбай айтатынын өз құлағыммен естіп жүрген едім... Қазақстанның ақ нанын көтере алмады (Сыйрақ үйтіп жеп отырған бет-аузыңыз күйе бейнеңізді ұмытпаңыз – аға).

Қабдекең кей мақаласында ар-ұятты айтады. Ау, сіз аттамаған ар-ұят, сіз тоздырмаған бет қалған ба еді! Бүгінгі қазақ қоғамының ақсақалдарының бірі Мырзатай Жолдасбековтен бастап сіз шаптықпаған кім қалды? «Асқан өзімшілдіктен бұзақылық туады» деген ұлағат сізге арналғандай. Ә.Нұрпейісов, Ж.Тұрлыбаев,Б.Нұржекеев, К.Ахметбеков, Б.Алдамжаров, Жәди Шәкен, Д.Досжанов, Тұрсынбек Құдайберген, Мұқтарбек Кәрім, Ж.Ахмади, А.Алтай, С.Жүнісов, Зейнолла Сәнік, Кәмал Әбдірахманов, Советхан Ғаббасов, Тұрсынбек Кәкішев, Фарида Шәріпова, Несіпбек Айтов, Мыңбай Рәш, Асқар Тоқпанов, ШҚО әкімі Даниял Ахметов болып кете береді. Мыңбай Рәш: «Жәди Шәкен туралы мақтаулы мақала жазған едім. Қазымыр Қабдеш маған амандаспай, су тиген қоңыздай қоқиып қалыпты» десе, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері сыншы, жазушы Әмина Құрманғалиқызы: «Н.Оразалинге және кейін Бексұлтан аға жайлы мақала жазып едім, менімен қарадай өштесіп, тиісіп жүр» деп жылардай болып отыр. Сонда қалай? Қабдеш қалмақтар бас алмай табынатын тас құдай болғаны ғой.

Енді Қ.Жұмәділов жайында жазылған мақалаларға назар аударыңыз. Жәди Шәкенұлы: «Халық жазушысы халыққа не деп ақталады» («Ана тілі», 18.05.2006) және «Үн» жорналы (№1 2006). Бегділда Алдамжаровтың «Қабдештің қырық қалталы қулығы немесе ол Н.Назарбаевты қалайша қаралауға тырысты» («Ана тілі», 08.06.2006), Б.Нұржекеевтің «Қазақ әдебиетіндегі» «Қабдеш қайда барасың». Немесе өзін Қабдештің жерлесі санайтын Әбдеш Дайрабаевтың Жәди Шәкеннің «Жалғыздың үні» кітабына шыққан мақаласы (10.10.2006) «Дуақант жазушы немесе кім опасыз, кім сатқын, кім арамтамақ». Бұның ішіндегі ұсақ тақырыптардағы «Қабдеш қалай көшіп келді?», «Елді бастап келгені шын ба?», «Қабдеш саяси қайраткер ме немесе екіжүзділікте қандай рөлдер ойнайды?» деген мақалаларды түпнұсқа қолжазбасынан –ақ оқыған кісі талай нәрсеге қанығады, жағасын ұстайды. Бұның бәрін Жәди Шәкен «Жалғыздың үні» кітабына да жарқыратып шығарған. Сондай-ақ зейнеткер Тыныбаев Нәби Әубәкірұлының жарияланбаған мақаласында «Тәуелсіздік пен Президентті келемеж еткен роман» және «Қабдеш те өзі даттаған сол халықтың ортасынан шықпады ма» деген даусыз шындыққа құрылған мақаласының түпнұсқасы менде тұр (Бұл дәлелдер газетте менің қолымда сары майдай сақтаулы тұр. Қажет болған жағдайда суырып аламын).

Сол сияқты ҚХР Шыңжаң университетінен Шынар Күңгейұлы және Алтай аймағынан Дауыл Күңгейұлы бірлесіп жазған «Әкемізді қорлағанын кешіре алмаймыз» атты мақаласы («Ана тілі» 22.06.2006) шыққан. Олар Қабдекеңнің «Күңгей деген дәретханада өліп қалған» деген күйелі мақаласына қарсы мақала жазды. Сондай-ақ Еркін Мергенбайұлының «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» («Алтынорда», 24.11.2006). Құманбек Әскерманұлының «Қабдеш өзі даттаған халықтың ортасынан шықпады ма?». Дәл сол сияқты Аман Құлбаевтың «Қалыптан асқан күнің, бәлені басқан күнің» атты Жәди Шәкен кітабына шығарған мақаласы, сонымен қоса Тұңғышбай әл Таразидың Қабдешке соққы берген мақалалары жұртшылықтың есінде. Мыңбай Рәштің: «Жұмәділовтің жауы бітер емес» дегені («Қазақ әдебиеті»).

«Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным» демекші, өліп қалған Асқар Тоқпановтың аруағымен алысам деп таяқ жеді. Тірлігінде ешкімді бет қаратпаған арда мінез, адуын кісінің рухы тегін жата ма?! Ана дүниедегі тыныш жатқан марқұмның аруағына тіс қайрау оңай көрінген. Аруақпен алысу, өлгендерді қаралау; Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, З.Сәніктерді бұл мақаласында тағы улы тілімен жыланша шағуы – Құдай алдында берілетін жауап болар. Ендігі қызыққа қараңыз, бүкіл Тарбағатайдың елін сіз «көшірген» екенсіз... Өзге жақты кім көшірді? Мәскеуге хат барады дегенге ақымақтың өзі сенбейді. Кеңес пен Қытай бір-бірін атарға оғы жоқ болып отырғанда шекарадан «Қабдештің хатын өткізіпті-міс!...»

«Академиктің көз жасы» кітабының 379-бетінде «мен өзім кезінде Қытайдан ел көшіріп әкелген адаммын ғой. 1962 жылы 10-сәуір мен 1-мамыр аралығында Тарбағатай аймағынан ата-жұртқа ешқандай құжатсыз 200 мыңдай қазақ босып өтті. Олар Қазақстанның шығыс аймақтарына қоныстанды. Ол көштің бұйдасын ұстап ата-жұртқа бастап әкелгенімді әлі күнге дейін мақтаныш етемін. Сірә, жантәсілім етерде соны еске алып, көңіл жайланып өлетін шығармын-ау!» дейді сабазың! Бір қарасаң, дәл осы сөзімен жұртты сәл сендіргендей болады. Бірақ данышпан қазақтың «бір өтірікті бүркеу үшін он өтірік жетпейді» дегені нақ осы жерден шығады. Бұл мәселеге бұрыннан көп дау шыққан. Қабдекеңнің жаңағы соңғы сөйлемі, яғни «өлердегі сөзі» аталмыш көштің егжей-тегжейін толық білетін жұрт ауызекі ғана емес, қарсы мақала да жазғандықтан, өзіне жау болған сол өтірігінен құтыла алмай қалған. «Ұялған тек тұрмастың» кері келіп, енді осылай деп өлердегі сөзімді айтсам, қалай шығар екен деген ойға келген. Айтқаны рас болса... сол жайлы Қабдекеңе қарсылықтар туып жатқанда өзімен ежелден дос-жар Жағда аға сияқты бірге келген кісі неге қостап бірауыз сөз айтпады? Неге жазбады? Ауызша да қостап, ешкім айтпаған, бірде-бір адам жақ ашпаған,  және жаяу қашқан кезде Қабдекеңді судан арқалап өткен Қажытай Ілиясов неге ол жайлы ауыз ашпай, бірауыз ләм-мим демей кетті? Амал-айланың; кісі өлтіретін қулық-сұмдықтың бәрін мыстан кемпірден артық білетін Қабдекеңнің бұл тұстағы қарабасқаны – жаңағы аталған кісілерге жалынып-жалпайып болса да, бір жиында бірауыз айтқызып қалмағаны... (Мүмкін олай етуге ары таза Жағда аға мен алмас жігер Қажекең көнбейтінін білген болар).

Қабдекеңнің жаңағы Қытайдан «ел көшіру» жөніндегі сөйлемнің аяғы: «мен сол жандарға баспана сұрап» (саяси баспана ғой Ж.А.) Мәскеуге неше дүркін хат жаздым.  Міне, көрдіңіз бе, соңғы мақаласында «Шәріп Ақышұлының атынан жіберіп тұрдым» дейді. Яғни өзін-өзі ондырмай ұстап берген. Сөйлемінің аяқ жағындағы сыйқына қараңыз: «Қысқасы, сол көштің идеологы болдым. Амал жоқ. Соны ешкім айтпаған соң, өзім айтып отырмын» деп өзін мықтап кісендеп береді. Қазір ешкім сенбесе де, мұнан кейін тіпті мүлде сенбейді. «Академиктің көз жасы» кітабынан көрсетілген бетінен келер ұрпаққа жетсін егені ме? Келер ұрпақтың ішіндегі ұлтжандылар «Ой, біздің бәлен ғасырда дауласып өткен бәленбай деген бабамыз ұлтымыз үшін осылай күрескен екен-ау!» деп алданып, арбалатыны рас қой. Бізбен кетпей жазықсыз оларды да алдап соқпақ. Автор сөзінің жалғасы: «Сол көшті әлі күнге дейін зерттеген жан жоқ!» деп көкірегі қақ айырыла күрсінеді. (Қабдекеңнің «көшіргенін» ешкім білмесе, сайтан зерттемек пе). Тағы да сөйлем жалғасы: «Құлжа, Алтай аймағы неге қозғалмай қалды. Өйткені олардың ұйымдастыратын адамы болмады» дейді... Өтіріктің көкесін көрмей жүр екенбіз. Алтайды білмеймін, Құлжа, Іле аймағынан қазақ қана емес, ұйғыр, дүңгендерге дейін 100 мыңдап отбасы өтті емес пе. Ал мына мақаласында «Құлжадан өтті» дейді. Бұл шаршағандық па, әлде алжып жынданып шалықтау ма? «Масқараның баспанасы жоқ» деген осы. «Академиктің көз жасы» кітабында ШҚО әкімі Даниял Ахметовке соқтығамын деп, Үржар ауданына Қабанбай ескерткіші қойылғанда, бейбақ Қабдеш шақырылмай қалғаны да, таяқ боп тиген. Одақ атынан баяндама жасауға Нұрдәулет Ақыш жіберілді. Қара ниеттілікпен тауып жататын «олжасы» осылай.

Қабдекең «Жас Алаш» газетінің бетінде бүкіл оралмандарды қаралап: «Оралман дегенің кеше ғана бір елдің босағасында жанын жалдап, күн көріп жүрген бодан ғой. Құлдарда болатын жағымсыз мінез қандай? Сатқындық. Екі жүзділік. Жағымпаздық. Тағысын-тағылар. Сол құлдарда болатын мінез оралмандарда да жетіп артылды» деп жазды. Ол үшін де таяқ жеп, жауап жазды. Қазіргісін білмеймін, мен білетін кездегі Қабдекең біреуге тиісер алдында «жүз грамым бар» деп өзі айтатынындай, жақсылап «бусанып» алушы еді. Соның жұғыны әлі бар ма, кім білсін. Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов «Абай» романының екі жерінде «достықтан жау болған» деген сөзді келтіреді... Онда сырыңды білетін достың жауласқаны жаман екенін суреттеген. Сол айтқандай, Қабдеке, сізге өзге дұшпаныңыздың соққысы ештеңе емес, достықтан кетіп, көңілі қарайған біздер сияқты, Несіпбек Айтов секілді інілеріңіздің сойылы оңбай тиетінін; еңсеңізді көтертпей қоятынын ертерек ескергеніңіз жөн болатын еді. 2014 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан шыққан ғұмырнамалық эссе кітабым «Сынаптай сусыған жаһандаға» осы мақала кіріп тұрған жерінен артын бағайын деп алып тастаған едім. Бірақ менде көз құныңыз кеткендей қоймай-қоймай газетке жазып, сырттан ауызша жала жуып, жамандап жүргеніңіздің үстіне «Жас Алашта» тағы ауыз салғаныңызды көріп, амалсыз батпан құйрық майы бар сыбағаңызды дайындадым. Салиқалы сабырмен; аға ретінде қабыл алыңыз. Қазақ атамыздың: «айғыр ұшынса – ат болады, ат ұшынса – ет болады» дегеніндей, аға, сіз тым ұшынып бара жатырсыз! Дәнішпан қазақ айтатын: «жеңсе - хан болғысы келетін, жеңілсе – қарақшы болғысы келетін» адамның өзісіз.

Құрметпен «іні-досыңыз» Жанат Ахмади

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

40 пікір