Манас мектебі сияқты, ең құрығанда, бір мектепті сақтап қала алмағанымыз өкінішті...
Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- Марфуға апай, алдымен сізді 75 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Жалпы, Абай атамыз айтқандай, есті адам күніне немесе жұмасына бір рет өзіне есеп беріп тұрады ғой. Ал енді 70 деген белесті өткерген ақынның өзіне есеп бермеуі мүмкін емес. Олай болса, жүріп өткен жолыңыздан қандай із көресіз? Өткен шаққа мойын бұрғанда, ойыңызға алдымен не келеді?
- Тағдырым - тарихым, ол - менің ғана емес, тұтас қазақ деген халқымның тарихы. Сонау бір кездер көз алдыма оралады. Қапал-Арасанның жоғары жағында Айтқожа жайлауы деген болған. Атам Айтқожа қажы 14 жасынан бастап билік айтқан, суырыпсалма шешен, төкпе ақын болған. Кейін қажыға барған. Кеңес өкіметі ең алғаш келісімен «бай, құлақ» деп, атамды 70 жасында аппақ сақалын желкілдетіп итжеккенге айдап жіберген. Соның салқыны балаларына тиген. Қапал уезінен ең соңғы рет ұсталған 82 адамның бірі - менің әкем. Ұстаздық етіп жүрген жерінен алып кеткен де, елге «Ғали Айтқожинді Жапонияға ақпарат беріп жатқан жерінен ұстадық» деген. Оқыған, орысша, қазақша, арабша білгендіктен, әкемді Кеңес өкіметі «ең қауіпті адам» деп тапқан. Осы І Алматыда «Мүттәйім бағы» деген болыпты, ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғай, сол жерде адамдарды тонау сияқты жағдайлар жиі орын алып тұратын ең қауіпті жер екен. Түрмеде орын болмаған соң, ұсталғандардың барлығын айдап әкеліпті де, осы бақтан өздеріне терең шұқыр қаздырып, аузын темір тормен жауып, сонда қамаған. ГПТУ-дың солдаттары мылтықтың істік жағын тақай, таң атқанша бақылап жүреді екен. Әкем сондай жерден қашқан ғой. Қапал-Арасанның бас жағында Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов сынды ағаларымыз жырлайтын Қора тауы деген бар. Текелі жақтан барсаң, ол - ең биік шың. Түрмеден қашқаннан кейін екі айдай әкем сол жерде тығылып жатып, сосын елде қалса, тыныштық бермейтінін білген соң, Қытай асады. Әйелі мен жалғыз қызы, үш ұлы аштан өледі. Тек Айтқожа қажы атамның бауырына салған үлкен ұлы Шаяхмет қана тірі қалыпты. Мен төртінші сыныпты сол ағамның қолында оқып бітірдім. Ағамның саусақтарының басы бүгіліп тұратын. Сол бүгілген саусақтарымен домбыраны күмбірлете шертіп, ән салғанда таңғалатын едім. Содан бір күні батылым барып: «Шаяхмет аға, неге сіздің саусақтарыңыз бүгіліп тұрады?» - деп сұрап едім, ол кісі мұңайып отырып: «Е, Мәрпетай-ай, оның тарихы ұзақ қой... бала күнде араларында бас көтеретін өзім болғандықтан, аш қалмайық деп қар астынан масақ тердім», - деп жауап берді. Сонда үсіп қалыпты. Мен баланың ең кенжесі болсам, ол кісі - тұңғышы, ортамыздағы Төретұрсын, Балатұрсын, Құдиярхан дейтін ағаларымның бәрі аштықтың құрбандары болып кеткенін айттым. Мен шешем әкемнің артынан Қытайға қашып барған соң туғанмын ғой. Сосын барынша әлпештеп, еркелетіп, бетімнен қақпай өсірген. Өзіне бір тықыр таянғанын сезді ме, әйтеуір, әкем маған бес жасымда хат танытып, араб және кириллица әріптерін үйретті. Расында, көп ұзамай Қытай өкіметі Сталинмен ауыз жаласып, осы жақтан барған қазақ зиялыларын жаппай түрмеге жапты. Бұл 1941 жыл болатын. Әкем де сол көппен бірге Құлжаның бергі жағында Сейдін қаласындағы атышулы «Айранбақ» түрмесіне қамалды. Сонда әкемді жылына бір рет қана темір қақпаның саңылауынан көре алатынбыз. Сығалап қана қарағанда, маңдайы жарқыраған әкем қол-аяғы кісенделіп келе жатушы еді. Көре сала «Аға!» деп шырқырап жылайтынмын. Сол бір-ақ сәтте саңылаудан тырнақтарының көбесіне шеге қағып, азаптап жатқан адамдарды көзім шалып қалатын. Ал әкемді сондай азаптан құтқарып қалған - оқығандығы, Сейдінде жауапты жұмыс істеген адамдармен таныстығы, сыйластығы. Солайша мыңнан біреу ғана тірі қалуы мүмкін түрмеден әкем аман оралды. Мұның тарихы ұзақ, сондай ғұмыр кешкен ата-анам жайлы, өз тағдырым жайлы болашақта ғұмырнамалық роман жазсам деген ойым бар.
Мен өскенде консерваторияға барам дегенімде, «қолыңдағы домбыраң мен көмейіңдегі әнді ешкім ала алмайды, сен қажы атаң сияқты, Ғали ағаң сынды ақын боласың» дегені есімде.
- Ғали аға деп отырғаныңыз кім?
- Кәдімгі ақын Ғали Орманов. Негізі, әкем Қарағаш мектебінде мұғалім болып жүргенде ол кісіні алғаш ат-шанаға отырғызып, интернатқа орналастырып кеткен екен. Әкем мені сол Ғали ағаға табыстаған көрінеді, маған да «егер өзім туған жерге жете алмасам, сол Ғалиды іздеп тауып аларсың» деп аманаттады. Мен бірақ ол кісімен арада біршама жылдар өткен соң, Мәскеуден оқу бітіріп келген кезде бір-ақ табыстым. «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғысың ғой, жарығым» деп, маңдайымнан иіскеп, әкеме көңіл айтты.
Ал енді Мәскеуде оқыған жылдарыма келсек, менің төрт бірдей кітабым сол жақта, ал осы жақта үш кітап, барлығы жеті кітабым орысшаға аударылды. Соңғы 1985 жылы шыққан «Украшения коня» деген кітабым «Художественная литература» баспасынан «Классика» сериясы бойынша шықты. «Струна степей» атты кітабым Комсомол жастар сыйлығына ұсынылып еді, белгісіз жағдаймен ол атақ берілмей қалды. Оның мағынасын да түсіндім, маған өзге емес, өз елімнің ішінен жау табылып, «Қытайдың шпионы» деп жамандап, бергізбей тастады, білем. Ол бір қиын кез еді ғой, оны да өткердік... Сол тұста Мәскеудің «Литература» газетіне Татьяна Кузевлеваның «Таңғы құс сайрағанда» деген мақаласы шыққан еді. Онда Орта Азиядан енді шығып келе жатқан жас әрі өзіндік ерекшеліктері бар ақындар деп мені және қырғыз Байрамхан Әбілқасымова екеуміз жайлы айтады. Сосын атақты жазушы Александр Бектің қызы Татьяна Бектің «Знамя» журналына менің кітабыма жазған рецензиясы шыққан еді. Бұл енді менің бағым шығар, бір жағы білім жолын қууға әкемнің жол ашқандығының да арқасы, өлеңдерім орысшаға аударылып, кітаптарыма Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов сынды қазақтың айтулы ақындарының алғысөз жазып беруі. Ал Татьяна Кузевлева мен жұбайы Владимир Совельев екеуі, Сайын Мұратбеков бар, қырғыздың атақты ақыны Жолон Мамытов - барлығымыз Мәскеудегі жоғарғы әдебиет курсында бірге оқыдық. Қайран Жолон, Қырғыз Жазушылар одағының хатшысы болып істеп жүрген жерінен кенеттен жүрегі ұстап, жастай кетіп қалды. Сол Татьяна жалғыз мені емес, қазақтың маған дейінгі де көп ақынын, Жұбан Молдағалиев ағамыз, Аманжол Шамкенов, Қалихан Бекхожин, Сырбай Мәуленовтердің өлеңін орысшаға аударды. Тағы бір ішімді ашытқан бір іс, «Украшение коня» кітабым шығар кезде Мәскеуден арнайы хабарласып, «Қазпотребсоюздың» төрағасы Сәкен Тәнекеев ағамыз болатын, сұраған 17 мың тиражды берді, бірақ тапсырған адамы, пенделікті қойсаңшы, әлі күнге сол ақынды көріп тұрам, небары 10 мың ғана тираж берді. Кітап шығысымен таланып кететін тұс, 10 мың тираж Мәскеудің өзінен-ақ артылмады.
- Заманында қазақ әдебиеті мен руханиятына барынша еңбек етіп, қазір елі ұмытып бара жатқан тұстасыңыздан кімді айтар едіңіз? Біз бүгінде кімді елеусіз қалдырып отырмыз?
- 1973 жылы бізде Азия, Африка елдерінің әдебиет өкілдері бас қосқан үлкен конференция болды. Марқұм Әнуар Әлімжанов ағамыз сол конференцияны ұйымдастыруға тікелей мұрындық болды, өзі сол елдердің көбіне атағы кеңінен танымал жазушы еді. Шындықты айту керек, Әнуар Әлімжановтың қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Орысшаға өте жетік адам еді марқұм, сондай зиялы. Өзекті өртейтіні, бүгінгі буын, бүгінгі ұрпақ Әнуар Әлімжановтай тұлғаларын ұмытып бара жатқандай көрініп, іштей күйінемін. Әнуар қазақ әдебиеті үшін қандай істер атқарды?!. 80 жылдығы жетім қыздың тойындай болып өтті. Кезінде дүниені дүрілдетіп, мұқым қазақтың бар-жоғын түгендеп еді, әл-Фарабиді өзбектердің уысынан суырып алған, ал ол үшін мыңдаған жыл тас пен құм басқан тарихты аршып алған осы Әнуар емес пе еді?.. Қазір соны өз иелігіне алып, көзі кеткен тұлғалардың атқарғанын ұялмай өзіне теліп жүргендер бар, шындығында олар жай ғана Әнуардың бұйрығын орындап жүргендер. Абай айтқандай, «Күн жоқта Ай мен жұлдыз кісімсінер» дегеннің нақ өзі ғой...
- Жалпы, әйел ақын болу қиын ба? Әйел ақынның тағдыры, әдеби ортадағы орны, әдебиетке қосар үлесі қандай, сіздіңше? Әдебиет, поэзия әйелдің нәзік жанын емдей ме, әлде, керісінше, көбірек жара сала ма?
- Әйел тағдыры - ең нәзік әрі ең күрделі тағдыр. Сол тағдырды қалай басқарып, қалай жеңу керектігі адамның өзіне байланысты. Мысалы, біреулер «ол тағдыр ғой» деп, өзінің көп кемшілігін ақтап алуға дайын тұрады. Егер мен де сөйтер болсам, онда ең бақытсыз адамның бірі болар едім. Жарым да болды, балаларым да, бірақ мен поэзияны бірінші орынға қойдым. Ал поэзияда, жалпы, шығармашылық өмірімде көп кедергі кездесті: көреалмаушылық, бақталастық - бәрі де болды. Алайда сондай кедергілерде сынып қалмай, сүрінбей өтуіме күш берген алдымен отбасынан алған тәрбием болды. Менің ақын болуыма барын салған, әдебиет пен поэзияға баулыған - әкем. Ол кісі кітапты өте көп оқитын. 1952 жылы Қытайда жүргенде «Абай жолын» Мұхтар Әуезов өзі әкеліп беріп, «Ғали Айтқожинге» деп өзінің маржандай қолтаңбасын қалдырған кітабы менде әлі күнге сақтаулы тұр. Бұл жайды мен мақтаныш үшін емес, Мұқаңның кішіпейілдігі мен ақсақалға деген құрметін айтқым келген. Абайдың арабша жазылған толық шығармасы, Пушкиннің толық шығармалары, өзбек жазушысы Айбектің кітабы ғана қолымда қалды. Әкем қайтыс болғаннан кейін, қалғанын талап алып кеткен. Біз Қытайдан бері көшкенде дүние-мүлік емес, бір мәшине кітап артып келдік. Әкемнің жинаған кітаптары. Қазақстанда қандай кітап шығады, соның бәрін біз алып отырушы едік. Мен соның арқасында Қасым жырларымен сонау ертеде, Қытайдағы қыздар гимназиясында оқып жүрген кезімде танысып үлгердім. Жалғыз мен емес, жас буын түгел Қасымның өлеңдерін жата-жастана оқып, Құлжа бағын аралай жүріп, Абайдың «Татьянаның әні» т.б әндерін орындайтынбыз, сол сән-салтанатқа толы өміріміздің де көп ұзамай шырқы бұзылды. Елдегі секілді бай-құлақ, қожа-молдаларды кәмпескелеу, қуғындау араға біршама уақыт салып арғы беттегі біздерге де жетті. 1952 жылы әкемді мырзақамаққа алып, бүкіл мал-мүлкін кәмпескеледі. Ілияс жырлаған Ақсу өзені бізге де жетіп, бізде де ағатын. Ортаны бір тау ғана бөліп тұратын сонда. Бергі жағы атажұрт, арғы жағында атажұртын аңсағандар өмір сүріп жаттық. Әкем ағаштан өзіне үй ғана емес, ауылға мектеп те салдырған екен. Үйіміздің айналасы қалың бау, неше түрлі миуа ағаштар өсетін, ауылымыз қалың нулы, сондай бір көз тоймастай көрікті ел еді. Оның бәрі кетті ғой кәмпескеде, біз 1958 жылы бері өттік. Көшіп келе жатқанымызда күздің таңғы аязы, шөп басында шық мөлтілдеп тұрды. Біз ұзақ жүріп, Ешкіөлмес тауына келгенде әкем көлікті тоқтатты. Сөйтті де, өзі атынан түсіп, сусар бөркін қолына алып, жол жағасынан бір шымшым топырақты уыстаған күйі құшырлана иіскеді. Сосын көкірегіне басты да, жолдың жағасына етпетінен жата қалып, өксіп-өксіп жылады. Баламын ғой, қандай қиындыққа да мойымаған қайсар әкемнің қу медиен далада егіле жылағанына таңғалдым. Түсіне алмаған едім, маған ол жұмбақ болып қалған. 1971 жылы мен Мәскеуде оқып жүргенде, әкем қайтыс болды. Мен ол жақтан жетем дегенше, әкемді жерлеп қойыпты. Қабір басында тұрып тұңғыш рет өзімді сондай жалғыз сезініп, сол бір аяулы жандардың қанша жағдайы жақсы болса да, елдің бір уыс топырағын армандағанын сонда барып түсіндім. Қайран анама ол да бұйырмады, 1956 жылы елге келуге екі жылдай қалғанда анам жүрек ауруынан кетіп қалып еді. Содан араға 30 жыл салып мен сол туған жерім Құлжаға бардым. Ағаш та жоқ, бау да жоқ, үй де... Біз көшіп, ішкі Қытайдан аш қытайлар қаптап келген де, тіпті ағаштардың тамырына дейін қазып жеп, Талқы тауының мыңжылдық қарағайларын да отап тастапты. Кейде соның бәрін: балалық шағымды, әкемді, анамды ойласам, өзімді сондай бір бақытты сезінемін.
- «Бақытсыз жан мен болар едім» дедіңіз де, керісінше, бақытты шағыңызды айтып кеттіңіз емес пе, ендеше, осының жөні қалай?
- Асықпай тыңдаңыз, сосын түсінесіз. Мен осында келген соң ҚазМУ-дың журфагын бітірдім. 1969 жылы Мәскеудің жоғарғы әдеби курсында білімімді жалғастырдым. Осы аралықта менің үш кітабым шығып, Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданғанмын. Ол кезде мүшелікке өткен ақын-жазушыларға деген құрмет пен мемлекет тарапынан жасалатын жағдай біршама жақсы еді. Үгіт-насихат бөлімі қаламгерлердің туындысымен арнайы жұмыс істеп, барынша таратуға күш салатын. Оқырманмен кездесулер ұйымдастырып беретін. Біз де бойымыздағы барымызды сала, барынша жаңа жыр, жаңа туынды шығаруға тырыстық. Таң атқанша шырағымызды сөндірмей, көз ілмей өлең жазған кездер де болды. Апталап үйден шықпай отырып өлең жазып, өндіре жұмыс істеген шақтарым сол тұс еді. Енді осылай еңбектеніп жатқаныңда, оны ел де елеп, алақанына салып жатқан тұста аяқтан келіп әлдекім не әлдене шалып қалса, қандай күй кешесің? Жарқ етіп күн шығып, түнекке тартып бара жатқан бір күштен тартып алғандай болды мені осы Тәуелсіздік. Сонда өзімді тұңғыш рет рахаттана бір тыныс алғандай сезіндім. Рухани еркіндікке шыққан мен де сол тұста Тәуелсіздік алдым десем болғандай.
- Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденовтермен қатар жүрдіңіз, бірімен дос болдыңыз ба?
- Достық - өте терең ұғым, егер досың жұпыны болса, үстіңдегі бар жақсыңды шешіп бер, достық деген - осы. Досың күйіп бара жатса, өз жаныңды салсаң да, сен оны қорғап қалуың керек. Осындай адалдық болмаған жерде достық деген жоқ. Менің өзімнің екі-үш досым бар: бірі - Мәскеудегі Татьяна Кузевлева, ол менің тек аудармашым ғана емес, екеуміз керемет дос болдық. Сондай-ақ Жұмекен. Біріміз қыз, біріміз жігіт болсақ та, арамыздан қыл өтпестей дос болдық. Жұмекен Мәскеудегі әдеби курсқа бізден кейін кетті. Сонда Нәсіптің өзі маған «Марфуғаш-ау, неге Жұмекен сен оқыған кезде бармады екен?» деді. «Неге?» дедім таңдана. «Сен досқа өте адал адамсың ғой», - деді. Десе дегендей-ақ, Жұмекен өзі ақын, мінезі ұяң, өзі өнерлі, күй шерткенде бармағынан бал таматын. Кейбіреулер оны жұмбақ ақын дейді, мен айтар едім: оның жұмбақтығы - сол күйшілігінде. Өлеңдері төгіліп тұрған күй сияқты. Қалыпты ақындар сезімге шалқып, арқаланып кетер болсақ, ол өте салмақты, жымиып қана күлетін де отыратын. Жұмекен бәріміз пәтерден-пәтерге көшіп, Алматының тіпті ішіне кіре алмай, әлдекімдердің кепесін жалға алып жүріп, сонда жаздық. Аядай бөлмеде темір пеш те, бір кісі әрең сыятын төсек те тұрады, сол үйімізге бірімізді-біріміз шақырып қондырып, өлең-жыр оқып, солай жетілдік. Бір қыста тоғыз жерге көшкен күнім болды. Бар қымбат мүлкім - қызым Жанботаның бесігі ғана, соны арқалаймын да, көрпе-төсегімді буамын да, «шық» деген күні пәтерден шыға жөнелемін. Менің сонда арқасүйер ешкімім болған жоқ, анам арғы бетте қайтыс болды, әкем де елге оралған соң көп ұзамай көз жұмды. Жұмекеннің пәтеріне Әбу Сәрсенбаев ағамыз жиі бас сұғып, халімізді біліп тұратын. Жаңа жазған өлеңдерімізді оқытып, бізге кәдімгі арқасүйер болған, қанаттандырған сол ағамыз еді.
Олжас Сүлейменовпен де біраздан бері доспыз. Марқұм Сайын Мұратбековпен де сырымыз бір, мұңымыз бір болды. Менен үш ай ғана кіші еді. Қызық, мені көзі жұмылғанша Мәраға деп кетті.
- Сайын ағамыз көзі тірі кезінде өз деңгейіне лайық құрметке бөленді ме?
- Сайын орыстың Чеховы секілді қысқа әңгіменің асқан шебері еді ғой. Соғыс тақырыбына жазған «Жабайы алма» деген бір кітабын қазақ, орыс тұрмақ, бүкіл әлемге танытып кетті. Тілінің шешен, ойының орамдылығы, айтып жеткізе алмас бір құдірет еді. Бүтін ғұмырды алақаныңызға салып беретін жазушы еді ғой, қайран Сайын. Ол - өзінің дос-жаранына өте адал болған адам. Өзі жетімдік көрген соң ба, қолынан келгенше адамдарға тек жақсылық жасады. Әсіресе Жазушылар одағында хатшы болып тұрған кезінде көпке жақсылық жасады. Өзіне емес, өзгеге болғанын қалап, содан рахат алатын. Сол үшін Сайынды ортасы керемет құрметтеді. Өзі қызмінезді еді ғой шіркін. Құдай оның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетін бір-біріне үйлестіріп қойған-ды. Әсіресе Мәскеуде оқып жүргенде тәттіге үймелеген шыбындай өңшең жас қыздар Сайынның төңірегінде үйіріліп жүретін. Сонда ол біріне де қайырылып қарамады, «бірі де Мәриямның шынашағына татымайды» дейтін. Мәриям - жұбайының аты. Ол сондай адал жар, адал дос болатын. Төрт баласы мен әйелін керемет жақсы көрді. Жан-жағы оны жазушы ретінде қатты құрметтеп, адам ретінде де сыйлады. Бір ғана әттеген-айы, қазіргі буын осы Сайынын ұмытып бара жатқандай.
Алашқа айтар датым...
Біздің ақын Сарамыз сынды әзірбайжан халқының Натабан ханым дейтін ақын-жырауы бар. Сол Натабан ханымның мавзолейі - тұтас бір қалашық. Еркеғали Рахмадиев мәдениет министрі болған тұста Сара ақынның басына есерткіш тұрғызды. Жоқтан жақсы, дегенмен Әзірбайжан еліне барып, ондағы Натабан ханымның ескерткішімен салыстырғанда, арасы жер мен көктей. Мейлі ескерткішті айтпағанда, Сараның өлеңдерін жатқа білетін кім бар қазір? Қырғызда әлі күнге «Манасты» жатқа айтатын жыраулар бар, бұрын жүздеген, мыңдаған болса, қазір аз, бірақ бар. Өкінішке қарай, бізде осындай мектеп жоқ. Қасым жырларын, мейлі оның соғыс тақырыбындағы өлеңдерін, мейлі лирикалық жырларын, жатқа білетіндер бар ма? Жастар жағынан ше? Қасым бергі ақын дейік, мейлі Шәкерім өлеңдерін жатқа оқып, Абай әндерін салып отырып, әдемі кеш жасайтын әдеби орта көңілден шыға ма? Манас мектебі сияқты, ең құрығанда, бір мектепті сақтап қала алмағанымыз өкінішті емей немене?
Сынық мұң
Өмір деген - қызық әрі өте күрделі құбылыс. Мен өзім жайлы әлі күнге мемуар жазған емеспін. Сондықтан сен бұларды қағазға түсіре бер, кім білсін, алдымыздан не күтерін? Өзіңді кейде ұзақ жолда келе жатқан жолаушыдай сезінесің. Ал сол жолдың қай жерде аяқталатынын білмейсің ғой.. Кейде өзімнен жас, талантты ақындар, талапты жастар өмірден оқыс озғанын көргенде, жүрегім сыздап, жаныма қатты батады. Сондайда мұңая күбірлеп, жаңа жыр жолдарының қалай жазылғанын сезбей де қалам...
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
http://www.alashainasy.kz/person/28145/