«Әнұранды депутат та, диаспора да біле бермейді»
Жуырда әлеуметтік желіде астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде тұрғындардың «балконға» шығып еліміздің мемлекеттік Әнұранын орындаған бейнежазбасы тарады. Көпшілік бұл әрекеттің елдегі төтенше жағдай кезінде адамдардың бір-бірін қолдауға, көңілдерін көтеруге сеп болатынын айтады.
Елордалықтардың Әнұран орындауы әлеуметтік желі қолданушыларымен қатар ел президентін де бей-жай қалдырмаған екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Twitter» желісінде бұл туралы:
«Елорда мен еліміздің басқа қалалары тұрғындарының Әнұранымызды бірге орындауы - Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Халқымыздың бұл әрекеті зор құрметке лайық», - деп жазды.
Әсілі, карантин кезінде терезеге шығып ән айтып, көңіл көтеру дейтін челлендж италияндардан бастау алған. Италиядағы індет кезінде ел тұрғындары осылайша бір-біріне көмектесіп, айналасындағы адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысатындарын айтқан.
Сондай-ақ, Ресейдің Красногорск қаласында да тұрғындар «балконда» Әнұран орындады.
Қырғызстанда да бұл үрдіс жалғасын тапты. 1 сәуір күні кешке Бішкек қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде ел азаматтары бірігіп, Қырғызстанның Әнұранын орындады.
Әрине, қиын кезеңде ел рухын көтеретін мұндай әрекеттер қажет-ақ. Тіпті, қарапайым азаматтардың осы бір әрекеті қазақ елінің Әнұраны түгілі тілін білмейтін һәм білгісі келмейтін биліктегі кейбір шенділерге үлгі болуы тиіс.
Ал жазушы, публицист Марат Тоқашбаев әлеуметтік желідегі жазбасында депутаттар мен еліміздегі өзге диаспора өкілдерінің мемлекеттік Әнұранды білмейтінін алға тартады. Оның айтуынша, Президент коронавирус кезінің өзінде түрлі диаспора өкілдерінің Әнұранға көзқарасын өзгертуге байланысты идеологиялық шаралар қабылдауы тиіс.
- «Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Twitter» парақшасында балконнан Әнұран шырқағандарға баға беріпті. Мемлекет басшысының Әнұран туралы айтқаны өте қуантты. Бұл кезінде «Гимн» сөзіне қазақша «Әнұран» сөзін баламаға ұсынған автор ретінде маған да қымбат. Мемлекеттік рәмізге байланысты өзекті тақырып болғандықтан көп жұртты бей-жай қалдырмасы тағы анық.
Ертеректе, жиырма жылдай бұрын «Министрлер Әнұранды біле ме?» деген мақала жазғаным есімде. Өкінішке қарай бүгінгі министрлердің бәрі Әнұранды жатқа білетіндігіне қазір де күмәнім бар. Парламент депутаттары да сондай.
Анау Косарев, қазақша екі сөздің басын қоса алмайтын Қарағұсова, «ғашықтық оқытуды» насихаттайтын партия қалаулылары Әнұранды жатқа айтады дегенге кім сенеді?! Мемлекеттік тіл – Қазақ тіліне шекеден қарау Әнұранымызға да салқынын тигізіп келеді. Әсіресе биліктің «қазақстандық ұлт» жасау идеясы көп нәрсені бүлдірді. Бізде саны 100 мыңнан асатын тоғыз диаспора тұрады. Қазағыңды да, Қазақстанның Әнұранын да керек қылатындары шамалы.
Ақтауда әскердегі екі сарбаздың Әнұран айтудан бас тартқаны үшін таяқ жегені интернетте жүр. Қазақстанда Әнұранды қазақтан басқа ұлт өкілдерінің жатқа айтатындары некен-саяқ. Орыс түгілі орыстілді қазақтардың өзі Әнұранға келгенде сипақтап қалады. Сондайлардың бірі Қазақ Елінің Әнұранын орысша айтуға ұсыныс жасап халықтың ашу-ызасын туғызғаны есте.
Іс жүзінде Әнұран - әр адамның Отанына деген көзқарасының лакмус қағазы. Мысалы, Алматыда жаңадан салынған ықшамаудандарда балконға шығып Әнұран айтушылар көп. Өйткені оларда көбіне жас қазақ отбасылары тұрады. Ал орталықтағы көне бес, тоғыз қабатты үйлерде тұратындардың ішінде Әнұранға пысқырмайтындар жетіп жатыр.
Сондықтан Президент коронавирус кезінің өзінде түрлі диаспора өкілдерінің Әнұранға көзқарасын өзгертуге байланысты идеологиялық шараларды дереу қолға алғаны жөн»,- деп жазды.
Түйін. Қазір Италиядан басталып, көрші-қолаң елдері айнала жеткен Әнұран айту челленджіне президент Тоқаевтың өзі оң баға бергенін көрдік. Ал журналист, жазушы Марат Байділдәұлы кейбір депутаттардың мемлекеттік Әнұранды жатқа білетініне күмәнмен қарайтынын жазды.
Сонымен, біздегі Сенат пен Мәжілісте отырған депутаттар, әр саланың тізгінін ұстаған министрлер еліміздің төлқұжаты - Әнұранымызды біле ме?
Abai.kz