Смартфон (әңгіме)
Бұл үйде бәрі бар еді. Ермұхан өткен ғасырда жолы болған ғалым болды. Студент кезінен көзге түсті. Қазақтың ескі әдеби нұсқаларын жинастырды, зерттеді. Бұл кеңестік жүйедегі оның атын шығарды. Баяндамалар жасады. Ғылыми атақ алды. Іргелі оқу орнында кафедра басқарды. Әйтеуір ғылымның құрметі бар кезде өмір сүрды. Төрде отырды. Ағайын-туыс үйінен шықпайтын.
Дастарханы мол, жазған-сызғандары жарияланып жатты. Қырыққа жетпей доктор, елуінде Ұлттық Ғылым академиясының академигі атанды. Министрмен пара-пар айлық алатын. Сондықтан да басқа қызметке қызыққан да, шақырған жерге барған да жоқ.
Ұстаз болды. Шәкірттерінің алды ғылым докторы болып та үлгерген. Заман, қоғам осылай бола береді деп ойлаған. Бірақ осы бір шат тұрмыс бір сәтте көзден ғайып болғандай еді.
Бір жақсылықтың бір қиындығы болады екен. Қоғам өзгерді. Жүйе қалыптан шықты. Жаңа құндылықтыр келе бастады.
Ермұхан бұл өзгерісті қуана қабылдады. Соның сөзін сөйледі. Құлаш-құлаш мақалалар жариялады. Расы сол еді. Ол кешегі «бұратана» деп аталған халықтың ескі тарихы, әдебиеті мен мәдениеті дамып, өлі тілі тірі тілге айналады деп ерекше қуанды. Уақытша қиындықтарды елеген жоқ.
Уақыт оны шыңдағандай еді. Ғылым мен білімнің қадірі кеткен кезде де біреулер құсап, нәсібін кәсіптен іздеген жоқ. Балаларын да кәсіпкерлікке жібермеді. Оның ар жағынан арамдық апаны тұрғандай сезілетін. «Тыныш ұйықтап, қуанып оянғанға» не жетсін. Дегенмен, күні кешегі таныстарының жалдары майланып, желкелері күдірейіп шыққандарына таң қалмады. Құдай біреуге білім береді, біреуге жон береді. Тек желкесінен шықпасын да.
Біраз шәкірттері қорғауды қойып, ала дорбаларын алып саудаға кетті.
-Ала дорбаның уақыты бітеді. Күні ертен білім мен ғылымның қадірі өседі. Одан да қорғап алыңдар. Әлі жассыңдар. Сонан соң саудаға барсаң да болады. Кейін жастықта жинаған білімдеріңнің жемісін көресіңдер,- деп талантты жастарға ақыл айтып көрді де. Бірақ оған көп шәкірті мойынсұнбады.
- «Есектің артың жусаң да, мал тап»,- деген жоқпа еді Абай ақын деп өзіне кінә арта сөйлегендер де табылды.
Не дерсің. Әркімнің өз жолы, өз таңдауы бар.
Ермұхан ескі бір қалыптасқан ойдан шықпады. Компьютерге үйрене алмады. «Қолмен, қаламмен жазылған дүниелер ғана мықты болады» деген ой санасын шырмап алғаны сондай, білсе де білгісі келмеді.
Кафедрада хатшы қызы жазған дүниесін теріп беріп отырғандықтан ба, әйтеуір одан қашқақтады. Бірақ компьютерді пайдалануды, ақпарат алып көруді үйренді. Бірақ оны теруге құлқы болмады.
Күндер жылжып өтіп жатты. Ол бірсыдырғы өмір сүрді. Біреуден кем, біреуден ілгері дегендей. Үй-жайы бар, балалары бөлек-бөлек тұрады. Машинасы қорада тұр. Саяжайы да бар.
Сұлу қартайып келе жатқан. Жиған-тергені бар, кемпірі екеуі де қызмет істейді. Жыл сайын шетелге барып, теңізге шомылып қайтады. Бір бақытты жанұя болса, осы Ермұханның шаңырағы еді.
Заман зымырап өтіп жатты. Кешегі шәкірттерінің біразы сауда-саттық деп жүріп, азып тозды. Бірі отбасынынан айрылды, далада қалды. Ал бірі өз дегеніне жетті. Балаларын шетелде оқыта бастады.
-Ермұхан ұстаз,- деді талантты шәкірттерінің бірі Амантай. -Сіз ескі қалыпта қалып қалдыңыз. Мына кітабыңыз кімге керек. Бәрі компьютерде тұр. Заман қалыбынан қалмаңыз. Сізге естелікке смартфон сыйлағым келеді. Бәрі осының ішінде. Не қажет, бәрі бар. Түбі керек болады. Осымен бейнебайланыста болып сөйлесе бересіз. Бұл бәрін ауыстырады. Сізге ешкім керек болмай қалады,-деп қояр да қоймай «крутой» смартфон сыйлап кетті.
Ол өзінің кнопқалы қарапайым телефонына сондай сенімді болды. Смартфонды алды да қобдишасына салды. Сол күйі ұмытып та кетті.
Ол жүрегімен жаңа заманның талабын сезінді. Бірақ оны қабылдай алмады. Бір үрей санасын алды. Онсыз да жатбауыр болып бара жатқан адамдар ағайындық, туысқандық сенімнен ажырап қалмаспа екен. Бір үрей бір күні өз басына келетінін сезінбеді. Бәрі аяқ астынан астаң-кестең болды. Бәйбішесі қатерлі ісікке тап болды. Емін таба алмады. Ақыры дүниеде өтті. Жалғыздық басына түсті.
Жалғыздық оны ұлына алып келді. Олар күні бойы жұмыста. Кешке бәрі жиналады. Бірақ үндемей тамақ ішеді. Бір-бірімен сөйлеспейді де. Смартфонынан бастарын алмайды. Сонан соң әрқайсысы өз бөлмесіне кіреді де, смартфонға үңіледі.
Ермұханның бойына үрей кіреді. Шәй басында не істеп, не қойғандары туралы әңгімелеспеуші ме еді? Беу-беу, дүние?! «Ана балаға анау керек, мына балаға мынау керек», ана тойға қалай барамыз, көкемізге шәй бермегелі көп болды, - деп шүйіркелесіп отырушы едік. Жұрттың бәрі осындай ма? Бұлар бірігіп теледидар да көрмейді. Төрт бөлмеде төрт телевизор. Бірақ ешқайсысы қосылмайды. Бәрі самртфонда отырады.
Бала-шағаның ортасында отырып та жалғыз болады екен-ау адам. Ермұхан жарнама жариялады. «Үш бөлмелі жеке үйі бар. Материалдық жағынан қысылмайтын алпыс бестегі жалғыз басты еркек елу-алпыс жастағы, смартфон қолданбайтын әйел іздейді».
Бұл жарнаманы ұлы Нұрлан Естаев көрді. Қып-қызыл болып кетті. Кешке үйге жиналысымен тосын әрі қатаң шешім айтты. «Бүгіннен бастап үйге келісімен смартфонды қоспайсыңдар. Мына қобдишада тұрады. Өзім де солай істеймін».
Ол әйелінің де, қызының да, ұлының да, немересінің де смартфонын алып тартпаға салып, кілттеп қойды.
Сол күнгі кешкі шәй да керемет тәтті көрінді. Күні бойы болған жаңалықтарын айтып, бәрі мәре-сәре болды.
- Енді күнде осылай болады,- деді Нұрлан қатқыл үнмен.
Бәрі үнсіз бас изеді.
Уәлихан Қалижанов
Abai.kz