Ашық хат: "...Ата заңымыз шариғат үкімдерін негізге алатын болса, онда зайырлы ел болудан қаламыз".
АСА МӘРТЕБЕЛІ ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ!
ҚОҒАМДАҒЫ СОҢҒЫ БІР ЖЫЛ ІШІНДЕГІ СОПЫЛАР ТУРАЛЫ АТЫ ШУЛЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША САРАПТАМА ЖҮРГІЗГЕН МАМАНДАРДЫҢ САРАПТАМАСЫМЕН АЛМАТЫ АДВОКАТТАР КЕҢЕСІНІҢ РЕСМИ ӨТІНІШІ БОЙЫНША ТАНЫСЫП ШЫҚТЫМ. АЙЫПТАУЛАРЫ НЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ НЕ ШАРИҒАТ ЗАҢДАРЫНА ЖАТПАЙТЫН «ЖАПТЫМ ЖАЛА» БОЛЫП ТҰР. СОНДЫҚТАН СІЗДЕН АРАША СҰРАП «ДАТ, ТАҚСЫР» ДЕП ТҰРМЫН. АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫ «ЕКІ ТУЫП БІР ҚАЛҒАНЫМ»
ЕМЕС. МЕН ТЕК ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАЙМЫН.
ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ ТҰРСЫНБАЙҰЛЫНЫҢ (философия және теология ғылымдарының докторы, профессор, суретте) №10751903760010 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ЖҮРГІЗГЕН САРАПШЫЛАРДЫҢ №3007־ші 01.04.2011 ЖЫЛҒЫ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ ПІКІРІ
Ең алдымен Сарапшылардың қорытындысымен де тергеу органдарының оларға қойған сұрақтарының деңгейімен танысып шығуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін маман ретінде алғысымды білдіремін. Себебі бұл істе қоғамдық, саяси, діни және ғылыми танымдық мәселелер астасып жатыр. Мәселе адам тағдыры мен қоғамымыздың тұрақтылығына келіп тірелгендіктен сот процесінің барысынан толық хабардар болуыма септігін тигізді.
АСА МӘРТЕБЕЛІ ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ!
ҚОҒАМДАҒЫ СОҢҒЫ БІР ЖЫЛ ІШІНДЕГІ СОПЫЛАР ТУРАЛЫ АТЫ ШУЛЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША САРАПТАМА ЖҮРГІЗГЕН МАМАНДАРДЫҢ САРАПТАМАСЫМЕН АЛМАТЫ АДВОКАТТАР КЕҢЕСІНІҢ РЕСМИ ӨТІНІШІ БОЙЫНША ТАНЫСЫП ШЫҚТЫМ. АЙЫПТАУЛАРЫ НЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ НЕ ШАРИҒАТ ЗАҢДАРЫНА ЖАТПАЙТЫН «ЖАПТЫМ ЖАЛА» БОЛЫП ТҰР. СОНДЫҚТАН СІЗДЕН АРАША СҰРАП «ДАТ, ТАҚСЫР» ДЕП ТҰРМЫН. АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫ «ЕКІ ТУЫП БІР ҚАЛҒАНЫМ»
ЕМЕС. МЕН ТЕК ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАЙМЫН.
ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ ТҰРСЫНБАЙҰЛЫНЫҢ (философия және теология ғылымдарының докторы, профессор, суретте) №10751903760010 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ЖҮРГІЗГЕН САРАПШЫЛАРДЫҢ №3007־ші 01.04.2011 ЖЫЛҒЫ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ ПІКІРІ
Ең алдымен Сарапшылардың қорытындысымен де тергеу органдарының оларға қойған сұрақтарының деңгейімен танысып шығуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін маман ретінде алғысымды білдіремін. Себебі бұл істе қоғамдық, саяси, діни және ғылыми танымдық мәселелер астасып жатыр. Мәселе адам тағдыры мен қоғамымыздың тұрақтылығына келіп тірелгендіктен сот процесінің барысынан толық хабардар болуыма септігін тигізді.
Бастан ескерте кетейін тергеу органдары тарапынан сараптаманың шешуіне ықпал ету үшін қойған сұрақтарында ғылыми және құқықтық танымдық сауаттылық деңгейі өте төмен. Сұрақтарда қылмыстық істі дұрыс шешуге емес, керісінше, әйтеуір жазалау тенденциясы көзге көрініп тұр. Қылмыстық іс дін және құқық, мемлекет және зайырлылық ұстанымдары шеңберінде сауатты жүргізілгенде ғана құқықтық, демократиялық елге айналамыз. Сұрақтарда мазмұны мен принциптері өзара үйлеспей жататын тұстары кездеседі. Мысалы, теолог сарапшыға қойылған бірінші сұрақ: «Абдуғаппар Исматулланың насихаттаған діни ілімі мен исламдағы сүннет және суфилік ілімдер арасындағы айырмашылықтар қандай және басқа діни ілімдермен ұқсастығы бар ма?»
Бұл жердегі сыныптама сауатсыздыққа негізделген. Яғни, исламның суннилік жолы ілім емес, құқықтық доктриналық мектеп. Оған ханафи, ханбали, малики және шафиғи мектептері жатады. Ал сопылық ілімдер осы мазхабтардың ішінде, сопылық исламнан тыс ілім емес. Сопылық исламның мәні, моральдық практикалық қыры, мазмұны десе болады. Сопылықты исламға жат ілім ретінде көрсеткен кешегі ориенталистік, батыстық тенденциялар. Оны бүгінгі тәуелсіз елдің мамандарының қайталауын уақыт деген категорияның құнсыздануының көрінісі дер едім. Абай дананың «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегеніндей, әр құбылысқа бүгінгі маман елдің пайдасы мен тарихи болмысы тұрғысынан саналы түрде баға беруді үйренуі шарт. Ал ханафи мазхабы бойынша Иасауи ілімінің басқа тариқаттармен айырмашылығының болуы табиғи нәрсе.
Сосын мен осы саланы зерттеп жүрген маман ретінде айтарым Абдіғаппар Исматулланың жеке тұлғасына тән өзіндік ілімі жоқ. Ол дәстүрлі сопылық жолын жаңғыртушы ғана. Ал қалай жаңғыртып жатыр ол жағы басқа мәселе.
Осы іс бойынша құрылған екі бөлек сарапшылардың да, ойлары мен сөз саптаулары және «ғылыми тұжырымдары» бірін бірі сол қалпы қайталау бар. Бұл сарапшы топтардың таңдалуында немесе жалдануында тергеу органдары тарапынан объективтілікке қайшы әрекет екендігін ескерткім келіп отыр. Мұндай әрекет жазалауды субьективті психологиялық және мақсатты шаблондарға сыйғызуға итермелесе, екінші жағынан адам тағдырына, оның еркі мен құқына немқұрайлы қарауға апарып соғады деп есептеймін.
Енді сараптама мәтініне келсек, алдымен сараптаманың ғылыми әдістемелік негіздері туралы тоқталып өтейік.
Сараптаманың ғылыми методологиялық аппаратында кемшілік көзге ұрып тұр: Бірінші діни мәтінді тілдік, яғни, филологиялық тұрғыдан талдауда, герменевтикалық әдіс қолданылғанда дұрыс болар еді. Ол діни мәтіннің идея мен ұстаным арасындағы танымдық ерекшелікті анықтауға көмектеседі. Екінші дінтану тұрғысынан топ психологиясы, олардың ритуалдық феномені, социопсихологиялық құндылықтарға реакциялары жалпы салыстырмалы талдаулар арқылы жүрген абзал. Үшінші теологиялық талдауларда, топтың доктриналық, сенімдік жүйесі, Алла туралы танымы мен олардың қарым қатынасы, ұстанымдық, идеялық ерекшеліктері жеке құбылыстық мән бойынша зерттеледі. Аталған компоненттер сараптаманың өн бойында қолданылмаған. Бұл сарапшылар тарапынан әдейі осылай жасалды ма жоқ әлде білместіктен бе, ол жағы беймәлім. Сосын өтірік қорытынды жасағандарын да бүркемелей алмаған. Мысалы, 15-бетте «... теологиялық зерттеу барысында дәстүрлі ислам әдебиеттері мен Исматулла шығармаларын салыстырмалы зерттеу әдісі қолданылды» делінген. Хош... дәстүрлі ислам әдебиеттері көп, оның сыныптамасы көрсетілуі тиіс еді. Ол жоқ. №1-қосымшадағы әдебиеттер тізіміне қарасаңыз, онда «дәстүрлі әдебиеттерден» емге бірін таппайсыз. Ең болмаса, Қушайридің «Рисаласы», Газалидің «Ихясы», Арабидің «Фусусы», «Футухаты», Хазинидің «Жауахирі» өтірік болса да тұруы керек еді. Оның орнына бүгінгі сұранысқа жауап бермейтін кешегі кеңестік атеистік кезең авторларының кітаптарын тізе салған. Бұлардың ішінде іліп алатын ислам дінінің негізін ғылыми тұрғыдан зерттеген бірде бір автор жоқ. Бұл сарапшылардың жауапсыздығын, ғылыми талапты тиісті деңгейде орындамағандығын көрсетеді. Сарапшалардың бұл қорытындысы объективтіліктен алыс, тапсырманы орындау үшін толтырылған құжат ретінде қалып отыр. Бұл Қазақстан Республикасының құқықтық, демократиялық және зайырлы ел ұстанымына қайшы әрекет деп есептеймін. Сарапшыларда мақсатты телеологиялық ұстаным бар сияқты. Себебі әлі талдамай жатып, мәселенің ғылыми методологиялық сатысында тұрып ақ бұл іске үкім шығарып үлгерген. Бұлар сарапшы ма жоқ әлде сот па беймәлім.
Сот психологиялық филологиялық зерттеуге келсек:
18-бетте «...аталмыш үзіндіде діни алауыздық пен араздықты тудырудың белгілері ваххаб ағымы өкілдерінің жағымсыз образын, стереотипін қалыптастыру, олардың әрекеттерін мұсылмандарға қарсы жасалған жауыздық әрекеттер мен қауіпті ниеттерге жатқызу бар» делінген.
19-бетте «.........С. Ибраевтың вахабиттер, салафиттер, тағы басқа да иттер қаптап кетті» деген сөйлеміндегі «иттер» сөзі ваххаб, салаф өкілдеріне баға беруде стилистикалық әдіс арқылы қолданылған теңеу болып табылады» делінген.
Бұл жерде сарапшылардың ең баста методологиялық кемшіліктерінен бастап, мәтінішілік талдауды да дұрыс жасай алмағандығын, екінші жоғарыдағы салафи, вахаби ағымдарының негізгі идеялары мен ұстанымдарынан хабарсыз екендігін көрсетеді. Біріншіден, сарапшылар бұл айтылған қоғамдағы рухани үдерістердің мәні мен мазмұнына мән бермеген. Немесе шындығында вахабиттердің жалпы ислам әлемінде қала берді өзіміздің қоғамдағы лаңкестік әрекеттерінен хабарсыз. Әйтпесе вахабилерге, тіл тигізді деп айыптамас еді. Сарапшылар уаххабилік идеология қазіргі күні бүкіл мұсылман әлемін іштей ірітіп, көптеген жерлерді қанға бөктіріп отырғанын білмеген, есітпеген сыңай танытады. Бұл ағымның қазақ жеріне келуін, уаххабилердің Қазақстанды да іштей ірітуді бастағаны деп білу керек. Вахабилік сыртқы жахандық күштердің құралы, саясиланған топтар, исламдағы сунни ағымына қарсы, ешқандай мазхабты мойындамайтын мазхабсыз мазхаб, тарихты, діни тәжірибені мойындамайтын революционерлер. Бұлардың ұстанымы кешегі ұлтсыздандыру саясатын жүргізген кеңестік шовинизмнен де жаман. Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діни танымымызды ревизиялау үшін жанталасқа түсіп жатыр. Қазақ мұсылмандық түсінігін жоққа шығарып, жалпы ханафи мазхабын күпірлік ретінде бағалайды. Біздің тәуелсіздігіміз, ата заңымызға қайшы насихат жүргізеді, жастарды ақшамен, болмаса үркітіп өздеріне құрал дайындап жатыр. Сонда осылай ақ болсын деп қарап отыра беру керек пе. Бұған ел болып мемелекет болып қарсы тұру парызымыз. Мемлекеттік тұрғыдан тыйым сала алмадық, қоғамдық негізде күрес жүргізгендерді қолдаудың орнына айыптап отырсақ бұл ертеңгі ұрпақ қамын ойламағандық болып табылады. Вахабилерді оба дерті ретінде бағалаған тек Исматулла емес, бүкіл ханафи, малики, шафиғи мазхабы каламшылары, ғұламалары солай бағалаған. Керек десеңіз ханбали мазхаб ғұламалары, Абдулваххабтың өз әкесі солай теңеген.
С.Ибраевтың сөзі «ит» мағынасына келмейді. Себебі контекстке қарасақ, «вахабиттер, салафиттер және тағы басқа иттер қаптап кетті» деген сөйлемде ол «ит» мағынасында емес қаптаған жат ағымдар туралы мән береді. Ал егер сөйлемде вахабизм, салафизм тағы басқа «иттер» десе, онда сарапшылармен келісуге болар еді.
Дінтанулық сараптама келсек:
Сараптамашы ең баста қарапайым ислам дінінің басқа діндерден айырмашылығы мен адамзат тарихындағы орнын да дұрыс бағамдай алмағандығы көрініп тұр. Исламды өзінің болмыстық, аксиологиялық, эпистемилогиялық және психологиялық, тарихи тәжірибелік ерекшеліктері тұрғысынан тани алмаған. Себебі ислам дүниетанымына бойлаудағы қолданған методологиялық кешені ескі, кешегі ориенталистік, еуропацентристік көзқарас шаблонынан шыға алмаған.
Мысалы «ортодоксалды ислам», «гетеродоксалды ислам» «таза ислам», «классикалық ислам» немесе халықтық ислам деген сияқты ескі батыстық қалыптар бүгінгі күнге жауап бере алмайды. Ислам біреу ал мұсылмандық таным, түсініктер көп. Исламның өзгеретін және өзгермейтін қыры бар. өзгермейтін қыры оның доктриналық, сенімдік кешені. Ал өзгеретін қырлары кеңістікке қарай формасы бойынша ерекшеленеді. Бұл барлық дін атаулыға ортақ құбылыс. Бұл жерде сарапшы жалпы исламды ориенталистік шаблонмен, ал қазақы мұсылмандық түсінікті вахабилік таразымен өлшеп, пішкен. Сондықтан сарапшының түркі ислам мәдениетінің қалыптасу тарихынан бейхабар немесе әдейі осы ұстанымды таңдағандығы көрініп тұр. Сосын сарапшы 19-бетте «...шығыс ойшылдары (Ясауи) мен қазақ ағартушыларының (Абай, Шәкәрім) шығармашылығын насихаттау» деген сияқты сырттай сөйлемге ұқсағанмен, ешқандай тарихи шындыққа сай тұжырымдалмаған ой атуға тырысады. Сонда Абай мен Шәкәрім шығыс ойшылдарына жатпай ма немесе Ясауи қазақ ойшылына жатпай ма, сарапшының неліктен бұларды ажыратып көрсеткісі келгендігі беймәлім. Бұл сарапшы қазақ мұсылмандық тәжірибесінің тарихи сабақтастығын ескергісі келмейді немесе тарихты мойындамайды. Қазақтың мұсылмандық тарихы мен діни танымын мойындамайтындар бар олар бүгінгі «сақалды сәбилер», яғни, вахабилік ақиданы жалаулатып ұрандатып жүргендер.
Сосын сарапшы суфизмді зерттеп жүргенге ұқсамайды. Тасаввуф өз алдына күрделі, сырттай бақылау арқылы таныла қоймайтын сырлы қамал, оның ішіне кіріп ең болмағанда бөлмелері мен сатыларын аралап шығу керек. Мысалы 20-бетте сопылыққа анықтама берерде «...зайырлы және әскери биліктен бас тарту» ретінде бағамдапты. Ал Иасауи дүниетанымы, Ханафи жолындағы, ақидалық жағынан Матуриди мектебіне тән, түркі ислам тарихындағы әскери тариқат екендігін білмейтіндігі көрініп тұр. Бұл жерде айта кететін жайт, барлық сопылық тариқаттардың ұстанымы ғашықтық, мұраты Алла екендігін естен шығармау керек. Олардың өзара ерекшеліктерін қолданған методологиялық кешені мен мәдени, тарихи, кеңістіктік, уақыттық және танымдық компоненттерінен іздеу керек.
Сосын тағы 20-бетте «...шәкірт ұстазының қолынан сопылық алба жұлба (тозығы жеткен) киім (хирка) алған, бұл өз бетімен уағыз жүргізу құқығын беретін өзіндік диплом болып саналады» дейді. Сопылық жол, ислам аясында пайда болған, негізі сонау пайғамбарлық кезеңнен бері келе жатқан Нұри Мұхаммади құтымен берекелену жолы. Ол өте ауыржол, жауапкершілігі де терең. Уағыз айтып, шәкірт тәрбиелеу құқығына ие болғандарға «хатт иршад» куәлік берілетін болған. Ал хирка тариқат жолын таңдағандарға берілетін символдық киім. Тақия да әр жолдың өзіндік символы болған. Қазақтағы «қырыққа келмей хырка аспайсың» дегендегі хирка осы. Бұл қазақы мұсылмандық түсінікте тәубеге келудің, жолға түсудің белгісі. Осы бетте «фақр (кедейлік) сопылар сыртқы кедейлікті жолдағы қажетті тұрақ деп санап, осы күйді мүмкіндігінше ұзақ уақыт сақтауға тырысқан» дегені де ғылыми тұжырымға сай емес. Фақр бұл ұстаным. Негізі пайғамбарымыздың «ал фақру фаһри», яғни, «кедейлік менің мақтанышым» деген хадисіне сүйенсе, құрандағы «Ана ғаниун анта ал фақир» (Мен Баймын, сен кедейсің) деген аятқа тіреледі. Яғни, бұл жердегі кедейлік, сыртқы материалдық кедейлік емес, адамның Аллаға әрдайым мұқтаждығы сөз болып отыр. 21-бетте «...зікір (атын атау) жүйелі түрде Алланың атын атау немесе Алланы ұлықтау (ат такбир) көп қайтара қайталау: Ла илаха илла алла» депті. Бұл жердегі «ла илаха илла Алла» тіркесі такбир емес. Такбир тіркесі «Аллаһу акбар». Әр нәрсені өз орнымен айту мамандардан күтілетін ең басты шарт. Осы бетте тариқат туралы анықтама бергенде «...шейхтың жолын жалғастыру үшін мурид болу» депті. Негізінен мурид шейхтың жолын жалғастыру үшін емес, өз жолын табу үшін тариқат жолына кіреді.
21-бетте «ат тасаууфтың көптеген қағидалары жергілікті халықтың арасында бұрыннан келе жатқан пұтқа табынушылықпен, ата бабаларға табыну, анимизм, сиқыр және т.б. араласып кеткен. Орта Азия мен Қазақстан көшпенділері арасында исламды таратуда Ясы, қазіргі Түркістан қаласында тұрған Қожа Ахмет Яссауи (1103-1166\67) айрықша рөл атқарған» дейді. Бұл жерде сарапшы «қылмыскерлердің» жолы Яссауи жолының жалғасы болған күнде де бұл жол «таза ислам» емес дегісі келіп тұр ма екен. Сарапшыға сенсек, өмір бойы Алланың дидарына ғашық болып өткен, «Менің хикметтерім фермани Құран, Оқып, ұқсаң һамма мағани Құран» деген Иасауи пұтқа табынған болып шығады. Бұл қорытындыдан қазақтар ислам дінін енді ғана қабылдаған ел болып шығады. Бұл кешегі ориенталист, еуропацентристердің және бүгінгі вахабилердің сандырағы. Елбасымыз айтқандай бізге біреулер сырттан келіп дінімізді үйретуге тырыспасын. Оған жол бермейміз. Тегіміз түрік, кітабымыз Құран. Қазақтың мұсылмандық түсінігінде осы Құран, ислам өркениеті жатыр. Сарапшыға сенсек, тарихымыздағы Фараби, Баласағұни, Иүгнеки, Бақырғани, Шаши, Исфиджаби, Сығнақи, Иасауи, Хазини, Асан Қайғы, Бұхар, Шал, Майлықожа, Абай, Шәкәрім, Мәшхүр, Ғұмар сияқты қазақ ғұламаларын тарихтан өшіріп тастауымыз керек болады. Сонда Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы кім үшн жасалып жатыр. Осы елдің өскелең ұрпағы танысын, тарихын білсін, жахандық аксиологиялық қыспақтан өз құндылықтарымыз арқылы шығамыз деген үміті, сенімі, ниеті суға кеткені ме! Жоқ мұндай ғылыми негізі жоқ тұжырымдарға, пікірлерге, сараптамаларға көз жұма алмаймыз.
Сосын сарапшының оқшаулап көрсеткісі келген «Маһди» феномені тек шиаларда ғана емес исламның барлық мектептерінде бар. Ол феномен ретінде керек десеңіз исламнан басқа барлық діндерде көрініс береді.
Сарапшы «исматуллашыларды» бөлек діни бағыт ретінде анықтайды да, бұған дәлел немесе белгі ретінде 23-бетте «... елеулі өзіндік белгі ретінде Әбдіғаппар Исматулланың шығармаларын жалғыз дұрыс жазба түрінде жариялау, шығыс ойшылы Қ.А.Яссауидің еңбектерін, қазақ ағартушылары Абай мен Шәкәрім шығармашылығын Қазақстан аумағындағы халықтар арасында насихат жұмыстарын жүзеге асыруда негізгі идеологиялық тұғырнама ретінде қолдануды атауға болады» дейді. Сонда қазақтың баласы өздерінің тарихындағы ғұламаларды оқымағанда, сырттан келген жат ағымдардың шығармаларын оқу керек пе! Онсызда қазақ жерінде жастар арасында вахабилік әдебиеттер қаптап кетті! Бұл не сандырақ! Егер Исматулла насихатында Ясауиді, Абайды, Шәкәрімді негізге алса, онда ол «жаңа діни ағым» болып шықпайды. Керісінше дәстүрлі қазақ мұсылмандық түсінігін жаңғыртушыға айналады емес пе!
24-бетте «Ха және Ху» сөздері бұл Алланың есімдері жай ғана сөз емес. Сосын «Ха» емес, «Хай, яғни Алланың «тірі» деген эпитеті! Сарапшының тек тасауффты ғана емес, ислам дінінің негізгі кітабы Құранды да оқымағандығы көрініп тұр. Мысалы, 25-бетте, «... автордың пікірі бойынша, ислам христиандықтың орнына келген дін. Сөйтіп христиандар ислам парыздарын ұстануы тиіс, сонымен қатар, ислам христиандық пен иудаизммен салыстырғанда, жалғыз таухид діні болып табылады. Соңғы аталған діндер көпқұдайлықты насихаттайды: үштікке сену, пұттар мен басқа құдайларға сену» дейді. Бұл автордың ғана пікірі емес, бұл Алланың Құранында тұр. Ислам дінінің келу себебін ислам теологиясы осылай түсіндіреді. Құран адамзат тарихында сансыз көп, 124 мың пайғамбардың келуін де осы негізге апарып тірейді.
Қорыта айтқанда, сарапшыда ғылыми объективтілік атымен жұрдай, немесе танымы, ақидасы өзге араб мәдениетінен сусындаған қазақтың перзенті ау деймін. Қазақтың ғылым әлемінде осындай атақты дінтанушы, теолог сарапшы бар екендігін бұрын соңды естіп, білген емес едім. Жалпы сарапшы тасаууфты білмейді, түркілік мұсылмандық түсініктің бастауы болған Иасауи мәдениетін де танымайды. Бұл қорытындыға сарапшының берген тұжырымдамасының, бағалауының айнасы болып табылатын мәтінін оқығаннан кейін келіп отырмын.
Теологиялық тұрғыдан сараптауға келсек,
Теологиялық сараптама да сауатсыздыққа негізделген. Оның әрбір қорытындысын талдап жату да артық. Сондықтан мәтіндегі негізгі тұстарды ғана ашып көрсетіп кетейін. Сараптамашы 31-бетте «...қазақстан аумағында Ислам сунниттік бағыттағы «ханафиттік діни мектебі» және суфизм ілімі қалыптасқан» дейді. Осы тұжырымының өзі қате. Себебі Иасауи ілімі сунни тариқат, құқықтық жағынан ханафи мектебіне, доктриналық ақидалық жағынан Матуриди мектебіне жатады. Иасауиді жеке сунниліктен бөлектеп сыныптау мақсатты телеология. Ориенталистік тенденция, салафилік таным.
Сосын сарапшының Құрандағы аяттардың «жоюшы» және «жойылған» сыныптамасы дұрыс емес. Бұдан теолог сарапшының араб тілін дұрыс меңгермегендігі көрініп тұр. Газалидің «Өркендеу» деген кітабы жоқ. Болса «Ихиау улум ад дин»(дін ғылымдарының жандануы) деген кітабын меңзеген болуы мүмкін. Сарапшы теолог мырза орыс тіліндегі әдебиеттерді ғана нағыз дереккөз ретінде танитын сыңайлы. 33-бетте «шаха накшубанди» дегенін түсінбедім ол Бахауддин Шах Накшбанди болуы тиіс.
35-бетте Құран аятын тура аударғанда сарапшы пікірі дұрыс болып көрінеді. Ал, оны кеңейтіп, түсінік бергенде аят мағынасы қаншалықты тереңдейді, мәселе осында. Бұл жерде Құранды тікелей аударғанда «йақин» сөзін тек өлім деп қабылдау бар. Йақин сөзінің негізгі мағынасы - абсолюттік таным, күмәнсіз, шексіз, шынайы шындық, ақиқат. Сопылықта берік сенім, иманға дәлелдермен емес, таза иман қуаты арқылы көз жеткізу; саф, таза көңілмен ғайып әлемін тамашалау.
Ислам тариқаттары арасында екі түрлі зікір методы бар. Құпия (хафи) және ашық(жахри) түрлері. Иасауидің методы ашық зікір. Ол исламда қабылданады, шариғатқа да сай. Сарапшы осы тұсты білмейді. Сосын сарапшының «Құран сырларының әліппесі» кітабындағы халифа Омар туралы аргументі негізсіз. Ол жерде керісінше адамның терең психологияық жай күйін түсіндіру үшін берілген мысал ғана. Терең тақуалық, үміт пен қауіп арасындағы адамның хәлі түсіндірілген. Онда халифа Омарға қатысты мазақ немесе шиалардың танымындағыдай даттау жоқ. Бұл мақсатты интерпретация.
Жалпы сарапшыда ғылыми объективтлік атымен жоқ. Тұжырым, қорытындылары да негізсіз, жала.
Сондықтан егер айыпталушыға осы сараптама негізінде жаза кесілетін болса, онда қазақстанның зайырлылығы да, демократиялық таңдауы да бос сөз болып қалайын деп тұр. Біздің атазаңымыз шариғат үкімдерін негізге алатын болса, онда зайырлы ел болудан қаламыз. Ал мына сарапшылардың шариғатты бұрмалап немесе қасақана солай түсіндіруі ойланатын жәйт. Діннің саясилануы деген құбылысқа барып тіреледі.
«Абай-ақпарат»