Тірі тіл
(деректі әңгіме)
Испанияның Реус қаласы. 1852 жыл. Шойын құюшы Гаудидың шаңырағына бесінші ұл келді. Әкеде ес жоқ. Қуанышты. «Антони» болсын есімі. Бұл Каталонияның атын әлемге әйгілейтін ұл болады. Әке жүрегі осыны сезінеді.
Кішкентай Антони әке жанынан қалмай ер жетті. Шойын құюдың шебері – әке кәсібін жете-ақ меңгерген. Ол шойын мен тас, темір мен қыш үйлесімділігін іздеді. Қоршаған ортаның өзі қиялға сурет қоспай ма? Романтизмнің де бір лебі ескен осы жылдарда сәулет өнері жаңашыл бағытқа ауысқан.
Әке – балаға сыншы. Ол Антонидің дүниеге басқа өлшеммен қарайтынын аңғарды. Кеңістікті геометриялық өлшеммен үйлестіруге тырысады. Сондықтан да білімсіз, өзі сияқты қарабайыр шойын құюшы шебер болып қалуы мүмкін.
Ол ең әдемі үйін сатып, Антониды Барселонадағы сәулеткерлік оқуға жіберді.
Антони тек студент болып қалмай қала сәулетшілерімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Есімі ерте ел аузына ілікті. Барселонадағы Сьюдадел саябағын көркемдеу, Мария Монсераттын капелласын, Король алаңының жобасын жасады. Студенттік жылдар өте шықты.
– Мен мына дипломды әзірше кімге беріп тұрғанымды түсіне алмаймын, - деді декан. – Әлде есуас сәулетшіге, әлде данышпанға...
Ол өмір суруге асықты. Антонидың қиялы тым биік еді. Ол қарапайым құрылыс материалдарымен бірге шойын өрнектерді үйлестірді. Тас өрімді араб сәулетімен ұштастырды. Түсініксіз сәулетшінің туындыларын тани білуде қиын еді. Бірақ оны тағдыр кәсіпкер Гуэлеммен кездестірді. Граф Гуэлем Антони жобалаған ғибадатханалар мен ақсуйектер үйін салуға демеушілік жасады. Бірақ екеуінің де ұпайы түгел еді. Бірі талантын дараласа, екіншісі байыған үстіне байи түсті.
Испания королі ғажайып сәулет өнерінің иесімен жүздескісі келді. Бірақ Антони Гаудидің адам төзгісіз мінезі, қалай болса солай киініп жүретінін еститін де, бойын жиіркеніш билейтін. Жуынбайтын да десетін.
Неге? Ғашықтық дерті екен. Каталонияның ең сұлу, ең білімді қызы оның махаббатынан бас тартыпты. Енді оған бар сезімі мен өнерін тас пен шойынға, мәрмәрға салу ғана қалған.
Король бас шайқады. Әйелге бола сезімнен бас тартуға бола ма? Дегенмен, көру керек.
Ол Барселонаның бағын ашқан Беллесгуард үйіне, Саграда Фамилия храмына, Асторг сарайына сұқтана қарады. Бұдан артық қандай махаббат керек! Ұлы махаббат! Мәңгілік ескірмейтін ескерткіш!
Жоқ... Жоқ... Қалайда жүздесу керек. Сарайға шақырып қонақасы берген жөн. Оның құрметіне бал ұйымдастырса да артық емес.
Король айтса болды. Бас кеңесші құрылыс маңына келді. Антониды әрең тапты. Екі қолын жайып тастап жыртық көрпенің үстінде ұйықтап жатыр.
– Атақты Антони осы ма? Атағына бар болайын. Қу кедей ғой, мынауың. Осыны да Король іздейді-ау.
– Антони Гауди мырза, - деді бас кеңесші король мөрімен бекітілген хатты беріп жатып. – Король шақырып жатыр. Мархабат.
Хатты ашып оқыған Антони иығын көтерді.
– Бас кеңесші мырза , - деді ол шаң шаң шұлығын қағып. – Менің корольде шаруам жоқ. Қабылдауын да сұраған емеспін. Рахмет айтарсыз. Кімнің шаруасы болса соның өзі іздеуі керек.
Бас кеңесшінің миы аузына түсті. Мұндай да көргенсіздік, әдепсіздік болады екен-ау... оны Испания королі шақырып жатқан жоқпа? Ал, Антони болса өз жөніне кетті.
Еңсесі түскен бас кеңесші король алдына жасқаншақтай, имене кірді. Өң-түс жоқ.
Король мән-жайға қанықты да, ләм-мим деместен өз бөлмесіне кіріп кетті. Сәлден кейін ол сән-салтанатымен, күзетшілерімен сарайдан шығып, Матароға беттеді. Бұл - Барселонаның ең сұлу аймағы. Каталондықтардың мақтанышы. Енді Антони Гауди есімі тарихта қалғаны қалған. Бірақ бұл құрылыстар қай корольдің тұсында салынып еді? Соны ұрпақ білер ме екен?
Олар құрылыс қызған шақта келді. Антони өрнекті шойын балконды орнықтырып жатқан құрылысшыларға басшылық жасап тұр.
Король испан тілінде Антони Гаудиға тіл қатты. Король жауап ести алған жоқ.
– Король амандасып тұр ғой, деді оған нөкерлерінің бірі каталонша. – Әдепсіздік танытқаның қалай?
– Мен каталондықпын. Мынау Каталонияның жері. Мен басқа тілде сөйлей білмеймін.
– Сен не деп тұрсың? Бұл біртұтас Испания емес пе?
– Ия, бірақ бұл Испанияның Каталон автономиялы аймағы. Бұл жердің өз тілі бар. Каталон тілі әлі тірі ғой...
Король өз боданымен тілмаш арқылы сөйлесуге мәжбүр болды.
Уәлихан Қалижан
Abai.kz