Дос Көшім. «ТӘУЕЛСІЗДІК» деген ұғым кермек татиды...
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін өткізуді ұйымдастыратын
комиссия мүшелерінің назарына!
Кеше «барахолка» атанған базардың аяқкиім сататын қатарынан
Қайрат Рысқұлбековпен бірге 14 жылға сотталған, қазақ елінің
Тәуелсіздігі үшін бостандағын да, денсаулығын да, балаларының
болашағын да құрбан еткен азаматты кездестірдім. Мойнына
картоннан жасалған қорапты асып алып, байпақ, шұлық сияқты
ұсақ-түйекті сатып жүр екен... Мемлекет, не деген арсыз едің!
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін өткізуді ұйымдастыратын
комиссия мүшелерінің назарына!
Кеше «барахолка» атанған базардың аяқкиім сататын қатарынан
Қайрат Рысқұлбековпен бірге 14 жылға сотталған, қазақ елінің
Тәуелсіздігі үшін бостандағын да, денсаулығын да, балаларының
болашағын да құрбан еткен азаматты кездестірдім. Мойнына
картоннан жасалған қорапты асып алып, байпақ, шұлық сияқты
ұсақ-түйекті сатып жүр екен... Мемлекет, не деген арсыз едің!
Құрметті Комиссия мүшелері. «Тәуелсіздік» деген асыл ұғым соңғы уақытта кермек тати бастаған сияқты. Аты бар да, заты жоқ сөзге айналып бара жатқаны жүрегімді ауыртады. Әңгіме менде, немесе осы тәуелсіздікке еңбек сіңірген азаматтарда да емес, қазақтың келешек ұрпақтарына осы сөздің мағынасының қалай жетуінде деп ойлаймын.
«Тәуелсіздік» деген ұлы сөздің Қазақ жеріндегі қазіргі мағынасында (қолдануында және тойлануында) бір емес бірнеше сұрақ тудыратын жерлері бар сияқты. Біріншісі, Желтоқсан көтерілісіне ұқсайды: ол жерде боздақтар мен сотталушылар, соққыға жығылушылар бар да (олар - қаһармандар), бірақ оларды соттаушылар, соққыға жығушылар көзге түспейді. Сол сияқты, бізде «Тәуелсіздік» деген ұғым бар да, сол үшін күрескен адамдар жоқ сияқты... Өз халқының тәуелсіздігін алу бағытындағы қимыл қозғалыстарға үн қоспаған азаматтардың көпшілікті құрайтынын мойындаймын, сондықтан да олардың «Тәуелсіздік үшін күрес болған жоқ, оны біз Кеңес өкіметі құлағаннан соң, жерден көтеріп алдық» деген пікірден айрылмайтындарын да жақсы білемін, алайда, сонымен қатар, Тәуелсіздіктің өзінен өзі келмейтіні де талассыз шындық! Тарихшылардың айтуынша бодандыққа түскен қазақ халқы еркіндік пен тәуелсіздік жолында 300-ге жуық көтеріліс жасапты. Біреуі Кенесары ханның бастауында мемлекеттік деңгейде болса, енді біреулері Аллақұл көтерілісі немесе Адай көтерілісі сияқты жергілікті, аймақтық сипатта болған. Жаңағы айтып отырған Желтоқсан көтерілісінің де ұраны мен мүддесі - ұлт азаттық бағытта болғаны белгілі. Қазақ елінің «Тәуелсіздік» ұғымына бұлардың енбеуі мүмкін емес. Кеңес Одағының орыстандыру идеологиясы дүрілдеп тұрған уақытта «Жас тұлпардың», «ЕСЕП» пен «Сарыарқа» ұйымдарының дүниеге келуі, студент жастардың жандарын шүберекке түйіп қазақтың болашағы үшін шамасы жеткендерінше күресуінің Тәуелсіздікке қатысы жоқ деп кім айта алады? Кешегі «Азат» қозғалысының 90-жылдардағы саяси-қоғамдық іс-әрекеттері Қазақ елінің Тәуелсіздік жолында жасалмады деуге кімнің аузы барады? Кейбір елдерде бұндай батырлар болмаса, ұрпақты отаншыл, ұлтшыл етіп тәрбиелеу үшін қолдан жасар еді, ал біздің мемлекет (билік!) болса бодандықтан шығу жолында шамалары жеткен әрекеттерін жасап, Тәуелсіздікті жақындатқан жандарды көргісі де, мойындағысы да келмейтін секілді. 90-жылдардағы осы жұмыстарға тікелей қатысқан адам ретінде «Азат» қозғалысына кірген азаматтардың қаншасының жұмысссыз қалғанын, қаншасының пәтер ала алмағынын, бала-шағаларының болашақтарының байланғанын, отбасының бұзылғанын, одан қалды сол уақыттағы жазалушылардан тікелей таяқ жегендерін мен жақсы білемін. Бұл да Тәуелсіздіктің бағасы! Демек Тәуелсіздік жолында күрес болмаса - Тәуелсіздік де болмайды. Қоғамның осы аксиоманы ұмытпағаны, ал биліктің осы ақиқатты халыққа ұмыттырмағаны жөн болады деп ойлаймын.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін КПСС-тің Орталық Комитеті саяси бюросының мүшесі Ю. Соломенцевтің бұйрығымен қазақтардың бұрынғы батырларының, ұлттың тәуелсіздігі үшін күрескен ұлыларының аттарын мектептерге, т.б обьектілерге бергізбеу науқаны жүргізілген болатын. Бұл - ұлттың патриоттық сезімін жою мақсатында жасалған идеологиялық шабуыл болатын. Егер Тәуелсіздікке тікелей қатысы бар азаматтарды көзге ілмеу саясатын ұстанатын болсаңыздар, Сіздердің де сол Соломенцевтің жұмысын жалғастырушы болғандарыңыз. Осындай ұқсастықтарды көрген кездері менің басыма «мүмкін, біздің билік басындағылар да бұрын КПСС мүшелері болған шығар» деген арам ой да келеді. Себебі, тәуелсіздік үшін қызмет еткен азаматтарды көзге ілмеу - бұрынғы коммунистік партияның, тоталитарлық жүйенің ұлтсыздандыру саясатының нақты жалғасы.
Құрметті Комиссия мүшелері! Мені осы мәселені көтеруге мәжбүр еткен жағдай - алдағы келе жатқан Тәуелсіздік тойы мен сол тойдағы Тәуелсіздікті алуға үлес қосқан азаматтардың орнына деген алаңдаушылық. Осыдан он жыл бұрын Қазақстан үкіметінің Тәуелсіздіктің 10-жылдығына арнап арнайы медаль шығарғаны және оны тек қана шенеуініктердің алғанын жақсы білеміз. (Сол медальдардың кейбіреулерінің кейіннен қоқыстан табылғаны туралы да деректер бар). 1991 жылы Мәскеуде төтенше жағдай комитеті құрылып, әлі қолымыз жетпеген тәуелсіздікке қауіп төнгенде, Алматы қаласы әкімінің орынбасары В. Храпуновтың Алматыға төтенше жағдай енгізуге әрекет еткенін біреу білс, біреу білмейді. Ең қызығы, тәуелсіздік үшін бірнеше рет түрмеге түскен Хасен Қожа-Ахмет сияқты азаматтарға бұйырмаған «Тәуелсіздіктің 10-жылдығы» төс белгісі соған да берілді. Биылғы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлауда осындай, мәдениетті тілмен айтқанда, келеңсіз жағдайлар болмайды деп үміттенеміз. Әрине, билік басындағылар мен шенеуініктердің басым көпшілігі Қазақ елінің Тәуелсіздік алуына иненің жасуындай да еңбек сіңірген жоқ, оны былай қойғанда, Мәскеуге беріле қызмет етіп, тәуелсіздікке қарсы жұмыс істегендері де жетерлік, бірақ оның барлығы Тәуелсіздік үшін еңбек сіңірген азаматтарды елемеуге бөгет болмауы керек. Тарихты саясаттың қолбаласына айналдыру - ешбір мемлекетті жақсылыққа алып бармайды. Сіздердің де қазақ елінің сын сағатында біздің қасымыздан табылмағандарыңыз белгілі, оған ешкімнің реніші жоқ деп ойлаймын, бірақ өздеріңіз көрінбеген жерде, басқалар да болмады деп ойламаңыздар. Сіздердің азаматтықтарыңыздың сыналар жері де осы екенін ұмытпаңыздар. Тәуелсіздігін алу үшін өздерінің қызметі сіңбеген мемлекетті басқара отырып, басқалардың сол тәуелсіздік жолында жасаған еңбегін мойындау, оларға құрмет көрсету және оларға төрден орын бере білу - ұлықтықтың белгісі.
Айта кету керек, қазіргі қолданыста жүрген «Қазақстан тарихының» (9-сынып, авторлары М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Қ Жүкешев) 165-бетінде төмендегідей сөздер бар: «1990 жылдың жазында «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Қозғалыс алдына аса үлкен мақсаттар қойды. Қазақстанның егеменді ел болуы, КСРО-дан бөлініп, өз алдына жеке мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа енуі - қозғалысты ұйымдастырушылардың көкейкесті арманы еді. Республиканың шынайы тәуелсіздік алуы үшін қажетті шаралар - экономиканың басқару тұтқаларына ие болу, өз әскерін құру, өз валютасын айналысқа енгізу, шетте жүрген қазақ диаспорасын тарихи отанына қайтару, тоталитарлық режим кезінде қатты зардап шеккен жергілікті ұлт өкілдерінің әлеуметтік мәселелерін шешу сияқты ірі және ізгі мақсаттарды алдына қойды». Қозғалыс мүшелері осы мақсаттарға жету жолында жеке бастарының мүддесін жиып қойып, жан-тәнімен қызмет істегені де дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Осы оқулықтың тағы бір жерінде (176-бет) «...Қазақстанда да күн өткен сайын мемлекеттік егемендік жариялауды талап етушілер күшейе бастады. Қоғамдық қозғалыстар 1990 жылғы қазан айында айрықша белсенділік көрсетті. Күн сайын Жоғарғы Кеңес үйінің алдында таңертеңнен кешке дейін саяси митингілер өтіп жатты. Ал Алматы қалалық партия комитеті үйінің алдында жастар пикет ұйымдастырып, аштық жариялады». Бұл жолдар да Тәуелсіздіктің аспаннан түспегенінің нақты дәлелі деп ойлаймын. Ал «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» (авторы Б. Аяған. Ғ Шаймерденова) оқулығының 282-бетінде «1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысы дүниеге келді. ...«Азат» өзінің басты мақсаты етіп Қазақстанның егемендігін алуды қойды. 1991 жылы азаматтық қозғалыс өзінің саяси партиясын құрды. Осы кезеңде Алматыда жаңа қоғамдық саяси ұйым - Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) құрылды. Жастардың шағын тобынан «Алаш» партиясы қалыптаса бастады» деген жолдар бар. Қазір сол «Алаштың» ұйымдастырушысы және басшысы Арон Атабек сот барысында дәлелденбеген айыптармен 18 жылға бас бостандығынан айрылып, түрмеде отыр. Осы арада, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, оның ісін қайта қарап, жазасын жеңілдету мәселесін де қарастыру қажет деп ойлаймын.
Менің бұл мәселеге алаңдаушылығымның себебін де айта кетейін. Осыдан екі ай бұрын «Ұлт тағдырының» облыстық бөлімшелері жергілікті Мәслихат басшылар мен облыстың әкімдеріне төмендегідей хаттар жіберген болатын:
«Биыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Республика көлемінде ұлы мейрам есебінде атап өтілмекші. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейлерде осы мерекеге арналған кешенді іс-шаралар өткізілетіні де белгілі. Мемлекеттік органдармен қатар азаматтық қоғамның өкілдері де осы мерекеге арналған жоспарларын дайындауда. Отаршылдықтың құлдығынан құтылып, қазақ мемлекетінің қара шаңыраңын қайта көтеруге нақты үлес қосқан, сол үшін Кеңестік биліктен талай жазаланған «Желтоқсан», «Азат», «Парасат» сияқты қоғамдық ұйымдар өкілдерінің Тәуелсіздікке арналған мерекеде төрден орын алып, халықтың алғысына бөленіп, мемлекеттің марапатына ие болары да талассыз мәселе. Осыған орай, жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдардың іс-әрекетін үйлестіру (кейбір іс-шараларды қайталамау үшін) мақсатында төмендегі сұрақтарға жауап берулеріңізді сұрамыз:
1. Облыстық көлемде Тәуелсіздік үшін еңбек жасаған азаматтарды марапаттау тізімі жасалды ма?
- 80-90 жылдары Тәуелсіздік жолында саяси-қоғамдық күреске белсенді түрде ат салысқан, бірақ қазір бақи болып кеткен азаматтар ескерілді ме?
- Ұлттық және патриоттық тәрбие берудің тиімді тәсілі болып табылатын осы мерекеде жоғарыдағы аты аталған қоғамдық ұйымдардың тәуелсіздік үшін жасаған жұмыстарын насихаттау бағытында қандай іс-шаралар жүргізілмекші?
Осы үш сұраққа нақты жауап беруді және тізімдердің көшірмесімен таныстыруды өтінеміз. Тәуелсіздіктің тегін келмегенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан сол үшін күрескен азаматтардың кейбіреулерінің аталынбай қалуы - бәріміз үшін кешірілмес күнә болып табылады»
Бұл хатқа берілген жауаптардың барлығын жариялап жату артық болар, дегенмен «Ұлт тағдырының» сыпайы сұрағы облыс басшыларының (демек, мемлекеттің) талайларын тұйыққа тірегені анық көрінді. Бұл жауаптардың менің келешекте жазатын саяси памфлеттеріме біршама азық болары даусыз... Олардың барлығын жариялаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мысал ретінде, біреуін алдарыңызға тартсам да жеткілікті. Бұл «қызық» жауап Шығыс Қазақстан облысынан түсті. Ол сабаздар біздің «хатымызды мұқият қарапты» да мынадай жауап беріпті:
«Сіздің облыс әкімі Б.Сапарбаевтың атына жазған хатыңыз ішкі саясат басқармасында мұқият қаралды.
...Қазіргі кезде облыс әкімі аппаратында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген азаматтарды марапаттауға ұсыну үшін тізім жинақталуда.
Сонымен қатар, республикалық «Желтоқсан», «Азат» саяси қоғамдық ұйымдарының бөлімшелері Шығыс Қазақстан облысында тіркелмегендігін хабарлаймыз.
Бастық: Е.Нұрғалиев
«Ұлт тағдырының» азаматтары да қадалған жерлерінен қан алатын жандар ғой. «Азат» қозғалысының 1991 жылы тіркелгендігі туралы анықтама қағазды облыстық әділет басқармасынан алып келіпті. Енді келесі жауаптың мәтінін берейік:
«Сіздің облыс әкімі Б.Сапарбаевтың атына жазған хатыңыз ішкі саясат басқармасында мұқият қаралды.
...Қазіргі кезде облыс әкімі аппаратында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген азаматтарды марапаттауға ұсыну үшін тізім жинақталуда.
Сонымен қатар, қазіргі кезде республикалық «Желтоқсан», «Азат» (Халық депутаттар советі Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің юстиция басқармасында 4 қыркүйек 1992 жылы тіркелген №12-2-1401)қоғамдық ұйымдарының Шығыс Қазақстандағы бөлімшелері қоғамдық өмірде белсенділік танытпайтындығын хабарлаймыз.
Сіздер өз тараптарыңыздан марапаттау туралы ұсыныстарыңызды ішкі саясат басқармасына жолдай аласыздар.
Бастық: Е. Нұрғалиев»
Біріншіден, шенуініктердің шығарыпсалма жауап беретінін жақсы білетін болғандықтан біздің мәтінде сұрағымызды реттік санмен берген болатынбыз. Хатта олардың ешқайсысына (басқа облыстарда да!) нақты жауап берілмеген. Екіншіден, Біз «Қазақстанның қалыптасу мен әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген» азаматтар туралы емес, сол Қазақстан деген мемлекеттің орнауына еңбегі сіңген азаматтар туралы сұрақ қойып отымыз ғой. Мен не деймін, домбырам не дейді деген осы! Үшіншіден, сұрақ «Желтоқсан», «Азат» ұйымдарының қазіргі кезеңде тіркелгендігі не тіркелмегендігі туралы емес, олардың 90-жылдары Тәуелсіздік үшін күрес кезіндегі іс-әрекеттеріне баға берілу туралы болып отыр. Меніңше, Шығыс Қазақстан облысында Қабанбай батырға ескерткіш қою немесе Алашорда азаматтарына арнап ас берудің өзі үлкен мәселеге айналатын сияқты. Облыс әкімшілігі қызметкерлері ол бабаларымыз «адресный бюрода» тіркелмеген екен, ал 1937 жылдары атылып кеткен Алаш арыстары Шығыс Қазақстанда «қазір белсенділік танытпайды» деп, ескерткіш те салдырмай, ас та бергізбей тастауы ғажап емес.
Құрметті Комиссия мүшелері! Жоғарыдағыдай ұйымдардың өмірде болғанын (оны білмеуі мүмкін емес, мектеп бітіріген адамның бұл мәселеден хабары бар екендігін оның алдында көрсетіп кеттік) тек анықтама әкелгеннен кейін ғана мойындаған ішкі саясат басқармасы олардың қазір жұмыс жасамайтындығын тілге тиек ете отырып, «қоғамдық өмірде белсенділік танытпайды» деп алдын ала жоққа шығарады. Әрине, Қазақ жеріне тәуелсіздік алып беруге үлес қосқан көптеген ұйымдар қазір өздерінің қызметтерін тоқтатқан. Себебі олар өздерінің алдарына қойған мақсаттарын орындады. Мен осыны түсінбейтін және түсінгісі келмейтін шенеуніктерден қорқамын. Бұндай адамдар қан майданда ерлік жасап, қаза тапқан жандарды «қазір соғысып жүрген жоқ» деген сылтаумен батыр атағын беруден де бас тартатын болар. Мойындауымыз керек, менің ойымша, бұлардың барлығы тәуелсіздікке үлес қосқан жандарға рахмет айтудан қашудың ең бір ыңғайсыз және жиіркенішті тәсілі.
Құрметті Комиссия мүшелері, бұл хатты «Азат» не «Желтоқсан» ұйымдарының мүшелеріне бірдеме сұрау деп ойлап қалмаңыздар. Мемлекет марапаттамады деп ренжитін де біздер емес. Және сол кезеңде мемлекет тарапынан марапат, сый-құрмет көреміз деп жұмыс істеген жоқпыз. Бәрі алладан қайтады!
Әңгіме тек қана жастарды мемлекетшіл, ұлтшыл етіп тәрбиелеудің мүмкіндігін пайдалануда, мемлекеттің мәдениеттілігінде және қазақ халқының тарихын сыйлауда жатыр.
P.S.Дос Көшім. 1991 жылы Кеңес Одағының «Демократиялық Конгресінің» тең төрағасы, 1990-1994 жылдары Қазақстан Социал-демократиялық партиясының төрағасы, 1991 жылдан Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы төрағасының орынбасары. Қазір «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы.