Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3272 0 пікір 21 Қазан, 2011 сағат 05:05

Еркеғали Бейсенов. Киіктер қырғыны

2010 жылы Қазақстанда 483 киік, 84 елік, 30 бұғы заңсыз ауланған

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ақбөкендердің қаңқаларына қарағанда, бұлар ертеректе Ұлыбритания аралынан бастап Аляскаға дейінгі кеңістікте өмір сүрген. Қазақстан аумағында Павлодар облысындағы Ямышево мен Подпуск ауылдарында, Семей қаласының түбінен, Нұра өзенінің бойынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірлерінен ежелгі және орта антропогеннен қалған киіктердің сүйектері табылған. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің эрамызға дейінгі VІІ-V ғасырларда қашалып салынған екен. ХІV-XVІ ғасырлардан бері ауыздан-ауызға тарап келе жатқан халық эпостарында да қазақ жеріндегі сансыз көп ақбөкендер туралы көп айтылады.

Ақбөкендер азайып бара жатыр

2010 жылы Қазақстанда 483 киік, 84 елік, 30 бұғы заңсыз ауланған

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ақбөкендердің қаңқаларына қарағанда, бұлар ертеректе Ұлыбритания аралынан бастап Аляскаға дейінгі кеңістікте өмір сүрген. Қазақстан аумағында Павлодар облысындағы Ямышево мен Подпуск ауылдарында, Семей қаласының түбінен, Нұра өзенінің бойынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірлерінен ежелгі және орта антропогеннен қалған киіктердің сүйектері табылған. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің эрамызға дейінгі VІІ-V ғасырларда қашалып салынған екен. ХІV-XVІ ғасырлардан бері ауыздан-ауызға тарап келе жатқан халық эпостарында да қазақ жеріндегі сансыз көп ақбөкендер туралы көп айтылады.

Ақбөкендер азайып бара жатыр

Осындай деректерге сүйенсек, ертеректе Еуропа мен Азия құрлығын тұтастай мекендеген киіктер қазір тек қазақ даласында ғана қалыпты. Қытай мен Түрікменстаннан мүлдем жоғалып кеткен. Киіктердің селдіреген табындарын қалмақ даласынан көруге болады. Жайылым жердің аздығынан олардың да басы көбейе қойған жоқ. Аздаған ақбөкен моңғол жерін мекендейді. Қазір олардың да тұқымы құрып бітті деуге болады. XІX ғасырдың аяғында, XX ғасырдың басында Қырым, Таврия, Казказ өңіріндегі киіктердің өрісі тарылып, жойыла бастаған. Республикамызда олардың бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала-Арыс, Үстірт және Еділ-Жайық деген топтары мекендейді. Ең ірісі және сан жағынан басымы - Бетпақдала-Арыс тобы. Бұл ақбөкендердің мекені - Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтары. Үстірт тобына жататын Ақтөбе өңірінде бүгінде 5 мыңға жуық киік бар. Олар негізінен Шалқар, Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би аудандарының көлемін мекендеуде. Киіктердің тағы бір көп шоғырланған тобы - Қостанай облы­сы­ның Ақкөл, Южный, Айырқұм, Ақкұм селолық округтері маңы.

Бетбақдаладағы ақбөкендер өсімдіктердің 81 түрімен қоректенеді. Олар әр түрлі шөптерді жылдың мезгіліне қарай таңдап жейді. Көктемгі айларда ақселеу мен құрақты қорек етеді. Жаз айларындағы аптаптарда жапырақты шөптер қурап кетеді де, жусан, қырықбуын, шиді оттайды. Қыс кездерінде азығын қарын жел үрлеп кеткен жоталардың жонынан тауып жейді. Ауыл маңайындағы маялап үйілген құрғақ шөпті олар жей алмайды, өйткені, танаулары кедергі жасайды. Киіктер шөпті жерден жұлып жеуге ғана дағдыланған. Олардың басты жауы - қасқыр. Ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шүйліге береді. Ақбөкен көбіне аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады.

«Қазақстанда 20-жылдардың басында ақбөкендердің саны күрт түсіп кетті. 1917-18 жылғы қыстың жұты түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен, 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ одан көп өзгеріс бола қоймады...», - деп жазады 1955 жылы зоолог Слудский. Содан бергі уақытта дала еркесі - ақбөкен адамдардың жауыздығынан бірнеше рет жаппай қырғынға ұшырады. Сарыарқада қазіргі жүрген ақбөкендер саны - 47-48 мың ғана. Батыс Қазақстан аймағында осы уақытқа дейін 26 мың 600 киік болған. Ал республика бойынша киіктер саны 2003 жылы - 21 мың болса, бүгінде 85 мыңнан жоғары. Соңғы он жылда еліміздегі киіктердің саны 100 мыңға кемігендігі туралы дерек тағы бар.

1957-58 жылдары олардың жалпы саны 2 миллионнан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Ал осыдан жиырма жыл бұрын түзде жосыған киіктердің саны 1 миллион 400 мың болған екен. Үкiмет ақбөкендердi 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» ендiрдi. Және сол жылы жан-жануарларды қорғау мақсатында бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлдi. Ал қазір ол көрсеткішті 270 миллионға жеткiзiп отыр.

Киік - негізінен дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады. Тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады және сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады. Дегенмен, киікті қазақ киелі жануар деп есептейді. Ел арасында «оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды» деген сенім бар. Сондықтан, түз тағысының бұл түрін жөнсіз жаусатып салу біздің міндетіміз болмаса керек.

 

Батыс өңірі бармақ шайнатуда

Батыс Қазақстан облысында қырылып қалған 11 мың 920 ақбөкеннің айғағы елімізді біраз елеңдетіп тастағаны мәлім. Ресми орындар бұл апатты «пастереллез індетінен болды» десе, кейбір сарапшылар оқиғаның астарын Ресей жеріндегі әскери құпия сынақтардан іздейді. Киіктер өлімінің себептерін анықтаумен көптеген диагностикалық лабораториялар мен ғылыми-зерттеу институттары айналысты. Ақырында халықаралық сараптау комиссиясы құрылып, сонау Лондоннан арнайы профессор шақыртылған. Осы комиссия киіктер өлімінің себебін барынша терең зерттей келе, олар шырыны көп өсімдіктерді шектен тыс жеудің салдарынан іші кеуіп, содан соң демі жетпей тұншығып өлген деген байламға келді. Жалпы шығынды мамандар 2 миллиард теңге деп бағалады. Хабарларға қарағанда, өлген киіктердің басым көпшілігі - ұрғашы. Бір ғажабы, киік өлімі басталысымен-ақ, үлкен үйір тез ыдырап, 200-250-ден шағын-шағын топтарға бөлініп кетіпті. «Бұл киелі жануардың табиғи түйсік бойынша өзін-өзі сақтау үшін жасаған әрекеті шығар»,- дейді мамандар. Бұған дейін, яғни 1984 жылы Орал өңірінде де 250 мыңдай киік қырылып қалған болатын. Ол кезде де жануарлардың жаппай қырылуына «пастереллез» деген диагноз қойылған. Ал П. Рычков атты зерттеуші маманның 1772 жылғы жазбасына үңілсек, «Қазақ жеріндегі ақбөкендерге сан жетпейді. Оралдың төменгі ағысына келіп, теңізге құлаған ақбөкендерден өзен суы көрінбей қалды» деген айғаққа қанығамыз.

Енді Атыраудың көшелерін «киік мүйізін сатып аламыз» деген жарнамалар «жаулап» алыпты. Хабарландыру иесі «киік мүйізінің біреуін 3 мың теңгеге, екеуін бірдей 6 мың теңгеге сатып аламын» деп те тайға таңба басқандай етіп жазып қойған. Бейресми деректерге сүй­ен­сек, резерваттан ки­ік аула­ғандар оның мүйі­зінің бір келісін (4 мүйізді) Қызыл­ор­да­ның Аралына апа­рып, 40 мың теңгеге тапсырады екен. Ал Қызылорданың өзінде жас мүйіздің келісі - 80 мың, Алматыда 120 мың теңге тұратын көрінеді. Қытайда киік мүйізінің әр келісі кем дегенде 1000 доллардан асып түседі. Тіпті  4 мың АҚШ долларына да жетіп қалады. Аңғарсаңыз, Қытай елі шикізатты бізден сатып алып, дәрі жасап, онысын өзімізге кері сатып, көп пайда тапса, біз елімізге сатқындық жасап, баға жетпес байлығымызды құлқынымыз үшін ғана сатып отырғандаймыз. Ол жақ мүйізді дәстүрлі медицина индустриясында қолданса, бір ғана осы саладағы мүйізге жыл сайынғы сұраныс 8 тоннаға дейін барады. Қазір аспан асты елінде жинақталған қор 80 тоннаны құрап отырған көрінеді. Соның бір негізіндей, бізде жұмыссыздықты желеу етіп, ескі мүйіз іздеп ел кезетіндер көбейді. Олар жазықтар мен түбектерде жатуы тиіс мол олжаға оңай кенелу үшін шабындық жерлерді де өртеп кетіп жүр. Ал заңда ескі мүйіз жинаушыларға шара қолдану көрсетілмеген. Осыған орай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман-тоғай және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев Байланыс және ақпарат министрлігінен республикалық БАҚ-тарда «киік мүйізін сатып аламын» деген жарнаманы ендігі жерде жарияламауды өтінген болатын. Себебі, ол мұндай жарнамалар браконьерлікке жол береді деп есептейді. Комитет тарапынан ішкі істер органдарымен бірлесіп, «киік мүйіздерін сатып аламын» деушілерге рейдтік тексеру шарасын жүргізуге нұсқау да берілді. Ол ресми түрде бекітілген тапсырма болмағандықтан, қазір киік мүйізін жарнамалауға тыйым салуға қатысты ешқандай шара қолға алынып отырған жоқ.

Мылтық асынғанның бәрі аңшы емес

«Браконьерлерлерді тәубесіне түсіру үшін заң талаптарын күшейту ке­рек. Әйтпесе, киіктің ата­лығын аулағандығына тө­ленетін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі ай­ыппұл, яғни 259 мың 200 теңге қаскөйлер үшін түк емес!»,- деген пікірде «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік та­биғи резерватының бас­тығы Нұрқасым Сәрсен­байұлы. Оның айтуынша, Алакөл жүйесінен 62 жас мүйізбен қызылордалық төрт жігіт ұсталыпты. Мүйіздердің қаны қатып та үлгермеген. Тіпті, олар мінген «Land Cruуzer» көлігін тексеру барысында, қуған мәшиненің дөңгелегіне лақтыратын ұшты темірлер де табылған.

ІІМ заңсыз киік аулаумен және оның өнім айналымымен айналысатын адамдарды анықтау мақсатында Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Қарағанды облыстарының аумақтарында «КИІК» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырған еді. Іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің аумақтық органдарымен өзара іс-қимыл жасаса отырып, екі кезеңде (2010 жылғы 26-30 желтоқсан және 2011 жылғы 10-15 қаңтар аралығында) өтті. Сонымен қатар, арнайы жабдықталған және өтімділігі жоғары автокөліктермен қамтамасыз етілген 79 бірлескен ұтқыр тобы жұмылдырылды. Ұтқыр топтардың назары киіктердің топталып жиналатын жерлеріне аударылып, рейдтік іс-шаралар аңшылық шаруашылықтардың, иесіз қалған ауылдар мен қыстақтардың, сондай-ақ, жалпы ұзақтығы 2 мың шақырымнан астам облыстардың шекараларындағы аумақтарды қамтыды. Жергілікті тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізілді.

Жалпы, 2010 жылы браконьерлер 483 бас киік жойған. Соның салдарынан келтірілген зиян сомасы 70 миллионнан астам теңгені құрады. Елімізде тек мүйізін көздеген мақсатта 312 киік атып алынса, оның 182-сі - сол 2010 жылдың еншісінде. Осы фактілер бойынша ішкі істер органдары 32 қылмыстық іс қозғап, олардың 6-уын сотқа жолдады, 17-сі тергеу өндірісінде. Браконьерлік фактілері бойынша 93 киік еті мен 1822 мүйіз, 20 дана аңшылық атыс қаруы алынып, 15 автокөлік құралы ұсталды. Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің 288-бабы (Заңсыз аң аулау), 251-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Киік аулауға  тыйым салу 2011 жылдың 18 қаңтарынан 2020 жылдың аяғына дейін ұзартылып, тиісті бұйрық ресми басылымдарда жарияланды. Дұрыс. Өйткені, Кеңес дәуірінде де тап ондай қатыгездікке жол беріле қоймаған. Керісінше, 1950-жылдардан бастап киіктерді өсіру кәсіби жолға қойылып, жыл сайын олардың саны 120-150 мыңға өсіп отырған. Арнаулы шаруашылықтар арқылы ауланған киіктердің мүйізі шикізат ретінде Орталық Азия мен Еуропа елдеріне жіберіліп, жыл сайын Қазақстан 3,5-4 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан.

 

Еліктер осылай жоса ма екен?!.

Қазақстанда еліктің Сібір түр тармағы кездеседі. Ешкісі мүйізсіз, текесінің наурыз-сәуірде толық жетіліп, қараша-желтоқсанда түсетін 3-5 ашалы мүйізі (25-40 см) болады. ЕлікТалас, Іле, Жоңғар Алатауында, Батыс және Орталық Тянь-Шаньда, Қаратауда, Тарбағатайда, Сауырда және Оңтүстік Алтайда кездеседі. Жеміс-жидек, мүк, қына және шөптесін өсімдіктердің  жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, ал басқа кезде топталып жүреді. Еті мен терісі үшін арнайы рұқсатпен ауланады. Кәсіптік маңызы бар.

Орман-тоғай және аң ша­руа­шылығы комитеті маманда­рының айтуынша, өткен жылы елімізде 84 еліктің заңсыз атылғаны тіркел­ген. Бұл - ұсталып қалып, жауапқа тартылғандар арқылы ресми дерекке алынғаны ғана. Құрықтан құтылып, соттан сытылып кетіп жүргендер де жоқ емес. Мысалы, Торғай даласындағы Жангелді ауданынан 30 бұғыны өлтіріп, мүйіздерін шорт кесіп әкеткен «кәсіпкер аңшылар» да анықталмады.

SOS-дерек:

Дәл қазіргі уақытта Қазақ­стан бо­йынша аң аулайтын таби­ғаты тамаша, аң-құсы мол ай­­мақ­тар­дың саны 673-ке жетіп отыр. Бір ғана Алматы облысында әл­гіндей аңшыларды құшақ жая қарсы алатын 65 орын бар кө­рінеді. Ғажабы сол, осы «демалыс орындарының» бәрінде дер­лік аң-құс «аулауға» барлық қа­жетті жағдай жасалған. Мысалы, Зайсан өңіріне Бельгиядан ат арытып келген саяхатшылар бір сәтте 12 марал мен 6 елікті нысаналапты. Тіркелмегені қаншама?!.

Біздің ұстаным - жазықсыз жануарлардың өлімін қаттап-шоттау емес, оларды көрсеқызар көрсоқырлықпен қынадай қырып салуға жол бергізбеудің амалы. Әйтпесе, жыл сайын киіктің 40-50 пайызы жер жастанып, саусақпен санарлық елік пен бұғының жаппай жойылып кету қаупі төне берсе, жетіскен екенбіз!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443