Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3074 0 пікір 24 Қазан, 2011 сағат 07:35

Ажар Битанова. Төлтума тегімізге өзге мәдениеттің жалғауын жамаудың өзі оғаш көрінетін кез де туады

Қазіргі қоғамда адамдардың аттары мен тектері әртүрлі. Кеңес үкіметі кезінде текке -ов//-ев, -ова/-ева, әкесінің атына -ович, -овна секілді аффикстер жалғанып келді. Қазақстан тәуелсіз, егеменді ел болғалы өз ұлттық сипатымыз болуы керек - деген ниетпен тегіміздегі орыс аффикстерден арылып, қазақшалап жазып жүрміз. Бірақ оның өзінде бірізділік жоқ. Осы мәселенің мән-жайын білу үшін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Рысберген Қыздархан Құрмашқызымен сұхбаттасқан едік. Әңгімені оқырман назарына ұсынамыз.

Қазіргі қоғамда адамдардың аттары мен тектері әртүрлі. Кеңес үкіметі кезінде текке -ов//-ев, -ова/-ева, әкесінің атына -ович, -овна секілді аффикстер жалғанып келді. Қазақстан тәуелсіз, егеменді ел болғалы өз ұлттық сипатымыз болуы керек - деген ниетпен тегіміздегі орыс аффикстерден арылып, қазақшалап жазып жүрміз. Бірақ оның өзінде бірізділік жоқ. Осы мәселенің мән-жайын білу үшін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Рысберген Қыздархан Құрмашқызымен сұхбаттасқан едік. Әңгімені оқырман назарына ұсынамыз.

Құрметті, Қыздархан Құрмашқызы, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 ақпандағы ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы Жарлығы қаншалықты орындалып жатыр?

Жауап - Бұл жарлықтың қабылдануы тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында  ұлттық сананы, ұлттық намысты тербейтін үлкен серпіліс болды. Ұлты қазақ азаматтарының тегі  жаппай -ов/-ова, -ев/-ева жалғауларынан арыла бастады. Төлқұжаттарының қазақ тілінде рәсімделгендігіне жұртшылық ризашылығын білдіріп қуанды. АХАЖ, Халыққа қызмет көрсету орталықтары қазақ есімдеріндегі орысша жұрнақтарсыз құжаттарыңызды еш кедергісіз рәсімдейді. Алайда егемендігімізге 20 жыл толса да, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр, аты-жөндерін рәсімдеудегі қазақ азаматтарының әуре-сарсаңы толастар емес. Өйткені АХАЖ-лар сіздің аты-жөніңіздегі орысша жұрнақтарды алып тастап, оны қазақ қаріптерімен  «киіндірген» болады. Өрескел бұрмаланған аты-жөндерді түзетуге бізде негіз жоқ, қақымыз жоқ дейді. Сөйтіп, басында мұқалған ұлттық намыс қайтадан сынға түседі. Мысалы, Кенчелеков (Кеңшілік),Чучунаев (Шошанай), Дылдыбаев (Ділдабай), Конторин (Хантөре) және «қатты қазақшалаған» Дыханов, Әрболов сынды аты-жөндерді көптеп келтіре беруге болады.

Сонда ов-ты алып тастағанымен сөздің түбірін дұрыстауға ешкімнің құқы жоқ па? Бұны реттеу қай уақытқа дейін созылады?

Жауап - А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің жетекші ғалымдары Т. Жанұзақтың бастауымен ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақша және орысша рәсімдеудің арнайы нұсқаулық жобасын әзірлеп жоғары  жаққа ұсынып отыр. Осы жайт Республикадағы көптеген ведомство мен мекеме және азаматтарды құжаттайтын орындардың жұмысын жеңілдетер деген ойдамыз.

Мемлекеттік ономастикалық комиссияның 1994 жылы қарашада өткен мәжілісінің шешімімен Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеудің тұжырымдамасы бекітілген. Содан бері басқа тұжырымдамалар шықты ма, шықса қандай өзгерістер енгізілді?

Жауап -  Байқасаңыз, бұл тұжырымдама Мемлекеттік ономастикалық комиссия мәжілісі шешімімен бекітіліп, сол кездегі кеңес сессиясы мен Парламентке заңдастыру үшін жіберіледі деп айтылған. Алайда Парламентте тұжырымдама қаралып, бекітілген жоқ. Сондықтан  бұл тұжырымдама нормативтік - құқықтық тұрғыдан дәрменсіз болды. Алайда көптеген құжаттау орындары өз жұмысында осы тұжырымдама қағидаттарын басшылыққа алып отыр десе болады.  Ал 2005 ж. қабылданған  «ҚР мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасы» жалпы республикадағы осы сала бойынша жүргізілетін іс-шаралардың бағытын айқындап берді. Онда қазақ аты-жөндерін реттеуге қатысты 3.3 тармағында былай делінген: Қазақстан Республикасының ұлты қазақ азаматтарының тегін, әкесінің атын және жалқы есiмдерiн реттеу. Бұл бағыттағы жұмысты жүргiзу үшiн мынадай ic-шараларды жүзеге асыру көзделедi: Қазақстан Республикасы Ішкі iстер министрлiгімен, республиканың азаматтық хал актiлерiн жазу органдарымен бiрлесiп, қазақ антропонимиясы бойынша сөздiктер мен анықтамалықтар шығару жөнiндегi үйлестiру және ұйымдастыру жұмыстарын қамтамасыз ету;
қазақ тілінің фономорфологиялық нормаларына сәйкес ұлты қазақ азаматтарының тегiн, әкесiнiң атын және жалқы есiмiн индексациялауды жүргiзудi, дұрыс ресiмдеудi және басқа тiлдерге транслитерациялауды үйлестiрудi жүзеге асыру;
антропонимиялық белгiлеулердi бiрдейлендiру жөнiндегi және олардың қазақ тiлiнде жазылуын, оларды басқа тiлдерге транслитерациялаудың бiртұтас ережелерiн белгiлеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру.
Жалпы қазақ есімдері нормаға көптеген жағдайда көне бермейді, бір ғана есімнің бірнеше нұсқасы  қолданыла береді.Қалық/Халық, Ісмет/Смет, Спандияр/Аспандияр, яғни бұлардың ешқайсысы да қате болып есептелмейді. Жоғарыда ономастика бөлімі тиісті нұсқаулық жобасын әзірледі дедік қой. Сонда осы жайттар ескерілген.

Сіздің ойыңызша, қазақтар аты-жөнін жазғанда үштік жүйені пайдаланған дұрыс па, әлде екілік жүйе дұрыс па?

Жауап - Халықаралық тәжірибеде екілік және үштік жүйе де  қолданылып жүр, азаматтардың қалауынша осы екеуінің де болғаны жөн деп есептейміз.

Ч.С. Темиров деген азамат 2009 жылы Астанада өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы баяндамасында -ов, -ова деген жалғауларды қалдыра салсақ біз орыс болып кетпейміз ғой дегенді алға тартады, оған не дер едіңіз?

Жауап - Бұл мәселені Ч.С. Темиров дұрыс көтермеген. Конференцияларда, телебағдарламаларда одан арылу керектігі жөнінде, керісінше, пікір үнемі айтылып келе жатыр, оны айтушылар ішінде мен және Ш. Құрманбайұлы сияқты белгілі тіл мамандары бар. Ұлты қазақ азаматтардың тегіндегі -ов//-ев, -ова/-ева орыс жалғауларынан түбегейлі арылу қажеттігі күмән тудырмайды.

Қазір азаматтар бұрынғы орыстың -ов, -ова деген жалғауынан арыламын деп тегіне -тегі, -үбірі, -шөбелегі, -әулеті және -тан деген шығыс септігінің жалғауын қолданып жүр. Осыларға сіздің жеке көзқарасыңыз?

Жауап - Қазақстан халықаралық қауымдастықтың мүшесі болып, көптеген мемлекеттермен  саяси, мәдени, экономикалық қатынасқа түсіп отыр. Байқасақ, өзге лингвомәдениет өкілдерінің  ұлттық деңгейде тұрақталған екі-үш модельден аспайтын аты-жөні үлгілері қалыптасқан. Шығыс септігінің жалғауларын «шұбыртып» күлкі болмаймыз ба жұртшылыққа. Халықаралық стандарттардан аспай, әрі кетсе екі-үш негізгі фамилия жасау үлгісіне тоқталу керек деп есептейміз.

Нөлдік формадағы фамилиялар азаматтың жынысы туралы ақпарат бермейді, оны кемшілік деп ойламайсыз ба?

Жауап - Түрік тілінде тегін жасауда нөлдік форма кеңінен көрініс табады: Зейнаб Қорқмаз, Талап Текин және т.б., түріктер есіміне қарап ажыратады. Алайда қазақтарда біраз ортақ ер және әйел есімдері кездеседі: Бейбіт, Бақыт және т.б. Сонымен қатар ономастика бөліміне Алматы қаласының  аудандық АХАЖ бөлімдерінен бірлі-жарым азаматтар өздерінің, балаларының тегіндегі кезінде «алып тастаған» -ов/-ова жалғауын қайтаруды өтінді, өйткені мектепте т.б. жерлерде қолайсыздық туғызады дейді. Көш жүре түзеледі демекші, барлығына уақыт сыншы, төлтума тегімізге өзге мәдениеттің  жалғауын жамаудың өзі оғаш көрінетін кез де туады. Ұлттық сананың жоғары көтерілуі өзге мәдениеттің  мұндай «жамауларын» жамылуға өзі-ақ жібермейді. 

Қазіргі аты-жөнді жазудағы орфографиялық ауытқуларды қалайша бір ізге түсіруге болады? Мысалы: Батырша-ұлы Сайлау, Дихан-Баба Әбілев, Ғайса-Ғали Сейтақ, Қайдар Абду-Али Тұғанбайұлы, Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали сынды аты-жөндер қазір көптеп кездеседі.

Жауап - Проф.Т. Жанұзақ мұрындық болып, ономастика бөлімінде әзірленген нұсқаулықта бұл жөнінде арнайы бап бар, яғни қазақ аты-жөндерінде дефис, сызықшаларды қолданудың орфографиялық, емлелік тұрғыдан еш қисыны жоқ. Бұл өзге лингвомәдениеттегі антропонимдік жүйедегі есім, фамилия жасау модельдеріне еліктеу. 

9. Қазақстанда көп ұлттың өкілдері тұрады, ал бізде аты-жөнге қатысты шығып жатқан заңдар мен тұжырымдамалар қазақтарға ғана арналған. Осы жөнінде не айтар едіңіз?  

Жауап - Бұл мәселені біз «Казахстанская правда» газетінде (2010, тамыз) «ҚР Тілдерді дамыту мен қолдану» туралы 2011-2020 жж жаңа бағдарламаға қатысты берілген сұхбатымызда қозғаған болатынбыз. Расында, Қазақстанда түркітілдес көптеген ұлттар мен халықтар тұрып жатыр. Республиканың мәдени-әлеуметтік кеңістігіндегі жағдаяттың көрсеткіші ретінде мынаны айтуға болады. Соңғы бірер жыл ішінде ономастика бөліміне құжат рәсімдеуге келген аралас (татар-қазақ, ұйғыр-қазақ, әзірбайжан-қазақ) некеден туған балалардың аналары ұлты қазақ болса, төлқұжатын міндетті түрде қазақ тілінде рәсімдегісі келетіндігі байқалды. Қырғыз, оралман ағайын-қарақалпақ, өзбек азаматтары кезінде ұлтымыз дұрыс көрсетілмей, аты-жөніміз өзбекше, қырғызша жазылған - дейді. Иә, кез келген ұлттың аты-жөндері Өзбекстанда міндетті түрде өзбек тілінде рәсімделеді. Немесе ұлты ұйғыр, әзірбайжан, түрік азаматтары өз тілімізде рәсімдегіміз келеді дейді, біріншіден, осы жағдайды реттейтін заң жоқ, екіншіден маман жоқ, сондықтан, өзге ұлттың бәрін аты-жөндері орысша рәсімделеді деген сөз. Түркітілдес кейбір азаматтар онда аты-жөнімізді қазақша рәсімдейміз дейді. Оған не үшін қарсылық көрсетуіміз керек. Мұндай «тәжірибеміз» бар. Жалпы бұл болашақта мемлекеттік деңгейде ойланатын проблема. 

Әңгімеңізге рахмет.

http://mtdi.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420