Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 4147 4 пікір 23 Сәуір, 2020 сағат 11:38

Пандемия (поэма)

I

Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді.

Абай

Адамзат қай жақтан келеді,
Адамзат қай жаққа барады?
Сұраққа кім жауап береді,
Сұраққа кім жауап табады?

Ғаламзат бастауы – жарылыс,
Жарылыс болады соңы да.
Құдайдан қонғалы бақ-ырыс,
Түскенбіз дамудың жолына.

Біртұтас аспан-жер жол ашқан,
Әу бастан екіге жарылды.
Кеңейген сайын-дүр көк аспан,
Қара жер неліктен тарылды?

Біртұтас болмысты адам да
Рух пен нәпсіге бөлінді.
Бөлінді жақсы мен жаманға,
Қос-қостан барлығы көрінді.

Фәни мен бақидың арасы –
Жалғаншы бес күндік тұрағың.
Қиямет-қайымға қарашы,
Күтіп тұр тозақ пен жұмағың.

Оң жақта – ақ қанат періштең,
Сол жақта – қап-қара шайтаның.
Бұрыспен мен-дағы келіспен,
Дұрысты сен-дағы байқағын!

Рухымыз – биікке ұшушы,
Сондықтан тартады көгіне.
Нәпсіміз – төменге түсуші,
Сондықтан сүйрейді көріне.

Жанымыз – жап-жасыл жапырақ,
Алланың нұрынан жаралған.
Тәніміз – қоп-қоңыр топырақ,
Ананың сүтінен нәр алған.

Күйбеңдеп күн кешкен тірлігің –
Өмір мен өлімнің айқасы.
Маңдайға жазылған сүргінің –
Жазмыштың мігірсіз ойқасы.

Жүректе – ең үлкен ғазауат,
Тағдырлар майданда тоғысар.
Махаббат және де ғадауат –
Қос тарап мәңгілік соғысар...

II

Адам баласы жылап туады, кейіп өледі.

Абай

Бітпейтін егес қой тірлік те,
Тағдырдың тезіне көндік пе?
Өмірдің соңы-дүр – бір нүкте,
Өлеңнің соңы-дүр – көп нүкте.

Өлімнің соңына кім жеткен,
Шайтанның жолына түскім жоқ.
Сақтандым сырттағы індеттен,
Одан да қауіпті – ішкі індет.

Қағатын жайым бар дабылды,
Әйтпесе, озалдан бүліндік.
Еске алшы Абыл мен Қабылды –
Ізгілік және де зұлымдық.

Ойымыз сол кезде дерттенді,
Зұлымдық аурудай таралды.
Ізгілік сол кезде мерт болды, 
Содан соң вирустар жаралды.

Ең сұмдық вирус бұл – тажал-ды,
Адамзат бойына жұқты көп.
Тудырып сан жетпес ажалды,
Үлгерген сан жетпес жүкті боп.

Қарамас – қара ма, патша ма,
Ол басын талайдың жалмаған.
Қызықпас мал-мүлік, ақшаңа,
Ол емес кісіні таңдаған.

Өмір бұл Жаратқан сый еткен,
Білесің тірінің өлмегін.
Жақсылық көргенің – ниеттен,
Ниеттен – жамандық көргенің.

Ажалды тоқтата алмаспыз,
Дегенмен, тежеуге болады.
Түбінде бәріміз – қандаспыз,
Бөлгенмен тағдырдың жолағы.

Тажалды тоқтату жолы бар,
Алдымен ниетті түзет тек.
Ойыңды өзіңнің қолыңа ал,
Ақылды ар сонда күзетпек.

Әркімнің Құдайы – өз ары,
Ұят пен ұжданың бағалар.
Дүниеде адам да тозады,
Дүниеде заман да жаңарар...

III

Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз.

Абай

Жақсы екен адамның барлығы
Баяғы жас бала күнінде.
Сол кезде жарқырап жан нұры,
Сөйлейтін Тәңірдің тілінде.

Есімнен кетпейді бала кез,
Сағындым жалынды жылдарды.
Есімнен кетпейді қара көз,
Сағындым сағымды қырларды.

Есімнен кетпейді сәбилер –
Ақпанның түнінде өртенген.
Алдымен анасы зар илер,
Баласын көргенде ерте өлген.

Бір жетім жүрек бар кеудемде,
Шерменде өзек те өртенді.
Алқымға өксік жас келгенде,
Бебеудеп жан дүнием дерт емді.

Көңілді есейттік ертерек,
Өмірді тезірек көруге.
Жүрдік те аз уақыт еркелеп,
Асықтық өсуге, өнуге...

Бірақ та ұмыттық неліктен
Періште сәбиді іштегі?
Айрылдық бейкүнә көріктен,
Инсани зәһардан ішкелі.

Ұмыттық бала боп күлуді,
Ұмыттық бала боп ойлауды.
Ұмыттық бала боп жүруді,
Ұмыттық бала боп ойнауды.

Ұмыттық бесікте жатқанды,
Ұмыттық адал сүт емгенді.
Ұмыттық мәпелеп баққанды,
Ұмыттық тәрбие бергенді.

Ұмыттық ғажайып әлемге
Баланың көзімен қарауды.
Ұмыттық сөйлеуді өлеңде
Баланың сөзімен санаулы.

Барлығы жақсы екен адамның 
Жас бала күнінде баяғы.
Бұл кезде түрі бар жаманның,
Ақырғы заман да таяды...

IV

Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз.

Абай

«Әлемді сұлулық құтқармақ»,
«Өлеңді шайтан да жазады».
Қайда әлгі басыма тұтқан бақ,
Бір саңғып ұшқаны – мазағы.

Жыланға айналды сұлулық,
Жарғанат боп кетті бақ құсы.
Көңілден жоғалды жылулық,
Өмірдің азайды тәттісі.

Ауа да бүгінде тұншықты,
Дала да кеңдікті аңсады.
Пенделер сонда да қырсықты,
Басталды сананың сарсаңы.

Бір түнде қайғы, мұң, шер түгіл,
Күлкім де ауруға шалдықты.
Жаным мен тәнімнің дерті бір,
Ойымды сан саққа қаңғытты.

Науқасқа секілді көр тыныш,
Саудың да төгілді жасы көп.
Ертеңді ойлау да – қорқыныш,
Думанды тойлау да – қасірет.

Жаулады ібіліс індеті,
Қаулады шайтанның шалығы.
Қайтпады күшейген жын беті,
Жүректі тозақ-от қарыды.

Құдайдың қабылдап қаһарын,
Қамалған тұсымыз – қабырға.
Тәубеден жаңылды шаһарым,
Таусылып барады сабыр да.

Төніп тұр сұм тажал тәж киіп,
Бұл дәуір ақырғы замандай.
Қараймын аспанға бәжбиіп,
Жердегі ең соңғы адамдай.

Ұстанбай табиғат тәртібін,
Оң заңды шығардық теріске.
Күтумен өтуде әр күнім,
Келер деп қорғаушы періште.

Тілегім – жақсы мен жайсаңым,
Тірегім – жаратқан Тәңірім.
Аспанда жайы бар Ғайсаның,
Ал жерде орын бар Мәдінің!..

V

Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың.

Абай

Жүрегім жаңылды міндеттен,
Ақылым адасты арманнан.
Не пайда құр қашсам індеттен,
Не пайда тек тірі қалғаннан?

Көбейді жүректің сұрағы,
Азайды ақылдың жауабы.
Көбейді байланыс құралы,
Азайды пайдалы іс «сауабы».

Өмірді қашықтан сүреміз,
Көңілді қашықтан білдірдік.
Күлсек те қашықтан күлеміз,
Бүлдірсек қашықтан бүлдірдік.

Жыласақ қашықтан жылаймыз,
Сүйсек те қашықтан сүйеміз.
Халды да қашықтан сұраймыз,
Күйсек те қашықтан күйеміз.

Балалар қашықтан оқыды,
Бағалар қашықтан қойылды.
Тоқуды қашықтан тоқыды,
Ойнады қашықтан ойынды...

Жақынға қашықтан сөйлейміз,
Қағылды қашықтан қалтамыз.
Биді де қашықтан билейміз,
Күйді де қашықтан тартамыз.

Әнді де қашықтан саламыз,
Мәнді де қашықтан табамыз.
Құл болды қашықтан санамыз,
Мұң болды қашықтан арамыз.

Әкімдер қашықтан сайланды,
Халықты қашықтан басқарды.
Кешеміз қашықтан майданды,
Бұл соғыс қашықтан басталды.

Көбейді сондықтан жансақтық,
Азайды сондықтан батырлық. 
Көбейді сондықтан алшақтық, 
Азайды сондықтан жақындық.

Шындықтан неліктен қашамын,
Болмайды неліктен ортақ мұң?
Келмейді тек өзім жасағым,
Келмейді тек өзім жол тапқым...

VI

Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.

Абай

Бағым ма, сорым ма бұл заман,
Сейілмес қаптаған тұманы...
Өзімнен сұрарым – кім жаман,
Өзгеден іздемен кінәні!

Жақсылық жасауға тырыстым,
Бірақ та жақсымын демедім.
Өткенмен жұрт үшін тыныш күн,
Бір маза таба алмай келемін.

Санамыз құтылсын құлдықтан,
Жақын мен жат сонда сыйламақ.
«Шалымыз» жалтарса шындықтан,
Бәріміз боламыз виноват!

Сақтанған дұрыс-ақ індеттен,
Сенімді қорғаным – үйқамақ.
Әкімдер айныса міндеттен,
Бәріміз боламыз виноват!

Сыртымда емес, дерт – ішімде,
Сол менің жанымды қинамақ.
Жемқордың жегені үшін де
Бәріміз боламыз виноват!

Ұшқан бақ қайтпасын қайтпаса,
Сордан да жүрегім ширамақ.
Ақындар ақ сөзді айтпаса,
Бәріміз боламыз виноват!

Адамзат қалар ма азықсыз,
Қырық күн тынықсын ми қабат.
Бір жетім жыласа жазықсыз,
Бәріміз боламыз виноват!

Көгермей көп тұрса көсеге,
«Нұр-Жүйе» түбінде қирамақ.
Қайыршы отырса көшеде,
Бәріміз боламыз виноват!

Алдымен сананы емдемей,
Күресе алмаспын күнәмен.
Бұзылған пиғылды жөндемей,
Түзелмес өзінен бұл әлем.

Шалдыққан нахалдық індетке
Зәр жұтқан күмән да, ұран да...
Шипа бар жаһандық бұл дертке,
Не дейді, үңілші Құранға!..

VII

Ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес.

Абай

Бұрыннан сенбейміз растыққа,
Хақ сөзді қайсымыз ұғындық?
Қазір де адаммен қастықта –
Надандық, масылдық, зұлымдық.

Досымыз секілді үш дұшпан,
Мыңқ етпей отырмыз сойса да.
Көкірек мастанған, іш пысқан,
Настанған, ластанған ой-сана.

Көңілді мұқатты арамдық,
Құдай ма тар қылған пейілді?
Жүректі жұтатты сараңдық,
Құдай ма жоқ қылған мейірді?

Әп-сәтте өзгерер заман бар,
Мықты да қалады міскін боп.
Дауласты қашықтан адамдар,
Жауласты сыртқы мен ішкі індет.

Ауырсақ, кінәлі – өзіміз,
Адасқан ақ жолдан, ақылдан.
Ауыртқан – сөзіміз, көзіміз,
Күнәға белшеден батырған.

Қылмыстың берілер жазасы,
Сол болар алатын шын сабақ. 
Жүректің қашып тұр мазасы,
Өйткені қойғанбыз тұмшалап.

Ем таппай не дертке, не шерге,
Жүйкеміз шалдықты кеселге.
Кежірлер айналды есерге,
Сезімдер айналды мешелге.

Бүрістік біз іштей, тырыстық,
Құлқынды қамдадық қаталап.
Жанымыз аңсап ед тыныштық,
Мәңгілік болса деп махаббат.

Не істедік махаббат жолында, 
Соңында бір жүрек аһ ұрды.
Бұл дүние – адамзат қолында,
Қолында – заман да ақырғы.

Қолында – жұмақ та, тозақ та,
Кетпесе болғаны сенімнен.
Қолында – ғажап та, азап та,
Тек таңдау еркі бар берілген...

VIII

Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын.

Абай

Жүр, әне, тірлікте әлсіздер,
Көз ашпай қорлықтан, зорлықтан.

Өмірден түңіліп мәнсіз дер,
Тағдырын боқтайды сондықтан.

Алланың алдында – мисақта
Берілген уәдені ұмыттық.
Жүйрік боп есеп пен қисапқа,

Дүниеге тоймастан құнықтық.

Айналып жүргенше арсызға.
Айналған жақсы еді жансызға.
Жалғанға алдандым қамсызда,
Арманға алдандым аңсызда.

Не болған биылғы көктемге,
Ол әлде өкпелеп кеткен бе?
Іш дертін жасырмас бетперде,
Қорғамас сырттағы дерттен де.

Жасадық астамдық, күпірлік,
Түпке де жетердей кесапат. 
Тәубеге келмесек шүкір ғып,
Көмегін тигізбес еш атақ.

Әр жүрек – әр бөлек қылует,
Құдайға керегі – мінәжат. 
Дерттердің дауасы – Құдірет,
Кедергі – тек қана күнәзат.

Ішімнен шығып тұр нағыз жау,
Жанымды жеп жатыр жемір-ой.
Өзекке уынан тамызды-ау,
Жебірлік деген де жегі ғой.

Кімім бар жататын зар ұғып,
Далаңбай көңіл де желікті.
Ел-Ана тынысы тарылып,
Жер-Ана тынысы кеңіпті.

Тыныштық аңсаған жүректей
Аспан да бір сәтке тыншымақ.
Карантин ой салар құр өтпей, 
Берілген ескерту – бұл сынақ.

Бұл сынақ тудырмас таңданыс,
Жасау да жөн емес бөлек түр.
Санадан басталған дағдарыс
Санадан бітуі керек-дүр!..

IX

Адам баласына адам баласының бәрі - дос.

Абай

Әлемде заманның зары бар,
Денемде даламның жаны бар.
Өремде ғаламның заңы бар,
Өлеңде қаламның қаны бар.

Тілекпен шыр етіп дұға ғып,
Жүрекпен жыр етіп мұң шағам.
Ақылға салдырман бұғалық,
Мақұлға болмайды құл санам.

Еліммен біргемін, көшке ерем,
Ал жұрттан озғаным айып па?
Адамның бәрін де дос көрем,
Адамға дұшпандық лайық па?

Құдайдың пендесі болғасын,
Атамыз Сафидан дүредік.
«Алла жар, әруақ қолдасын!» –
Деп өмір сүрумен жүр едік...

Ібіліс түсті де ортаға,
Сүйрелей жөнелді түнекке.
Бір қолы қабысты қолқаға,
Бір қолы жабысты жүрекке.

Содан соң адамдар бұзылды,
Басталды алалау, қаралау.
Ұмыттық Құдай мен Қызырды,
Басталды сау жанды жаралау.

Дерт болып қарпыды дұшпандық,
Өрт болып шарпыды шайтандық.
Шындықты өлтірді мыстандық,
Сұмдықты тірілтті сайқалдық.

Арқамнан қашып тұр әруақ,
Шалқамнан басып тұр албасты.
Қонбастан жасып тұр кәрі бақ,
Оңбастан сасып тұр Елбасты...

Бүгінде айнымас дос бар ма,
Өлгенше айрылмас күн қайда?
Ұқсаймыз сүзіскен қошқарға,
Бұл тірлік айналды қырбайға.

Заманның зарына үн қостым,
Даламның жанына ың қостым.
Қаламның қанына жыр қостым,
Адамның барына шын доспын!..

X

Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді.

Абай

Әкімдер есебін беруде,
Халықтың алдына шығып ап.
Ақындар азабын шегуде,
Қаламын жүрекке сұғып ап.

Әулие қалған жоқ сірә да,
Әруақ та, кие де қашқан-ды.
Көк жерге құламай тұра ма,
Айтшы, кім тіреп тұр аспанды?

Теріс жол, адасқан ағым көп,
Жалған пір, алдамшы сопы бар.
Залым көп, пайдасыз ғалым көп,
Барлығы – түрленген тотылар.

Дініміз айналды ылаңға,
Күніміз айналды қырғынға.
Тұтылдық қап-қалың тұманға,
Жұтылдық қап-қара құрдымға.

Хақ емес, тақ керек саппасқа,
Көп бүгін билікке таласқан.
Бақ емес, тәж керек қақбасқа,
Көп бүгін турадан адасқан.

Көбейген сайын бұл тасырлық,
Іштегі ауруды жасырдық.
Күшейген сайын бұл басырлық,
Сырттағы ауруды асырдық.

Аталық қуаттан жаңылдық,
Сап болды қандағы қасиет.
Аналық шуақтан арылдық,
Тап болды жандағы қасірет...

Біртұтас денеміз біз деген –
Жапырағы жайқалған бәйтерек.
Адаспай турасын іздеген
Хакімдер болмаса қайтер ек?

Дүниені сақтайтын ойраннан,
Солар ғой – құтқарар нәубеттен.
Солар ғой – періштем ойға алған,
Шапағын шашатын зәу көктен.

Солар ғой – имандай сенерім,
Оңалар, жоғалар дертті мұң.
Жолында жанымды беремін,
Құдайым, жолықтыр сертті күн!...

 

Асылбек Жаңбырбай

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3264
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596