Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5138 0 пікір 24 Маусым, 2009 сағат 22:19

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ. Қазақ руханиятындағы кердерилер

 

 

Оңтүстік Қазақстан мен Сыр бойын¬дағы белгілі діни, рухани, ғылыми орталық¬тардан басқа, кезінде Хорезм өлкесіне қа¬раған қазақтың Кердер қаласы және тай¬па¬сынан (руынан) да талай ғұламалар шыққан.
Хорезмге ислам VІІІ ғасыр басында кел¬ді, бірте-бірте оған жергілікті халық өкіл¬дері үлкен үлес қосты. Елді хорезмшаһтар биледі. Мұнда олардың үш әулеті салтанат құрды. Біріншісінің негізін атақты Махмуд Ғазнауи (970-1030), қаласа, олардың билігін ары қарай Алтыншаш (1017-1043) жал¬ғастырды. Бұлардың тарихтағы ең белгілісі Ануштегін Гүршаһ әулеті (1077-1220) еді. Хорезм Х-ХІІІ ғасырларда барынша да¬мыды. Математик, астроном және географ Мұхаммед әл-Хорезми, (783-850) Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048), Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) әлем мақтанышына айналды.
Өлкедегі Үргеніш, Көне Үргеніш, Хиуа секілді т.б. қалаларда мешіттер мен медреселер, керуен сарайлар, өнер мен мәдениет ордалары өмір сүрді. Ғылымның сан-саласына арналған трактаттар дүниеге келді. Араб тілі мен әдебиетін, дін ғылымын сөз ететін, Хорезм мақтанышы аталған Әбу-л Қасым аз-Замахшари (1075-1144) де Хорезмде күн кешті. Атақты астроном, математик Мұхаммед Муса әл-Хорезми Хиуада тұрып, соңыра Бағдадқа ілім іздеп кетті. Ол алгебраның атасы аталды. Оның еңбектері ХІІ ғасырдан бастап латын тіліне аударылуына байланысты, есімі мен шығармалары Еуропа жұртына кең тарады.
Хорезм уалаятындағы Кердер шаһары мен оның маңындағы Баратакин секілді үлкенді-кішілі кенттер мен қамал, қорғандар және олардан шыққан ғалымдар жайлы әл-Мұқаддаси, Ибн әл-Асир, Ибн әл-Жаузи, ат-Табари, Йақұт әл-Хамауи, әл-Идриси, ан-Нуайри, ас-Суйути еңбек¬терінде аз болса да деректер ұшырасады. Бұдан шығатын қорытынды қазақтың осы күнгі Кердер руына жататын ұландарының арғы ата-бабаларының да Хорезм мәдениетінде өзіндік орны бар.
Кердер мен кердерилер туралы араб тілді бұлақ көздері не айтады деген мәселе бойынша қолда бар деректерге тоқтала кетейік.
Әл-Мұқаддаси әл-Башшаридің (Х ғ.) “Ахсан ат-тақасим фи мағрифати-л ақалим” – “Аймақтарды танудағы тамаша бөлулер” атты еңбегінде Кердер көп айтылады. Ол Кердерді өзен деп те көрсетеді. “Кердер төрт фарсах жердегі қасаба (кент, қамал) мен өзара жақын жатқан мекеннен басталып бір өзенді құрайды” десе, Мадж ад-Дин Мухаммед Фирузабади (1329-1414) “Әл-Қамус әл-мұхитта” “Шамс әл-аимма” әл-Кердеридің аты-жөніндегі Баратекін (Баратакин) деген жер атауын “бұл сөз аджамдарға (араб емес халыққа) қатысты. Ол Кердердің орталығы”, – дейді.
Ал аз-Заһаби (1274-1348) “Сйару-л ағламу ан-нубала” – “Тақуа адамдар өмірбаянында” – “Баратакин Кердерге бағынышты. Кердер Хорезм өлкесіндегі үлкен аймақ” деп көрсеткен.
Енді кердерлік асыл бабалардың бірнешеуі туралы мағлұматтарға үңілейік.
1. Әбу-л Мафахир Тадж ад-Дин Абд әл-Ғафур (Абд әл-Ғаффар) бин Луқман бин Мухаммед әл-Кердери (1116-1167) Хорезмнің дәуірлеп тұрған кезінде өмір сүрген.
Стамбұл қолжазбасында Кердер ұланы Абд әл-Қадир бин Лұқман әл-Кердери деп көрсетілген. Бірақ өзге де бұлақ көздері бойынша оның толық аты-жөнінің Әбу-л Мафахир Тадж ад-Дин Абд әл-Ғафур (Абд әл-Ғаффар) бин Абд әл-Қадир бин Лұқман бин Мұхаммед әл-Ханафи әл-Кердери екенін анықтадық. Бірақ ол халық арасында “Шамс әл-аимма ” – “Имамдар шамшырағы” деген лауазыммен танылған.
Әбу-л Мафахир әл-Кердери фиқһ (мұсылман заңы, яғни шариғат) саласы бойынша мәшһүр ханафит ғалымы Әбу-л-Фазл Абд ар-Рахман Мухаммад әл-Кирманиден (1065-1149) дәріс алған және Нур ад-Дин Махмуд бин Занки заманында (ХІІ ғ.) қазіргі Сирияның Халаб қаласының қазысы болған.
Оның фиқһ негіздері бойынша түзілген “Шарх “әл-жамиғ әс-сағир” уа “жамиғ әл-кабир” – “Кіші және Үлкен жинаққа түсін¬дірме”, “Шарх аз-Зиядат” – “Қосым¬шаға түсіндірме”, яғни белгілі ханафит ғалым Әбу-л Абдалла Мухаммед бин әл-Хасан бин Фарқад аш-Шайбанидің (749-805) аталмыш “Кіші және Үлкен жинақ¬тарына” және “Қосымшасына түсіндір¬месіне” жазылған “шархтармен” қатар, “Хайарату-л фуқаһа” – “Таңқаларлық фақиһтер” деген кітаптары бар. Оларда шари¬ғат саласы бойынша ғалымдар шешімдер табуға қиналатын көптеген аса маңызды мәселелер қамтылған. Ұстазы Кирманидің “Тажрид” – “Абстрактылы” атты шығармасына ол “әл-Муфид уа-л мазид” – “Пайдалы және қосымша” атты түсіндірме жазған.
“Шарафу-л қудат” (Қазылар даңқы) деп те аталған Абд әл-Ғафур Кердери шы¬ғармаларының көпшілігі фиқһ (мұ¬сылман заңы) мәселелеріне арналған дедік. Бұл кітаптарда ол алдымен мәселенің негізі жайында сөз етіп, сосын одан туындайтын жайттерді талдайды.
Үндістандық ханафи ғалымы әл-Фақиһ Мұхаммед Абд әл-Хайй әл-Лакнауи әл-Һинди “Оның тағы да “Ауам” (?) халқы тілімен жазған “Баян әлфаз тажри” атты кітабы бар” деп жазса, Қасым бин Қутлубұға (1399-1474) “Тадж ат-таражимде” – “Өмірбаяндар тәжінде” оны “өте тақуа, құдайшыл адам болған” деп еске алады.
Орта ғасырлық тарихшы Ибн ан-Надим (1192-1261) “Буғияту-т талаб фи тарих Халаб” – “Халаб тарихын [жазу талабын¬дағы] мақсат” атты еңбегінде Тадж ад-дин әл-Кердери Халабта қазы болып жүргенде болған, оның дін қайраткері ретіндегі зерек те алғыр ойлылығын, тапқырлығын көрсететін төмендегі риуаятты келтіреді:
“Шейх Әбу-л Хусейн аз-Заһиди Халабтың жәми мешітіне киімін бүркеніп, сақалына су тамшылаған күйде кіріп келгенде, мешіт іші халыққа лық толы еді. Ол құлшылық жасау үшін мінбердің жанына отырды. Жамағат екіге бөлінді.
Біреулер шейх құлшылық жасап отыр десе, өзгелері құлшылық жасап отырған жоқ деп таласты. Әр топ айтқандары дұрыс болмаса “әйелім талақ болсын” деп ант ішуге дейін барысты.
Екі топ та сол кезде Халабтың қазысы Тадж ад-дин әл-Кердериге келіп, талақтың түсіп-түспегенін шешіп беруді сұрады. Тадж ад-дин әл-Кердери ол кезде сот (қазылық) ісін басқарып, Халаб жұртына пәтуа беруші еді. Сонымен Тадж ад-дин әлгілерге:
–  Оны шейх Әбу-л Хусейннің өзінен сұраңыздар. Бұл мәселені ол жақсырақ біледі, шешімін өзі айтар, – дейді. Олар шейх Әбу-л Хусейнге келеді. Ол “құл¬шылық жасап отырған жоқ” деуші топтан:
– Сіздер менің құлшылық жасап отырғанымды көріп пе едіңіздер? – деп сұрайды. Олар:
– Алла атымен ант етейік, көргеніміз жоқ, – дейді. Ол:
– Онда бара беріңіздер. Сіздер шын мәнінде анттарыңызды бұзбадыңыздар, дейді де “шейх Әбу-л Хусейн құлшылық жасап отыр” деуші топқа қарап:
– Ал сіздер ше. Менің құлшылық жасап отырғанымды көрдіңіздер ме? – деп сұрайды. Олар:
– Иә, көрдік, – деп жауап береді. Ол:
– Сіздер де бара беріңіздер. Шын мә¬нін¬де анттарыңызды бұзбадыңыздар, – дейді.
Олардың барлығы Тадж ад-Дин әл-Кердериге қайтып оралып, шейх Әбу-л Хусейннің жауабын жеткізеді. Сонда әл-Кердери:
– Ол сіздерге ең дұрыс шешімін айтты”, – деген екен (1816-бет).
Осы оқиғадан бірнеше тұжырымдар жасауға болады:
1. Мұсылмандар дауларына шешім іздеп, ұлық ғалым Тадж ад-дин әл-Кердериге жүгінулері, оның сол замандағы ғалымдар ішінде үлкен дәрежеге ие болғанының, беделділігінің айғағы.
2. Тадж ад-дин әл-Кердеридің “Шейх Әбу-л Хусейннің өзінен сұрап көріңіздер” деуі оның парасаттылығының, тапқыр¬лығының және кішіпейілділігінің дәлелі. Өйткені, жауабын бірден өзі айта салуына болар еді, бірақ сұраушылардың көңіл¬дерін¬де күмән қалдырмас үшін және мәселенің тууының бір ұшы болған шейх Әбу-л Хусейннің өзінен сұратып, туын¬даған мәселеге табан астынан талдау жасап, тапқырлық таныта білді.
3. Тадж ад-дин әл-Кердери дәуіріндегі мұсылмандардың діни ахуалын, шариғатты орындауға деген құштарлықтары, талап¬тарының жоғары деңгейде болғанын байқауға болады. Біріншіден, адамдар тақуа шейх Әбу-л Хусейннің дәрет суы жүзінен тамшылап мешітке кірісімен бірден ғибадатқа кірісуін мұқият бақылаулары, тақуа ғалымның құлшылығына еліктеу, сол дәрежеге жетуге қызығу. Екіншіден, әйелге талақ түсу-түспеу сияқты мәселе туындаған кезде білімді де білікті ғалымға келіп пәтуа сұраулары, олардың дінді дұрыс орындауға, тақуалыққа деген талпыныстарының белгісі деген жөн.
Осындай дарын Халаб қаласында һижраның 562-ші (1167) жылы дүние салған.

Осы ретте Кердерилерге байланысты аты бірнеше жерде аталатын Шайбани ныспылы ғалымға да тоқтала кеткен жөн. Әбу Абдалла Мұхаммед бин әл-Хасан (749-805) мұсылман хұқығының көрнекті өкілі. Ирақта дүниеге келген. Жас кезінен бастап ханафи мазһабының негізін салушы Әбу Ханифа – Имам Ағзам мен оның шәкірті Әбу Йусуф дәрістерін тыңдап өскен, Имам Малик мазһабының негізін салушы Малик бин Анастан да Мединеде тағлым алған үлкен тұлға. Халифа Һарун ар-Рашид тұсында ғұмыр кешкен ол Әбу Ханифа мұрасын сақтауда, жинауда үлкен ыждаһаттылық танытқан. Фиқһ пен оған қосымша бойынша “Үлкен және Кіші анықтамалықтар” жасаған. Бұл және оның өзге де еңбектеріне араб ғалымдары ғана емес, сондай-ақ Орталық Азиялық талай кемеңгерлер де, мысалы “Шамс әл-аимма” – “Имамдар шамшырағы” Әбу-л Мафахир әл-Кердери және т.б. көптеген түсінік¬темелер жазған.
2. “Шамс әл-аимма” – “Имамдар шамшырағы” Мухаммед бин Мухаммед бин Абд ас-Саттар әл-Кердери һижраның 599-ші (1203) жылы Кердері маңындағы кенттердің бірінде дүниеге келген. Түрік ғалымы доктор Ахмет Өзел оның ныспысын “Әбу-л Уажд Шамс ад-Дин Мухаммед бин Абд ас-Саттар бин Мухаммед әл-Имади әл-Баратикини, “Шамс әл-аимма” әл-Кердери” деп көрсеткен. Ол әуелі Хорезмде ханафи ойшылы Әбу-л Фатх (Әбу-л Музаффар) Наср-ад-Дин әл-Мутарризи (?-1021) ілімі бойынша дәріс алады. Жалал ад-Дин ас-Сығнақи де ұстазы болған. “Шариғату-л Ислам” –“Ислам шариғаты” атты еңбектің авторы әл-Имам Хатибзадеден хадистер тыңдап, соңыра білімін жетілдіру үшін Бұхараға келеді. Онда Умар бин Бәкір аз-Заранжариден (1090-1189), ол екеуі “Шамс әл-аимма” – “Имамдар шамшырағы” Бәкір Мухаммадтен және Аз-Заранжари әл-Халуаниден (?-1060), ол Әбу Әли әл-Хусейн ан-Насафиден (?-1138), ол Мухаммад бин әл-Фадилдан, ол Әбу Мухаммед Абдалла бин Мухаммед бин Йақұб әл-Калабази ас-Сабазмуниден (871-952), ол Әбу Хафс ас-Сағирден, ол өз әкесінен, әкесі Мухаммадтан және “Манһаж аш-шариғаның” – “Шариғат жолы” авторы Қауам ад-Дин ас-Сағирден сабақ алады.
Ол ғылым жағынан өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған. Сол үшін Бұхара халқы оны құрмет тұтқан. Тіпті ол туралы: “Расында ол Әбу Зайд ад-Дабусиден (?-1039) кейін шариғат ілімін тірілткен тұлға”, – деген. Самарқанд маңындағы Дабусия кентінде туған Әбу Зайд Абдалла бин Умар бин Иса ад-Дабуси атақты Ханафи ғалымы еді. Әбу Жағфар әл-Усрушанидан фиқһ ілімі бойынша тағлым алған.
Кердерлік парасат иесі һижраның 642-ші жылы мухаррам айының 9-жұлдызында (1244) Бұхарада дүние салған соң Абдулла әс-Сабазмуни қабірінің жанына жерленген.
Кердер перзентінен Қаһарзаде деген лауазым иесі болған жиені Мухаммад бин Махмуд бин Абд әл-Карим және Хамидуддин ад-Дарир Әли ар-Рашими және Хамид әд-дин әл-Кабир Мухаммад бин Мухаммад әл-Бухари мен Мухаммад әл-Маймарғи және тағы басқалар білім алыпты.
Мухаммед Абд әл-Хайй әл-Лакнауи әл-Һинди:
“Мен оның Имам әл-Ғазалидің Имам Әбу Ханифаға айтқан орынсыз сөздерінен тұратын “Манхуліне” жауап ретінде жазған хатын көрдім. Олардың біріншісі: “Әлхамду лилләһи рабби-л аламин” деп басталады да әл-Ғазалидің әрбір сөзіне жеке-жеке тоқталады, сондай-ақ онда Әбу Ханифаның атқарған игі қызметі мен құрметі туралы сөз етеді. Бұл хат өте көркем әрі мәнді жазылған, тек кей жерлерінде ғана көп сөйлеп, артық кетіп Имам Шафиғи мен оның ізбасарларына тіл тигізіп алатыны бар. Дей тұрғанмен ондай жайт хатта Имам әл-Ғазалидың Әбу Ханифаны кінәлап, оған тіл тигізгеніне қарағанда әлдеқайда аз деуге болады” – деп жазды.
Сондай-ақ ол әрі қарай “аш-Шейх әл-Имам әл-һамам Мухаммад бин Мухаммад бин Абд ас-Саттар әл-Кердери Әбу-л-Уажд “Шамс әл-аимма” Аш-Шейх әл-Имам Камал ад-Дин Мухаммед бин Абд әл-Уахид деген лауазымы бар ұлы тұлға. Ол мазһабтар мәселесі бойынша көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Оның қолынан көптеген шәкірттер дәріс алған” – дейді.
Мухаммед Абд әл-Хайй сондай-ақ “Шамс әл-аимма” Мухаммад бин Абд ас-Саттар бин Мухаммад әл-Кердеридің толық аты-жөні мен туылған жылы жайлы бірнеше керағар пікірлер бар. Сондықтан да мен Сығнақидың (Хусам ад-Дин Хусейн (Хасан) бин Әли Хажжаждың) “Ан-Ниһая шарх әл-һидаясын” – “әл-Һидаяның түсіндірмесінің соңын” оқып шықтым. Олар өз кітаптарында “әл-һидаяға” сілтемелер берген кезде, кердерлік ғалымды “Мухаммед бин Мухаммед бин Абд ас-Саттар әл-Кердери” деп көрсеткен. Осы дұрыс болуы керек” деп жазады.
Мухаммед бин Мухаммед бин Абд ас-Саттар әл-Кердеридің Түркия қолжазба¬ларында төмендегідей еңбектері бар:
1. “Хаққи-л мубин фи идһали шубаһи-л мубтилин”. Сүлеймания кітапханасы.
2. “Манақиб әл-Имам Ағзам” – “Имам Ағзам өмірбаяны”. Тәржімалаған Мухам¬мед бин Умар Халаби. Қолжазба.
3. “Ар-Рад уа-л интисар ли-л мазһаб Әбу Ханифа” – “Қарсыластарға жауап және Әбу Ханифа мәзһабына жақтасу”. Баязит мемлекеттік кітапханасы.
4. “Рисала фи радд ала-л Имам әл-Ғазали” – “Имам әл-Ғазалиге жауап жайлы трактат”.
5. “Ар-Радд ала ман иуаниду Әбу Ханифа рисала фи таъиди мазһаби-л Имам Әбу Ханифа” – “Әбу Ханифа мәзһабының қарсыластарына жауап” трактаты.
6. “Рисала фи-р радд ала-л Жубайни уа-л Ғазали” – “Жубайни мен әл-Ғазалиге жауап трактат”. Сүлеймания кітапханасы.
7. “Рисала фи та'ииди мазһаб әл-Имам Әбу Ханифа” – “Имам Әбу Ханифа мәзһабын қолдау” жайлы трактат. Сүлеймания кітапханасы.
Әл-Кердери және басқа да ғұламаларға байланысты “Шамс әл-аимма” деген сөзді кездестірдік. Ол не? “Шамс әл-аимма” – “Имамдар шамшырағы” – діни лауазымды білдіреді. Ондай лауазым имамдарға ғана берілген. Бұхарада қарахандықтар тұсында мұндай лауазымға ислам дінінің бес заңгері (факиһтер) ие болған. Соның екеуі Кердер перзенттеріне берілуі жайдан-жай емес.
Иә, осы “Шамс әл-аимма” әл-Кердериден жоғарыда аты аталған жиені Мухаммед бин Махмуд әл-Кердери Қаһерзаде дәріс алған. “Маураннаһрлік кейбір ғұламалар қарындастарының ғалым ұлдарына осындай (Қаһерзаде) деген лақап ат беретін болған” деп жазады түрік ғалымы доктор Ахмет Өзел. Кердерінің бұл ойшылы жайлы мағлұматымыз жоқ.
Мухаммед бин Махмудтан Әбу-л Мухаммед Махмуд бин Мухаммед бин Дауд әл-Афсанджи әл-Бұхари әл-Лұлуи (1229-1272) және Әбу-л Баракат Хафиз ад-Дин Абдуллаһ бин Ахмед бин Махмуд ан-Насафи (?-1310) фиқһ ілімінен тағлым алыпты. Соған қарағанда, ол хорезмшаһтар тұсында дүниеге келіп, Моңғол шапқын¬шылығынан соң дүниеден өткен сияқты.

Атағы алысқа кетіп, даңқы жер жарған Хорезмді ХІІ ғасырдың 20-жылдары Орта Азия мен Қазақстан және өзге де мемлекеттер сияқты моңғолдар жермен-жексен етіп қиратты. Хорезм мемлекеті жойылды. Сұлтандар өлтірілді. Ғылым, білім тапталды. Бұл өлке тағдыр тәлкегімен енді Алтын Орда хандығына қаратылды. Олардың астанасы Еділдің төменгі ағысы бойындағы Қажы Тарханға (Астрахань) жақын жердегі Сарай Берке қаласы болды.
“Сарай, Ескі сарай (жылнама бойынша – Үлкен сарай, қазіргі Астрахань облысы, Харабалинск ауданы, Селитренное селосы) – Алтын Орда астанасы еді. Оны 1254 жылы Батый салдырған. Ол Еділдің төменгі сағасындағы Ахтуба жағасына жайғасты. Сарай Азиядан Еуропаға баратын керуен жолындағы аса ірі сауда орталықтарының біріне айналды.
Бату сарайында көптеген зәулім сарай¬лар мен мешіттер, сауда махаллалары, ма¬зарлар (сағаналар) салынды” деп жазылған “Қазақ Совет энциклопедиясында”. Ал, Сарай-Берке, Жаңа сарай (қазіргі Волгоград облысы, Ленин ауданы, Царев селосы) да Алтын Орданың астанасы болды. Оның негізін Берке хан қалаған (1260 жыл шамасы). Сарай-Берке XІV ғасырдың І жартысында гүлденді.
1333 жылы қалада болған араб саяхат¬шысы Ибн Баттута (1304-1377) “Сарай-Берке тегіс жерге салынған көрікті қалалардың бірі, адам көп, онда сұлу көшелер мен сәулетті базарлар бой түзеген. Қаланы әртүрлі халықтар: моңғолдар, асылар, қыпшақтар, гректер, орыстар және византиялықтар мекендеген” деп жазды.
1361 жылдан бастап Сарай-Беркені хан тағының үміткерлері алма-кезек басып алып отырды. Сөйткен шаһарды 1395 жылы Ақсақ Темір (1336-1405) күйретіп тынды” (ҚСЭ, 10 том, 27 бет).
XІV ғасырдың екінші жартысында Хорезм қайта көтерілгенде ғылым-білім біршама жанданды. Кердерліктердің өмір-тұрмысы, ғылым-білімі Хорезм өлкесімен тікелей байланысты болды. Иә, Хорезм мәдениетінің қайта көтерілуіне кердерлік¬тер де өзіндік үлес қосты. Олар мемлекеттің кіндік қаласы ғана емес, сонымен қатар Қажы Тархан (Астрахань) мен Қырымда, Рұм (Түркия) елінде, мұсылман шығы¬сында да тұрды.
Хорезм Кердерілерінен XІV ғасырдың бірінші, XV ғасырдың екінші жартысында да бірнеше ойшылдар шықты. Көпшілігі дін ғұламалары-тын. Соларды мерзімдік жағынан қарасақ, ауызға әуелі моңғол шапқыншылығынан кейін өмір сүргендері ілінеді.
Алтын Орда иелігінде болған Қырымдағы осы күнгі Феодосия, (бұрынғы Кафа) шаһарынан шыққан Махмуд ибн Сулейман әл-Кафауи (?-1582/1583) “Катаиб ағлам әл-ахйар мин фуқаһа мазһаб ан-Нуғман әл-мұхтар” деген еңбегінде Кердер перзенттері туралы да мағлұматтар келтірген.
“Солардың бірі” – деп жазды ол, “көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған “Наср ад-дин Мұхаммед ибн Шиһаб ибн Йусуф ибн Умар ибн Ахмад әл-Кердери әл-Хорезми әл-Баратакини”. Ол да Хорезм өлкесі уалаятындағы Кердерге қарасты Баратакин кентінде өмір сүріп, ғылым-біліммен шұғылданған. Жалал ад-дин ибн Шамс ад-дин әл-Хорезми әл-Гурланиден (Курлани¬ден) (?-1336) тағлым алған. Ал ол өз кезегінде Сыр бойындағы Сығанақ ұланы, атақты Хусам ад-дин ас-Сығнақиден (?-1311) оқыған-ды. Саийд Жалал ад-дин әл-Гурлани атақты Бурһан ад-дин Марғи¬нанидің “Әл-Һидаясына” түсіндірме жасаған және оны “Әл-Кифая” – “Жеткілікті” деп атаған білімпаз. Насыр ад-дин Мұхаммедтің атағы ибн әл-Баззази деген атпен шыққан” деп жазған.
“Алла Тағала Насыр ад-динге атағын алысқа жіберген ұл берді. Оның аты – Мухаммед ибн Мұхаммед ибн Шиһаб ибн Йусуф ибн Умар ибн Ахмед әл-Кердери әл-Баратакини әл-Хорезми (1344-1424). Бірте-бірте ол әлемге “Хафиз ад-дин әл-Баззази” деген атпен мәшһүр болды. Өйткені әкесі және Хафиз ад-дин де бәз матамен айналысқандары үшін баззази-бәзшілер аталған. Сөйтіп, ол әкесі Насыр ад-дин Мұхаммед шыққан биіктен де асып түсті. Махмуд ибн Сулейман “Хафиз ад-дин білімінің негізгі бөлігін әкесінен, сонан соң фиқһ ғалымы бойынша Саийд Жалал ад-дин әл-Гурланиден (?-1336) алды. Ол ғылымда кемелділікке жетті және өз елінде атағы шықты. Ол Еділге жақын жердегі Сарай қаласында тұрды. Сонан соң аталмыш өзеннен Қажы Тархан маңында өтіп, Қырымға бет алды. Онда бірнеше жыл тұрды. Қырымда имамдар және атақты кісілермен пікір таластыра жүріп, фақиһтерге сабақ берді” деп жазады.
Махмұт әл-Кафауидің айтуынша, “ға¬лымдар оның біліміне, қабілетіне таң қалатын. Сол себепті де ол туралы жұрт арасында жақсы пікір тарады. Ол дүниәуи істерге қызықпады, құдайдан қорқатын. Алла тағаланың Кәлам (шарифын) (Қасиетті Құранды) жатқа білді, оны үнемі оқып жүретін.
Біраз жылдардан соң ол келген жолымен еліне (Хорезмге) қайтты. Одан кейін Рұм жұртына (Түркияға) сапарға шықты. Онда әл-Маула Шамс ад-дин әл-Фанаримен пікір таластырды, дін-ғылымның практикалық жағынан Кердер перзенті көбінесе одан басым түсті. Бірақ әл-Фанари ақыл-парасат (рационалистік) және традиционалистік ғылым жағынан одан озық-ты”.

<!--pagebreak-->
Осы жерде жерлесімізбен замандас болған, түріктің осы бір ғұламасы туралы да бірер сөз айта кеткен жөн.
Лақап аты молла Фанари (751/1350) Түркияның Инегөл деген жеріне жақын маңдағы Фанар ауылында дүниеге келген. Әкесі шырақ (фанар) жасайтын болғандықтан, аталмыш ауыл да соның атымен аталып кеткен.
Молла Фанари білімді әкесі Хамзадан, сосын сол дәуірдің Алауддин әл-Әсуад (?-1397) және Жамалуддин Мухаммед әл-Ақсараи (?-1388), Хамидуддин әл-Қайсари (?-1412) сынды атақты ғұламаларынан алды. Ол астрономия мен математика саласына жетік болған. Хижазда, Мысырда, Бурсада ұстаздық еткен.
Ілімге берілгендігі соншалық, қажылыққа бара жатып жолай Каирге соғып, Мысыр ғұламаларымен пікірлеседі. Ол жерде Ханафи ғұламасы Камаладдин Бабартиден ілім үйренеді.
Челеби Сұлтан Мехмет оны Бурсаға шақыртады. Сұлтан екінші Мұрат ғалым іліміне риза болып, оған 1424 жылы Османлы дәуіріндегі алғашқы шейху-л ислам қызметін тапсырады. Оны ол алты жыл атқарып ақырында екі көзі көрмей қалған Мехмет Бурсада дүние салады.
Сонымен Махмұд ибн Сүлейман әл-Кафауи Хафиз ад-дин әл-Кердери туралы “араб тілі” ғылымының барлық саласымен айналысты. Сондай-ақ Рұмға келгенге дейін өзі жазған пәтуаларды “әл-Уәджиз” – “Қысқа” атты кітапқа жинады” – деп жазған. “Әл-Уаджиз” соңындағы “Китаб әл-Иджара” – “Жалға беру кітабы” та¬рауының аяғына ол жыл басы түнінің біразы ауғанда “әл-Иджара” кітабы Алла тағаланың арқасында аяқталды. Алла тағала оны бітіруді нәсіп етсін!” деп қол қойыпты.
“Хафиз ад-дин Баззазиден, – дейді Махмұт ибн Сүлейман әл-Кафауи, – Мухйи ад-дин Кафияджи деген атпен белгілі әл-маула әл-фадил Шараф ад-дин ибн Камал әл-Қирими, әл-Маула Сираж ад-дин Ахмед әл-фадил әл-Қирими ибн әл-фадил әл-камил Фадил Шейх әл-Хаджи Тархани ілім алды.
Мен әл-Маула Сирадж ад-динге арнап қағаздың бүктелген жеріне әл-Маула әл-фадил ибн әл-Баззазидің өз қолымен жазған Иджазаны көрдім. Ол өте ұзақ болғандықтан таңдаулы жерінен үзінді келтіріліп отыр. Хафиз ад-Дин әл-Баззази былай дейді: “әл-алим әл-фақиһ уа-л фадил ан-набиһ Мәулана Сирадж ад-дин Ахмад ибн әл-фадил әл-кәмил Фадил Шейх әл-Хаджи Тархани, – Алла басында және аяғында оған күш-қуат берсін, – Мүбәрак Қырым қаласына аяғым тигенде, дәрістер бойынша пікір таласқандар ішіндегі тамаша ғұламалар қатарында еді. Ол ғылымда жетістіктерге жету үшін көп оқыды, көп қайталады. Ол менен ас-Сағанидің (1181-1252) “әл-Хадис уа-л мағананы” сынайтын ғылым туралы “Китаб әл-машариқ әл-ануар ли-д-дин әл-Абрарын”, теңдессіз Мәулана Хафиз ад-дин қаламынан туған “Китаб әл-кафи фи-л фиқһ ан-нұғманиді” және дәл сол автордың “Китаб әл-Мусаффасын”, әл-Қудуридің (972-1037) “Китаб әл-Һидайа”, “әл-Манзумасын”, біздің шейхымыз Мәулана Жалал әл-милла уа-д-дин әл-Хаббазидің “әл-Мұғни”, “Әл-Мунтахаб”, “Китаб әл-һади фи-л илм әл-кәлам әл-асим ли қауағид әл-исламин”, Фахр әл-Хорезмидің (Әбу-л Қасым аз-Замах¬шаридің) “Китаб әл-муфассалын”, шейх Мұхйи суннаның “Китаб әл-масаббихын” түгелдей оқып тыңдады. Менде осы кітаптарды қира және иджаза (рұқсат) тәсілімен беру құқығы бар.
Сонан соң Хафиз ад-дин әл-Баззази, әкесі Наср ад-дин Мұхаммед ибн Шиһабтың ұстаздары мен шейхтарының ақыл-парасатқа жүгінетін, табан тірейтін ғылым мен традиционалистік пәндер иснадын аяғына дейін келтірді. Одан кейін ол: ғылымдағы шариғ және ахкам, илм әл-калам, шейхылар мен фалсафадағы сөздерді мен әкем бойынша беріп отырмын, ал ол өзінің шейхы Әмір Хумам әл-милла уа-д-дин, хатимат әл-улама шараф әл-итра Маулана Саид Шамс әл-милла уа-д-дин әл-Гурлани, ал ол әл-Аллама Хусам ад-дин ас-Сығнақи (?-1311), ал ол сұлтан әл-фуқаһа уа-л-аулиа Хафиз әл-Милла уа-д-дин, ал ол әл-Аллама әл-Мутаджалла би-ануар әл-Хақ Маулана Шамс әл-милла уа-д-дин әл-Кердери, ал ол “әл-Һидаяның” авторы Бурһан ад-дин әл-Марғинани, ал ол өзінің ұстазы, ғылым сырын білетін, Имам Мүслимнің түсіндірмешісі, Мүфти әл-жин уа-л-инс Маулана Наджм ад-дин Умар ан-Насафи, ал ол әл-Имам Садр әл-Ислам Әбу-л Йусра әл-Баздауи, ал ол Маулана “шамс әл-аимма” әл-Халуаи атымен белгілі әл-Имам Әбд әл-Әзиз (ибн) Ахмед, ал ол әл-қади Әли ан-Насафи, ал ол Имам Әбу Бакр Мұхаммед ибн әл-Фадл әл-Бұхари, ал ол аш-Шейх Абдалла ибн Йағқұб ас-Сабазмуни, ал ол аш-шейх Әбу Абдалла Әбу Хафса ас-Сағир, ал ол өзінің ата-анасы әл-Имам Әбу Хафса әл-Кәбир әл-Бұхари, ал ол әл-Имам Мұхаммед ибн әл-Хасан ибн әл-Фарқад аш-Шайбани, ал ол екінші имам – Әбу Йусуф әл-Ансари, ал ол Әбу Ханифа ибн Сәбит әл-Куфий мәзһабының негізін қалағанға, ал ол Хаммад, ал ол Ибраһим, ал ол Әлқама, ал ол Абдалла ибн әл-Масғұд (оларға Алла разы болсын!), ал ол Сахиб әл-Шариға Хатам әл-Әнбийа – Алланың сүйіктісі Мұхаммедке (Алла оны жарылқап, сәлем берсін!) сүйеніп беріп отыр” деп жазды. Сөйтіп Хафиз ад-дин әл-Баззази өзі өмір сүрген дәуірде шариғат ілімінің бүге-шігесін жетік меңгерген ірі ғалымдардың біріне айналды.
“Жұрт арасында Хафиз ад-дин “Фатауа әл-Баззазия” атымен мәшһүр болды” деген Махмұт әл-Кафауи әрі қарай: “Алла тағала ол арқылы көптеген халықтарға көмектесті. Алла тағала арқасында мен де пайда таптым. Оның Имам Ағзамның жетістіктері мен беделі жайлы жазылған “Китаб фи манакиб Әби Ханифа” – “Әбу Ханифаның өмірбаяны жайлы кітап” атты шығармасы бар. Алла оған рахым етсін! Ол өте пайдалы, жоғары талаптарға жауап беретін өте құнды еңбек. Керектілердің бәрі де онда қамтылған және жоғары деңгейде орындалған. Оны мен басынан аяғына дейін оқып шықтым, көп пайдаландым, одан мына кітапқа көп нәрсе кіргіздім. Ол сөйтіп көп нәрсе қамтылған пайдалы та¬маша кітап. Онда ғылыммен айналысқысы келген талапкерлерді ілімге шақыратын көптеген қағидалар бар” деп жазады.
Орта ғасырларда осылай өзі ғана емес, тағлым алған ұстаздарының да есімдер тізбегін көрсетіп отыратын игі дәстүр арқасында, бір кездері ғылым мен білім орталықтарының бірі болған Қырым және бір кездері Қажы Тархан аталған қазіргі Астраханда да Шараф ад-дин ибн Камал әл-Қирими, әл-Маула Сирадж ад-дин әл-Қирими шейх әл-Хаджи Тархани секілді ғалымдар күн кешіп, талай асыл дүниелер туындатқанын біліп отырмыз. Ол жерлер соңыра Ресей боданына, иелігіне айналған соң өкінішке орай Ислам дәстүрлерінен айрылып қалды.
Иә, Бағдад пен Басра, Дамаскі мен Каир ғана емес, сондай-ақ одан анағұрлым шалғайдағы Хорезм мен осы өлкенің бір уалаяты саналған Кердерден де араб тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен ғылымы дін салалары бойынша да бағалы дүниелер жазылғаны біз үшін, сөз жоқ, мақтаныш.
Сондай еңбектер тудырғандардың бірегейлерінің бірі Хафиз ад-дин туралы Мухаммед Абд әл-Хайй әл-Лакнауи әл-Һинди: “Әл-Фатуа әл-Баззазияны” (Әл-Баззазияның “Пәтуалар кітабын”) қарап шығып, онда оларға сілтеме жасауға болатын аса қажетті мәселелердің бар екендігін таба білдім” – деп жазады.
Сөйткен Хафиз ад-дин әл-Баззази Мүбарак Меккеде қажылықта болып, осы қасиетті шаһарда һижраның 827/1424 жылының рамазан айының ортасында (шілде-тамыз) дүние салған.
Аз-Зирикли “Әл-Аъламда” – “Атақты кісілерде” Хафиз ад-дин әл-Баззазиді “Өз еңбегінде Ақсақ Темірді үнемі дінсіз деп жүреді екен” десе, ал тарихшы Ас-Сахауи (1427-1497) “ад-Дұи-л ламиде” – “Нұрлы жарықта” “Хафиз ад-дин әл-Баззази деген атпен белгілі Мухаммед ибн Мухаммед Хафиз ад-дин ибн Наср ад-дин әл-Имади “әл-Кердери әл-Ханафи” екі томдық “Жамиғ әл-Фатауидің” – “Пәтуалар жинағының” авторы. Ибн Арабшаһ (1450-?) төрт жылдай оның қасында тұрып, одан фиқһ (мұсылман заңы) мен оның “Негізін” және поэзияны үйренді” деп жазады.
Хафиз ад-Дин әл-Баззазидің Түркия¬ның Стамбул, Сүлеймания кітапханалары мен қолжазба қорларында:
“Әл-Фатауа-әл Баззазийа” – “Баззази пәтуалары”. Қолжазба. Стамбұл универ¬си¬те¬ті кітапханасы.
“Әл-Фатауа-әл Баззазийа” – “Баззази пәтуалары”, “Әл-Жамиғ әл-Уәжиз фи-Фатауа” – “Қысқа фәтуаны жинаушы” (Қолжазба. Сүлеймания кітапханасы).
“Диуан” – “Жинақ”. Қолжазба. 43 бет. Сүлеймания кітапханасы.
“Манақиб әл-Имам әл-Ағзам” – “Имам Ағзамның өмір жолы” секілді еңбек¬тері бар. Бұл аударма дүние. Тәржімалаған – Мухаммед бин Умар Хала¬би. Қолжазба”. Онда Имам Әбу Ханифа мен оның озық ойлы шәкірттері туралы айтылады.
Тағы бір тоқтала кететін жайт, Қазанда 1881 жылы “әл-Фатауа Баззазия” атты кітап шығыпты. Өкінішке орай ол әзір қолға түспей тұр.
Иә, Кердердің даңқты ұлы Хафиз ад-диннің ең маңызды шығармасы “Фатауа ал-Баззазия” – “Баззазидің пәтуа кітабы”, “Фатауа әл-Кердери” деген атпен де танымал. Бұл еңбекті ол Анадолыға бармай тұрып жазған. Туынды Ханафи мазһабы¬ның маңыздыларынан саналады. Онда мазһабтағы алдыңғы қатарлы Ислам ғұламаларының көзқарасына тоқталған. Өзге де ойшылдар еңбектерінен дәйектер алынып, тиісті қорытындылар жасалған. Ғалым тек Ханафи оқымыстыларының көзқарастарымен, ұстанымдармен шектел¬мей, дұрыс үкім шығару үшін, көп еңбектенген. Бірақ ол негізінен ханафи ғалымдарының көзқарастарына иек артқан.
Еділ бойындағы Сарай қаласынан шыққан, аты-жөнінде Кердери деген атау болмаса да Кердерге қатысты делінетін тағы бір парасат иесі бар. Ол Махмұд бин Әли (ХІV ғ.).
Мәскеулік белгілі шығыстанушы Әмір Наджип (1899-1990) “Наһж әл-Фарадис” – “Жұмақ жолы” атты дүниені зерттеген. Ғалым оны 1360 жылы Сарай шаһарында Махмұд бин Әли бин шейх Сараи жазған деп есептей отырып: “Оның отаны Еділ бойындағы Бұлғар еді. Білімді ол Хорезмдегі Кердер қаласында алған”, – дейді де “Кердер был одним из культурных очагов Хорезма того периода и расположен был на обеих берегах Амударьи, где автор мог получить теологическое образование. Однако можеть быть выдвинута и другая гипотеза. Казахские племена входившие в “Киши жуз” в те времена кочевали в непосредственной близости от культурных центров государства в низовьях Волги. “Киши жуз” распадался на 1) Алим уру, 2) Бай уру, 3) Жети уру. Жету уру в свои очередь распадался на семь крупных родов, один из которых назывался Кердер. Слово “экдин” имеющееся в Санкт-Петербургс¬ком списке “Нахжул Фарадис” и оз¬начающее “связанный” дает нам воз¬можность отнести происхождение нашего автора и к этому казахскому роду Кердер. Тогда псевдоним Кердери будет означать не название места, где автор получил образование, а его родовое происхож¬дение, а Булгари место получения образования.
По времени это совпадает с правлением Бердибека, сына Джанибека, в период правления которого было написано “Мухаббат наме”, а через несколько лет при правлении его брата Тенибека в Ак Орде “Хосрау и Ширин” Кутба. Как видно, период был очень плодотворным, когда создавалась литература разного жанра и содержания в стране.
Первые две главы данного произве¬дения посвящены жизнеописанию проро¬ка, его сподвижников и первых имамов – глав мусульманского богословия. Ос¬тальные две главы содержать материалы дидактическо-назидательного характера угодных добрых делах, о помощи бедным, о повиновении родителям, о дозволенных и недозволенных делах, о преступных делах – пролитие крови, употребление спиртных напитков, надменности, лжи и заочным хулении, зависти, гордости, беспечности и. т. д.
Что касается языка памятника, то в целом он написан простым языком, отдельные разделы не лишены и художественного мастерства и довольно богаты изобразительными средствами, материалы последних двух глав могут быть использованы как образцы прозы Золотой Орды середины XІV века.
Историко-литературное значение данного памятника заключается не только в том, что он является неоценимым источ¬ником для истории языка, но и в том, что он является ценным памятником и для ис¬тории литературы. При оценке памятника мы должны подойти к нему не столько со стороны общего содержания, а учитывать его историко-литературную и общес¬твенную ценность. С этой точки зрения данный памятник имеет огромное значение для многих современных тюркоязычных народов” деп жазады.
Шынында да “Қазақ Совет энцикло¬педиясында” (5 том, Алматы 1974, 389-бет) Кердер туралы – “Кіші жүздің Жетісу тайпасына кіретін ру. Кердерінің шығу тегі тарихи әдебиетте, Хорезмнің солтүстігінде Кердері деген өз мемлекеті болған ғұн-кидариттердің тағдырымен байланысты қаралады. Кердері мемлекеті кезінде күшті болған. Соның атымен Х ғасырда Арал теңізі Кердері теңізі деп те аталған. Осы мемлекеттің ескерткіштерінің бірі – Жанкент қаласы. Оның қалдықтары қазіргі Қазалы стансасының төңірегінде. Қазақтар мен қарақалпақтардың халық болып құрылу барысында Кердерінің бір бөлігі қарақалпақтардың Мүйтен тайпасының құрамына, ал екінші бөлігі кіші жүз қазақтарының құрамына енген. “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” кезінде кердерілер Арал бойынан Қобданың жоғары жағына, Електің сол жағы мен Орал қаласы маңына үдере көшуге мәжбүр болған” деп жазылған.
7. Әбу Зайд абд ар-Рахман бин Әли әл-Кердери (?-?).
Оның аты “Шарх әл-Аджуррумийа” – “Аджуррумияға түсініктеме” атты еңбекке байланысты аталады. Шығарма Түркияның Ататүрк университеті илаһийат факультеті кітапханасында тұр. Автор жайлы дерек берілмеген. Трактат біздіңше, ортағасырлық Мухаммед ибн Санхаджи ибн Аджуррум (?-1323) атты мағрибтік филологтың еңбегіне жазылған түсіндірме болуы мүмкін.
Өйткені, оның араб тілінің граммати¬касына арналған оқулығы көп елдерде күні кешеге дейін қолданылып келді.
8. Әбу Йусуф Абд ас-Салам бин Мухаммад әл-Кердери (?-?). Оның есімі “Тақуиму-л һидайа мин әл-Бидаийа” – “Һидаяның Бидаясын бағалау” атты қолжазбаға байланысты аталады. Ол Баязит мемлекеттік кітапханасында сақтаулы. Автор жайлы дерек көрсетілмеген.
9. Хайдар бин Ахмад бин Хайдар ал-Қадири әл-Кердери (?-?)
Оның ныспысы “Тафсир сурати-л Ихлас” – “(Құранның) “Ықлас сүресіне тәпсір” атты еңбекке байланысты аталады. Автор жайлы мағлұмат жоқ.
10. Сулейман әл-Кердери (?-?) Оның аты “Шарх-әл қасидату-л мудприна” – “Мудприна поэмасына түсіндірме” деген шығармаға байланысты аталады. Авторы жайлы деректер көрсетілмеген.
*  *  *
Түркиядағы және басқа да елдердегі қолжазбалар қорынан байқағанымыздай, қазақ жерінен шыққан парасат иелері ислам білімдеріне, оның ішінде әсіресе ханафи мәзһабының дамып-жетілуіне үлкен үлес қосқан. Олардың еңбектері күллі ислам әлемінде мойындалып, шариғат саласының классикалық қайнар көздеріне айналған
Сондықтан да олардың арасында “аш-Шамс әл-аимма” – “имамдар шамшырағы”, “әл-маула әл-фадил” – “тамаша ұстаз”, “әл-фадил әл-камил”-“кемел кемеңгер”, “әл-алим әл-фақиһ” – “фақиһ (заңгер) ғалым”, “әл-фақиһ уа-л фадил ан-набиһ” – “даңқты тамаша фақиһ”, “султан әл-фуқаһа уа-л аулиа” – “фақиһтер мен әулиелер сұлтаны”, “Һумам әл-милла уа-д дин” – “ұлт пен дін даңқы”, “хатимату-л улама” – “ғалымдардың соңы”, “шараф әл-итра” – “даңқ мадағы”, “шариғ” – “заң шығарушы”, “ахкам” – “қарар, шешім, үкім”, “илм әл-каләм” – “дін ғылымы” іспетті өте жоғары да құрметті лауазымдар мен эпитет, теңеу иелері болуының өзі көп жайдан хабардар етіп тұр.
Орталық Азиядан шыққан ғалымдардың қай жерде болмасын үнемі бір-бірін қолдап, көтермелеп жүргенін, өз ара¬ларында мықты ынтымақ болғанын көре¬міз. Бұл бүгінгі күн ғалымдары үшін де үлкен үлгі, өнеге. Керек кезде басқа ғалымдардың орталық азиялық ойшыл¬дардың туындыларына жазған қарсы уәждеріне кейінгі ұрпақ ғалымдары оларды қорғап, тұщымды жауап та қайтарып отырған. Сөйтіп, олардың бір-бірінің ғылыми туындыларына өзара кең түсініктеме жазу үрдісі қалыптасқанын, өздерінен бұрын өткен даналардың еңбектерін арнайы шежіре тәсілі бойынша бір-біріне мұра етіп отырғанын байқаймыз.
Олар жазған туындылар біздің құнды тарихымыз, мәдени мұрамыз. Оны бүгінгі өскелең ұрпақ білуі тиіс. Олай болса, қазіргі ғылым адамдары бабалардан қалған осынау жазба жәдігерліктерді кеңінен зерттеп, халыққа жеткізуі ләзім. Менің де бұл көне дүниелерді көз майымды тауысып зерттеп жүргендегі мақсатым осы. Ендеше, мемлекеттік “Мәдени-мұра” бағдарламасы аясында бабалар қалдырған құнды мұраны тауып, аудартып, зерделеу, оларды басып шығару, оқулықтарға кіргізе беру кезек күттірмейтін маңызды шара.
Өйткені, Әбу Ханифа мәзһабын қағазға түсірген, “Кіші жинақ”, “Үлкен жинақ” атты классикалық қайнар кітаптардың авторы, имам Ағзамның негізгі мұрагер шәкірті Мұхаммед әз-Шайбанидің заң шығару тәсілін қазір Еуропа жұрты кеңінен қолдануда. Оған дәлел – Германия мен Францияда да ашылған “Шайбани зерттеу” орталықтары. Олай болса, біздің елімізде де “Орталық азиялық (қазақстандық) ғалымдарды зерттеу” орталығының негізін қалау қажет.

 

 

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.
«Егемен Қазақстан» газеті 24 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5442