Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6668 46 пікір 4 Мамыр, 2020 сағат 14:27

«Онлайн Бессмертный полк». Бұдан өткен басыну бар ма?!

Жыл сайын 9 мамыр тақағанда орысы бастап, басқалары қоштап, алаулатып-жалаулатып жүріп, «Бессмертный полк» дейтін сойы бөлек, салты басқа шеру өткізетін. Ресейдің Томскі қаласында 2011 жылы бейсаяси акция ретінде басталған іс бүгінде орыстан өзге елдерде де әйдіктеліп атқарылатын болған. Орыстан өзге ел дегенде негізінен посткеңестік мемлекеттерді айтып отырмыз. Соның ішінде біз де бармыз...

9 мамыр сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің көзі тірілеріне құрмет көрсетіп, құрбандарын еске алатын дәстүр бар еді. Енді оған «Бессмертный полк» дейтін қосылды. Өткен жылы Алматы мен Астанада осы шеруге ұзын-ырғасы 140 мың адам қатысыпты.

Бұл біз үшін бөтен дәстүр. Біреулер білмей шықты. Ал енді біреулері біліп тұрып, білгенін істеді. Ал бұған біздің билік мақұлдық көрсетті. «Мәңгілік полк», «Мәңгі өлмес полк», «Жаужүрек полк» деп атауын тоқсан түрлі өзгертіп алғаны да рас. Одан өзгеріп кеткен дүниені көрмедік. Иә, біреулер өздерінің майданда мерт болған аталарының суреттерін ұстап жүрді. Ал біреулері баяғыда-ақ, қаңқасы құлаған Советтің қан қызыл жалауын желбіретіп, аталарымен бірге қандықол қасапшы Иосиф Сталиннің портретін төбелеріне көтерді. Тәуелсіздігін жариялаған мемлекет үшін бұдан өткен басыну бар ма?!

«Бессмертный полк». Бұл жеті-сегіз жыл бұрын орыстар ойлап тапқан бейсаяси акция еді. Бүгінде бүтін бір елдің идеологиялық қаруына айналды. Әсіресе, Кремль Қырымды аннекциялаған соң, «Бессмертный полк» және осы тектес акциялар орыс әлемінің пропогандалық саясатының бір бөлшегі cаналатын болды.

Орыстағы онлайн шеру

Ал, биыл covid-19 пандемиясына байланысты аталған шара Ресейде онлайн форматта өтетін болды. Мәскеудегі 200-ден аса лэд-экранда, ОККО онлайн-кинотеатрында, сондай-ақ, «Бессмертный полк Россия» порталында онлайн режимде өткізілетіні айтылды.

Осы ақпарат тарағалы арада аз уақыт өткенде, Қазақстанда да онлайн шеру өтетіні белгілі болды. Кімдер өткізбек?

Бізде де «Онлайн Бессмертный полк» өтеді

«Tengrinews.kz», «Massaget.kz», «Salem Social Media», «Aitube.kz» ұжымы және «Жұлдыз FM» радиостансасы бірігіп, «Бессмертный полк» акциясын онлайн өткізетін бопты. Бұл «біздің жаптым жала, жақтым күйе» сөзіміз емес! Өздері сүйіншілеп, хабарлаған ақпарат.

«Қазақстанда Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылуына байланысты Жеңіс күнін оқшаулану тәртібімен өткізуге тура келеді.

Осыған байланысты «Tengrinews.kz», «Massaget.kz», «Salem Social Media», «Aitube.kz» ұжымы және «Жұлдыз FM» радиостансасы бірігіп «Бессмертный полк» акциясын онлайн режимде өткізетін болып шешті», - депті.

Депті де, кез келген адам өз құттықтаулары мен суреттерін жібере алатынын айтып, арнайы электронды пошта мен «WhatsApp» және «Telegram» каналдарының номерін жариялапты. Онлайн шеру 9 мамыр күні Нұр-Сұлтан уақытымен тұп-тура 10:00-де, «Tengrinews.kz»,  «Massaget.kz» және«Aitube.kz» платформасында тікелей эфирде өткізілмек.

«Tengrinews.kz» ақпаратына сенсек, бұл акцияны Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас,  Айқын Төлепберген, Ренат Гайсин, Мәдина Сәдуақасова бастаған 100-ге жуық адам қолдаған екен. Акция кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады-мыс.

Басқасы басқа, бұл ақпаратты әуелі Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі әлеуметтік желіде бөлісіпті. Міне, көрдіңіз бе?! Елдегі идеологиялық жағдай осы.

Жеңіс мейрамын тойлаған, сұм соғыстың зұлматын көргендерді ұлықтаған, ұмытпаған дұрыс. Ұмытпау керек екен деп, бөтен саясаттың сойылын соғып кетпеу де керек-ті, Ақтоты Рахметоллақызы!

Сойылын соғу дегеннен шығады, біздің билік басқасын қойып, өз халқының алдында Кремльге кіріптарлығын көрсетіп қойған жоқ па, осы? Олай болмаса, Тәуелсіз күнде, өз елінің ірі-ірі қалаларында Сталиннің портретін ұстатып, Кеңестің қызыл туын желбіретіп қоймас еді ғой. Әй, олай болмаса, Кремль идеологиясының қаруына айналған «Бессмертный полкті» Мәдениет министрлігі жарнамаламас еді ғой. Олай болмаса Қазақстанның ақпарат құралдары онлайн шеру өткізіп, әлектенбес еді ғой... Ұзын сөздің қысқасы, бұл Солтүстіктегі көршінің көңілі үшін жасалып жатқан дүние. Басқаша ақтауға және келмейді.

Айтпай жүрген жоқпыз. Осы бір бөтен әдетті қою туралы жыл сайын айтамыз. «Бессмертный полкті» өткізуге тыйым салу туралы былтыр да, алдыңғы жылы да айтылды. Атағынан атан шөгетін ағалар айтты, аталар айтты. Еститін құлақ болса... Естімеді емес, естіді. Ендеше? Ендеше екі болжам жасауға болады. Я, естіп тұрып, ерегескендей өткізді, я сол солтүстіктің пәрменінен шыға алмады... Болды. Бітті.

Украинадағы ашаршылықты жарты әлем – «Геноцид» деп таныды. Ал біз ше?.. Біз «Бессмертный полк» өткізіп, Сталинді төбемізге көтереміз! Онан соң, 31 мамыр. Былтырғыдай Алматы мен Астанада 140 мың адам ашаршылық құрбандарын еске алу үшін алаңға шыға ма? Шығар-ау, ал оған жергілікті билік рұқсат бере ме? Қайдам! Себебі – қорқады. Митинг болып кетуден қорқады. Сөйтеді де, «бейбіт шеру өткізудің тәртібі бар» деген желеумен, алдап-сулап қайтарады. Біз соған көнеміз. Одан қалса карантиннің сылтауы тағы бар... Өйткені, биліктің тізгіншілеріне «Алаш шеруін өткізіңдер» деп пәрмен беретін басқа ешкім жоқ. Ал Алаш арыстарын ұлықтау қазақтан басқа ешкімге керек те емес! Олай емес деп көріңіз...

Ары айт та, бері айт, әлгі шеру биыл да өтетін болды.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322