Назарбаеваның саясаттағы болашағы жайлы қияли пост
Д.Назарбаеваның саясатта қалатыны-қалмайтыны жақын арада белгілі болар. Менің қияли логикам бойынша, экс-спикер жоғары лауазымды саяси-мемлекеттік қызметті еншілеу арқылы ресми түрде саясатта қалмайды. Пост-назарбаев кезеңінде Д.Назарбаева үшін президент тағына таласудан да маңызды нәрсе бар. Ол – осы уақытқа дейін жиналған елдегі және шеттегі капиталдың барынша мұртын бұзбай қолда ұстап қалу. Ал капиталды өз қолыңда ұстап қалу – саясатта, экономикада және бизнесте үстемдік етуді жалғастырудың кепілі.
Д.Назарбаеваның және оның әулетінің капиталының шығу төркіні жайлы ыңғайсыз сұрақтардың жақын арада Қазақстан парламентінде немесе Жоғарғы соттың қабырғасында қойылу ықтималдығы төмен. Ал шетелде, соның ішінде Қазақстанның үшінші астанасына айналып кеткен Лондонда, қазірден бастап ол сұрақтар қойылып, тіпті алғашқы сот отырыстары да өтіп қойды. Мәселен, Д.Назарбаева мен Н.Алиевке тиесілі құны 80 млн фунт тұратын үйлерге байланысты өткен сотта үй иелерінің мүддесін адвокаттары қорғап қалды. Яғни, Д.Назарбаева ол үйлерді "бизнеспен табысты айналысқан кезде" заңды жолмен тапқан ақшаға алғанына судьяның көзін жеткізді. Аппеляциялық сотта шешім өзгермейтін болса, бұл жеңіс Д.Назарбаева мен әулет үшін құқықтық және эмоциялық тұрғыдан өте маңызды болмақ. Өйткені Н.Назарбаев саяси сахнадан біржолата кеткен кезде осыған ұқсас соттардың сериясын көруіміз мүмкін.
Ол соттарда жеңіске жету немесе соттардың алдын алу Қазақстандағыдай оңай емес. Оны Д.Назарбаева ханым мен оның айналасы өте жақсы түсінеді. Сондықтан оларға дайындықты қазірден бастап фул-тайм жұмыс ретінде қарап, алдын ала қамдану керек. Оның ең бірінші қадамы – саяси амбицияны ашық көрсету арқылы Назарбаев әулетінің билігінен шаршаған халықтың, әулетке және Д.Назарбаеваға реніші бар биліктегі кісілердің/олигархтардың және батыстық медиа мен халықаралық зерттеу ұйымдарының "көзіне күйік болуды” барынша азайту керек.
Оның үстіне іште де, сыртта да жақын арада Д.Назарбаеваның саясаттағы жүріс-тұрысын, отбасылық мәселелерін жіті бақылау күшеймесе, азаймасы анық. Ал ресми түрде саясатта ұзағырақ жүрген сайын, әрбір сәтсіз қадамды жасаған сайын болашақта британ соттарында капиталдың шығу төркінін түсіндіру қиындай түседі (Н.Алиевтің де саяси карьерасын 2016 жылы тоқтатып, толықтай бизнеске бет бұруы да кездейсоқ емес деп қиялдаймын). Осы реалиді әулетбасы және әулеттің сойылын соғушы сенімді серіктестер ескеріп, Д.Назарбаеваға өзінің және әулеттің болашағы үшін бас кітапханашының стилінде көлеңкеде отырып ел басқаруға араласуы тиімдірек деген ортақ шешімге келген секілді.
Екінші жағынан, бұл Д.Назарбаева саясаттан мүлдем алыстап кетеді деген сөз емес. Саясат жоғары трибунадан елге ақыл айту ғана емес, ең алдымен, ол қолда бар құралдармен саяси-экономикалық мүддені қорғау және оны қорғау үшін күресу. Көлеңкеде саясатпен айналысу үшін Д.Назарбаевада қажетті ресурстың бәрі бар. Сонымен қатар, әлі күнге дейін Назарбаев әулетінің А.Есімов, С.Әбіш, Қ.Сатыбалды және Б.Назарбаев секілді өкілдерінің конституция бойынша маңызды саяси-мемлекеттік қызметте болмай-ақ елдегі саяси-экономикалық шешімдер қабылдау процесіне ықпалының зор екенін естен шығармағанымыз жөн.
Ең бастысы, қазіргі саяси жүйені Н.Назарбаевсыз жүйеге бейімдеу кезінде “ҚР Тұңғыш президенті-Елбасы туралы” конституциялық заңды көздің қарашығындай сақтауға Назарбаев әулеті ғана емес, Назарбаев жүйесінің игілігін көрген/көріп келе жатқан атқамінердің бәрі мүдделі. Өйткені ол заң Назарбаев жүйесінің акторлары үшін ыңғайлы ойын ережесін сақтап қалудың кепілі және оған қарсы шығу саяси суицид жасаумен тең нәрсе. Ал ол заңның ғұмыры ұзақ болуы үшін Д.Назарбаева көлеңкеде жүріп те үлес қоса алады.
P.S. Бұл қияли пост ауадағы Big Data-ны Machine Learning әдісі арқылы Төртінші индустриялық революцияға сай талдау арқылы жазылды. Жарық жылдамдығымен өзгеріп жатқан мына тұрақсыз заманда адам түгілі disruptive технологиялардың өзі жиі қателесетінін алдын ала ескертемін.
Шалқар Нұрсейітовтың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz