Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 11477 5 пікір 7 Мамыр, 2020 сағат 15:01

Әттеген-ай...

(Әңгіме)

Қатынның сөзіне еріп, бар туысын жат етіп, не бір досты керек қылмай, мына дүниеде жападан-жалғыз қалғанын қалай сезбеген. Тіпті өзінің туған балалары да тасбауыр болып өсіпті. Әрине, әкелері керек қылмаған туыстарын олар не қылсын. Туыстары тұрмақ сол балаларда әке-шешесіне деген де жылулық жоқ ау, сірә. 

Қалайша бұлай болды? Неше жыл бойы бірде-бір туысына хабарласып, араласпапты да ғой. Жан дегендегі жалғыз қарындасымен анасы қайтыс болғаннан кейін ара-қатынастары шорт үзілген. Қалай болған еді?  

Анасын жерлегеннен кейін бар ағайын-туыс үйде өздері қалды. Өздері көп те емес. Әкесі үш ағайынды болатын. Екі ағасының бірінде - жалғыз ұл, бірінде - екі қыз. Үлкен кісілерден қалған өзінің анасы ғана еді, қалғандарының бәрі өмірден ерте кетті. Иә, содан, барлығы анасының жақсылықтарын, әдеттерін естеріне түсіріп, одан кейін қырқын, жылын қалай өткізетіндерін ақылдасып, шай ішіп отырған. Әйелі басым ауырып кетті деп жатып қалды. Ол үнемі сөйтіп жүретін. Аяқ астынан басы ауырып, қан қысымы көтеріліп кетеді. 

Содан, бір кезде әйелі бөлмеге түрі түтігіп кіріп келді.

–  Енемнің алтындары қайда? Кім алды? Кім алды деймін мен сендерге?

–   Мамам оларды маған берген, – деді қарындасы Жәмилә.

–  Не?! Соқ өтірікті. Сен шешеңнің өлгенін пайдаланып, ұрлап алдың оларды.

– Рахила апай, не айтып тұрсыз сіз? Ұрлағаны несі? Мамам маған алтындарын өткенде келгенде сенің балаларыңның көзінше берген. 

-Балаларды араластырма бұл былығыңа. Өткенде келгенде ұрлап кеткен екенсің ғой. Арсыз, бетсіз неме. 

-Менің мамам ұрлықшы емес. Әжем өзі берген алтындарды мамама, - деп, оның кішкене ұлы анасын қорғаштап, әңгімеге араласты.

-Ой, көргенсіз, тәрбиесіз неме. Шешесі ұры, өтірікші болса, баласы қайда барады. Қара мұны, беті былш етпестен, шешесінің үйретіп қойғанын қайталап тұрғанын, деп, әйелі өршеленіп кетті. Онысымен қоймай, қарындасының бес жасар ұлын шапалақпен жағынан тартып жіберді. Бала шыр ете қалды. Баласын қорғаштаған қарындасы жеңгесіне тұра ұмтылды. Рахиланың да күтіп тұрғаны сол екен. Ол да тура бір жыртқыш құсап, қарсы атылды. Екеуі де бір-бірінің шашына жармасып, алыса кетті. Екеуінің шыңғырған даусынан денең тітіркенеді.

-Қойыңдар, бұл не сұмдық? – деп, аға, әпкелері екеуін әрең ажыратып алды.

-Сендер қой деп маған емес, ана оңбаған қарындастарыңа айтыңдар. Мына жақта жұрт деген шешесі өліп, қайғырып жатса, ол қара басының қамын ойлап, шешесінің пайдаға жаратуға болатын заттарын жымқырып үлгеріпті. Мен мұның шешесін бағып, қағады екенмін, ал ол келіп бәрін иемденіп кетеді екен. Қарай көр өзін.

-Сен бе менің шешемді баққан?! Не айтып тұрсың өзің. Менің анашым ешкімге салмағын салған емес, өз кірін өзі жуып алатын. Сен бір рет кірін жуып көрдің бе? Тіпті тамақты да негізінен анам жасайтын еді ғой. Біздің үйдің дастарханы ешқашан жиылмайтын, үйден қонақ арылмайтын сен осы үйге келін болып түскенге дейін. Менің анам сонда да сені ешкімге жаман демей, дымы ішінде болып, өкпесін өзімен бірге алып кетті.

-Не айтқың келіп тұр? Не деп жамандауы керек еді мені шешең? Ешкімге ештеңе айта алмай, дымы ішінде болғаны өз қызын мендей етіп тәрбиелей алмағанына өкінгендіктен. Үйлеріңе ешкім басын сұқпай қойғаны да сен үшін,  мен үшін емес. Сүйікті қызының бір емес, екі байдан шыққанын бетіне салық қылатын болған соң, шешең өзі ешкіммен араласпай қойған.

-Жеңгесімен сөз таластырып, оны жеңе алмайтынын түсінген Жәмилә ұлын көтеріп алды да, үйден жылап шығып кетті. Қазыбек кімді жақтарын, не айтарын білмей, үйдің ортасында қалшиып тұрды да қалды. Ал Рахила қояр емес. Әйелінің мұндай долы, көкбет екенін бұрын байқамапты. Оны сабыр сақтауға шақырған аға, әпкелері де оңбай қалды.

-Маған сендер ақыл үйретпеңдер. Артық ақылдарың болса, ана ақылсыз қарындастарыңа айтыңдар. Өздерінше тектіліктерін алға тартып, кеуделерін көтереді ғой. Тектерің кімге керек сендердің, өңшең қайыршылар!

-Жетер енді, қане, доғар, келін! Не сұмдық  мынау? Қазыбек, бір ауыз айтпайсың ба? Аузыңа құм құйылған ба? – деп ағасы Қасымхан араласқан еді.

-Қазыбегімде шаруаларың болмасын. Өз күйеуімді өзіме қарсы қоймақсыңдар ма? Басқа білмесе де, Қазыбек жақсы біледі менің осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүргенімді, - деп, Рахила тағы шақ ете қалды, - Қазыбек, жаным, егер сені ренжітіп алсам, кешір. Бірақ мен үндемей қала алмадым.

Қазыбек бірдеңе айтпақшы болған еді, әйелінің бұл сөзінен кейін райынан бірден қайтты. Өйткені  Рахиланы қатты жақсы көреді, ауыр ештеңе айта алмайды. Тіпті оныкі дұрыс болмаса да, ұрса алмайды. Ренжіткісі келмейді,  жылатқысы келмейді. Өзі өлердей ғашық болып, екі жыл бойына қыр соңынан қалмай жүріп, үйленген болатын. Мұны жақсы білетін Рахила күйеуінің осы әлсіздігін үнемі өз пайдасына жаратады. Шегінетін жер қалмағанда, бірден жылап жібереді. Бұл жолы да солқылдап жылап, Қазыбектің мойнына асыла кетті. 

-Болды, жарайды, жылама. Қасымхан, не болды бәріңе. Рахиланың не жазығы бар? Қарындасымның да мінезін жақсы білесіңдер. Жеңгесімен өздері түсінісе жатар. Түймедейді түйедей қылмай-ақ қоялық.

-Өй, ынжық бопсың ғой нағыз, - деп, ағасы қолын бір-ақ сілтеп, үйден шығып кетті.

-Қазыбек, саған біздің сөзіміз өтпейді, әрине. Сен біз тұрмақ, анаңның сөзіне де құлақ аспағансың. «Жаман әйел жақсы еркектің төрдегі басын есікке сүйрейді» деуші еді. Не бір туысыңа, не бір досыңа қадірің қалмады ғой, бауырым. Әйеліңнің бықсығы осы күнге дейін сыртқа шықпағаны анаңның арқасы еді, - деп Дәния әпкесі біраз нәрсе айтуға оқталған еді.

-Жетеді, әпке, тоқтатыңыз. Неге бәріңіз менің әйеліме шүйліге бересіздер? Анам ешқашан Рахилаға ренжіген емес. Екеуі тату болатын, - деп, Қазыбек оны тыйып тастады. Әпкелері де қолдарын бір, бір сілтеп, кетіп қалды. Содан кейін не олар бұл үйге аяқтарын баспады, не өзі оларға бармады. Ашу - дұшпан, шабыстырғанды біледі. Бірге туған ағайынды да бір біріне жау ете алады. Осылайша ашудың жетегіне еріп, аралары суып кетті...

Қазбек не болғанын, қалай ауруханаға түскенін есіне түсіре бастады. Жүрек тұсы шым ете қалды. Тынысы тарылып кеткендей болды. Жоқ, жүрегі емес, жаны екен шаншып кеткен. Иә, оның жүрегі емес, жаны ауырып жатыр. Ол кеше ғана өзінің әйеліне, туған балаларына  керегі жоқ екенін түсінді. Осы уақытқа дейін өзінің тек ақша тапқыш аппарат болып жүргенін ұқты. Ақша таппаса, қадірі болмайды екен. Қалайша, қалайша бұлай болды? Кешегі болған жәйтті көз алдына әкелуге тырысты.

Әдеттегідей жұмыстан кеш шыққан болатын...

Жұрттың бәрі жаңа жылды күтіп алу қамымен жанталасуда. Ал Қазыбек ешқашан үй шаруасына араласқан емес. Оған тіпті ебі де жоқ. Оның міндеті тек ақша табу. Құдайға шүкір, табысы жаман емес. Екі ұл, бір қызы бар. Бәрі өз алдына отау болып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп, балалы-шағалы болып отыр. Бәрінің жағдайы жақсы. Бар баласына үйді де, көлікті де Қазыбек өзі әперді. Соңғы он бес жылда Көкшетаудағы сүт өнімдерін шығаратын завод директорының қызметін атқарып келеді. Міне, биыл, бұйыртса,  алпыс үшке  толады екен. Алла жазса, зейнеткерлік демалысқа шығады. Мұның орнына тіпті кімнің келетіні де белгілі. Зейнеткерлікке шығатынын ойлағанда ғана Қазыбек өзінің үйленіп, үй болғалы толық демалыс алып көрмегенін есіне түсірді. Жұмыс, жұмыс деп, бала-шағаның қамы деп, демалыс жайын ойына да алмапты. Әйелі балаларды алып, демалып келетін. Енді зейнетке шыққан соң, емін-еркін алаңсыз жатып демалады. 

Әйеліне тура есік алдынан дүкен де ашып берген. Күніне сүт өнімдерінен ғана таза он мыңдай пайда түсіп отырады. Дүкенге күнделікті сүт өнімдерін өзін алып кетуге келген кезде жүргізушісі заводқа соғып, ала келеді. Шыны керек, басында жұрт не айтады деп, Қазыбек ыңғайсызданатын. Бірақ біртіндеп еті үйреніп кетті. Тіпті заводтағы жұмысшылардан да қысылмайды. Берілуге тиіс нәрсе сияқты цех бастығына тапсырып қойған. Олар да бастыққа қарсы келе алмайды, әрине. Айтқанын бұлжытпай орындайды. Ал жиналыстарда тексеру пункттерінде сүт өнімдерін алып өтпекші болған жұмысшыларға қатаң сөгіс жариялайды. Тіпті кейбірінің сол үшін үстеме жалақыларын да кесіп тастаған кездері болды. Осы кездер есіне түскенде, өз-өзінен қысылып, қара терге түседі.  Бірақ әйелі «Несіне қысыласың. Ұрлап жатырсың ба олар құсап. Ештемесі жоқ. Сол заводқа еңбегің сіңді. Ол жерден не алам десең де, құқылысың» - деп, қайрап қояды. Тіпті кейіннен Қазыбекті былай қойып, кезекші цех бастықтарына өзі тікелей звондап, тапсырыс беретін болды. Оның тапсырысы барған сайын көбейіп, жүргізуші машинаның жүк салғышын толтыра тиеп келетін болды. Жүргізушісі бір мезетте дүкендерінде жүк түсіруші қызметін де атқарып келеді. Ол үшін оған әйелі ақша төлеп жатқан жоқ. Қазыбек өзі анда-санда қосымша жалақы жаздыртып береді. 

-Қазыбек Сұлтанович, үйіңізге келдік, - деген жүргізушісінің даусы ойын бөліп жіберді.

-Ойланып кетіппін ғой. Жақсы, рахмет. Жаңа жылды жақсы қарсы алыңдар, - деп, онымен қоштасып, үйіне беттеді. Үйі осы маңайдағы мықты үйлердің бірі. Өзінің көңілі толады. Екі жүз шаршы метр, ауласы қандай кең, керемет. Жанға керектің бәрі бар. Әйелі өте ұқыпты, қолынан келмейтіні жоқ. Үйдің ішіне де, ауладағы бау-бақшаға да Қазыбектің көңілі толып, жарына шексіз риза. Бірақ әйтсе де көңілі әлденеге алаңдайды да тұрады. 

-Есік алдында таза ауамен тыныстап, біраз тұрды. Сақылдаған аяз бет аузын шымшылай берген соң, амалсыз үйге кірді.

-Ал, кеш жарық, бәйбіше. Келе жатқан жаңа жылдарыңмен!

-Өзің де, жаным, жаңа жылыңмен.

-Папа, жаңа жылыңызбен, - деп, балалары, немерелері мен кішкене жиені келіп құттықтап, бәрі у-шу азан-қазан болып, мәз-мәйрам болып қалды.

Жаңа жылды мәре-сәре болып, көңілді қарсы алды. 

-Алла жазса, биыл наурызда зейнеткерлік демалысқа шығамын, - деп, Қазыбек өзінің қуанышымен бөлісті.

-Не?! Қайдағы демалыс? - әйелінің даусы сондай ызғарлы, суық шықты. Балалары да үрпиісіп қалды. Қапелімде не айтарын білмей, Қазыбек абдырап қалды. Ол бұл жаңалықты барлығы қуана қарсы алады деп ойлаған.

-Зейнеткерлігің не, жаным-ау. Қартайып өлгелі тұмысың. Жоқ, әлде ана Мақсұт шал құрлы жоқпысың. Жасы жетпістен асты, әлі жұмыс істеп жүр. Зейнетақыңды алып, жұмыс істей берсең, болмай ма?

-Рахила, жаным,  не болды сонша шу шығаратындай. Бұл шешіліп қойылған шаруа. Жоғарғы жақтағылар  тіпті менің орныма келетін адамды да дайындап қойды. 

-Не дейді? Есің дұрыс па өзіңнің?  Сен неге өз бетіңмен шешім қабылдайсың? Сонда ары қарай қайтіп күн көрмекпіз?

-Қайтіп күн көргені несі? Зейнетақы болады. Шынымды айтсам, мен қатты шаршадым.

-Зейнетақы дейді. Жоқ, сен шын айтып тұрсың ба, әлде мені мазақ қылып тұрсың ба? Одан да қайыршы боламыз демейсің бе? Сенген адамымыз сен болсаң, жетістірген екенсің. 

-Қайыршы болғаны несі, жаным-ау. Дүкеніміз бар емес пе. Ел қатарлы өмір сүреміз.

-Дүкен? Сен жұмыстан кетсең, ол дүкенге кім тегін сүт жіберіп тұрады екен? Қазір отырғанның өзінде ана бастықсымақ қатындарың сызданып, әрең жібереді. Дүкенге сол сүт өнімдерінен ғана пайда түсіп жатыр емес пе? 

-Папа, мамам дұрыс айтады, мүмкін ойланарсыз. Жұрттың барлығы зейнетақысын алып, зейнеткерлік демалысқа шықпай-ақ жұмыстарын жалғастырып жатыр ғой, - деп үлкен ұлы Қанат та әңгімеге араласты, - оның үстіне жұмыс істемей, ақша таппай қалай үйде отыра аласыз?

-Папа, сіз жұмыстан шығып кетсеңіз, маған машинаны кім әпереді?  Қанат пен Талғатқа алып бердіңіздер. Маған ше?  – деп, қызы Мөлдір жыламсырап шыға келді.

-Ақша таппасаң, сен кімге керексің? Ақша тапқан соң ған сыйлы, қадірлі болып жүргеніңді қалай ұқпайсың сен? – деп, Рахила одан сайын өршелене түсті.

-Жандарым-ау, не болды сендерге? Осы күнге дейін тек сендер үшін өмір сүріп келдім ғой. Мен демалысқа шыққаныма әкеміз де демалатын болды-ау деп, бала-шағам қуанышымды бөлісе ме десем, - ары қарай Қазыбек сөйлей алмай қалды. Алабұртқан көңілі су сепкендей басылды. Көзіне келіп қалған ащы жасқа ие бола алмай қалды. Мұны көрген Рахила тіпті құтырып кетті.

-Ал, енді еркек басыңмен біздің алдымызда еңіреп жылағаның қалып еді. Осы мен саған шаршадым деп айтып көрдім бе? Мен де өмір бойы сенің үйіңді тазалап, кіріңді жуып, бала-шағаңды тәрбиелеп өсіріп, жеткіздім. Мен болмасам, сен не істей алатын едің? Сол қызметке қолыңның жеткені де менің арқам. Осындай күйге жеткенің де менің арқам. Қай туысың саған қол ұшын беріп еді? Мен болмасам, кімге керексің сен? Ақша таппасаң, мына туған балаларың да керек қылмайды сені. Айтшы, қай туысың сені керек қылған еді, қайсысы іздеп келіп жатыр? Байғұс менің туыстарым ғана құрақ ұшып, қолдарынан келгендерін аямай, көмектесіп, бір жағымызға шығып жүрген.

Қазыбектің көзі қарауытып, басы айналып бара жатты. Одан арғысы есінде жоқ. Көзін ашса, ауруханада жатыр екен. Жанында бір медбике қыз отыр. Оның көзін ашқанын көріп:

-Аға, қайырлы таң. Жаңа жылыңызбен, - деді.

-Жаңа жылыңмен, қызым, - тағы бірдеңе айтайын деген еді, шамасы келмеді, шаршап қалды. 

-Аға, көп сөйлемеңіз. Мен қазір врачты шақырып келейін,  - деп, медбике қыз палатадан шығып кетті. Артынша өзі шамалас әдеміше келген бір келіншек кірді.

-Саламатсыз ба, Қазыбек Сұлтанович. Менің аты-жөнім Майра Қалаубекқызы, сіздің емдеуші дәрігеріңіз боламын. Әйеліңіздің айтуынша бұрын мүлде ауырмаған екенсіз. Үйленгелі бірінші рет ауырғаны дейді ғой. Бірақ мен олай демес едім. Сіз бұрын ауырсаңыз да, көңіл бөлмегенсіз. Қан қысымыңыз бұрыннан болған. Қан тамырының қысымы - қазіргі уақыттағы ең көп тараған сырқаттың бірі. Сіз дер кезінде ем қолданбағанның салдарынан  жүректің бұлшық еттерін әлсіретіп, оның жұмысын тежеп отыр. Оны медицинада инфаркт дейді. Арты миға қан құйылуға, соқырлыққа, бауырдың нашарлауына ұласуы да мүмкін. Сондай-ақ бүйректің де зақымдануына әкелуі мүмкін.

-Соншалықты төндіріп жібердіңіз ғой. Мен аурухананы не үшін жақсы көрмейді дейсіз. Сіздер сау адамды ауру қылып жібересіздер ғой, - деп Қазыбек қалжыңдай сөйледі. 

-Біздің қазақтың көбі дәрігерге жоламауға тырысады. Бұл дұрыс емес. Аурудың алдын алса, емдеу де оңай болады. Сіздің жағдайыңыз шын мәнінде мәз емес. Біз әзірге анализдеріңіздің бәрін алып, лабораторияға жібердік. Қазір іш құрылыстарыңызды УЗИ-ге түсіреді. Нақты диагнозды содан соң білеміз. Әзірге тынығыңыз. Ештеңеге алаңдамауға тырысыңыз, - деп, дәрігер жымиып қана жауап берді де, - бірдеңе сұрағыңыз келсе, медбикеге айтарсыз, - деп, шығып кетті.

Палата іші тып-тыныш. Қазыбек жан-жағына анықтай қарады. Есік, терезе, бөлменің қабырғалары неше мәрте сырланғаны көрініп тұр. Бірақ тап-таза. Терезеге ілінген перде де неше рет жуылып, өңі кетіп қалған. Бірақ тап-таза. Құр жатқан адам небір қиялға беріле береді екен ғой. Қазыбек жатып алып, өзін осы палатамен салыстырды. Жұпыны болғанымен, тап-таза, жаны қиналған ауруларға пана бола алады. Ең бастысы ол науқас жандарға керек. Адам ауырмай тұрмайтынын ескерсе, үнемі керек болады. Ал өзі ше? Бойы биік, иықты, түрі келісті, киген киімі қандай қымбат әрі сәнді. Астына мінген көлігі ше - екінің бірі қол жеткізе алмайды. Қызметі дүрілдеп тұр, бала-шағасы қандай. Бірақ осының бәрі тек сырт көзге ғана солай. Ал шын мәнінде іші бықсыған  түтін екен. Дүрілдеп, дүркіреп тұрғаны не керек, егер бір-ақ күннің ішінде ескірген зат құсап ешкімге керексіз, ешнәрсеге жарамсыз боп қалса. Осындай ойға берілген Қазбек терлеп кетті. Шынымен осылай болғаны ма?  Қалайша өз қадірінің құнын білмей келген? Жоқ, әлде, білгісі келмеді ме? 

Сағат сегіз болды, тоғыз, он, он бір, он екі болды. Үйінен мұны іздеп ешкім келмеді. Уақыт деген өтер емес. Әр минут, секундты санаған ол терісіне симай, әбден қара терге түсті. Шынымен, келмейін дегендері ме? Тағаты таусылайын деді. Тамаққа мүлде тәбеті болмады. Медбике қыздың сүйемелдеуімен әрең дегенде дәретханаға барып келді. 

Түс ауа Рахила мен қызы палатаға кіріп келгенде манадан мазалаған ойлар бір сәтте жоқ болды. Есі шығып, жас балаша қуанып қалды. Манадан жүрегін кернеген өкпе де жоқ болды.

-Қалай болдың? Әбден қорқыттың ғой бізді. Басқа күн таппағандай, сен де тура жаңа жыл күні ауырып... Мерекеміздің күл-талқанын шығардың ғой, - деді Рахила әй-шәй жоқ.

-Папа, мен сіз ауырып қалады деп мүлде ойламаппын. Сіз ешқашан ауырмайтын едіңіз ғой, - деді ерке қызы Мөлдір.

-Иә, қызым, менің ауруға уақытым болмайтын. Мына демалыс күндерін пайдаланып, бір ауырып алайын деп жатырмын, - деп, қызына күле қарады.

-Тапқан екенсің ауыратын күнді. Қазір анализдерің дұрыс болса, үйге алып кетеміз. Ем-домды үйде-ақ жасаймыз. Қазір орныңнан тұрып, мына тамақты ішіп ал. Сен таң атқалы тамақ ішпепсің ғой, - деп әйелі әкелген тамағын тарелкаға құйып, ыңғайлай бастады.

-Дәл қазір әйелімен ұрсысқысы келмеген Қазбек орнынан тұрмақшы болып, көтеріле бергені сол еді, тағы да басы айналып, жүрегі айнып, сылқ етіп, қайтадан жата кетті. Мұны көрген әйелі дәрігер шақырудың орнына:

-Аурухана саған ұнап қалған ғой деймін. Алып кетемін деп едім, сылқ ете түстің. Жоқ, маған шын ауру екеніңді көрсеткің келіп жатыр ма? Тұр, давай, ертең жұмысқа шығасың. Дүкенде товар қалмады, - деп, жерден алып, жерге салып, зіркілдей жөнелді.

-Мама, папам шынымен ауырып жатқан сияқты ғой. Түрі сұп-сұр болып кетті. Дәрігерді шақыршы, - деп қызы шошып кетті.

Рахила орнынан жұлынып тұрып, дәрігерді шақырып келді. Дәрігер тамырын ұстап, жүрегін тыңдап, бірдеңелерді сұрап жатты. Бірақ Қазыбек оның не айтып жатқанын естімеді, құлағы тұнып кетті. Көзінің алды тұманданып, басқа бір әлемге өтіп кеткендей болды. Жаны тыныштық іздеп аласұрады. Алыстан еміс-еміс дәрігердің әдемі жанға жайлы жұмсақ даусы мен Рахиланың сұңқылдаған даусы естіліп жатыр. Рахила енді мұны қойып, дәрігермен ұрсысып кеткен екен.

-Өз жұмыстарыңды дұрыс атқара алмайсыңдар. Сау адамды ауру қылып. Ауырған дәнемесі жоқ. Кеше түсті. Осы уақытқа дейін не істедіңдер? – деп жер-жебіріне жетіп жатыр.

-Сіз әйелі боласыз ғой. Солай ма? Бар анализдері дайын болды. Сізбен сөйлесуім керек. Менің кабинетіме жүріңіз, - деді оған дәрігер жай ғана.

Рахиласы дәрігерге еріп, шығып кетті. Палатада тағы өлі тыныштық орнады. Қызы қайда кетіп қалған? Көрінбейді. Сірә, ол да шешесімен бірге кеткен болу керек. Дәрігер не айтып жатыр екен. Неге менің өзіме айтпайды алдымен деп, Қазыбек тағы ойланды. Жата берген адамды ой баса береді екен ғой. Бұрын сол ойлануға да уақыты болмапты-ау. Бұрынырақ ойланғанда, бәрі басқаша болар ма еді. Ойымен арпалысып жатып, палатаға Рахиланың қайта кіргенін сезбей қалды. Жоқ, әлде, ол ақырын кірді ме. Өңі қашып кетіпті. Тіпті жылаған да сияқты. 

-Не болды, Рахила? – Қазыбек әрең сөйледі.

-Сенде, сенде рак дейді, Қазыбек, - даусында ызғар, жоқ, ыза бар сияқты көрінді, - олай болуы мүмкін емес, Қазыбек. Дәрігерлер өтірік айтады. 

-Рак?  

-Иә, рак! – деп, Рахила айғай салды да, палатаның есігін тарс еткізіп жауып, шығып кетті.

Тарс етіп жабылған есік жүрегіндегі соңғы әлсіз үмітін үзіп жібергендей болды. Қателеспепті. Өзіне деген түк сезімі жоқ екен ғой. Бұл шын мәнінде сондай ауруға ұшыраған болса, жанында қалып, жарына демеу болмай ма? Қуанышта да, қайғыда да, баршылықта да, жоқшылықта да бірге боламыз демеп пе еді. Отыз үш жыл бірге өмір сүріп, осы уақытқа шейін қалай білмеген? Жоқ, білгісі келмеді ме? 

Ол күні ешкім келмеді.  Рахила балаларын ертіп екінші күні келді. Бәрі үрпиісе қалған. Бала-шағасын көрген Қазыбек тағы бар өкпесін ұмытып кетті. Бәрін айналып-толғанып, беттерінен қайта-қайта сүйіп, мәз болып қалды. Бірақ олар көп отырмады. Жұмыстары барын айтып, кетіп қалды. Жанында ешкім қалмады. Тағы жалғыз. Тағы небір ойлар мазалай бастады. 

«Бағы тайған адамды түйе үстінен ит қабады» дейтін еді ғой. Ой, Алла-ай, қазағым айтқыш қой. Өзі ауырып, аласұрып жатса, келесі күні Рахиласы нотариустан бір юристі ертіп келіпті. Үй Қазыбектің атында болатын. Соны өзінің атына дарственный етіп жасауын талап етті. Қазыбек сөзге келместен, үнсіз қолын қойып берді. Өзімен көрге әкете ме ол үйді. Бәрібір өзіне қалатын дүние ғой соның бәрі. «Әй, Рахила-ай, неткен көңілің тар, түсінігің таяз еді, жаным-ау...». Бұл аз болғандай, тексеріс болып жатыр деп заводтағылар сүт өнімдерін бермей қойыпты. Рахила барып, бұрынғы әдетімен дікілдеп, талап еткен болар. Олар да адам баласы ғой, қашанғы шыдасын. Қазбек жоқ кезде өштерін алып алайын деген болар. Әйелі  долданып, жарылып кете жаздап, әрең тұр. Өзінің тойымсыз құлқынының өзін жұртқа сүйкімсіз етіп, аздырғанында шаруасы жоқ. Ол ешқашан өзін кінәлімін деп санамайды. Қандай жағдай болса да, кінәні өзгеден іздейді. 

Жанын жегідей жеген ойлар тағы да есеңгіретіп тастады, толастар емес. Қайта жүрегі жұлымдалып, жаны қиналған сайын өршелене түседі. Өзі ғана кінәлі. Тек бір өзі. Өзін өзі қайғыға тұншықтырып өлтірмекші. Басқа не қалды?  Мұңын бөлісетін жақын адамы да жоқ екен. Не бір досы, не бір туысы. Өмір бойы тек өз отбасының аясында өз отбасы үшін ғана өмір сүрген екен. Әттең, әттең, бәрін қайта бастар ма еді?

***********

Жан азабы жанына батады. Ал тәнінің ауырғанын сезбейді де. Дәрігерлер  мына жерің қатты ауыра ма, жоқ әлде мына жерің ауыра ма деп, сұрап жатады. Ол үнсіз басын шайқайды. Оларға қайтіп айтып түсіндіреді өз жайын. Иә, жаман әйел жақсы еркекті жүдетеді дейді. Жаман әйел деп бар кінәні әйеліне жаба берген де дұрыс емес шығар, әрине. Еркек емес пе өзі. Басынан-ақ әйелінің илеуіне көне салған соң, осылай болған болар. Оның басты кінәсі - Рахиланы ессіз сүйгені болар. Әйелді қойшы, жарайды, балаларын айтсаңшы. Өзінің өмірінің жалғасы болар балалары да әкесін ақша таппаса, түкке алғысыз қылып отыр ғой, сұмдық-ай! Мұндайды бұрын көзі көріп, құлағы естіген жан бар ма екен? 

Көңілі соншалықты неден тарылды. Аңқылдаған жігіттің төресі еді ғой кезінде. 

Ағайынның қадірін жалғыз қалғанда білгені қандай өкінішті! 

Қазыбектің аяқ астынан ауырып, ауруханаға түскеніне екі апта болыпты. Бүгін Рахила келгенде ол:

-Рахила, менің енді санаулы күндерім ғана қалды. Бауырларыма хабар берші. Өлер алдында кешірім сұрап, қоштасып қалайын, - деп, жалынғандай болды.

-Не деп кешірім сұрайды екенсің? Он бес жыл үйіңнің табалдырығынан аттамаған бауырларыңмен не деп қоштаспақшысың? Дүркіреп тұрғаныңда келмеген олар өлгелі жатқаныңда керек қылады деймісің? Мен олардың алдында кішірейіп, оларға звондамаймын.

-Бұл менің соңғы, әрі жалғыз өтінішім, Рахила.

-Рахила не иә, не жоқ деп бір сөз айтпастан, кетіп қалды. Қазыбектен тағы маза кетті. Тағы небір ойдың тұңғиығына сүңгіп, қайта-қайта тұншығып қалып жатты.

Үйіне келген Рахила да тағат тауып, бір орында отыра алмады. Қазыбек ауруханаға түскелі, міне, екі апта болды. Балалар да содан бері мұнда қатынағанды қойды. Әрқайсысы өз тіршіліктерімен болып жатыр. Үйдің іші қаңырап бос қалды. Даңғарадай үйде жалғыз қалған Рахила Қазыбегі өлген соң өзінің жападан-жалғыз қалатынын ойлап, бар даусымен бақырып, жылап алды. Жеңілдеп қалғандай болды. Өзі үйдің кенжесі болатын. Бес ағайынды. Алдында үш ағасы, бір әпкесі бар. Рахила сегізге толғанда, әкелері бұларды тастап, басқа әйелге үйленіп кетті. Бұларға көмектеспек түгіл, мүлде келмей кетті. Бес баласы мен бұлардың анасын өз өмірінен мүлде сызып тастады. Ал Рахила әкесін елден ерекше жақсы көретін. Әкесін күнде келіп қалар деген үмітпен тосып отыратын. Бірде ол әкесін көшеде кездестіріп қалып, папалап мойнына асыла кеткен. Бірақ әкесі түк еміренбей, оны жұлқып түсіріп: 

-Шешеңе бар. Енді гәрі бұлай жасама. Мен сенің папаң емеспін, - деп салқын сөйлеп, бұрылып кетіп қалған. Содан алып-ұшқан кішкене сәби жүрегі тас болып қатып қалған. Содан бері адам баласына сене алмайды. Әлі күнге дейін сол сәт есіне түссе, тұла бойы мұздап кетеді. Өмірінде жүрегін сәл де болса жібіткен Қазыбек еді. Бірақ ол да бір күні өзін балаларымен әкесі құсап тастап кетеді-ау деп қорқатын. Содан болар, Қазыбекті ешкіммен араластырмауға тырысатын, тек жұмыс пен үйдің арасында ғана жүрсе дейтін. Қазыбектің туыстарының өзін жақтырмайтынын біліп, қоймай жүріп, күйеуін туыстарынан да бөліп алды. Тек бір өзіне ғана тиесілі екенін білсе де, жаны жай таппайтын. Қазыбекті бір минөт тыныш отырғызбайтын. «Жұмыс», «ақша» деп ызыңдайтын да отыратын. Оның мәнісі – басқа ештеңе ойлауға шамасы келмесін болатын. Міне, енді, балалары өсіп жетіліп, өздерімен өздері болған кезде сол сенген Қазыбегі аяқ астынан мұны осылай тастап кетпекші. Ақыры тастап кететін болды. Ызаға булыққан Рахила не істерін білмей, жастығын құшақтап алып, жылай берді. Ақыры Қазыбегінің соңғы өтінішін орындамақшы болып, оның ағасы Қасымханға телефон соғып, амандық-саулық жоқ, сүйінші сұрағандай:

-Інілерің ауруханада жатқанына екі апта болды. Өлгелі жатыр. Өлгенде бір-ақ келейін демесеңдер, көзі тірісінде бір көріп қалыңдар. Әйтпесе, мен сендерге айтпай-ақ көме саламын, - деп естіртті де, телефонды қоя салды. Басқаша айту керек пе еді деп, артынан ойланды. Өзінің ащы айтқанын білді. Бірақ басқаша айта алмайды. Бәрін жек көреді. Ойлап қараса,  өзінің балаларынан басқа ешкімді жақсы көрмейді екен. Оны өмір  осындай қатыгез, тасжүрек етті. Ол кінәлі емес. Өмірі - кінәлі.

***********

Суық хабар Қасымханды есеңгіретіп тастады. Ағайын өкпеге қиғанмен, өлімге қия ма? Келіндерінен әбден көңілі қалған қайын ағасы оған қайта звондамады. Өзі жағалай звондап, қай ауруханада жатқанын біліп алды да, бар туыстарына хабар берді. Түн ішінде ауруханаға баруды жөнсіз деп, ертеңінде атар таңды көз ілмей қарсы алып, ерте барды.

Ағасы інісін танымай қалды. Қайғы адамды қалай аздырады, тез қартайтады. Бұрынғы зор денелі еңгезердей інісі бір-ақ уыс болып шөгіп қалыпты. Құр сүйегі қалған. Түрі неткен қорқынышты болып кеткен. Сөніп бара жатқан жанарында өкініш пен күйініш қана қалған. Қасымхан інісін бас салып құшақтап, көпке дейін құшағын жаза алмады. Солқылдап жылай берді. Қазыбектің солқылдап жылауға шамасы келмеді. Тек уһілеп, күрсіне берді. Қасымхан бауырына таңғы асты өзі ішкізді, жуындырып, дәрет алғызды. Кішкене бала құсатып, асты-үстіне түсті. Ағасымен қайта табысқан Қазыбектің көңілі сәл де болса орнына түскендей болды. Түске таман әпкелері келді. Түс ауа қарындасы Алматыдан ұшып келді. Туыстарының өзіне деген көңілін көріп, марқайып, көкірегінде қашаннан бері кептелген өксігі бар, сағынышы мен өкініші бар бәрін сыртқа шығарды. 

-Кеш те болса, ақымақ бауырларыңды кешіріңдер. Сендерден кешірім сұрай алмай кетемін-ау деп едім, - Қазыбек әр сөзін бөліп-бөліп, алқымынан қысқан өксікке булығып, әрең сөйледі, - мен әйелімнің айтқанына сеніп, анамды да ренжіттім. О дүниеде анамның бетіне қалай қараймын.

-Өзіңді өзің қажай берме. Болар іс болды. Сенің бар кінәң әйеліңді қатты жақсы көргенің. Сондай тағдыр бұйырған соң, не істейсің. Әркімнің өз тағдыры бар. Аллаға тәубе ет, бауырым. Жалғыз емессің, артыңда өсіп келе жатқан ұрпағың бар.

Бұл күннің қалай өткенін Қазбек білмей де қалды. Серпіліп, жанына батқан ауруын ұмытып, бетіне қан жүгіріп, кәдімгідей өңі кіріп қалды. Тіпті палатаға кірген дәрігердің өзі таң қалып қалды. Ол Қасымханды оңаша шақырып алып:

-Қазбек туған бауырыңыз ба еді? – деп сұрады.

-Иә, әкелеріміз бір туған.

-Өткеннен бері келгендеріңізде, жағдайы бұлай нашарлап кетпейтін еді. Қазбек Сұлтановичта ауруын жеңілдетейін деген ниет, жазыламын деген үміт жоқ. Өзіне өзі үкім шығарып қойған сияқты. Өмір сүруге деген құлшыныс мүлде жоқ. Меніңше, өмірінде жанын күйзелтіп жіберген бір өзгеріс болған сияқты. Бірақ менің айтайын дегенім, бұл емес. Қазбек Сұлтановичті үйіне бүгін алып кетсеңіздер де болады. Мен әйелін жолықтыра алмай жүрмін. Үйлерінің телефоны жауап бермейді. Ол кісінің мінезі де шатақтау екен. 

-Сонда қалай? Үйге әкете беріңдер дегеніңіз күні санаулы дегеніңіз бе, дәрігер?

-Иә, өкінішке орай жағдай солай, - деп, дәрігер төмен қарады.

-Сонда қанша өмірі қалды?

-Мен нақты айта алмаймын. Мүмкін бір ай,  мүмкін бір күн.

Қасымхан тұрған орнынан қозғала алмай қалды. Көкірегіне кептеліп қалған ащы өксік жан-дүниесін өртеп жібергендей болды.  Әттеген-ай. Әулетінің үлкені, көшбасшысы өзі емес пе еді? Бауырлары қателессе, жөнге салып, ашуланса, сабырға шақыратын да өзі емес пе еді? Қалайша жолдан өзі тайды? Қалайша ақылын ашуға жеңгізді? 

Әттеген-ай. 

Енді қалған санаулы күндер ішінде сол он бес жылдың орнын толтыра алар ма? Қасымхан әрең дегенде өз-өзіне келіп, дәрігердің айтқанын бауырларына жеткізді. Бәрі суық хабарды үнсіз қабылдады. Осылай болатынын білсе де, кім бауырын өлімге оңай қия алады. Әттеген-ай деген өкініш бәрінің жан-дүниесін өртеп жатты. Бірақ қолдан келер шара болмаған соң, не істей алады енді? Кешке Рахила келгенде олар оған дәрігердің айтқанын жеткізді.

-Сөйлемесін ол дәрігермен. Өз міндеттерін дұрыс атқара алмаған соң, үйлеріңе алып кетіңдер деп жатыр ғой. Үйде мен қалай қараймын оған? Мына жерде медбике уақтылы уколын салып, дәрісін ішкізіп тұрады ғой, - деп басында Рахила бірден көкке шапшып шыға келді.

-Рахила, сен қарай алмаймын десең, мен өз үйіме алып кетейін бауырымды, - деді Қасымхан, - мен демалыс алып, өзім қараймын, Жәмилә да арнайы демалыс алып келіп отыр, қарасады.

-Жоқ, өз үйіне барады. Жәмиләның ақыры қолы бос болса, біздің үйде болып, қарассын онда, - деп Рахила аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Ол Қазыбегін қызғанып кетті. Отыз жылдан астам уақыт тек бір өзіне ғана тиесілі боп келген Қазбегіне туыстарының қайтадан ортақтасып жатқаны жанына батып кетті.  Оның айтқанымен бәрі үнсіз келісті.  

Қазбек өзінің үйге шығатын болғанын естіп, қуанып қалды. Жәмиләнің да үйіне баратынын білгенде тіпті есі шығып кетті. Ол өз өмірінің осымен аяқталғанын білсе де, бауырларымен қайта табысқанына шексіз бақытты еді. Өлімнен де қорқып жатқан жоқ. Енді дайын. Жүрегі орнына түсті. 

******

-Мен саған сені ешқашан тастамаймын деп уәде берген едім. Уәдемде тұра алмадым, Рахила. Кешір. Сені бақытты қыламын деген едім. Бақытты қыла алмасам, кешір мені, - деп, қолынан әлсіз қысып, сол қалпы қимылсыз қалды. Өзіне қимастықпен қараған көздерінің жансыз қалғанын көрген Рахила шыңғырып жіберді.

-Не болды? – деп, Жәмилә мен Қасымхан жүгіріп келді.

-Өліп қалды. Өліп қалды. Тастап кетті. Тастап кетті ақыры, - деп, Рахила айқайлап жылап, құлап түсті.

Қасымхан бауырының жансыз қалған денесін сондай бір мейіріммен құшақтап, аяқ, қолын жазып, ақ шүберекпен жағын таңып байлады да, жедел жәрдемге қоңырау шалды. Жәмилә ағасының қолынан ұстап, үнсіз жылап отыр. Жерде домалап жылап жатқан Рахилаға екеуі де мән берген жоқ. Жедел жәрдем дәрігерлері Қазыбектің денесін алып кетті. Жиналған туған-туыс оны соңғы сапарға шығарып салу қамына кірісті. Рахила бөлмесіне кіріп алып, шықпай қойды. Оның жанына барған ешкім болмады. Ұлдары, келіндері мен қыз-күйеуі екінші күні жерлейтін кезде бір-ақ келді. 

-Туған әкелерің емес пе? Кешеден бері қайда жүрсіңдер? – деп, Қасымхан ренжігенін білдірген еді, үлкен ұлы Қанат жұлып алғандай:

-Бізге олай дейтіндей, сіз кім едіңіз?  Туған ағасы болсаңыз, он бес жыл қайда болдыңыз? – деді. Бауырынан мұндай жауап естимін деп ойламаған Қасымхан қапелімде не айтарын білмей қалды. Біраздан соң есін жиып:

-Әкелеріңнің арты қайырлы болсын. Көрмей кеткен қызықтарын сендер көріңдер, - деді.

-Рахмет, - деп, үлкен ұлы суық жауап берді. Басқалары үнсіз тұрды. Ешбір туыспен араласпай, жырақта  мүлде жат болып өскен олар дала тағылары сияқты еді. Ешқайсысынан ағайынға деген жылулықтың лебі білінбейді. Мүлде бөтен адамдар.

Осылайша бауырларын жер қойнына тапсырған туыстары үйлеріне тарасты. Оларды шығарып салған ешкім жоқ. Рахила оларды шығарып салмақ түгілі өзінің жан жарын соңғы сапарға шығарып сала алмады. Орнынан тұруға шамасы келмеді. Ол қайта-қайта талықсып кетіп жатты. Бірақ оны ешкім білмеді де. Бәрі ол бұрынғы әдетіне басып жатыр деді. Тіпті кейбірі енді кімге еркелеп жатыр екен деп, өзара күбірлесіп жүрді. Қалайсың деп, оның жанына қызынан басқа ешкім бармады. Рахила жанына келе берген қызын ымдап, қабағын түйіп шығарып жіберді. Ол өзінің тілсіз қалғанын біліп жатты. Сөйлейін десе, біреуді шақырайын десе, тілі сөйлеуге келмейді. Тіпті қимылдай алмай қалыпты. Өзінің де дәм тұзының таусылғанын білді. Көзінен аққан жасты сүртіп тастауға да шамасы келмеді. Қызы жанына келгенде қуанып қалғанмен, оған өз жайын білдіргісі келмеді. Кішкене жүрегін ауыртып алғысы келмеді. Оның үстіне әкесімен қоштасып қалсын дегені еді. Өзі әлі тірі жатырмын ғой деп ойлады. Кішкене күнінде әкесі өзін кеудесінен итеріп, тастап кеткенде, өміріндегі алғашқы соққыдан есін көпке дейін жия алмаған еді. Ал енді мына соққы соңғы соққы болар, сірә. Өткен өміріне ой жүгіртсе, өз өміріне сәуле шашып, нұрландырып, өміріне мән берген Қазыбегі екен ғой. Қазыбегінен басқа жанына жақын адам жоқ екен-ау. Тіпті марқұм анасына да ақтарылып, сырын айта алмайтын. Мұңдасы да, сырласы да, сүйіктісі де, сүйеніші де Қазыбек болды. Сөйткен Қазыбегін дос-жаран, туған-туыс, бала-шаға алдында сүмірейтіп, жер қылғаны несі? Аяулы жарының кіршіксіз махаббатына неліктен сондай сезіммен жауап бере алмады? Неліктен өмірге деген өкпесінің өшін Қазыбектен алды? Қазыбегіне оны қаншалықты жақсы көретіндігін ақтарылып айта да алмай қалды ғой. «Кешір, жаным, кешір мені, аяулым»,- деп, іштей күбірлеп жатты. Ел-жұрттың бәріне сүйкімсіз болды, мойындайды. Қазыбектің туыстары өз алдына, өз балаларының қайын жұрты - құдаларымен де жақын араласпай қойды. Тойларынан кейін-ақ жүген-шылбырын жиып алды. Жанына өз балаларынан басқа ешкімді жуытпайтын. Балалары да өзі сияқты кісікиік болып өсті. Енді, міне, жатқан жатысы мынау. Жападан-жалғыз. Жанына жағдайын сұрап ешкім келмейді. Кейбірі бөлмеге кіріп келіп, мұның жатқанын көреді де, тура бір құбыжық көргендей болып, есікті қайта жаба салады. Рахила дауыстап оларды шақырайын десе, даусы шықпайда. Тынысы тарылып барады. Бір кезде қолынан біреудің сипағанын сезіп, көзін ашып алды. Дәл жанында Қазыбегі жымиып отыр: 

-Жасыңды сүрт, жаным. Мен жаныңдамын.

-Жаным, сен менің жалғыз қалғанымды біліп келдің бе? Рахмет, Қазбек. Мен сені бақытты ете алмадым. Кешіре алсаң, кешір мені.

-Олай деме, сүйіктім. Мен сенімен бірге өмір сүргеніме бақыттымын. Қателік екеумізден де кетті. Бірақ қателеспейтін адам бола ма?

-Бізге Алла тағы бір мүмкіндік берсе ғой, әттең... Мен сені мүлде ренжітпейтін едім. Жәмиләні қызымдай көретін едім. Туған-туысыңның алдында құрақтай ұшар едім, Қазбек.

-Білемін, жаным. Болды, енді, өзіңді өзің қинай берме, - деп, Қазбек орнынан тұруға ыңғайланды.

-Қазбек, мені тастап кетпеші, жаным. Өзіңмен ала кетші, өтінемін, - деп Рахила оның қолынан жібермей ұстап алды. Осы кезде бөлмеге қыздары Мөлдір келді:

-Мама, жүріңіз, Жәмилә әпкем шайға шақырып жатыр, - деді. Рахила қызына күлімсірей қарап, басын шайқағандай болды. Қызы да аса жабыспады, сірә, анасы демалсын деген болу керек. - Мама, бірдеңе керек болса, шақырыңыз, - деп, шығып кетті. Рахила қайтадан Қазбекке қарады. Ол жүр деп шақырғандай болды. Рахила ойланбастан Қазыбегінің соңынан еріп кетті.

**********

-Мамаңды шайға шақырып кел, Мөлдір. Ол кешеден бері нәр татқан жоқ, - деп, Баянды Жәмилә жұмсап жіберген болатын.

-Мамамның шәй ішкісі келіп жатқан жоқ. Демалсын, - деп, ол тез қайтып келді. Екеуі шайларын үнсіз отырып ішті.

-Мен ешқашан папам ауырып қалады деп ойламаппын. Өйткені ол ешқашан ауырдым деп айтқан емес. Ал мамам жиі ауыратын. Сәл ашуланса, давлениесі көтеріліп кететін. Мен папам өлді дегенге әлі сене алмаймын. Папамсыз қалай өмір сүреміз, мен білмеймін. Мамамды да аяймын. Ол енді мүлде жалғыз қалды ғой, - деп, енді үнсіздікті Мөлдір бұзды. 

-Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі адам тірлігін жасай береді. Мамаңды өзіңнің жаныңа алсаңшы күйеуің қарсы болмаса?.. Не болмаса, осында келіп тұрыңдар.

-Жолдасыммен ақылдасайын.

-Ағаларыңның тым болмаса, бүгін үйде қалмағандары дұрыс болмады. 

-Мөлдір үндемей, төмен қарады. Жәмилә сіңлісінің бір жағы жүрегі ауырып, бір жағы бауырларының қылығына ұялып, қиналып отырғанын көріп, жаны ашып кетті. 

-Мөлдір, неге ішіңдегі өксікті сыртқа шығарып, жылап алмайсың? Жеңілдеп қаласың, - деді.

-Білмеймін, әпке, мен жылай алмайды екенмін. Бізді мамам ешқашан жылаушы болмаңдар деп тәрбиелеген. 

-Бәрін іште сақтай берген болмайды. Жүрекке салмақ түседі.

-Мен, мен папамды қатты жақсы көретінмін. Мамамнан да қатты жақсы көретінмін. Бірақ мамамды ренжітіп алмайын деп, білдіртпеуге тырысатынмын. Біз бәріміз, папам да, мамамды ренжітіп алмауға тырысатынбыз. Ал папам менің өзін қатты жақсы көретінімді білетін. Ол білетін, - деп, Мөлдір Жәмиләні құшақтай алып, солқылдап жылап жіберді, - өткенде ауруханада дәрігерлер папамның диагнозын айтқанда, жүрегім тоқтап қала жаздады. Бірақ мамам маған жылаушы болма деді. «Сенің өмірің әлі алда. Өмірің әкеңе байланып тұрған жоқ. Онсыз да өмір сүре аламыз» деді. Ал папам маған өткенде: «Мамаларыңды ренжітпеңдер, жылатпаңдар, көмектесіп тұрыңдар. Жалғыз қалып кетпесін», - деді, әпке. Ол өзі өліп бара жатып, мамады ойлап жатты. 

Жәмилә мен Мөлдір түн ауғанша отырды. Бірін бірі он бес жыл көрмеген әпкесі мен сіңлісі әбден іштегі шерлерін тарқатты. Мөлдір анасының жанына барып жатпақшы болды. Бірақ оның қимылсыз қалың ұйқыда жатқанын көріп, оятып алармын деп, Жәмиләнің жанына кетті. Ол анасының көрпесін қымтап жауып, бөлмесінің есігін шақырса естімей қалмайын деген оймен ашып қойды... 

-Мама, мама, анашым, не болды саған?  Өтінемін, көзіңді ашшы, -деген Мөлдірдің жанталаса айқайлаған даусынан оянып кеткен Жәмилә не болғанын ұқпай қалды. Орнынан ұшып тұрып, Рахиланың бөлмесін жүгіре басып келді.

-Не болып қалды, Мөлдір? 

-Мамам, әпке, мамам да.., - деп, ары қарай ештеңе айта алмай, ол талықсып құлап түсті. Қапелімде не болғанын ұқпай қалған Жәмилә біресе Рахиланы, біресе Мөлдірді жұлқылап, есі шығып кетті. Әрең дегенде есін жиып, жедел жәрдем шақырды. Одан кейін ағасына, әпкелеріне, бауырларына телефон соғып:

-Тез жетіңдер, - деді. Басқа не айтарын білмеді. Бірақ ешқайсысы неге деп сұрамады, тағы бір сұмдықтың болғанын оның даусынан-ақ білді. 

Бірінші жедел жәрдем жетті. Мөлдірге нашатыр иіскетіп, есін жиғызып, бір укол салды. Ал Рахиланың бетін жауып қойды. Жәмилә дәрігерлерден ештеңе деп сұрай алмады. Тілі күрмеліп, сөйлеуге келмей қалды. Кешегі туған-туыс бәрі жиналды. Алыс ауылдан келген жұрағат та әлі кетіп үлгермеген еді. Үйдің іші қайтадан азан-қазан болды. Сөйтсе, Рахила кеше түнде көз жұмған екен. Мөлдір барып, үстін қымтап, жауып жүрген кезде, ол  қайтыс болып кеткен екен. Өзі де шаршап, мең-зең болып жүрген Мөлдір оған мән бермеген ғой. Оның үстіне кім ойлаған бұлай болады деп. Кешеден бері Рахиланы жақтырмай, онымен сөйлеспей қойған ағайын енді бүгін өздерінің сол қылықтарына ұялып, беттерін басып, жылап отыр. Бәрі өздерін кінәлап отыр. Кейбірі тіпті оған көңіл де айтпапты. Өзінің қылығынан, әрине. 

Әйтсе де, топырақты өлім үстінде өкпені ұмытып, жанына отырып, ішіндегі шерін шығартса болатын еді, әттеген-ай. 

Пендешілікке салынып, берілген өмірдің мәнін жоғалтып алатынымыз-ай осы. Әттеген-аймен екінші күні Рахиланы да жер қойнына тапсырды. Қазбектің жанына жерледі. 

Жәмилә олардың қырқын өткізгенше, ағасының үйінде қалатын болды.  Қырқына дейін көңіл айтып келген адамдарды күтіп, шығарып салып, дастарханды жимай отырды. Аға-жеңгесіне көздерінің тірісінде жасай алмаған қызметін осылай өтемекші сияқты. Өзінің кешірім сұрап, кішірейе салмағанына өкінеді. 

Әттеген-ай, сол кезге қайта оралса ғой. «Жеңге, кешіріңіз, әрине, сіздікі дұрыс»,- дер еді.

Туған туыс жиылып, наурыз айында қырқын өткізді. Қазыбектің зейнеткерлік демалысқа шығатын күніне тура келіпті. Осылайша аға жеңгесі қол ұстасып, мәңгілік зейнеткерлік демалысқа кетті. Бәрі абыр-сабыр болып жатқанда Қазбектің үлкен ұлы Қанаттың келіншегі Нағима:

- Мына туыстар түгел отырған кезде айтайын. Қанат әулетіміздің үлкені болғандықтан, үлкен үйде біз қаламыз. Оған ешкімнің таласы болмайды деп ойлаймын, - деді. Бәрі оған аңтарыла қарап қалды. Айтылатын кез де, орны да бұл емес еді, әрине. Бірақ енді айтылған соң қайтесің.

-Қалайша сендер отырасыңдар, Талғат та олардың туған ұлы ғой. Неге өздеріңді ерекшелейсің. Үйді сатып, бәріміз бөліп аламыз, - деп, абысыны Нұргүл шап ете қалды. Бәрі үнсіз. Жәмиләнің көзіне өз анасы қайтыс болған кездегі жағдай елестеп кетті.  

-Бұл үйді негізі анасы Мөлдірге мұрагерлікке қалдырған. Міне, құжаттары, - деп, өткеннен бері жандарында жүрген юрист жігіт сөзге араласты.

-Не? Қарай көр өзін. Айттым мен саған, сенің әке-шешең Мөлдірді ғана жақсы көреді деп. Қалай екен. Сендер ұлдармыз, әкеміздің ұрпағын жалғастырушымыз дейсіңдер. Отыр сен, Мөлдір, әкеңнің шаңырағының түтінін түтетіп, күйеуіңді күшік күйеу қылып кіргізіп ал да, - деп Нағима аузынан көбігі шашырап, түтігіп кетті. 

-Жоқ, олай демеңіз, Нағима апай, - деп Мөлдір жүгіріп келіп оны құшақтай алды, - мамамның неге олай жасағанын мен білмеймін. Бірақ бұл үй сіздерге тиесілі. Біздің ендігі әке-шешеміз сендерсіңдер ғой. Мен қазір-ақ үйді сіздердің аттарыңызға жазып беремін, - деді де, жылап жіберді.

-Аға, менің олай жазуыма болады ғой? – деп ол енді юрист жігітке қарады. Ол:

-Әрине, болады, - деп жауап берді.

-Естідіңіз ғой, Нағима апай. Үйге бола ренжіспейікші. Мен сіздерді қатты жақсы көремін. Біз енді бәріміз бірге болуымыз керек. Мен ешқашан сіздерді ренжітпеймін, Нағима апай, Нұргүл. 

Қайынсіңлілері бұлай айтады деп ойламаған жеңгелері сасып қалды. Екеуі де өздерінің орынсыз қылықтарына ұялып, абдырап қалды. Бір кезде екі жеңгесі Мөлдірді ортаға алып, өздерінің қылықтарын жуып-шайып, бірдеңе айтып жатты. Сіңлісінің ақылдылығына, батылдығына сүйсінген Жәмилә оларға сырттарынан сүйсініп қарап, үнсіз жылап тұрды. 

Әттеген-ай!.. 

Кезінде Жәмилә да осылай істегенде, бәрі басқаша болатын еді-ау.  Өзімізге өлшеп берілетін өмірді өкінбей сүру үшін пендешілікке салынбай, ашуға ерік бермей, оны ақылға жеңдіре білгеніміз жөн-ау. Әттеген-ай!..

Салтанат Хұсайынова

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395