Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4073 0 пікір 29 Қазан, 2011 сағат 12:50

Ойы – терең, жігері – ерен

Жазушы Кеңес Юсуп туралы әңгіме бола қалса, жұртшылық ең алдымен оның аудармашылық өнерін ауызға алады. Колумбия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын тәржімалаудағы шеберлігіне, айтар ойы терең, астары қалың, күрделі туындыны қазақ тілінде жатық сөйлете білген жазушының жанкешті тірлігіне сүйсінеді. Оның үстіне латынамери­кандық қалам иесінің әу баста испан тілінде жарық көрген романының орыс тіліндегі нұсқадан аударылғанын ескерсек, автор ойын, оқиға иірімдерін қазақ оқырман­дарының көкейіне жеткізудің қаншалық­ты қиындай түсетіні өзінен-өзі түсінікті.

Заманның өзекті мәселелерін көркем туындыға арқау еткен, тілі де, тіні де ауыр бұл туынды қазақ тілінде жарық көрмес бұрын он миллион дана таралыммен әлемнің 32 тілінде сөйлеп үлгерген-ді. Дүниежүзі тарапынан қызы­ғушылық туғызған әйгілі шығарма 1985 жылы ана тілімізде жеті мың данамен жарық көре салысымен-ақ лезде тарап, әдебиет сүйер қауымға қапелімде таптыра қоймайтын тапшы кітаптың біріне айналды.

Жазушы Кеңес Юсуп туралы әңгіме бола қалса, жұртшылық ең алдымен оның аудармашылық өнерін ауызға алады. Колумбия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын тәржімалаудағы шеберлігіне, айтар ойы терең, астары қалың, күрделі туындыны қазақ тілінде жатық сөйлете білген жазушының жанкешті тірлігіне сүйсінеді. Оның үстіне латынамери­кандық қалам иесінің әу баста испан тілінде жарық көрген романының орыс тіліндегі нұсқадан аударылғанын ескерсек, автор ойын, оқиға иірімдерін қазақ оқырман­дарының көкейіне жеткізудің қаншалық­ты қиындай түсетіні өзінен-өзі түсінікті.

Заманның өзекті мәселелерін көркем туындыға арқау еткен, тілі де, тіні де ауыр бұл туынды қазақ тілінде жарық көрмес бұрын он миллион дана таралыммен әлемнің 32 тілінде сөйлеп үлгерген-ді. Дүниежүзі тарапынан қызы­ғушылық туғызған әйгілі шығарма 1985 жылы ана тілімізде жеті мың данамен жарық көре салысымен-ақ лезде тарап, әдебиет сүйер қауымға қапелімде таптыра қоймайтын тапшы кітаптың біріне айналды.

Романның қазақ тіліндегі нұсқасы­мен танысып шыққан зиялы қауым  К.Юсуптың қазақтың қара сөзін қа­пысыз меңгеріп қана қоймай, әлем халқы мойындаған жауһар туындыны оқырманға ана тілінде жеткізуде тілі­міздің әлеуетін мейлінше сарқа пайдалана білген көркем аударманың сарабдал маманы екенін сол тұста-ақ мойындаған еді. Көркем аударма саласында бұрын-соңды шығармашылығымен көзге түсе қоймаған жазушының бірден әлемдік әдебиеттің жалынан ұстап, асауды жуасытқан әбжіл атбегідей мінез та­ны­туы өзгелер үшін күтпеген жағдай-ды.

Әрине, бұл өзгелер үшін. Ал К.Юсуп үшін бұл жылдар бойғы ізденістің жемісі болатын. Ақырын жүріп, анық басқан ілкімді қадамдардың із қалдырған белгісі еді. Бұған жазушының өмірді көркем түйсіне білетін өзіне тән қабілетін қосы­ңыз. Сонда оның өз сөзімен айт­қан­да, «Жүз жылдық жалғыздық» туындысын қолына алған­дардың ішінде самарқау қалған адам болмаған романды қазақ­тың төл туындысы дәрежесіне жете­ғабыл дүние жасауының сыры ашыл­ғандай болады.

Біздің ойымызша, жазушының көр­кем аудармадағы мінсіз шеберлігін аң­дау үшін өзіміз әңгімелеп отырған «Жүз жылдық жалғыздық» романының қазақ тіліндегі нұсқасын ол аударылған орыс тіліндегі нұсқамен салыстыра талдау шарт емес. Ол - сыншылардың міндеті. Ал роман­ның қазақ тіліндегі нұсқасына қызы­ғушылық танытқан оқырман оны­мен таныса бастаған алғашқы сәттен-ақ шұ­райлы тілмен баяндалған оқиғаның соңы­на ере жөнелгенін өзі де байқамай қалады.

Сөзіміз дәлелді болу үшін шағын ғана мысал келтірейік: «Жыл сайын наурыз туа, селеннің шетіне жалаңаш-жалпы сыған тобыры келіп шатырын тігеді де, сырнайлата-кернейлете жүріп, Макондо жұртын оқымыстылардың соңғы кезде ойлап тапқан жаңалық­тарымен таныстыратын. Сығандардың алғашқыда әкелгені - магнит. Еті қайт­қан салалы саусақтары буын-буын­дарынан құс топшыланып бүгіле баста­ған, өзін Мелькиадес деп таныстыр­ған қалың қауға сақалды, месқарын сыған Македония алхимиктері ашқан әлемнің сегізінші ғажайыбы осы деп, магниттің қасиеттеріне жиналған жұртты таң-тамаша етті. Екі қолына темірдің қос кесегін ұстаған ол лашық-лашықтың арасын қуалай өтуі мұң екен, зәре-құты қашқан жұрт шылапшын, теген, тістеуік, табақ біткеннің жатқан орындарынан сарт-сұрт көтеріліп, тот басқан шеге-бұрандалардың қағылған жерлерін қа­қыратып шығардай қаңсыған тақтай­ларды сақыр-сұқыр еткізгенін көріп, қай­ран қалды. Әлдеқашан із-тозсыз жоғал­дыға саналған заттар да бұдан бұрын талай іздегенде таптырмаған тұстан шығып, Мелькиадестің сиқырлы темір­ле­рінің соңынан ұбырып-шұбырып ере жөнеледі. «Заттың да жаны бар», - деп шырылдақ дауыспен сыған жар салып жүр. - Тек оларды оята білу керек».

Көріп отырғанымыздай, оқиғаны суретке түсіргендей дәл бейнелеген қазақтың шұрайлы тілі алдымыздан шықты. Тілге жан бітірген, оны жоға­рыдағыдай қимыл-қозғалысқа салып, оқушыны еліктіріп әкеткен К.Юсуптың бұл аудармасын әгәрәки шетелдік атаулар болмаса, қазақтың төл туындысы деп ойлап қалуың әбден мүмкін. Аударма­шының да, түптеп келгенде, діттегені осы болса керек. Әрі жазушы өз мақса­тына ойдағыдай қол жеткізе де білген.

Өз басым жазушыларды екі топқа бөліп қарастырамын. Олардың бірі - көп жазады. Көп жазса да дөп жазады. Яғни, көп жазамын деп, мән-мағынадан айрылмайды, оқушысын жоғалтпайды, оқырман оны тағы не жазды екен деп іздеп жүреді. Екіншісі - аз жазады, аз жазса да саз жазады. Яғни, бәленбай жыл бұрын жазылған шығармасы ұмы­тыл­май, оқырманның көкейінде тұрады.

Кеңес ағамыз екінші топтағы жазушы. Оның жазушылығын былай қойғанда, осыдан ширек ғасыр бұрын жарық көрген «Жүз жылдық жалғыздық» атты аударма кітабының бірнеше рет қайта басылып шыққанын айта кеткен орынды. Жақсы аударылған кітапқа деген оқырман ықы­ласын осыдан-ақ байқай беріңіз.

К.Юсуптың аз жазса да саз жазатын мінезі аудармаға ғана емес, жалпы шығар­машылығына тән десем, артық айтпай­мын. Оның әр жылдары баспасөзде жарияланған туындыларын есептемегенде, кітап болып жарық көрген шығар­маларының саны анау айтқандай көп емес («Ақиқат сапар», «Қарашадағы көктем», «Охапка полевых цветов», «Желқайық»).

Алайда ол шығармалардың әрқайсысы өздерінің шынайылығымен, көркемдігі­мен дараланады. Әңгімелер, хикаяттар болып келетін бұл дүниелерді талдап, таразылауды мақсат тұтпаймыз. Айтпағымыз - олармен танысқаннан кейін жазушының «Жүз жылдық жалғыз­дық» тәрізді классикалық туындыны қазақ тілінде сөйлетуге үлкен дайындықпен келгенін аңғарамыз.

Кеңес ағамыздың соңғы жылдары қолға алған және бір игілікті шарасы -әдебиет сүйер қауымның, жалпы қазақ оқырманының өз қазанында ғана қайна­уымен шектелмей, сан алуан халықтар әдебиетінен хабардар болып отыруын көздеп, журнал шығара бастауы. Сол арқылы ағамыз туған халқының тәуелсіз елге тән биік өреден көрінуіне азды-көпті үлес қосуды мақсат тұтқандай. Осы бағыттағы жұмысты ол соңғы 5-6 жыл­дың көлемінде мықтап қолға алып, бүгінгі күні тұрақты оқырмандарын тапқан, қалыңдығы бір елі, мазмұны сүбелі «Әлем әдебиеті» журналының екі айда бір рет жарық көруіне қол жеткізді.

Көрнекті тәржімешінің көркем аудар­маның азапты жұмысымен айналы­сып қана қоймай, қазақ оқырманын әлем әдебиетімен біржола қауыштыру ниетінің сәтімен жүзеге асқанына біз де қуа­ныштымыз, әрине.

«Біздің негізгі мақсатымыз - әлемнің классикалық әдебиетін қазақ тілінде сөйлету, - деп ой бөліседі К. Юсуп мырза. - Бұл ретте өзімізді үлкен жаңалық аштық деп есептемейміз. Көркем аударма өнері саласында елімізде белгілі бір қалып­тасқан тәжірибе бұрыннан бар. Кезінде әлемдік классиканың небір шоқтықты дүниелері қазақ тілінде жарық көрген. Халқымыздың бетке ұстар талай зиялы­лары бұл игілікті іске үлестерін қосқан. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Қазақстан баспалары «Достық кітапханасы» сериясымен бұрынғы Кеңес Одағының, сондай-ақ алыс шетелдің көптеген айтулы қаламгерлерінің шығар­ма­ларын басып шығарған. Тоқсаныншы жылдары тоқырап қалған осы істі қайта жандандыруды қолға алып отырмыз.

Зерттеулерге зер салсақ, қазіргі уақыт­та өркениетті елдердің 40 пайызға жуығы аударманы ақпарат алудың негізгі көзі санайды екен. Әсіресе, дербес даму жолына бертінде түскен елдердің оған деген ықыласы зор деуге болады. Былайша айтқанда, аударма өнері мемлекеттердің бір-бірімен саяси, мәдени және экономи­калық байланыстар орнатуына дәнекер болумен қатар, олардың әлемдік рухани кеңістікке кірігуіне, өркениет құндылық­тарын игеруге, өздерінің төл әдебиеті мен мәдениетін, өнерін өркендетуге септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл орайда Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құры­лып, жемісті жұмыс істеп келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясын­да біраз игі шаралардың іске асқанын атап көрсеткен жөн.

Әрине, қазақ оқырманын әлемдік әдебиетпен төл тілінде қауыштыратын журнал шығару оңайға түскен жоқ. Шынтуайтына келгенде бұл уақытты, қаржыны, күш-жігерді талап ететін үлкен жұмыс. Соның бәрін жалғыз өзім ең­сердім деп кеуде соққаным асылық емес пе? Түрлі ұйымдастыру шаралары тұ­сында көмек қолын созғандар болды. Сөз ретіне қарай, солардың арасынан «Фолиант» баспасының директоры, өнер жана­шыры Нұрлан Исабековтің еңбегі ерекше екенін айтуға тиіспін. Тоқетері, осының бәрі келер ұрпақтың қамы ғой. Мұратымыз - әлемдік әдебиет арқылы ана тілінен заманға лайық сусындаған жас буынды тәрбиелеуге өз үлесімізді қосу».

Ағамыз осылай деп толғанады. Және оның туған тіліне байланысты толға­нысы бір бұл ғана емес екенін де білеміз. Қайда қызмет атқармасын, нендей жұмыс істемесін Кенекеңнің қоғам­дағы негізгі шаруасынан, шығар­машылы­ғынан бө­лек қаузайтыны - тіл мәселесі. Қызмет демекші, К.Юсуп өзінің шығар­ма­шылық жолын журналистикадан бас­тады. Шығыс Қа­зақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде әдеби қызметкер, бөлім мең­герушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қыз­меткер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Қазақстан коммунисі» (қа­зіргі «Ақиқат») журналында бөлім меңгерушісі, «Жұлдыз» журна­лында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Мемлекеттік басқару органда­рында жауапты қызметтер атқарды, Қа­зақстан компартиясы Орталық ко­ми­тетінің нұсқаушысы, Президент Әкім­шілігінде сектор меңгерушісі болды.

Міне, осындай сан салалы, қыруар шаруалар атқара жүріп, Кенекең қазақ тіліне қатысты өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе, еліміз егемен ел атанған 90-шы жыл­дардан бергі кезеңде мемлекеттік тіл­дің, яғни қазақ тілінің республика өмірінен лайықты орын алуы жолында хал-қадерінше еңбек етіп келеді. Сөзіміз жалаң болмау үшін фактілерге жүгі­нейік. Мысалы, К.Юсуптың терминология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселе­леріне арналып жазылған «Құ­жат тілі» атты кітабы 2001 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдар­лама­сының аясында жарық көріп, іле-шала «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін алды. Сондай-ақ «Қазақстан» және «Атамұ­ра» баспаларынан «Анықтама сөздігі», «Екі тілде іс жүргізу» сөздігі кітаптары шықты. Мұның сыртында «Егемен Қазақстан» газетіне «Сөз алдындағы жауапкершілік», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» деген тақырыппен топтама материалдар жариялады.

Аталған еңбектерінде автор тіл тақырыбы ауқымының кеңдігін, соның ішінде ең көкейкестісі мемлекеттік мәртебесі бар тілді ел өмірінің түп- қазығы - құжаттардың тілі деңгейіне көтеру мәселесі екенін айта келіп, тілімізде айналысқа енуге әбден лайықты, бірақ түрлі себептермен күнделікті тіршілігімізге кіріге алмай жүрген сөздер төңірегінде айшықты ойларын ортаға салады. Және өз пікірін «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» келтірілген мысал­дармен әдіптей отырып дәлелдейді.

Осы арада жазушының орынды уәждеріне қарамастан, қазақ тілінің қорында ежелден бар көптеген сөздер­дің айналысқа түспей, қолданысқа енбей жүруінің себебін өзімізден іздегеніміз жөн дегіміз келеді. Әртүрлі сылтау айтамыз. Дәлел келтіріп тұрса да мойындамаймыз. Себебі - біреу. Тіліміз жүздеген жылдар бойы отбасы, ошақ қасы күй кешті. Жүздеген, тіпті мыңдаған сөздер айналыстан шығып қалды. Оның үстіне кеңсе тілін жасап отырғандар күні бүгінге дейін орыс тілді мамандар. Іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіліп жатыр дегенді дәлелдеу үшін қағаз хатталып, тігулі тұрса болғаны. Ал Кенекең сөз жүзінде емес, құжат жүзінде, кітап жүзінде дәлелдеп отырған сөздер егемендік тұсында айналысқа енбегенде қай кезде енеді.

Айта берсек, көрнекті аудармашы, талғампаз жазушы, танымал журналист, белгілі тіл жанашыры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, сан қырлы талант иесі, білімдар азамат Кеңес Сіләмханұлы Юсуп туралы әңгіме әсте түгесілмек емес. Әсіресе, оның күнде­лікті тіршіліктегі ақжар­қын, сыршыл мінезі жұртшылықты өзіне тартып, онымен кездесе қалған адам амандық-саулықтан кейін Кене­кеңнің әдемі әзіл-қалжыңдары мен әңгімелерін қимай, ұзақ айнал­соқтап қалатыны бар. Жазу­шы өз шығар­маларында кейіпкерлерін қандай адал, қайырымды бейнеде көрсетуге ұм­тылса, өмірде өзі де дәл сондай айна­ласындағыларға қайырым­ды, сергек жан. Кездескенде күлімсірей қараған жүзінен жан әлемінің кіршіксіздігі анық байқалып тұратын ағамызға арнаған бір өлеңінде досы әрі жерлесі, белгілі ақын, марқұм Тоқтарбек Қызықбаев былай деген екен:

...Нәр берген, шуақ берген,

шабыт берген,

Дарының қадамыңмен әдіптелген.

Өнердің құдіреті ғой екеумізді,

Жетелеп Алматыға алып келген.

 

Сол шығар көгергені көсегемнің,

Биіктеп көз алдымда өсе бердің.

Алатау бүгін саған тағзым етіп,

Гүлдері иіледі көшелердің.

 

Көңілің әнге құштар, жаның жырға,

Бар қанша лапылдаған жалын мұнда?!

Көрмедің тіршілікте ұсақталып,

Адамдық даңғылынан табылдың да.

 

Байқалар арман асқақ, үміт дара,

Сыйлысың алысқа да, жуыққа да.

Сабырлы мінезіңнен ауытқымай,

Тұрғаның қандай жақсы күліп қана...

Бала кезден бірге өскен сыралғы, үзеңгілес достың жүрек түкпірінен шық­қан жыр жолдары Кенекеңнің бүгінгі келбетін дәл сипаттауымен құнды.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279