Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
8063 2 пікір 21 Мамыр, 2020 сағат 13:04

«Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» романы қазақ тілінде жарық көрді

Британ жазушысы Жоан Роулиң жазған «Хәрри Поттер» сериясының екінші кітабы «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» романы ресми түрде қазақ тіліне аударылып, сатылымға шықты. 

Екінші кітапта оқырманға жақсы таныс кейіпкерлер Хәрри, Рон және Хәрмиона Хогуартс сиқыр мектебіндегі әлдебір тылсым «Мұрагердің» оқушыларға жасаған шабуылын зерттейді. 

«Хәрри Поттер» сериясын қазақ тіліне аударып жатқан «Steppe & WORLD Publishing» баспасының басшысы Райса Сайранқызы Қадырдің айтуынша, «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме»  5 000 данамен жарық көрген. 

Хәрри Поттер мен жасырын бөлме. Бірінші тарау

«Осы жылдың ақпан айында шыққан серияның бірінші кітабы «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» үлкен сұранысқа ие болды. Кей кітап дүкенінде ең көп сатылған еңбектердің қатарына кірді. Оқырмандар аударма деңгейі, кітап сапасы туралы жақсы пікір білдірді. Бұл бізді керемет қанаттандырды», - дейді ол. 

Райса Сайранқызының айтуынша, серияның үшінші кітабы «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны» маусым айының соңында жарық көреді. Жыл аяғына дейін төртінші және бесінші кітаптарды шығару жоспарланып отыр. 

«Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітабының жауапты редакторы Назгүл Қожабек еңбекті аудару барысында болған кей қызық жайтты атап өтті. 

«Хәрри Поттер» сериясының екінші кітабы «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітабында бірнеше жаңа кейіпкер қосылды. Мәселен, осы кітаптағы оқиғаның «түпқазығы» – алып жылан Basilisk. Орыс тіліндегі нұсқасында Василиск деп алынған. Біз оны Аждаһа дедік. Ежелгі ертегілерді ақтарып, жылан патшасының атауын алуды жөн көрдік. Тағы бір «қиналған» тұсымыз - Том Редлдің атынан «Мен Лорд Волдеморт» деген анаграмма шығару болды. Көпшілік білетіндей, бұл – түрлі тілдерге аудару барысында қатты қиындық тудырған нәрсе, соның салдарынан түпнұсқадағы Tom Marvolo Riddle есімі түрліше құбылып кетті. Біз "Мен Лорд Волдеморт" деген үш сөздегі әріптердің бәрін шығару үшін сәл өзгертуімізге тура келді. Қалай өзгерткенімізді оқырман көре жатар», - деді Назгүл Қожабек. 

Кітапты қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы Динара Мәзеннің айтуынша, екінші кітаптың атауын белгілеуге ұзақ уақыт кеткен. 

«Құпия бөлме», «Жұмбақ бөлме», «Жасырын жай» секілді түрлі нұсқа болды. Соның арасынан тақырыпты жақсы ашады деген келісіммен «Жасырын бөлме» деген атауды таңдадық. Жалпы алғанда, бірінші кітапта көптеген терминдерді нақтылап, бекітіп алғандықтан, екінші кітап тезірек аударылды», - деп атап өтті Динара Мәзен. 

«Хәрри Поттер» және оның әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде шығару құқығы «Steppe & WORLD Publishing» баспасына тиесілі. Жоба қандай да бір сыртқы қаржыландырусыз жүзеге асырылып жатыр. 

«Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабына қазір «Steppe & WORLD Publishing» баспасының әлеуметтік желілердегі парақшалары (Facebook, Instagram) арқылы, сондай-ақ whatsapp мессенджерімен +7 700 246 35 30 нөмірі бойынша тапсырыс беруге болады. Ал 2020 жылдың мамыр айының 26 жұлдызынан бастап «МЕЛОМАН», Flip.kz, «Эрудит», «Magic Toys», «Қазына», Cocobee.kz, Kitapal.kz, Knizhka.kz кітап дүкендерінен сатып алу мүмкіндігі пайда болады. 

Қосымша ақпарат: 

Райса Сайранқызы Қадыр – «Steppe & WORLD Publishing» баспасы мен «Alghayat» әдеби агенттігінің негізін қалаушысы, басшысы. Балаларға арналған Жулия Дональдсонның «Ақын Қоян», «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай Жұлдызқұрт», сондай-ақ «Анна Франктің күнделігі» секілді кітаптарды қазақ тіліне аударуға бастамашы болған. 

Назгүл Қожабек – редактор, аудармашы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, филология магистрі. «Менеджмент» (авторы – Р. Гриффин), «Маркетинг негіздері» (Ф. Котлер), Oxford экономика сөздігі секілді бірнеше кітаптың аудармашысы әрі редакторы. 

Динара Мәзен – аудармашы. Көркем аударма магистрі. «Әлем кереметтері энциклопедиясы», «Робин Гудтың басынан кешкен қызықты оқиғалары», «Әлемді 80 күнде шарлау», «Ұлы өнертабыстар энциклопедиясы», «Қазіргі бизнес коммуникация», «Медиа және журналистика» секілді түрлі кітаптардың аудармашысы. 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2042