Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2631 0 пікір 9 Қараша, 2011 сағат 04:42

Қайсар Әлім. Астана, Алматыға ұқсап бақ!

«Біз Алматыда тұрамыз!» Ағынан ақтарылып, шалқи шешіледі. Жүрек сөзі жалған болып па? Мақтаныш лебі еседі. Сүйсінеді. Ал­матысын - астанасын шексіз сү­йетіні сезіледі. Сырттан барған­дар осы ғажап сезімге өн-бойын жылытып, әсерленіп кететін. Ару Алматының тұрғыны болуды аң­сай­тын. Алатауға қарап, сұлулықтың не екенін ұғы­на түсетін. Жасыл-желегін жамыла көшесін қы­ды­рыстағанда, жұмақта жүргендей масайрап, мар­қа­йып қалатын. Сылдырап аққан арық суы тынысын ашып, бұрқақтары көңіл кірін жуып, тазалап жал­тыратып жатқандай ма? Мап-майда самалы ғазиз анаңның маңдайыңнан жеңіл сүйгеніндей, жайдарман желпіп өтеді. Одан сайын аңсарлы, сиқырлы ой дегбіріңді ала түседі: «Алматыда неге тұрмадым екен?»

Шіркін-ай, Алматыда тұру әр адамның ыстық ықыласын оятқан тәтті арманы болушы еді. Әлі де солай ғой. Аясынан Астана көшіп кетті екен деп, Алматының саясын ешкім сағынбайды дегенге кім сенуші еді. Ешкім сенбейді. Қайта, Алматыға деген іңкәрлігі басым кім-кімнің де. Бұрынғы тұрғынының да, ешқашан мекендеп көрмегенінің де. Аңсарға әмір жүрмейді. «Зейнетке шығы­сы­мен Алматыма тартып отырамын», дейтіндердің жолын кесесің бе, түге. Әркімнің жүрек таңдауы - көңіл хошы. Жалпақ Отанының әр түкпірін ыстық та жайлы ұя деп бағалайтын оларға не кінә тағарсың?!

«Біз Алматыда тұрамыз!» Ағынан ақтарылып, шалқи шешіледі. Жүрек сөзі жалған болып па? Мақтаныш лебі еседі. Сүйсінеді. Ал­матысын - астанасын шексіз сү­йетіні сезіледі. Сырттан барған­дар осы ғажап сезімге өн-бойын жылытып, әсерленіп кететін. Ару Алматының тұрғыны болуды аң­сай­тын. Алатауға қарап, сұлулықтың не екенін ұғы­на түсетін. Жасыл-желегін жамыла көшесін қы­ды­рыстағанда, жұмақта жүргендей масайрап, мар­қа­йып қалатын. Сылдырап аққан арық суы тынысын ашып, бұрқақтары көңіл кірін жуып, тазалап жал­тыратып жатқандай ма? Мап-майда самалы ғазиз анаңның маңдайыңнан жеңіл сүйгеніндей, жайдарман желпіп өтеді. Одан сайын аңсарлы, сиқырлы ой дегбіріңді ала түседі: «Алматыда неге тұрмадым екен?»

Шіркін-ай, Алматыда тұру әр адамның ыстық ықыласын оятқан тәтті арманы болушы еді. Әлі де солай ғой. Аясынан Астана көшіп кетті екен деп, Алматының саясын ешкім сағынбайды дегенге кім сенуші еді. Ешкім сенбейді. Қайта, Алматыға деген іңкәрлігі басым кім-кімнің де. Бұрынғы тұрғынының да, ешқашан мекендеп көрмегенінің де. Аңсарға әмір жүрмейді. «Зейнетке шығы­сы­мен Алматыма тартып отырамын», дейтіндердің жолын кесесің бе, түге. Әркімнің жүрек таңдауы - көңіл хошы. Жалпақ Отанының әр түкпірін ыстық та жайлы ұя деп бағалайтын оларға не кінә тағарсың?!

Бәрін көзбен көрдік, көңілмен сезінген едік. 1997 жылдың қысы қандай қаһарлы болды. Аязға буылған, дүлей боранды Ақмола алматылықтарды немесе еліміздің өзге өңірінен қоныс аударған­дарды еркелеткен жоқ. Көрген көзде жазық жоқ. Ысқырған желден аялдама қалқанымен қоса ұшып кеткелі тұрған адамның шарасыз кейпін көргенде, жан қысылады екен. Көктемге салым биік ғимараттың жоғарғы қабатынан мидай жазық далаға бірдеңесін іздегендей телміріп қарап тұр­ған бозбаланың: «Алатаудың бір шоқысын әкеп қондыра салса ғой...» - деп әлдекімге шағынып жатқанының куәсі болғанбыз. Мүмкін тауда туған пенде болды ма екен? Тауда туғандар тауды түсінде де аңсайды деуші еді...

Қалай десек те Арқаға жер ұйығы Жетісудан ел астанасы салқар көшімен қоныс аударды. Ұлы оқиға. ХХ ғасырдың теңдессіз өзгерісі. Елб­а­сы­ның, халықтың бірегей бітімді шешімі. Тегінде, астаналар ауысуының өзі табиғилық кезегімен реттеліп, шешіліп жататындай боп та көрінеді. Мұ­н­дай бастамалар талай уәлі ауыздардан шық­қан да. Алдаспан ғалым Қ.Сәтбаев, Алаш көсемі Ә. Бө­кей­ханов, поляк революционері А.Янушкевич ең­бектерінде Қазақ елінің астанасына лайық­ты жер ретінде дәп осы Арқа аймағы бөле-жара ла­йық­талған еді. Ал Міржақып Дулатовтың 1929 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесінде жатып, тергеуде берген «Қазақстандағы қоғамдық-саяси қыз­мет және оған алашордашылардың, менің қаты­насым жөнінде» деген жауап мақаласында: «Қазақ Рес­пуб­ликасындағы қазақ жауапты қызметкер­лерінің арасында жік-жікке бөліну және рулық топ­тар құру республика өмірге келген 1920 жыл­дан бас­талады...», - деп түйінделген. Енді Мір­жақыптың сол жауабына назар салайықшы: «Мәселен, Қа­зақстан орталығын Орынбордан көшіру мәселесі көтерілгенде Орал, Бөкей коммунистері орталық Орынборда қалсын, ең бол­ма­ғанда Ақтөбе болсын деген. Өйткені, бұл екі қала олардың еліне жақын. Түркістан коммунистері Шымкент, Қызылорда болсын деген. Өйткені, бұл қалалар солардың еліне жақын. Ақмола, Семей ком­мунистері орталық Семейде болсын деген. Өйт­кені, Семей оларға жақын».

Қараңызшы, Міржақыптың қабырғасы қалай-қалай сөгіледі. Бірліктің туын көтереді. Елдікке шақырған, ұранды сөз. Жікке бөлінбеуге үндеген қырағы көз. Қазақ дертіне айнала бастаған сәл ауытқуды сылап тастауға бекінген пәрменділік. Тү­бі, бір төбесі көрінетін тәуелсіздікке жетудің ұлы мұратты жолындағы әлгіндей кеселдерден күні бұрын арылуға деген мәрттік қадам мен іңкәр сезім! Ұлы істе ретсіз андағайлаудың қажет­сіз­дігін ұғындырған ақылмандық! Жасыратын несі бар, Ақмолаға бет бұрған ұлы көштің алдында да, соңында да шұбатылып неше түрлі сөз жүрді. Бірі - көшке оң болсын айтса, екіншісі - қырын қабақ танытқан. Тарих та түзу жолға түскендерді емексіп, ерік-жігеріне сәттілік тілейтіндей. Солай болды да. Тегеурінді көштің басында - Елбасы. Кейінгілері тізгінді тең ұстасып, үзеңгіге аяғын нық салып, бақытты ордаға бірлікпен баһадүрін қорғай, қолпаштай аттанған... Кейінгі нәтиже баршамыздың көз алдымызда ғой.

Сонымен, жаңа астана жайнап, жасарып жатыр. Қазақ елінің мәртебесі тіпті әлем алдында өсіп, құт қонған Қазақстанды жыға танитын мемлекеттер көбейді. Елордаға ынтыға келіп, көңіл хошын еселеп қайтады. «Қазақстан- Назарбаев» деп, риясыз шаттанып аттанады. Сырт көз осы­лай­ша сұқтанғанда, өз ішіміздегілер тақымын қы­сып, тамсанбағанда қайтсін? Баяғы тауды аңсай­тын­дардың өзі жазық даланың жұпарынсыз тұра алмайтындай өзгеріп сала беріпті. Тіпті: «Іргемізде Көкшенің таулары тұр ғой», деп өзге өрек­пі­ген­дердің көңілін басатын болыпты. Зейнетке шық­қан­дарының кейбірі «сол күні-ақ кетемін» деуінен айнып, отбасымен бақуатты өмір сүріп жатыр. Ар­қаның аязынан қорынғандар «бой сергітер бо­ра­ны­на» көндігіп қалғандарын жасырмай ай­та­ды.... Қысқасы, Астананың қысы-жазы ұйтқыған желіне жанын-жүрегін тосып, тазалатқысы келгендей, олар түпкілікті бақ қонысын тапқандай екен. Елбасы айтпақшы, кең-байтақ Қазақстанның қай бұрышы да ата-бабаларымыздың қанымен, арман-тілегімен қорғалып, мәңгілікке меншігімізге беріліп, маңдайымызға бұйырған жиделібайсынды, жәннат жер емес пе! Оның әр аймағы - әр қазақ­тың тұрағы! Әр тұрғынының аңсаулы мекені - бай­тағының әр пұшпағы! Бүгінде әр қазақтың бо­йын­да осындай елдік мінез қалыптасып келе жат­қаны- сананың жаңғырғаны ғой! Саф алтындай тазарғаны ғой! Міржақып мұңындағы - ортақ істі шешу барысындағы ру-ру, топ-топқа бөлінудің нышаны жоғалғанының белгісі де! Тәубе делікші.

Астаналық! Сізге кім қызықпайды қазір? Бәрі де. Шалғайдағы шалың теледидар алдында шал­қайып жатып: «Астанаға арбалып қалдым, көшіп кетсем қайтеді?» деп әдейі күпініп, қипақтапты. «Ауылсыз Астана бола ма, сен осында керексің»,  деп кемпірі кекетсе керек. Ұпайы орталанып қал­ған шалы сонда: «Бір арманым қалып барады, сондай әйбат қалада сенімен танысқанымда ғой...» деп сөзін жұтып қойыпты. Тойымсыз кәрі көзі кемпірін де бүйірінен түртіп жібергендей екен, бә­тір-ау. Жасты да, жасамысты да ынтық еткен елор­да осы екен. Ал жас тұрғындары қадірін то­лық біле ме! Шау тартқандары шамырқанбай, шуақ­ты күн­дерін күнгейлі етіп өткізе алып жүр ме?

Тұрғындарының рухани деңгейі биік, мәдени өмірінің мәнді болуына не қажет? Тіпті әлеуметтік тіршілігінің де сапасы әркімнің әдебиет пен өнер­ге деген сұранысының жүйелі қанағат­тан­дыры­луы­на байланысты екенін баса айтсақ, несі артық? Жаттанды ойды оңына бұрыңқырап зерлесек, шаһар зиялы болмай, адамдарының да зиялы, өрке­ниетке лайықты өмір сүруі неғайбыл секілді.

Сонда алғы кезекте Астанаға тән нендей ерекшеліктерді санамалауға болар? Алдымен зиялы тұлғалар көптік етпейді. Елорда енді еңсе тіктей бас­таған жылдары көшеден көрініп қалған мар­қас­қаларға өткіншілер ошарылып қарап, қалт тұ­рып қалатын. Сөйтсе, мүйізі қарағайдай болып елге танымал тұлғалар кетіп барады екен. Әр сала­ның талантты да өзгеше жаратылыстары: Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Ер­ке­ғали Рахмадиев... Келесі жолы көзге түсіп қал­ған­дары: Әзірбайжан Мәмбетов, Фариза Оңғар­сынова, Әкім Тарази, Қуаныш Сұлтанов, Мыр­за­тай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы... Тағы бірде үлкен ғимараттың алдында Дүкенбай Досжанов, Қайрат Жұмағалиев, Несіпбек Айтұлы шоғырланып тұр екен. Бәтір-ау, бәрі де көзге ыстық, көңілге жақын бейнелер. Дәп қазір ауызға алынбай қалғандары қаншама? Осылар шынында да жас Астананың көркі, сәні, абыройы, беделі бола білді емес пе? Астана сөйтіп, әдебиет пен өнердің, мәдениет пен ғылымның шамшырақтары жиналған зиялы ор­да­ға айналып, рухани әлемі нұрлана түскен. Кезінде аты аталған даңғайырлардың баршасы Ал­маты­ның тұрғындары болған-тын. Соның көркі, рухани мақтанышы, жайдарман жайсаңдары-тын. Ұлы көшпен ілесіп, елдік мінез танытқан дара­боз­дар-тын! Біразы әлі де астаналықтарды зиялылық шуа­ғы­на бөлеп, рухани мәйекке сусындатып келеді. Кетіп жатқандары да бар. Әркімнің өз қалауы ғой. Сөйттің екен деп, жазғырудан аулақпыз. Мы­са­лы, Шерағаңдар қайда жүрсе де елінің панасы, рухани данасы бола алатын тұлға емес пе?

Азиада дүркіреп өтті. Хоккейден басқа қызық­тарда жанкүйерлердің селдірлігі аңғарылып қал­ды. Мысалы, конькишілер сайысы сырт қолпаш­тау­сыз жетімсіреп өтті. Мұнда алматылықтардай ста­дион­ға қопарылып келіп, «қиқуға» басатын көрініс әлі бойына дарымағандай. Бір өкініштісі, әлемдік деңгейдегі ғимараттардың кейде мүмкін­ді­гіне сай жұмыс істемей, қаңтарылып тұруы ой­лан­дыруы тиіс. Бұдан астаналықтардың бұқара­лық спортқа әлі де ден қоймағандығын аңғаруға болады.

Әр деңгейдегі түрлі мерекелік, мерейтойлық көрмелер өтіп жатады. Мысалы, көркемсурет, қол­өнер көрмесі делік. Соларға ынтыға барып, рухани шөлін басушылар некен-саяқ. Тұрғындар зия­лы­лығында еленбейтін сәл нәрсе болмауы тиіс қой.

Астана туралы ән көп. Отансүйгіштікке, қала­ны құрметтеуге, тарихын зерделеуге үндейді. Қа­жет-ақ! Кейбірі сезім қылын тербемейді. Жеңіл-желпілік басым сияқты... «Сезім шіркін ақ жаң­быр­ға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған», деп бойға қан жүгіртіп, сұлу­лық­қа табындырып тастайтын ғажап суретті қала, табиғат бейнесі қайда?! Ән арқылы махаббатын ойлап, көңілі босап, шаһар келбетіне іңкәрлана түсу - қайталанбас сезім ширығысы емес пе, бә­тір-ау! Есіл суын, Есіл толқынын ғана дәріптейміз бе? Астананың мөлдір махаббаты, шаттығы мен мұңы, гүлі, ауасы, дауылы мен үскірігі неге көрі­ніс бермейді? Осының бәрі-бәрі нәзік сезіммен әуеленсе ше?

Тұрғындары зиялы болу үшін барлық жағдай жасалсын. Қазір қалада «Букинист» кітап дүкендері қат. Ұлттық дастарқан мәзірі толық, арзан бағалы асханаларды көбейтсе. Қымызханалар ашылса.

Ұлттық пантеон (зиялылар, атақты адамдар қорымы) - әлемде бас қала өркениетінің ажырамас бір ұғымына айналғаны қашан? Біз­де ашыла қалса, имандылық нұры тө­гілер...

Алматы әлгі жоғарыда аталған тұлғалар қоныс аударып кетті екен деп, қоңылтақсып қалмаған да болар. Бауырына басқан зиялы­лары әлі де жетіп артылады. Онда тек зия­лы­лар ғана салтанат құрып па? Жайнаған рухани, мәдени, әдеби, өнер ошақтарында адам игілігі үшін жасалып жатқан алуан іс-шаралар Астанаға үлгі болса, қанеки! Сондай өнегенің жұғыстылығы қандай деңгейде екен, қазір?

Бір қарағанда, Астананың да өзіндік рухани өрлеуі байқалады. Оның басты себебі, Елбасының күнделікті қамқорлығының қай­тарымы десек, мұндай ілгерілеуді қала­ба­сы Иманғали Тасмағамбетовтің жанкешті қыз­метімен тығыз байланыстырғанымыз абзал. Алматыдай ірі мегаполистің тізгінін мығым ұстап, ұзақ мерзімге негізделген ойларын жүзеге асыра білген оның қолтаңбасы ұмы­тыл­майтынына әлі күнге дейін соңынан айтылып жүретін алғыс-ризашылық ағыны кепіл. Әсіресе, рухани саладағы тындыр­ғандары алғы жылдар еншісіндегі марапатқа ие екендігін мойындаған жөн. Зиялының кеу­­десі алтын сандық қой. Ал сандаған зиялы­ға ақылы мен сөзін өткізе білген Имекеңнің рухани сардар дәрежесіне көтерілгені ақи­қат. Оған әркім тартылып тұратын. Кез келген дарын иесіне талантты, дара сөз айта білетін ол астаналықтармен де қоян-қолтық ара­ласып, Елорданың Алматыға ұқсап бағуы­на барын салып келеді. Себебі, Аст­а­наның әлі де көп еліктеп, көп өсуі керектігін ол жақсы түсінеді.

Әрине, Астананың Алматыға теңеле қоюы оңай шаруа емес екендігін ол терең пайымдайды. Энциклопедиялық білім иесі шаһардың рухани мүмкіндігін безбендей келіп, зиялылар қауымымен мемлекеттік өрелі істерге ұйытқы болып жүр. Ана тілі қолданысқа жаппай енгізілуде. Тіл десек, Оразкүл Асанғазысыз әңгіменің қынуы жоқтай. Маңызды саланы ұлтжанды қазақ қызына тапсырып қоюынан әкім көп нәрсе ұтып отыр. Тілдің көсегесі көгере бастады. Оразкүл ханым бір сөйлеп бергенде, ана тілінің ұлы қасиеті өз-өзінен танылады.

Баяғыда Имекең Алматының театрлары­на жиі бас сұғып тұратынын сол саланың білгірлері айтып жүр. Сол әдетін осында да тастамағанын білеміз. Жуырда ғана ол Ас­танаға гастрольдік сапармен келген Алматы жастар театрының өнерін әдейі барып тама­шалады. Сонда ойы сан-саққа жүгірмеді дейсіз бе? (Кеңес кезінде, обалы нешік, компартия хатшылары тұсаукесер көрсеті­лім­деріне белсене қатысатын). Астананың опера және балет, драма театрларының бүгінгі талапқа (елордалық дәрежеге) сай емес екендігі толғантатынын жасырмайды ол. Опера үйі салынып жатыр, дайын боп қалар. Ал драма ғимаратының бүгінгі халі мүшкіл-ақ. Түбі, босаған бір орынға көшіргенімен де әртістері мен көрермендеріне олқы соғып тұратын шығар. Сондықтан ештен кеш жақсы. Сайлы етіп, жеке ғимарат тұрғы­зыл­са, Алматының «әкемтеатрындағыдай» кірген бетте-ақ көңіл сергіп, сезім балқып, өнер тылсымы алпыс екі тамырға леки жөнелер еді-ау! Қазіргісі не, қуықтай тартылған бірдеңе. Еңсе басылып, апшыны қуырып жібереді.

Бас қалаға Алматы театрлары арнайы гас­трольге келіп тұрады. Сондайда ұяттан бетті басатын кездер де туындап қалады...

Бәрі-бәрі есте, жадта қашалған. Алматы өз қонағын қалай күтуші еді? Ол да бір дәурен екен ғой. Жолаушы-жүрек сонау жыл­дары Алматыға сапар шеккенде ат­қақтап соға жөнелетін. Алматыны көру бір арман! Мейманды күту жоралғысын айт­сай­шы. Дастарқан жайғаны, сондағы сөйлеу мәнері, Медеуге қыдыртқаны, театрға апар­ға­ны, паркке бауыр бастырғаны, аттанар­дағы кәде-сый жасауы, бәрі-бәрі көңілден өші­рілмес. Вокзалдан ән-жыр төкпелеп, шығарып салғаны жан семіртетін. Астана вокзалы сондай қызық қоштасуларды біле ме екен?

Алматылықтардың көшеде қыдырыс­тауының өзі сәнге бөгіп тұратын. Қолтық­та­сып, әсем жүріспен көз арбайды. Жүздерін төмен салмайды. Асқақ, арманшыл, ертеңіне еліткіш. Киім киісінің өзінен-ақ «мен астаналықпын - алматылықпын ғой» дейтіндей мақтаныш лебі еседі. Жақсыға жан үйір емес пе? Ауылдағылар, аудандағылар, об­лыстағылар алматылықтардай болғысы келіп, ләззаттанатын, шексіз құмартатын. Қысқасы, Алматыға келген әр адам өзінің көптен күткен бір тойына жиналғандай мәз-мейрам күй кешетін. Кетерінде қимастық жасын моншақтай үзіп тастайтын...

Дәл әлгіндей қонақтар күтімі, олардың аңсар-үміті елордамызда нешік? Әй, қайдам! Қарапайым нәрсенің бәрін жаңа ежіктеп үйреніп жатқандаймыз... Сабасына түсер, түбі. Ілгерілеу басым. Сол көңілге медет. Ауызды қу шөппен, әрине, сүрте алмай­мыз... Тазалыққа мән беріледі. Есіл бойы - көз құмары. Тоқтаңыз! Алматыдан айбынын сәл-пәл асыратын осы су көркі ғой! Әртүрлі деңгейдегі оқу орындарына зиялылар пейілденіп бара бастапты. Кітапханалары білімге тартады. Кітап дүкендерінің тарлығы - талғамның түсіңкірегені ме? Әралуан кеш­терге жалынып-жалпайтып әрең жинала­тындар ойласатын шығар, бәлкім.

Мұндағы халық мың құрамды оркестр секілді. Әлі бір ізге, бір әуенге түсе қой­мағандай. Еліміздің түкпір-түкпірінен қы­сыл­таяң шақта ағылып келіп, құр «арманмен», дабырамен, кейде тіпті кеуілсіз күн кешіп жатқандары да кездесіп қалады. Олар бас шаһардың намысын жыртысуға еріншек, енжар, немқұрайды. «Мен астаналықпын!» деп марқаю былай тұрсын, қара басын әрең алып жүріп, сұлбасын сүйреткендерді көр­ген­де мысың басылады. Әрине, жарас­пай­тын қылық, қарадүрсін мінез. Ал осылардың бәрін әкім үйретіп, бір шыбықпен айдауы тиіс пе? Өздері неге талпынбайды? Аста­на­лық болуға бейімделмейтіні несі?

Қазақ елінің астанасы уақытпен жары­сып, сәулетіне дәулеті сай болып, келер күндерге алтын айдарлы, күміс қанатты күйде аттанып, жанарын намысқа жанып, әлем­ге түр-тұрпатын сұқтандырып, өрке­ш­теніп барады, әне! Құрылысы қырланды, тұрмысы түзуленді. Ендеше не тұрыс бар? Адамдары оянуы керек қой! Зиялыларға жанасса, жараспай ма? Өмірі гүлденіп, мінезі сүйікті бола түссе ше... Көркем құбылыс, рухани өрлеу деп, соны айтар едік...

... Астана, әсіресе рухани тағылым жағынан Алматыға қарап бой түзесе, келіскен сән-салтанатымен қоса, сапалы тіршілік тынысы кеңіп, мейірімденіп, мархабат­та­нып, бүгінгіден де мағыналы өмір сүрер еді-ау!.. Рухани кемелділік кеңістігінсіз қай астанаға да бірдеңе жетіспей тұратындай. Сіз боп, біз боп соның орнын толтыруға талпынайықшы.

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475