Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5834 0 пікір 9 Қараша, 2011 сағат 06:31

Сағымбай Ботпайұлы. Есмағанбет Ысмайылов - Абайтанудың ақтаңгері

Әдебиетші ғалым, сыншы Есмағанбет Ысмайыловтың туғанына 100 жыл!

Ұлттық әдебиеттануда қажырлы еңбек еткен әдебиетші Е.Ысмайыловтың абайтанудағы ғылыми зерттеулері ұлы ақын шығармашылығын әдеби-теориялық тұрғыдан саралауымен құнды. М.Әуезовтің жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) кітабының «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылса, сөз зергерінің мұрасынан 1940 жылы жарық көрген тұңғыш библиографиялық көрсеткіш ғалым ыждахатының (Қ.Бекхожинмен бірге) жемісі. Ал «Абайдың поэтикасы» (З.Шашкинмен бірге жазылған) («Әдебиет майданы».1934.№11-12), «Абайдың өлең өрнектері» («Социалды Қазақстан». 1934.30.12), «Кемеңгер Абай» («Әдебиет және искусство».1940.№9), «Қазақ халқының кемеңгер ақыны» («Коммунист».1940.15.10), «Абай өлеңдерінің сұлулық әуезділік ерекшеліктері» («Социалистік Қазақстан».1945.14.08), «Абайдың этикалық көзқарасы» («Қазақстан мұғалімі».1954.9.09), «Абайды зерттеу жайынан» (1959) т.б. ғылыми мақалаларында абайтанудағы маңызды мәселелер қамтылды.

Әдебиетші ғалым, сыншы Есмағанбет Ысмайыловтың туғанына 100 жыл!

Ұлттық әдебиеттануда қажырлы еңбек еткен әдебиетші Е.Ысмайыловтың абайтанудағы ғылыми зерттеулері ұлы ақын шығармашылығын әдеби-теориялық тұрғыдан саралауымен құнды. М.Әуезовтің жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) кітабының «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылса, сөз зергерінің мұрасынан 1940 жылы жарық көрген тұңғыш библиографиялық көрсеткіш ғалым ыждахатының (Қ.Бекхожинмен бірге) жемісі. Ал «Абайдың поэтикасы» (З.Шашкинмен бірге жазылған) («Әдебиет майданы».1934.№11-12), «Абайдың өлең өрнектері» («Социалды Қазақстан». 1934.30.12), «Кемеңгер Абай» («Әдебиет және искусство».1940.№9), «Қазақ халқының кемеңгер ақыны» («Коммунист».1940.15.10), «Абай өлеңдерінің сұлулық әуезділік ерекшеліктері» («Социалистік Қазақстан».1945.14.08), «Абайдың этикалық көзқарасы» («Қазақстан мұғалімі».1954.9.09), «Абайды зерттеу жайынан» (1959) т.б. ғылыми мақалаларында абайтанудағы маңызды мәселелер қамтылды.

«Абайдың шығармалары мен өмірін зерттеу дегеніміз - қазақ әдебиеті тарихының негізгі, келелі мәселелерін зерттеп, анықтау деген сөз» деп білген ғалымның Абайдың классикалық мұрасын, ақындық дәстүрін эстетикалық зерде биігінен қарастырудағы алғашқы қадамы «Абайдың поэтикасы» (З.Шашкинмен бірге жазылған) («Әдебиет майданы». 1934. №11-12) мақаласынан бастау алады. «Өлең өрнектері», «Абайдың кейіптеу заңы», «Дауыс ырғағы» аталатын үш бөлімнен тұратын мақалада қазақ өлеңіндегі дәстүрлі қара өлең мен жырға Абай өлең өрнегінің он алты жаңа түрін енгізгені талданды. Абайдың поэтикалық әлемін айшықтаған зерттеушілер ақын шығармашылығын пролеткультшілдік тұрпайы сын ызғарынан аршып алуды әрі шын шеберлік қарымын ұштаудағы эстетикалық қуатын айқындауды мақсат етіп алды. Ғалымның «Абай қазақ поэзиясының сөзсіз бір биік асқар белі. Қазақ поэзиясын тұйықтан шығарып, шын мәнінде поэзияның есігін ашты», «Абай сияқты классик, мастер, шебер, шешен, ұста ақын өз дәуірін қалай суреттеді, қалай көрсетті, соны көрсетуде тілді қала жұмсады, қалай пайдаланды, міне осы жағынан үйреніп, дәуірімізді, отанымызды осылай суреттей білу керек» деген тұжырымы соны айқындайды. Тұрпайы социологизм дендеп тұрған сол кездегі қоғамдық ағыстың бірыңғай саяси ағымына таза шырмалып қалмаған әдебиетші «Қазақ поэзиясының тарихы» (ХІХ-ХХ ғасыр әдебиеті туралы) («Қазақ әдебиеті». 1936. 27.06) проблемалық мақаласында ұлттық сөз өнерін Абай дәстүрінде жаңа поэтикалық биікке шығарған ақындар шығармашылығын зерделеуге көркемдік даму үрдісіндегі тарихи сабақтастық тұрғысынан үңіле білді. Маркстік-лениндік әдіснаманың қасаң танымында «ұлтшылдық», «байшылдық» тұрғыдан мансұқталып, әсіре саяси қырағылықпен қараланып жүрген Абай ізбасары Шәкәрім Құдайбердіұлын «либерал-феодал» ақын деп таптық сипатта қарастырғанымен, «шын поэзияның үлкен шебері» деген сана биігінде бағалады. «Қазақ поэзиясын тіл жағынан, жаңа образдар жағынан байытқан» Шәкәрім романтизм сарынымен бірнеше поэмалар жазғанын екшей келіп, Пушкиннің «Дубровский» т.б. шығармаларын өлеңмен аударғанын баса көрсетеді. Әдебиетшінің аталған мақаласын «Жаңа әдебиетіміз туғанға дейін бізде түк болмады деп әдебиет тарихында крес қоятын адамдарға жауап осындай» деп ғылыми принциптілікпен түйіндеуінің астарында көркемдік дамудағы дәстүр ұласуының әдеби-тарихи негіздерін айқындау мұраты болғаны анық.

Е.Ысмайылов М.Әуезовтің Абайдың ақындық айналасын, ақындық мектебін зерттеудегі тұңғыш әрі тың ізденістерін қолдай отырып ғылыми концепцияның ұлттық әдебиеттануда түкпілікті орнығуына қажыр-қайратын салған ғалымдардың бірі. М.Әуезов жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) еңбегінің «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылды.

Әдебиет мектебіне әдеби-теориялық анықтама берген зерттеуші «Белгілі дәуірде асқан әйгілі жазушының төңірегіне бірнеше ұсақ жазушылар өзінен өзі жиналып соның әсерінде болады, себебі ірі талантты жазушылар өзінің ұлы көркем шығармаларының әсерімен төңірегіне басқа жазушыларды тартып алады. Сол талант иесінің маңына жиналып, содан үйренеді, басшы ұлы ақынды дәріптеп көтереді, шығармаларын жұртқа жайып таратады. Бірнеше ақын - жазушылардың бір әйгілі ақынның айналасына стихия түрінде жиналып, соның стилінен үйренушілікті әдебиет мектебі дейміз» деген құнды тұжырым жасайды. Ал әдеби мектептің атап айтарлық басты қасиеті «жас таланттар сол ірі ақынның маңында мәпеленіп өсіп шығады» деп түйеді.

Қазақ сөз өнеріндегі әдебиет мектебі мәселесін талдау нысанына алғанда Абай шығармашылығын, ақындық мектебін нақты мысалға ала жан-жақты саралайды. «Қазақ әдебиетінің тарихында Абай төңірегіне құрылған әдебиет мектебі бар. Абай өзі үлкен реалист ақын ақын бола отырып, өзі тұстас халық ақындарын, өзінен жас ақындарды айналасына жинап жақсы өлеңдер жазуға, оқып үйренуге, көп білуге шықырып, тәрбиелеп отырған» деген пікірімен М.Әуезов концепциясын нығырлай түседі. Ол біріншіден, ұлы ақын мектебінің болғандығын дәлелдеу әрі ақын шәкірттері кімдер деген мәселеге қатысты болса, екіншіден, ақын шәкірттерінің көркемдік - эстетикалық, тақырыптық - идеялық ізденістерінің аясын айқындаудан айқын танылады. Мысалы, «Абай төңірегінің мектебіндегі ақындар Көкбай, Әріп, Абайдың балаларынан Ақылбай, Мағауия бәрі де Абайдан ылғи сабақ алып үйреніп отырған; бұл ақындар Абайдың көркем лирикасынан үлгі алса да, бертін келе әрқайсысы өз жолымен кетеді. Абай мектебінен шыққан бір қатар ақын тарихи теманы жазады, «Ләйлі-Мәжнүнді» аударады» деп жазады. Бұл ретте Е.Ысмайылов М.Әуезов атаған Абайдың ақын шәкірттері қатарын Әріп Тәңірбергенұлымен толықтырғанын айта отырып, «Ләйлі-Мәжнүнді» аударды деген астарлы пікірінің өзегінде Ш.Құдайбердіұлының шығармашылық тұлғасы тұрғанын байқаймыз.

Есмағанбет Ысмайылов «Кемеңгер Абай» мақаласында («Әдебиет және искусство».1940.№9) Абайдың ақын шәкірттері қатарындағы Ақылбай, Мағауия, Көкбай есімдерімен бірге Әубәкір, Кәкітай, Нарманбет, Әбсалық және «немере інісі» деген астарлы оймен Шәкәрім ақынды атайды. Көркемдік дамудағы дәстүр және жалғастық мәселесіне терең бойлап, поэтикалық арнадағы Абай өрісінің тегеурінді ықпалын «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің бет алысы, реалистік жолы, өлең формалары, эстетикалық критерийлері Абай бастаған ұлы мәдениеттік жолды меңгеру, творчестволық практикада толық пайдалану болып табылады. Абайдың Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір деген балалары, немере інілері  Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріп сияқты ірі ақындар Абайдың тура шәкірттері болады. Абайдан ақындық өнер, тәрбие, білім ала отырып, өлең жазады» деп зерделейді.

Абай дәстүрінің қазақ әдебиетінде орнығуы, тамырын тереңге жая отырып жаңашылдық рухта жалғастығын табуы әдеби үрдіс табиғатымен және сол үрдістің өркендеуіне өрісті шығармашылық ықпал еткен ақындық мектеп өкілдерінің өрен өнерпаздығымен сабақтас құбылыс. Бұған қатысты М.Әуезов «Абай ақындығының айналасы» зерттеуінде «...Ақылбай, Мағауия романтикалы поэмаларды жазғыштайды, ана екеуі өзге үлгінің соңына түседі. Ақылбай «Дағыстан», «Зұлыс» деген поэмалармен Байрон, Пушкин үлгісін (олардың Шығыс поэмалары, түстік поэмалары аталған романтик поэмаларының үлгісін) тұтынады. Мағауия да «Қасым» деген поэмада осы үлгімен бастап, аяғы қазақ тұрмысынан алынған тарихи жыр (Абылай жыры) немесе салт жыры  «Еңлік - Кебек» жайын жазады. Көкбай Абайдың өзі әңгіме қып тақырыбын таратып берген желі бойынша Абылай мен Қасым балаларының жәйін жыр етеді. Бұлардан көрі өзгешерек жол іздейді, қазақ тарихынан салт жырының тақырыбын таңдаған Шәкәрім Қалқаман, Мамыр, Еңлік, Кебектерді жазады» деп байыптаса, Е.Ысмайылов осы пікірді негізге алып, дамыта түседі. «Ақылбай, Мағауиялар Батыстағы романтизмнің сарынымен Кавказды, Зұлысты, Африканы, идеальный махабатты поэма қып жазды, Көкбай  Шығыс әдебиетінің үлгісімен пайғамбарды, қазақтың өткен батырларын, Абылайды поэма қып жазады. Әріп қазақтың өз ішінің ойын - сауық, әдет - ғұрпын өлең - бәйіт қылып шығарды. Бұл жөнінде Абайдың мынадай айтқан бір ауыз өлеңін келтірейік:

«Хат жаздым әзірет Әлі айдаһарсыз,

Бізде жоқ сары иек, сары ала қыз»

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген сөзім жоқ жігіт арсыз». Әзірет Әлимен байланысты Көкбайды, сары ала қызбен байланысты Әріпті, кәрілікті жамандаған Шәкәрімді Абай өзінші үлкен кекесін сынға алады. Олардың өз жолын созып, тереңдетіп алып кете алмағанына ренжиді». Ғалым аталған ақындардың көркемдік ізденістеріне тән негізгі эстетикалық бағыт - бағдарды, тақырыптық арнаны М.Әуезов негіздеген ғылыми жүйеде зерделейді.

Абай поэзиясының қуатты арнасы - романтизм. «...Оның поэзиясының бір күшті арнасы осында. Өйткені бұл шығармаларының құдіреті мен қуаты тас бұзып, тау шайқайды» (Ә.Қоңыратбаев). Осы тұрғыдан алғанда Абай шығармашылығындағы романтизм дәстүр жалғастығына орай ақын шәкірттерінің поэмаларында әсем үйлесім мен жарасым тапты. Бұл ретте Е.Ысмайылов романтизм әдісінің табиғатын және де оның қазақ поэзиясындағы классикалық үлгідегі көрінісі мен шығармашылық игерілу үрдісін әдеби-теориялық талдау барысында Абай шәкірттерінің көркемдік ізденістерінің жемісі деп қарастырады. Бұған қатысты «Қазақ әдебиетінде романтизм толық метод болып орын теппегенмен, бірнеше жазушылардың шығармасында Лермонтовтың, Байронның романтикалық мотивтері айқын көрініп отырады. Абай шәкірттерінің бірқатары және Шәңгерей ақын Батыс пен Шығыс романтизмін өзінің шығармаларын толық кіргізді. Шығыс әдебиетінің романтизмінің ең жоғарғы үлгісі болған Низамидің «Ләйлі-Мәжнүні» қазақ әдебиетіне аударылып кірді. Абайдың баласы Ақылбайдың жазған «Зұлыс», «Дағыстан» деген поэмасы толық романтикалық шығарма» деген сындарлы пікір білдіреді.

Е.Ысмайылов Абай дәстүрін тек ақындық мектеп тұрғысынан ғана емес, тұтас әдеби даму үрдісі сияқты маңызды мәселемен тығыз сабақтастықта алады. Атап айтқанда, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің реалистік сипаты, эстетикалық мұраты, формалық ізденісі Абай поэзиясының поэтикалық қуатындағы ақындық мәдениетті шығармашылық меңгеру, пайдаланудан өрістеген соны ықпалы екенін терең байыптайды. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1941) еңбегінде «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, негізінде, Абай бастаған реалистік жолмен творчестволық жағынан да дамып отарды. Абай салған ұлы поэзиялық традиция ХХ ғасыр әдебиетінде кең өрістеп шығады...Абайдың ақындық жолы ХХ ғасыр әдебиетіндегі ең даңғыл, ең айқын жол болып отырады» деп әдеби өркендеудегі дәстүр табиғатын тарихи сабақтастықпен тығыз бірлікте алып, оның мән - маңызын айқындауда сындарлы тұжырым жасайды.

Абайтанушы ғалымның М.Әуезовтің «Абай» романдағы Құнанбай, Абай бейнелерін әдеби-тарихи, әдеби-теориялық талдауларындағы өзекті толғамдары көркемдік шындық пен тарихи шындық байланысын терең екшей білген эстетикалық көзқарасын даралайды. «Абай» романы талқыланған 1944 жылдың 11 мамырында жасаған «Абай» және роман туралы» баяндамасында Құнанбай бейнесін сомдаудағы жазушы шеберлігін «Кейіпкерлерді жағымды, жағымсыз деп екі топқа бірбеткей бөліп тастап, бір жағын бастан-аяқ ақымақ, ақылсыз етіп, екінші жағын бастан-аяқ үлгілі, өнегелі етіп көрсету сияқты, сондай-ақ әр топтың өкілдеріне түгелдей бір үлгіде пішілген тымақ кигізу тәрізді әдіс бұл романда жоқ, әр адам өз бойына қонымды мінез-ірекеттерімен дараланады... Жазушы Құнанбайды диалектикалық тұрғыдан суреттеуімен оның сүйсінерлік, күйінерлік мінездерін бірдей ашып береді» деп бағалайды. Білікті әдебиетші тарихи тұлғаларды таза таптық танымда біржақты бағалауға болмайтынына «...Олай болса ХІХ ғасырдағы бір жағынан орыс үкіметімен келісімге келіп, балаларын орысша оқытып, ел ішіне мешіт, медресе салдырып, елдің ішкі алалығына қарсы қатал әмір иесі күшімен қатты күрес ашқан Құнанбайға, Шыңғыс төреге, Балғожа биге тек жағымсыз, бірақ жағынан ғана баға беруіміз жеткіліксіз болар еді...Бұл образға жеке уақиғалар тұрғысынан ғана баға бермей, жалпы тарихи дәуірдің даму тұрғысынан қарап баға беретін болсақ, Құнанбай бейнесінде ашып зерттей түсетін сырлар толып жатыр» деген эстетикалық көзқарасты келеді.

Абай даналығының мәйегін де Алаш рухының дәстүрлі отбасы тәлім-тәрбиесінің қастерлі ұлағаты, қазақ топырағының терең тамырлы рухани саф қасиетімен «Абайдың бойына, жан дүниесіне сіңіп, ерекше ізгі мінез-құлық беріп отырған қазақтың өз тіршілігіндегі ізгі дәстүр, қасиеттер. Абайдың Абай болуына негізгі ұя, алтын бесік - қазақтың өзінің халықтық мәдениеті, ізгі ұлттық дәстүрлері, адамгершілік қасиеттері екендігі осы романда айқын сипатталған. Расында, қандай әулие адам болсын қаншалық жер түбін аралап, жиһан кезіп қайтса да өзінің өскен ұясынан жақсы тәрбие алмаса, ол тарих, өмір майданында жақсы адам болып көріне алмайды. Жақсы мінез-құлық адамға жаратылысында ананың сүтімен бойға сіңіп таралса керек» деп сабақтастырады.

Түйіндей айтқанда, әдебиеттанудың еңбек торысы атанған ғалым Есмағанбет Ысмайылов ұлы сөз зергерінің ақындық мектебін, көркемдік әлемін эстетикалық таным биігінде зерттеп зерделеуімен абайтану ілімінің дамуына қомақты үлес қосты. Сан ұрпақты Алаш ақылманы Абай әлеміне жетелейтін ғалым мұрасының жасампаздық ілкі қасиеті де сонда.

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл,

Е.А.Букетов атындағы

ҚарМУ -дің қазақ әдебиеті

кафедрасының профессоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512