Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3720 0 пікір 26 Маусым, 2009 сағат 05:15

Оралман көші тоқырап тұр. Неге?

 

Газетіміз қазақ мүддесін қоғам талқысына салатын игі дәстүрін жалғастырып, кезекті тақырыпты оралман  мәселесіне арнады. Құзырлы орындардан келген азаматтар оралман бауырларға жасалып жатқан жаңа жеңілдіктер мен әлі күнге аяққа шырмау салған кемшіліктерді жіпке тізіп айтып берді.

Кейбіреулер «түске дейін жиыннан» ештеңе өнбейтінін алға тартып, түңіліс те білдірді. Дегенмен, екі жақтың пәтуасы билікке ой салар деген үміттеміз. Иә, «жыламаған балаға емшек» қайда?!

Оралмандарға «моңғол», «қытай», «қалпақты» шабыстырмайтын заң керек

 

Газетіміз қазақ мүддесін қоғам талқысына салатын игі дәстүрін жалғастырып, кезекті тақырыпты оралман  мәселесіне арнады. Құзырлы орындардан келген азаматтар оралман бауырларға жасалып жатқан жаңа жеңілдіктер мен әлі күнге аяққа шырмау салған кемшіліктерді жіпке тізіп айтып берді.

Кейбіреулер «түске дейін жиыннан» ештеңе өнбейтінін алға тартып, түңіліс те білдірді. Дегенмен, екі жақтың пәтуасы билікке ой салар деген үміттеміз. Иә, «жыламаған балаға емшек» қайда?!

Оралмандарға «моңғол», «қытай», «қалпақты» шабыстырмайтын заң керек

Ертай Айғалиұлы, «Қазақстан-ZAMAN» газетінің Бас редакторы: - Бұл - бар қазақты толғандырып жүрген маңызды тақырып. Өйткені, қазақтың үштен бірі сыртта жүр. 5 миллион деген үлкен сан. Үлкен сапа да осы халықпен бірге сыртта жатыр. Олардың қазіргі тағдыры қалай? Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір топ журналист Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерін аралап қайттық. Тек Қытайға кіре алмадық. Сондағы байқағанымыз, Ресейдегі 1 миллион қазаққа бір қазақ мектебі бұйырмаған. Жастарын былай қойғанда, 40-50-дегі ересектердің өзі ана тілінен мақұрым қалған. Тіпті, есімдері де орыстанып кеткенін көргеніңде жүрегің ауырады. Тіпті, көбісі Абайдың кім екенін де білмейді, революционер деп ойлайды. Ресейлік 1 млн. қазақ қара орысқа айналып, жоғалып кетудің алдында тұр. Ал, Өзбекстанда жылына 9 қазақ мектебі жабылады екен. Яғни, өзбекстандық қазақтардың да  жұтылып кету қаупі бар. Түркіменстанда да осы жағдай. Қытайда ашық қытайландыру жүріп жатқанын жақсы білетін шығарсыздар. Шетелде 5 млн. қазағымыз барлығына марқайғанымызбен, тағдырлары өте ауыр. Келер жиырма жылда сол қандастарымыздан айрылып қаламыз ба деп алаңдаймыз. «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы талай бауырымыз атамекенімен қауышып жатқаны рас. Бірақ, бұл өте аз. Үкіметтің ырқына жүгініп отыра беретін болсақ, бұл көштің әлі талай ғасырға созылатын түрі бар.

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: - Біз «анау елде қазақ мектебі жабылып жатыр», «мынау елде оқытпай жатыр» деп ренішпен айтамыз. Менің ойымша, ол орынсыз сияқты. Әр елдің алдына қойған мақсаты бар, өз саясатын жүргізеді. Қытайларға «қытайландырма» деп айта алмаймыз. Біз өз қолымыздан дәл сондай нәрсе келмегеннен кейін бе, басқаларға ренжитін сияқтымыз. Жақында Германияда тұратын 4 млн. түрік диаспорасының басшыларымен кездестім. Барлығы да немістің азаматтығын алып, неміс болып кеткен. «Түрік мектептерін ашу ойларыңызда бар ма?» - деп сұрағанымда, олар: «Оның қажеті қанша?»- деп шошып кетті. «Біздің балаларымыз оқу бітіргеннен кейін Анкараға барып жұмыс істеуі керек пе?  Жоқ, осында тұрады, неміс боп қалады. Сондықтан біз ешқашан ондай мәселе көтермейміз. Тек түріктер көп тұратын жерде түріктің тілі мен  әдебиетін оқытатын курстар енгізуді шешетін болды»,- деді.   Процесс кері кетпейді, олар не сол жерде қытайланып, я өзбектеніп қалуына тура келеді. Болмаса, қанша қиыншылық заман болса да, Қазақстанға келуге тырысуы қажет.  Қазіргі кезеңдегі біздің негізгі саясат - «Сендерді ешкім құшақ жайып күтіп тұрған жоқ. Қиналсаңдар да елге келіңдер. Өздерің қиналарсыңдар, бірақ ұрпақтарың қазақтың жерінде қалады» деген мәселені ту етіп көтеру. Жүрген жерімізде осыны айтамыз. Әрине, елге келгеннен кейін, оралмандар жағдайларын жасауды талап етеді. Сондықтан шындықты жасырмауға тиіспіз. Екінші мәселе - шетелде «негр» деген сөз үшін үлкен жазаға тартыласың. Сексенінші жылдары бұл сөзді олар «түрлі-түсті» деген атауға ауыстырды. Ағы да, қарасы да түрлі-түсті боп кетті. Оған да реніш туып, соңғы уақытта «латынамерикандық» дегенге көше бастады. Бізде оралмандарды «моңғол», «қытай», «қалпақ» деуді заң жүзінде тоқтататын мәселе қоятын уақыт жетті. Бұл адамның арына тиетін немесе ұлтты бөлуге бағытталған сөз есебінде кәдімгідей депутаттар арқылы әкімшілік кодексіне өзгеріс енгізілуі тиіс. Мысалы, Талдықорған маңындағы  Қызылағаш деген жерде осыдан 2 жыл бұрын оралмандар мен жергілікті адамдар соғысып, адам өлімі болған. Қызылорданың 98 пайызы қазақ, десе де: «Өзіміз қаңғып жүргенде, оралмандарға неге үй бересіңдер?» - деп, облыстық деңгейде митинг жасаған. Демек, осыған байланысты идеологиялық жұмыстар өз арамызда да жүруге тиіс. Ол үшін Қазақстандағы бүкіл мектепте бір тәрбие сағатын оралмандарға арнау қажет. Егер балаға өз қандасын мазақ етпеуді отбасында түсіндіре алмаса, мектепте тәрбие алсын. Елімізде 600-700 мың оралман бар, неліктен олардың  ішінен бір адам Парламентте отырмасқа? Сосын,  бейімдеу орталықтары мен барлық деңгейдегі Көші-қон комитеттерінің бастықтары оралмандардан тағайындалуы шарт. Үкімет осы мәселелерді ұмытып кетпеуі үшін үнемі есіне салып отыруымыз керек. Бұл мәселелердің негізгісі - «қазір дағдарыс, жағдай ауыр» деп тоқырап қалсақ, қайталап көтерілу  қиын.  Егер көштің дүбірі сәл саябырсығанын байқады ма, мен сіздерге сөздің ашығын айтайын, мемлекет міндетті түрде квотаны кеседі. Олар қазір соны аңдып отыр. Біз билікке топырлап келу арқылы қысым жасай аламыз. Мысалы, санақ бойынша 67 пайыз болғанымыз биліктің көзқарасын және орыстілділердің миын өзгерте бастады. Егемендігімізге көңілі толмайтындар еріксіз ойланды. Егер 80 пайыз болсақ, олар сөзсіз санасатын жағдайға келеді. Ал оралмандарсыз бұл көрсеткішке жету ұзаққа созылады.

Ертай Айғалиұлы: - Рас, әр мемлекеттің өз саясаты бар. Ресейден оралған соң Парламент депутаты Мұхтар Шахановқа шықтық. 42 депутат қол қойып, Ресей Думасына Үндеу тастадық. Ресей онымызды шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Қазақ мектебі ашылмай, бәз-баяғы қалпынша қалды.

Қытайландыру шұғыл жүріп жатыр...

Жәди Шәкен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы: - Қазіргі шақта шеттегі қазақтардың біржола Отанға оралуы - қиын іс.  Қытайда ресми дерек бойынша 1,5 млн., ішкі мәлімет бойынша 2 млн. қазақ бар деп жүрміз. Қазақстан құшағын айқара ашса да, олар үдере көшпеуі мүмкін. Себебі, өзге елдерде өзге ұлттың рухын жою үшін әр түрлі жұмыстар мейлінше терең түрде жүргізіліп жатыр. Ассимиляция барынша тез қарқын алды. Қытайда қазақ мектептерінің жабылып жатқандығын өз көзімізбен көрдік. Қытайдың халықаралық сауда ұйымына көшуіне байланысты ондағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық қамсыздандыруы жақсара бастағандай.Бұл жағы жолға қойылды. Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік көмектер беріліп, зейнетақылар тағайындалды. Өзге ұлттардың тік қотарыла көшіп кетуі Қытайдың ішкі көші-қон жүйесіне тиімді болмаса керек. Оларға да халық қажет. Дүниеде өз ықпалын арттыру үшін өз халқының әлем алдында биік тұрғаны - қытайлықтардың мұраты. Сондықтан қандастарымызды біржола көшіріп ала қою қиын. Өзге елдің саясатына араласа алмайтынымыз да  шындық. Қытайда «Жүйелі сөз жүйесіне жығылады» деген сөз бар. Өзінің жүйесіне жығылып айтқан сөзге олар әрқашан мойынсұнады. Қазақтардың жағдайына және аз ұлттардың тағдырына қатысты  1954 жылы ҚХР-дың ұлттық  территориялардың автономиялық заңын қабылдады. Сонда аз ұлттарға қандай жағдай жасау керек, оның тілі, діні, мектебі қалай болуы керектігі көрсетілген болатын. 1978 жылы мәдени революциядан кейін Қытай есін жиып, етегін жапты. 1984 жылы әлгі заңға өзгерістер енгізіп, Пекинде арнаулы қарар қабылданды. Бұрынғы мүмкіндіктердің біразы қысқарып,  «өзге ұлттардың тілі мен дініне құрмет ету керек» деген бап алынып тасталып, «өз тілінде сөйлеймін десе де, мемлекеттік тілде сөйлеймін десе де өз еркі» деп жұмсартты. Халықты бірте-бірте ноқталауды мақсат етіп, 2000 жылы бұл заңға тағы да өзгеріс енгізді.   «Жергілікті халық өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлеуге және өз тілін қолдануға құқығы бар» дегенді майдалап кіргізіп қойып, қазақ мектептерін жою процесіне жол ашып алды. Қазір сол бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ, бүгінгі олардың саясатына өз заңдарымен қарайтын болсақ, әлде де қайшылық көп.   Қытайдың ұлттық-территориялық автономиялық заңына мемлекеттік, заңдық тұрғыдан кейбір ашық ұсыныстарды қоюға болады. Алайда, соны көтерген адам бар ма? Меніңше, ешкім жоқ.   Егер біздің Сыртқы Істер министрлігі, басқадай құзырлы органдар Қазақстан тарапынан заңдық жүйеде өтініш кіргізсе, Қытай өзінің заңында жазылып тұрғаннан кейін оған қалайда белгілі бір құрметпен қарар еді деп ойлаймын. Біз сол жақтағы қазақтардың қазақтығын сақтап қалудың жолдарын қарастыруымыз керек. 1950-60 жылдары Қытайдан көптеген қазақтар оралды.  Не үшін және нендей себеппен? Сол кездегі ерекшелік - Қытайдың әрбір ұлттық өңірлерінде, әрбір аймақ, аудандарында солшылдар болды. Үрімжі, Құлжа, Алтай, Тарбағатайда, т.б. консулдық басқармалар жұмыс істеп тұрды. Олар халықтың мұң-зарын жақсы білді, атамекеніне оралғысы келетін азаматтарға жеңілдік жасау туралы Қытай өкіметімен ішкі келісім-шарт жасады. Соның арқасында көш көлікті болды. Ал бүгінгі күні Пекинде жалғыз елшілігіміз бар. Үрімжіде СІМ-нің тек авиабилеттер сататын орны ашылған, онда да ол ресми елшілік дәрежесінде емес. Сондықтан бұрынғы елшіліктер ашылған өңірлерде   қазақ мәдени орталықтарын ашуды қолға алу керек. Бұған Қытай қарсы болмайды. Өйткені, екі ел мәдени-экономикалық байланыстар туралы меморандумға қол қайған. Соны пайдаланып, қандастарымызбен байланысты тереңдету - өмір талабы. Шеттегі қандастарымыз қазір жазуды латын әліпбиіне көшіруге әрекеттеніп жатыр, бірақ «атажұртымыздан бөлек болып қалмайық» деп, Қазақстанға жалтақтап отыр. Ал, Қазақстан бұл жағына бас қатырып отырған жоқ. Біз өзіміздің ішкі жағдайымызбен де санасып отырған ел емеспіз.

Дос Көшім мырзаның «құзырлы орындарда оралмандардың өкілі болуы керек» деген сөзімен келісемін. Мен, мысалы,  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында отырмын. Әрқандай бір адам ентігіп есіктен кіріп келсе, орнымнан ұшып тұрып:  «Ата, не шаруамен келдіңіз?» - деп сұраймын. Ал менімен бірге бір бөлмеде отырған осы жерде туып-өскен қыздар: «Өй, мына атамыз кіріп еді, сасып кетті ғой, терезені ашыңдаршы!» - деп желпінеді. Бұл - қоғамымызда бар індет. Сондықтан оралмандардың құқықтық жағынан қорғайтын арнайы органдар құрса да артықтық етпейді. Жуырда маған бір оралмандар келіп: «Түнде үйімізді «ҰҚК-ның қызметкерлеріміз» деп таныстырған бір топ адамдар тонап, үйде тығулы тұрған 13 мың долларымызды алып кетті»,- деп мұң шақты. Енді оралмандар кімге арызданарын білмей, қорқып отыр. Сонымен жабулы қазан жабулы күйінде қалды. «Жас қазақ» газетінен оқыдым, Моңғолиядан келген белгілі азамат Аллажар Ыбырайымұлы қашып-пысып қуғында жүр екен. Ол қазір Қазақстан Республикасының ресми қуғындауында. Жігіттің жазуы бойынша, Астанада оны ҰҚК қызметкерлері ұстап алып, қалтасына тапанша қыстырып суретке тартып алған. Енді әкесі Ыбырайым бастаған 130 отбасы Моңғолия президентіне:  «Қайтып көшіп барсақ, азаматтық бересіз бе?» деп арызданып жатқан көрінеді. Оралмандардың қоғамымыздың ең қорғансыз мүшелеріне айналғанына осы мысал дәлел шығар.

Биылғы квотаға 20 мың отбасы табылмай отыр

Құрметбек Сансызбай, Алматы облыстық Көші-қон басқармасы төрағасының орынбасары: - Жасыратыны жоқ, оралман ретінде қудаланғанның бірі өзіммін. Атажұртқа келгеніме 18 жыл болды. Келіп жатқандардың зиялысына мән беру бізде кемшін. Оған өз атына үй рәсімдеуіне, компания ашуына мүмкіндік жасалса. Неге ол жергілікті бір адамды компаниясына басшы етіп қоюы тиіс? Ақша өзінікі, миллиардтаған ақша салайын десе қорқады. Өйткені өзінде құзыр жоқ, өзгеге сенімі тағы шамалы.  Ал оралман куәлігінде ешқандай артықшылық жоқ. Сол үшін келген басшы кісілерге құзырлы төлқұжат берген дұрыс. Еуропадағы қазақтардың Қазақстанға әзір көшіп келгісі келмейтіні сондықтан. Байлықтары жетеді. «Бүгін келейін бе, 2030 жылы келейін бе?» - деп, жәй сыртымыздан бақылауда. Биыл 20 мың отбасына квота белгілеп едік, республика бойынша осы 20 мың отбасын да таппай отырмыз. Проблеманың бәрі Алматы облысында. Қытай мен Шымкенттен адамдар ағылуда. Биыл 3800 отбасына квота береміз. Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарының жер үлесін беруге мүмкіндігі бар, бірақ қоныстандыратын оралман таппай отыр. Егіс егетін, мал өсіретін жерлерге көшуді  үгіттеуіміз керек. Оралмандар мәселесін жоғарғы жақта оралмандар өзі отырып шешуге тиіс деген пікірге толық қосыламын. Тарихи тамырларымызды жаңғырту үшін Моңғолия жерінде жатқан құндылықтарымызды зерттеуге жол ашуымыз керек. Ал ол үшін сырттағы зиялыларымыздың мүмкіндіктерін пайдалансақ, тиімді болар еді.

Гүлшат Әзімбаева, Алматы қалалық Көші-қон департаментінің бас маманы: -  Осы салада қызмет еткеніме 10 жылдай уақыт болды. Сырттағы қандастарымыздың алғашқы легін қабылдағандардың бірімін. Кім-кімнің болса да, мәдениет пен білімнің орталығы Алматыға асығатыны анық. Біздің департаментте  66 ғылым кандидаты, 15 ғылым докторы оралман бар. Барлығы жоғары оқу орындарында дәріс беруде, мемлекеттік қызметте де жұмыс жасайды. «Нұрлы көш» бағдарламасы мемлекеттік болғанмен, оған Алматы мен Астана қаласы қатыспайды. Өйткені, Алматыда жер жоқ. Биыл 130 ғана отбасын қабылдаймыз. Соның өзінде келетін оралман азайып, бөлінген квотаның өзін жаба алмай  қаламыз ба деген қауіп жоқ емес. Бұрынғыға қарағанда Қытайдан, Өзбекстаннан келетіндер азайып кетті. Өйткені, мұнда тұрақты тіркеу табу қиын.  Қазір бұл мәселеде жеңілдіктер қарастырылып, уақытша тіркеу белгіленді, үш айдан кейін тұрақты тіркеуге де қолы жетеді.

Ертай Айғалиұлы: - Оралман бауырларымыз құжаттардың бюрократтық жолмен алынатынына көп шағынады. Жемқорлық күшейіп тұрған сияқты.

Гүлшат Әзімбаева: - Бізде ҚР азаматтығы мен квотасын алуға, тұрақты тіркеуге тұруға ешқандай кедергі жоқ. Көп жеңілдікті көші-қон полициясы ұсынып отыр.

Рақымғали Сыдықов, Алматы қалалық көш-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары: - Біз оралмандардың куәлігі бар ма, жоқ па, ол жағына қарамаймыз. Куәлігі барлары Салық кодексінің 504-бабы бойынша мемлекеттік борыш төлемейді, жоқтары 1370 теңге төлейді. Азаматтық беруде де бізде ешқандай кедергі жоқ. Құжаттардың көбін қысқарттық. Оралмандар туыстарын паналап келеді. Бір үйге 100 адам тіркелген де фактілер бар, оған қарап жатқан жоқпыз. Оралмандарға барынша жағдай жасаудамыз. Бұрындары біздің басқарманы  өзге ұлттың өкілдері  басқарып, көп кедергілер болғаны рас. Қазір жеңілдіктер көбеюде. Мысалы, Қытай Халық республикасынан келген азаматтар сол жақтың азаматтығынан шығу үшін құжаттарын жинап әуреленбейді, біздің Ішкі Істер департаменті бастығының атына «Мені Қазақстан азаматтығын алуыма байланысты Қытай Республикасы азаматтығынан шығаруыңызды өтінемін» деп арыз жазса болды. Көбіңіз білмейтін шығарсыздар, кей оралмандар Қытай мемлекеті бөлген зейнетақыдан айрылып қалмау үшін Қазақстан азаматтығын алғысы келмейді. Біз оған да түсіністікпен қарап, ықтияр хатын беріп отырмыз. Екіншіден, оралмандардың төлқұжатында тек есімі жазылады. Осында келген соң сол жалқы есіммен азаматтығын алады. Заң бойынша фамилиясын тіркеуге құқымыз жоқ. Ең қиыны осы. Сосын оралмандар Әділет басқармасына барады, олар дұрыс жауап бермей, бізге жібереді, сөйтіп екі ортада сандалып жүргені. Осы мәселе шешімін таппай тұр.

Жәди Шәкен: - Мысалы, мен Жәдимін, әкемнің аты көрсетілмеген. Кеше маған бір жарым жыл жүгіріп, фамилиясын алған Мұрат есімді жігіт қуанып келді. Шелек өңіріндегі Толқын ауылында фамилиясыз 20 ағайыны тұрады, олар қайтпек? Аты-жөндерін түгендеуге ғұмырлары жете ме? Сондықтан бұл өте маңызды мәселені тез арада заң жүзінде реттеу керек.

Рақымғали Сыдықов: - Тағы бір күрделі мәселе - біз азаматтық алған адамдардың төлқұжаттарын консулдық бөлімге жібереміз. Өйткені, олар Қытайдың азаматтығынан шығару үшін ол тізімді Қытайға жөнелтеді. Бірақ, олардікі әр уақытта кеш барады. Оралмандар Қазақстан азаматтығын растайтын төлқұжатын ала салып, Қытайға барса, ол азамат әлі күнге Қытайдың азаматы боп шығады. Сол үшін оларға Қытай жағы өте үлкен айыппұл салып, төлқұжаттарын тартып алады.

Жәди Шәкен: - Өзім көзіммен көргенім жоқ, бірақ халық арасында көп айтылады, таза  ұйғырлар мен қытайлардың қолында да Қазақстан азаматтығы бар көрінеді.

Рақымғали Сыдықов: - Ондайлар бар. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ұйғырлар мен қытайлардың Алматыға келіп үйленгендері бар. Олар бірінші ықтияр хат алады. Ол бес жылға дейін жарамды, бес жылдан кейін «азаматтығы жоқ» деген төлқұжат алады. Содан кейін ғана Қазақстан азаматтығына өтініш білдіреді.

Қазақстанда 15 мың доллар берсең, азаматтығыңды шеше аласың

Хайролла Ғабжалилов, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті: - Жақында радиодан естідім, бізде 100 мыңдай шетелдік азамат Қазақстан  азаматтығын алыпты. Арабтармен сөйлескенімде: «Қазақстанда 15 мың доллар берсең, азаматтығыңды бір күнде шешіп береді»,- деп қарап тұр. Баян-Өлгийдің, содан соң Моңғолияның спикері болған Зардыхан Қиянат 1993 жылы Моңғолиядан көшіп келген мыңдаған оралманның құжаттарын ала алмай кері қайтып, екі ортада сандалып жүргендер турасында айтып еді. Қытайдан облыстық деңгейдегі төтенше жағдайлар басқармасын басқарған қандасымыз көшіп келіп еді, жұмысқа тұра алмай қайтып кетіпті. Екінің бірі сол күйде. Мысалы, өткен жылы ҰҚК-ның жігіттері бір ұйғыр террористі қуып жүріп ұстаған екен, қалтасынан Түркияның, Қазақстанның және Қытайдың төлқұжаты шығыпты. Сауд Арабиясына барыңыз, олар ешқашан бірде-бір шетелдікке төлқұжат берген емес. 
Рақымғали Сыдықов: - Ондай фактілер жетерлік. Өткенде Шешенстаннан келген 4 адам Жамбыл облысынан бір айдың ішінде төлқұжат алған. Төрт мемлекет - Қырғызстан, Украина, Ресей, Белоруссиядан келетін азаматтарға үш айдың ішінде азаматтық алуға рұқсат беретін жеңілдік бар бізде. Ал екіжақты азаматтық жоқ.

Мәжит Күдері: - Полковник мырза, Никольский базарының жанында мекемелеріңіз бар ғой, соның босағасында тағы бір делдал мекеме пайда болыпты. Олар оралмандардан құжаттарын толтыру үшін 5-6 мың теңгеден алады. Халықтан ақша жымқыру үшін ашып қойғансыздар ма? Екіншіден, қазір қиын кезең. Жұмыс таппай қаңғырып жүрген қыздарымызды полицияның жігіттері тауып алып, келіп қалған доллары бар қытайға атастырып, азаматтық алып беретін көрінеді.

Көші-қон агенттігін министрлік дәрежесіне көтерсек...

Құтмағамбет Қонысбай, журналист: - Мен Қарақалпақстаннан келген оралманмын. Қазақстан азаматтығын алғаныма жеті жылдың жүзі болды. Меніңше, қазақтың көші тоқырау алдында тұр. Осы жерде отырып түйгенім - көшті тоқтатпау керек. Бүгінгі көші-қон басқармалары мемлекеттік биліктен, үлкен лауазымдардан босап қалған адамдардың қосалқы орны сияқты. Алматы облыстық көші-қон басқармасын ең алғаш Кеген ауданының бірінші хатшысы, кейін әкімі болған Зиядин Мыңбаев басқарды. Жұмысына қояр жаман пікірім жоқ, әрине. Екінші болып Нарынқол ауданының әкімі қызметінен босаған Бағжан Сабаншиев ағамыз таңғайындалды. Қазіргі уақытта Көксу ауданы әкімі болған Сағадолла Хасенов деген ағамыз басқарады. Бұл кісінің қалай жұмыс жасап жатқанын білмеймін. Себебі, алдына барғандар кіре алмайды, іздеп таба алмайды. Айналып, бекер қайтады, соны білемін. Сондықтан менің айтайын дегенім, біз сырттағы қазақты қайткен күнде де елге әкелуге тиіспіз. Оралмандардың есебінен көбейтпесек, қазіргі жағдайда біз Қазақстан халқын көбейте алмаймыз. Менің ойымша, көші-қон агенттігінің құзырын кеңейту керек. Керек болатын болса, министрлік деңгейіне көтеру қажет. «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында бір жерге шоғырланған шаруашылықтар неге құрмасқа? Біздің негізгі астықты алқаптарымыздың барлығы Солтүстікте. Сондықтан тыңның үлгісімен 300-500 отбасы отыратын ауыл шарушылығы мемлекеттік кәсіпорындар ұйымдастыру арқылы, өздерінен басшылық пен жұмысшы тағайындап, қажетті  әлеуметтік  нысандармен қамтамасыз ету арқылы неге біз қазақтарды лек-легімен тез арада көшіріп әкелудің жолын қарастырмаймыз? Басты ақиқат - қазақстандық қоғамның өзінде оралмандардан қорқу сезімі бар. Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағашта көрге көмілген, аманатын Аллаға тапсырған бейітті қаздырып алып, қайта көмдірген жоқ па? Бұл билік орындарында ғана емес, қарапайым халықтың арасында да оралманға қарсы пиғылдың барын айғақтайды. Саны бар-жоғы 150-200 мыңнан асатын диаспоралардың өкілдері Халық ассамблеясы арқылы Парламентте депутат болып отырады. Неге бүгінгі күні 1 миллионнан астам оралмандардың есебінен Парламентке 2-3 депутат сайламасқа?    Оралмандардың квота беру ережесіне өзгеріс енгізу қажет. Өйткені, көпшілігі квотадан қағылмау үшін азаматтық алмай жүріп алады. Егер азаматтық алғаннан кейін квота берілетін болса, бүгіннен қалмай барлығы азаматтыққа тапсырып, қазақтың саны артып кетер еді деп ойлаймын.

Есенкүл Кәпқызы, «Түркістан» газетінің қызметкері: - Мен екі түрлі мәселені айтқым келеді. Кеше Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевпен кездесіп, сұхбаттасқан едім. Қытай төлқұжаттарындағы жалқы есімнің төлқұжат, әлеуметтік көмек пен жалақы алуға кедергі келтіріп жатқаны көп әңгіме болып жүр. Қ.Әбішев мырза Әділет министрлігімен келісіп, қаулы дайындап жатқанын айтты. Онда адам өзінің қазақ екенін дәлелдесе, Әділет басқармасынан қалауы бойынша фамилия алуына құқ беріледі.   Жақында Ақтерек ауылына жолсапарға бардым, екі жыл бұрын көшіп келген бес балалы оралман отбасы бар екен. Әлі азаматтығын алмаған. Бұл жергілікті жерлердің немесе көші-қон ұйымдарының кінәсінен емес, Талдықорғанға қайта-қайта құжат тапсырып жүру ол кісілерге өте ауыр тиіпті. Оралман мәртебесі болғанымен, екі жылдан бері не зейнетақы, не жәрдемақы алмаған. Әйелі мен күйеуінің жұмыстары жоқ, бес баланы қалай асырап отыр? Осындай жандардың мәселесін қалай жеңілдетуге болады? Бұл сұраққа Әбішев: «Алматы қалалық көші-қон басқармасының жанынан облысқа қатысты Алматының төңірегіндегі елді-мекен тұрғындарына арнап бір кабинет ашып қоятын болдық»,- деген жақсы жаңалық айтты. Осыны көбірек насихаттасақ. Өйткені оралмандар мен құзырлы мекемеде отырған адамдар оралмандар мен көші-қонға қатысты заңнамалық актілерді білмейді. Өздерінің кейбір құқықтарынан мақұрым. Бүкіл мәселе ақпараттық сауатсыздықтан басталып отыр. Екіншіден, көші-қон басқармаларының тым алыста орналасқаны оралмандардың қалтасына ауыр тиюде.

Мәжит Күдері: - 1962 жылы 15 күннің ішінде жарты миллион қазақ Қытайдан бұзып-жарып өте шықты. Төлқұжаттарын беру мәселесі жарықтық Димекеңнің арқасында жеп-жеңіл шешілді. Ауылға аудандық паспорт столының қызметкері, фотограф келіп, аралап жүріп суретке түсіріп, қолдарымен құжаттарын әкеп берді. Ешкім қаңғырған жоқ. Қазір бес-он бәтеңке тоздырасың. Бұл - біздің биліктің немқұрайлығы.

Мұрат Тұқатұлы: - 2004 жылы 18 жасымда елім деп аңсап жеткенмін. Алғаш алған төлқұжатым - міне, Мұрат деп атымды жазып, нүкте қойып қойған. Сол нүктемен бір жарым жыл соттасып, Тұқат Мұрат Тұқатұлы деп толық аты-жөнімді соттың шешімімен күштеп жаздырып алдым. Сот басында: «Қытай жақтан туу туралы куәлік алып кел»,- деді. Қытай жақ: «Кезінде сендерге туу туралы куәлік жазылмаған екен, оны алу үшін  Пекиннен мөрі бар анықтама ал»,- деп сонда жұмсады. Ақыры алдым әйтеуір. ҚазҰУ-ді менің алдымда жақсы бітірген қабілетті жігіт бір жылдан бері жұмысқа орналаса алмай жүр. Жалқы есімді адамды еш жер жұмысқа қабылдамайды екен. Менімен бірге соттасып жүріп, төлқұжатын алды, кеше жұмысқа кірді. Басты мәселе осы төлқұжатта екен. Біз осынша қиналғанда, қарапайым халық қайтпек? Сондықтан құзырлы орындар осы мәселені тезірек жолға қойса деген тілегім бар.

 

 

Гүлжанат Шонабай

«Қазақстан Заман» газеті 25 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1547
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3341
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6157