Жошы ұлысының құрылғанына 750 жыл емес, 800 жыл болды
Осы мақаланы жазып отырып, Жошы ұлысы (Алтын орда) атанған Түркі мемлекетінің іргесі қаланғанына 750 жыл емес, 800 жыл болғанын аңдадым.
-автор
Шыңғыс хан империясын қалыптасқан дағдымен «моңғол империясы» деп атағанымен, тарихқа шынайы талғаммен, шындықпен қараушы ғалымдар оның түркі-моңғол империясы екенін алға тартады. Егер оны «моңғол империясы» деп қараған күннің өзінде оны қалыптастырушы топ пен тіректі күштердің түркілер екенін ескерсек, бәрі бірде түркілер құрған алып ел саналады. Бүгінгі ұлт ұғымымен қарағанда билеушісі моңғол ұлтын құраушы тайпалардан шыққандықтан соған тәуелді, бағынышты аталды.
Рашид ад-дин дерегі бойынша сол тұстағы түркі ру-тайпалары өздерін билдеуші тайпаның өкілі етіп көрсету мақсатында «татар» немесе «мұғул» сынды ортақ тайпа атымен аталуды «мәртебе, атақ, абырой» санайтын болған. «Алайда бұл олай емес, өйткені мұғулдар ертеде (Ұлы) далада мекен еткен барша түркі халықтарының ішіндегі бір қауымы (руы ғана) болған(1).
Тарихи жер атауымен қарағанда да Шыңғыстың түркілерден бөлек жасайтындай, олардан оқшау тұрды дейтіндей ешбір тарихи негізі жоқ.
«Қазіргі Моңғол Халық Республикасының жерінде XIII ғасырға дейін түрік тілді «Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Ұйғыр, Қырғыз, Татар» тайпалары мекендеген. Мәселен, МХР-ның шығыс өңіріндегі «Далайнуурдың» шығыс оңтүстігінде Татар тайпасы; Далайнуурдың солтүстігінде, Онон өзенінің шығыс өңірінде Жалайыр тайпасы – «Хамұқ моңғол» атты моңғол тайпасымен көршілес мекендеді. Меркіт, Ұйғыр тайпасы – Байқал көлінің оңтүстік өңірі мен Көпсукөл (Хөвсгөл)-дің шығыс өңірін мекендеді. Қырғыз тайпасы – қазіргі Тува АССР-інің жерінде мекендеп тұрған. Найман тайпасы – қазіргі МХР-ның Увс, Баян-Өлгий, Ховд, Говь-Алтай, Баянхонгор аймағыың жерінде мекендеген. Керей тайпасы – қазіргі МХР-ның Завхан, Архангай, Өвөрхангай, Төв аймағының жерінде, Бұлғын аймағының оңтүстігі мен Хэнтий аймағының батыс-оңтүстігі өңірінде мекендеген...»(2)
Моңғол зерттеушілері мен қаламгерлері қазір де өздері қоныстанған аймақтың ежелгі иесі түркілер болғанын жоққа шығармайды.
«Қазіргі Моңғолдың териториялық аумағы ежелгі моңғолдардың қоныстануынан бұрын түркі тектес ұлыстардың неше мың жылдар бойы мекенденген ұйығы. Оның нақты дәлелі жер-судың атауларының көбісі түркі тіліне құралғандығы. Байқал – Байкөл, Хөвсгөл – Көк сулы көл, Увсы – Шөпті, Ачит – Ащы көл, Алтай – Алатау, Отгонтэнгэр – Оттәңір, Хэнтий – Кенді тау, т.с.с.
Сондай-ақ Идэр, Онон, Орхон, Туул, Байдраг, Хэрлан дарияларының атауларының сөз төркіні түркі сөзінен. Аталмыш жер-судың түркілік атаулары – адамзаттың өзі қойған байырғы сойы. Күндер өткенде бұл жерде қандай да бір ұлт, ұлыстардың мекендеп, қоныс тебуіне қарамастан ауыздан ауызға жалғасқан аумақтың ат-жөнін қалпынша ұласып бүгінге жеткен»(3).
«Шыңғыс хан тарихына қатысты жер-су аттарының көбісі түрікше болғанына орай, ол атыраптардағы рулар да түгелдей дерлік түріктер. Бұл сөзімізге көп қиналмай-ақ қыруар дәйек келтіруге болады. Нақтылай айтсақ, олар: керей (керейт), найман, жалайыр, дулат (дұғлат), қоңырат (қоңғырат), қыпшақ, қаңлы, тана, таз, дөйт (дөйтіғұт), алшын, байұлы (байоқұ, байұрқы, баяут), адай (дай), тама, кете, бес шекті (бес ермен), сіргелі (сіргеті), шанышқылы (чанчығұт), қылыш (қылыч, қалач), салжұқ (селжүк), құман, башқұрт (башқырт), түркімен, бұлғар, ұйғыр, қырғыз, т.б. болып жалғасады. Мұндай ірі арыстарды былай қойғанда, жаныс, тарақты, аққойлы, қарақойлы, орақты (орақчыл), андас (анда), торы (торук), маңғытай (маңғыт), қият, төре, қарақас, қоралас, құлшығаш (құлшынты), күрлеуіт (қыпшақтың кіші руы), тағы сол сияқты ру-тайпалар. Осынау рулардың аты ғана түрікше емес, заты да таза түркі. Олар түрік халықтарының арасында, әсіресе қазақ ұлтының ішінде бүгінге дейін бәз-баяғысындай сақталған»(4).
Тарихшы ғалымдардың қай-қайсысы болмасын, түркі-моңғол, моңғол-түркі ұғымдарын бір-бірінен байланыссыз қарай алмайды.
«Шыңғыс құрған мемлекет құрамына моңғол-түркінің әр түрлі тайпалары кіргенімен, өзара даму деңгейі бір, тілі ортақ болды. Мемлекеттің мәдени тұғыры мен әлеуметтік құрылымы Көне Түрік қағанаттарының мұрасын толық қабылдады»(5).
Сол тұстағы сахаралық мемлекеттер туралы айтқанда Шыңғыс ханның алдындағы асу бермес асқар бел тек қана керейт Тұғырыл хан еді. Тұғырыл ханды қытай Алтан ханының көмегі арқылы бас көтерместей жеңіп, күйреткеннен кейін Шыңғыстың мейманасы ерекше тасыды.
«599 хижри жылының айларына сәйкес келетін тункуз (доңыз) жылы болған осы жылдың қысында ол Тимаүн кихара (Тимаүн даласы) аталатын жерде аңшылық жасады. Сосын соғыстан жеңген және жеңіске жеткен күйінде, бақытты және көңілі тоқ (күйде) өзінің үйіне, құтты ордасына қайтып келді.
Оның осындай ұлы жеңіске жетіп, атына патшалық ісі (билігі) бекігендіктен, оған шартараптан (түрлі) қауымдар өз бойұсынушылықтары мен бағыныштылықтарын білдіріп келіп жатты. Ол осындай ұлы шапағаттың шүкіршілігі үшін үлкен жиын жасап, игі бұйрықтар мен берік жарғыларын бекітіп, бақытты күйде хан тағына отырды»(6).
Сөйтіп, айдай әлемге аты мағлұм Тұғырыл ханды жеңіп, оның патшалығын иеленуі Шыңғысты төңіректің төрт бұрышына танытып, оның осы жолғы «ұлы жеңісінен» қаймыққан, ығысқан, бағынғандар дарғайына келіп бас ұрды. Ендігі жерде керей армиясының 30 мыңдық қолының кем дегенде жартысы оның бағыныштылығына өтіп, айналасындағы өзге тайпаларды бағындыруда елеулі қызметтер атқарды. Осы сайлауыт сарбаздар арқылы ол құдіретін нығайта түсті.
«Шыңғысханның айналасындағы замандастарының, қолбасы батырларының, мемлекеттік қайраткерлерінің тегі де анық жазылған: Таян, Күшлүк, Бұйрұқ – найман хандары, Ақшырын – татар ханы, Елшітей, Тұғырул – керей хандары, Тоқтабек – меркіт ханы; батырлары Саба, Мұқалы, Жебе, Жамуқа, Сүбітей, Желме, Бала – жалайырлар; Тататұңға, Кетбұқа – найман; Чынхай (Шыңғай),Бұлғай, Күйтемір – керей; Найаға – сіргелі, Сызған Құтқа – татар, Борашы – арғын, Бөріқұл – үйсін, Шормақан – тама; Көргүз (Көргіз) – ұйғыр, т.т»(7).
«Ұлы Даладағы ежелгі түрік қауымының қайтадан ұжымдасуы кезеңінде Керей патшалығы Шыңғыс ханның ұлылығына ұйтқы болды. Түптің-түбінде біртұтас ұлыстық құрылым жолына құрбанға шалынды. Алайда, Шыңғыс хан мен Тоғрыл-Оң ханның арасындағы қантөгіс соғыстар кезінің өзінде керей тайпасының біршама бөлігі, жекелеген ірі тұлғалары болашақ ұлы қағанның жағында болғанын көреміз. Ақыры, керей жұрты үлкен қазаға ұшырайды, хандығы құлап, біраз халқы әр тарапқа бытырайды. Әйткенмен де көп ұзамай-ақ Шыңғыс хан ордасының өзінде әжептәуір ықпалға жетіпті. Және негізгі әскер құрамына қосылады. Қытай деректерінің айтуынша, 1204 жылы, Таян хан мен Жамұқа гөрхан бастаған қалың қолға қарсы аттанған Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігі – керей жұртынан екен. Атақты Сүбітай-бахадұрдың жеке мыңдығы керей мен найман, меркіттен құралған («Юань ши»). Сонымен қатар, ағайынды Ширақұл (Сарықұл) және Тобұқа нояндар Шыңғыс ханның туының астында мыңбасы болған, осы дәрежедегі Дайыр-бахадұр Сартауыл жорығында айрықша көзге түсіпті. Ал Тоғрыл ханның батысқа ығысқан бір баласы (әлде немересі) Тайбұға Сібір хандығының негізін салады, бірақ ақыр түбінде ол да Шыңғыс ханның дәргейіне бас ұрып, кеңшілік алған»(8).
Рашид ад-дин дерегі бойынша, Моңғол әскерінде Шымқай жоғары дәрежеге ие болды. Ол Шыңғыс қағанға жақын жүрген адамдардың бірі болды, көне ұйғыр бітік жазуын меңгерген, көне түрік тілінде жаза алатын, қытайша білетін, қытайдың тұтқынға түскен халқының Тувадағы қоныстануының әскери-егіншілік мәселелерін басқарды. Сонымен қатар Шымқай қидандық Елюй Чу-цаймен бірге Моңғол империясының әкімшілік-басқару жүйесінің құрылуында ерекше рөл атқарды. Өгедей (1229-1241) және Күйік (1246-1248) қағандары кезеңдерінде Шымқай (Чинхай) министр болды.
Моңғол қоғамында Керей тайпасының қарқын руынан шыққан Кейүк- баһадүрдің ұлдары Мойнақ, Сартау, Илауқан, Сойқандар маңызды орын алды.
Керей тайпасының жырқын руынан намангер Шираз Ноджуд-Саруджир-Құдай, оның ағалары Бахча, Тугай және Құтлық-Бұқа-бітікші, сонымен қоса Есудердің ұлдары және Дүзбайлар моңғол қоғамында жоғары орын алды. Шыңғысханның атақты қолбасшылары Бенсил-нойон және оның ұлдары Тұғлық-күші, Тайджы-баһадүр және оның ұлы Газан қонқайт руынан шыққан. Керей тайпасының албат руынан шыққан жүзбасы Иланғыз Шыңғысханның жеке күзетшісі, сонымен қатар хан сарайында жоғары дәрежелі орны бар ханның тамағын үйлестіруші-басқарушысы болды.
Деректерде Ван ханның тұмаут руынан шыққан әскербасы Құйду, басқа да мырзалар Шыңғыс ханның әскеріне келіп қосылғандығы айтылады. Құду, онан кейін оның баласы Куртаке керей әскерін басқаратын мыңбасы, ал Абишке деген баласы Шыңғысханның бас бітікші-хатшысы болған. Қайдудың Тұқыр деген бір ұлы да бітікші және жүзбасы болған. Ал, кенже баласы Алинақ-баһадүр Хұлағу ханның кезінде мыңбасы қызметін атқарған. Оған қоса моңғол әкімшілігіндегі жоғары орындарды керейдің тұмауыт руынан шыққан Алшы-тұтқауыл және Ебіген-бітікші иеленген(9).
Ван ханның бас әмірлерінің бірі Екэ-Чэрэннің жылқышысы Қышлықты ерекше атап айту керек. Қышлық Ван хан мен ұлы Санғұн қастандық жасамақшы болған кезінде оған көмектескен, сол үшін Шыңғысхан оны бас әмірі және тархан етіп тағайындаған(10).
Шыңғыс хан керейттер мемлекетінің қағандығы ғана емес әскери әмірлерін де қолына алып, әуелі найман ханы Таяң ханға шабуыл жасап, оған жеңіліс таптырды. Оның қуатты армиясының да ұлтанды бөлегін өзіне қосып алды. Керейт пен найманның қуатты қолы қосынын толықтырған Шыңғыстың ендігі екпіні тау суындай тасқындады. Меркіт, Таңғұт, Қырғыз, Ұйғыр сынды елдерді бірінен соң-бірін бағындырды.
Сөйтіп, бүгінгі күнгі түркілік ұғымымен қарағанда бағынған, оның қол астына кіріп, жауларына ортақ атойлаған жауынгерлер легінің 90 пайызы түркі әскерлері болды. Төрт інісі, төрт ұлын арқау еткен жүздік, мыңдық, түмендік әскер басыларына ғана өзінің ең сенімді адамдарын тағайындап, жер қайысқан қалың қолды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады.
«…Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркі тілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді»(11).
Осыдан кейінгі Шыңғыс хан жорығы әуелі Қытайға бағытталды.
«Шыңғыс ханның балалары Жошы, Шағатай және Үгетай үшеуі алдымен Туң чаң, Тужту, Суан ди фу және Йұң жиу қалаларын иеленді»(10). Шыңғыс ханның қытай еліне жасаған жеңісті шерулері жалғаса берді. «... одан соң (Шыңғыс хан) Жошы, Шағатай мен Үкетайды оң қанаттағы тауға, сол жақта орналасқан аймақтарды бойсұндыруға жіберді. (Содан) олар Бау жиу қаласынан бастап Хуай миңжу қаласына дейінгі аралықтағы барлық қалалар мен қамалдарды басып алды»(13).
Басым пайызы түркілерден болған Жошы қолы осыдан кейін де жеңісті шайқастары арқылы талай ел мен жерді бағындырды.
Ең бастысы Шыңғыс қолының алдыңғы легіндегі «арыстан ұлдың» әке үмітін ақтап, оның сенімімен күрес жүргізуі – біздің тақырыбымызға орай айтқанда кейінгі – «Жошы ұлысы» аталған жаңа түркі мемлекетінің іргесін қалау негіздері еді. Оның ерліктері кейіннен өзінің басқару аймағына өткен Отырар, Жент, Баршынлық қалаларынан алуда да аңызға айналды.
Рашид ад-дин еңбегінде: «Ханзада Жошының Жент пен Баршынлық қалаларына бет алуы және олардың азат етілуі жайлы хикая»(14) ол жүргізген сәтті жорықтардың бірі еді.
Көп ұзамай Жошы Хорезмді алу шайқасына да аттанады. Самарқан алынғаннан кейінгі ендігі бір тақырып: «Шыңғыс ханның ұлдары Жошы, Шағатай мен Үгетайды Хорезм тарапына жіберуі және ол елдің азат етілуі»(15) деп өрбиді.
Сәл шегініс жасап, он ғасырға жуық өсекке мұрындық болған Жошының дүниеге келуіндегі күдікті әңгімеге азырақ орын берсек, Рашид ад-дин оның баянын да нақты жеткізеді.
Аңызда айтылғанындай Жошының шешесі Бөрте фужин меркіттердің қолына түскеннен кейін, керейттермен жаулығы саябырлап, жақсы қарым-қатынасқа түсе бастаған меркіт жағы Бөртені Тұғырыл ханға сыйға ұсынады. Сол тұстағы Тұғырыл ханның бүкіл әлемді аузына қаратып, атақ-даңқы аспан тіреп тұрған қаһарлы хан екенін ескерсек, бұл арада меркіттердің Бөртеге ойына келгенін істеп алып, одан соң ханға сыйға беруі немесе меркіттерден жүкті қылып барып Тұғырылға сыйлауы мүлде мүмкін емес еді.
«Олар (меркіттер – ред) Бөрте фужинді Оң ханға берді. Ол Шыңғыс ханның әкесімен екеуі анда болғандықтан, әрі Шыңғыс ханды ұлым деп атағандықтан, ол Бөрте фужинді сыйлайтын әрі құрмет ететін. Содан оны жаңа түскен келіннің жағдайында ұстап, өзгелердің көзінен қорғап отыратын. Ол өте пәк (таза) және қабілетті болғандықтан (Оң ханның) әмірлері өзара:
– Неліктен Оң хан Бөрте фужинді алмай жатыр? – дейтін. Ол (Оң хан):
– Ол менің ұлымның жас келінінің дәрежесінде және біздің алдымызда қауіпсіздікте, оған арам ойлармен қарау бекзаттық емес, – деді»(16).
Осы жолдардан талай шындықты аңғаруға болады. Ең бастысы мұнда Бөрте фужиннің «өте пәк (таза) және қабілетті» екені айтылады. Сондықтан да Тұғырыл ордасындағылар сыйға келген оны орда ханымы ретінде қабылдауға дайын екендіктерін жеткізеді. Ал Тұғырыл хан болса: «Ол менің ұлымның жас келінінің дәрежесінде және біздің алдымызда қауіпсіздікте, оған арам ойлармен қарау бекзаттық емес» дегенді айтады. Мұнда Шыңғыс пен Тұғырылдың арасындағы әке-балалық қарым-қатынастың өте жақындығы мен түркі халықтарындағы тектілік, адалдық, бекзаттығы бірден көзге ұрып тұр. Тіпті қазақтар өмірінде қазірге дейін жалғасып келе жатқан ата мен келін арасындағы ар-ибадан аттамайтын әдептілік ерекше айшығымен көрінеді. Тұғырыл хан турасында айтқанда оның кейбір тарихтарда бұрмаланғанындай осал емес, «досқа адал, жауға қатал», пенделіктен аулақ нағыз ханға лайық таза болмысын көрсетеді.
Осыдан кейінгі оқиға желісі былайша жалғасады: «Шыңғыс хан бұл жағдай жайлы хабардар болғанда, ол Оң ханға Бөрте фужинді қайтарып беру туралы өтінішпен жалайырлар руының үнгіттеры қатарынан болған, Арғын ханның бабалық шағында Абақа ханның бұйрығына сәйкес оның ордасының әмірі және Хорасан мен Мазандаранда әкім болған Сартақ ноянның атасы Саба есімді бір әмірін жіберді.
Оң хан оған көніл бөліп, қамқорлық жасап, оны Сабамен бірге қайтарды. Жолда кенеттен дүнеге ұл туылды, осы себептен оны Жошы (Жолшы) деп атады... (Жошы) өскен кезде, ол әрдайым әкесіне еріп жүрді және сәттілік кездерде де, қиындық кездер де үнемі оның жанында болды(17).
Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «А.Жувейни, Н.Березин, Д.Оссон, Ш.Нацагдорж, Б.Сайшаал, В.Владимирцов, Әбілғазы бәрі-бәрі «Меркіттерге қолға түскен кезде Бөрте жүкті еді», – деп жазады»(18) деген дерек келтіреді.
Тұтас тарихтан қарағанда Шыңғыстың да, түркінің де жауы болған ішкі-сыртқы күштер «іштен ірітуді» Жошының күдікті тағдырынан іздеуге итермелеп келді. Бұл жайында М.Мағауин: «Жошыға қатысты жала, өсек қайдан туған? Бұл – батыс тарихшыларының қайткенде де Шыңғыс ханға көлеңке түсіру ниетінің кезекті бір көрінісі. Жауыз Шыңғыс ханның алғашқы, үлкен ұлы Жошы өзінен тумапты! Көлденеңнен жабысқан жолдыбай екен! Атының өзі айтып тұр! – деседі. Ал жолда тусын. Көшпенді жұртта аттың жалы, түйенің қомында кім тумаған?!»(19) дейді.
«Жошы хан Шыңғыс ханның бұйрығына сәйкес, әркез жорықтарда жүрді. Көптеген аймақтар мен қалаларды азат етіп, бойұсындырды (содан) мол әскери тәжірибеге ие болды»(20).
Жоғарыдағы жолдардан Жошы мен әкесі арасындағы байланыстың еш көлеңкесіз «сәттілік кездерде де, қиындық кездер де үнемі» бірге болғандығын көреміз. Әке-балалық қана емес, әскери өнердегі ұстаз-шәкірттік қатынасты да айғақтайды. Қазақтар сөзімен айтқанда: «тірі болса бір төбеден, өлі болса бір шұңқырдан табылатын» жақындықпен қан кешкен кешулерді бірге өткереді.
Тіпті әкесі Жошының үйленуіне де ерекше көңіл бөледі. «Оның балалық шағында және жігіттік уақытының басында-ақ Шыңғыс хан оған Оң ханның жиені (әсілі інісі – ред), Жағамбудың қызын атастырып берді. Оның аты Биктутмиш фужин (Бектумыш фужин) болатын. Ол Шыңғыс ханның әйелі Ибақа бикенің сіңлісі, әрі Төле ханның әйелі Сұрғақтан бикенің (әпкесі) болатын. Ол Жошы ханның бәйбішесі болды(21).
Осы жолдардан көрінгеніндей Тұғырыл хан оған немере қызын береді. Бұл кез Шыңғыстың аты шыға қоймаған, Тұғырылдың дәурендеп тұрған шағы. Олай болса Жошы «жолда туған шата болса» Тұғырыл хан оған орда ханышаларының бірі Биктутмиш фужинді (Бектумыш фужин) бермес те еді. Тұғырылдың Ибақа бикені Шыңғысқа, Сұрғақтан бикені Төлеге беруі олардың хандық лауазымына деген сенім мен құрмет болғаны сияқты, Жошыны да дәл солай таза хан тұқымы ретінде қабылдай білген. Және де Биктутмиш фужиннің (Бектумыш фужин) Жошы ханның бәйбішесі болғанына назар аударсақ, орда ішінде оның ықпалды адам болғаны аңғарылады.
Тарихшы З.Қинаятұлы: «Тарихшы шежірешілер Баты хан (Бату – ред) Үкі-фуджиннен туды деп жазады. Қадырғали Жалайыр Сартақ-хатунды бас бәйбіше деп көрсеткен. Менімше, соңғы екі деректің қай-қайсысы да сенімсіздеу. Юань әулетінің алғашқы қағаны әйгілі Қубылай қаған ата-бабасының атақ даңқын мәңгіге қалдыру үшін, Бэйжиңдегі (Пекин) қаған ордасы жанынан сегіз Үй-Музей тұрғызып, оның төртіншісін ағасы Жошы, оның бәйбішесі Бедешөміштің (Бектумыш – ред) ескерткішіне арнаған. Егер Үкі-фуджин Жошының бас бәйбішесі, Баты ханның анасы екені рас болса, әуелі сол аталуы тиіс еді. Өйтпеді. Тулуйдың (Төленің – ред) бәйбішесі Соркуктан-хатун (Сұрғақтан бике – ред) және Жошының бас бәйбішесі Бедешөміш-хатун бір туысады, Керейт Жақамбының қыздары.
Баты хан Тулуйдың бәйбішесі Соркуктан-хатунды ерекше сыйлап, одан туған Мөңке қағанмен етене жақын болғанына қарағанда, Баты хан Үкі-фуджиннен емес, Бедешөміштен туылуы мүмкін бе деп ойлаймыз. Өйткені Шыңғысхан әулетінде қаған, хан ұл туған бәйбішелердің ықпалы күшті болған. Ал Баты хан туылды делінетін Үкі-фуджиннің ықпалын еш жерден көре алмаймыз. Қалай дегенмен Жошының хан, бек, ноян ұлдары Сартақ және Бедешөміш хатуннан тарайды»(22) дегенді айтады.
Жошының басқа әйелдері де түркілік тектен болды. «(Орда) оның (Жошы ханның) қоңырат руынан шыққан үлкен Сартақ есімді әйелінен дүниеге келді»(23). «Орданың бірінші ұлы – Сартақтай қоңырат руынан шыққан Жуга қатыннан дүниеге келді(24).
«Жошының екінші ұлы – Бату қоңырат руынан шыққан Алшы ноянның қызы Уки фужин (Үкі фужин) қатыннан дүниеге келді»(25).
Тарихшы, жазушы М.Мағауин да өз еңбектерінде Шыңғыс, Жошы құрған алып елдің тұтас болмысының түркілік тектен ажырамағанын тілге тиек етеді.
«Жошы ханның ұзын саны қырықтан астам ұл перзенті болғаны мәлім. Қоңырат қыздарынан туған Орда мен Бату ханнан өзгелерінің аналары атап айтылмайды. Жақағамбудың қызы – Жошының бірінші қатыны деп білсек, әуелгі екі ұлға тетелес, кейінде Алтын Орда тағында отырған Берке хан осы Бектұтмыштан туды деп шамалауға мүмкін. Қайткенде де манағы қырық ұл және соншама қыз, шамасы сексен-тоқсан баланың ішінде Оң ханның жиендері болмады деп айту қиын»(26).
Шыңғыс хан көзі тірісінде Жошыға байтақ түркі даласының ұлтанды бөлігінен өз еншісін берді. «Ертіс өзені мен Алтай тауларының айналасындағы барша уәлаяттар мен ұлысты, ол аймақтардағы жайлаулар мен қыстауларды Жошы ханның билігіне берді. Және (Жошы хан) Дешті қыпшақ пен сол жақтағы өңірдегі мемлекеттерді азат етіп, өзінің иелігіне қосып алуы туралы бұлтартпас бұйрық берді. Оның (негізгі) жұрты Ертістің айналасында болды және оның мемлекетінің астанасы да сол жерде еді»(27).
Осы арада, айта кетерлік тағы бір жағдай – Сібір хандығы мен Жошы ұлысы арасындағы байланыстардың орыстық әдебиеттерде көп бұрмалауға ұшырағаны дер едік. Атап айтқанда Сібір жерін қазақ даласынан бөлек қарастыруды мақсат еткен империялық идея олардың ара-қатынасындағы жақындықтарға мән бермегенсиді. Керейт сынды түркілерді одақ еткен Сібір хандығы өңірінің Жошыға еншіге берілген Ертіс бойында болғанын ескерсек, демек олардың ішкі басқару жағындағы даралық ерекшеліктерін айтпаған күнде тұтастай қарағанда бір ғана ірі ұлыстың құрамында жатқандығы байқалады.
Сібір тарихын зерттеген Г.Миллер осы өңірді мекендеген жергілікті халықтар туралы құнды ақпарат келтіреді. Ғалым қолда бар мәліметтерді зерделей келе Батыс-Сібірде ең ірі этникалық-саяси құрылымдардың бірі Орта Ертіс, Тобыл, Есіл (Ішім – ред) мен Тура аумағындағы түркітілдес тайпалардың бірлестігінің болғандығын, онда керейлердің басты рөл атқарғандығын атап көрсетті. Автор деректерге және халық аңыздарына сүйене отырып, бұл бірлестіктің қалыптасу кезеңін ХІІІ ғасырға жатқызады. Автордың пікірінше, олардың бәрі Тура өзеніне қазақ даласынан келген Батыс-Сібір жерін иеленген және Чинги-Тура немесе Чимги-Тура қаласын (Түмен қаласы) салған. Ол жерді Тайбұғаның ұрпақтары иемденгенін, ал Тайбұға тұқымынан соңғы билеуші Сейтақ (Сейд-Ахмед – ред.) болғанын атап өтеді(28).
Рашид ад-диннің хабарлауынша Дешті-Қыпшақ және онымен шекараласатын аймақтарға болған билеу, біріктіру идеяларында Шыңғыс пен Жошы арасында аздаған түсінбестіктердің орын алағын көрінеді. Сөйтіп қаһарына мінген хан оны жазаламақ та болады. Бірақ Жошының ауыр сырқатта болғаны мен ақыры өлімге душар болуы ханның да қабырғасын сөгеді. «Жошыға қатысты қайғылы оқиғаның (оның қайтыс болғанынының) хабары келіп жетті. Шыңғыс хан одан қатты көңілі түсіп, қапаланды»(29). Жошы хақында өзіне жалған ақпарат жеткізген маңғытты өлім жазасына кесуге үкім етті.
Қазақ аңызы бойынша Жошының әскери қолбасшыларының бірі, үзеңгілес жолдасы Кетбұға Жошының өлімін Қағанға «Ақсақ құлан – Жошы хан» тарихи күйі арқылы жеткізеді.
Ұлытау маңындағы «Жошыханның мазары» жайлы алғашқы хабар Бұхар билеушісі Абдаллахтың 1582 жылы Ұлытауға барған сапарына байланысты пайда болды. Онда «Осы айдың 6 жаңасы сенбі күні хан Жошы ханның мазары алдындағы сарайға тоқтады»(30) делінген. Жошы мазары жайлы Ю. Шмидт(31), В. Бартольд(32), және Ш. Уәлихановтар жазды(33). «Археологиялық қазба жұмысы Ә.Х. Марғұланның басшылығында 1946 жылы жүргізілді. Екі бейітке жүргізілген қазба жұмысының нәтижесінде табылған сүйек сұлбалары және материалдық заттарға сүйеніп, алғашқы қорытындылар жасалды. Ә.Х.Марғұлан бірінші бейіттен табылған адам қаңқа сүйегінің бір қолы жоқ болғанына байланысты, оны «Жошы хан», ал екінші бейіттен табылған әйел адамның сүйегін оның бәйбішесі Керейт Тогорил Уан ханның (Тұғырыл ханның – ред) қызы Бектұтмыштың табыты деп пайымдапты»(34).
«Жошы хан дүниеден өткен кезде, оның екінші ұлы Бату әкесінің орынбасары ретінде өзінің ұлысында хан тағына отырды. Бауырлары оған бағынып, мойын ұсынды»(35). Бату билікке отырғаннан кейін 1226 жылы (кей деректе 1227 жылы) қазіргі Еділдің бойына қоныстанады. Ұлыс атауы «Алтын Орда» атын алады. Шын мәнінде Шыңғыс пен Жошының Дешті-Қыпшақ даласын бірлікке келтіруін 1220 жылдан қарастырғанда, Ұлы ұлыстың (Алтын орданың) құрылуын осы жылдан бастау түркілік тегіміз бен тарихымызға шынайы құрмет саналар еді. Олай болғанда мемлекетіміздің іргесі қаланғанына биыл (2020 жылы) 800 жыл толады.
1235 жылы Қарақорымда батыс жорығының мәселесіне қатысты үлкен жиын өтіп, Бату жорық басшысына тағайындалады да, 1236 жылы 60 мың әскер батысты бағындыруға аттанады. Тарихи деректер осы аттанған әскердің дені қыпшақтар екенін жазады.
Бату хан құрған Жошы ұлысы тарихта ең көп салтанат құрған түркі мемлекеттерінің бірі болып, үш ғасырға жуық үстемдік құрды. Қанатының астына жиналған 20 милионнан астам халықтың дені түркілер болды. Бату ханның кезінде 80 мың тұрақты қарулы қолы болған. Оның 90 пайызы қыпшақ-түркі тектестерден құралған.
Алтын орда хандығы туралы айтқанда, «Ұлыс халқының этникалық құрамы да әрқилы болғаны рас. Олар негізінен түрік халықтары, Еділдің бойы, Қара теңіздің қыпшақтары, Хорезм мен Еділ Бұлғариясының халықтары, сондай-ақ шығыс славяндары мен угро-финдер де болды. Билеуші моңғол әулеті осы халықтардың мәдени ықпалына түсіп, XIII ғасырдың соңына қарай түркі тілі мен ислам дініне көшті»(36).
Бату өлген соң билік Сартаққа, одан Ұлақшыға жалғасып, олар бірінен соң бірі дүние салып, Жошы хан ұлысының хан тағына Берке отырды. Берке хан өлгеннен кейін ұлыс Бату хан ұлдарына қайта берілді. Алтын Орда тағына Батудың немересі Мөңке Темір отырған 1266 жылдан бастап Орда Қарақорымдағы орталық Ұлы қаған әмірінен тыс, тәуелсіз жеке саясат жүргізе бастады. Шын мәнінде дәл осы 1266 жылды Шыңғыс хан құрған «түркі-моңғол» империясы құрамынан жеке дара «Алтын Орда» аталған жаңа түркі мемлекетінің бөлініп шыққан кезеңі ретінде қарастыру қажет.
Шыңғыс хан жорығы шын мәнінде көшпенді түркілердің басын қосудың жаңа қамалдарын жасаған еді. Бүгінгі қытай мемлекетінің «моңғол дәуірі қазіргі қытай мемлекетінің қалыптасуының негізін қалады» дегеніндей, қазақ хандары мен қазақ мемлекеттігінің іргесін қалаушылар Шыңғыс хан және оның әулеттері болды. «Әкесі Шыңғыс жауыз болды, оның біздің елді біріктіріп, хандыққа отырғызған баласы Жошы – мемлекетіміздің түпкі иесі болған ұлы тұлға» десек, тарихи қателікті былай қойғанда, логикалық та қателік болар еді. Шыңғыстай ұлы тұлға тудырған, өзі тағайындаған, ел іргесін бекемдеп, халықтық болмысымызды жасап берген Жошы тұлғасы (оның ұлы Бату) біз үшін қанша биік болса, оның әкесі одан әлде қайда асқақ емес пе!
«Шыңғыс ханның жорықтарынан кейінгі ең бір айқын көрініс ретінде біздің ұлы мемлекетіміз – тарихта Қыпшақ ұлысы аталған Алтын Орда құрылды. Күш-қуаты әлемді тітіретті. Сән-салтанаты, жер-жиһанға жар болды. Тауарихтың тағы бір толқынында Ежелгі Түрік қағандығының, одан соңғы Шыңғыс хан ұлысының, оған жалғас Алтын Орданың тікелей мұрагері – Қазақ Ордасы бой көтерді. Шыңғыс хан қалыптастырған мемлекеттік жүйе, жарғы, жоралар ізімен Московиядан бастау алатын Орыс мемлекетінің өзі Шыңғыс хан үлгісімен құрылған болатын. Бүгінгі қазақ халқының жер бетінен өшіп кетпей, ел болып, жұрт болып отыруы – дүние қайтадан бұзылған алағай-бұлағай заманда дербес ту көтеріп шыққан осы Қазақ ордасы дейтін мемлекеттің арқасы. Ал Қазақ Ордасының негізін салған Керей мен Жәнібек – сол Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы.
Біздің тарихшылар 700 жыл бойы моңғолдар биледі дейді. Орыс тарихшыларының айтқанын қайталайды. Шыңғыс ханмен болған жойқын соғыста, кейбір ағайындар айтып жүргендей, біз Отырарды қорғағанымыз жоқ, жаудан бостан қылдық. Қыпшақ қауымына, яғни, бізге тиесілі Отырарды ілкіде Хорезм басып алған болатын. Ал біз Отырарды қайтарып алдық. Неге десеңіз, Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түрік тайпалары еді. Сол кезде атағы шыққан зорлары – Керей, Найман, Жалайыр, Қатаған, Қоңырат»(37).
Шыңғыс хан жорықтары туралы тоқталғанда, шын мәнінде Шыңғыс хан жергілікті халықтың тіл-әдебиет, мәдениет, діни сенім, салт-санасына қысым жасамады. Қайта Жошы мен Шағатай ұлысына келген билік басындағы моңғолдар ұзаққа бармай-ақ жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін қабылдап оларға сіңісіп кетті.
Шыңғыс ханның жаулап алу жорығы халықтың шаруашылығы мен мәдениетіне ауыр зардабын тигізгенімен, ертеден басталған қазақтың халық болып қалыптасу барысын бөгей алған жоқ. Қайта бытыранды қазақ тайпаларын біртұтас мемлекетке шоғырландырды. Тайпалар ара талан-таражды тиды. Сөйтіп, қазақтың халық болып қалыптасу барысының одан ары дамуын тездетті(38).
Осылайша, Дешті-Қыпшақ даласын ұйтқы етіп, кейіннен «Алтын орда», «Жошы ұлысы» аталған хандық мемлекеттің алмағайып күндері қазақ мемлекетінің қалыптасу негіздерін жасады.
Сөйтіп, «1241 жылы Терістігі Солтүстік Мұзды мұхитқа барып жететін, оңтүстігі Дунай өзені, Қара теңіз, Әзірбайжан қалаларының арғы жағына дейін, шығыста Түркістан уәлаятын қамтитын ұшы-қиысрыз кең байтақ жерде ұлы түркі мемлекеті құрылды. Тіпті Польша мен Ресейдің ескі кінәздіктері осы мемлекеттің құрамында болатын. Оған бұдан басқалары да тікелей бағынатын.
Осы мемлекет: Жошы ұлысы, Бату жұрты, Өзбек елі, Алтын орда, Татар мемлекеті аталып жүрсе де, елге машһүр есімі «Дешті-Қыпшақ» болатын. Бұл мемлекеттің астанасы Астрахан мен Саратов (кейінгі атаулары – ред) арасында, Еділдің сол жағасындағы Ақтөбе деген жерге орналасқан. Сол ғасырдағы батыс тарихшылары тамсана мақтайтын Сарай қаласы осы еді.
Даңқы жер жарған Шыңғыс хан өзінің сау-саламат шағында бүкіл мемлекетті төртке бөліп, ең үлкенін Жошыға береді. Шыңғыс ханның низамдары (заңы) бойынша осы төрт бөлек жерде төрт хандық болып, оның бәрі бір Қаханға (қағанға – ред) бағынуға тиіс еді. Шыңғыс пен оның балалары мұңғұл (мұғул – ред) болғанымен, әскерлері татар, ең көп бөлігі өзге түрік халықтарынан болатын. Әсіресе, Дешті-Қыпшақ жеріндегі әскерлер: Қыпшақтар (жалпы ұғым – ред), бұлғарлар, башқұрттар еді.
Мұңғұл хандары әскерлерінің көбі түріктер болғандықтан да, өз әдет-ғұрыптарын ұмытып, солардың жоралғыларын қабылдап кеткен-ді. Әскер басыларын да татарлар (түркі тайпалары – ред) көп еді, сол себепті «татар үкіметі», татар хандары деп жиі аталды. Осы әдет қырым және қазан хандықтары құрылғанға дейін жалғасты. Ал біздің Дешті-Қыпшақ мемлекетінің атын дәл, дұрыс атағымыз келсе, «Түрік мемлекеті» деуіміз керек»(39).
Осы идеяларды қуаттаған көрнекті түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы былай дейді: «Түрік қағанатының саяси, рухани-мәдени қуатының әсерімен кейін Хазар, Селжүк, Керей, Найман хандықтары өмірге келді.
Этностық рухани қуатының мықты қалыптасқаны соншалық, қандай бір күшті империялар түркілерді жаулап алса да, қаншама жүз жылдар бойы билесе де, сол жаулаушы этнос өздері түркіленіп, ассимиляцияға түсіп кетіп отырды.
Бұның бірден-бір дерегі Шыңғыс хан бастаған Моңғол империясы болмақ. Шыңғыс ұрпақтары түркілерді жаулап алса да, моңғол болдыра алмай, өздері түркіленді»(40).
Демек, Шыңғыс ханнан бұрынғы барлық ірі түркілік ұлыстардың басында түркі қағандары болғанын ескерсек, кейінгі ұлттық, діндік айырма Шыңғыс ханды тарих сахнасына мұғул атауымен емес, моңғол ұлты ретінде көтерді. Алайда Шыңғыстың Тұғырыл ханнан ойсырай жеңілген соңғы соғысын еске алсақ, оның қосынында не бәрі 2600 ғана сарбаз болған екен. Керейт хандығын өзіне бағындырғаннан кейінгі деректік мәліметтердің барлығында бұл сан он есе, жүз есеге көбейіп отырады.
Рашид ад-диннің Иранның «Алтын дафтарынан» («Алтын дәптерінен») алған «мәліметі бойынша, Шыңғыс ханның өлер алдында (1227 жыл) 129 мың жауынгері болған» екен(41). Әрине, оның көбі-ақ сол кезде сахарада жасап жатқан керей, найман, қоңырат, меркіт, қыпшақ, қаңлы, жалайыр, татар, т.б. ержүрек түрік ұлдарынан еді. Сөзіміздің басындағы баянда айтқанымыздай бүкіл әлемді оның алақанына салып берген осы түркі текті тайпалардың жаужүрек оғландары болатын.
Қазақ ақын-жырауларынан Ғұмар Қараштың:
«Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел,
Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел» деп жырлауы мен, Мағжанның:
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да,
Адамның жүрегіне жігер берер, – деген жолдарынан да өр рухты түркілік тек көрініп тұр.
Хандықтың құрамын хан емес, халық құрайды. Орыс тарихы да 300 жылдай билеген моңғол билеушілеріне байланысты өзгеге тәуелділік білдірмейді. Тіпті Кеңес одағын бір мезет грузин ұлтының өкілі Сталин биледі екен деп ешкім де оны грузин мемлекеті деп атамайды. Билеушісінің кім болуына қарамастан бәрі бірде «орыс елі», «орыс мемлекеті» болып қала берді. Қытай мемлекеті де моңғолдар мен манжурлар биледі екен деп мемлекет атауын, ұлттық құрамын өзгерткен жоқ. Сол секілді Шыңғыс хан, Жошы құрған түркі мемлекеттері де, билеушінің тайпалық тегімен емес, «түркі елі», «түркі мемлекеті» сынды жалпылама атаулармен атала береді.
«Жошы хан, оның ұрпақтары қыпшақ даласында шашыраған халықтың басын қосты, мемлекеттік нышандарын қалыптастырды. Олар өздері мемлекет құрған қазақ даласы, қазақ деген ұлт, оның тағдырына адал болды. Адалдығының белгісі Жошы ұрпағының түгелдей дерлік мәйіті қазір қазақ даласында жатқандығы»(42).
Моңғолдардың түркілік тегі мен түркі-моңғол туысқандығы, ажырамас жақындығы сынды көп түрлі дәлелдер Шыңғыс хан құрған алып империяның түркі-моңғол империясы екенін даусыз дәлелдейді. Оның ұлы Жошыға тиесілі байтақ аймағы – Түркінің жаңа мемлекеттерін, соның ішінде кейінгі қазақ хандықтарын қалыптастырғаны да талассыз шындық. Сөйтіп, Жошы ұлысының көне жұртына кереге жайып, шаңырақ көтерген ел қазақ түріктері атауымен, Қазақстан мемлекетімен әлемге танылды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 1-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 86 бет.
2.Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл.
3.Баабар «Моңғолдың тегі» мақаласы. С.Рахметұлы аудармасы. «Шұғыла» 2016 жыл. №4 (191). 3-4 бет.
4,7. М.Ысқақбай, Б.Нұржеке, Т.Әбенайұлы «Алтын орда кімдікі» «Қазақ үні» 20.05.2020. (htths://qazaquni.kz/2020/05/20/146919.html).
5.Ж.Артықбаев «Қазақстан тарихы», оқулық. Астана: Фолиант. 2013 жыл.132 бет.
6,9,12, 13,14,15, Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиянт, Астана. 2018 жыл.
8,26. Мағауин М. Шыңғыс хан және оның заманы. Деректі тарихи хикая. Алматы, 2011.-608 бет.
10, Таварих-и гузида-йи нусрат-наме//Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков «Извлечения из персидских и тюркских сочинений». - Алма-Ата: Наука, 1969. –17 бет.
11, Аристов Н.А, Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897. 182-с.
16,17,20,21,23,24,25,27,29,35. Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл.
18,42. З.Қинаятұлы «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы. 2000 ж, № 1.
19, М.Мағауин: «Империялық саясат үшін Шыңғыс хан түркі болмау керек болды». Сұхбаттасқандар: Ә.Меңдеке, Ж.Ырысбай «Аңыз адам» журналы. №22, 2017 жыл.
22, З.Қинаятұлы. «Қазақстан тарихы» порталы. https://e-history.kz/kz/contents/view/563© e-history.kz.
28, Миллер Г.Ф., История Сибири. Т.1. Москва. Восточная литература, 1999. 190-191-с.
30, Материалы по истории Казахских ханств ХV-ХVІІІ вв. – Алма-Ата: Наука, 1969. – С. 227.
31, Шмидт Ю.А. Очерк Киргизской степи к югу от Арало-Иртышского Водораздела (Записки Западно-Сибирского отделения РГО). – 1894. – Т. 17. – Вып. 1-2. – С.
32, Бартольд В.В. К вопросу о погребальных обрядах Тюрков и Монголов. - М.: Наука, 1968. – С. 388.
33, Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата: главная ред. казах.сов. энциклопедии, 1984. – Т. 1. – С. 190-197.
34, З.Қинаятұлы. «Қазақстан тарихы» порталы. https://e-history.kz/kz/contents/view/563© e-history.kz.
36, Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. – 87 б.
37, М.Мағауин: «Тұңғыш немеремнің атын Бату қойдым». Мағауия Сембайдың Мұхтар Мағауинмен Прагададағы әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газеті.
38, Н. Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1987 жыл.
39, «Шора» журналы. 1908 жыл. 2-сан.
40, Қ.Сартқожаұлы, «Байырғы түрік жазуларының генезисі», «Арыс», Астана, 207 жыл, 56 бет.
41, К.Аманжолов, А.Тасболатов. «Қазақстанның әскери тарихы», Алматы: «Білім», 2008, 33-бет.
Жәди Шәкенұлы
Abai.kz