Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Зерттеу 21944 3 пікір 15 Маусым, 2020 сағат 12:43

Жер-су атаулары – тарих қана емес...

(Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы атауларды байқағанда)

Қазақ ономастикасында топонимдер семантикалық, құрылымдық əдіс тұрғысынан жүйелі түрде зерттеліп келеді. Тілдік таңбада берілген дүние туралы білімдердің жиынтығы түрлі тілдік  концепцияларда бірде «ғаламның тілдік репрезентациясы», бірде «ғаламның тілдік моделі», бірде «ғаламның тілдік бейнесі», бірде «тіларалық ғалам» деп көрсетіліп жүр.

Ғаламның тілдік бейнесі, ұлттық болмысы əр этноста əр түрлі болуы этностың тəжірибесімен, білімімен байланысты. Өйткені,тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен байланысында ғана емес, адамның өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып табылады.

Оның тілдік бейнесі,ұлттық рухани болмысы əр халықта əр түрлі екендігінің мөлтек көріністерін өзіміздің Қызылжар-Есіл өңірінен байқаймыз..

Қазақ халқының көру, есте ұстау, ұлттық дүние бейнесін қабылдау қабілеті ерекше дамығандығын  өз облысымыздың тарихынан алынған мына мысалдармен кестелеуге болар еді. Мал шаруашылығымен айналысқан .  қазақ халқының ұлттық рухани болмысын бейнелейтін ономастиканың өмірде маңызды орын алып, олардың дала алқабы мен шөлді жайылымдары да көші-қон кезінде белгілі қызмет атқарғанын байқауға болады. «Ономастикалық  атауларда этнос пен табиғат байланысын бейнелейтін атаулардың көп болуы топонимикалық нысандарға негізделгенін, қазақтардың тұрмыс-салты,этномəдени, тіршілігі меншаруашылық түрінің өзіндік ерекшеліктерімен байланысты түсіндіруге болады. Белгілі бір топонимикалық нысанның түрін, түсін, пішінін, көлемін көру, ұқсату т.б. уəжі арқылы қабылдаған. Бұл қабылдауда ұлттық этнографиялық нышандар жататынын келтіреді (Қасым Б. Қазіргі қазақ тілінің теориялық жəнеқолданбалы аспектілері. (ғылыми мақалалар). –Алматы: 2010. – 371 б.

Халық тарапынан қойылған жер-су атаулары – сол жердің табиғи құжаты болып табылады. Әрбір географиялық атау географиялық картада, ресми құжаттарда өз орнын табуы керек. Ол үшін ел болып жұмылып, түзетіп, қалпына келтіру, зерттеулер жүргізу, баршамыздың міндетіміз болып табылады.

Кез келген аймақтың (аумақтың, регионның, өңірдің, өлкенің) топонимиялық жүйесі ғасырлар бойы қалыптасқан: аймақтың табиғат жағдайларын, сол өлкені мекендеген халықтың көне және жаңа тарихын өн бойында сақтаған, ұлттың материалдық және рухани мәдениеттерінен көрініс бере алатын көптеген жалқы географиялық есімдер жиынтығы, кешені болып келеді.

«Аймақтық топонимиялық жүйе ұлттық топонимиялық жүйенің құрамдас бөлігі, сонымен қатар өзіндік аймақтық өзгешіліктері бар жүйелік топонимикалық құрылым болып табылады. Топонимиялық аймақтың межелері әкімшілік-экономикалық аумақтық межелерімен сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ әкімшілік-экономикалық құрылыстың тарихи, саяси, шаруашылық, этномәдени факторлары аймақтық топонимиялық жүйені сипаттауда назарға алынады. Сонымен қатар жергілікті тіл ерекшеліктерінің де аймаққа қатысы ескерілмек» [1, 44 б.].

Біздің пікірімізше, белгілі бір аудан аумағындағы топонимдер жиынтығы аймақтық топонимиялық жүйесін құра алады, себебі кейбір аудан (барлығы емес) топонимиясы сол алғышарттар мен олардың топонимиялық көріністерінің байланысын аймақтық деңгейде паш етеді. Басқаша айтқанда, аймақтық сипат сол аудан көлеміндегі топонимиялық жүйеге тән, демек, аудан топонимиясы басқа аудандар, басқа өңірлер, өлкелер топонимиясынан өзгеше, өзіндік ерекшеліктерге ие.

Солтүстік Қазақстан аймағы  физикалық-географиялық жағдайының аймақтық топонимиялық жүйеде бейнеленуіне қарап отырсақ,  өңіріміздің топонимиясының өзіндік, яғни аймақтық кейпін қалыптастырудағы географиялық фактордың мәні мен маңызы ерекше., сол себепті орманды, көлді, томар-жыралы ландшафтарының физикалық-географиялық жағдайлары аймақтық топонимдер мен микротопонимдердің бірқатарында өз көрінісін тапқан

Бабаларымыздың  аты сақталған

Солтүстік  топонимиясы қалыптасуына көз салсақ, аймақтық топонимиялық жүйенің өзіндік келбетін қалыптастыратын алғышарттар ретінде ықпал ететін сол өңірдің физикалық-географиялық жағдайларымен қоса, сол өлкеде орын алған ел тарихы мен жер тарихының рөлі мен орны өте зор және маңызды.

Мәселен, тарих қойнауында тұнып қалып, бізге архив арқылы жеткен мына антротопонимдермен таныса отырып, өлкеміздің бір-екі ғасырлық тарихынан қаншама танымдық мағлұмат алуға болатынын байқасақ-шы.  Осыншама жер мен судың, орма мен тоғайдың, томар мен қамыстың бәрінің  меншік иесін көрсетіп, нұсқап айқындайтын атауларға қарап отырып, терең ойға кетесің. Осыншама меншігі бар, қазіргі саясат тілімен  айтқанда нағыз «орта тап» қалыптасып, мамыражай өмір сүрген  ата-бабаларымыздың өмірі бақытсыз болды-ау деген ой үш ұйықтасаң ойыңа келер ме? Сол меншіктерін кімге, қаншаға сатып, жерсіз-сусыз қалған бабаларымның күні не болды екен? Олар сатып, біреулер алып, дегендей меншіктің ауысқанын көрсететін құжаттар қайда? Жоқ, ондай құжат! Ешкім сатпаған, қолынан беріп ұстатын жібермеген, қазақтың жерін. Мылтығын шошайтып, үркіте-қорқыта, қажет болса, алдап-сулап... тартып алған, қазақтың Ұлы даласын бөлшнектеп, турап-турап иемденген. Сол жерлердің  бұдан  екі-екі жарым ғасыр бұрынғы  кейпін бейнелейтін, е,скерткіш атауларға көз салайықшы.

А. Ағам қарағашы,   Айбардың ағашы, Ақназардың ағашы, Ақжан қонған ағаш, Ақшидің қарағашы, Албан шоқысы, Алпысбай қыстауы, Алтайдың өзегі,  Апай қарағай, Атабайдың қаратерегі,

Ә. Әже өлген сай, Әзібай бұлағы, Әлмен ағашы,

Б. Балтабек шоқысы , Балуан ағаш, Бейсеу тоғайы,Бекбай шілігі, Бекболат ағашы, Бекмырза ағашы, Бектемісағашы, Бердібай ағашы,  Боқайдың өткелі, Боранбайдың шоқысы,Бошан қарағайы, Бөке талы, Бумаш шоқысы,

Д. Дәметей ағашы, Дәулетқонған, Дінәліқыстаған, Дүйін бұлағы,

Е. Егіз қыстаған, Елтінді жалы , Ералының көлі,  Есенгелді жығылған,Есенәлі қонған, Есілбай түскен,

Ж. Жайсаң қыстаған, Жаман қонған, Жансүгір ағашы, Жаңабай томары, Жаңаберген ағаш, Жарқын қонған, Жәңке туған,  Жолтай қопасы, Жүзік өлген, Жұба қонған, Жұмықтың қарағайы,

И. Иса қыстаған, Иманның көлі, Иса қыстаған, Итеке бейіті, Итсарының қарасуы,

К. Кебекең үй тескен, Кенжеболат қонған, Көшек қой сойған,

Қ. Қабанбай ағашы, Қадырбай ағашы, Қалашы қонған, Қаңлы қонған, Қалашы қонған, Қойлыбай, Қарабастың көңі, Қәпірге той қылған, Қожа ағашы, Қойбағардың ашасы, Қойлыбай қонған, Қойшыбайдың  ескі қыстауы, Қонтай қыстаған, Қотан қонған, Қошқарағаш, Құйғанның кепесі, Құлтайдың шатқалы, Құлтуманың шілігі, Құтмәмбет қонған,

М. Майлыбай түскен, Қылды қонған, Мақпал қыстаған, Малтақ ілген, Маман қалған, Мезгілдің ағашы, Мезгілдің шоқысы,  Мекшенің шоқысы, Мендеке шоқысы, Мешіт салған,  Мәжиттің  қызылы, Мәжір қонған, Мәт шоқысы, Мәті шатқалы, Монтай шілігі, Мырза ағашы,

Н. Назардың ағашы, Назар қонған, Найман туған,

О. Опанның ағашы, Оспанның қыстауы, Отарбай шоқысы,

С. Салпықтың қызылы, Салпықтың тауы, Салықпай шоқысы, Самайдың қызылы, Саржан шапқан, Саржаудың шоқысы, Сарқанның

О. Орағашы, Сарман шапқан, Сартай қонған, Сарыбайдың жұрты, Сары қонған, Саурық кескен,  Сауытбек туған, Сейітқұл қонған ағашы, Сейтеннің қызыл ағашы, Сеңкібай талы, Сералы көңі, Сәлиха ауырған, Сәмеке түскен, Сүлейменнің ағашы, Сұлтанның томары,

Т. Тасболаттың шоқысы, Тасекең қыстаған, Тасыбайдың қарағашы, Темір қонған, Тәтібайдің  терегі, Тілеудің қарағайы, Тойған қашқан, Тойқожаның қызылы, Тоқсан өлген, Торыбие өлген, Тосын қонған, Төлепберген туған, Төренің қызылағашы, Тәті қонған, Түйебайлаған көлденең, Тұматтың шоқысы, Тұрлыбай талы, Тұяқ қонған, Тілептің  қараталы,

Х. Хан түскен,

Ш.  Шағыр қонған (2), Шақшақ қонған, Шалабай ағашы, Шалбан түбегі, Шама көмген, Шарман қонған, Шартай көңі, Шашдәулеттің қарағайы, Шеріннің ағашы, Шешем түскен, Шәкеннің бейіті, Шіліктіағаш, Шоға қонған ағаш, Шоқа кескен,

Ы. Ысты шапқан, Ыс ұстаған.

Ешбір ресми құжатта, баспасөз бетінде, естелікте, тіпті көркем әдебиет пен таңбалы ескерткіштен табыла бермейтін ғажайып тарих осында жатыр. Осындағы Ағам, Айбар,  Ақназар, Албан,, Алпысбай, Алтай, Атабай, Балтабек...Бекбай, Бекболат...Бейсеу, Боранбай  , Бөкей... кімдер. Олар – біздің ата-бабаларымыз. Сол бабаларымыздан қалған там-тұм ұрпақтары осы күні осы жерлерге. Тоғайлар мен шіліктерге, қыстаулар мен шоқыларға, қарағайлар мен теректерге ие болып отыр. Әттең, өз жерінде өзі өгейлік көріп, мәңгіп қалған қазіргі ұрпақ осы есімдерді талдап, атын атап, таратып бере алмаса, сол аттары туған, өскен жерлерінде қалған бабаларымыз жазықты емес. Мына, біз кінәліміз. Кезінде мән бермей, ең болмаса, ел аузында там-тұм сақталған шежірелерді осыдан қырық-елу жыл бұрын, көненің көзіндей қария ата-әжелеріміз тірі тұрғанда жинап алып, ұрпақтарымызды құлағына құя берсек, қағазға түсіре берсек, кім қой депті...  Баяғыда данышпан Мұхтар Әуезов айтып еді: «...әлдеқашан көшіп кеткен елдің жұртында қалған қоламтаны қазып, үрлеп тұтандырмақ болып...отырмын»,- деп. Сол кезек бізге де келгендей, тарихтың қоламтасын тереңірек қазып, аударып-теңкеріп көрсек,  қазіргі ұрпаққа «Мынау менің жерім, ата-бабамнан қалған, қазақтың жері. Ендеше оған ие болуым керек!» дегізіп, санасына шоқ салып жіберсек, өздері әрі қарай үрлепәкетер ме?!

Осы тізімдегі: Ақжан неге қонды, оның қонған-қонбағанында қандай оқиға бар, немесе Дәулет қонған, Дінәлі қыстаған, Жұба қонған деген сөз тіркестері еріккеннен қоя салмаған атаулар. Яғни сол жылы, немесе сол айда, әйтпесе аты аталған атамыз сол жерге көлігін тоқтатып, жүгін түсіріп, керегесін керіп, шаңырағын көтерген. Сол жерден жерошақ қазған, тілеу тілеп, дастархан жайып, отбасы ошақ маңына жиналып, қол жайып бата беріскен, бет сипаған. Аз ба, көп пе, сол жерді, бәлкім, көлдің жағасын, ағаштың ортасындағы алаңқайды, шоқының етегін мекен етін, ғұмыр кешті, ұрпақ таратты, қонысында белгі қалды, содан бері есімі туған жерінің бетінде өшпес бедер болып жазылып қалды. Енді, міне тарихи, географиялық, тілдік ныса ретінде ономастика тұрғысынан,топоним, онтропоним тұрғысынан зерттеліп, қағаз бетінде қалады. Өшпейді.

Сол атауға негіз болған есім ағаш, шоқы, көл, бұлақ, өзек, томар... т.б. апеллятивтерге анықтауыш ретінде тіркелгенін, тек қана ағаш, шоқы, көл, бұлақ, өзек, томар... т.б.  емес, өздерінен кейінгі ұрпақтарға мекеннің қадір-қасиетін анықтаушы, түсіндіруші, жол көрсетіп, бағыт сілтеуші ретінде күрдклі топоним құрап отыр. Бұл атаулардың астарындағы оқиғаларды сүзіп алып, жеке қарастыратын, зерттейтін жағдай болса, тіпті қызық қой. Айталық: Есенгелді жығылған (қалай, қашан, неге? Осындай бір адамның жығылуы неліктен ұмытылмас оқиға болып, жер атауында таңбаланған?

Немесе, «Итеке бейіті» деп неге қойылған, қазақ даласында бейіт аз ба, әлде, әуелде сол жерге Итеке есімді, тірісінде  беделді, белді болған  адам жерленді ме?  «Кебекең үй тескен» жердің ерекшелігі неде? Қазіргі жастар үй тескен дегеннің не екенін біле ме? Білмейді. Өйткені бұдан бекі-үш ғасыр бұрынғы қазақ тұрмысын білу керек. «Үй тескен» деген сөз, жерді қазып кепе салған деген сөз. Ал «кепе» деген не? Орыстар балаған деп атайтын, жерді шұқырлап қазып, аршынға толар-толмас шым қабырға көтеріп, жасаған баспана. «Құйғанның кепесі», «Қаракепе», «Қоскепе» беген атаулар содан шыққан. Демек, қазған дегеннің орнына «тескен» деген етістіктің қорлданылуында да мән бар. Тірі адам мекен ететін шұңқырды «қазған» деп айтуға ауыз бармаған болар. Бұл да әлеуметтік лингвистиканың көп сұрақтарының бірі. Топонимдер этнос тарихынан, оның өткендегі салт-дәстүрлері мен тіршілік ерекшеліктерінен хабар береді, дейтініміз, сондықтан. «Көшек қой сойған», «Майлыбай түскен», «Мәжиттің қызылы», «Сауытбек туған», «Төлепберген туған», «Шама көмген» т.с.с. әзірге бізге жұмбақ, шешуі қиын, бәлкім табылмайтын жер-су атаулары осындай. Әрқайсысы бір-бір тағдыр, бір-бір оқиға. Елін сыйлайтын, жерін сүйетін, Отанының өткен тарихына қызыққан әрбір талапкерді қымбат ойға жетелейтін түсініктер.

Осылардың арасынан «Ыс ұстаған» деген жер атының төркін-түсінігіне назар аударайық. «Ыс» дегеніміздің түсінігі мал терісін ыстау, ағашты ыстау, мал етін ыстау деген тіркестер түрінде ұғынықтырақ. Ал. «ыста» емес неге «ыс ұстаған» түрінде қалыптасқан? Ертеде, қымыз ашытып, сақтайтын саба, торсық тігу үшін қазақтар жүні алынып, иленген жылқы терісін ыстау үшін, ауыл маңынан аулағырақ жер қазып, үстіне шымнан күрке түрінде пана тұрғызып, ішіне тобылғы, қайын, арша түтінін жіберетін. Осы күркенің ішіндегі сырғауыл салдауларға жайылған жылқы терісі бірнеше күн бабымен ысталады. Сабалық теріні ыстау әркімнің қолынан келе бермейді, оған арнайы кәсіпке машықтанған шеберлер керек. Бұл шеберді «ыс ұстаушы» деп атайды. Ыс ұстаушы дегендер көп болмайды, сол сияқты йс ұстайтын орындар да көп бола бермейді, маңайдағы бірнеше ауылдың ортасында, ұрымтал жерге орналасады. Міне, «Ыс ұстаған» деген мекеннің атауы қайдан, қалай шыққанын осылай түсіндірсек жөн.

Жоғарыда тіркелген антротопонимдерден байқалған ерекшелік, кісі есімінің зат есімнен жасалған анықтауыштарға  қабаттасып, географиялық нысанның кімге тиесілі екендігін, қандай оқиғаға қатысты екендігін ашатынында. Енді осыларды орыс тіліндегі  дәстүрлі атаулармен салыстыраьтын болсақ, дәстүрлі ово, ова, ский форманттарының және жекелік, көптік жалғаулардың жоқ екенін байқаймыз.

Тағы бір атап көрсетерлік мәселе - «Кепе», «Ыс», «Ұстаған», «Тескен» сияқты қазіргі замандастарымызға түсініксіз, шығу тегі белгісіз немесе табы қиын топонимдер көп кездесетіні. Бұларды көнерген (көмескі) ономастикалық лексемалар қатарына жатқызып, оларда тұнып қалған «құпия сыр-сипатты ашып, анықтау үшін халқымыздың көне тарихына зер салып, үңіле ізденуіміз қажет. Өйткені тіліміздегі жүздеген ономастикалық көне лексемалардың рулық-тайпалық және тайпалық одақтармен ұштас екені даусыз мәселе болса керек. Сол дәуірлерден сақталған аптаулардың тарих дөңгелегімен ілесе жүріп, қазіргі дәуірге жеткені, қартайып, мүжіліп, түрлі өзгерістерге ұшырап келгені кімге болса да аян. Сондықтан да ол лексикалық топтпр халық, қоғам тарихымен, тарихи-мәдени оқиғалармен сабақтас та ұштас, берік байланыстарда жатыр». (Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. 1 том. Алматы, 2006., 65-бет).

«Ұзын» көп, «қысқа» неге жоқ

Қазақ ономастикасының этнолингвистикалық қырларын Солтүстік Қазақстан облысының аумағында ХІХ ғасырдың екінші жартысында жиналған деректер тұрғысынан қарсақ, бірталай қызықты құбылыстарға кездесеміз. Айта кету керек, қазақ этнотопонимикасы кең-байтақ еліміздің әр қиырын мекендеген қазақтардың шаруашылық жүргізу ерекшеліктеріне сай қалыптасқанын дәл осы Солтүстік Қазақстанның мысалы арқылы кескіндеуге болады.

Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогы. Екінші басылым, қайта өңделген және толықтырылған. Солтүстік Қазақстан облысы. Алматы, .2012. (қысқаша: ҚРГАМ, 2-том.)

Мысалы, каталогта «Ұзын» сөзімен басталатын 41 атау тіркелген. Олардың  ішінде. +ағаш 2, +жал 1, +жар 1, +көл 26.+қамыс+1, +қарасу 1,+қызыл 3,+су3, +томар 3 рет кездеседі. Дәл осындай жағдай «тарихи» топонимикада да байқалды. Осыдан жүз жыл бұрынғы елді мекендер қатарында, яғни, «ойконим» есебінде «ұзынмен» басталатын  65 атау бар екен. Зер салып қарасақ, бұлар да шамамен қазіргіге ұқсас: +ағаш 16, +дуал 1, +жал 3, +көл 4, +қарағай 1, +қызыл 23, +қырат 1, +өзен 2 және +томар 4 рет  кездесті.

Атақты топонимтанушы ғалым Э. Мирзоев те мұндай жиілікке назар аударып, «ұзын» сөзін «өзен» сөзімен шендестіре қарап көреді. Шынында, осы екеуінің арасында бір байланыс бар болуға тиіс деген оймен, бірнеше мысал келтіреді. Зерттеушінің ұстанымы «ұзын» тек қана заттың, нысанның ұзын-қысқалығын ғана білдіретін шама өлшемі немесе, «ұзыншақ», «ұзарып көрінген, «созыла біткен» сыртқы көрінісін ғана білдіріп қоймайды, басқа да сыры болуға тиіс дегенге саяды.

«Өзен» және «ұзын» деген ұқсас апеллятив сөздерді бұрын ССРО аталған мемлекеттің картасында өзенді бейнелейтін көгілдір сызықтардың қасынан байқаймыз. Қазақстаннан Саратов облысына ағып шығатын Үлкен өзен, Кіші өзен дегендер бар. Башқортстандағы Белое өзенінің Орал тауларынан бастау алатын бір тармағы «Узян» деп аталады. Балқаш көлін ащы және тұщы бөліктерге бөліп тұратын ағыстың аты «Ұзынарал». Қазақстандағы Ұзынқарғалы өзені жағасында «Ұзынағаш» ауылы тұр, сол республиканың солтүстігінде «Ұзынбұлақ» деген су бар. Өзбекстанның Сұрхандария облысында Ұзын деген ауыл бар, Арменияның Әзірбайжанмен іргелес шегарасында Ұзынтал селосы... Бірін-бірі қайталайтын, сырттай да, мағнасы да ұқсас бұл не қылған атаулар...» деп таңданады автор. Сөйтеді де, жеке-жеке қарастырып көреді.

«Ұзынағаш» – ұзын немесе биік ағаш па? «Ұзынтал» - ұзын аңғар ма? Балқаштағы Ұзынаралға көз салсаңыз, шынында көлді екіге бөліп тұрған ұзынша біткен түбекті байқайсыз. Шынында, бұл түбек емес, бір кезде арал болуы да мүмкін.

Біздің мысалымызда «ұзын» сөзіне антоним болғандықтан (мысалы «ұзынды-қысқалы»), топоним жасауға «қысқа» сөзінің неге қатыспағаны да қызықтырады. Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогы. Екінші басылым, қайта өңделген және толықтырылған. Солтүстік Қазақстан облысы. Алматы, .2012. (қысқаша: ҚРГАМ, 2-том.) жинағындағы 7 мың, біздің қолымыздағы 2,5 мың, барлығы 10 мыңға тарта жер-су, елді мекендер атаулары арасында «қысқа» сөзімен басталып жасалған бірде-бір топоним кездеспеуі де ономастика ғылымының бір құпиясы десек, артық айтқандық болмас.

                     «Ұзын» мен «шолақ» қатар жүреді

Осыдан 110 жыл бұрын қағазға түскен мәліметтерде облыс аумағындағы елді мекендердің арасында  жиі кездесетін атаулардың бір парасы  - ұзындық пен қысқалық өлшеміне байланысты түсінікке байланысты қалыптасқаны да назар аудартады. Мысалы,  Қызыл+ағаш (16),Ұзын+дуал (1),Ұзын+жал (3), Ұзын+көл (4)Ұзын+қарағай  (1),Ұзын+қызыл (23),Ұзын+қызыл+сай (1),Ұзын+қырат (1),Ұзын+өзек (1),Ұзын+томар (4) болып келеді. Енді  осы «ұзынға» тіркеліп жасалған зат есімдердің жағдайы 2001 жылғы анықтамалықта мынадай: Мұндай топонимдер тізімінде   +ағаш 2, +жал 1, + жар 1, +көл 26, +қамыс 1, + қарасу 1, +қызыл 3, +су 3, +томар 4 рет кездеседі.

Жоғарыдығы мысалда кеелтірілген «ұзын» сөзі, біздің ойымызша нысанның тура мағнасында сызывқ бойымен созылып, ұзарғандығын ғана емесм, сонымен бірге көлемін де көрсететін сияқты. Және бұл жерде географиялық нысан ретінде алынған зат есім тұлғасында, айталық, ағаш, жал, жар, көл, қамыс, әйтпесе су мен томар жеке мысал ретінде алынбаған, жиынтық. Яғни, типтік түрде, бейнелеу, тұспалдау түрінде алынғаны байқалады. Енді осыған керісінше, «ұзынға» антоним «шолақ» сөзін алып қарасыратын болсақ, атаудың бейнелі екендігі тіпті жарқырап көрінгендей. «Тарихи топонимикада «шолақ» ұзыннан гөрі сиректеу қолданылып, қазақ қыстауларының мұндай қатары былайша тізілген: Шолақжал, Шолаққайың, Шолаққарағаш, Шолаққарасу  (2 рет), Шолақөзек  (4 рет). Түсінікті болу үшін, айта кету керек, бұл аталғандар, қыстау-мекендер.

Ал енді, жер-су атау ретінде, «шолақ» сөзінің негізінде жасалған  16 топонимнің қазіргі жайы мынадай: Шолақ ауылы – Мамлюта ауданы, аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай, орысша «Горькое» аталатын тұзды көлдің оңтүстік-батысында. Осы аттас екінші ауыл тағы осы ауданда, және Меңгесер көлінің солтүстік-шығысында, Новомихайловка селосынан солтүстік-батысқа қарай орналасқан. Осы аттас үшінші ауыл, дәлірек айтқанда, Шолақ Досақ атымен Аққайың ауданындағы Үлкен Жарма көлінен оңтүстік-батысқа қарай, Талды-арал көлінің солтүстік-шығысында жатыр. Жамбыл ауданындағы Шолақжал, Тайынша ауданындағы Шолаққайың, Шал ақын ауданындағы Шолақ қарасу,  Айыртау, Жамбыл   және Шоқан Уәлиханов  аудандарындағы Шолақөзек ауылдары қазақ халқының ежелгі құтты қоныстары ретінде талай тарихтан сыр бүгіп жатыр-ау.  Қазақтың тіл байлығы синоним қатарының байлығымен өлшенетіні мәлім. Осықасиетті қпазақы жер атауларынталдап отырғанда айқын байқайды екенсіз. Мысалы, қысқа, шолақ, келте, ықшам деген сөздер қолданыста белгілі дәрежеде бірінің орнына бірі синоним болып жүре береді және түсінікті айшықтап, көркем кестелеуге, сойлемнің дәмін кіргізіп, сәнін келтіру үшін қолданылады. Соның бір мысалы мынау. Шолақ жал, Шолақ қарасу деген әдеттегі қолданысты сәл өзгертіп, Келте жал, Келте қарасу деуге болады ғой.  Ал, осы «қысқа» мен «шолақтың» орнына «келте» ауызға түссе ше?! Айталық, біздің өлкедегі екі Келтеқопа және төрт  Келтеқыстау бар екен. Саны жағынан аз, бірақ мағынасы түсініксіз бұл атаулар тамыры әріде, тарихы ұзақ көшпелі халықтың тұрмыс қажеттігінен туғанын біліп отырмыз. Анығында осындағы «келте» сөзі көлбеу жазықтықтағы ұзындық өлшемі емес,уақыт өлшемі болып шықты. Антрополог ғалым М.С. Мұқановтың көрсетуінше күзеу мен қыстаудың арасында, қыстауға ұрымтал пәйектің шөбін сақтай тұру яғни қори тұру үшін қыс қаһарына мінгенше отыратын мал тұрағы. Қазіргі лексикада қолданылудан қалған келте сөзі бұл жағдайда өтпелі, қысқа мерзім дегенді білдіреді.Бас-аяғы бір жүз жылдың ар –ақ-бер жағында жоғарыда біз санаған төрт «келтеқыстаудың» біреуі ғана (Мамлют ауданыындағы Меңкесер көлінен шығысқа, ал Становой көлінен оңтүстік-батысқа қарай) қалған, өзгесі қазақтың өзгерген тұрмысымен бірге жоғалған.

Кейінірек, Ішкі Ресейден тағдыр айдап, қоныс аударғандар да, өздерінің жаңа қоныстарының сыртқы көрінісін таңбалап, өз тілінде атай бастаған. Соның айғағы ретінде қазақша «ұзындардың қатары орысша «длинный» деген  өлшем сипатымен толыға түскені де, бұл аймақтағы тарихи өзгерістердің заттық ескерткішіндей көрінеді. Облыс аумағында «Длинный» сөзінің негізінде 12 топоним жасалған болса, мұның сегізі қоныс атауы, яғни ойконимдер екенін байқадық. Жекелеп  көрсетсек, Длинное көлі, Длинное, Длинные  батпақтары, Длинный тоғайлары деген сияқты. Бірақ, орыс топонимдері арасында «короткое» сөзімен келетіндері екеу ғана, біреуі емен тоғайы, екіншісі батпақ.

Қазақтың халықтық географиялық терминологиясын көп зерттеген  Ғ.Л. Қоңқашбаев  Қазақстан табиғатының әртүрлілігіне   қарай, мысалы, солтүстіктегі орман-тоғайлы, арқадағы шөлейтті дала, оңтүстіктегі құмды-сортаңды алқаптар мен биің таулы, ойлы қырлы бедерлердің әрқайсының өзіне ғана тән жер-су атаулары қалыптасқан. «Сайып келгенде мұның өзі қазақтардың мал шаруашылық кәсібін жүргізу ерекшеліктеріне тән екендігін», көрсетеді.   (Конкашпаев Г.К. Казахские народные географические термины. Автореф. дисс. канд. географ, наук. Алма-Ата, 194-9, С. 7-8 ^ Очерки по физической географии Казахстана. Алма-Ата,1952,С.389).

Солтүстік Қазақстанның көптеген топонимдері аумақтың физика-географиялық нысандарының басым белгілерін, атап айтқанда, көп кездесетін өсімдік түрлері, жер бедерінің өзіне ғана тән ерекшеліктері сияқты белгілерін бейнелейді. Бұл, сөз жоқ, нақты  көріністің кескін келбетін  айнадағыдай танытатын  географиялық позитивтілік приниципі  болып табылады.. Физика-географиялық атаулардан берік орын ала отырып, бұл табиғит белгілер, басқаша атауға болмайтын, тек қана осы атау жарасады деген принципке жауап беретінін байқау қиын емес. Себебі, зерттеу үстінде байқағанымыздай, өңірде кездесетін барлық өсімдік немесе аң-құс түрлері, жер бедері түгелдей топонимикадан көрініс таба бермейді.

Қазақ тілінің табиғатына тән бір ерекшелік: көптеген түр-түс атауларының шығу төркіні бүгінде белгісіз. Олардың кейбіреуін этимологиялық жолмен анықтауға болса да, кейбіреулерінің құпия сырын ашу мүмкін емес. Мәселен, ақ, боз, сұр, көк, кер, ала тәрізді бір буынды түр-түс атауларын талдап, анықтап жатудың қажеті де жоқ сияқты көрінеді. Өйткені бұлар одан әрі жіктеуге, морфемаларға бөлшектеуге келмейді. Бұл атауларды көне түркі заманынан бері келе жатқан байырғы ілкі түбірлер санатына жатқызуға болады. Көптеген түркі тілдерінде кездесетін бұл сөздердің түстік мағынасы да көне болса керек. Мысалы: ақ сөзі түркі тілдерінде ақ//ах//ағ//а:қ формасында қолданылып, бір-біріне жақын үш топ мағынаны аңғартады: 1) «ақ» деген негізгі түстік мағына («белый»); оның төңірегіне: ақшыл, көздің ағы, жұмыртқаның ағы, т.б.мағыналар туған; 2) «ақ» сөзінің ауыс мағыналары: кіршіксіз таза, кінәсіз, ақжүрек, адал; 3) керемет, тамаша, ғажайып. Ақ сөзінің этимологиясы жөнінде, оның заттық не түстік негізі жайында ХХ ғасырдың өзінде-ақ түркологтар арасында әртүрлі пікірлер қалыптасты. Э.В.Севортян «аға» және «әке» деген туыстық атаулардағы екі сөздің де негізі «ақ» «оқ» (қартаю) етістігінен өрбіген дегенді айтады. Жалпы сүт тағамдарын білдіретін ақ атауы (қымыз, сүт, шұбат, құрт т.б.) ақ етістігі негізінен өрбігенін аңғаруға болады. Оған дәлел «ақ» – ағу, жоғары-төмен жылжу, құйылу» мәніндегі етістік. Сүттің төмен сауылып, сорғалап құйылатыны белгілі. Әрі өзі де ақ, басқа реңкі жоқ, өзгермейтін ақ түсті ақ атау да көңілге қонымды. Көне түркі тілінде «үрүң» атаудың тілден ығыстырылып шығуына да ақ сөзінің конверсиялануы әсер еткен. Көне мұраларда кездесетін «таң ағару» тіркесіндегі «ақ» жоғары көтерілу, «таң көтерілу» мағынасын беретін ақ етістігінің әр түрлі сапада жеткендігін ғалым Б.Сағындықұлы дәлелдейді
[9, 137 б]. (Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. – Алматы: Санат, 1994. – 168 б.)

«Ақ» 102 атау, ал, «қара» 167 рет кездеседі

Облыстың жер-су атаулары тізілген каталогта «ақ» сын есімімен немесе осыдан туындайтын зат есімнен басталатын 102 атау бар екен. Солардың ішінде  Ақан, Ақанбет, Ақбай, Ақбас, Ақби, Ақжан, Ақжарқын, Аққошқар, Ақсары, Ақтай, Ақыш бастатқан 25 антропоним болса, қалғандары +балық 2, «Ақбас» және «Ақбасты» аталатын  тұзды көлдер 8. Мысалы, Ақ+ бұлақ 2, +жар 2, +көл 4, +қайың 3, «ақ+қу» 3, +құдық 3, +мола 3, +сай 3, +сораң 3, +су 7, +суат 7, +тас 3, +төбе 6 рет кездесті.

Ал, бұдан жүз жыл бұрынғы елді мекендердің атауы тізімі болып табылатын «Тарихи топонимикадан» қазақтардың «ақтан» басталатын 32 елді мекенін таптық. Бұлардың ішінде Ақбас, Ақбота, Ақжан, Ақпан, Аққусақ сияқты кісі есімдері мен, қазақ тұрмысын бейнелейтін: «Ақжан қонған ағаш», «Ақ ит өлген», «Ақбас тың көлі», «Ақ оба», «Ақ мола», «Ақ шығанақ», «Ақ өгіз», «Ақтөбел», «Ақтөс», «Аққойлы», «Ақөгіз»,   т.б. этнографиялық атаулар баршылық. «Бозарал» да кездесті.

Жерлестеріміздің басым бөлігі қазақтан өзге ұлт өкілдері болғандықтан, зер сала қарасақ, осы «ақ» анықтауышының орысша аудармасы «белый». «белая»» «белое» сөзіне қатысты 26 атау ұшырайды.  Солардың ішінде «ақ топырақ», яғни «Белая глина» деп екі ауыл және Аққанбұрлық өзенінің  бір саласы, өзенше аталады. Осыған ұқсас «Белоглинка» деген екі ауылдың біреуі Айыртау ауданында, екіншісі Шал ақын ауданында. 9 «Белое» болса, соның бесеуі көл, яғни Ақ көлдер, төртеуі село. Ойконимдер арасында төрт «Белоградовка» бар екен.

Біздің ойымызша, мағнасы жағынан «белоеге» жақынырақ сын есім «чистое» болса керек. Қазақша «таза» деген тура аудармасы болмаса да, бейнелі түрде «ақтың» мағнасын беретін 27 чистое санауымыз, соның бір айғағы болса керек. Атап айтқанда, Чистое деп аталатын көлдердің саны 17, қалғаны батпақтар немесе елді мекендердің аты.

Топонимист мамандар қазақ тілінде «қара» сын есімінен басталатын, немесе осы сөз жалғанған атаулардың көптігіне назар аударып, рсы құбылысты түсіндіруге тырысады. Басқа халықтардағыдай қазақ халқы үшін де әлем екі түске – ақ пен қараға бөлінген. Оның бірі ақ түс – күллі игі жақсы қасиеттер иесі болса, қара түс – жамандық біткеннің белгісіне ие. Бұл түсінік халық санасына терең ұялап, оның тілі мен ойлау жүйесінен орын алған. Сондықтан ақ түс күні бүгінге дейін жақсы бастама атаулының бәрінен де табылады. Өйткені ол сұлулық әлемінің, адамгершілік қасиеттерінің біртұтас жиынтығын құрайды. Қазақ халқының ежелгі дүниетанымында дүниені төрт бұрышты деп түсініп, әр тұсқа өзіндік таңбалық түс бергені белгілі. Сонда қара түс солтүстікті белгілейді. Зерттеулерге сүйенсек, «Авестада» солтүстік жақтағы қасиетті тауды «Хукариа» деп атайтындығы айтылады. «Хукариа» атауының иран тіліндегі бастапқы айтылу нұсқасының «Хух Хара» болғандығын ескерсек, мұндағы «хара» о баста дей-түркінің (арғықазақ) «қара» формасынан шыққандығын айтуға болады. Яғни «Хух Хара» сөзі бүгінгі түркі тіліне «Харатау» - «Қаратау» деп аударылады. Бұл жердегі «қара» сөзі түсті емес, «түпкі, бастапқы» деген мағынаға ие болып тұр. Түркі тілдерінің бірі өзбек тілінде «қара» сөзі «темір» деген мағынада қолданылады. Мұндай ұғым буряттардың дүниетанымдық негіздегі фольклорында да болғандығы байқалады. «Қара» сөзі жер асты, төменгі әлем ұғымын білдірсе, «ақ» сөзі оған қарама-қарсы жоғарғы әлем, құдайлар мекені, аспанның символы болған.

Сонда, байқалғаны «Қара» деген сөз нысанның түсін көрсетіп қана қоймайды, «қара» сөзі «үлкені, «көп» «көлемді» деген сөздерге синоним ретінде жұмсалып, атаулардың бейнелі, көрнекті, есте қаларлық болуына, айтқанда әсерлі естілуіне байланысты күшейткіш шырай түрінде қолданылады. Ал, орыс тілінде олай емес екеніне осы өзіміздің солтүстік аймақтың жер-су атауларын зерттеу үстінде көз жеткіздік. Мысалы, «Черное» деген екі көл, Чернобаевка, Чернозубово және Чернолесье деген елді мекендер бар. Бұл арада әрбір этностың сыртқы әсерді бағалауы, қабылдауы және санадан өткізіп таңбалауы әртүрлі екендігі сөз болуға тиіс.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қара сөзінің мағынасына қатысты берілген сөздерден түстік, белгісіздік, қайғы-уайым, қатыгездік, киелілік, қасиеттілік, қарапайымдылық мағыналарын тануға болады. Бұл мағыналар қара сөзінің ұғымдық нышандық, яғни таңбалық белгісін де білдіріп тұр. Қара сөзінің тура мағынасы – «ақтың қарама-қарсы түрі». Бұл оның негізгі мағынасы. Бірақ бұл номинативтік мағына одан кейін пайда болған коннотативтік мағынаның қалыптасуының барлығына бірдей ұйытқы бола алмайды. Оны мына мысалдардан байқауға болады.

Енді осы көрсеткішті  бұдан 100 жылдан аса бұрын қағазға түскен мәліметтермен салыстыратын болсақ, ел тарихының, демографиясының, тұрмыс жағдайының түбегейлі өзгерістерін байқауға болады. Айталық, «тарихи топонимикада» «қара» сөзінен басталатын елді мекендер (географиялық атаулардың ішінен бөлініп алынған ойконимдер.-авт.) саны 171 болса, соның ішінде: +ағаш 43,+тал 43, +терек 37, +шілік 7, +мойыл 11, +томар 5, +шоқы 5, + шоқ 4 т.б. адамға жайлы қоныс болатын табиғи нысандар екенін байқаймыз. Назар аударатын ерекшелік, қазақ халқының отырықшылыққа қарай бейімделуіне байланысты өзгерген атаулардың көбеюі немесе азаюы.

2012 жылы шыққан тізбеде  облыс аумағындағы жер-су атауларының  арасында «Қара» сөзінен басталатын 167 атау болса, соның 14-і «Қарағаш», +балық 3, +4 бие, «Қарағай», «Қарағайлысы» 10, +көл 7, +қамыс 4, +қоға 14, +қожа 4, +мойыл 3, +мола 4, +сор 5, +су 12, +тал 10, +терек 6,+ томар 9, +шоқ 3, +шоқы 1,+шілік 5 жиілігінде байқалуы да өңіріміздің табиғм келбетін ерекшелеп көрсететін белгілер деуге әбден болады. Және де айта кету керек, «қара» сын есімінің көмегімен жасалған топонимдер орысшаға аударылмай, қазақша сақталған.

Қара түсті білдіретін атаудың «ақ» түсті білдіретін атау сияқты көп мағынаға ие болуы, біріншіден, оның табиғаттағы ең негізгі, көрнекті және басқа да көп түстердің құрамында кездесетін табиғаты күрделі түс болуына байланысты болса, екіншіден, қоғамдық өмірдегі көптеген құбылыстармен түр-түсіне байланысты сәйкестігі, ұқсастығы, мәндес-мағыналастығы негіз болған деп қарауға болады. Қара сөзінің түркі тілдеріндегі ауыспалы мағыналары бұдан да көп деп көрсетіледі, ал қазақ тілінде, ғалымдардың беруінше, талдауымызға нысана болған отыз шақтысын ғана кездестірдік. Сонымен қазақ тіліндегі қара сөзінің ауыспалы мағынасы нақтылы бір сөздермен тіркесте қолданылғанда ғана көрініп, молая түсері белгілі.

Қоңыр, Көк, Қызыл, Сары...

Халқымыздың жанына жақын түстердің бірі – қоңыр түсі. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қоңыр түсіне байланысты тура және ауыспалы сөздер тізбегі берілген, мысалы: қоңыр, қоңыр ала, қоңыр аю, қоңыр ән, қоңыр бел, қоңыр дауыс, қоңыр жел, қоңыр жүз, қоңыр көлеңке, қоңыр күз, қоңыр қаз, қоңыр леп, қоңыр салқын, қоңыр тарту, қоңыр үн». Қоңыр – жер түсі, тірлік, өмір бейнесі. Қазақ нанымында бұл түс ерекше орын иеленеді. Қоңыр– алдымен қауіпсіздік, тыныштық, мамыражай тірлік белгісі. Қоңыр сөзі түстік мағынадан басқа мынадай: қоңыр күй, қоңыр дауыс, қоңыр күз, қоңыр жел, қоңыр әңгіме, қоңыр қабақ, қоңыр тірлік, қоңыр сөз, қоңыр самал, қоңыр дала, қоңыр салқын, қоңыр кеш, қойдай қоңыр, майда қоңыр сияқты тіркестермен келіп, әртүрлі құбылыстың небір жанға жайлы, құлаққа жағымды, жүрек тебірентетін нәзік те әсем сәттерін, өмір, тіршіліктің жайбарақат, мамыражай, кейде тіпті жұпыны да сыпайы қалпын суреттейтін ерекшеліктері көзге түседі. Мысалы: қоңыр кеш, қоңыр үн, қоңыр үй, қоңыр көлеңке, қоңыр төбе, қоңырқай көз, т.б.

«Қоңыр» сын есімі+зат есім түрінде жасалған топонимдер де көңіл аударуға тұрады. Біздің қолымыздағы көне деректерде бұлардың саны аз –жетеу ғана: екі Қоңыр,  Қоңыр+ағаш, Қоңыр+бұзау, Қоңыр+қасқыр, Қоңыр+лан, Қоңыр+лы+шоқы ,Қоңыр+шоқы. Ал. Қазір, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде бұлардың өзі сиреп, Қоңыркөл, Қоңырсиыр және екі Қоңырсу түрінде ғана қалуы уақыт өткен сайын қазақы әлеуметтік лексикасының жүдеу тартқанын көрсететін сыңайлы.

Топонимжасамда қоңыр түсті, яғни қашықтықтан қоңырайып көрінетін бұта, қарағаны мол тау, төбелерді, «шөбі пісіп, сола бастаған» табиғи нысандарды белгілейді (Ақкөзов Ә. 2005, 150). Шын мәнінде «Қоңыр» сын есіміне зат есім тіреклу жолымен жасалған жер атауларының саны аздығы табиғаттағы қоңыр түстің уақытша ғана, күз айларына тән екендігімен түсіндіруге болар. Іздей түсу керек шығар

Солтүстік Қазақстанның тарихи топонимдері қатарында едәуір орын алған «көк» сын есімі арқылы аналитикалық жолмен жасалған топонимдерге тоқталудың қажеті бар. Көк сапалық сын есімі көне түркі жазба ескерткіштерінен байқалатындай, ежелден түрік елінің сүйікті түсі болып есептеледі (көк тәңірі,көк түрік, көк бөрі концептілері). Көк сөзінің көкшіл, көгірек деген түстік мағыналарына орнығуы адам танымы арқылы танылған зат пен құбылыстардың танымдық құрылымы арқылы берілетін бейненің ортақ сипатымен байланысты. Аспанды көк деп атап, көк тәңірге табынған, көк бөрінің ұрпағы саналған түркі тектес халықтардың танымында аспанның түсі барлық осы түстес белгілерге атау ретінде берілген. Неге аспан деп аталынбаған деген сұраққа «аспан» сөзінің өзі таза түркілік емес, әрі қолдану уақыты да кейін енген деуге болады. Көк сөзі – түркі тектес халықтарға ортақ сөз. Заттық мәндегі көк (аспан) пен түр-түс атауы көкті синкретикалық түбір деп қарастырып жүр. Аспан мағынасындағы көк сөзі мен онымен түстес нәрселердің салыстырмалы түрде көк аталуы әбден мүмкін. Көне түркі тілдерінде «көк» сөзінің бір мағынасы «тамыр», «көкяң» қазіргі түркі тілдерінде «тамырлас» ұғымын береді. Мұндай мағына «көгі жақсы», «көгі жаман» тіркестерінде сақталған. Бұлар көне жазба ескерткіштерінде де кездеседі. М.Қашқаридың еңбегіндегі «көгің кім» тіркесінің аудармасы «шыққан тегің қандай» дегенді білдіреді.
Номадтар үшін көк сөзі шынымен қасиетті болатын себебі: көк – аспан, көк – көктем, көк-жаз, өріс кеңейіп, мал тойынатын кез.     Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы қыстаулар тізбесінен  сүзіп алған деректеріміз мынау: Көк+ала+би,е  Көк+аяқ, Көк+байтал, Көк+бас, Көк+бие+өлген, Көки, Көк+өгіз, 18 рет Көк+терек, Көк+терек+тоғай, 2 рет Көк+шалғын, 3 рет Көк+ше+ағаш, Көк+ше+тал, Көк+шіл+ағаш. Мысалдарда сын есім+зат есім+зат есім, немесе сын есім+ күшейткіш шырай жалғауы+зат есім түрінде топонимдердің бірнеше жасалу жолдарын келтірдік.

Облысымыздың аумағын мекендеген ертеректегі ата-бабаларымыздың жер-қоныс атауларында көзге оқшау көрінетін аса қызық құбылыс «Қызыл» сын есімініне тіркескен зат есімдер мен сын есімдерден жасалған атаулардың жиілігі. Бір қарағанда сыры ашыла қоймайтын бұл «қызылдар» әлдеқайда тереңірек зерттеуді қажет ететіндіктен, кейбір авторлардың пікірлерімен ғана шектелмекпіз.

Әуелі мысалдар мынадай. Жақшаға алынған сандар бұл атаулардың неше рет кездесетінін айғақтайды. Сонымен: Ащылықызыл (2), Байқызыл (2),  Басқызыл (4),Басқызылағаш (2),  Бейітқызыл,Бірқызыл, Дөңқызыл,  Желқызыл (7), Жақсықызыл,Жаңақызыл, Жаңақызыл,  Желқызыл (7), Жоңқызыл,Кепеқызыл, Көлденеңқызыл (2) Қалыңқызыл (3), Қарағаш (Ортақызыл),Қожақызыл,Қосқызыл, Құрықтықызыл, Қызқызыл,  Қызылағаш (31)Қызылат, Қызылкүйген, Қызылқұм, Қызылмөңке,  Қызылой,  Қызылөзек,Қызылтал(3),Қызылтау,Қызылтоғай(2),

Қызылтомар, Қызылшілік  (2),Қызылшоқ,Қызылшырпы, (2),Қылқалықызыл, Миқызыл, Милықызыл, Ойқызыл (7),Ортақызыл,Салпыққызыл, Тойқожақызыл, Үшқызыл 4, Ұзынқызыл 25, Шарбақтықызыл, Шөлқызыл (12).

Қазақ және басқа түркі тілдеріндегі қызыл мен жасыл сөздерінің түбірі «қыз» бен «жас» деген пікір көптен бері айтылып келеді. Сондағы ғалымдардың дәлелі: бұлардың екеуі де – ыл - іл моделі негізінде бүгінде жеке-дара қолданылмаса да, бөліп алып қарауға болатындығы. Ал белгілі топономист Е.Қойшыбаев қызыл сөзін тіліміздегі қысыл (тар, қысылу) етістігімен байланыстырады. Ғалымның мұндағы сүйенетін дерегі – Жоңғар және Іле Алатауларындағы шатқал аты – Қызылауыз («узкие ворота» мағынасында). Бірақ та көптеген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, жоғарыдағыдай, қызыл сөзінің түбірі – қыз: бірде етістік («краснеть», «пламенеть»), бірде сын есім мағынасында («красный», «багровый») екіұдай қолданылған екен. Сын есім мағынасында қолданылғандығын дәлелдеу үшін қызар етістігін алып, боз - бозар, көк - көгер, ақ - ағар моделі бойынша талдаса да жеткілікті. Бұл жердегі түбір тек зат есім немесе сын есім ғана болуы керек. Сонда қазіргі қазақ тіліндегі қызыл сөзінің құрамындағы о бастағы дербестігін жойған «қыз» түбірінің төркіні айқындалмақшы. Ол тек қызыл түстің ғана емес, тіпті алабұртып, қызу қанды, сұлу реңді мағынасындағы «қыз» сөзінің шығуына да негіз болса керек. М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат түрік» сөздігінде бұл қыз түбірінің тағы бір мағынасы беріледі: Бұ ат қыз алдым Бұл атты қымбат алдым. Сонда қыз түбірінің мағынасы: 1) қызыл; 2) қымбат, соған тағы да -ыл жұрнағы қосылып, тарихи тұрғыдан қатыстық сын туғызса, біздің тілімізде сапа сыны болып қалыптасқан.( Лауланбекова Р.Т. Түр-түс компонентті күрделі аталымдардың танымдық сипаты (сын есім + зат есім үлгісі бойынша). Астана, 2006,)

Облыс аумағындағы топонимикалық кеңістікте орысша «Красныйға» тән 33 атау бар екен. Біз сөз етіп отырған мәселеге бұлардың қатысы шамалы сияқты, себебі, басым көпшілігі коммунистік «қызылдың»  әсерінен пайда болған сияқты. Сондай-ақ, қазір қазақша қызылдардың да назар аударатындай ізі жоқ.

Қазақ тілінде де, жалпы түркі тілдерінде де сары түс атауы сындық мағынада қолданылады. Жоғарыдағы талданған түр-түс атаулары сияқты бұл сөздің де шығу тегін, этимологиясын анықтау оңай емес. Сары сөзінің негізгі түстік мағынасымен қатар түрлі-түрлі ауыс мағыналары да аз емес. Сары сөзі – жиі қолданыста болатын, көп жағдайда түсті білдіретін лексема. Бірақ ол да кез келген қолданысында түсті білдіре бермейді. «Сары» сөзі жер-су атауларымен тіркескенде «сар» тұлғасында қолданылатынын байқау қиын емес. Топономист Е.Қойшыбаев «сар» сөзі топонимдік атаулармен тіркескенде көбінесе «айқын, кең, негізгі, басты» деген мағынада жұмсалатынын айтады. Ал, Р.Сыздықова «сары алтын» тіркесіндегі сары сөзінің мағынасы қоспасыз, таза, ал «сары уайым» дегендегі «сары» сөзі парсы тілінде уайым, қайғы екенін айта келіп, «сары уайым» тіркесі бір мағыналы екі сөздің қабаттаса айтылуынан пайда болып, бала-шаға, бекер-босқа сияқты бір сыңары парсыша – уайым (сар), екіншісі – қазақша уайым сөзінен жасалған плеонастық тіркес болып табылады», – дейді [11, 106 б] (Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. Алматы: Мектеп, 1980. – 125 б.)

Сондай-ақ «сары алтын» тіркесіндегі «сары» сөзінің негізгі мағынасы «таза», «шынайы» екендігінде дау жоқ, ал «сары уайым» тіркесіндегі «сары» сөзі түсті білдірмейді, плеонастық тіркес те емес. Себебі, «сар(ы)» сөзінің түркі тілдеріндегі бір мағынасы – «шын», «нағыз». Е.Қойшыбаевтың «сары» туралы «айқын», «анық көрінген», «басты» деуі  біздің мысалдарымызды көркейте түсетін қисынға жақын. Осыған орай «сары уайым» «негізгі, анық уайым», ал «сарыла күту» «шыдаммен, нағыз күту» дегенге саяды. «Сары» сөзінің «нағыз, таза» деген мағынасының барлығын тарихшы ғалым Х.Көктәнді де сары сөзіне берген талдамасында анықтайды. Ғалым сары сөзінің түбірін са/со деп бөліп алып, «са» түбірі дала деген ұғымды білдіретінін айтады. Кейбір тарихшылар сары ұйғыр дегенді көне ұйғыр ұғымын береді деген пікір айтады [10, 148 б] (Көктәнді Х. Аспан мен даланың арасындағы  ұмытылған тарих. М.: Қасиет, 2001.462б.)

Бұл асылы, таза далалық ұйғыр деген сөз. Ратаза, шын деген сөз. Со дала, со сөзі , салқар (с//ш), сақара деген сөздердің түпкі буынында сақталған. Сайын сөзі жеке тұлғасында ұғынықсыз болған соң, кейін халықтың өзі сайын дала деп калькалық тәсілмен көшірме аударма жасаған. Осы күнге дейін бұл екі сөз қосарланып айтылады. «Сары» түс туралы ғылымда белгілі-белгісіз жорамалдарға тереңдемей-ақ, өзіміздің солтүстіктегі Есіл бойының топонимикасының мысалдарына көз салып, ойланып көрсек...Сары+қамыс, Сары+май, Сары+оба, Сары+өзек  (2),Сар+өлең+ағаш ,Сары+терек, Сары+айғыр, Сары+ат+сойған, Сары+бай+жұрт Сары+байтал, Сары+бас,  Сары+бауыр,  Сары+бие, Сар+ала+айғыр, Сараланың үйірі,Сары жабағы...Тізімді одан әрі жалғастырып, туған өлкеміздің тарихынан тамыр тартқан көңілге тоқ, көркем атаулардың үлгісін ұсынар болсақ: Ақбайтал, Аққойлы, Ақөгіз, Алаатөлген, Алабие, Алаатөлген, Алабие, Аткескен,  Атшаптырған, Бозат, Бие сойған  (3),Бота, Ботажеген, Ботантай, Ботатуған, Бұзаужығылған, Бұзауқырған, Бұзаусойған, Бұзау сүйегі , Қара бұзау, Қара жабағы , Қара құнан, Қарала айғыр, Қарала жабағы , Қарасиыр, Торы бие, Торыбиеөлген,Қоңырбұзау, Қоңырқасқыр, Қоңырлан,  Көкалабие  Көкаяқ,Көкбайтал,  Көкбиеөлген, Көки, Көкөгіз, Күреңайғыр Қызылат, Шабдар ат,Шошқалы  (5), Шұбарбие, Сиырқырылған, Сиырөлген, Сиырсалған, Төрт өгіз, Түйе байлаған көлденең,

Түйе боз, Түйе өлген  (2,) Түйес ойған,Түйе қамыс,Қозыбайыс, Қозыке ,Қойағаш Қойбағар (5),Қойбағардың ашасы,Қойбас, Қойғақ, Қойгелді, Қойқырған,Қойқырыл, Қойқырылған, Қойлыбайқонған, Қоймақойған (4),  Қойөзек, Қойсалған, Қойсойған,Қойсойған шоқы, Қойтал,Қойшыбайдың  Ескіқыстауы , Ешкіқырған,  Қызылат,Жорғаат, Жылқыалған, Жылқыөлген, Тайжүзген, Тайлақ, Тайлақжеген,Тайлыбай, Тайсойған...

Бұлардың бәрі – ерте кездегі қазақ ауылдарының, қыстаулары мен күзектерінің атаулары. Ата-бабаларымыздың кәсібі мен тұрмысы, салт-дәстүрлері, қоршаған ортаға қатынасы, дүеиетанымы мен мінез-құлқына дейін ақпарат беретін өшпес құжаттар   Талдыкөл,Талдықарасу, Талдықыстау, Талдыөзек, Талкестірген ,Талқыстау, Талмаш,

Терек (4),Терекағаш, Терекбайлағанағаш, Терекқарасу, Терекқыстау,Терект (3),Теректіағаш (3),Терекше алтүбек, Тауағаш

Қазанкөмген, Қазанқойған, Қазанқойма,

Кеңарал, Кеңаралағаш,Кеңөзек, Кеңөлең, Кеңтоғай,Кеңшабыс, Кеңшоқы, Күйген,Күйген жұрт (4), Күйгенкепе (8), Күйгенқыстау,

Күздік, Күздікағаш, Күздікағаш, Күздікқарағаш ,Күзек, Құдық, Құдықағаш (2), Құдыққазған, Құдықтомар, Құдықты , Құдықтыағаш (2), Құдықшілік,Құдықшоқ,Құдықшоқы Қуарған шоқы, Қужақ, Қуқазық, Қуқамыс, Қусақ (6

Түз аңдарының түрлері

Арқаркөл,Арқарандыз, Арқаркөл, Аюбасқан, Аюқамаған, Аюлықаратал, Қарғалы, Бұлантал, Бөрілі (2), Борсықағаш , Жыланды, Итемір, Итсары (3),Қасқыр қамаған, Қасқырлы (3), Қоңырқасқыр, Түлкіалған, Түлкішықпас, Тұзаққұрған,  Тұйғынтүскен,  Шағалалы, Шәулі ұстаған, Шошқалы  (5), Үкі атқан (3), Үкілі.

Байқап отырсақ, қазір «қыстау» деген мекен жойылуға таяп, олардың орнын ауыл, село, кент, поселке деген атаулар басқан кезде, «тарихи топонимикада»  30 мәрте сақталып қалған «жұрт» атауы, немесе 31 рет аталып отырған «көң», 13 рет қайталанған «кепе», 5 рет жазылған «қоныс» атаулары қазіргі ұрпаққа таныс емес болуы мүмкін. Бұл да қазақ тарихының, әсіресе осыдан 150-200 жыл бұрын қазақ даласының солтүстігін мекендеген бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігнінен хабар беретін мәдени есерткіштер деуге болады. Ғылыми-танымдық құны жағынан археологиялық қазба жәдігерлерден бір де кем түспейтін бұл құнылықтарды ұмытуға немесе ұмыттыруға болмайды.

(Жалғасы бар...)

Зарқын Тайшыбай, Сәуле Мәлікова

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1946