Орыстар тарихты қалай жазады?

Орыс тарихшылары қазақ тарихшыларын тарихты қайта жазып бұрмалайды, өтірік жазады деп ылғи айыптайды. Әсіресе, оларға салсақ, еліміздегі орыстың қоластында болған кезеңді мақтап жазбайтындардың барлығы дерлік “русофоб” атанады, қазақ тарихын өркөкірек орыс тарихшылары қазақтың өзінен артық біледі – мыс.
Ал іс жүзінде жалған тарихты жазудан дүние жүзінде орыс тарихшыларынан асқан жазармандар жоқ шығар.
Міне, соңғы дәлелдердің бірі – орыс - мектептеріне арналған тарих оқулығы. Нақтырақ айтсам, 11-ші сыныпқа арналған “Ресей тарихы” оқулығы. Бәрін тізбелемей-ақ бір-ақ мысал келтірейін.
Сол кітаптың 174-бетінде Совет заманындағы спорт жетістіктерімен мақтанған кітап авторлары: “М. Ботвинниктен кейін шахматтан әлем чемпионы болып Василий Смыслов (1957-1958), Михаил Таль (1960-1961), Тигран Петросян (1963-1969), Борис Спасский (1969-1972), Анатолий Карпов (1975-1971) атанды”, деп жазады.
Байқадыңыздар ма, ағайын. Карповты атайды да, дүние жүзіне танымал, атақты Гарри Каспаровты (1963 ж.т.) атамайды. Сол Каспаров Совет азаматы, совет спортшысы бола тұра, 1985 жылы Анатолий Карповты жеңіп сол шахматтан 13-ші әлем чемпионы болған жоқ па? Бірақ Мединский және Торкунов деген орыс тарихшылары Ресей тарихында ондай чемпионды “білмейді” екен, ләм-мим демейді.
Орыстың 11-ші сынып оқушыларына әлемнің спорт тарихында Каспаров деген шахмат чемпионы болғанын білу міндет емес екен. Әлде тарихта ондай адам болған жоқ па? Болған ғой. Сонда неге орыстың “ең шыншыл” тарихшылары оны атамайды? Неге аяқ астынан “ұмытшақ” болып кетеді? Сол Каспаров қазіргі Ресейді басқарып отырған үкіметтің саяси қарсыласы болғандықтан ба? Еш ұялмай жалған тарихты жазу түгілі, жас буынға сол жалған тарихты жаппай үйретіп жүр. Сталин заманында Сталинге, Совет өкіметіне қарсы адам тарихтан сызылып тасталатын. Ысылған “ең шыншыл” орыс тарихшылары сол әдеттен әліде арылмай отыр. Бірақ сонда да тарихты жазу саласында қазақтарға ақыл айтуға құмар-ақ.
Сол үшін, ағайын, орыс тарихшылары қайтадан “ақыл айтуға” талпынса, ұялмай олардың кім екендерін беттеріне басыңдар. Өз тарихын дұрыстап жазуды алдымен өздері үйренсін, Өз ақылдары өздеріне.
Қайрат Әлімжан
Abai.kz