Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4814 0 пікір 16 Қараша, 2011 сағат 04:33

Ауыт Мұқибек. Қайранда, қайран Тұмағам

Түн ортасы болғанда,

Шаршайсың ғой жолдан да.

Қуанатын Тұмағам,

Мен үйіне қонғанда.

 

Қысқа таңда бес тұрып,

Жазатұғын бес өлең.

Жарық айым кешті бұлт,

Тар екен-ау бешенем.

 

Оқитұғын гүрілдеп,

Күлтайына, маған да.

Жүр деді ме бір үн кеп,

Бір жақтарға табанда.

 

Жыр дейтұғын құсқа бай,

Жазы-қысы үйі оның.

Сары таңға ұйықтамай,

Күзетім мен сүйегін.

 

Қойды жолды тұйықтап,

Жаратқанда кем аяу.

Ағам жатты «ұйықтап»,

Таңға отырдым мен ояу.

 

Жыр жазуға бір де рет,

Ағам бүгін тұрған жоқ

Өлетінін білгенде,

Кетер едім құрбан боп.

 

Жүруші еді балпаңдап,

Иілместен белі оның.

Күтіп тұрмын жаутаңдап.

Оқымайды өлеңін.

 

Суып қапты қаны ыстық,

Кеткені ме жырақтап.

Қалам жатыр талықсып,

Қағаздары тұр аппақ.

 

Тастап артқа жақсы айын,

Ұшты алысқа құс көлбеп.

Жарының да ақ шайын,

Құшырланып ішкен жоқ.

 

Жоқ еді істен кешіккен,

Сөйлемейтін көпіріп.

Есесіне ел есіктен,

Кіріп жатты өкіріп.

 

Сумаң қағып даладан,

Ажал құрғыр жеткен-ау.

Оянбады жан ағам,

Түн ортасы болғанда,

Шаршайсың ғой жолдан да.

Қуанатын Тұмағам,

Мен үйіне қонғанда.

 

Қысқа таңда бес тұрып,

Жазатұғын бес өлең.

Жарық айым кешті бұлт,

Тар екен-ау бешенем.

 

Оқитұғын гүрілдеп,

Күлтайына, маған да.

Жүр деді ме бір үн кеп,

Бір жақтарға табанда.

 

Жыр дейтұғын құсқа бай,

Жазы-қысы үйі оның.

Сары таңға ұйықтамай,

Күзетім мен сүйегін.

 

Қойды жолды тұйықтап,

Жаратқанда кем аяу.

Ағам жатты «ұйықтап»,

Таңға отырдым мен ояу.

 

Жыр жазуға бір де рет,

Ағам бүгін тұрған жоқ

Өлетінін білгенде,

Кетер едім құрбан боп.

 

Жүруші еді балпаңдап,

Иілместен белі оның.

Күтіп тұрмын жаутаңдап.

Оқымайды өлеңін.

 

Суып қапты қаны ыстық,

Кеткені ме жырақтап.

Қалам жатыр талықсып,

Қағаздары тұр аппақ.

 

Тастап артқа жақсы айын,

Ұшты алысқа құс көлбеп.

Жарының да ақ шайын,

Құшырланып ішкен жоқ.

 

Жоқ еді істен кешіккен,

Сөйлемейтін көпіріп.

Есесіне ел есіктен,

Кіріп жатты өкіріп.

 

Сумаң қағып даладан,

Ажал құрғыр жеткен-ау.

Оянбады жан ағам,

Мәңгі ұйқыға кеткен-ау.

13.10.2011

 

СУРЕТ

Жүрсін Ерманға

Тірліктің алды - ақиқат, арты - жалған,

Болар деп кім ойлаған халқына арман.

Қасында Тұмағамның отырғанда,

Суретке екеуіңді тарып алғам.

 

Аға аман болсын деген тілекте едік,

Мынау сол тау тұлғадан бір естелік.

Соңында ботадай боп боздап қалған,

Жүрсеке, ініңізді жүр ескеріп.

 

Ортайып қалды бірден тола бағым,

Тілеймін енді жүрер жол аманын.

Мәз болып қуанушы ем еркелеген,

Қасынан көріп сені сол ағаның.

 

Ағартқан жыр жолында қара шашын,

Ағаммен әр кімің-ақ санасатын.

Дізесі бүкіл елдің дірілдейтін,

Әзілің сенің ғана жарасатын.

 

Көрсетіп көңіліңнің қырындысын,

Арнадың жүрекжарды жырыңды шын.

Міңгізіп ақ тұлпарды әйгілеп ең,

Ағаны әспеттеудің бір үлгісін.

 

Тұмаға - бүгін менің сағым құсым,

Жамылды ол ақыреттің жамылғысын.

 

Сен маған көрсетіп ең, Жүрсін аға,

Іні боп еркелеудің тағы үлгісін.

 

Аты өліп, қалғандаймын ерім белде,

Төккен бір түрі ғой бұл шерін кеуде.

Ағам жоқ алдымдағы кеше жүрген,

Қараймын жаутаң-жаутаң көрінгенге.

 

Жан аға, жүрегімнің жарсын ұқ,

Денемді қариды кеп қара суық.

Кешегі думан қайда, карта қайда,

Отырмын үйге симай аласүрып.

 

Мына күн бұлыттанбай тұрса дүрыс,

Жасайсың елің үшін шырқап ірі іс.

Қосады сізбен бізді бір арнада,

Ағама деген ыстық бір сағыныш.

 

Басында бағы барда пенде семіз,

Ежелден мұң мен қайғы жерлес, егіз.

Ойласақ Тұмағаны сіз екеуміз,

Сағыныш деген белден кездесеміз.

 

Аға аман болсын деген тілекте едік,

Бұл сурет Тұмағаңнан бір естелік.

Соңында ботадай боп боздап қалған,

Жүрсеке, ініңізді жүр ескеріп.

13.10.2011

***

Гүлбаянға

Жағалап жүріп алдым жар басын көп,

Ағамның бал татыған алмасын жеп.

Әперген сені өзі таңдап тұрып,

Ауытым жалғызсырап қалмасын деп.

 

Жіліктеп жылқы сойды мүшелерін,

Салды әкеп үлкен менен кіші өнерін.

Өзі ашып шымылдығын сол тойымның,

Бір емес, оқып еді үш өлеңін.

 

Отырды төрде құда сыбаға жеп,

Сақтады жиылған жұрт бірақ әдеп.

Бастады ел айтар аппақ тілектерін,

Келінің құтты болсын, Тұмаға деп.

 

Құшағың толды гүлге, толды арманға,

Тілеген тілегіңді оңғарды Алла.

Ойлашы, артық арман қайдан болсын,

Келіні Тұманбайдың болған жанда.

 

Жұлдызға толып кетті бір-ақ аспан,

Түседі мұндай шақта кім ақ аттан.

Сен кеттің келіні боп Тұмағаның,

Өз әкең кім еді деп сұрамастан.

 

Тұрды-ау бір қуаныштан жылап аспан,

Таптың ба үйіріңді мына жақтан.

Күлтайдың келіні бап шыға келдің,

Өз анаң кім еді деп сұрамастан.

 

Жоқ менде баяғыдай самғау бүгін,

Ауырлап арқамдағы қалды-ау жүгім.

Апамның мұрасы деп жүзге келген,

Басыңа жапты тәтем ақ жаулығын...

Сол күндер өте шықты көрген түстей,

Жүруші ек алшаң басып, өрден түспей.

Гүлдерге қызыл, жасыл оранса да,

Көңлімді тұрғанын-ай жер көншітпей.

 

Аңғартты ағам енді жолықпасын,

Кеудемде күрсінуден солық басым.

Мен деген Тұмағаның келіні деп,

Айтуға бар, әрине, толық хақың.

 

Мен үшін қазақ жері жанатымдай,

Тартады мұңлы күйді дала тынбай.

Асықтым бір жақтарға жалғыз барсам,

Бір түрлі ағам іздеп қалатынай.

 

Сан ойлар сапырылды санада көп,

Ақ сағым ойнақтайды қара, ала боп.

Шақырса зыр жүгірдім адымдап-ақ,

Ағашым күтіп мені қала ма деп.

 

Жұмсады жырына ол алғыр миын,

Көңлінде болған емес жаңбыр, құйын.

Отырса ең алдыңғы қатарға кеп,

Отырдым бағып артта бар қимылын...

 

Соңғы он жыл болды маған ырғын сауық,

Мен одан бере алмаймын бір мін тауып.

Аралап Қазақстан бар қаласын,

Қасында жан ағамның жүрдім шауып.

 

Мен едім, ардақты аға, шабарманың,

Көрдің сен ұлы еліңнің жаңарғанын.

Ағамның арқасында Алла қолдап,

Дәмін де татып шықтым Ақорданың.

 

Жырлаған азат елін, өр ғасырын,

Түсер деп ойладым ба көрге асылым.

Қасында жан ағамның бірге отырып,

Сөзін де тыңдадым ғой Елбасының...

 

Ұштық-ау көк аспанмен - зеңгірменен,

Танауды көрсең сонда желбірлеген.

Есігін айқара ашып, үй жоқ шығар,

Бұл жақта ағама еріп мен кірмеген...

 

Сонымен Тұмағаның, ақ келіні,

Ұлының тиді сені ап, баққа еріні.

Бұл күнде момын қылдың үйден шықпас,

Кешегі ұшып жүрген жас періні.

 

Мен сөйтіп отау құрдым, болысты елім,

Бар енді аунайтұғын өріс - төрім.

Қоямын сені мен де Гүлеке деп,

Ағамнан нені көрсем, соны істедім.

 

Жиылды дастарханы жайған кештің,

Сағымдай өте шықты-ау қайран бес күн.

Келеді ағам құсап самғағып-ақ,

Дәрменім мен байқұстың қайдан жетсін.

 

Мен үшін ағам боп тұр ақырғы бақ,

Алдымда бәйтерегім жатыр құлап.

Келмейді қысқа жібім бір күрмеуге,

Келеді бар қазақты шақырғым-ақ.

 

Мені де шығар тағдыр бір сынаған,

Есіңді жишы сен де, жыршы далам,

Келеді қартаны да ойнағым-ақ,

Аяай ма, ұтып алар Жүрсін ағам.

 

Аққу боп айдын көлдің жағасынан,

Ұшты ағам, жалғыз қалды «бала Тұман».

Бір түрлі мамырлайды, күңіреніп,

Қанатын еркін кеше қағатын ән.

 

Жарылып қашанда ағам тұрды ағынан,

Салатын күн емес бұл зыр қағып ән.

Айрылды алып тұлға, асылынан,

Тәтемнің шығыс енді бір жағынан.

 

Өксікке толады ғой құрғыр кеуде,

Не жетсін қолтықтасып, бір жүргенге.

Кірісші жұмыстарын бітіруге,

Тырысшы жалғыздығын білдірмеуге.

 

Ағамды ардақтаймын, бітпей демім,

Сүйетін гүлді енді күтпейді ерін.

Әр күні жу ыдысын, сыпыр үйін,

Киетін жарқыратып тік көйлегін.

 

Жылады толқып аға, толқып ұлан,

Көңілді көтеретін болшы бір ән.

Ағамды демейтұғын өзім құсап,

Демеші жан тәтемнің қолтығынан.

 

Қайғының бізге деген болып па өші?

Түнекке кетті Алматы толып кеші,

Әйтеуір, мен ағама нені істесем,

Тәтеме барып сен де, соны істеші.

14.10.2011

***

Көп болды, көкте тұрды сырғымай күн,

Дауылдың керегі жоқ ұрғылайтын.

Көк аспан, төкші аппақ жаңбырыңды,

Сенің де жөнің бар ғой бір жылайтын.

 

Ұқсайды жаны жақсы құсқа да адам,

Тұрады Алла жолды нұсқап оған.

Көз жетпес сенің биік зеңгіріңде,

Қақ жарып ақ бұлттарды ұшқан ағам.

 

Ұнатты нұрлы таңды, жылы кешті,

Сары самал жанын оның біліп есті.

Кейде ол жарқылдаған найзағай болып,

Кеудесін қара бұлттың тіліп өтті.

 

Өлмесін, мәңгі өлмесін білді өмірде,

Ұқсайтын ашық күнге күлгенінде.

Сөнбейтін жылу алды жүрегіне,

Күн болып жарқырады жыр көгінде.

 

Шағында, көк аспанға, шабытты өткен,

Жұлдыздар жыры оның қағып кеткен.

Байқасаң, Шолпан оның поэмасы,

Түспейді біреуі де ағып көктен.

 

Сырқат та жоқ еді ғой дендеп басқан,

Жоқ еді жері де оның мен деп тасқан.

Іздейді ел жерден емес, көктен оны,

Құс болып ұшып кеткен сен жаққа, аспан.

 

Ап- ашық күннің бүгін реңі деп,

Кіріскен шығар жырға түре білек.

Көк аспан, төкші аппақ жаңбырыңды,

Жылайтын болды кезің бір еңіреп.

19.10.2011

Астана-Алматы

***

Деуші ең ғой әлі талай шыңдарды асам,

Сені ажал тіршіліктен сызған қашан?

Жан аға-ау, сағындым ғой, қайда кеттің,

Алмайды телефоның звандасам.

 

Тұншығып қалғаны ма теңіз кеудең,

Бақ пен сор өтемін бе егіз деумен.

Кеткелі үйден шығып апта болды,

Тек қана жүрмін, аға, сені іздеумен.

 

Қуалап іздеп келем өрісті кең,

Өткерген баламын ғой көп істі мен.

Кеттің бе бір сапарға шыныменен,

Мен іздеп таба алмайтын жер үстінен.

 

Түспеген жұлдыз едің жыр көгінен,

Сайрайтын мылқауға да тіл беріп ең.

Тым биік ұштым көкпен сен кездесіп,

Аспанның қала ма деп бір жерінен.

 

Отты өлең жазушы едің, жілікті өлең,

Хал-жағдай тұрушы едің біліп менен.

Үйлерге сен кіретін шықтым кіріп,

Көшем жоқ Астанада тінітпеген.

 

Мерейім қайда әлгі шақ тасыған,

Кісінің таяды екен бақ басынан.

Онда да жоқ сияқты көрінесің,

Үңілдім Ақорданың қақпасынан.

 

Үдейді-ау сағыныштың тасқыны әлі,

Дертім де, білем, ары асқынады.

Сенің жүрген жеріңнен өтсем болды,

Мөлдіреп жанарыма жас тұнады.

 

Өтермін жүз күн жылап, мың күн жылап,

Жетпеспін түбіне де жырдың құрап.

Қарасаң жасты көзбен бұл дүние,

Көрінбей кетеді екен тым бұлдырап.

 

Орнымнан бір тұрамын, бір отырам,

Мұңға айналды тамылжып тұратын ән.

Тұр әне Жамбыл атам ескерткіші,

Бір кезде өзің ашып, жыр оқыған.

 

Тойы еді ол Астананың әлем келген,

Оны сен тым бақытты жан ең көрген.

Тұр әне Бауыржанның ескерткіші,

Өзің барып, арнайы сәлем берген.

 

Сен ең ғой ең дәу кісім, ірі кісім,

Айтшы, аға, өлімісің, тірімісің?

Қайтуға Алматыға баспайды аяқ,

Тұрғандай жоқтығыңды біліп ішім.

27.10.2011

Астана

***

Жүрмеймін-ау енді еріп мен қасыңа,

Лек-легімен ел деген келді асыңа.

Жұбаттым өзімді де, өзгені де,

Жыр жаздым, көңіл айтып, Елбасыға.

 

Төселіп алды бірден зарға жағым,

Күйдемін асылғандай дарға бағым.

Жерім жоқ атақ қуған, абырой іздеп,

Ойладым оқысын деп бар қазағың.

 

Білемін , көңіл айту жол бұрынғы,

Жуады ол жүректегі мол кіріңді.

Бір емес, біраз жерге беріп көрдім,

Баспады олар менің сол жырымды.

 

Сен жайлы жырым еді ол толқып өрген,

Мен әлі қалпымдамын сол түнерген.

Жырымды ел ұнатпаған шығар менің,

Өзімді шығар, мүмкін, олқы көрген.

 

Ойым да емес еді, сөзім де ұсақ,

Менен де алыстапты төзімді шақ.

Үмітпен оқыр деген  Нұрекеңе,

Жібердім хатпен, аға, өзің құсап.

28.10.2011.

Астана

***

Қасиетті, білемін, жұма бүгін,

Қарға айналып барады мына күнің.

Мәңгі иманды жан ағам болса екен деп,

Қайталаймын ішімнен дүғаны мың.

 

Бейім болып жүреді жыршы мұңға,

Бақ деп білді ол тағдырдың қырсығын да.

Келтірмеген кісі ол беделге дақ,

Өлтірмеген адам ол бір шыбын да.

 

Секілді еді өзі бір еңселі орман,

Аямады жақсылық келсе қолдан.

Саялады оны өңкей жоқ-жітіктер,

Берді бақты Жаратқан берсе молдан.

 

Тұрды жолы бір өрден, бір еңістен,

Кездері кем сорпасын шіреп ішкен.

Тауына да жүрді ылғи бақыт тілеп,

Жауына да жақсылық тіледі іштен.

 

Іздемеді құс жастық, жылы көрпе,

Көмек берді жүдеген іні көрсе.

Алласына мінәжат ететұғын,

Қолын жайып, орнынан тұрып ерте.

 

Молдағали сағынды Мұратұлын,

Анасына арнады жыр асылын.

 

Әли досқа оқытып үзбей құран,

Жиі барып мешітке тұратұғын.

 

Үлестірді хатымның әр үйге асын,

Жаратқанды білді ағам тани да шын.

Бала кезде үйреткен жан анасы,

Тастамайтын аузынан кәлимасын.

 

Өлең бағын бар бақтан артық көрді,

Бөлейтұғын думанға шалқып төрді.

Дарыны үстем болды оның көп ақыннан,

Барын іште сақтамай, сарқып берді.

 

Жырдың ағам бастады көшін алға,

Оқ атпады белбеуін шешіп аңға.

Біліп-білмей істеген тіршілікте,

Кінәлары бар болса, кешір Алла.

 

Тұлпар болып өмірдің шапты өрімен,

Қасында оның жүргенді бақ көріп ем.

Бұл жақта да ағамның төр еді орны,

Бейіштің де берші орын қақ төрінен.

 

Қалды артта сарғайып белдер қанша,

Толқымайды тұп-тұнық көлдер де онша.

Бір періште берші, Алла, жан ағама,

Демеп жүрсін қолтықтап мен барғанша.

28.10.2011

Астана

***

Білетін жанымдағы отты жаға,

Мұнда енді еркелетер жоқ Тұмаға.

Есейіп қалдым ғой мен, есім жиып,

Астана жаққа енді кеттім ана.

 

Мен оны ұмытпаймын бір сәтке де,

Жүзеді көңілімде жұмсақ кеме.

Аспанның райы да салқындады,

Бастады жаңбыр емес, бұршақ төге.

 

Жаңбыр жоқ енді ағамның жаңбырындай,

Шөліркеп тұратұғын тандыр ыңғай.

Кеткенім Алматыдан жөн секілді,

Дауылы ұйтқып соққан қарға ұрынбай...

 

Болған жоқ бізге қаза бұл бір жеңіл,

Ойларға батып, міне, тұрмын не бір.

Ол жүрген жерлерменен жүрсем болды,

Құлазып кетеді екен құрғыр көңіл.

 

Мен үшін кілем еді жаны жайған,

Ішімде жатыр қайғы салып ойран.

Дүрілдеп, бола қойсын бұрынғыдай,

Ағам жоқ тойлардың да сәні қайдан.

 

Тұмағам бар деп кеше мұнда келдім,

Мен түгел өмірімді мұңға бердім,

Барлығын сезеді ішім, белгілі ғой,

Ұнатып мені дағы тұрғаны елдің.

 

Тұрғаны есінде жоқ жіпте есе алмай,

Бастайды кейбіреулер қит десе алдай.

Кетейін, керек боп тұр бір тыныштық,

Тонымды отқа салар, битке салмай.

 

Өткердім өмірдің де бар қатерін,

Қалыңдап алды әбден арқа терім.

Жүрейін жағалап бір Есіл бойын,

Етейін енді тұрақ Арқа төрін.

 

Жандардан емеспін ғой тақ арманы,

Жетеді сатушылық базардағы.

Тұрайын күнде көріп, тым болмаса,

Көретін ағам жақсы Ақорданы.

 

Бақ қашып көрген емес төзімді ерден,

Бала да емеспін ғой сезімге ерген.

Жүрейін Кәкімбекті ес көріп мен,

Кешегі жан ағамның көзін көрген.

 

Орнына келе қоймас құлаған үй,

Береді менсіз де ел, сірә, дами.

Алдымда жүрген кеше аға еді ғой,

Алдымнан шығар күліп Жұмағали.

 

Қалыптан айықпадым бір түнерген,

Жайым жоқ кеткен тұтас үркіп елден.

Жүрсінмен әңгіме айтқан бір ғанибет,

Ерейін Несіпбекке Тұрсын ерген.

 

Енді мен ала алмаспын, сірә, тыным,

Терейін Астанадан жыр асылын.

Құшағы кең жігіт қой Иманғали,

Далаға тастай қоймас бір ақынын.

02.11.2011 Астана

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529