Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3278 0 пікір 22 Қараша, 2011 сағат 15:07

Ғасыр толғағы және одан соң…

Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ. Біз кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз. Бабаларымыз тірі болу үшін бір болған, енді біз ірі болуымыз үшін бір болуымыз керек.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

күйге түскен мені алыс-жақын сапар­лар­ға ша­қы­рудай-ақ шақырып жатыр. Неліктен? Бәлкім, «11» дейтін теміржолдың қос рельсіне, яки ауылдың қос тармақты қара­жо­лына ұқсастау таңбада бір сыр болар?.. Кім білсін, тыл­сым­ға толы дүние ғой, қайсы­сын тереңдеп танығандай­сың... Қайткенде де Астананың өзіне төрт рет ба­рып­пын: қысқы Азиада олимпиа­да­сы, Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы, Жамбыл облысының елордадағы күндері, Балуан Шолақ атамыздың келіні Ғазиза жеңгеміздің 90-ға толған тойы. Бұлардың арасында Шалкөдеде өткен қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы ақыны Мұқағалидың 80 жылдық тойына қатысу. Және жаз бен күздің тоғысар тұсында жасалған Мәскеу сапары.

Әсіресе, осы Мәскеу сапарының әсері көпке дейін көңілден көшпей-ақ қой­ған. Ол, әрине, баяғы бала кезде «Кипучая, могучая Москва моя, ты самая любимая!» деп әндететіндегі әсер емес. Торлаған ойға тосқауыл қоя алмағандықтан, қиялдың қиырларды көп кезуінен келген хал еді. Солай болуына сапардың мақсатының өзі-ақ ә дегеннен бейімдеген-ді. Ал мақсат: Тұрар Рысқұловтың сонау отызыншы жылдары Мәскеуде тұрған үйіне ескерткіш орнату салтанатына қатысу болатын.

Мәскеуде оянған ойлар

Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ. Біз кешегісі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз. Бабаларымыз тірі болу үшін бір болған, енді біз ірі болуымыз үшін бір болуымыз керек.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

күйге түскен мені алыс-жақын сапар­лар­ға ша­қы­рудай-ақ шақырып жатыр. Неліктен? Бәлкім, «11» дейтін теміржолдың қос рельсіне, яки ауылдың қос тармақты қара­жо­лына ұқсастау таңбада бір сыр болар?.. Кім білсін, тыл­сым­ға толы дүние ғой, қайсы­сын тереңдеп танығандай­сың... Қайткенде де Астананың өзіне төрт рет ба­рып­пын: қысқы Азиада олимпиа­да­сы, Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы, Жамбыл облысының елордадағы күндері, Балуан Шолақ атамыздың келіні Ғазиза жеңгеміздің 90-ға толған тойы. Бұлардың арасында Шалкөдеде өткен қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы ақыны Мұқағалидың 80 жылдық тойына қатысу. Және жаз бен күздің тоғысар тұсында жасалған Мәскеу сапары.

Әсіресе, осы Мәскеу сапарының әсері көпке дейін көңілден көшпей-ақ қой­ған. Ол, әрине, баяғы бала кезде «Кипучая, могучая Москва моя, ты самая любимая!» деп әндететіндегі әсер емес. Торлаған ойға тосқауыл қоя алмағандықтан, қиялдың қиырларды көп кезуінен келген хал еді. Солай болуына сапардың мақсатының өзі-ақ ә дегеннен бейімдеген-ді. Ал мақсат: Тұрар Рысқұловтың сонау отызыншы жылдары Мәскеуде тұрған үйіне ескерткіш орнату салтанатына қатысу болатын.

Мәскеуде оянған ойлар

Орыс астанасының орталығындағы Покров бульвары дейтін көшедегі бес қабатты 14-үйдің жанына жиылған жиын қарасы қалыңдау болды. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков бастаған елшілік қызметкерлері, елден, әсіресе Шым­кенттен көптеп келген ағайындар, тағ­дыр­дың талқысымен осында қызмет істеп, осында қалып қойған қартаңдау қазақтар, Мәскеу мэриясының өкілдері, атақтары «СССР» деп басталатын майталман мү­сін­ші, сәулеткерлер, тарихшы ғалымдар...

Алдымен сөз, әрине, Зауытбекке тиді. Осы­нау арда азаматтың сөзі ғана емес, жан жалыны да әрдайым алаулап тұратын сияқ­та­нады маған. Анау жылдары Өзбекстанда елші боп тұрғанында Ташкенттегі Төле би мазарын сәулеттендіріп, заңдастыруға көп­тен бері көнбей келген өзбек басшылығын көндіргені де есте. Нұратадағы Әйтеке би кесенесін де солай етті. Мәскеуге келгелі Бауыр­жан ағамызға ескерткіш орнатып, батырдың атын бір мектепке беруді іске асырған. Өзін өзгеге қандай жолмен болса да танытудан кейінгі бес ғасырда еш тайы­нып, тартынып көр­ме­ген астам импе­рия­ның астанасына өз тарихы­мыз­дың тұлға­ла­рын таныту, таңбалау қиынның қиыны бол­ды, әрине. Енді, міне, қырық төрт жыл­дан тұратын қысқа ғұмырын Күрес, Даңқ, Қа­сірет дейтін үш-ақ сөзбен сипат­тай­тын­дай Тұ­рар ағаға ескерткіш орнатып отыр. Бұл да қыруар ізденісті, дәйекті әрекетті, тіпті, қажетті жерінде түрлі амал-айланы керек еткен. Түпкі мақсат - өз елінің кешегісін де өзгеге мойындата түсу боп тұр­ған­да олардың бәрін де іркіліссіз, табан­дылықпен атқаруға тура келген. Бәлкім, осы іс жөнінде алғаш ой тастап, жөн сілтеген Президент Назарбаевтың Ресейдегі зор беделі де демеген болар, ұлы Тұрекеңнің аруағы да желеп-жебеген шығар, әйтеуір, ойдағы мақсат орайын тауыпты...

Ақ шәйі мата сырылғанда Тұрекеңнің беліне дейінгі бедерлі бейнесі жарқ ете түсті! Толқын-толқын бұйра шашы, дөңес­теу келген жазық маңдайы, қырлы мұрын, толықтау еріні көзге оттай басылды. Әсі­ре­се, көзілдірік көмкерген көздері. Өмі­рі­нің соңғы он жылын өткізген мына Мәс­кеуге араға жетпіс бес жылдай уақыт салып жеткен бауырлары - бізге ерекше ыстық са­ғынышпен қарағандай. Суық металдан жасалса да жүзінен жылылық лебі ескендей! Сәл бүгулі салалы саусақтары сәлден кейін сәлемімізді алу үшін жазылып кететіндей.

Арманда кеткен ағаның елде орнатыл­ған талай ескерткіштерін көріп жүріп жү­рек­ке әсер етіп, көңіл толқытардай құді­реттісін кездестірмеген едік. Мынау болса, ғажап. Жансызға жан бітіргендей. Жай жан емес, басқаның жанын алау-жалау етіп, ойға шомдырардай... Мүсіннің авторы - Азат Баярлин. Азат - Қазақстанның өнер­паз азаматы. Азат... Тұрар ағаның өмір бой­ғы басты арманы да елінің, қазақтың азаттығы емес пе еді. Ендеше, сол азаттық жолындағы ұлы күрескердің ескерткішін Азат есімді ұрпақтың жасауында да бір сим­воликалық сыр, құпия байланыс жат­па­ды ма екен? Бәлкім, бұл ұлы Жаратушының Тұре­кең­нің рухына түскен мейірімі, кейінгі тірілер тү­сі­н­сін деген ишарасы шығар?.. Қайткенде де ел азат­тығы - соның жо­лын­да, тарихтың тайғанағында жанын отқа да салған, суға да салған Ағаның асыл арманы болғаны даусыз. Оған оны тағ­дыр­дың өзі итермелеген тәрізді. Озбырлыққа, опа­сыз­­дық­қа оқ атқан әкесі Рысқұлмен бірге түр­меге түскен тоғыз жасар баланың Құдайдан ең әуелі тілейтіні еркіндік болмағанда не болушы еді. Сондай сәбилік сана есейе келе кеңейіп, жалғыз әкесінің ғана емес, бүкіл қазақтың, қазақ тектес көп халықтың отаршылдықтың орасан үлкен түрмесінде қамаулы екенін түйсінген, түсінген, жаны ауыра сезінген. Ауырған жан жазылудың амалын іздеген. Жалғыз амал, жалғыз жол - ымыраға келмейтін күрес қана екенін тап басып таныған. Ал ол таным оның бүкіл тағдырына айналып кеткен. Сираттың қыл кө­піріндей қиын да қатерлі тағдыр, соны­мен бірге, қасиетті де тағдыр болатын ол.

Сондай тағдыр пешенесіне жазылған жас Тұрар өз ұлтының шерлі тарихына да ерте зер салған (кейініректе Қазақстан та­ри­хын жазып қалам тербегені белгілі). Ұлт азаттығы жолын­дағы арпалыста Исатай батырдың мерт болғанын да, Махамбет ақынның басы кесілгенін де білген. Кенесары ханның қайғылы тағдырынан да хабардар болған. Мәйіті зең­бірек­пен атылған аталас дей­тіндей атасы Байзақ дат­қа­ның және Сұраншы батырдың да азат­тық құрбаны болғанын жады­на түйген. Отаршыл­дар­дың қазақты жер-суынан айы­рып, езгіге салуымен қоймай, адам құрлы көрмеген ұлттық кемсі­ту­ші­ліктің неше түрлі құбы­жық­тарын жасағаны жанына батпады деймісің. Абыз жазу­шы Лев Толстой «сұмпайы офицер» деп атаған Черняевтің әскері 1864 жылы Әулиеатаны талқандап, басып алғаннан кейін салынған Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфман атындағы (қазіргі Пушкин) көшеге «Киргизов и собак не пущать!» («киргиз» дегені біз, қазақ қой) деп баттита жазып қойғанын көрмеді немесе естімеді деймісің...

Туған халқын осындай сұмдықтардан құт­қару­ға басын біржолата бәйгеге тіккен, жара­ты­лы­сының өзі жалын атқан жанар­тау­ға ұқсас жиыр­маға жаңа келген Тұрар 1916 жылы Арқада Амангелді, Жетісуда Ұзақ, Бекболат, Әли батыр­лар бастаған көте­рілістердің дүбірі жетісімен өзі жасөс­пірім дәуірінің біразын өткізген Меркіде Ақкөз батыр көтерген тудың астындағы күрескер көпке кеп қосылады. Зеңбірек пен пулеметке найза, қылыш қалай қарсы тұра алсын, көтеріліс ошақтарының бірінен соң бірінің оты өшеді. Аяусыз жазалау баста­лып, Албан көтерілісінің қол­ға түскен сар­баздары Қарақолда қойдай қы­рыл­са, Меркіде Ақкөздің серіктері телеграф баға­на­ларына асылған. Тура бір ежелгі Римдегі Красс әскерінен жеңілгеннен кейін пә­лен­бай шақы­рым­ға созылған бағаналарға шегеленген Спартак жа­са­ғындай. Заман­дары аса алшақ болса да импе­рия­лардың ескі-жаңасының жауыздықтағы ұқсас­ты­ғы егіз қозыдай екендігіне қалай таң қалмассың!

Бірігіп қайта күреске түсу үшін бірлігі күшті ұйым құру қажеттігін түсінген Тұрар Меркіде Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев секілді серіктестерімен қазақ жастары одағын құрады. Әлихан Бөкей­ха­нов, Ахмет Байтұрсынов, Мір­жа­қып Дулатов, Мұстафа Шоқайлармен саяси соқ­пақ­та­ры әрқилы болғанымен түпкі мақсаттары бір Рысқұлов Қазан төңкерісін ұлт азат­тығына апарар алғашқы баспалдақ ретінде қабылдап, Әу­лиеата совдепінің, одан соң Түркістан респуб­ли­касының басшылы­ғын­да болған жылдарында қандай әрекеттер жасамасын, елді отаршылдық бұғауынан біржолата босатуды нысана тұтады. Бұл Кремльден де көрінетін тым үлкен нысана еді. Қазақстанның оңтүстігімен қоса бүкіл Орта Азия дербестікке бет бұрып бара жатса, оған он жерден демократ болғанымен Ленин, Сталин, Троцкийлер қалай көнсін. Көнген жоқ. Жоқ нәрсені сылтау қылып Рысқұловты Ташкенттен Мәскеуге алдыр­ды. Коминтерн. Одан соң Моң­ғо­лия. Одан кейін Алматы. Көп кешікпей НЭП дәуі­ріне нүкте қойып, елді индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру секілді орасан өзгерісті қолға алған Сталинге Рыс­құ­ловтың қай мәселені де түп-тамырымен қопара қарастыратын алғыр ақылы керек болып, Түркістан Респуб­ли­касы дәуірінен бері күш-құдіреттің кімде екенін анық аңғарған соң азаттықты көздейтін асаулығы босаған шығар немесе Қазақстанда кіші Қазан төңкерісін жасауға барған Голощекинмен бастары бір қазанға сыймас деді ме, кім білсін, Тұрарды Мәскеуге шақырып, құрамына Қазақ автоно­мия­сы да кіретін Ресей Федерациясы Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары деген биік билік береді... Міне, сондағы тұрғын жайы - мына көше, мынау сұрғылт үй. Қызмет ор­ны - Кремль... Ал, онда отырған он жы­лында алты жүз­ден аса үкімет мәжілісін өткізіп, алып мем­ле­кеттің мыңдаған мәсе­ле­сін шешіпті. Қазақ­стан­ның өркендеуінде аса зор маңызы болған Түрксіб темір­жо­лы­ның құрылысы жөніндегі комиссияны тікелей өзі басқарып, жалғыз магистральдің ғана емес, оның бойындағы елді мекен­дер­дің инфра­құ­рылымына да бас-көз болған. Голощекин сын­ды жендеттің ұстанған бағыты бір ұлтқа арналған нағыз геноцидтік саясат екеніне Сталиннің көзін жеткізіп, талап етіп, қазақтың жартысын жал­ма­ған ашаршылықты тоқтатқан. Ал, егер ол тағы да екі-үш айға созылғанда жер бетінде қазақ атаулы қалар ма еді, қалмас па еді? Қалса да шетелге ауған азын-аулағы қалар. Ал, олар ешқашан да қазіргі Қазақстан сынды тәуелсіз, қабырғалы ел бола алмас еді... Ендеше, бізді ондай сұмдықтан бірінші Алла сақтаса, екінші Тұрар сынды аға­мыз сақтаған! Сондықтан да, біз бәріміз, бүкіл қазақ, болашақ ұрпақтарымыз да мына ескерткіште бейнеленген Кісінің ру­хына мәңгі-бақи қарыздармыз.

- Мәңгі тағзым Сізге, Аға! Өзіңіз аңсап өткен азаттыққа жеткен еліңіз Сізді еш­қа­шан жадынан шығармайды. Мына ескерткішті соның бір белгісіне баларсыз...

Қанша қуанышты салтанатта тұр­ған­мен осындай ойлардан соң көзге жас іркілді...

Ескерткіштің етегіне алқызыл гүл шоқтары қойылып, жиын тараған соң Тараздан бірге келген серігім - «Шымыр ата» қоғамдық қорының жетекшісі Оңласын Есіркепов екеуміз Мәскеуді біраз аралауға бекіндік те, жаяу аяң­да­дық. Бірақ, көшедегі көрініс көңілді алаңдата алмады. Әлгіндегі әсерден арыла алмадым. Тұрар аға туралы ойды ой қуалады...

Мына біз келе жатқан көшемен де ол кісі он жыл бойы машинамен де, жаяу да талай-талай жүрген шығар-ау. Бірақ, біз құсап алаңсыз, енжарлау күйде емес, күнделікті күрделі тірліктің аужайын ойлаумен де, алыстағы замананың зәйі­лі­не орай болашағы бұлдырлау боп тұрған ел-жұр­тын сағынумен, соның қамын жеумен жүрген болар-ау, сірә. Әсіресе, 36-шы жылы. Кейін «Сталиндік» деген атауға ие болған СССР консти­ту­ция­сының жобасы қаралып жатқан тұс. Ол бой­ынша одақтас республика болу үшін халқының кемінде жартысы жергілікті ұлт және аумағы бір шет­елмен шектес болуы шарт. Ал, оның Қазақ­станы болса, Ресей құрамындағы автономиялық республика. 32-33-ші жылдары қырғынға ұшыра­ған қазағының саны жалпы халықтың жартысы тұрмақ, үштен біріне де жетпейді... Сонда шартқа сәйкес автономия боп Ресей қоластында қала бермек пе? Осы сұрақ Тұрекеңнің жанын отқа салмады деймісің? Өзі өртеніп кетсе де ел дегенде ешкімнен тайсалмайтын ол қазақтың санын өзі басқарған биліктің қылмыстық жолмен қолдан азайтқанын Сталиннің бетіне айтып, Қазақстан­ның одақтас республика болуын талап еткен шығар-ау қайтсе де... Ал, енді сонда, 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған конституция бойын­ша одақтас республика мәртебесін алмасақ, 1991-дің желтоқсанында СССР күйрегенде тәуелсіз ел болар ма едік, болмас па едік? Бауырлас, тамыр­лас Татарстан, Башқұртстан, Якутия сияқты Ресейдің қоластында қала берер ме едік, қайтер едік? Бір қалсаң, алпауыт империя өлсе де қазы­налы Қазақстаннан айырылар ма еді?! Бізді Тұрекең заманын­дағы ұрымтал тұста Құдайымыз сақтаған екен. Тәубе, тәубе...

Осындай ой жетегімен Қызыл алаңға да кеп қалыппыз. Міне, Лениннің мазары, ұшар басын­дағы бұрынғы екі басты жырт­қыш құсын ұшы­рып түсіріп, орнына Сталин қызыл рубиннен ор­наттырған бес жұлдызы бар Спас мұнарасы, қып-қызыл биік қамал-қабырға... Бәрі баяғыдан таныс. Тіпті, бала кезде аса бір ыстық ықыласпен дәп­терге суретін де салатынбыз. Сөйтсек... сөйтсек, мұндағылардың бізге деген жүрегі ыстық емес, мұздай суық екен ғой. 86-ның желтоқсанында мына алаңның ар жағын­дағы патша сарайынан, Горбачевтың аузы­нан шыққан бұйрық Алматы алаңындағы мыңдаған қазақ жастарының қанын төккені де есте. Алайда Кремльден туындаған со­дыр­лық жастарымызды жайпағанымен, жаңа заманның, Еуразияның бірталай еліне азаттық сыйлар заманның босанар алдын­дағы ғасыр толғағын, қиын толғағын тоқтата алған жоқ...

Қаңғыр-гүңгір. Аса таныс, өткен заман­ды еске түсірер үн. Спас мұнарасындағы сағат 12-ні көрсетіп тұр екен. Айтпақшы, мына империяның басты сағаты біздің Желтоқсанымыздан кейін дәл бес жыл өткенде СССР-дің басты сағаты ретінде соңғы рет соғатынын білді ме екен? Әй, қайдан. Жансыз темір ғой...

- Қонақүйге қайтайық та, - деді Оңласын.

- Иә, қайтайық, - дедім мен сағатқа қарап тұрып онымен қоштасқандай...

АСТАНАДА АСҚАҚТАҒАН СЕЗІМ

Айналайын Астанама әрдайым қуанып келем. Пенде болған соң көңілге ара-тұра түсіп тұратын қаяу, кірбің дейтіндерің жайына қалып, мына жарық дүниенің бар шұғыласы маған құйыл­ғандай, бар жақсылығы маған бұйырғандай өзімше бір рахат хал кешем. Сондай халде Есілдің оң жағасын да, сол жағасын да жалғыз өзім жаяу кезгенді ұнатамын. Көрем дегеніңді көресің, ойлайын дегеніңді ойлайсың. Ешкім бөгет жасамайды. Ал, Астанада көретін нәрсе де, көріп алып, ойға түсіретін жайлар да, о-о, өте көп. Аспанмен таласқан, архитектуралық пішіні әртүрлі, әрқилы нысандағы үйлер, Бәйтерек, Хан шатыр, Тәуелсіздік, Бейбітшілік және келісім, Спорт сарайлары, стадион, концерт залы, Министрліктер үйі, Парламенттің қос палатасының ғимараттары... қайсы бірін айтарсың, қиялдауға ғана болатындай ғажайыптар. Кең-кең көшелер, гүлзарлар, бұрқақты алаңдар. Есіл жағасындағы анау төбеде желбіреген көк туымыз көз салғанның көңілін өсіріп, мәртебесін көтеріп әкеткендей. Мәртебе демекші, аса сәулетті Ақ Орда Елбасының қызмет орны ғана емес, мемлекетіміздің әлем алдында мерейін асырар орны бөлек ғимарат қой. Жарқ-жұрқ еткен нұрлы қаланың түні қандай көрікті!

Осының бәрін көрген сайын таңдай қағасың. Таңдана тұрып өткен бір жайларды еске түсіресің... 1994 жылғы 6 шілдеде Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғарғы Кеңеске келіп, астананы Ақмолаға көшіру жөнінде мәселе қойғанда, тіпті ерін бауырына алып тулаған әріптестеріміз де болып еді-ау. Енді бүгінде сол азаматтар Аладдиннің сиқырлы шамының құдіретімен айналасы оншақты жылда орнағандай мына ғажайып қаланы көргенде не дер екен, ә?.. Рас, олардың бірқатары бүгінде мына дүниеде жоқ, кейбірі алыс-жақын шетелге асып кетіпті. Ал, барлары Президент Назарбаевтың келешекті тым алыстан көре білетін және сол келешектің басты бағдарларын айқын белгілей алатын қасиеті бар екеніне еріксіз тәнті болған шығар-ау қалайда.

Сонда ешқандай Аладдиннің шамынсыз-ақ бұрын әлем тарихында болып көрмеген тездікпен құрылысына осы заманғы ең озық технология мен материалдар қолданылған аса сұлу шаһар салған қандай құпия құдірет? Ол, әрине, туын Нұрсұлтан Назарбаев көтерген ұлы мәртебелі Тәуелсіздік! Астана - соның перзенті, соның мәңгілік алып та ажарлы ескерткіші.

Ойды осыған тірегенде еске түседі: сонау кеңестік кезеңде Алматыда Арасан моншасы, «Қазақстан» мейманханасы, республикалық мұ­ра­жай салынғанда одақтық басылымдар Димекең жарықтықты жаппай сынап, «Республикаға мұн­дайлардың керегі не еді?! Бұл - астамшылық» деп ұлардай шулағаны да есте. Бұл тәуелділіктің, бодандықтың тұсы еді.

Енді, міне, тұтас Астана салдық. Бұл енді екі жарым ғасыр арман еткен, сол үшін қан да төккен, тер де төккен, азапты жолдан өтіп жеткен ең қымбат құндылығымыз - Тәуелсіздігіміздің арқасы!

Тәуелсіздік! 1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы Кеңестің сессиясында ел тәуелсіздігі салтанатпен жария етілгенде мына дүниеге қайта туғандай болған жоқ па едік бәріміз де. Ғасыр, тарих толғатып елің дүниеге мүлде жаңа тұрпатта, ендігі жерде бір Құдайдан өзгеге құл болмай­тындай кейіпте келіп жатса, оның әрбір азаматы өзін де солай сезінбегенде қайтушы еді. Иә, біз, бүкіл қазақ, Тәуелсіздігімізді көзімізге қуаныш жасы үйіріле тұрып қабылдадық, қарсы алдық. Егер жеке адамның, күллі халықтың жадында ешқашан, ешқандай жағдайда да ұмытылмайтын жалғыз-ақ сәт болатын болса, онда ол біз үшін, сөз жоқ, Тәуелсіздік жарияланған сәт болары күмәнсіз.

Осынау отандастарымыз үшін ең қастерлі оқиғадан кейін бес күн өткенде мен Димаш ағаға, Қонаевқа сәлем беру үшін үйіне бардым. Ақсақалымыз өте көңілді екен. Өңі де жасарып кеткендей жарқырайды. Бір-бірімізді Тәуелсіздік­пен құттықтап, құшақтастық.

- Бұл көптен көңілде жүрген арман еді ғой, інім! Құдайға шүкір, орайы келіп орындалды, - деп Димекең аз-кем ойланып барып сөзін жалғады. - Рас, алғашқы кезде оңай болмас. Үзіліп жатқан экономикалық байланыстар орасан қиыншылықтар туғызбай қоймайды. Оның үстіне дербес мемлекеттің бүкіл институттарын құру, оның ішкі, сыртқы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындау да жеңіл-желпі шаруа емес... Әйтсе де мен Қазақстанның келешегіне қатты сенем. Ол ресурсқа бай, басқа да потенциалы зор. Басқаларға қарағанда біз бастапқы күрделі кезеңнен жеңілдеу өтеміз...

Иә, Димаш аға айтқандай, күрделі кезеңде көп нәрсе күрмеуге мүлде келмейтіндей халде еді. Кеңестік дәуірдің кейінгі жылдарын жалап-жұқтаған дағдарыстың жалмауыз кейпі адам шошырлықтай еді. Оның өршімесе, денделіп дес берер түрі жоқ болатын. Саяси тәуелсіздікке қуанған халық күнделікті тірлікте торығатындай жағдайда жүріп бір ғана Азаматына үміт артты. Ол - тарих сахнасына табиғи талантымен жар­қыл­дай шыққан, халықтың өз перзенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін кө­ге­руге тиіс көсеге тек Назарбаевтың басшылы­ғы­мен ғана көгереді деп білді халық. Құдай жа­ры­л­қап жаңылмапты. Жаңылмаудың дәлелі Тәуел­сіз­дік алынғаннан кейін екі аптадан соң келген 1992 жылдың алғашқы күндерінде-ақ көріне бастады.

6 қаңтар. Президент Назарбаевтың төраға­лы­ғымен Қазақстан Республикасы Конститу­ция­сының жобасы талқыланды. Мақсат - әлемнің сая­си картасына жаңа ғана енген елдің демо­кра­тиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет ретіндегі бүкіл болмысын заңмен бекіту.

10 қаңтар. Президент Жарлығымен Қазақ­станның ішкі әскерлері құрылды. Мақсат - жас мемлекетті түрлі қауіп-қатерден қорғау.

27 қаңтар. Өскеменде қазақстандық тұңғыш алтын құймасы қорытылып шығарылды. Мақсат - елдің өзінің алтын-валюта қорын жасақтау.

30 қаңтар. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болды. Мақсат - өзіміздің және әлемнің қауіпсіздігіне үлес қосу.

1-3 ақпан. Президент Назарбаев Давос фо­румына қатысты. Мақсат - дүниежүзі дамыған елдерімен экономикалық байланыс орнату.

3 наурыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мына мүшелікке өтті. Мақсат - адамзат қауымдастығында өз орнын алу.

21 наурыз. Президент Назарбаев барлық отандастарын тәуелсіздік жағдайында тұңғыш тойланатын Наурыз мерекесімен құттықтады. Мақсат - қазақтың рухын көтеріп, ата-баба дәс­түрін жалғастыру.

7 мамыр. Президент Назарбаев Қазақстанның өз Қарулы Күштерін құруға Жарлық берді. Мақсат - Қазақстанға берік қалқан орнату.

29-30 қыркүйек. Қазақтың дүниежүзілік тұң­ғыш құрылтайы өткізілді. Мақсат - бүкіл әлем­дегі қандастарымызбен тығыз байланыс орнату және олардың Отанымызға оралуына ықпал жасау...

Міне, бұлар қазірге дейінгі жиырма жылда тәуелсіз Қазақстан жүріп өткен нұрлы жолдың, атқарылар ұлы істердің алғашқы бастамасы ғана еді. Ал, данышпан Абай атамыздың жақсыны істі бастағанынан таны дейтін қағидаттық пікірі бар ғой. Осыған сайсақ, Тәуелсіздігіміздің де, елдігі­міздің де тірегі боп келе жатқан Елбасымызды тереңірек тани түскендей боламыз. Осынау елдік қана емес, әлемдік деңгейдегі қайраткердің, ай маңдайлы Азаматымыздың даналығына сүйсіне таңданбасқа лаж жоқ. Және олай ететін біз ғана ма... Назарбаев феноменін толығырақ тану, түсіну үшін әрбір қазақстандық өз-өзіне: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз?» деген бір ғана сұрақ қойып, соған мейлінше әділ, адал жауап іздегені жөн болар-ау. Осы сұрақты анда-санда өзіме қойғанда, менің есіме ылғи да 96-шы жылы жазда Нью-Йорктың Кеннеди әуежайында кездейсоқ кездестіріп, аз-кем әңгімелескен егделеу американдық түсе береді. Әлгі кісі сұраған соң жөнімді айтқанымда, Қазақстан деген елдің де бар екенін, «бар» дегенімде оның Жер планетасының қай тарапында екенін білмей-ақ қойғаны. Ол таңданды, мен намыстандым...

Құдайға шүкір, енді біздің елді қайда да болсын білмейтін көзі ашық, көңілі ояу адам жоқ та шығар. Ол ненің, кімнің арқасы? Тәуелсіз­дік­тің, тәуелсіз экономикалық, саяси, мәдени қа­тынастарымыздың арқасы. Соларды мейлінше біліктілікпен, заманауи икемділікпен орнықтырып, ең әуелі Қазақстанның мәңгілік мүддесімен сәйкестікте жүргізіп отырған Елбасының арқасы екені айдан анық. Сондай көрегендіктің нәти­же­сінде осы 20 жылға ғасырлар жүгін артумен қатар, қаншама сын-сынақтардан аман өттік. Ең бастысы - ел ішінде тұрақтылық, береке-бірлік сақталды. Экономикалық оң саясаттың және Назарбаевтың Ұлттық қор жасақтау жөніндегі көрегендігінің арқасында әлемнің әлеуетті деген ежелгі елдерінің талайын әлсіретіп кеткен, тіпті кейбірін дефолтқа жеткізген қаржылық дағдарыс­тан да есен-сау өттік. Осының бәрі Қазақстан беделін көтеріп, әлемдік саяси биіктерге шығарды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, оның Саммитін және басқа көптеген халықаралық форумдар өткізу, кейде тіпті Астананы әлемнің рухани орталығы деген сөздің шығып жатуы да зор беделдің бедерлі көрінісі екені хақ...

...Бүгінде ойлап отырсам, ХХ ғасырдың толғағынан туып, ХХІ ғасырдың басында бекемделген тәуелсіздігіміздің әу баста жарияланған сәтінде де, тіпті соңғы Жоғарғы Кеңесте, тұңғыш Парламентте депутат ретінде жеті жүзге тарта Қазақстан заңдарын қабылдауға атсалысып жүргенімде де айналасы жиырма-ақ жылда елімізде осындай кереметтер жасалатынына сенбеппін. Енді сол ескірген сенімсіздікті жаңадан туған асқақ сезім, еліме қатысты мақтаныш сезім серпіп, сейілтіп, жойып жіберіп отыр. Тәубе!

*  *  *

Үстел басында бағанадан бері сегіз жасар немерем Ибраһим біресе терезеге, біресе алдын­да­ғы дәптерге қарап қойып бірдеме жазып отырған. Зер салсам - терезеден Қазақстанның симво­ли­ка­сы іспеттес Бәйтерек көрінеді екен. Ал, дәптерге түрлі түсті қарындашпен сол бейнеленіпті. «Айналайын, Қазақстанымыз да, Бәйтерегіміз де, сен де - бәрің де аман болыңдар»! дедім іштей...

Арғынбай БЕКБОСЫН, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Жамбыл облысының құрметті азаматы.

Тараз.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377