Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Ауыс-түйіс 5507 5 пікір 20 Шілде, 2020 сағат 13:22

Құдайбергенов неге қызметінен босатылды? 

Бүгін Президенттің экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов қызметінен босатылды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли желіде жазды. 

«Олжас Құдайбергенов Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметінен босатылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Әбдімәлікұлына экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстары үшін алғыс айтты», - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.

Олжас Құдайбергенов Президенттің штаттан тыс кеңесші болып 2019 жылдың желтоқсанында тағайындалған. Кеңесші қызметіне дейін CSI консалтингтік компаниясының аға серіктесі, 2014 жылы Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовтің (қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы) кеңесшісі болған. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының жанындағы экономикалық сарапшылық кеңестің мүшесі.

Әлеуметтік желіде өткір-өткір жазбаларымен танымал Олжас Құдайбергенов неге қызметінен босатылды?

Олжас Құдайбергеновтың өзі де бұл туралы желідегі жеке парақшасында жазыпты. Айтуынша, ол аталған қызметке алдын-ала келісім бойынша, 6 айға келген.

«Өткен жылдың желтоқсанында болған кездесуде Президент өзінің штаттан тыс кеңесшісі болуды ұсынды. Содан кейін олар маған шамамен алты айдан кейін басқа қызметке ауысуға болатынын айтты. Мен бұл өзгерісті маусым айында күткен едім. Бірақ ол кезде мүмкіндік болмаған сияқты.

Бүгін таңертең Президенттен телефон шалып, атқарған жұмыстарым үшін ризашылық білдіріп, ротация бүгіннен басталғанын айтты. Қысқасы, қазір мен штаттан тыс кеңесші емеспін.

Бұл қызметке ақы төленбейді, еңбек келісім-шарты, кеңсе қызметкерлері жоқ. Алайда, мақтаныш сезімін тудыратын артықшылығы да бар...

Дегенмен, осы уақытқа дейінгі жазбаларымды штаттан тыс кеңесшінің емес, жеке адамның жазбалары ретінде көрсетуге тырыстым. Бұл мәртебе менің кейбір өткір мәлімдемелерімді жиі саясиландырып жіберетін, енді келесі жазбаларымда мұндай саяси түсінік болмайды деп үміттенемін.

Жалпы, осы қызметте жүргенде адамдар үшін пайдалы болатын нәрсенің бәрін мүмкіндігінше жасауға тырыстым. Біз бұдан әрі де пайдалы бола аламыз деп үміттенемін. Сонымен қатар, бизнесте, мемлекеттік органдармен, әкімшілікпен әрі қарай жұмыста да ештеңе өзгермейді»,- деді ол.

Бұған дейін, бірнеше күн бұрын Құдайбергенов Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллионға жуық болуы мүмкін екенін айтқан.

«Қазір коронавируспен ауырғандардың  ресми саны 67 мыңды құрайды, ал пневмония ауырғандар шамамен 234 мың(1 қаңтардан 15 шілдеге дейін). Егер біз пневмонияның таза өсімін ғана алсақ, онда шамамен 163 мың болады. Демек, 67 + 163 = 230 мың. Бұл минимум. Егер біз өсімді емес, бүкіл көрсеткішті алсақ, онда 230 мың емес, 301 мың науқас болады. Әрине, үйде ауырған адамдар бар. Олардан қандай сандар күтілетіні әлі белгісіз. Және, ресми санаққа кірмеген тек симптомсыз науқастардың өзі 85% екенін  ескерсек, 2 миллионға жуық қазақстандық ауырған немесе ауырып жатыр», - деп жазған болатын.

Сонымен қатар ол вирустан кем дегенде төрт мыңға жуық адам қайтыс болған деді.

«Қазір коронавирустан қайтыс болғандар саны = 464. Жыл басынан 15 шілдеге дейін пневмониядан қайтыс болғандар саны 3 327 болды. Былтыр осы кезеңде 1896 адам қайтыс болған. Яғни, өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 1,75 есеге көп.

Сонда коронавирустан қайтыс болғандар ең кем дегенде 1895 адам немесе максималды түрде 3791 адам қайтыс болған. Бұған коронавиртан емделген, бірақ ауруханада басқа себептерден (инсульт, инфаркт және т.б.) қайтыс болған адамдарды да қосу керек», - деген еді Президенттің экс-кеңесшісі.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063