Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3014 0 пікір 7 Желтоқсан, 2011 сағат 07:22

Нұртай Сәбильянов: "Тәуелсіз елдің тамыры мықты, халқы қайсар болады"

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Сабильянов 1962 жылы 1 маусымда Семей облысы Аякөз ауданы Шыңқожа ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. 1979 жылы Шыңқожа ауылындағы қазақ орта мектебін бітірген. Еңбек жолын 1979 жылдың шілде айында Аякөз ауданының «Нарын» кеңшарындағы «Орбита» комсомол-жастар бригадасында бастайды. 1980 жылғы қарашадан 1982 жылғы желтоқсанға дейін Ленинград қаласында Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметін өтеп жүріп, Ленинград қаласындағы №192 кешкі орыс орта мектебін бітіріп, орта білім туралы екінші аттестат алады. Ол 1986 жылы Алматы қаласында болған Желтоқсан оқиғасына белсене қатысқан. ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші, төртінші шақырылымының депутаты. 2007 жылғы шілде айынан «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы Саяси Кеңесі және Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі. Шығыс Қазақстан облысы Аякөз ауданының құрметті азаматы. «2008 жылғы Білім меценаты».  Ұлттық Қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығының «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 2010 жылғы иегері.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Сабильянов 1962 жылы 1 маусымда Семей облысы Аякөз ауданы Шыңқожа ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. 1979 жылы Шыңқожа ауылындағы қазақ орта мектебін бітірген. Еңбек жолын 1979 жылдың шілде айында Аякөз ауданының «Нарын» кеңшарындағы «Орбита» комсомол-жастар бригадасында бастайды. 1980 жылғы қарашадан 1982 жылғы желтоқсанға дейін Ленинград қаласында Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметін өтеп жүріп, Ленинград қаласындағы №192 кешкі орыс орта мектебін бітіріп, орта білім туралы екінші аттестат алады. Ол 1986 жылы Алматы қаласында болған Желтоқсан оқиғасына белсене қатысқан. ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші, төртінші шақырылымының депутаты. 2007 жылғы шілде айынан «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы Саяси Кеңесі және Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі. Шығыс Қазақстан облысы Аякөз ауданының құрметті азаматы. «2008 жылғы Білім меценаты».  Ұлттық Қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығының «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 2010 жылғы иегері.

- Сізді халыққа кеңінен танытып, азаматтық келбетіңізді әйгілеген - Желтоқсан көтерілісі. Ұлттық рухта тәрбиеленген сіздің ҰҚК жасырын түсірген бейне камераларда сақталып қалған суреттеріңіз де бар. Сол шағын кадрда толқындай тулаған жастардың арасында   мегофонды қолыңызға алып, ашына айқайлап тұрсыз. Сол сәтті есіңізге түсіріп көріңізші?

- Мен ол жылдары жатаханада тұратынмын. Алматы халық шаруашылығы институтының үшінші курс студентімін. Республикамызды көп жылдар басқарған  Қонаев Дінмұхамед  ақсақал орнынан бір күнде алынып қазақтың даласының ой шұқырын, қасиетті тілі мен ділін, діні мен салт дәстүрін білмейтін Колбин деген біреудің билік басына келіп,  ел ішін  ашу ыза керенп  тұрған кез. Әсіресе, жастардың болашақ үшін, ұлт келешегі үшін, тотолитарлық жүйенің қыспағына қарсы бас көтеруі тапталған намыс пен құл болған сананың сілкінуіне әкеп соқты. Желтоқсан жастардың арманының асқақтығын, ойларының өміршеңдігін тарихтың алдында дәлелдеген көтеріліс. Оны қолдан ұйымдастырды дегенге қосылмаймын.  Ол жылдары жасым жиырма төртте, әскери борышымды өтеп келген жігіт едім. Қоғамда орын алып жатқан осындай келеңсіз жағдайды 16 желтоқсан күні кешкілік естідім. Тамырында түркінің қаны бар алаш баласы мұндайда ұйықтай алар ма? Ертесіне қаным тасыған мен де курстастарыммен бірге алаңға жеттім. Сай жырадан өзенге құйған арнадай болып қаланың әр түкпірінен азаттық аңсаған  жастар орталық алаңға жинала бастады. Сол жердегі жастардың ашу ызасын тудырған құқық қорғау органдарының, әскерилердің қарсылығы десем шындықтан алыстамаспын. Алдымен қақтығысты бастаған солар болды. Олардың әділдікті талап еткен жастарды қол шоқпарларымен ұрып таратуға тырысуы, «қайтыңдар» деп қоқан лоқы көрсетуі бұл сөзіме дәлел. Әлі есімде жастар шоғыры көбейген сәтте «Менің Қазақстаным» әні, аязды желтоқсанның сағын сындырып, Алматы аспанында қалықтап тұрып алды. Бұл сондай шынайы жүрекпен, ұлттық рухпен айтылған ән еді. Сондай сәттің бірінде трибунаға шығуға талпынып едім, сүйреп, итеріп ығыстырып тастады. Соны байқаған қасымдағы жігіттер менің қолыма мегофонды беріп, тік көтеріп алды. Сапырылысқан алаңда ұрандатып, көптің көңілінен шығатын сөз айтсаң ғана тыңдай қалады. Ал егерде оларға қарсы пікір білдірсең шулап қоя береді.  Сондағы менің айтқаным «Біз бұл жерге  ұлтымыздың тапталған  намысы үшін жиналдық, соңғы деміміз қалғанша күресеміз, талап тілегіміз орындалғанша бұл маңнан кетпейміз, орталық комитетттің ғимаратына барып әділдіктің ақ туын желбіретіп қайтпайынша шегінбейміз, өліп тірілсекте пленумның шешімін өзгертеміз» десем керек. Ұйып тыңдаған жастар мені қолдай кетті. Жастардың сорына қарай кейін арандату басталды. Құқық қорғау өкілдерімен жағаласу, әскери адамдармен қақтығыстар орын алды.  Сондай қысылтаяң кезде бүгінгі Желтоқсан (Бұрынғы Мир) көшесінің бойынан  баррикада құрып алдық. Оның көмегі тіпті көп болды. Сол арқылы Орталық комитеттің ғимаратына қарай  шабуылымызды тоқтатпадық. Солдаттар бізді кері шегіндіргенде баррикадада тұрғандар ұстап қалады. Қайтадан күш жинап алып тарпа бас саламыз. Сонда бізді алаңнан қуу үшін арнайы техника, өрт сөндіретін машиналар қолданылғанын айтпай кетуге болмас. Бұл шындап келгенде бейбіт шеруге шыққан жастардың құқын бұзу, тұншықтыру, үнін өшіруге  жасалған қадам еді. Уықтары сықырлай бастаған кеңес дәуірінің соңғы тұяқ серпуі еді бұл.  Қақаған қыста төбеңнен мұздай су шашып, көктайғақта мұздай қаруланған солдаттардың әділдік іздеген жастарды сойылға жығуы жанға жара салғанымен, азаттық аңсаған көтерілістің арты Кеңес одағының ыдырауына әкеп соқты.

- Сіз желтоқсанды көтеріліске теңеп отырсыз, жай ғана оқиға деп жүргендер де бар ғой? Оған не дейсіз?

- Басында бейбіт шерумен басталып, арты қанды қырғынға ұласқан қақтығысты жай ғана оқиға деп бағалауға болмайды. Ұлттық мүдде жолында рухтанып, алаңға шығып, езілген санасын езгіден тазалап, ізгі мақсат жолында жаны жараланып, опат болып кеткендерді еске ала отырып, бағалай отырып біз ұлтымыздың даңқын асқақтатсақ дегім келеді.  Бұл қазақ жастарының нағыз намысшыл, рухы биік, қайсар екенін көрсеткен Желтоқсан көтеріліс еді.

- Қудалаудан қалай аман қалдыңыз?

- Желтоқсан көтерілісінен екі ай өткесін ҰҚК қызметкерлері аудиториядан мені ұстап әкетті. Біздің институттың бас корпусында олар жеке кабинет алған екен. Сол жерге  апарып менен жауап алды. Олар  менің мегофонмен сөйлеп тұрған суретімді, басқада желтоқсанға қатысқан азаматтардың суреттерін көп қылып шығарып, әр институтқа,  завод- фабрикаларға таратқан ғой. Ректораттан, деканаттан, белсенділерді жинап алып іздестірген. Сондай бір  кезде есеп экономика факультеті деканының орынбасары «мынау бізде оқитын студент»  деп менің фотомды көрсеткен екен.  Содан бастап мені іздестіру басталған. Іздестіру деп айтып отырғаным ол кезде мен қысқы демалыста ауылда жүргенмін. Көрешегім шығар, егерде мен 17,18,19 Желтоқсан күндері ұсталғанда тағдырым басқаша өрбір еді. Өйткені ол күндері ұсталғандардың көбіне қылмыстық, әкімшілік  іс қозғалып,  жауапкершілікке тарту үшін сотқа жіберілген. Мен олардың қолына екі айдан кейін тигендіктен, «темірді қызған кезінде соқпағандықтан» нақты дәлелдер келтіре алмады. Бірақ,  6-7 айдай күшті тексеріс болды. Мегофондағы дауыс анық түспегендіктен (алыстан түсірілген ғой) олар менің не айтқанымды ести алмады. Егер ести қалғанда мені аямаушы еді. Кейін менен сұрақ қойып, жауап алғандар «үш жылдан кейін қайта тексереміз, дәлелдер анықталып жатса, бес жылға бас бостандығыңнан айырыласың» деп дөң айбат көрсеткен болатын. Алайда олар аңсаған үш жылда заман өзгеріп, дүние алай дүлей болып кетті емес пе? Бір айта кеткім келетіні осындай жағдайдан кейін маған деген оқытушылардың, студенттердің көзқарасы күрт өзгерді, «ұлтшыл» деген айдар тағылды. Алайда, тексеру барысында  жақсы мінездеме беріп, мені қорғап қалған адамдар да болды.

- Одан кейінгі тағдырыңыз қалай болды?

- Құрмет тақтасынан суретім алынып тасталды, Лениндік стипендиятқа үміткерлікке жол берілмеді. Партия қатарына өтуіме тосқауыл қойылды. Үшінші курстың басында институттың бухгалтерлік есеп кафедрасында оқытушы болып жұмысқа орналасуға жолдама алған едім. Бірақ, институт ректорлығына басқа ұлттың адамы тағайындалып,  Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін менің  кафедраға оқытушы болып қалуыма қарсылық білдірді. Сөйтіп  жұмысқа орналасу жолдамасынан айырылдым.

- Тәуелсіздікті аңсаған Желтоқсандықтардың бәрі ақталып, өздерінің саяси бағасын алды деп ойлайсыз ба?

- Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік  жауаптылыққа тартылған азаматтар ақталды. 1996 жылы Президентіміздің жарлығымен осы Желтоқсан көтерілісіне белсенді қатысқан Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Алаңда шырқалған «Менің Қазақстаным» әні еліміздің мемлекеттік гимніне айналды.  2006 жылы Алматы қаласында Елбасымыздың қатысуымен   Желтоқсан Қаһармандарына арналған «Тәуелсіздік таңы» атты ескерткіш ашылды. Сол ескерткіш ашылғанда сөйлеген сөзінде Елбасымыз Желтоқсан қаһармандарына  «Бұл ерліктің ғана емес, елдіктің де нышаны» деп саяси баға берді. Сол кезде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтар көрсеткен қамқорлығы үшін  Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өздерінің ризашылықтарын білдіріп, қасына келіп естелікке фото суретке түсті. Өз ой пікірлерін ашық айтты. Елбасының Желтоқсаншыларға көрсеткен ісінен, құрметінен өзгелер үлгі алса ғой. Болашақта Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың мәртебесі туралы заң қабылдануы керек. Жалпы Елбасымыз  20 жылда Қазақ мемлекетін құрып,  Астанадай  әлем сүйсінген қала салып, елдегі тұрақтылықты сақтап, мемлекетіміздің дамуын, халықтың әлеуметтік экономикалық жағдайының көтерілуін қамтамасыз етті. Шет елдегі қандастарымызды елге оралтудағы сіңірген еңбегі де шексіз. Жастарымыздың шет елде мемлекет есебінен білім алуына қаражат бөліп қолдау көрсетті. Ажал отын шашқан  Семей ядролық полигонын жапты. Қазақ халқының саны өз елімізде 40 пайыздан 67 пайызға жетті. Осының бәрі Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының жемісі!!! Тәуелсіз елдің тамыры мықты, халқы қайсар болады!!! Халықтың береке бірлігіне бәріміз де қызмет  етуіміз керек.

- Желтоқсан  көтерілісі әділ бағасын алып, тәуелсіздіктің жаршысына айналған тұста халық   сағына қауышқан бекзат өнер айтысты қолдадыңыз. Меценат болдыңыз. Көптеген талантты жастардың  талабына қанат бітірдіңіз. Сүйтіп халықтың ризашылығына бөлендіңіз.  Бірақ көп жылдың жүзі болып қалды жомарт жандардың қатарынан көрінбей кеткеніңізді жұрт сан саққа жүгіртіп жүр?

- Айтысқа демеуші болғандағы басты мақсатым төл өнеріміз айтысты дамытып, жас ақындарды қолдау болатын. Осы мақсат жолында мен алты жылдай өз еркіммен, таза еңбегіммен тапқан қаражатпен демеушілік көрсеттім. Айтыстың төңірегенде жүрген азаматтармен иықтасып, баба мұраның жалғасын табуына қызмет жасадым. Айтыстан кете қойған жоқпын. Айтысты өткізем деп қаражат алған мекемемен арамызда түсінбеушілік болғаны рас.   Айтыс бүгінде жанданып, жасарып, биікке көтерілді. Екі жылдай болды мемлекет айтысты  қолдап жатыр. Осы айтысты ұйымдастырушы, қолдаушы, қорғаушы Ерман Жүрсін ағамыздың айтысқа сіңіріп жатқан еңбегі зор.  Оны айтпау мүмкін емес. Жақында «Конгресс холда» өткен республикалық айтысқа барып, шама шарқымша қол ұшымды бердім. Тамашаладым. Ақындардың аяқ алысын көріп марқайып қалдым. Жалпы  мен  айтысқа ғана емес, спортта, өзгеде өнердің саласында жүрген жастарға да  жәрдем жасап тұрамын.  Мысалы, мектептерге, балалар үйіне қамқорлық жасауға, студенттердің оқуына көмек көрсетуге жиі көңіл бөлемін. Шалғай ауылдағы ақсақалдар мен қарапайым ауыл адамдарын, ұстаздар мен мектеп оқушыларын бірнеше рет Астанаға әкеліп, көрікті жерлермен таныстырдым. Сонымен қатар төрт жылдай болды Т. Рысқұлов атындағы Қазақ  экономикалық университетінің (Бұрынғы Алматы  халықшаруашылық институты) төрт студентіне ай сайын 15 мың теңгеден стипендия төлеп келемін.  Осындай екі стипендия Семей мемлекеттік педагогикалық университінің студенттеріне де тағайындалды. Оны тілді жақсы білетін, оқу озаттары иеленуде. Жылына он студентті өз қаражатыма оқытуды мойныма алып отырмын. Көп жұрт мені депутат болғаннан бері демеушілігін ұмытты десе айтар жауабым осы. Сіздер сұрап отырғаннан кейін ғана айтып отырмын.  Әрине, мұның бәрі адамның әлеуметтік мүмкіндігіне, халыққа деген жан ашырлығына байланысты жүзеге асырылады.

- «Нұр Отан» ұсынған 127 кандидаттың қатарында есіміңіз жүр? Сізбен қанаттас, рухтас болған, қазақ мүддесіне адал төртінші шақырылымның бірнеше депутаттарын бұл тізімнен көре алмадық? Керісінше облыс, аудан әкімдерінің қарасы көп сияқты...

- «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Саяси кеңесі бюросының  шешімімен үміткерлер тізімі партия съездіне ұсынылды. Әр өңірдің, облыстың тәжірибесі бар, белгілі азаматтары, елге танымал адамдар тізімге енгізілген. Партияның съезді бекіткеннен кейін осы тізімнің ішінен  «Нұр Отан» партиясының  Парламент Мәжілісі сайлауында дауыс алуына қарай үміткерлер депутат болып тіркеледі. Сонымен бірге партияның облыстық филиалдарының ұсыныстары да ескерілген деп ойлаймын. Мүмкін осы жағыда әсер еткен болар үміткерлердің құрамына.

- Депутаттар партиялық тізіммен сайланса да БАҚ беттерінде  Заң шығарушы органның сарайында қаржылық топтардың немесе саяси ықпалды күштердің  лоббистері отыратыны туралы  ашық айтылып жүр. Бұған не айтар едіңіз?

- Депутат болып сайланған азаматтардың ішіндеде  әр саланың өкілдері бар. Алайда заң талқыланып жатқан кезде кейбіреулер жеке бір топтың  мүдделерін көздеуі бек мүмкін. Ондай жағдайлар Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымында кездесіп қалды. Мысалы   кәсіпкерлікті қолдайтын  ұйымдардан Қылмыстық кодекстен жалған кәсіпкерлік туралы бапты алып тастау  ұсынысы түсті. Осыны бірқатар депутаттар қолдап та жіберді.  Бірақ артынан талқылай келе мұның қоғамға, салық түсіміне зияны болатыны айтылды. Мен де бұған қарсы болдым. Себебі біз жалған кәсіпкерлікке байланысты  қылмыстық жауапкершілікті алып тастасақ, онда осы жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар арқылы  бюджеттің, кәсіпорындардың  қаражаты басқа жаққа кетіп жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар  салық төлеуден жалтарып кететін еді.   Бұл біздің бюджеттің кірісіне және экономикамызға кері әсерін тигізеді.  Экономика-қаржы саласында 16 жыл істегеннен кейін мен бұл мәселені жақсы білемін. Өйткені оған жол беруге болмайды. Керісінше шағын және орта бизнесті дамытуды қолдауымыз керек. Темекіге салынатын акциздін  мөлшерін көбейту туралы  ұсыныстар енгізілген кезде көптеген депутаттардың ішінде қарсы шыққандар болды. Сол жолда мүдделі топтар жұмыс істеді десем артық айтқаным емес.

- Нұртай мырза, парламент депутаттарының қызметі баспасөзде біржақты бағаланып жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз?

- Парламент жұмысы баспасөзде әртүрлі бағалануда. Журналисттерге,  БАҚ-на Парламент депутаттарының атқарып жатқан қызметтері  немесе заң жобаларын талқылау туралы мәселелер керек болатын болса, олардың Парламентке келіп толық мағлұматтарды алуға   мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар депутаттарға сұрақ қойып, оған жауап алуға да құқылы. Бірақ көбіне журналисттер Парламенттің жалпы отырысына келеді де  оны таспаға тартып, үнтаспаға жазып сол жерде болып жатқан жайдан хабар таратады да іс біттіге санайды. Журналистер дауыс беру арқылы мақұлданып жатқан заң жобалары туралы  айтып халыққа бәрі тез шешіліп жатқандай жеткізеді. Негізі журналистердің жүретін жері менің ойымша жалпы отырыспен қатар, жұмыс топтары мен комитеттің отырыстары, үкіметтік сағаттар болуы керек.  Талас тартыстар, ой-пікірлер, көптеген мәселелер, ұсыныстар, қорытындылар сонда айтылады және заң жобалары жан жақты талқыланады. Қоғамдық ұйымдардың өкілдері де оған қатыса алады. Парламент сайтында әр депутаттың жеке парағы бар. Сонда біз мемлекеттік тілде, керек болған жағдайда орыс тілінде шынайы ақпарат беруге тырысамыз. Депутаттың жеке парағында депутаттық қызметімізді, қандай заң жобаларына  ұсыныс жасағанымызды, қандай елді мекендерге барып, қанша кездесулер өткізгенімізді,  қанша депутаттық сауалдар жолдағанымызды, шетелге барған іс сапарымызды, БАҚ-на берген сұхбаттарымызбен  материалдарымызды депутат кезімізде  көрсетіп жариялағанбыз. Сондықтанда БАҚ өкілдері, жалпы сайлаушыларымыз осығанда көңіл аударса екен деймін. Сұрағыңыздың екінші қырына келейін. Журналистер көп жағдайда оқылатын сенсациялық ақпарттарға құмар. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Кімді қалай беремін деседе журналисттердің өз құқығы. Сынап берсе де мақтаса да. Бірақ  баспасөз өкілі бір нәрсені ұдайы жадында ұстаса деймін. Ол - әр азаматтың ар намысы, қадір қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтірмеу.

- Төртінші шақырылымдағы Мәжіліс  депутаттарының қызметіне қандай баға бере аласыз?

- Әрине, өзіміздің ұлттық мүддемізге, мемлекеттің болашағына арналған қоғамдық қарым- қатынастарды реттейтін заң жобалары тұрғысынан әр депутаттың еңбегін ерекше бағалаған жөн. Өйткені заң жобалары Үкіметтен келіп түседі немесе Парламент депутаттарының бастамасымен жазылып,  тіркеліп талқылаудан өтеді. Әр заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылып, оны жұмыс тобының мүшелері жан жақты, қызу талқылайды. Сондай кездерде табандылық танытып, ұстанған ұсынысынан, пікірінен таймайтын азаматтар көп кездесті. Бөле жарып аттарын атамай-ақ қояйын. Ұсыныстар талқылану арқылы заң жобасы жетілдіріледі. Жетілдірілу арқылы әлеуметтік, экономикалық жағдайды жақсартуға қаражат бөлуге де қол жеткізіледі.  Кей кезде бір заң жобасы екі үш жылдай талқыланып, оған депутаттар тарапынан  мыңға жуық ұсыныстар түседі. Кейде үш-төрт айдың ішінде талқыланып, көптеген  ұсыныстар қарастырылғаннан кейін қабылдануы да мүмкін. Бірақ әр заң жобасына берілген депутаттардың  ұсыныстарын жүзеге асыруға  қосымша  қаражат керек болатын болса,  оған Үкіметтен оң  қорытынды алынуы керек. Мұндай жағдайда оң қорытынды болмаса ұсыныстар қабылданбайды.

- Сіз жаңа ғана журналистер көп жағдайда парламенттің қызметін жан жақты тарқатып жазбайды деп қалдыңыз? Сонда есіме  бұрынғы әріптесіңіз  Бақыт Сыздыкованың  Парламенттің жұмысын насихаттайтын жеке телеарна ашу керек деген сөзі оралды..

- Біріншіден, Парламенттің жұмысын жеке насихаттайтын телеарна ашу керек дегенге менің айтарым: бұл мәселе бюджеттен көп қаражат талап етеді.  Екіншіден, ол телеарнаның  Парламент жұмысын  бір жақты көрсетпесіне кім кепілдік бере алады. Үшіншіден, көп партиялық Парламент жасақталғаннан кейін, әр партияның БАҚ-на деген өздерінің жеке қарым-қатынастары болуы мүмкін. Сондықтан менің ойымша, Парламенттің жеке телеарнасын ашқаннан гөрі еліміздегі телеарналармен,  БАҚ-мен тығыз байланыста болып, солар арқылы Парламент қызметін       халыққа бұрмалаусыз жеткізіп тұратын бағдарламалар ашқан  жөн секілді. Болшақта бюджеттегі  қаражат қарастырылып, халық қолдап, Парламенттің жұмысын көріп, тыңдауымыз керек  деп жатса, жеке телеарна  ашыла жатар. Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымында Қазақстан телеарнасында «Парламенттік сағат» деген жақсы бағдарлама болды, ал «Егемен Қазақстан» газетінде әр апта сайын Парламентке арналып   газеттің бір беті беріледі. Басқада БАҚ-тар да депутаттар көтерген мәселелер туралы ақпараттар мен мақалар жариялап тұрды. Болашақта біз осындай жұмыстарды жандандыра беруге тиіспіз.

- Сыздыкова демекші, «еркектер көп әйел алса, әйелдер де көп күйеуге тиюі керек» деп Жер планетасының тұрғындары бұрын-соңды естімеген мәлімдеме жасап  Сыздыкова  бір есірсе,  басқыншы Совет Армиясының құрылған күнімен әріптестерін құтықтап Бердіоңғаров дейтін елірді. Әріптестеріңіз әлгіндей деп жатқанда Сіз қандай күйде болдыңыз?

- Қазақтың баласы мен  қызының осындай қылықтарына қатты налыдым.

Әріптесім Сыздықованың бұл мәлімдемесі қоғамға, отбасының тұрақтылығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз, халықтың арасында түсінбеушілік тудырады. Менің ойымша бұл еркектің екі әйел алуы туралы ұсынысқа жауап ретінде  айтылған сөз  шығар. Ал, Бердоңғаров Совет армиясының құрылған күнімен құттықтағанда,  әріптесім Бекболат Тілеухан ашық түрде қарсылығын білдіріп, ой-пікірін айтқан еді. Мен де оның саяси қате екенін ашық айттым. Біздің айтылған ойымыздан кейін жан жақты пікірлер ортаға тасталды. Себебі Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғандықтан өзінің мемлекеттік мерекесі мен кәсіби мерекелері бар. Сондықтан бұл принципті сақтауға, заңдарымыздың бұлжытпай орындалуына ат салысуға тиіспіз.

Ұлтымыздың атына кір келтіріп, мемлекеттік тілімізді менсінбейтін пиғыл көрініп қалып  жатса,  немесе  менталитетімізге жат нәрселер ортаға шықса, қазақпын дейтін әр азамат өре түрегеледі деп ойлаймын.  Біреудің кездейсоқ айтыла салған ойы ғой деп көз жұма қарасақ кім болғанымыз? Айтылған қате ұсынысқа, мәлімдемеге дер кезінде жауап беру азаматтық парызымыз.

- Мерзімінен бұрын тарап кеткен үшінші һәм төртінші шақырылған Мәжіліске төрағалық еткен Орал Мұхаметжанов туралы шағын сипаттама бере аласыз ба? Ол кісі қарапайым қарым-қатынаста қандай адам?

- Орал Байғонысұлымен 7 жыл Парламент Мәжілісінде бірге қызмет жасадым. Қазақы болмысы бірден аңғарылатын, ана тілін жетік білетін, депутаттармен жақсы қарым-қатынаста  болған, Орал Байғонысұлының өмірлік тәжірибесі мол, қарапайым азамат. Өз басым оның жамандығын көрген емеспін.

- Сізді өз басым ел-жұртпен емен-жарқын жүздесіп, жиі кездесетін депутат ретінде жақсы білемін. Мәжілістегі ең көп хат алатын, әр хатқа мұқият жауап беретін, мәселені аяқсыз қалдырмайтын депутат екеніңізді  де ерекше айтқым келеді.  Осындай ұқыптылығыңыздың құпиясын аша отырыңызшы.

- Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымында, яғни  2007 жылғы 2-ші қыркүйектен бастап 2011  жылдың 15 қарашасына дейінгі аралықта  азаматтардан 2975 хат пен өтініш алыппын. Алынған хаттар мен өтініштердің барлығына да өз тарапымнан жауап берілді, сонымен қатар Үкіметке, тиісті мемлекеттік органдарға, мәселелерді қарасту туралы да  хаттар, депутаттық сауалдар жолдадым.  Олар тарапынанда жауаптар алынды. Көптеген мәселелердің шешілуіне қолдау көрсеттім.  Халықтан келген  хаттар мен өтініштерді  қарау, оларға жауап беру  депутатқа артылған үлкен жауапкершілік . Депутат әрбір хаттың артында адамның өмірі, құқығы, тағдыры, әлеуметтік жағдайы тұрғанын  сезіне білуі керек. Мен хат хабарларға осы тұрғыдан қараймын. Құпиялығы осында жатыр. Мысалы бір хатты оқу үшін, кем дегенде он-он бес , тіпті керек болса жарты сағат уақыт керек болады. Кейде түнгі он-он бірге дейін хаттарды оқып, соларға жауап жазамын.  Кей хаттар бес бет болса, кейбіреуі он беттен асып жығылады. Хаттардың бәрі бірдей компьютерге терілген моншақтай сөздер емес, қолымен  жазғандары да, жазғандардың анық емес екені де көп кездеседі.  Сондықтан әр хатты оқудың өзі бір жұмыс. Онда көтерілген мәселелерді өзгертпей, қағазға түсіругеде ерік жігер керек. Егер көмек сұрағандарына мүмкіншілік болып жатса қарайласамын. Мұның бәрі үлкен жауапкершілікті талап етеді

- Депутат болған кезіңізде халықпен кездесулерді қалай ұйымдастырдыңыз?

- Парламент Мәжілісінің регламентіне сәйкес депутаттарға жылына төрт рет халықпен кездесуге, өңірлердің жағдаймен танысуға уақыт беріледі. Осыны тиімді пайдалануға тырыстым. Төртінші шақырылымның депутаты ретінде Шығыс Қазақстан облысының 130  елді мекенінде болып халықпен 225 кездесу өткіздім.

Кездесулерге баратын кезде «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық, аудандық филиалдарына хабарласып, кездесу кестемізді жібереміз. Оларда кездесулердің ұйымдастырылуына ат салысады.  Онан кейін жергілікті газеттерге кездесулер болатын туралы ақпарат береміз. Кездесулердің бәрі ашық түрде өтеді, сайлаушылардың сұрақ қоюына, мәселе көтеруіне толық мүмкіншілік беріледі. Сол қойылған сұрақтарды жаза отырып, олардың бәріне жауап беремін. Тиісті мемлекеттік органдарғада мәселе ретінде жіберіп, жауабын сайлаушыларға жеткізіп отырдым.

- Нұртай Салихұлы, енді отбасыңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Қандай ортада өстіңіз? Қандай тәрбие алдыңыз дегендей?..

- Алдымен  мені тәрбиелеп өсірген әке-шешем туралы айтайын. Әкем Салих қазір Аягөз қаласында тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыстың   ардагері, жасы тоқсан екіде. Ал анам Касенхан осыдан он бір жыл бұрын дүниеден өтті. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген абзал ана болатын.

Жұбайым Нұрсәуле балалардың тәрбиесімен айналысады. Бұрын мұғалім болған. Жұбайымыз екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Екі ұлым Әкежан мен Нұрлан, қызым Сара қазақ мектебінде білім алуда. Кішкентай қызымыз Аягүл екі жарым жаста. Жанұямызда қазақы дәстүрлердің бәрін ұстанамыз.

- Сауал соңында, тәуелсіздікке қандай тілек айтасыз?

- Халықты, Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарын   тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз аман болсын. Мемлекетіміз дамып, халықтың әл-ауқаты көтеріле берсін.

Сұхбаттасқан Март Ожан, «Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379