Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 15182 3 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 17:12

Абай бата сұраған 7 әулие кім?

Ұлы Абай 1845 жылы дүниеге келді. Ал, одан 30 жыл бұрын, яғни, 1815 жылы әлем әдебиетінің асқар тауы, неміс поэзиясының «Алтын күні» аталған ұлы Гете, шығыс шайырларының шығармаларын оқып отырып, өмірінің осы кезеңіне дейін жазылған бар әдеби мұрасына секеммен қарай бастаған еді.

Әйгілі «Фаустың» авторы үшін шығыс шайырларының өлеңдері мүлде бөлек, өзге таңғажайып әлемді ашқан болатын.

Гете бұл әлемді жасы жетпіске тақап қалған шағында тапты. Алпыс алты жыл бойы тек Батыс Еуропаның ауасымен демалып, тек Батыстың ой қазынасынан сусындаған Гете, ғұмырының аяқ жағында: "Рудаки, Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиз, Хайям, Руми, Физули, Науаи, содан кейін мен" деп шығыс әдебиетінің ғұламаларын өзіне ұстаз тұтып, оларға ақ басын иеді.

Абай қырық жасында өлең жаза бастаған дейді абайтанушылар. Қанша жаста болса да, Абай әдебиет әлеміне жасағалы отырған ұлы сапарының басында:

Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз - бу һәммәси

Ұлы Абай 1845 жылы дүниеге келді. Ал, одан 30 жыл бұрын, яғни, 1815 жылы әлем әдебиетінің асқар тауы, неміс поэзиясының «Алтын күні» аталған ұлы Гете, шығыс шайырларының шығармаларын оқып отырып, өмірінің осы кезеңіне дейін жазылған бар әдеби мұрасына секеммен қарай бастаған еді.

Әйгілі «Фаустың» авторы үшін шығыс шайырларының өлеңдері мүлде бөлек, өзге таңғажайып әлемді ашқан болатын.

Гете бұл әлемді жасы жетпіске тақап қалған шағында тапты. Алпыс алты жыл бойы тек Батыс Еуропаның ауасымен демалып, тек Батыстың ой қазынасынан сусындаған Гете, ғұмырының аяқ жағында: "Рудаки, Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиз, Хайям, Руми, Физули, Науаи, содан кейін мен" деп шығыс әдебиетінің ғұламаларын өзіне ұстаз тұтып, оларға ақ басын иеді.

Абай қырық жасында өлең жаза бастаған дейді абайтанушылар. Қанша жаста болса да, Абай әдебиет әлеміне жасағалы отырған ұлы сапарының басында:

Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз - бу һәммәси

Мәдәт бер я шағири фәрияд - деп шығыстың жеті шайырынан бата сұрайды. «Шағири» - бұл жерде арабша - ақын, фәрияд парсыша - теңдесі жоқ, асыл дегенді білдіреді. Теңдесі жоқ, асыл ақындардың ерекшелігі неде? Қос алып бас иген шығыс шайырлары туралы біз не білеміз? Әр жерден там-тұмдап оқығанымыз болмаса, бұл ғұламалардың өмірінің кейбір құпия тұстары бізге беймағлұм десек, қателеспеспіз. Әрине, Абайдың тізіміндегі ақындардың бүкіл ғұмырбаянын бір мақала ішінде қамтып кету мүмкін емес. Сондықтан, біз осы шағын жазбамызда ұлы ғұламалар өмірі мен шығармаларынан аз-кем сыр шертпекпіз. Осы қысқа мақаламыз арқылы біз оқырманның Шығыстың жеті жұлдызына деген қызығушылығын тудыра алсақ, онда еңбегіміз еш кетпегендігі. Сонымен...

Физули

Абайдың тізімінде бірінші боп Физули тұр. Әзірбайжан халқының классикалық әдебиетінің негізін қалаушы. Физулидің шын есімі - Мұхаммед ибн Сүлеймен. «Физули» деген шайырдың әдеби псевдонимі, ол парсы тілінде «адуынды, бетпақ» деген мағына береді екен. Өзіне осындай әдеби ат алған ақын сол замандағы әділетсіз билеушілер мен елді қанап отырған надан шенеуніктерді аямай сынаған. Физули қарапайым жанұядан шыққанымен, Бағдат қаласында білім алып, медицина, астрономия, логика, математика, сонымен қатар ежелгі грек және шығыс философиясынан нәр алған өз дәуірінің бетке ұстар ғалымы да болған. Физулидің негізгі қабырғалы шығармасы «Ләйлі мен Мәжнүн». Бұл дастан арқылы Физули мәңгілік ұлы махаббатқа сөзден қаланған зәулім ескерткіш қойып кетті. Поэма XVI ғасырда жазылған, негізгі оқиғалары жалпақ жұртқа белгілі. Кіішкентай ғана штрих. Сол кезде жазылған «Ләйлі мен Мәжнүн» поэмасында шөп үстінде ойнайтын хоккей туралы айтылады. Және оны 14 жасар ер балалар ойнайды екен. Ал, спорттың ресми тарихында шөп үстінде ойнайтын хоккейді Ұлыбританияның  спортшылары 19 ғасырдың аяқ шенінде ойлап тапты деп есептеліп келеді..

Физулидің шығармашылығы түркі әдебиеті үшін ғана емес, күллі Таяу Шығыс әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан, әлемдік сөз өнерінің жауһарлары қатарында.

Шамси

Бұл ақынның өмірбаяны туралы мағлұмат өте аз. Шамс ад-Дин Мұхаммед ибн Әли ибн Маликдад Тебризи өз заманының беделді сопысы болған. Ол мистицизм мен философияның терең білгірі еді. Ақынның көзін көргендер оның түр-тұлғасы адам көзі тоймайтын сымбатты болған деседі, ал, оның ішкі әлеміне үңілген кісі үшін ғажайып, ерекше нұрлы имани әлем ашылады екен. Рухани тәжірибесі өте биік ойшылға жолыққан адамзаттың ұлы ақындарының бірі Джалал ад-Дин Руми оған көзсіз ғашық болған дейді. Джалал ад-Дин Румиге Шамси Тәңірге апаратын жолды нұсқап, тек рухани қуаты мықты адам үшін баянды болатын жаратылыс құпияларын ашыпты. Сопылық поэзиясының белді өкілі Шамсимен жолыққан ұлы Руми оны өзінің ұстазы ретінде мойындап, медреседегі оқуын тастап, түбегейлі поэзияға бет бұрыпты. Румидей ғажайып ақынға ұстаз бола білген, оған поэзияның сұлу ғаламын ашқан Шамси туралы ақпарат аз болғанмен, Румидің шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, Руми өз ғазалдарында көптеген ойларын Шамсидің атынан жазған дейді.

Науаи

Әлішер Науаи туралы көптеген зерттеулер жарық көрген, әлі де айтылып, жазылып та жүр. Әлішер Науаидің әдеби мұрасы өте бай, ол туралы замандастарынан қалған естеліктер де жетерлік. Біз бұл жерде өзбек халқының ұлы шайыры туралы айтылатын көптеген хиқаяларының біріне ғана тоқталмақпыз. Осы хиқаядан әйгілі ақынның биік парасаты мен үлкен адамгершілігіне тәнті боламыз.

Алишер Науаи терең білімінің арқасында Сұлтан Хусейн атты билеушінің тұсында бас уәзір қызметіне дейін көтеріледі. Науаи осы қызметте болғанда Герат қаласында кітапханалар, мешіттер мен медреселер, шипагерлік орталықтар және сол сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар көптеп бой көтерген екен. Сұлтан өзінің Ақын уәзірін қатты қадірлеген деседі. Күндердің күнінде Науаи мұсылманның бес парызының бірін орындау мақсатында сұлтанға келіп, Меккеге қажылық жасап келуіне рұқсат беруін өтінеді. Оған сұлтан: «Сіз өзініңіздің имандылығыңыз бен рухани кемелдігіңіздің арқасында қажылыққа барып келген кез келген адамнан биік тұрсыз!» - деп жібермей қойыпты. Арада біраз уақыт өткен соң, Науаи тағы да сұлтаннан рұқсат сұрай келеді. Сұлтан бұл жолы да: «Егер сіз Меккеге кетсеңіз, мені қоршаған әртүрлі жаман ниетті саяси күштер мені тақтан тайдырып жіберуі мүмкін, сондықтан Сіз маған осы кезде аса қажетсіз» - деп тағы да ақынның қажылығына қарсы болыпты. Үшінші рет рұқсат сұрай келген ақынды тоқтататын уәжі қалмаған сұлтан ақыры рұқсат берген екен. Қуаныштан алып ұшып, жолға жиналу үшін үйіне асығып келе жатқан Науаиге кедей отбасынан шыққан бір жас жігіт жолығыпты. Жас жігіт ақыннан жәрдем сұрауға арнайы келген екен. Науаиден сол кезде көмек сұрап келетін адамдарда есеп жоқ көрінеді. Жігітті қасына ертіп, үйіне жақындаған Науаиді есіктің алдында бір топ ақын-сазгерлер, кітап шығарушылар, суретшілер мен әдебиетшілер, аспазшы мен бағбандар, арбакештер мен ұсталар, ұстаздар мен молдалар және қарапайым халық күтіп тұрады. Жиналған жұрт Науаиді көре сала, аяғына жығылып: «Сіз қажылыққа кетсеңіз, біздің күніміз не болады? Сіз ғана мына халықтың қамын ойлап, мүддесін қорғайсыз! Қажылықтан бас тартыңызшы!» - деп жалынған деседі. Қалың бұқараның көңілін қалдыруға дәті бармаған ақын үйінде қалып, қасына ертіп келген жігітті адам санатына қосып, оны кейін өзінен қалған дүние-мүлікке мұрагер етіп тастап кетеді...

Сағди

Сағди өзге шайырларға қарағанда ұзақ өмір сүріп, жасы жүзден асып жығылғанда фәни дүниемен қош айтысыпты. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер ақын ғұмырын үш 33 жылға бөліп қарастырады. Сағдидің  алғашқы 33 жылы білім алуға жұмсалса, кейінгі 33 жылы жиһанкездікке арнапты, ал, қалған 33 жылын көрген-білгенін қағазға көшіруге қалдырған екен. Тәңірдің сыйға тартқан осындай ғұмырында ақын не көрмеді десеңізші. Бір Меккенің өзінде Сағди 14 рет болған екен! Бір саяхатында ақын отқа табынатын үндістердің қолына түсіп, амалсыздан олардың дініне кіріпті. Түнде күзетшіні таспен ұрып талдырып, жаңа дінге кіргізген халықтан қашып құтылған деседі. Иерусалимнің маңындағы шөлдің ішінде қалың ойға беріліп келе жатқан шайырды крест жорығымен Шығысқа бет алған еуропа рыцарлары ұстап алыпты. Байғұс ақынды Сирияға дейін апарып, жауынгерлер шайырға зындан қаздырып қойыпты. Ойда жоқта оны бір таныс саудагер көріп қойып, 10 алтын ділдәға сатып алып, құтқарып алыпты. Онымен қоймай, көрмегенді көрген Сағдиді үйіне әкеліп, әлгі саудагер бет-әлпеті ұсқынсыз, отырып қалған қызына зорлап үйлендіріпті. Мұндай азапқа шыдамаған ақын Африкаға қашып кетіп, артынан жаяу жалпылы туған мекені - Шираз қаласына арып-ашып жеткен екен.

Сағдидің ғажайып жырлары мен атағы тірі кезінде-ақ өз Отаны аумағына ары асып кеткен. Әйгілі «Гүлстанның» авторы 1292 жылы Шираз шаһарында дүние салады.

Фирдоуси

Біз бұл ақынның шын атын да білмейміз. Адамзат тарихында атақты «Шахнамесімен» қалған шайырдың Фирдоуси деген есімі - әдеби псевдоним. Ол «пейіштен келген» дегенді білдіреді. Фирдоуси ауқатты жанұяда дүниеге келгенімен, кейінгі өмірінде кедейшілік пен жоқшылықтан көз ашпаған екен. Фирдоуси осы жоқшылықтан құтылу үшін адам таңқаларлық поэма жазуды ойластырады бастайды. Ол дастан бүгін әлемдік әдебиет қазынасында алтыннан бағалы - «Шахнаме» еді. Ақын «Шахнамесін» жазып бітіріп, оны сол кездегі билеушіге сыйға тартпақ болады. Айта кететін жағдай, көлемі бойынша әлемде «Шахнамен» тең келетін бір ғана дастан бар, ол бірнеше авторлар жазып шыққан үнділік «Махабхарата» атты эпос. Ал, «Шахнамені» бір адам жазып шыққанын ойласаңыз, еріксіз автордың алдында құрметпен бас иесіз. Бұл өте асқан еңбекқорлықты, поэтикалық шеберлік пен терең білімпаздықты талап ететін еңбек.
Бірінен соң бірі ауыса беретін билеушілер Фирдоусидің үмітін ақтамай қояды. Ақырында Фирдоуси дастанын Махмұд Газневи деген билеушіге сыйға тартады. Өзі де тақпақ шимайлайтын сұлтан ақын еңбегін бағаламай, оқымай қояды. Соған ренжіген Фирдоуси сұлтан туралы ащы саяси сатира жазып, билеушінің қаһарына қалады. Махмұд Газневи ақынды елден қуып жіберуге бұйрық береді.

Арада жылдар өтіп, «Шахнамені» оқыған сұлтан өз қылығынан ұялып, ақыннан кешірім сұрау үшін оншақты түйеге өңгерілген сый-сияпат жібереді. Аңыз бойынша, ақын тұрып жатқан шаһардың қақпасынан керуен кіріп келе жатқанда, бір топ адамдар Фирдоусидің мүрдесін жерлеуге қақпадан шығып келе жатыпты...

Хафиз

Парсының ұлы ақыны Хафиз Шамсидин Шираз қаласында 1325 жылы дүниеге келген. Хафиздің заманында ақындар арасында өте көп сайыстар өтіп тұрады екен. Сол сайыстарға өлең жаза бастаған Хафиз де қатысып, үнемі жеңіліп қалып жүреді. Өзінен үлкендері бала Хафизді келемеж қылып, әбден әжуалаған соң, болашақ ұлы шайыр, өзінен бір ғасыр бұрын өмірден өткен мистик ақын Баба Кухи Ширазидің мазарына барып түнейді. Бірнеше сағат бойы бабасының рухына жалынып жатқан бала ұйықтап кетеді. Хафиздің түсіне сол кезде бір ақсақал еніпті де: «Бара ғой, сен үшін білім мен ілімнің есіктері ашық» - депті. Сол түстен кейін бала шайырдың дарыны кеңінен ашылып, гауһар тастай жарқырай көрініпті. Келесі бір айтыстарда Хафизге бүкіл парсы елінен тең келетін ақын табылмаған деседі. Атағы кең жайылған ақынды билеушілер өз сарайына шақыра бастайды. Өмірінің аяғына дейін Хафиз атақ пен даңқтың тәтті дәмін сезіп өтіпті. Алайда, өмірінің соңғы жылдарында, сол кездегі саяси жағдайларға байланысты жоқшылық пен кедейшіліктің азабын әбден тартқан екен.

Иранды басып алған Әмір Темір бір күні Хафизді шақыртқан көрінеді. Хафиз кіріп келген бойда, оған сұсты Әмір Темір: «Мен Самарқанд мен Бұқараны сәулетті шаһарларға айналдыру үшін, жарты әлемді қылышымның күшімен бағындырып жүргенде, сен қайдағы бір түріктің қызының меңі үшін сондай тамаша қалаларды бере салатын кімсің өзің?» - деп кекетіп сұрапты. Оған Хафиз ойланбастан: «Менің үстім мен түріме қараңызшы, әміршім! Егер мен байлық пен дүниенің қадірін білетін болсам, мұндай кедей күйге түспес едім ғой!» - деп жауап қайырыпты. Мұндай жауапты күтпеген Ақсақ Темір күліп жіберіп, ақынға үлкен құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасапты дейді.

Міне, ұлы Абай бата сұраған шайырлардың қысқаша өмірбаяны осындай. Ал, Сайхали деген шайыр туралы мағлұмат өте аз болғандықтан бұл мақалада біз ол кісі туралы толыққанды әңгіме айта алмадық.

Гете мен Абай өздеріне ұстаз санаған Шығыс шайырларын оқыған адамзаттың тағы бір жыр алыбы А.Пушкин: «Шығыс өлеңдерінің табиғаты мен үшін үлкен сабақ, тамаша үлгі болды...» - деп мойындаған екен.

Ақберен Елгезек,

2012 жыл. 22 ақпан. Abai.kz мұрағатынан.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379