Сенбі, 23 Қараша 2024
4396 14 пікір 8 Тамыз, 2020 сағат 08:58

Абайдың он томдық шығармалар жинағы

Қазақ елінің мәдени, әдеби, баспа өмірінде тұңғыш рет қазақ халқының ұлы ақыны, данышпан ойшылы, композиторы, өз халқынан ұлт қалыптастыруға жанын салған дана тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап «Халықаралық Абай клубы» ақынның он томдық толық шығармалар жинағын қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерінде шығарып тарту жасады.

Ақынның шығармаларын шет елдердің тілдеріне аударған айтулы аудармашылар жазушы Роллан Сейсенбаевтың әдебиеттегі де, өмірдегі де достары.

Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударған орыстың ХХ ғасырдағы ұлы ақындарының бірі Юрий Кузнецов.

«Қарасөзін» («Ғақлия») орыс тілінде сөйлеткен белгілі аудармашы Клара Серікбаева.

Ақынның өлеңдері мен «Қарасөзін» ағылшын тіліне аударған ағылшынның әйгілі ақыны, аудармашы, тюрколог Ричард МакКейн. Ричард МакКейн ағылшын тіліне түріктің ұлы ақыны Жүніс Емренің, Жалаладдин Румидың, орыстың ұлы ақындары Анна Ахматованың, Борис Пастернактың өлеңдерін аударып, Ұлыбританияның белгілі “Pеnguin” баспасынан басып шығарған.

Ақынның өлеңдері мен «Қарасөзін» француз тіліне аударған Антуан Гарсиа. Антуан Гарсиа Лев Толстойдың, басқа да атақты орыс жазушыларының шығармаларын аударып, Парижде кітап қылып шығарған белді аудармашы.

Ақынның «Қарасөзін» Гетенің тілінде сөйлеткен қазақ жерінің тумасы, неміс, қазақ, орыс тілдерін жете меңгерген неміс қызы Лариса Захарова және алманиялық аудармашы Ханс Фрайтаг. Абайдың өлеңдерін неміс тіліне аударған белгілі аудармашы, баспагер Лео Кошут.

Абайдың философиялық дүниетанымын өз тілдерінде жеткізу үшін, аудармашылар, әлбетте, қазақ даласының кемеңгер ойшысы көтеріп отырған адами-құлықтық, рухани ой-толғамдарына алдымен өздері қанық болды. Өйткені Абайды толғандырған ойлар ХХІ ғасырда да бүкіл адамзат үшін дұрыс шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер. Аудармашылардың Абайдай қазақ данасының шыққан жері, ұлылардың табаны тиген киелі топырақты көруге арнайы Жидебайға зиарат қылуға асыққандары сондықтан болар.

Абайдың еңбектерін шет тілдерге алғаш рет аудартқан, кітап қылып басып шығарған Лондондағы «Абай Үйін» ашқан Роллан Сейсенбаев болатын.
«Халықаралық Абай Үйі» тұңғыш рет ақын шығармаларын факсимиле түрінде Түркияда басып шығаруды жоспарлауда. Осыдан төрт-бес жыл бұрын «Абай клубы» парсының ұлы ақыны Фирдаусидың «Шахнаме» эпосының қыпшақ тіліндегі аудармасын Ұлыбритания мен Түркия баспаларында басып шығарған болатын.

Абайдың бір томдық таңдамалы шығармалар кітабы Американың “Amazon” баспасында жарық көрмек.

Жинақтың тоғызыншы томы «Абай туралы сөз» кітабында әлем елдерінің әйгілі әдебиетшілері, ақын-жазушылары, ғалымдары, дін қайраткерлері Абай бабамыз туралы терең ойларын білдіреді. Бұл Абай әлемінің шалқар кеңдігін, асқақ биіктігін, бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екенін көрсетеді.

Мұхтар Әуезовтың «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», деуі тарихи шындыққа айналуда.

Роллан Сейсенбаев

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413