Жұма, 29 Наурыз 2024
Зерттеу 6291 4 пікір 10 Тамыз, 2020 сағат 10:50

«Құнанбай Өскенбаев ісі»

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл

Архив құжаттары негізінде

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Семей қаласына жасаған сапары барысында, зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде ұлы Абай әлемі, айналасы, өскен жері, ортасы туралы айта келіп, оның әкесі, даланың кемеңгер ұлы Құнанбай Өскенбайұлына: «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады», – деп баға берген болатын.

Тарихи тұлға, би, аға сұлтан, өз дәуірінің көрнекті қайраткері Құнанбай Өскенбайұлы туралы айтқанда алдымен абайтану ілімінің негізін салушы классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің мына сөздеріне тоқтала кеткен жөн: «Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайдың кім болғанын білу қиын, бұлар заманның туындысы...» Классик жазушымыз «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай бейнесін жан-жақты сипаттап, аса шебер сомдады.

Құнанбай Өскенбайұлы, Құнанбай қажы (1804, бұрынғы Семей облысы Шыңғыстау, Ақшоқы қыстауы – 1886, сонда) – би, аға сұлтан, Абайдың әкесі, көрнекті қайраткер. Құнанбай жасынан палуан, найзагер болған, қатал да әділдігімен ерекшеленіп‚ әкесі Өскенбайдың тәрбиесінде ел билігіне араласады. 1834 жылы әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына (басшылығына) сайланады. Осыдан 1856 жылға дейін билік тізгінін қолынан шығармаған.

Құнанбай – аса күрделі тұлға, ұзақ жылдар бойы билік тізгінін ұстаған кезеңіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан кезінде биліктің үш тұтқасын – қазақтың дәстүрлі заңын, патша өкіметінің «Сібір қазақтарына арналған Жарғысын», қазақ «Жаңа низам» атайтын ережелерін, шариғат жолын қатар ұстанды. Қазақ дәстүрінің негізіне сүйене отырып, бірқатар оңтайлы шешімдерді жүзеге асырды.

Жастайынан әкесінің жанында жүріп ел билеу ісіне араласып жөн-жосық көріп қалған Құнанбай билік жұмысын тез игеріп ілгері алып кетеді. Оның ел билеу әдістері әкесінен ерекшелеу болады. Кейбір мінез, билік кесімдері әкесінен асып түседі. Әрдайым алған бетінен қайтпайтын, алысқанын алып жықпай қоймайтын Құнанбай, жер дауы, жесір дауы, құн дауы және сондай ел арасындағы дау-жанжалдарға билік айтарда бұлтартмай, жалтақтамай билікті кесе-кесе батыл айтатын адуынды да қатал би болады.

Кейінгі тәуелсіздік жылдары Құнанбай қажы туралы көптеген мақалалар жарық көрді. Тіпті жекелеген кітаптар басылып шықты. Олардың арасынан Бейбіт Сапаралының «Құнанбай қажы», Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» кітаптарын ерекше айтып өткен жөн. Ал биылғы жылдың басында әйгілі «Өнегелі адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясымен тарихшы ғалым Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» монографиясы жарық көрді.

Құнанбай Өскенбайұлының өмірбаянына қатысты барынша бай дерек көздері – архив құжаттары. Солардың ішінде Омбы облыстық тарихи архивінде сақталған құжаттардың маңызы зор. Қарағанды «Болашақ» университетінің ғалым-мамандары 1999-2004 жж. аралығында осы Омбы облыстық мемлекеттік архивіне тұрақты түрде экспедиция ұйымдастырды.

Омбы облыстық мемлекеттік архивіне жасалған экспедиция барысында қолымызға түскен материалдар арасында әйгілі «Құнанбай Өскенбаев ісінің» маңызы да, салмағы да ерекше болды. Іс «айрықша құпия» белгісімен сақтаулы екен. Оның өзіндік қиындықтары бар. Сол себепті біз бұл істі ең алдымен тауып, екінші барыста танысып, тек үшінші барғанда ғана көшірмесін жасап алудың сәті түсті. Бұл орайда бірқатар әкімшілік, ұйымдастырушылық шаралармен шұғылдануға тура келді. Істің көшірмесін жасауға рұқсат алу үшін тікелей архив басшылығына жүгіндік. Содан соң барып бірнеше томнан тұратын істің «шаңын қағып», ретке келтіріп, көшірмесін жасатып алдық. Сөз арасында айта кетелік, бас-аяғы мыңға жуық бетті көшірмеден өткізу едәуір уақыт алды. Бұл тарихи құжаттарды біздің алдымызда біраз адамдар қарап шыққан екен. Қылмыстық істің формулярлық тізімінде біраз ғалым-мамандардың бұл құжаттарды зерделегеніне куә болдық. Академиктер Әлкей Марғұлан, Салық Зиманов, Ләйлә Әуезова, әдебиет зерттеушілері, ғалым, жазушылар Мұздыбай Бейсенбаев, Тұрсын Жұртбаев, заңгер-ғалым Қабылсаят Әбішев, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде тарихшы ғалымдар Жанұзақ Қасымбаев, Зияда Қабылдинов, О.Жүнісов деген азамат, т.б. танысыпты. Кейбір адамдардың аты-жөнін архив құжаттарының тозып, көнеріп кетуіне байланысты анықтау мүмкін болмады. Бас-аяғы 10-12 адамның есімі тұр.

Кейін елге оралған соң Тұрсын Жұртбай, Қабылсаят Әбішевпен кездескенімізде осы ауқымды жұмыстың мән-маңызы жайында әңгімелей келіп, онымен танысу барысында біраз қиналғандарын – шаң басып жатқан архив құжаттарын оқудағы, анықтаудағы, жүйелеудегі қиындықтар туралы айтқан болатын. Біздің осы жұмысты барынша толық көлемде көшіріп, елге жеткізген еңбегімізге қуаныш білдіріп, ісімізге сәттілік тілеген еді.

Осынау бағалы құжат қолымызға түскен соң, оны жоғарыда аталған жинақтардай бірден өңдеп, бастырып, ғылыми айналымға салып жіберуде бірқатар қиындықтарға, кедергілерге тап болдық. Оның өзіндік бірнеше себеп-салдарлары бар еді. Алдымен, бұрнағы еңбектердей емес, бұл құжат тұтастай бір адамның ғана ісіне қатысты қағаздардан құралған. Екіншіден, бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері шаң басып жатып қалған құжаттар мейлінше көнерген, ескірген, көптеген тұстары түсініксіз – мүлдем оқуға, анықтауға келмейді. Үшіншіден, ең бастысы – ондағы адамдардың, тіпті бұрынғы әдебиеттерден, зерттеулерден белгілі тарихи тұлғалардың есімдері, жөн-жосықтары іс барысында барынша ала-құла берілген. Міне, осындай-осындай қадау-қадау қиындықтар аталған істі жарыққа шығару жұмысын кешеуілдете беруімізге себепші болды.

Дегенмен біз істі «жылы жауып» қойғанымыз жоқ, оны өңдеу, қарау, зерттеу жұмыстары тыңғылықты жүргізіле берді. Қаншалықты қиын болса да, ең алдымен істі қайта теріп шығуға бел байладық. Сөйтіп, қомақты құжат жансыз қағаз тілінен компьютерге көшірілді. Мұнымен қанаттас осы іске қатысты басқа да мәліметтерді жинақтау, оларды архив ісімен салыстыру, талдау жұмыстарымен жүйелі шұғылдандық. Нәтижесінде еңбек біраз ширатылып, бір қалыпқа келтірілді.

Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен қызметіндегі ең бір күрделі кезең – оның үстінен іс қозғалып, ұзақ уақыт тергеуде болатыны, соның зардабынан Омбы қаласына дейін шақырылып, мырзақамақта отыратыны, ықтиярсыз тергеу астында жүретіні. Бұл қилы оқиға «Абай жолы» дәуірнамасында шынайы суреттелген: «...Құнанбайдың Омбыға жүруі даусыз болды. Алшынбай, Майыр, Чернов және Тінібек төртеуі Омбы бұйрығы келген соң, ең әуелі Құнанбайды сол Омбыға жөнелту қажет деп тапты. «Жібердік» деп Омбыға «үкілі пошта» жіберіп, Майыр өзі де қағаздарды алып ілесе шықпақ. Содан арғысының есебі жолда табылмақ. Жолдан қалса Омбының өзінде бітпек. Сонымен Құнанбай жүріп кетті...»

Одан әрі романда Құнанбай мен жанына ерген серігі Мырзаханның Керекуде (Павлодар) Майырды тосып алатыны, өзін қаралайтын том-том іс қағаздарымен танысып отырып, асқан айламен Майырды масайтып, ақырында қағаздардың барлығын өртетіп жіберетіні, содан соң Майыр екеуі екі жолмен Омбыға баратыны, онда он шақты күндей қысқа-қысқа тергеуде болып, ақырында ақталып шығатыны, сондай жолмен Қарқаралыға қайтып оралып, өзінің ұлықтығын қайта қуатыны, Майбасар інісін старшындықтан түсіріп, орнына өзі сайланып, елге абыроймен оралатыны, оны туған-туыс, ағайын-жегжаттың зор қошеметпен қарсы алатыны сөз болады.

Бұл – ұлы жазушы жасаған көркемдік шындық. Бір айта кетерлігі, М.Әуезов дәуірнамасы көркем шығарма, ал біз қарастырып отырған жұмыс нақтылы архивтік деректер дегенмен, екеуінде, әлбетте, едәуір ұқсастықтар бар. Оның ең бастысы – романда Құнанбаймен айтысып-тартысып, тіпті жанжалдасып, ашық соғысуға (Мұсақұл соғысы, естеріңізге сала кетейік, осы жанжалдан соң ел ішіне арнайы жасақпен тергеу шығып, Құнанбай дуанға шақырылып, арты шиеленісіп келіп, қылмыстық іске тартылып, Омбыға жөнелтілген) дейін барысып жүретін, кейінде көрпіске оның үстінен үлкен-үлкен арыз-шағымдар жазған, сөйтіп істі болуына себепші болған адамдардың барлығы дерлік қылмыстық істің өн бойында өріп жүр. Олардың арасынан Құнанбайдың үзеңгілес жолдастары, руластары – Бөжей, Байсал, Қаратай, Түсіп, Сүйіндік, Құлыншақ, Майбасар т.б. бастап, Тобықты елінің есті-басты азаматтары – Пұшарбай, Қареке, Қаумен т.б., сондай-ақ кейінгі сойыл соғар жас буын өкілдері – Құдайберді, Балағаз, Базаралы, Құлыншақтың «Бес қасқасы» т.б. атап айтуға болар.

Осы жерде айта кететін бір жайт, Құнанбайдың асқан айлакерлікпен «істің» бір бөлігін өртетіп жіберетіні жөнінде. «Абай жолы» романында ол әрекет Кереку қаласында жүзеге асырылады. Ал Ахат Шәкәрімұлының «Құнанбай туралы» жазбасында дәл сол Омбының өзінде орындалады.

Бұл жайында зерттеушілердің бір жақты пікірі жоқ. Бірақ Құнанбайдың қалайда «істің» бір бөлігін амалын тауып құртып жібергені анық болса керек. Қанша дегенмен, Құнанбай үшін Омбы сапары үлкен сын болғаны аян. Тергеу жұмыстары ұзаққа созылған. Ол Омбыда жарты жылдан астам тергеуде жүрген. Мырзақамақта отырған. Осындағы өзі сияқты істі болып жүрген қазақ азаматтарымен бірге тұрған. Жүріс-тұрыс, тұрмыс-тіршілік қамымен ағайындар ақылдаса келіп, осыған ұйғарғанда, Құнанбай сол жақта жүріп кішілікке әйел де алған. Бұл жөнінде кезінде мерзімді басылымдарда жазылды.

«Құнанбай Өскенбаев ісі», міне, осы кезеңдегі оқиғаларды суреттейді. Құнанбай Өскенбаев пен оның інісі Майбасардың қылмыстық ісіне қатысты мән-жайларды анықтап беретін тарихи деректер негізінен Омбы облыстық мемлекеттік архивінде сақталған.

Омбы облыстық мемлекеттік архивінің 3-қорының 3-тізбесінде көрсетілген көлемі 413 парақ – 826 беттік тергеу ісін полковник Спиридонов ретке келтіріп, тіркеуге алып, сақтауға өткізіпті. Ол он бес жылға (1846-1862) созылған тергеу ісінің жай-жапсарын түгел баяндап, қағазға түсірген. Материалдың үлгісі үкім шығару үшін дайындаған айыптау анықтамасына келеді. Алайда сотқа берілмеген. Екінші бір томда Генерал-губернатордың кеңсесіндегі ресми нұскаулар, хабарлар, Құнанбайды ұстау, түрмеге жабу туралы бұйрықтар сақталған. Ал «Сұлтан Өскенбаев туралы» – деп аталатын дербес істе 15 жылдан астам уақытқа созылған тергеу ісінің неге сотқа берілмегені және ол істі жылдамдату жөніндегі Санкт-Петербургтегі патша әкімшілігі мен Семей губернаторының арасындағы қатынас құжаттары тіркелген.

Омбы архивіндегі тергеу ісі бойынша Тобықты ішіндегі, Құнанбай-Бөжей арасындағы оқиғалар 1846 жылы басталған. Мұнда жер дауы ғана емес, Құнанбайға басқа да кылмыстық айыптар тағылған. Істің асқынып кеткені соншалық, оған Омбыдағы Генерал-губернатормен қоса Санкт-Петербургтағы Юстиция министрі де араласып, тиісті жарлық берген.

Құнанбай-Бөжей арасындағы қақтығыс, дау 1854 жылға дейін созылған. 1846 жылы тілмәш Николай Крутков Тобықты руының болысы Құнанбайдың ауылына келіп, тергеу жүргізеді. Бірақ ол кезде Құнанбай мен Бөжей өзара бітіскен болып шығады. Сөйтіп, тергеу ісі аяқталмай қалады. Алайда арада үш жыл өткен соң, Құнанбай аға сұлтан боп сайланған тұста «Мұсақұл соғысы» болады. Тағы да тергеу жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы, Омбы Батыс-Сібір генерал-губернаторы, «Абай жолы» романында айтылатындай, Құнанбайды жай ғана «шолақ-шолақ тергемеген», қылмысты іс қозғалған кезде-ақ аға сұлтандықтан шеттеткен. Ал 1853 жылы заңды түрде жауапқа тартылған. Екіншіден, соттағы іс бойынша Құнанбай 7 ай Қарқаралыда емес, Омбыда мырзақамақта болған. Тергеу аяғы ұзаққа созылып, сиырқұйымшақтанып кеткен соң оны ІІІоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханов кепілдікке алып, Қарқаралыға айдауылмен жеткізіп салған.

Құнанбайдың тергеу ісінің ұзаққа созылуы және оның ақталып шығуға әрекеттенуі арттағы дау иелерін де тыныш жатқызбаған. Олар генерал-губернаторға 68 адамның мөрі басылған арыз жолдайды. Сөйтіп, ел іші Қоныр-Көкше және Күшік Тобықты болысы болып екіге бөлінсе де, өзара шарпысулары тоқтамайды. Бұрын қол жиып, майданда қақтығысса, ендігі тартыс қағаз бен қаламға көшеді. Бір арыз тексеріліп біткен кезде алдыңғы адамға қоса, сол істі тергеген шенеуніктің өзінің үстінен домалақ арызды жарыстыра жөнелтеді. Бұл арада Омбының Генерал-губернаторы ауысады. Гасфордтың міндетін генерал-майор Фридрихс атқарады. Ол Құнанбайлың ісін жабу туралы пәрмен береді.

Міне, осымен Омбы облыстық мемлекеттік архивіндегі Құнанбай Өскенбайұлы туралы тергеу ісінің бірінші томы аяқталады. Бірақта Құнанбайға әлі де заңды түрде сот үкімі шықпағандықтан да, «Сұлтан Өскенбаев туралы іс» деген екінші шағын іс басталады. Мұндағы оқиғалар негізінен Семей қаласында өтеді. Онда Санкт-Петербургтағы Юстиция министрі Құнанбайдың неге жазаға тартылмағаны туралы түсініктеме сұрайды. Іс 1855 жылы 24 қарашада Тұрысов деген шенеунікке тапсырылады. Ол бұл тапсырманы кешігіп естігендіктен де оны орындаудан бас тартқан. 1856-1857 жылдары Санкт-Петербург – Омбы – Семей арасында әрі-бері жүргізілген ресми қатынастардан соң, бұл іс 1859 жылы Аягөз округіне табыс етілген. Онда да біраз тергеу жүргізіледі. Алайда ол кезде қылмысты іске қатысты куәлардың біразы қайтыс болып кеткен еді. Ал тірілері дұрыс жауап бермейді. Сондықтан да Семейдегі істің арты созылып, сұйыла береді.

Тергеушілер әртүрлі нұсқаулар мен бұйрықтар келген кезде ғана шаң басқан істі бір сілкіп тастап отырады. Сонымен, 1861 жылы 24 наурызда Семейдің бас басқармасы іске: «тиісті адамдар табылмады» – деген белгі қояды. Ал 1864 жылы 15 ақпанда Генерал-майор Попов Юстиция министріне: «Тергеу ісі аяқталды, енді үкім орындалады», – деген қатынас жолдаған. Бұл үкім де орындалмаған. Ол кезде Құнанбай да қартайып, құдай жолын қуып, ел билігінен бойын тартқан. Сөйтіп, тура 15 жылға созылған тергеу ісі еш нәтижесіз аяқталған.

Құнанбай арада біраз уақыт өткенде өкіл бауыры Ызғұттыны алып, Қарқаралыдан қасына Өндірбай қалпені ертіп қажылыққа сапар шегеді. Құнанбай Меккеден қайтып оралғанша тергеу ұмыт болып, ескіреді. Осымен Шыңғыс өңірінен бастау алып, Петербургке дейін дүрліктірген «Сұлтан Өскенбаевтың ісі» тыным табады.

«Құнанбай Өскенбаев ісінің» осыншалық созылып, аяқталмай, тиянақталмай қоюының бір, мүмкін басты себебі патша өкіметі өкілдерінің қазақ қоғамын ішкі алауыздық жағдайында ұстауға деген ниетімен сабақтас. Ел ішінде ерекше беделді, би, шонжар Құнанбай Өскенбайұлын да, тұзаққа бір іліккен соң, бірден босатпай, ұзын арқан, кең тұсауда, кіріптар жағдайда ұстағанды жөн көрген. Бұл да болса қырық қатпар орыс империясының бұратана халықты басқарудағы жымысқы саясатының бір көрінісі.

Енді архивтік деректердің, істің мән-маңызы, мазмұны жайында бірер сөз. Әуеліде айтқанымыздай, біз әбден тозған, кейбір тұстары тіптен түсініксіз кере қарыс істі қайта теріп шықтық. Сол орайда біраз қиындық көрдік. Ұзын сонар істің барысында көптеген қиыспайтын тұстар, сол кездің тәртібіне сәйкес қолдан толтырылған құжаттарда стильдік, әріп қателері өте көп.

Жоғарыда біз істің мазмұнын қысқаша баян еттік. Іске тартылған, заңға жүгінген, куәлікке жүрген адамдардың арыздары, мәлімдемелері, түсініктемелері өте мол. Іс барысында шамамен 500-ден астам адамдардың есімдері аталады. Осы жердегі бір қиындық – бірқатар адамдардың аты-жөндері істің әр тұсында әр қилы беріледі. Біз архив материалдарымен жұмыс істеу үрдісіне сай оларды сол құжат бетіндегі күйінде, өзгеріссіз қалдырдық. Тек Бөжей, Қаратай, Сүйіндік, Құлыншақ, Базаралы, Пұшарбай т.б. сынды тарихтан белгілі адамдардың аты-жөндеріне ғана болмашы түзету енгіздік. Сондай-ақ стильдік тұрғыда да редакциялағанымыз жоқ. Түсініксіз, басы бар, аяғы жоқ, керісінше аяғы бар, басы бұлдыр жерлерді де сол күйі бердік. Бұл жұмыстың мазмұнымен жақын танысуға соншалықты әсер етпейтінін ескердік.

Іс барысында 500-ден астам адамның аты-жөні аталады дедік. Солардың басым көпшілігінің бүгінгі ұрпақтары жинақпен таныса келіп, өздерінің ата-бабаларын танып-түстеп жатса, құба-құп. Бұл да болса – зерттеушілер еңбегінің бір мақсаты.

Осы жерде біз мына бір мәселеге айрықша назар аударғымыз келеді. Кешегі кеңестік кезеңде кемеңгер Абайды тануда данышпан ақынды өз ортасынан, айналасынан бөліп алып, жеке дара зерттеуге ұмтылыс болды. Абайды қоршаған тұрмыс-тіршілік ортасы, әдеби, рухани айналасы туралы сөзге тыйым салынды. Басқасын былай қойғанда әке Құнанбай мен бала Абай арасына сына қағылды. Ал, айналып келгенде, жоғарыда аталған 500 адам – Құнанбай, Абайдың туып-өскен ортасы, бірге тіршілік кешкен замандастары, өмірлік көзқарастарының қалыптасуына үлкенді-кішілі дәрежеде септігін тигізген жандар.

Бұл арада орыс әдебиетінің үлгі етер тұстары жетерлік. Басқасын айтпағанда, Абайдың «аталас ағайыны» сынды орыс ақыны А.Пушкин мұрасының зерттелуіне, яғни пушкинтану ғылымының дәл осы тұсына көз жүгіртелікші. Белгілі орыс ғалымы Л.А.Черейский «Пушкин и его окружение» деген еңбегінде бұл тақырыпқа қатысты мәліметтердің жиналуы 1930 жылдардан басталғанын айтады. 1975 жылы Пушкинге қатысты 2500 кісі аты тіркелсе, кейінгі еңбекке тағы 200 адамның есімі қосылған. Пушкиннің ортасы төңірегіндегі ізденулер – абайтану үшін, соның ішінде Абай ортасы деген мәселелерді айқындау үшін үлгі болатын құбылыс.

Мәселен, бір ғана Оразбайды алайықшы. Әлбетте, Оразбай – Құнанбай, Абайға үнемі қарсы тарапта болып, тіпті болашақ ақынға қамшы үйіріп, сағын сындыруға дейін барған адам. Дегенмен Абаймен өмір бойы жауласып өткен Оразбайды және ақынға қастық қылып, қамшы жұмсаған топты айналып өтсек, ақынның өскен, жасаған ортасын жартылай ғана таныған болар едік. Сол Оразбайға қатысты мына бір деректі келтірсек пе дейміз.

Бірде алыс Жетісу Жалайыр елінен Абайдың даңқына тәнті болған Жәменке деген келіп, қайтарында ақынның өлеңінде сипатталатын қамыс құлақ атты қалапты. Күллі Тобықтыдан таппаған атты Оразбай тауып беріп:

– Ағайын ащы, мал тұщы десем мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын, – депті де, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын бес қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты.

– Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін, – депті. Үш аттың біреуін көріп тұрып Жәменке: «Мынау – нақ сол өлеңде айтылған ат екен», – деп ризалығын білдіріпті» (Жанболатұлы М. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі. Т.1. – Алматы, 2004. 241-б.).

Осыдан кейін Оразбайдың кісілігіне, кемелдігіне қалай тәнті болмассың?! Қалай дегенде, ол да – өз заманының тұғыры биік тұлғаларының бірі. Оның Құнанбайға қатысты «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылатын «жаулықты Құнанбай сияқты ұстау керек» деген ішкі монологының өзі көп жайды аңғартса керек.

Тағы бір мысал. Бір тойда жаяу жарыс болып, әйелдер арасынан Абайларға көрші отыратын, Әнет бабаның ұрпағы болып келетін Өмірбек деген жалшының әйелі озып келеді. Өмірбек жалма-жан әйелін топтан алып шығып, үйіне әкеліп тығып, шығармай отырып алады. «Мұның не?» дегендерге, «Шықпаймыз да, бәйгең де керек емес, аулақ жүріңдер!» деп жолатпайды. Бұл шетін ісінің мәнісін сұрағандарға: «Пәле болды десеңші! Мұны естіген соң Абай мен Оспанның бірі қағып әкетеді ғой...» дейді. Жұрт күледі. Бірақ бұл сөз Абайға жеткенде ол бұл істің күлкі емес, сынау екенін айтып: «Етімнен өтіп, сүйегіме жетті ғой мынасы. Елге жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы дегенді қоймайтын болыппыз... Бізді сынарлық іс екен. Мен қойдым, енді Оспан да қойсын» деп, содан бастап елден жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы қалап та, сұрап та, сатып та алмайтын болыпты.

«Құнанбай Өскенбаев ісін» архивтен толықтай көшіріп алғаннан бергі арада 15 жыл өткенде, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы материалдарды кітап етіп шығарудың сәті түсті. Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университет жанынан құрылған «Абай академиясы» дайындаған кітаптар сериясы санатында «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық зерттеуіміз жарық көрді.  Сол тұрғыда осы істің маңызына жете мән беріп, басып шығаруға бастамашы болған, ынта танытқан университет ректоры Е.Б. Сыдықов мырзаға, «Абай академиясының» қызметкерлеріне зор алғыс білдіремін. Ризашылығымыздың белгісі ретінде «Құнанбай ісінің» көшірме нұсқасын «Отырар кітапханасына» табыстадым. Ондағы ойым – мен заңгер болғандықтан, «істің» осы жағына ғана мән бердім – ендігі жерде жас буын ғалымдар, оның ішінде тарихшы, әдебиетші мамандар өз салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Қорыта келгенде, Құнанбай қажы өмірінің қауіп-қатерге толы кезеңінен мол мағлұмат беретін бұл жинақ белгілі бір дәрежеде өз міндетін атқаратынына сенеміз. Жинақтың өзіндік танымдық, тағылымдық мән-маңызы бар. Абайдай дара тұлғаның әкесі, ұлттық руханиятымыз бен тарихымызда орны айрықша қайраткер Құнанбай Өскенбайұлына қатысты кез келген дерек-дәйек құнды деп білеміз. Президентіміз Қ.К. Тоқаев айтқандай, Құнанбайды толық танып-білу Абайды да мұқият оқып-зерттеуімізге септігін тигізеді.

Нұрлан Дулатбеков,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

заң ғылымдарының докторы, профессор.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577